Enbekshi QazaQ

Қоғам

Мессенджерлердегі алаяқтар: жақындарыңызды қалай қорғауға болады 28.05.2025
Заманауи мессенджерлер қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар интернет-алаяқтар үшін танымал алаңға айналды. Олар WhatsApp, Telegram және басқа да қосымшаларды пайдаланып, алдау арқылы аккаунттарға қол жеткізуге, ақша немесе жеке ақпаратты иемденуге тырысады.Көп жағдайда қылмыскерлер өздерін банк қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері, туыстар немесе таныстар ретінде таныстырады. Алаяқтар фишингтік сілтемелер таратады, видео көру арқылы «тиімді» қосымша табыс ұсынып, зиянды файлдар жібереді және құпия мәліметтерді алу үшін жалған чаттар құрады.Тәуекелге мектеп оқушылары, студенттер және егде жастағы адамдар ұшырайды. Сондықтан сақ болып, жақындарды қауіптер туралы ескерту өте маңызды.Нені білу маңызды?ешқашан интернеттегі қосымша жұмыс, тауарлар немесе қызметтер үшін «кепіл» ретінде ақша жібермеңіз;күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз, тіпті олар «таныс адамнан» келсе де – оның аккаунты бұзылған болуы мүмкін;мессенджерге қосылған құрылғылардың тізімін тексеріңіз және қосымша сеанстардан, сондай-ақ, мысалы интернет-кафе сияқты үшінші тарап құрылғыларындағы аккаунттардан үнемі шығып отырыңыз;екі факторлы аутентификация мен күрделі құпия сөздерді қолданыңыз;SMS кодтары мен құпия сөздерді бөгде адамдарға, тіпті олар өздерін банктің немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырса да бермеңіз;туыстарыңызға, әсіресе қарттарға мемлекеттік органдардың өкілдері мессенджер арқылы ақша аударуды немесе «жеке басын растауды» сұрап қоңырау шалмайтынын, сондай-ақ ешқандай нұсқау бермейтінін және оларды орындауды талап етпейтінін түсіндіріңіз.Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтардың құрбаны болса – бірден полицияға хабарласқан абзал. Уақытылы әрекет ету алаяқтарды тоқтатуға және қаражатыңызды сақтап қалуға көмектеседі.Өзге де пайдалы материалдармен Fingramota.kz. сайтынан таныса аласыздар. Сыртқы коммуникациялар басқармасыpress@finreg.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1001936?lang=kk
Қазақстан мен Чехия Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайтару бойынша ынтымақтастықты жалғастыруда 28.05.2025
Прага, 2025 жылғы 21 мамыр – Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Прагада өткен «Жабайы жылқыларды қайтару – 2025» атты баспасөз конференциясына қатысты. Іс-шара Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта қоныстандыру жөніндегі бірегей халықаралық жобаны іске асыруға арналды.Баспасөз конференциясы аясында қатысушыларға жобаның негізгі кезеңдеріне шолу ұсынылып, 2024 жылы сәтті жүзеге асқан алғашқы тасымал нәтижелері мен 2025 жылғы 2 маусымға жоспарланған сегіз жылқыны жеткізу бойынша келесі кезең таныстырылды.Сондай-ақ шара барысында жылқыларды алғашқы тасымалдауға дайындық және оны жүзеге асыру барысы туралы «Алтын далаға оралу» атты деректі фильм көрсетілді.Өз сөзінде Елші Дүйсенбаев жобаның серіктестері – Прага хайуанаттар бағының директоры М.Бобекке, Хортобадь ұлттық паркіне (Мажарстан), сондай-ақ Чех Республикасының Үкіметіне жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін шынайы алғысын білдірді. «Аталған жоба тек елдеріміз арасындағы достық байланыстарды нығайтумен шектелмей, бүкіл Жер бетіндегі биологиялық әртүрлілікті қалпына келтіру үшін де аса құнды», – деп атап өтті Елші.Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта қоныстандыру жобасы табиғатты қорғау және жойылып бара жатқан түрлерді қалпына келтіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісіне айналды. 2024 жылы Қазақстанға Прага және Берлин хайуанаттар бағынан жеті Пржевальский жылқысы жеткізілді. Осы кезең ішінде жануарлар жаңа ортаға бейімделіп, қысты аман өткеріп, бүгінде жабайы табиғатқа жіберуге дайындық үстінде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1001966?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің алқасы: ведомство басшысы әскерлерді дамытудың басым міндеттерін айқындады 28.05.2025
