Қоғам
Семей мен Алматыда бітімгерлерді салтанатты жағдайда қарсы алды 18.04.2025
Семей қаласының «Абай» әуе айлағы мен Алматы халықаралық әуежайында БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында Голан жоталарында қызмет атқарған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.Семейде бітімгерлерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов пен Абай гарнизонындағы әскери бөлімдердің командирлері қарсы алды.Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.Әуежайға жақындарын күтіп алуға келген отбасы мүшелерінің көңілінде толқу бар. Солардың бірі 3 сыныпты сержант Қанат Ибраевтың зайыбы Жансая Хамзаева. – Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміз дүрсілдеп тұр. Бітімгерлер Астанаға жетті деген хабарды естігелі бері қуанышымызда шек жоқ. Жұбайларымыздың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндеттерді атқарып келгенін біз де мақтаныш тұтамыз. Барша әскери қызметшілердің отбасыларына амандық тілеймін, – деп ағынан жарылды ол.Алматыда бітімгердерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының командирі подполковник Уәлихан Байкенов қарсы алды.Ол әскери қызметшілерді миссияның сәтті аяқталуымен және туған елге аман-есен оралуымен құттықтап, БҰҰ мандаты шеңберінде тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі мен батылдығын атап өтті.Бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет ету – бұл үлкен тәжірибе, әрі жауапкершілік. Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болғанын атап өту керек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976872?lang=kk
Қазақстан мен Беларусь екіжақты әскери ынтымақтастықты арттыруда 18.04.2025
Қазақстанға Қарулы күштер Бас штабының бастығы – Беларусь Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Павел Муравейко бастаған шетелдік делегация келді.Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Беларусь әскери делегациясы басшысымен өткен хаттамалық кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы диалогты нығайту қажеттігін растады.Кездесуге қатысушылар екі мемлекеттің әскери-оқу орындарында офицерлер құрамын оқытуға, Беларусь аумағында да, Қазақстанда да екіжақты оқу-жаттығулар өткізудің жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығына, бітімгерлік қызметке қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.- Қазақстан-Беларусь әскери ынтымақтастығы жыл сайын дамып, нығайып келеді. Өткен жылы Қазақстан тауларында алғаш рет Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Беларусьтің Арнайы операциялар күштерінің қатысуымен "Бауырластық шыңы" екіжақты оқу-жаттығуы өткізілді. Қазақстандық десантшылар Беларусьтің неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуіне 80 жыл толуына және Тәуелсіздік күніне орай өткен шеруге қатысып, қазан айында Брест маңындағы "Орман бауырластығы-2024" жаттығуларына аттанды. Осы іс-шаралардың барлығы біздің елдерімізді жақындастырып, жақын, сенімді қарым-қатынастарға баса назар аударады, - деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.Сонымен қатар, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері, атап айтқанда Минск Суворов әскери училищесі тәрбиеленушілерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Айбын" әскери-патриоттық жиынына қатысуы айтылды..Астанада екі ел Қарулы күштері Бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-майор Павел Муравейко әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, мекемелердің құрылымымен және қызметімен танысты.Ресми сапар Алматыда жалғасады. Онда Армия үйіндегі әскери-тарихи мұражай филиалына және 28 панфиловшылар паркіне бару көзделген. Шетелдік қонақтар үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының "Бітімгер" оқу орталығында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Оларға ҰҰА бөлімшелері мен бітімгерлердің практикалық іс-әрекеттері көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976860?lang=kk
Эквадормен ынтымақтастық мәселелері талқыланды 18.04.2025
Бразилиа, 2025 жылғы 5 маусым – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилиядағы Эквадор Елшісі Карлос Веластегимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.Қазақстан Елшісі эквадорлық әріптесін Президент Даниэль Нобоаның қайта сайлануымен құттықтап, оның инаугурациясына шақырғаны үшін алғысын білдірді. Келіссөздер күн тәртібінде екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасында биыл Кито қаласында өткізілуі жоспарланған саяси консультациялардың бірінші раундының ұйымдастырушылық және мазмұндық аспектілері де болды.Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Эквадордағы алғашқы Құрметті консул – мырза Леопольдо Окампоға консулдық патенттің берілгенін хабарлап, бұл мәселе бойынша көрсетілген қолдауы үшін әңгімелесушіге алғыс білдірді. Осыған байланысты тараптар биыл Кито қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығын ресми ашу мүмкіндігін талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдегі дипломатиялық өкілдіктерді ресми аккредиттеу бойынша жұмысты жалғастыруға және тұрақты жұмыс байланысын қолдауға уағдаласты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1013255?lang=kk
