Туризм

376 үміткер «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша республикалық кадр резервіне алынды 27.11.2024
Бүгін жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеуге және оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының екінші легі қорытындыланды. Естеріңізге сала кетейік, ол өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған болатын. Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.Резервистермен кездесуде Ғани Бейсембаев білім сапасын арттыру және педагог кадрлардың кәсібилігін арттыру мен даярлау жөніндегі басым бағыттарға тоқталды.«Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттырудың бес негізгі бағытын айқындады. Оның ішінде тиімді менеджментті дамытуға және кадрлық резервті құруға ерекше басымдық беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «Өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске қостық – бұл отандық білім беруді дамытудың жаңа кезеңі. Алты ай ішінде сіздер әртүрлі іріктеу кезеңдерінен өтіп, көшбасшылық, кәсіби және басқарушылық дағдыларыңызды жетілдірдіңіздер. Енді сіздердің алдарыңызда отандық білім сапасын арттыруға үлес қосу, ең бастысы, балаларымыз бен педагогтеріміз үшін қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету бойынша үлкен міндет тұр», - деді министр.Айта кету керек, биыл жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны өткен жылға қарағанда 2,5 есеге артқан. Жобаның бастапқы кезеңінде барлығы 13 796 өтінім берілген. Іріктеу бес кезең бойынша өтті: кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау бойынша тестілеу, оқу, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиядан әңгімелесуден өту. Үміткерлерді іріктеу және олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізді.Іріктеудің барлық бес кезеңінің қорытындысы бойынша 376 үміткер Республикалық кадр резервіне алынды. Бүгін оларға конкурссыз қызметке тағайындау туралы сертификаттар табыс етілді. Жаңа буынның менеджерлері кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқарады деп күтілуде. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/891561

Қазақстан мен Қытай техникалық және кәсіптік білім беру саласында ынтымақтастықты күшейтуде 27.11.2024
ҚР Премьер-министрінің техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі студенттерге қолдау көрсету және саланы дамыту үшін елімізде Ұлттық құзыреттілік орталығын құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Министр техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибелермен танысып, қытайлық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.Министрдің мамандарды даярлайтын бірегей оқу орталығы – Лу Бань шеберханасына баруы жұмыс сапары барысындағы маңызды іс-шаралардың бірі болды. Кешен студенттердің жаңа өндірістік және цифрлық технолгогияларды, инженерлік жобалауды меңгеруіне мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен және оқу материалдарымен жарақтандырылған. Бұл тәжірибені Қазақстанда ұлттық құзыреттілік орталығын ашу кезінде қолдану жоспарлануда, ол техникалық және кәсіптік жүйе студенттері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.Тяньцзиньде министр Қытайдың жетекші колледждерінің өкілдерімен бірнеше келіссөз өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және жұмысшы мамандарды даярлауда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.Ғани Бейсембаев сондай-ақ 48 мемлекеттің салалық министрлерінің қатысуымен өткен Дүниежүзілік кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту жөніндегі конференцияға қатысты. Отырыстың пленарлық сессиясында сөз сөйлеген министр Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті.«Қазақстан Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау жүргізілуде. Әсіресе, күрделі өндірістік мәселелерді шешу үшін қажет эмоционалдық интеллект және инженерлік ойлау сияқты жұмсақ дағдыларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамалық нормаларды жетілдіруге және колледждерді басқару жүйесін күшейтуге басымдық беріледі. Қазақстан өз студенттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маман даярлау үрдісіне әлемдік кәсіби қауымдастық пен алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын енгізуге ұмтылуда», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.Сондай-ақ министр ҚХР-ның білім министрі Хуай Цзиньпэнмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар білім саласында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруде екі елдің тәжірибе алмасуы мәселесін талқылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/891417

Келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждері педагог-ассистент дайындай бастайды 27.11.2024
Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және мектептерде инклюзивті білім беру ортасын құру бағытында жұмыстар жүргізуде. Мұндағы маңызды қадамның бірі - педагог-ассистент мамандарын даярлау болып табылады. Қазіргі уақытта психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебінде (ПМПК) ерекше білім беруді қажет ететін 203 мың бала бар. Олар 496 арнайы білім беру ұйымдарында оқиды. Білім беру ұйымдарында инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін балабақшалардың 69%-да, мектептердің 88%-да және колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жасақталған кабинет жұмыс жасайды. «Еліміздің мектептерінде «педагог-ассистент» лауазымы енгізіліп, мамандар саны бір жылда 1000-нан 2,5 мыңға дейін артты. Педагог-ассистент лауазымын мектепке дейінгі ұйымдарда енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 9 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс жасайды. Мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждерінде «педагог-ассистенттер» дайындау қолға алынуда», - дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева. Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім алу жағдайын жақсарту және білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/891061

Ауыл мектептері оқушыларына арналған ІІ Республикалық олимпиада басталды 27.11.2024
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО-ның ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада басталды.Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған респубилкалық олимпиада өткен оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.Биылғы жылы республикалық білім додасында өңірлерде өткен олимпиадалардан суырылып шыққан 1000-ға жуық оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні (26-30 қараша аралығында) және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша (10-14 желтоқсан аралығында) бақ сынасады.«Ауылдық жерлерде оқитын балаларды қолдау, олардың жоғары білім сайыстарында өз мүмкіндіктерін сынауға жағдай жасау және талантты, дарынды балаларды анықтау мақсатында соңғы екі жыл бойы ауыл мектептерінің олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасының мектепшілік кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы өз білімін шыңдап, 1000-ға жуық оқушы іріктелді. Оның ішінде 486-сы жаратылыстану-математикалық бағытта, ал 450-і қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім сайысына қатысады», - дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.Сонымен қатар, республикалық кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылы өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/891066

Қазақстанда мектептердің жаңа көшбасшы-басқарушылары дайындалуда 26.11.2024
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен кәсіби даярлау жөніндегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер саны 2,5 есеге артты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.Бағдарламаға іріктеу бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде — оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде — елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде — қорытынды бағалауға қатысады, ал бесінші кезеңде — министрлік комиссиясымен әңгімелесуден өтеді. Барлық кезеңдердің нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары басшыларының Республикалық кадрлық резерві қалыптастырылады.Биылғы жылы алғашқы кезеңде 13 796 үміткер тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне балабақшалар, мектептер мен колледждердің басшылары лауазымдарына 375 кандидат ұсынылды.«Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне алынады. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», - деп атап өтті Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Республикалық кадр резервіне 208 кандидат алынды, олардың 170-і мектеп директоры лауазымына тағайындалды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/890591

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры қаражатының есебінен 70 мыңға жуық жаңа оқушы орны ашылды 26.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында жаңадан білім беру ұйымдарын салу немесе жаңғырту, оған жапсарлас құрылыс салу жүзеге асырылуда.Қор құрылған уақыттан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде 92 мың оқушы орнына арналған 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды.«Мемлекет балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда 70 мыңға жуық орындық 55 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 нысанды іске қосу жоспарлануда», — деп атап өтті Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов.Осылайша, 2024 жылдың басынан бері 18 жаңа мектеп салынды. Бұл мектептердің басым бөлігі Астана қаласында және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Жаңа мектептерде жайлы білім алу ортасын құру үшін қажетті жағдайлар жасалған. Аталған өңірлердегі бұл мектептердің құрылысы 9 білім беру ұйымының, оның ішінде, 6 үш ауысымды, 2 апатты және 1 ескі мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/890188

Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру Департаментінің директоры тағайындалды 26.11.2024
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры болып Ерлан Болатұлы Қалмақов тағайындалды.Ерлан Болатұлы Қалмақов 1987 жылғы 14 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген.2008 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих» мамандығы бойынша, 2010 жылы А. Байтурсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдады.Еңбек жолын 2006–2008 жылдары «Қостанай таңы» газетінің редакциясында тілші болып бастаған.2008–2009 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жастармен және жастар бірлестіктерімен жұмыс жөніндегі бөлімінде жетекші маманы.2009–2012 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингілеу бөлімінде бас маманы.2010–2012 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс және саяси партиялармен өзара іс-қимыл бөлімінің бастығы.2012–2016 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.2016–2023 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы.2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.2024 жылғы 25 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры лауазымына тағайындалды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/890212

Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойын жасап шығарды 25.11.2024
Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын әзірледі. Ойынның басты мақсаты – оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.Ойын квест форматында жасалған. Мұнда ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де өзі шешеді: сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші. Ойын барысында ол әртүрлі эпизодтардан өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді.Қазіргі уақытта ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр. Автор болашақта бұл жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Нұрали өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын ойынды дамытуға жұмсаған. Сонымен бірге ойынның әр кезеңіне Абайдың қара сөздерін қосу арқылы оның рухани мазмұнын байытуды жоспарлап отыр. Бұл ойыншыларға шешім қабылдауда терең ой салуға бағытталған.«Ойын Қазақстандағы нақты оқиғаларға негізінделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсіндірме беріліп, оқушылардың құқықтық сауаты арттырылады. Ал ойын соңында көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады», – дейді Нұрали.«Сатылмайтын Алпамыс» – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруға арналған ерекше жобаға айналды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/889595

Қазақстанда тағы екі жайлы мектеп ашылды 25.11.2024
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астана қаласы мен Жамбыл облысында 2000 және 1200 оқушыға арналған заманауи екі мектеп ашылды.Бұл мектептер озық техникамен жабдықталған оқу кабинеттерінен бастап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді ортаға дейін жоғары заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Сондай-ақ, бірнеше асхана, кең спорт залдары, акт залдары, кітапханалар, лингафон және компьютерлік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталықтар қарастырылған. Білім алушыларға робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар және оқытуға арналған басқа да инновациялық кеңістіктер қолжетімді. Балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл түймелері арқылы қамтамасыз етіледі.Айта кетейік, бұл Астанада салынған 10-шы жайлы мектеп, ал Жамбыл облысында — үшінші мектеп. Жыл басынан бері Қазақстанда 91 мың орындық 35 жайлы мектеп пайдалануға берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/889254

Оқу-ағарту министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын нығайтуда 24.11.2024
Оқу-ағарту министрлігінде аппарат басшысы Тимур Әбілмәжіновтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне арналған кеңес өтті. Іс-шараға орталық аппараттың, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.Білім беру процесіне ашықтық, жауапкершілік және парасаттылық қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударылды. Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.Іс-шараға превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің полковнигі Жазира Жылқышиева қатысты. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа бастамаларына және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі ұсынымдарға тоқталды.Өз кезегінде, Оқу-ағарту министрлігі аппаратының басшысы ведомство ашықтықты қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыратынын атап өтті.«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес азаматтардың сенімін нығайтуға және білім беру жүйесі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады», — деп қорытындылады Тимур Әбілмәжінов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/889163

Қазақстанда мектептерге арналған PISA-2024 зерттеуі басталды 22.11.2024
2024 жылдың 18 қарашасы мен 25 желтоқсаны аралығында еліміздің 1 мың білім беру ұйымында халықаралық PISA зерттеуі жүргізілуде. Оған 15 жасқа толған 30 мыңнан астам қазақстандық оқушы қатысады.Зерттеу дәстүрлі PISA әдіснамасына негізделген және оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану ғылымдары секілді функционалдық сауаттылықтың негізгі дағдыларын бағалайды. Сонымен қатар бұл зерттеу арқлы білім беру ұйымдарына сыртқы бағалау жүргізіледі. Оның нәтижелері оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін негізгі факторларды анықтауға бағытталған.«Мектептерге арналған PISA зерттеуі жыл сайын жүзеге асырылады және әр мектеп бойынша жеке есептер ұсына отырып, нәтижелерді талдауға мүмкіндік береді. Бұл мектептерге білім беру сапасын арттыру бағытындағы стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуде маңызды құрал болады. Зерттеу оқу орындарының күшті және әлсіз жақтарын анықтап, қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі, осылайша білім беру процесін жақсартуға ықпал етеді», — деп атап өтті Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.Айта кету керек, «Мектептерге арналған PISA» зерттеуін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізеді. Оған 2021-2023 жылдар аралығында еліміздің 2200 білім беру ұйымдары қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/888615