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы өтті. Онда 2024-2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындысы шығарылып, жазғы оқу кезеңіне арналған қызметтің басым бағыттары айқындалды.Алқа жұмысына Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, сондай-ақ әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.Қорғаныс ведомствосының басшысы геосаяси жағдайдағы өзгерістерге назар аударды. Қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің шетелдік тәжірибесін талдауды ескере отырып, ол қазақстандық армияны даярлаудағы басымдықтарды белгіледі.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйі туралы, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Қарулы күштердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы баяндамалары тыңдалды.Қорғаныс министрінің орынбасарлары жұмылдыру резервін дайындау, әскери міндеттілердің жиынын жоспарлау, резервтегі қызмет жүйесін дамыту, әскери бөлімдерде қатаң жарғылық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды.Әскерлерді даярлау деңгейін, кадрлық әлеуетті, тылдық және техникалық қамтамасыз етуді арттырудың жекелеген мәселелері талқыланды.Алқа отырысын қорытындылаған Қорғаныс министрі командалық құрамға бірқатар басым міндеттер қойды. Олардың қатарында тактикалық барлау міндеттерін пысықтай отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша практикалық сабақтарды ұйымдастыру, инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлау, қауіпсіздік шараларын күшейту, қарумен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды сақтау және т. б. тапсырмалар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001993?lang=kk
Қазақстан мен Таиланд цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 28.05.2025
Бангкок, 2025 жылғы 22 мамыр – Таиланд Корольдігінің Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Таиланд Корольдігінің Цифрлық экономика және қоғам министрлігі арасында цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті.Рәсімге Қазақстанның Елшісі Арман Исетов пен Таиландтың Премьер-Министрінің орынбасары – Цифрлық экономика және қоғам министрі Прасит Чантаравонгтонг қатысты.Құжатқа қол қойылуы жоғары технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Рәсім барысында Елші А. Исетов цифрландыру кез келген ел экономикасының негізгі элементі екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық даму – бұл жай ғана үрдіс емес, бұл – экономикалық тұрақтылыққа, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық басымдық.Қол қойылған құжат аясында Қазақстан мен Таиландтың бірлескен күш-жігері ақпараттық технологияларды қолданудағы озық тәжірибе алмасу, электрондық денсаулық сақтау, қашықтан оқыту және цифрлық мемлекеттік қызметтер көрсету салаларында кең мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар, IT-парктер, академиялар және инновациялық орталықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.Аталған құжат екі елдің инновациялар, білім және технологиялар негізіндегі орнықты цифрлық болашақ құруға деген ұстанымын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1001995?lang=kk
Қазақстан Аустрияның федералды жерлерімен байланыс кеңейтуде 28.05.2025
Вена, 2025 жылғы 21 мамыр – Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Аустрияның экономикалық дамыған аймақтарының бірі – Каринтия федералды жеріне жұмыс сапарымен барды.М.Тілеуберді федералды жерінің басшысы Петер Кайзермен келіссөздер жүргізді, оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы талқыланды. Қазақстан мен Аустрия өңірлері арасындағы әріптестік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тараптар 2016 жылы қол қойылған Оңтүстік Қазақстан облысы мен Каринтия федералдық жері арасындағы ниеттер туралы Хаттаманы іске асыру бойынша бірлескен күш-жігер жұмсауға уағдаласты.Каринтия Экономикалық палатасының вице-президенті Отмар Петшнигпен кездесу барысында ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, машина жасау, өнеркәсіп және туризм, айқындалды. Аустриялық тарап Қазақстан үкіметінің халықаралық сауда саласында және елімізде қолайлы инвестициялық ахуал жасау жөнідегі қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады.Сонымен қатар, ҚР Елшісі жергілікті іскер топтармен бөлек кездесулер өткізді және «Glaunach GmbH» өнеркәсіптік шуылды тұмшалағыш өндіруге мамандандырылған компанияның және машина жасауға арналған синтетикалық металл сульфидтерін өндірумен айналысатын «Tribotecc» компаниясының кәсіпорындарына барды. Каринтия кәсіпкерлері қазақстандық инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып, Қазақстанмен іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1002008?lang=kk