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бірлік пен келісім саясатының маңызды кезеңі 18.04.2025
Бүгін Қонаев қаласындағы Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 34-сессиясына арналған облыстық ҚХА Кеңесінің отырысы өтті. Бұл шара Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы оқиғалардың бірі болды.Кеңес отырысын Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, қатысушыларды мерейлі датамен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Тұрақтылық пен этносаралық келісім – ел дамуының негізі. Ассамблея бұл бағыттағы маңызын үнемі дәлелдеп келеді. Ол – қоғамдағы бірліктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің тірегі», – деп атап өтті.Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, облыстық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарларын сайлау өтті. Бұл қызметке «Барбанг» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы мен «Ронаи» этномәдени орталығының төрағасы Гамзе Бадриевич Гейдаров пен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Дәнибекұлы Беспаевтың кандидатуралары ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.Сонымен қатар, Ассамблея құрамына жаңа мүшелер қабылданып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әзілжанович Әбитов олардың ел бірлігін нығайту жолындағы белсенділігін атап өтті.Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған арнайы медальдар мен ҚХА мүшесі куәліктері табысталды. Ел ішіндегі келісімді сақтау жолында еңбегі сіңген 35 белсенді азамат марапаттарға ие болды.ҚХА Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман өз сөзінде Ассамблеяның ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті: «Ассамблея – біздің бірлігіміздің жүрегі. Ол – достық пен өзара құрметтің символы. Алдағы уақытта да бұл құрылым ел мүддесіне қызмет ете беретініне сенемін», – деді ол.Кеңес соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Ассамблеяның алдағы кезеңдегі негізгі міндеттеріне тоқталды. Ол этносаралық диалогты дамыту, жастар бастамаларын қолдау және отансүйгіштік рухты нығайтудың аса маңызды екеніне тоқталып:«Қазақстан халқы Ассамблеясы бұдан әрі де еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегі болып қала береді», – деп қорытындылады.Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, бұл еліміздің бірлік жолындағы жетістіктерін саралайтын, болашаққа нық қадам басуға серпін беретін маңызды кезең.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/976831?lang=kk
Қазақстан мен Кувейт инвестициялық және сауда ынтымақтастығын нығайтуға ниетті 18.04.2025
Әл-Кувейт, 2025 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Араб шығанағы мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі» форматындағы 3-ші министрлік кездесуіне қатысу үшін Кувейт Мемлекетіне жұмыс сапарымен келді.Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы Кувейт Араб экономикалық даму қорының (KFAED) бас директоры Уалид Аль-Бахармен және Кувейт Сауда-өнеркәсіп палатасы бас директорының орынбасары Имад Аль-Зейдпен кездесулер өткізді.KFAED басшысымен Қазақстанда орнықты даму, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе энергетика, сумен қамту және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға Қор қаражатын тарту әлеуетіне ерекше назар аударылды.Кувейт Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды орнату, екіжақты сауданы жандандыру және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Ауыл шаруашылығы, шикізатты өңдеу, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.Министр ҚР инвестициялық әлеуеті, Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, Кувейт инвесторларын елде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.«Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар тартуда жетекші бағыт болып қала береді. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі кувейттік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді М. Нұртілеу.Кувейт тарапы ұсынылған инвестициялық жобалармен танысу мақсатында бизнес-делегациялар алмасуға қызығушылық білдірді.KFAED басшысы сондай-ақ 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысатынын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/984519?lang=kk
Қазатомөнеркәсіп және ČEZ a. s. Чехияға уран концентратын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды 18.04.2025
