Туризм

Қазақстандық білім беру ұйымдарында тамақтандыру сапасына күнделікті мониторинг жүргізу енгізілді 19.11.2024
Қазақстандық білім беру ұйымдарында тамақтандыру сапасына күнделікті мониторинг жүргізу енгізілдіБұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.Министрдің айтуынша, биылғы жылы тиісті нормативтік құқықтық талаптар күшейтілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру стандарттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес қайта қаралды.«Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру сапасын арттыру мақсатында күнделікті мониторинг енгізілді. Мектеп аспаздарының біліктілігіне, олардың білімі мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар күшейтілді. Өнім берушілердің қызметін бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы туралы шарт бекітілді. Сондай-ақ ас блогына бейнебақылау орнату міндеттелді», - деді министр.Сонымен қатар Ғани Бейсембаев «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін тамақ алатын балаларды автоматтандырылған түрде есепке алу жұмыстары жүргізілуде екенін атап өтті.Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді, оны 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын екі ведомство басшысы мұндай шешімді білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру сапасына бірлесіп бақылау жүргізу барысында қабылдаған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/885721

Оқу-ағарту министрлігі мектепте тамақтандыру қызметін көрсетушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мүмкіндігін қарастыруда 19.11.2024
ҚР Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Республикалық мониторингтің қорытындылары туралы Ғани Бейсембаев баяндады.Оқу-ағарту министрі республикалық мониторинг қорытындысында мектептегі тамақтандырудың ұйымдастырылу сапасына қатысты сұрақтардың туындауы атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсеткенін, сондай-ақ мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болатынын атап өтті. Мониторинг тобы заң талаптарын бұзылуы бойынша 771 фактіні анықтаған.Сондай-ақ Министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізді. Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Оның нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды.«Қазіргі таңда Министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда», - деп қорытындылады Ғани Бейсембаев.Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министрлік талаптарды күшейтіп, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/885752

IX Республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары анықталды 18.11.2024
Бүгін WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионаты қорытындыланды. Оған өңірлік кезеңдерден өткен 550-ден астам колледж студенттері қатысты. Үш күн бойы олар 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Жұмыс алаңдарында қатысушылардың кәсіби дағдыларын 558 сарапшы бағалады.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл шараның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін аса маңыздылығын атап өтті. WorldSkills қозғалысы болашақ мамандардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.«Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы бүкіл ел үшін техникалық және кәсіптік білім берудің ерекше маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінгі таңда жүйенің алдында экономикаға жаңа технологияларды енгізу, білікті кадрларға сұранысты арттыру және мамандарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша жаңа сын-қатерлер мен өршіл міндеттер тұр. Біз әрбір жас маманды еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы біліммен және дағдылармен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп атап өтті министр.Чемпионат қорытындысы бойынша 30 негізгі құзыреттілік бойынша 108 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу секілді құзыреттіліктер болды. Жеңімпаздар 32 алтын, 37 күміс және 39 қола медаль иеленді. 155 қатысушы «Үздік медальонға» ие болды.Командалық есепте Астана қаласы мен Абай облысының құрама командалары көш бастады, екінші орынды – Алматы қаласы және үшінші орынды – Қарағанды облысы ие болды.Айта кетейік, жеңімпаздар еліміздің жетекші компанияларынан жұмысқа шақырулар алуда, сондай-ақ олар келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.Анықтама үшін: Қазақстанның 772 колледжінде 565 мыңнан астам студент білім алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/885449