«Абай оқулары» XXVI республикалық (халықаралық) шығармашылық байқауын өткізу туралы АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМА 28.05.2025
1. Жалпы ақпаратҰлы ойшыл, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай, 2025 жылы «Абай оқулары» республикалық шығармашылық байқауы алғаш рет халықаралық форматта өткізіледі.Іс-шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Абай облысының білім басқармасы. Өтетін орны: Қазақстан Республикасы, Абай облысы, Семей қаласыӨткізу мерзімі: 18–21 маусым 2025 жылҚатысушылардың келу күні: 18 маусым Қайту күні: 21 маусым Байқаудың мақсаты – Абайдың әдеби әрі рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оқушылардың классикалық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ шетелдегі қазақ жастарын тарихи, мәдени және тілдік негізде біріктіру. 2. ҚатысушыларБайқауға келесі санаттағы қатысушылар шақырылады:Қазақстан мен шет мемлекеттердегі 8–11(12) сынып оқушылары;Облыстық/аймақтық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары;Әр команда 5 оқушыдан (әр номинация бойынша 1) және 1 жетекшіден тұрады. 3. НоминацияларБайқау 5 негізгі номинация бойынша өткізіледі:«Абайдың асыл мұрасы» – Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқу.«Абайдың ақын шәкірттері» – Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия шығармаларын жатқа оқу.«Әнді сүйсең менше сүй» – Абай, Шәкәрім және олардың шәкірттерінің әндері мен күйлерін орындау.«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» – Қатысушының авторлық өлеңін оқу.«Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» – Абай бейнесін көркем шығармалар арқылы талдау. 4. Шығындар мен ұйымдастыру мәселелеріҚатысушылар мен жетекшілердің тұруы және тамақтануы (18–21 маусым аралығында) ұйымдастырушылар есебінен қамтамасыз етіледі.Жол шығындары – қатысушыларды жіберуші тарап есебінен.Визалық режим қолданылатын елдерден келетін қатысушылар үшін визалық қолдау көрсетіледі (шақыру хаттары, растау құжаттары), ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен жүзеге асады. 5. Танымдық-мәдени бағдарламаБайқау барысында қатысушыларға арналған арнайы экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылады, оның аясында:Сырт Қасқабұлаққа — Абайдың туған жеріне сапар;Абай мен Шәкәрім кесенелеріне зиярат;Абай мен Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражайларына (Бөрлі ауылында) бару;Семей қаласы бойынша шолу экскурсиясы – қазақ зиялыларының рухани астанасы саналатын өңірді таныстыру. 6. Қосымша ақпаратБайқау туралы толық мәлімет, ресми ереже, өтінім беру тәртібі және жаңалықтар мына сайтта жарияланады: www.daryn.kzБайланыс мекенжайы:Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8/2,«Алтын Орда» бизнес орталығы, 307-кабинетТел.: +7 (7172) 57 65 63E-mail: info@daryn.kz Конкурстың ұйымдастыру комитеті«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығыҚазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jeddah/press/news/details/1002010?lang=kk
Қазақстан Елшісі Бразилия муниципалитеттер мен қалалар конгресінде сөз сөйледі 28.05.2025
Бразилиа, 2025 жылғы 21 мамыр – Бразилия муниципалитеттерінің ұлттық конфедерациясы (CNM) және VBH Бразилиялық климаттық институтының шақыруымен Қазақстанның Елшісі Болат Нүсіпов «СОР30-ға жол» атты панельдік сессияға құрметті қонақ ретінде қатысып, «MARCHA-2025» Бразилия муниципалитеттерінің XXVI конгресінде баяндама жасады. Іс-шараға Экология министрі Марина Силва, Интеграция және өңірлік даму министрі Вальдес Гоэс және CNM президенті Пауло Циулкоски қатысты.Елші, өз сөзінде бүгінде Қазақстанда климаттың өзгеру салдарын еңсеру мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстан өзінің Париж келісімі аясындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қамтитын ұлттық анықталған үлесін (NDC) жаңартты.