Дүниежүзілік балалар күнінде балалар омбудсмендері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады 22.11.2024
Бүгін балалар омбудсмендерімен «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи сын-қатерлер» тақырыбында кездесу өтті. Аталған шара Қазақстанның Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялағанына 30 жыл толуына орайластырылып, Дүниежүзілік балалар күніне арналған. Оған 50-ден астам балалар өкілдері, сондай-ақ балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер қатысты. Іс-шараның ұйымдастырушылары ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Балалар қоры болып табылады.Кездесу үш тақырыптық блоктан тұрды, онда балалар негізгі мәселелер бойынша пікір білдіріп, шешу жолдарын ұсынды. Талқылау тақырыптары бала құқықтары, цифрлық әлемдегі қорғау және экологиялық мәселелерді қамтыды.ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева құттықтау сөз сөйледі. Ол балалардың әл-ауқаты Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы болып табылатынына назар аударды.«Балалардың құқықтарын қорғау - біздің ортақ міндетіміз. Әрбір баланың қолдау мен қамқорлықты сезініп, естуі өте маңызды. Балаларды тыңдауға мүмкіндік беретін тұғырнамаға айналған балалар өкілдіктері институтының құрылуы кездейсоқтық емес. Бүгін біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер ашылуда: балалар омбудсмендері қызметінің жаңа кезеңі басталып, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің жұмысы жандануда. Біздің ортақ міндетіміз - балалардың игілігі үшін күш біріктіру. Сіздер әр аймақта балалардың мүдделерін білдіріп, олардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету бойынша ересектерге көмекші боласыздар», - деп атап өтті бірінші вице-министр.Тараптар жас ұрпақтың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың маңыздылығын талқылады, сондай-ақ олардың дағдылары мен білімдерін дамыту үшін тренингтер ұйымдастырылды.«Біз бүгінгі диалогқа қатысқанымыз үшін шын қуаныштымыз. Балалардың өз идеялары мен көзқарасы бар, әр баланың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс», - деді Астана қаласының балалар омбудсмені Руслан Захаренко.Бүгінде Қазақстанда 6,8 млн бала бар. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі балалардың өмір сүру сапасының халықаралық стандарттарына қол жеткізу. Бала құқықтары туралы конвенция қабылданғаннан кейінгі 30 жыл ішінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. 2020 жылы әрбір өңірде оқушылардан құралатын балалар өкілдіктері құрылды, сондай-ақ балалардың мүдделерін жергілікті деңгейде неғұрлым тиімді есепке алу үшін бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мәртебесі бекітілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/887517

Қазақстанда Ұлттық құзыреттілік орталығы ашылады 22.11.2024
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтар жылының аясында Астанада ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталық ашылады.Ұлттық құзыреттілік орталығы бизнес пен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңының рөлін атқарады, сондай-ақ студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.«Мемлекет басшысының келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы еліміз үшін техникалық және кәсіптік білім берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оның ішінде Ұлттық құзыреттілік орталығының ашылуы жұмысшы мамандықтарының тартымдылығы мен білім сапасын арттыру жөніндегі стратегияны жүзеге асырудағы негізгі қадам. Орталық ұлттық құраманың әлемдік WorldSkills чемпионаттарына дайындалатын базасына айналады, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда басты аймақтық база болады. Сондай-ақ ол жұмыс берушілер мен кадрларды даярлау жүйесінің арасындағы ынтымақтастықты арттырады», - деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills Kazakhstan – 2024 чемпионатының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде.Атап өту керек, мұндай орталықтар Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде табысты жүзеге асырылып, жоғары білікті кадрлар даярлауда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Әлемде WorldSkills қозғалысы - жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың басты құралы болып табылады. Халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық құрамасы еліміздің намысын 2014 жылдан бері қорғап келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/887530