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – Қазатомөнеркәсіп немесе Компания) және чех компаниясы ČEZ a. s. Чехияның атом электр станциялары үшін қазақстандық табиғи уран концентратын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды.Келісім Қазатомөнеркәсіптің Еуропадағы жұмысының көкжиегін кеңейтіп, Компанияның әлемдік уран нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді. Қазақстандық уран Темелин атом электр станциясында алдағы жеті жылда пайдаланылатын Westinghouse жылу бөлетін құрамалар дайындауға қажет уранның үштен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл Чехияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, елді таза және тұрақты электр энергиямен қамтамасыз етудегі атом электр станциясының рөлін күшейтеді.ČEZ, a. s. – атом энергетикасы саласында шешуші рөл атқаратын Орталық Еуропаның жетекші энергетикалық компаниясы. Чехияның электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 36% қамтамасыз ететін екі алаң – Дукована мен Темелинде алты ядролық реакторды басқарады. Елдегі электр қуатының едәуір бөлігін өндіретін ČEZ басқа да энергия көздерін қоса есептегенде аймақты тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етіп отыр.Ресми қол қою рәсімі Прагадағы ČEZ a. s. бас кеңсесінде өтті. Қазатомөнеркәсіп осындай келісімдер жасау арқылы өткізу арналарын әртараптандыруға және дүниежүзі бойынша стратегиялық әріптестікті дамытуға ұмтылады. «Осы Келісімге қол қоя отырып, Қазатомөнеркәсіп Еуропадағы өз қызмет аясын кеңейтуді және сату портфелін әртараптандыру стратегиясын нығайтуды жалғастыруда», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің коммерция жөніндегі бас директоры Владислав Байгужин. - Бұл әлемдік атом энергетикасы үшін таңдаулы серіктес болу жолындағы тағы бір маңызды кезең. ČEZ a. s.-мен серіктестік аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және декарбонизация мен тұрақты дамудың ортақ мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді».Директорлар кеңесінің мүшесі, ČEZ a.s. атом энергетикасы дивизионының бас директоры Богдан Зронек: - «Біз үшін Қазатомөнеркәсіппен серіктестік орнату жеткізушілер портфолиосын әртараптандырады және ČEZ бен Чехия үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі, атом электр станцияларымызды тұрақты және сенімді отын көзімен қамтамасыз етеміз. Бұл энергия қажеттіліктерін қанағаттандырып, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде декарбонизация жоспарымызды (VIZE 2030) жүзеге асыру үшін қажет», - деп атап өтті.ÇEZ a. s.-мен келісімшарт Қазатомөнеркәсіптің жетекші табиғи уран өндіруші және жеткізуші мәртебесін нығайтып, компанияның халықаралық деңгейдегі табысты тарихын жалғастырады. Бұл мәміле екі компания арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, аймақтағы атом энергетикасының тұрақты дамуына ықпал етеді және Еуропаның энергетикалық ландшафтын өзгертудегі маңызды қадам болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/976820?lang=kk
«Ұлы қазақ ғалымы тарихының сабағы» (Ш. Уалиханов 190 жылдығына) 18.04.2025
«Ұлы қазақ ғалымы тарихының сабағы»(Ш. Уалиханов 190 жылдығына) 2025 жылдың 15 сәуірінде Ш. Уалиханов 190 жылдығына орай «Бейімбет Майлин атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ Б. Майлин ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Л. Круподёрова мен архивистшы М. Шишмагамбетова мектепалды дайындық сыныптарына арналған «Ұлы қазақ ғалымы тарихының сабағы» өткізілді.Сабақ барысында балалар ұлы қазақ ғалымының, шығыстанушының, тарихшының, географтың, журналистің, саяхатшының өмірбаянымен танысты.Шоқан Уәлиханов – қазақ ғылымы тарихындағы алғашқы кәсіби энциклопедист ғалым, қазақ мәдениетін әлемге тыныстырған саяхатшы және шағыстанушы.Оның қазақтардың тарихы, этнографиясы мен фольклоры саласындағы экспедициялары мен зерттеулерінің әсіресе осы өңірдің тарихы мен географиясы бойынша алғашқы ғылыми еңбегі болған Қашғария туралы есебініңғылыми құндылығы зор.Қысқа өміріне қарамастан (1835-1865), Уалиханов қазақ халқының бірлігін барлық жүздерде дәлелдеп, қоғамдық өмірге белсене араласып, қарапайым адамдардың мүддесін қорғай отырып, ғылымға елеулі үлес қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/976814?lang=kk
Астанада консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрікмен консультациялары өтті 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволары арасында екі мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен консулдық мәселелер бойынша кезекті қазақ-түрікмен консультациялары өтті.Қазақ делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, ал түрікмен делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің басшысы Довлетмырат Муратов басқарды.Конструктивті және достық атмосферада өткен консультациялар барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйін талқылады. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтық мәселелер, сондай-ақ екі ел азаматтарының өзара сапарларына қатысты жағдайларға ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиісті хаттамаға қол қойып, консулдық қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/976812?lang=kk
Алматыда әскерилер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады 18.04.2025