Осы орайда, Қазақстан дипломаты, Қазақстан Үкіметі БҰҰ бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан серіктестік су бастамасын атап өтті. Бұл бастама, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға және су ресурстарын басқаруды институционалдық нығайту мен өңірлік ынтымақтастық арқылы дамытуға бағытталған.Осы тұрғыда Елші, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында 2026 жылы елімізде БҰҰ-ның Өңірлік климаттық саммитін өткізу туралы бастама көтергенін қатысушыларға хабарлады. Бұл саммит, климат өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге септігін тигізеді.Іс-шараны CNM ұйымдастырды және дәстүрлі түрде шамамен мыңға жуық қатысушыларды – өңір губернаторларын, қалалар мен муниципалитеттердің мэрлерін, жергілікті үкімет хатшылары мен муниципалдық басқару өкілдерін біріктіреді. Конгресс осы жылы 19-22 мамыр аралығында өтуде. Онда федерализация, парламентаризм, қоғамдық қауіпсіздік, экология, денсаулық сақтау және білім беру тәрізді тақырыптар талқыланбақ.Биылғы жылы Конгресс, Бразилияның СОР30 климаттың өзгеруіне қатысты халықаралық конференциясында төрағалық етуі аясында климат өзгеруімен күрес және аймақтардың экологиялық мәселелерін шешу мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1002015?lang=kk
Жетісу ТЖД қызметтік иттері – құтқару ісіндегі сенімді серіктестер 28.05.2025
Талдықорғанда Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы базасында кинологиялық есептер жоспарлы сертификаттау сынақтарынан өтті. Бұл – қызметтік иттер мен олардың жүргізушілерінің төтенше жағдайлар кезінде жұмысқа дайындық деңгейін анықтайтын міндетті рәсім.Сынақтар үш кезеңнен тұрды: командаларды орындау мен кедергілерден өту, орман мен бұталы жерлерде зардап шеккендерді іздеу, сондай-ақ қираған ғимараттар жағдайындағы іздестіру. Барлық есептер тапсырмаларды сәтті орындап, табиғи және техногендік ортада іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысуға ресми түрде рұқсат алды.Азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметтік иттер – жай көмекші ғана емес. Олардың иіс сезу қабілетінің жоғарылығы, төзімділігі мен төтенше жағдайда жылдам әрекет етуі оларды орнын баса алмайтын маманға айналдырады. Кинологиялық есептерді дайындау – бірнеше айлық тынымсыз жаттығулар мен кинолог пен ит арасындағы сенімге негізделген жұмыс.Кәдімгі азамат үшін бұл – ТЖ-ға ден қою жүйесінде әрбір бөлшектің маңыздылығын еске салатын жайт. Әсіресе уақыт санаулы минуттарға байланысты болғанда, дайындалған төрт аяқты құтқарушылар зардап шеккен адамды алғашқы болып тауып, оның өмірін сақтап қала алады. Әрбір сәтті құтқарудың артында нақты үйлесімді жұмыс бар, және онда ит те шешуші рөл атқарады. Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-zhetisu/press/news/details/1002037?lang=kk
Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды 28.05.2025
Сеул, 11 қараша 2025 – Корея Сауда-өнеркәсіп палатасында «K-Global Leap Forwarding – Central Asia Edition» форумы аясында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараны Корея Республикасының Шағын және орта бизнес және стартаптар министрлігі, Корея Сауда-өнеркәсіп палатасы жәрдемімен Shinhan банкі ұйымдастырды.Форумның мақсаты – Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бизнес-серіктестікті нығайту, сауда мүмкіндіктерін кеңейту және инновациялық шешімдерді ілгерілету. Іс-шара экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге, тәжірибе алмасуға және бизнес қауымдастықтар арасында тікелей байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болды.Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Қазақстанның қарқынды дамуын және елдің инвестицияға ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Корея Республикасы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша 2024 жылғы қорытынды бойынша Қазақстандағы үш ірі инвестордың қатарына кіреді. Сондай-ақ ел аумағында корей капиталының қатысуымен 894-тен астам компания, оның ішінде қаржы институттары табысты қызмет жүргізуде.