Салалық министрлік басшылары ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатының алаңында болды 17.11.2024
Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өтіп жатқан ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатына келген еңбек және әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері құзыреттілік алаңдарын аралады.Министрлер чемпионат қатысушылары - ел экономикасының сапалы кадрлық әлеуетін қалыптастыратын болашақ мамандармен кездесті. Бұл салалық ынтымақтастықты арттыру арқылы кәсіби білікті маман даярлауда кешенді тәсіл қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills стандарттарының отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілгенін атап өтіп, бұл бастаманың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие екенін айтты.«Мемлекет басшысы кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы маңызды рөлін айқындап, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. WorldSkills қозғалысын дамыту арқылы біз халықаралық аренадағы позициямызды нығайттық. WorldSkills тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби еңбектің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогреске қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Салалық министрліктермен ынтымақтастық арқылы біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз», – деп атап өтті оқу-ағарту министрі.Естеріңізге сала кетейік, ұлттық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 550-ден астам колледж студенті мен 558 сарапшы қатысуда. Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 30 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарында құрылыс және құрылыс технологиялары, шығармашылық және дизайн, ақпарат және коммуникация технологиялары, көлікке қызмет көрсету, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер, сондай-ақ өндірістік және инженерлік технологиялар бағыттары бар.Айта кетейік, чемпионатты басталған күнінен бері 12 мыңнан астам адам тамашалады. Іс-шара «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтуде. Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау 18 қарашаға жоспарланған.Республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі аралығында Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.Анықтама үшін: Жаһандық WorldSkills қозғалысының алаңы кәсіби құзыреттіліктер мен дағдыларды жетілдіру бойынша 89 елді біріктіреді. Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International халықаралық қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылады, ал 2016 жылдан бастап WorldSkills Europe ұйымының мүшесі.WorldSkills қозғалысының даму жолындағы 10 жылда Қазақстанда 30 құзырет бойынша 200-ге жуық өңірлік және 8 республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионаты өтті.Биылғы жылы ұлттық құрама WorldSkills Lyon әлем чемпионатында 6 үздік медальон және 69 елдің арасынан «Ұлт үздігі» номинациясын иеленді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/884567

Оқу-ағарту министрі Astana Hub технопаркінің білім саласындағы стартап жобаларымен танысты 16.11.2024
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен бірге Astana Hub технопаркінде болып, білім саласында түрлі цифрлық шешімдер ұсынатын отандық EdTech-стартап жобалармен танысты.Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқытатын онлайн білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Ол бойынша бүгінде 300 педагог пен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттыруда.Министрге оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз әдістеме бойынша стденттердің өзара оқыту қағидаттарына негізделген Tomorrow School жасанды интеллект мектебі таныстырылды. Ғани Бейсембаев жасанды интеллект мамандарын даярлауға арналған бұл жобаның мектеп оқушыларына бейімделген нұсқасын жасау мәселесін пысықтауды ұсынды.«Қазіргі даму үдерістері білім беру процесін цифрлық трансформациялау бойынша жаңа ұстанымды, тың әдіс-тәсілді талап етеді. Жас ұрпаққа заманауи талапқа сай сапалы, бәсекеге қабілетті білім беру үшін әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігін арттыруға, мектептер мен колледждерде цифрлық білім беру ортасын құруға, сапалы контент ұсынуға баса мән берілуі керек. Сонымен қатар білім алушылардың цифрлық қауіпсіздігі бірінші кезекте қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Ғани Бейсембаев.Сондай-ақ министрге білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ортақ білім беру экожүйесін құруға, жасөспірімдерге кәсіптік бағыт-бағдар беруге, олимпиада қатысушыларын офлайн форматта қашықтықтан оқытуға бағытталған отандық IT-қызметтер мен өнімдерінің таныстырылымы ұсынылды.Айта кету керек, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру саласын цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақстандық мектептерде интернет сапасы үш есе жақсартылды, барлық мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшіріліп, ол 11 платформаға жүктелді. Білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» сервисі іске қосылды, сондай-ақ орта білім аттестаты, техникалық және кәсіптік білім дипломдары электронды үкімет порталындағы цифрлық құжаттардың тізбесіне енді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883876

Оқу жылы басталғаннан бері елімізде 106 жаңа мектеп ашылды 16.11.2024
Оқу жылы басталғаннан бері өңірлерде 150 мың оқушыға арналған 106 жаңа мектеп есігін айқара ашты, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.Оның ішінде 90 мыңға жуық оқушы 33 жайлы мектепте білім алуда. Олар бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған жеке блоктармен, заманауи техникалық қауіпсіздік құралдарымен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кедергісіз ортамен, бірнеше спорт залдарымен, заманауи пәндік кабинеттермен қамтылған. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін қазіргі заманғы форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтан түскен қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының желісі бойынша тағы 18 мектеп ашылды. Қалған 55 мектеп республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ инвестициялар тарту есебінен ашылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883830