Ұлы Отан соғысына қатысқан Иван Матвеевич Бегуновты туған күнімен құттықтауға Алматы қаласы Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың және «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілдері келді.Қарулы күштер ардагерлері қалалық кеңесінің өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын оқып, майдангерге жеңіске қосқан үлесі мен көп жылдық еңбегі үшін риясыз ризашылығын білдірді.– Сіз сұрапыл соғыс сынағынан өттіңіз, ал соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанның әрі қарай өркендеуі, әл-ауқаты артуы үшін қызмет еттіңіздер. Ата-бабаларымыздың сол кезеңдегі ерлігі еш ұмытылмайды, – деді Т. Мұстафин. Мерейтой иесіне ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі соғыс әуендерін шырқады. Ардагер құттықтауларды шексіз ризашылықпен қабылдап, соғыстың ауыр жылдарындағы естеліктерінен сыр шертіп, қазақстандықтарға ашық аспан мен амандық тіледі.Иван Матвеевич Бегунов 1925 жылы 15 сәуірде Житомир қаласында (Украина) дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап оның тәрбиесімен өкіл шешесі айналысқан. Кейін он алты жасар Иван жұмыс істемек болып Батыс Қазақстанға көшіп келген. Соғыс басталысымен жас жігіт Ақтөбе облысынан Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Украина майданында 228-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысқан, пулеметші болған. Еуропаны азат етуге қатысты. Жеңісті ол 1945 жылы мамырда Прагада қарсы алды.Шайқаста көрсеткен батылдығы мен төзімділігі үшін сарбаз Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды.Соғыстан кейін Иван Бегунов Қызылордадағы «Қазқұрылысмонтаж» кәсіпорындарында, кейінірек Алматыдағы «Қазэлектромонтажда» прораб болып жұмыс істеді.Бүгінде ардагер қызы Иринамен бірге тұрады. Оның бес немересі, он бір шөбересі және бір неменесі бар. Майдангердің рухы әлі мықты, қимылы ширақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976808?lang=kk
Уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу бойынша мемлекеттік қызметті "КЕДЕН" АЖ іске қосу 18.04.2025
«Keden» кедендік ақпараттық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру шеңберінде ҚазақстанРеспубликасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кеден саласындағы мемлекеттік қызметті көрсету, атап айтқанда уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу жөніндегі функционалды пайдалануға енгізеді: 2025 жылғы 7 сәуірден бастап аталған мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштерді беру және өңдеу «Keden» АЖ жүзеге асырылатын болады.Ағымдағы жылдың 4 сәуірде сағат 18:30-да «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесінде кедендік реттеу саласында аталған мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштерді қабылдау тоқтатылатынын атап өтеміз. Өтінішті толтыру тәртібі, сондай-ақ жүйеде тіркеу бойынша нұсқаулықтар порталдағы басты бетте орналастырылған https://keden.kgd.gov.kz, сондай-ақ жеке телеграм чаты жасалған https://t.me/kedenkgdgovkz/45032 – уәкілетті экономикалық операторлар үшін. Өтініштердің мәртебесі туралы хабарламалар алу мүмкіндігі үшін қолданыстағы ұялы телефон нөмірлерін және электрондық пошта мекен-жайларын тіркеу кезінде көрсету қажеттілігіне назар аударамыз.Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін Қолдау қызметіне хабарласыңыз:+7 7172 73 55 19+7 705 956 53 89e-mail: keden_support@kgd.minfin.gov.kz.Telegram арнасы: https://t.me/kedenkgdgovkz.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/976798?lang=kk
“KazAID" бос лауазымдарға орналасуға конкурс жариялайды - Әріптестік және аймақтық жобалар департаментінің Бас менеджері 18.04.2025
“KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігі" КЕАҚ бос лауазымдарға орналасуға конкурс жариялайды, атап айтқанда:* Әріптестік және аймақтық жобалар департаментінің Бас менеджері - 1 адам. Функционалдық міндеттері: Тұрақты даму мақсаттары бойынша жобалардың дизайнын әзірлеу; жергілікті және шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізу; жобаларды сүйемелдеу, бақылау, іске асырылуын мониторингілеу және жобалардың нәтижелеріне бағалау жүргізу; қажетті жобалық құжаттаманы дайындау; серіктес елдердегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және шетелдік мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау.Үміткерлерге қойылатын талаптар: Экономикадағы, халықаралық қатынастардағы, бизнес-басқарудағы жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білім (басқа мамандықтар да қарастырылуы мүмкін), магистратура артықшылықта. Жұмыс тәжірибесі - 3 жыл. Жобаларды басқарудағы тәжірибе міндетті болып табылады. Жобалар бюджетімен жұмыс істеу дағдылары мен мемлекеттік органдармен жұмыс тәжірибесі құпталады.Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу міндетті. Шет тілдерін білу құпталады. Үміткерлерден түйіндемені қабылдаудың соңғы мерзімі - 2025 жылғы 25 сәуір.Түйіндеме электрондық мекенжайға жіберіледі – office@kazaid.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazaid/press/news/details/976790?lang=kk
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры Жаркент қаласында гастрольдік сапарға шығады! 18.04.2025