Қазақ дипломаты Қазақстанда цифрлық трансформация саясаты жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және инновациялар, жасанды интеллект, өнеркәсіп, инфрақұрылым және «ақылды қалалар» салаларында Кореямен серіктестік белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Ол «C5+K» саммиті мен саяси диалог өзара инвестицияларды ұлғайту және экономикалық серіктестікті кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасайтынын айтты.Қазақстан-Корея ынтымақтастығының соңғы табысты мысалдарына KIA компаниясының автомобиль құрастыру зауытының іске қосылуы (жаппай өндіріс басталды), Open Healthcare компаниясының Алматыда корей диагностикалық орталығын ашуды қоса алғанда, медицина саласындағы жобалары, сондай-ақ Samsung Electronics компаниясының 2025 жылғы тамыз айында Қазақстанда смарт-телевизорлар мен кір жуғыш машиналар өндірісін іске қосуы жатады. Бұл корей бизнесінің Қазақстанның инвестициялық ахуалына жоғары сенімін көрсетеді.Елші сондай-ақ Корея Республикасы Қазақстанның сауда серіктестері арасында 10-орында тұрғанын, бұл екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың зор әлеуетін білдіретінін атап өтті.Shinhan банкінің Жаhандық бизнес тобының басшысы Со Сын Хён Корея компаниялары үшін Орталық Азияның аса перспективалы бағыттардың бірі екенін, әсіресе энергетика, инфрақұрылым және цифрлық индустрия салаларында зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.Кореядағы «Kazakh Invest» АҚ өкілі Дәулет Сақтағанов қатысушыларға Қазақстан ұсынатын негізгі инвестициялық мүмкіндіктер мен преференциялар туралы хабарлап, корей компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.Форум Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктеріне арналған тақырыптық сессиялар және консультациялармен аяқталды. Форум қорытындылары бойынша корей компаниялары ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1105121?lang=kk
Қостанай облысында Байланыс қызметкерлері күні аталып өтті 28.05.2025
2025 жылғы Қостанай облысы әкімдігінің мәжіліс залында кәсіби мереке — Байланыс қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.Бұл күн инженерлер, техниктер, операторлар, диспетчерлер және елімізде сенімді әрі үздіксіз байланысты қамтамасыз етіп жүрген барлық мамандарды біріктіреді.Қостанай облысында телекоммуникация саласында шамамен 3,5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың қажырлы жұмысының арқасында тұрғындарға қашықтықтан байланысу, ақпарат алмасу және маңызды оқиғалармен бөлісу мүмкіндігі туып отыр.Облыс әкімдігі ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиев мамандарға адал еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, тұрақты байланысты қамтамасыз ету мен қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап беру жолындағы еңбектерін ерекше атап өтті.Салтанатты жиын барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің Алғыс хаттары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және басқарма басшысының алғыс хаттары табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1001791?lang=kk
22 мамыр – «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!» 28.05.2025
ШҚО музей-қорығында «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы аясында 22 мамыр – «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!» «Отбасылық құндылықтар үйлесімділігі» сайыс-ойын бағдарламасы өтті. Оған музей қызметкерлері балаларымен бірге қатысты. Іс-шараға қатысушылар викторина сұрақтарына жауап беріп, эстафеталарға, күш пен тапқырлық ойындарына қатысып, би биледі. Барлық балаларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Балалар мен ата-аналар іс-шарадан ерекше әсер алып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1001847?lang=kk
Бейжің төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті 28.05.2025