Ғани Бейсембаев жеке мектептердің педагогтерімен кездесті 22.11.2024
Оқу-ағарту министрі жеке орта білім беру ұйымдарының І республикалық конференциясы алаңында педагогикалық ұжымдармен, жеке мектептер қауымдастығының басшыларымен және өкілдерімен кездесті.Ғани Бейсембаев конференцияда сөйлеген сөзінде мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарына меншік нысанына қарамастан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап айтты. Мәселен, тек биылғы жылдың өзінде 250 мың бала білім алатын жеке мектептерге бюджеттен 161 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.«Тағы бір маңызды қадамды айта кетуіміз керек. Мәжілісте бүгінгі таңда Үкіметтің бастамашылық етуімен заң жобасы қаралып жатыр, онда жеке мектептерде білім алатын әлеуметтік осал отбасы балаларына мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету туралы норма бар. Бұл дегеніміз, жеке мектептерде оқитын балаларға да жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен қажетті оқу-құралдарын алуға қаржылай қолдау көрсетіледі және олар тегін ыстық тамақтандырумен қамтылады. Бұл мемлекеттің жеке секторға қолдау көрсетуінің айқын дәлелі бола алады. Білім беру ұйымдарының меншік түріне қарамастан басты міндеті – еліміздің сапалы адами капиталын қалыптастыру. Әрбір бала сапалы білім алып, қауіпсіз әрі жайлы ортада дамуы керек», - деді министр.Елімізде 8 мыңнан астам мектепте 3,9 млн бала білім алып жатыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында соңғы үш жылда жеке мектептердің саны 3 есе артты. Бүгінде 800-ден астам жекеменшік мектепте 250 мыңнан астам бала оқуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/887586

Оқу-ағарту министрі Түркияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті 22.11.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті. Кездесу барысында министр Астана мен Ыстанбұл арасындағы білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, тараптар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзивті білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/888252

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Қызылорда облысының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді 22.11.2024
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде халықпен есеп беру кездесуін өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бірінші вице-министр кездесу барысында өңір тұрғындарын министрлік жұмысы мен қабылданып жатқан негізгі шаралары, оның ішінде педагогтердің кадрлық әлеуетін көтеру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, білім сапасын көтеру, балалар үшін білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, ата-аналармен ынтымақтастықты арттыру бағытындағы негізгі басымдықтар туралы хабардар етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау және олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қалалар мен шалғайдағы ауылдарда балалардың заманауи әрі жайлы ортада білім алуына жағдай тудырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ерекше атап өткен жөн. Техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында колледждерді өңір экономикасына қарай бейімдеу, көшбасшы колледждерді қалыптастыру, колледждерді басқару менеджментін құру қолға алынуда. Барлық білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, жүзеге асырылуда», - деп атап өтті бірінші вице-министр. Кездесуге 600-ге жуық адам қатысты және олар бірінші вице министрге көкейтесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сұрақтар негізінен мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, арнайы және инклюзивті білім беру, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қамтыды. Сонымен қатар Наталья Жұмаділдаева жұмыс сапары барысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бірқатар білім беру ұйымдарында болып, олардың инфрақұрылымымен, жабдықталуымен, оқу-тәрбие беру процесінің ұйымдастырылуымен танысты. Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында 1042 білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оның ішінде 337 мектеп, 28 колледж және 677 мектеп бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/888258

Лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін 58 мектепке айыппұл салынды 22.11.2024
Аталған бұзушылықтар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің білім беру ұйымдарына мониторингі барысында анықталды.2024 жылдың басынан бері жүргізілген тексеру нәтижесі көрсеткендей, 58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген. Бүгінгі таңда олардың 17-сі білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкестендірді. Лицензиясыз қызмет жүргізетін мектептерге қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша айыппұл беру туралы соттардың қаулылары шығарылды. Олар негізінен Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан.«ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы тиіс. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметімен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап туындайды. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», - деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.Лицензия алуға қойылатын негізгі талаптар тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды. Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдану мен қайталама бұзушылықтар болған жағдайда білім беру мекемесінің қызметін тоқтата тұру үшін негіз болып табылады.Естеріңізге сала кетейік, мектептер бағыныстылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарауына жатады. Өз кезегінде аумақтық департаменттер өңірлік әкімдіктер мен білім басқармаларының басшыларына бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ресми талап хаттарын жолдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/888336

20 қараша - Дүниежүзілік балалар күні 22.11.2024
Биыл Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялаудың 30 жылдығын атап өтуде. 30 жыл ішінде еліміз балаларды қорғау мен олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде үлкен жолдан өтті. 2006 жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. 2016 жылы Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл институты енгізілді. Әр аймақта бала өкілдіктері институты құрылды, олардың құрамы жыл сайын мектеп белсенділерінен жасақталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық мониторинг - балалардың әл-ауқатының индексі енгізілді. 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Биылғы жылы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Айта кетейік, республиканың барлық стратегиялық құжаттарында балалар басты игілік алушылар болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/886630

XI республикалық «Ақберен» оқушылар арасындағы өнер байқауы аяқталды 22.11.2024
XI республикалық «Ақберен» 8-11(12) сынып оқушылары арасындағы өнер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметі.Оқушылар халық аспаптарын меңгеру шеберлігі, шешендік өнер, білім сайысы, эссе жазу, айтыскер ақындар сайысы, сондай-ақ поэзия байқауында бақ сынасты.««Ақберен» – жыл сайын еліміздің ең шығармашыл және дарынды оқушыларының басын қосады. Бұл тек өнер жарысы ғана емес, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берудің жарқын үлгісі», - деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Гаждембек Тұрсынов.Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша 66 қатысушы жеңіске жетті және олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар «Ең үздік команда» номинациясында І дәрежелі дипломға Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары, Абай атындағы мектеп-интернаты ие болды. Сондай-ақ Павлодар облысы мен Астана қаласы ІІ орынды, ал Абай, Алматы және Жамбыл облыстары ІІІ орынды иеленді.Атап өту керек, бүгінгі күні елімізде дарынды балалардың әлеуетін ашуға және қолдауға белсенді түрде жағдай жасалып келеді. Мәселен, зияткерлік олимпиада жеңімпаздарына білім гранттары беріледі, түрлі олимпиадалар мен байқаулар өткізіліп, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылдауға квота бөлінеді, сондай-ақ халықаралық интеллектуалдық олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/886513

«Үздік дене шынықтыру педагогі – 2024» республикалық байқауы басталды 19.11.2024
Щучинск қаласында «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2024» республикалық байқауы басталды,-деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына сілтеме жасап.Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 19 дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысуда. Барлығы аудандық, облыстық деңгейде іріктеуден өткен. Педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 3 жыл.Байқаудың мақсаты – дене шынықтыру педагогтерінің шығармашылық бастамасын қолдау, кәсіби өсуге жәрдемдесу, осы мамандық бойынша педагогтердің еңбегінің беделін арттыру.Байқау үш кезең бойынша өткізіледі:I тур – «Креативті педагог»;II тур – «Қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы»;III тур – «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара».Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры 1,5 млн теңге. Сондай-ақ, арнайы номинациялардың иегерлеріне 100 мың теңгеге ақшалай сертификаттар табысталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/886120