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 15-16 сәуір аралығында Панфилов ауданы Жаркент қаласында өнерсүйер қауымға арналған гастрольдік іссапарын өткізеді. Театр ұжымы көрермендерге бірнеше көркем спектакльдерді ұсынады. Атап айтсақ, Д.Исабековтың «Жалқаудың жыры» ертегісі, Қ.Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиялық драмасы, «Көке» қойылымдары сахналанады.Сәбит Әбдіхалықовтың «Көке» қойылымның режиссері – Рамазан Үсен, қоюшы-суретші – Қарлығаш Шалабаева.Бүгінгі заманның көрініс-келбетін арқау еткен қойылым әкім-қараның, мемлекеттік қызметшілердің өмірі туралы сыр шертеді. Аталмыш қойылым бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін ашып көрсетеді. «Жалқаудың жыры» ертегісі қазіргі балалар қоғамында, әр отбасында болатын оқиғаны Жігер атты кейіпкердің күнделікті өмірі арқылы суреттейді. Ертегінің жас бүлдіршіндерді, достыққа адал болу, өз дегеніне жету, еңбекқорлық пен әдептілік секілді ізгі адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында тәрбиелік мәні үлкен.Ақпараттық технологиялар дамыған заманда бала санасы мен ой өрісіне пайдасымен қатар кері әсерін тигізетін смартфондарды сөйлетіп, ойыншықтарды тірілтеді. Қойылым кішкентай көрермендерді жалқаулық пен еріншектіктің арты жақсылыққа апармайтынын ерекше тартымды әрі шытырман оқиғамен өзіне баурап алады. Ал Жігерді жалқаулықтан кімдер және қалай құтқаратынын бірге тамашалайық... Қ.Мұраттың «Мұғалім» драмасының ауқымы кең. Әрі бүгінгі заманмен үндес. Қазіргі күні «педагог-бала-ата-ана» арасындағы байланыс қоғам үшін үлкен мәселеге айналды. Заман ағымына ілескен жастар, шарасыз мұғалім, жауапсыз ата-ана арасында өрбитін оқиға легінде бүгінгі күннің шындығы, «әттеген-ай» дейтін осал тұстары байқалады. Қойылым педагог мәртебесін көтеруге, ұлттық сананы байытуға рухани үлес қосады.Гастрольдік сапардың басты мақсаты – мәдени байланыстарды нығайтып, театр өнері арқылы өңір тұрғындарымен жақын танысу, сондай-ақ, Талдықорған қаласының мәдениетін басқа өңірлерде кеңінен таныту.Қала тұрғындарын және қонақтарын театрдың қойылымдарын тамашалауға шақырамыз!Қосымша ақпарат пен билеттерге тапсырып беру үшін 8 (777) 394 88 15 номерімен байланысуға немесе Ticketon.kz сайтынан алуға болады!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/976763?lang=kk
Коммуналдық мекеме қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізуде 18.04.2025
Аудан орталығында коммуналдық мекеме қызметкерлері санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.Тазалық жұмыстары барысында көше бойларын тазалау мен қоқыстарды жинау, аулалар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Түнгі жарық шамдарын жөндеу, кент көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жарық шамдары тексеріліп, істен шыққандары ауыстырылып жатыр. Бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдарына да ерекше көңіл бөлінуде. Бұзылған құрылғылар жөнделіп, алаңдар қауіпсіздік талаптарына сай ретке келтірілуде.Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/976744?lang=kk
Сенат Спикері Сауд Арабиясы Консультативтік Кеңесінің Төрағасымен кездесті 18.04.2025
Ар-Рияд, 2025 жылғы 14 сәуір – Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесінің шақыруымен аталған елге келді. Сапар барысында Эр-Риядта Корольдіктің Консультативтік кеңесінің Төрағасы Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейхпен және Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесулер өтті. Сұхбат кезінде тараптар Сенат пен Консультативтік кеңес арасындағы ынтымақтастықты және рухани дипломатияны нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың маңызды міндеттеріне назар аударды.Мәулен Әшімбаев Консультативтік кеңестің Төрағасымен кездесуде Сауд Арабиясы Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық нығайып, өзара мазмұнды әрі ашық саяси диалог қалыптасты. Бұған жоғары деңгейдегі екіжақты белсенді байланыстың нәтижесінде қол жеткізілгені анық.«Қазіргі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қос Киенің Сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд және Тақ мұрагері, Премьер-Министр Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд арасындағы өзара құрмет пен достыққа, ортақ құндылықтар мен ұстанымдарға негізделген қарым-қатынас шешуші рөл атқарады. Осы ретте сізге Қазақстан-Саудия қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын дәріптеуге қосқан үлесіңіз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді Мәулен Әшімбаев.Сонымен қатар Сенат Спикері Сенат пен Кеңес арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды екенін тілге тиек етті. Кездесуде заңнамалық қызметте тәжірибе алмасу, достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Парламент Сенаты мен Консультативтік кеңестің салалық комитеттері арасында тығыз байланыс орнату бағытындағы бірлескен жұмыс мәселелері де талқыланды.«Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолында Сенат пен Консультативтік кеңестің өзара диалогы маңызды рөл атқарады. Осы орайда Сауд Арабиясының Консультативтік кеңесімен іс-қимылды одан әрі арттыруға мүдделі екенімізді атап өткім келеді. Бізді Корольдікте іске асырылып жатқан бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе қызықтырады. Осы орайда Сенат пен Консультативтік кеңесте құрылған достық топтары айрықша рөл атқаратынын атап өткен жөн. Олардың әлеуетін өзара диалогты нығайтудың тиімді тетігі ретінде барынша қолданған абзал. Сондай-ақ салалық комитеттер арасындағы байланыстарды да жандандырудың маңызы зор», – деді Парламент Сенатының Төрағасы.Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Корольдіктің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге және орнықты дамуды ілгерілетуге арналған бастамаларын, сондай-ақ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы іргелі істерін жоғары бағалады.Сенат Спикері өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы кешенді өзгерістерге де жан-жақты тоқталды. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы тың шаралар жөнінде сөз болды.Өз кезегінде Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейх Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесі көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жаңғырулардың тиімділігіне назар аударды.Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде екі тарап та қызығушылық танытқан салаларда инвесторларға арналған қолайлы жағдайлар кеңірек талқылады.Сондай-ақ бүгін Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясының Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесті. Онда тараптар конфессияаралық диалогты дамыту мәселелері мен перспективаларын талқылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы атап өткендей, Сауд Арабиясы толеранттылық пен конфессияаралық диалогты нығайтуға және Съезд идеяларын дәріптеп, қолдауға үлкен үлес қосып келеді. Мәулен Әшімбаев мұндай қадам қазіргідей шиеленісе түскен тұрақсыздық жағдайында айрықша маңызға ие екенін атап өтті.«Қазір әлем геосаяси қақтығыстар және сауда соғысы сияқты үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондай-ақ біз әртүрлі күштердің осындай халықаралық шиеленісті пайдаланып, радикалды идеологияны насихаттауға, ксенофобияны одан әрі қоздыруға және жек көрушілікті таратуға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда рухани дипломатияны ілгерілету және діни көшбасшылардың келісім мен диалогқа шақыруы маңызды рөл атқарады. Сондықтан Сауд Арабиясына сапар аясында Дүниежүзілік ислам лигасымен бірлесіп, дінаралық диалогты нығайту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырып жатырмыз. Бұл іс-шаралар халықаралық деңгейде диалог мәдениетін дәріптеуге өз үлесін қосады деп үміттенеміз», – деп, Мәулен Әшімбаев сұхбаттасушыға биылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне дайындық барысы туралы айтып берді.Өз кезегінде, Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейх Съезд аясындағы бастамаларға қолдау білдіріп, бүгінде форум идеяларының маңызы жаһандық деңгейде артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өзара байланысты нығайту және рухани дипломатияны дамыту жолындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.Бұдан басқа, Қазақстан делегацияның мүшелері Neon жобасының іске асырылу барысымен танысты. Аталған жоба аясында қаладағы экологиялық жүктемені азайтуды және «жасыл» энергетиканы барынша пайдалануды көздейтін ірі мегаполис салу жоспарланып отыр. Оның жалпы ауданы 26 500 шаршы шақырымды құрамақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/976743?lang=kk
Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды 18.04.2025
15 сәуір күні Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының өкілдері және цифрландыру саласының мамандары қатысты.Негізгі басымдық — сапа мен ыңғайлылықОтырысты ашқан өңір басшысы мемлекеттік органдардың басты міндеті — электрондық қызметтерді жай ғана қолжетімді ету емес, олардың тұрақты, түсінікті әрі азаматтар үшін қолайлы болуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.«Адамдар үшін қызметтің онлайн болуы емес, оның шын мәнінде жеңіл әрі тиімді болғаны маңызды», — деді облыс әкімі.Электрондық қызметтердің өсімі байқаладыИнформатизация басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда облыста көрсетілетін электрондық қызметтердің үлесі 91%-дан 98,3%-ға дейін артқан. Әсіресе денсаулық сақтау саласында ілгерілеу бар — қазір талдау нәтижелерін алу, анықтамаларды рәсімдеу секілді қызметтерді «Дамумед» қосымшасы арқылы оңай алуға болады. Сонымен қатар, автокөлікті тіркеу, мекенжай бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін ауыстыру рәсімдері де едәуір жеңілдеген.ХҚКО — жаңа кеңістік, жаңа стандарттарТұрғындар тарапынан ХҚКО ғимаратына (Тәуелсіздік көшесі, 46) қатысты көптеген шағымдар түскен. Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету бөлімдерін Тәуелсіздік көшесі, 114 мекенжайындағы кең әрі қолайлы ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам көрсетілетін қызметтер аумағын екі есе ұлғайтып, автотұрақ мәселесін шешуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, әкімшілік блок Майлин көшесі, 2/2 мекенжайына көшіріледі. Облыс әкімі жаңа кеңселерді заманауи техникамен жабдықтауды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына, ал ХҚКО-ларды жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеуді облыстық цифрландыру басқармасына тапсырды. Құжат бір ай ішінде дайындалып, цифрлық даму министрлігіне жолдануы тиіс.