Аспан асты елінің астанасында қазақ саз өнерінің сайыпқыраны, композитор, дирижер, Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті.Мерейтой аясында Бейжіңнің орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, кеш барысында қазақтың біртуар сазгерінің өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.Салтанатты іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.«Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері — халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстардың биік көрінісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.Ресми бөлімнен кейін шығармашылық кеш жалғасып, көрермен назарына Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы шығармалар ұсынылды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.Сонымен қатар сахна төрінде дәулескер күйші, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова, сондай-ақ Алматы облысының өнерпаздары өнер көрсетті. Шара аясында қазақтың дәстүрлі қолөнері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.Концертке қатысқан Бейжің қаласының тұрғыны Қаламқас Серікқызы өз әсерімен бөлісті:«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы – жүрекке жететін шын өнер. Күй мен әуен арқылы туған елдің рухы мен болмысы сезілді. Қытайда туып-өссем де, қазақ болып туғаныма тағы бір мәрте мақтандым», – деді ол.Айта кетейік, ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға бағытталған халықаралық шаралар жыл бойы жалғасады. Алматы облысы бұл бастаманың бел ортасында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1001849?lang=kk
Алматы облысы мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық артуда: Марат Сұлтанғазиев Қытай астанасында маңызды кездесу өткізді 28.05.2025
2025 жылғы 21 мамырда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Бейжің қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қытай Халық саяси консультативтік кеңесінің Бейжің қалалық комитеті төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестікті нығайту және негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.– Қытай – бай тарихи мұрасы мен зор қазіргі заманғы әлеуеті бар ел. Оның жүрегінде орналасқан Бейжіңде болу – мен үшін үлкен мәртебе, – деді өңір басшысы.Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы, Қытаймен серіктестікті стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.– Қытаймен ынтымақтастық – жай дипломатиялық қадам емес. Бұл – өзара сенімге, прагматизм мен ортақ мүддеге негізделген жол, – деп атап өтті әкім Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып.Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешен, логистика, шекара маңы саудасы, жаңартылатын энергетика және мәдени байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл салалар Қытаймен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.Әкім «Бір белдеу – бір жол» бастамасына Алматы облысының белсенді қатысуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда өңір экономикасы айтарлықтай серпіліс жасап, жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада 10-орыннан 5-орынға көтерілді.Кездесу барысында мәдени байланыстар да ерекше назарда болды.– Біздің қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейді. Біз мәдени жақындасуға үлкен мән береміз. Жуырда Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті. Бұл – халықтарымыздың рухани үндестігінің жарқын белгісі, – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1001860?lang=kk
Әскери теңізші Астанада Night Run марафонының жүлдегері атанды 28.05.2025
Әскери-теңіз күштерінің теңізшісі «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кораблі жауынгерлік байланыс және радиотехникалық қызмет командасының старшинасы 2-ші сатылы старшина Әзімхан Әмірханов 10 шақырымға жүгіруде жүлделі екінші орын алды.Дәстүрлі республикалық Night Run марафоны жыл сайын елордада түнгі уақытта өтеді. Әзімхан 15 жасынан бастап жеңіл атлетикамен белсенді айналысады. Қазіргі кезде ол әскери қызмет пен спортты сәтті үйлестіріп келеді. Оның спорттық мансабында бұл 12-ші марафон. Жыл сайын Ақтау қаласында өткен Каспий марафонына қатыса отырып, ол жоғары нәтиже көрсетуде.– Мен үшін жүгіру тек спорт емес, өмір салты. Ол мені шынықтырып, ерік-жігерімді және беріктігімді шыңдады, – деп атап өтті Ә. Әмірханов.Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының аға офицері үшінші дәрежелі капитан Бекзат Берікқазинов табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесінде келген Әзімханның марафондағы жүлделі орыны жас әскери қызметшілерге үлгі екеніне сенімді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001585?lang=kk
Кәмелетке толмағандар мәселесіне қатысты кезекті комиссия отырысы өтті 28.05.2025
  Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Жәнібек Алиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.Комиссияның күн тәртібінде – аудандық полиция бөлімінің ұсынысы мен кәмелетке толмағандарға психологиялық, медициналық көмектердің ұйымдастырылуы мәселелері қаралды.Алдымен күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Махаббат Бегалиева хабарлама жасады. Ал, аудандық емхананың психологы Сая Бақтаева аудан бойынша кәмелет жасына толмағандарға психологиялық, медициналық көмектердің ұйымдастырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы атап өтті.Баяндамашылардан кейін комиссия мүшелері күн тәртібінде қозғалған мәселелерді талқылап, оңтайлы шешімдер қабылдады. Сонымен қатар қаралған мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.Комиссия отырысын қорытындылаған Жәнібек Алмасұлы отырыста қаралған мәселелердің хаттамасын рәсімдеп, тиісті органдарға таратылуын тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly/press/news/details/1001626?lang=kk
Конституциялық Сот: «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстанда қызметін өтеу заңға сәйкес азаматтық шарттың талабы болып табылады 28.05.2025
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz   Азамат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 24-тармағының 5) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы Конституциялық Сотқа жүгінді.Өтініш беруші «Болашақ» бағдарламасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспейді. Дәлел ретінде өтініш беруші еңбек қызметін қашықтықтан жүзеге асыру форматын көздейтін Еңбек кодексін көрсетті. Демек, өтініш берушінің пікірінше, қызметін өтеу мақсатында Қазақстан аумағында нақты болу талап етілмейді.Конституциялық Сот «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту тараптардың өзара келісімі бойынша оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылатынын көрсетті. Мұндай келісім тараптардың, оның ішінде оқудан кейін тікелей Қазақстан Республикасының аумағында қызметін өтеу жөніндегі міндеттемелерді алдын ала ерікті түрде қабылдауын көздейді. Бұл шарт Ережелерде ғана емес, білім туралы заңнан да туындайды.Осылайша, Қызметін өтеу жөніндегі ережелер нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіздер жоқ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1001632?lang=kk
Жаңаөзенде мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті 28.05.2025
2025 жылдың 21 мамыр күні, Жаңаөзен қаласында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Шабыт және бірлік» атты салтанатты жиын өтті. Шараға мәдениет саласының қызметкерлері, өнер иелері мен қала тұрғындары қатысты.Жиын барысында Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Исаханұлы Қайнарбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала үздіктерін түрлі марапаттармен марапаттады. Олардың қатарында облыс және қала әкімдігі тарапынан берілген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болған мәдениет қызметкерлері бар.Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Ақтау қаласында өткен "Ақтау – Түрік әлемінің мәдени астанасы" халықаралық шарасына белсене қатысқан өнер иелері мен ұйымдастырушыларға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының алғыс хаттары табысталды. Жалпы, марапат алғандардың саны 100-ден асады.Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Концерттік бағдарламада вокалдық, аспаптық және хореографиялық қойылымдар орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қалалық мәдениет үйлері мен үйірмелерінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-zhanaozen/press/news/details/1001676?lang=kk
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін марапаттады. 28.05.2025
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін марапаттады. Онда мемлекеттік және салалық наградалар табысталды.Самар аудандық мәдениет және демалыс орталығының әртісі, «Самар сазы» ансамблінің жетекшісі Қайрат Тұңғышпаев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1001678?lang=kk
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы орнықты даму мен цифрландыруға қосқан үлесі үшін халықаралық марапатқа ие болды 28.05.2025
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы (МЖӘ) БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) қолдауымен Сербия астанасы Белград қаласында өткен ІХ Халықаралық МЖӘ форумында халықаралық марапатқа ие болды. Халықаралық қазылар алқасы Орталықтың орнықты даму мақсаттары мен цифрлық трансформация қағидаттарына сәйкес келетін МЖӘ жобаларын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.«Бұл марапат – бүкіл кәсіби ортаның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақстан МЖӘ тетіктерін халықаралық стандарттарға сай жетілдірумен қатар, цифрлық технологияларды тиімді енгізу арқылы саланың сапалы дамуына жол ашып отыр», – деді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.Орталықтың мәліметінше, 2006 жылдан бері елімізде жалпы 2,6 трлн теңге сомасына 1100-ден астам келісімшарт жасалған. Жобалардың негізгі бағыттары – білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы болып табылады. Бұл ретте рәсімдердің ашықтығына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға баса назар аударылып отыр. Жобаларды конкурстық іріктеу үшін веб-портал іске қосылып, тікелей келіссөздер жүргізу тәжірибесіне шектеу қойылды, МЖӘ және концессиялар туралы заңдар біріктірілді. Жобаларды жүзеге асыру саны бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары көш бастап тұр.МЖӘ саласындағы негізгі бағыттардың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. 2023 жылғы қарашада Үкімет 2024-2028 жылдарға арналған МЖӘ дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау салаларындағы 43 жобаны қамтиды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1001685?lang=kk
Алкоголь өнімдерін сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткізуге лицензия беру тәртібі 28.05.2025
Өтініштерді қабылдау және лицензиялар беру www.egov.kz электронды үкімет веб-порталы, «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы АЖ, http://internal.elicense.kz арқылы жүзеге асырылады.Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары бойынша аумақтық органдары алкоголь өнімін сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткізуге лицензия береді (беру мерзімі – 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей).Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге лицензия бергені үшін лицензиялық алымның мөлшерлемесі – 100 АЕК;аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарда – 70 АЕК;ауылдық жерлерде – 30 АЕК.Алкоголь өнімдерін сақтауға және көтерме саудаға лицензия беру үшін лицензиялық алым мөлшерлемесі – 200 АЕК құрайды.Құжаттар тізбесі:- электронды құжат түріндегі өтініш;- лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі;денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, денешынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстардың, автожанармай құю станцияларының, сауда базарларының, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттарынан тысқары және аумақтарында орналасқан, меншік құқығындағы немесе уақытша иелік ету (пайдалану), өтеусіз пайдалану құқығындағы, тұрақты тұруға қарағанда өзге мақсатқа пайдалануға арналған стационарлық үй-жайлар (бөлшек саудада өткізу үшін), қойма үй-жайларын (көтерме саудада өткізу үшін) шартының электрондық көшірмесі;- біліктілік талаптарына мәліметтер нысаны электрондық құжат нысанында толтырылады. Анықтама үшін: Алым сомалары белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеледі және уәкілетті мемлекеттік органға тиісті құжаттарды тапсырғанға дейін немесе лицензияны алғанға дейін алым төлеушінің орналасқан жері бойынша төленеді (БСК 105402).Алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізу – алкоголь өнімін кейіннен тұтыну немесе коммерциялық емес пайдалану үшін фискальдық жады бар бақылау-касса машинасымен жарақтандырылған, сауда залымен жабдықталған стационарлық үй-жайларда және мейрамханалар, барлар мен дәмханалар аумағында, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінде, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелерінде, жолаушылар пойызының вагон-мейрамханаларында жүзеге асырылатын сату.Алкоголь өнімін көтерме саудада өткізу – алкоголь өнімін лицензияда көрсетілген мекенжай бойынша қойма үй-жайларынан шектеусіз көлемде босату.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1106167?lang=kk