Бірыңғай төлем құжаты — 1 қыркүйекке дейін енгізіледіЖиында сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты деректерді бір жүйеге біріктіретін республикалық «Бірыңғай төлем құжаты» жобасын өңірде енгізу мәселесі қаралды. Бұл тұрғындарға барлық коммуналдық қызметтерді бір жерден, екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Қажет жағдайда қағаз түбіртек те беріледі.«Азаматтар түрлі түбіртектер жинап, кезек күтуге мәжбүр болмауы керек. Барлығы бір жерде, қолжетімді және түсінікті болуы тиіс», — деді облыс әкімі.Осыған орай облыстық энергетика және ТКШ басқармасына аталған жобаны 1 қыркүйекке дейін іске асыру тапсырылды.Жауапкершілікті арттыру және сапаны бақылауКеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық мемлекеттік органдардың басшыларына қызмет сапасын бақылауды күшейтуді, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және заңбұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды.«Әрбір қабылданған шешіміміз бір сұраққа жауап беруі тиіс: бұл азаматқа жеңілірек, жылдамырақ, түсініктірек бола түсті ме?» — деп қорытындылады әкім.Жартыжылдық қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының осы саладағы жұмысы жеке-жеке қаралатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/976742?lang=kk
Қазақстан мен Латвия білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде 18.04.2025
Рига, 2025 жылғы 15 сәуір - Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Латвия университетінің ректоры Гундарс Берзиньшпен кездесті.Кездесу барысында Латвия университетімен бизнесті басқару, IT, логистика және халықаралық экономика сияқты мамандықтар бойынша дипломды кадрларды даярлау жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.Осыған байланысты тараптар екі елдің ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылын кеңейту бойынша нақты қадамдарды айқындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riga/press/news/details/976740?lang=kk
Жатыр мойны обырының пайда болу себептері 18.04.2025
ЖМО – әлемдегі әйелдерде жиі кездесетін төртінші қатерлі ісік түрі. Қазақстанда статистика одан да сорақы – ЖМО әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында – сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. ЖМО пайда болуының негізгі себебі - АПВ инфекциясы.Жыл сайын дүние жүзінде жатыр мойны обырының (ЖМО) 600 000-нан астам жаңа жағдайлары анықталады, және 300 000-нан астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Қазақстанда жылына жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы тіркеліп, жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Соңғы 20 жылда республикамызда жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші 26 %-ға өсті.Жатыр мойны обырының болжамдары мен қауіптері ДДҰ 2030 жылға қарай ЖМО (700 000 жағдай) және өлім-жітімнің (400 000 өлім) одан әрі өсуін болжайды. Өлімнің шамамен 90% дамушы елдерде байқаланып жатыр. Қазақстанда ауруды анықтау шыңы 45 жастан 54 жасқа дейін. Күн сайын елде жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы тіркеледі. Жыл сайын 600-ге жуық қазақстандық әйел ЖМО-нан қайтыс болады. ҚазОРҒЗИ мәліметтері бойынша 2022 жылы жүкті әйелдерде жатыр мойны обырының 28 жағдайы тіркелген. Кейіннен науқастардың бір бөлігінде шұғыл босану, сондай-ақ 5 медициналық аборт және 2 өздігінен түсік түсіру болды.Маңызды: адамның иммундық тапшылығы вирусымен (АИТВ) өмір сүретін әйелдерде ЖМО даму қаупі 6 есе жоғары. Өзіңізді және жақындарыңызды ЖМО-нан қалай қорғауға болады?АПВ онкогенді түрлері патологиялық өзгерістерді тудыруы мүмкін, бұл 15-20 жылдан кейін жатыр мойны обырының дамуына әкеледі.ЖМО-ын ерте диагноз қойып, емдеуді дереу бастау арқылы емдеуге болады. Сондықтан Қазақстанда 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін жеке скринингтік тексеру жүргізіледі.Әр төрт жыл сайын скринингтік топтағы әйелдер жатыр мойнындағы ықтимал қатерлі ісіктерді анықтау үшін ПАП-тест (Папаниколау жағындысы) тапсыруы керек. Скринингтерден басқа, 100-ден астам елде АПВ вакцинациясы түріндегі профилактикалық шаралар қолданылады. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Швеция және басқа елдердің тәжірибесі вакцинациядан кейін жатыр мойны обырының төмендеуін көрсетеді. Меңдіқара ауданында адам папилломавирусына қарсы егу жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, АПВ вакцинасы ата-анасының немесе қамқоршысының хабардар етілген келісімін алғаннан кейін 11 жасқа толған қыздарға енгізіледі. Вакцинацияның толық курсы - алты айлық үзіліспен екі доза. 11 жасында жоспарлы егуді өткізіп алған 12-13 жас аралығындағы қыздарға қайталама вакцинация. Біздің елде Гардасил-4 вакцинасы қолданылады. Бұл 2006 жылы тіркелген АПВ-ге қарсы алғашқы вакцина және көптеген елдерде 18 жылдан бері қолданылып келеді. Әрбір бала өзін қорғауға болатын барлық нәрседен қорғалуға құқылы. Адам папилломавирусына қарсы вакцинация қатерлі ісік ауруларының 95% алдын алады. АПВ вакциналарында вирустық бөлшектер немесе басқа тірі вирустық материал жоқ. Олар ауру тудыруы мүмкін емес. Оларды қолданудың қауіпсіздігі клиникалық дәлелденген.Вакцинация ауданның барлық емдеу мекемелерінде және білім беру оқу орындарының медициналық кабинеттерінде жүргізіледі.Кез келген сұрақтарыңыз болса, түсіндіру үшін «Меңдіқара аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ мамандарына хабарласыңыз., байланыс телефоны 2-41-30. Дәл қазір екпе алу арқылы сіз балаларыңыздың сау болашағын қамтамасыз ете аласыз!Меңдіқара ауданының бас санитарлық дәрігері.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/976736?lang=kk
Қазақстан мен Пәкістанның жоғары аудит органдары басшылары Душанбеде кездесу өткізді 18.04.2025
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Пәкістанның бас аудиторы Мұхаммед Аджмал Гондалмен кездесу өткізді. Іс-шара Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жоғары аудит органдары басшыларының 7-ші кездесуі аясында өтті.Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, аудиттің озық әдістері мен практикаларын енгізу, аудит рәсімдерін цифрландыру және басқа да бағыттарды талқылады.Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палата мен Бас аудитор кеңсесінің арасында ШЫҰ аясында да, екіжақты форматта да көпжылдық тығыз байланыс орнағанын атап өтті.«2024 жылы біз ауыл шаруашылығы саласында қатарлас аудитті сәтті өткіздік. Осы бағыттағы белсенді жұмыс үшін пәкістандық әріптестерімізге алғыс айтамыз», — деді төраға.Сондай-ақ ол өткен жылы екі елдің аудит органдары АЗОСАИ Басқарма кеңесінің мүшелері болып сайланғанын еске салды.«Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығаятынына сенімдімін», — деп аяқтады Әлихан Смайылов.Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/976729?lang=kk
Нұра ауданындағы білім беру ұйымдары басшыларына арналған семинар 18.04.2025
Қарағанды облысы бойынша Еңбек инспекциясы комитеті департаментінің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы – мемлекеттік еңбек инспекторы Еркебекова Саягүл Қарағанды облыстық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының бірлесіп ұйымдастырған семинар-кеңесіне қатысты.Семинар барысында Саягүл Еркебекова еңбек қатынастарын реттейтін және білім саласы қызметкерлеріне қосымша кепілдіктер беретін ұжымдық шарттардың маңыздылығы туралы айтып өтті.Қатысушылар мұндай кездесулердің білім беру ұйымдары басшылары мен қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруда, сондай-ақ кәсіподақтар, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.Осындай іс-шаралар еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді ашық әрі тиімді шешуге және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-enbek/press/news/details/976676?lang=kk
Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл: жастар, бірлік және жаңа форматтар 18.04.2025
Қарағандыда облыстық ҚХА кеңесінің кездесуі өтті, онда мерейтойлық жылды мерекелік қана емес, мазмұны жағынан да маңызды ету мәселесі талқыланды. Жастардың рөлі, еріктілік пен ғылыми бастамаларды дамыту басты назарда.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚХА бүгінде этносаралық келісімнің символы ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың нақты құралы екенін атап өтті. Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосты. Оның қатарында белсенді қоғамдық жұмысы үшін марапатталған ордендер мен медальдар иегерлері бар.– Жеңістің 80 жылдығы мен ел Конституциясының 30 жылдығымен қатар биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы болмақ. Осы уақыт ішінде ҚХА өзін мемлекет пен қоғам арасындағы ұлттық бірлік пен диалогты нығайтуға ықпал ететін бірегей қоғамдық институт ретінде көрсетті. Қарағанды Ассамблеясы өңірдің дамуында елеулі рөл атқарды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.ҚХА өкілдері жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, бүгінде жастарды тартудың аса маңызды екенін атап өтті. «Жастар Ассамблеясы» толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарды ілгерілету және қоғамдық өмірге тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Жастар жаңа бастамалардың басты драйвері ретінде қарастырылады. Ермағанбет Бөлекпаев әрбір этномәдени бірлестікте жастар таныстырылуы тиіс екенін атап өтті. Кездесуде ҚХА-ның ғылыми жұмысы да қозғалды. Биыл Қарағандыда Әлімхан Ермековке арналған конференция өтеді. Ассамблея сондай-ақ еріктілер акцияларына белсенді қатысады, қайырымдылық жобаларын қолдайды және ұрпақтар арасында диалог орнатады.– 30 жыл ішінде Ассамблея өзінің бастапқы миссиясының шеңберінен шықты. Бүгінде ол еріктілікпен, қайырымдылықпен, әлеуметтік қолдаумен айналысады. Өткен жылы су тасқыны болған кезде ҚХА бірінші болып көмекке келді. Жақында Достық үйінде ақсақалдар мен жастардың диалогы өтті. Бұл Ассамблея ұлтаралық өзара іс-қимыл үшін тұғырнамаға айналғанын көрсетеді, – деп атап өтті ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Рустам Бузяков. – Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық – оның көп жылдық жұмысының нәтижесі.Кездесу соңында қоғам өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне мерейтойлық медальдар табысталды.Теміртаулық грек мәдени орталығының төрайымы Деспина Касапиди былай деді:– Бұрын біз бытыраңқы болғанбыз, ал бүгін бір үлкен отбасындаймыз. Ассамблеяның күші де осында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/976649?lang=kk