Қазақстандық мектептерде Буллингке қарсы бағдарламаның апробациясы қалай өтуде? 16.11.2024
Биылғы оқу жылының басынан бастап еліміздің тоғыз өңірінде оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы орта құруға бағытталған «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасын апробациялау жүргізілуде. Аталған бағдарламамен 70 мыңға жуық оқушы, 5 мыңнан астам педагог және білім беру ұйымдарының қызметкерлері қамтылды. Сондай-ақ барлық мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін бағдарламаны сәтті енгізу мақсатында нұсқаулық-әдістемелік семинарлар ұйымдастырылды.Жобаға қатысушыларға арналған балалар арасындағы қақтығыстардың алдын алу және себептерін анықтау бойынша тренингтер мен практикалық іс-шаралар өтті. Ал ата-аналарға «ДосболLIKE» бағдарламасының мақсаттары мен әдістерін түсіндіретін арнайы іс-шаралар қарастырылған.««ДосболLIKE» бағдарламасы мектептерде әр бала өзін қауіпсіз сезінетін қолайлы орта құруға бағытталған бағдарлама. Ол оқушылар арасында өзара сыйластық пен бір-біріне жәрдемдесу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Пилоттық жобаның жетістіктері оның бүкіл ел бойынша таратылуына негіз болады деп күтілуде», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.Бағдарлама мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді қамтиды, бұл мектепте достық ахуал қалыптастыруға, жалпы климатты жақсартуға және буллинг деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты жақында «ДосболLIKE» бағдарламасының визуалды стилін жасау бойынша байқау өткізді. Оған түрлі номинациялар бойынша 80 жоба ұсынылды. Үздік жоба авторлары жүлделі орындарды иеленді.Пилоттық бағдарлама 50 мектепте жүзеге асырылуда, олардың арасында Абай, Жетісу, Ұлытау, Атырау, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана және Алматы қалалары бар. Бағдарламаның тиімділігін бағалау және оны Қазақстанның білім беру ұйымдарында одан әрі таратуға дайындалу мақсатында апробация оқу жылының соңына дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883216

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ 16.11.2024
Айтылды:2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар кешенін қабылдауҚазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасыОрындалды:• 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 91,5%;• мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған 3620 кеңес беру пункттері құрылды;• биылғы жылдың басынан бастап 441 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 47,8 мың жаңа орын ашылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883129

Абай Ұлттық мектебі жана ғимаратының алғашқы қазығы қағылды 16.11.2024
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысын бастау рәсімі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Алматы қаласының басшылығы, «Қазақстанның Еңбек Ерлері» А.Миразова, Г.Нұрпейісова, А. Жұмаділдаев, Парламент және мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым мен педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Абай атындағы мектептің жаңа ғимаратын салу орта білімнің ұлттық брендін қалыптастыруға қосылған үлкен үлес екенін айтты. Сондай-ақ Палата Төрағасы бұл қадам қоғамда ұлттық мүддені берік орнықтыру және тарихи сабақтастықты сақтау үшін қажет екеніне назар аударды.Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Семей өңірінде абайтанушы ғалымдармен кездесуінде Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын заманауи талапқа сай жетілдіріп, ең үздік білім ордасына айналдыру, гуманитарлық саланы дамыту, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға баса мән беру туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта бүгінгі таңда Абай атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатын «Абай ұлттық мектебіне» трансформациялау тұжырымдамасы жасалуда. Сондай-ақ Президент бастамасымен елімізде гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектептер мен мектеп-интернаттар желісі дамуда.Жаңа ғимараттың алғашқы қазығын қағу рәсімінде сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай ұлттық мектебінің болашақта барлық мектептің көшін бастайтын үлгілі білім ошағына айналатынына сенім білдірді.«Мемлекет басшысы ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруді, бұл бағытта бірыңғай ұстаным әзірлеуді тапсырды. Абай мектептері желісі үшін біртұтас «ABAY-Programme» бағдарламасын әзірлеу қолға алынды. Республикалық Абай мектебін трансформациялау арқылы біз тіл мен әдебиетті тереңдетіп оқытып қана қоймай, еліміздің болашақ интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға қадам жасаймыз. Абай ұлттық мектебі – Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» ілімінен тағылым алған, заманауи білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті, патриот жастардың киелі білім ұясына айналуы тиіс», - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.Айта кетейік, құрылысы басталған жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, ABAY-arena спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. Білім ұйымын 2025 жылы қыркүйектен бастап қолданысқа беру жоспарланған.Сонымен қатар жұмыс сапары кезінде №63 орта мектеп базасында орналасқан ресурстық орталықтың жұмысымен танысты. Мектеп бүгінгі таңда инклюзивті білім беруде инновациялық әдістерді белсенді түрде енгізуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883100

Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық WorldSkills чемпионаты басталады 16.11.2024
2024 жылдың 14-16 қараша аралығында Астанада WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты өтеді. Бұл чемпионат кәсіби білім мен техникалық дайындық үшін маңызды шараға айналды. Биылғы чемпионатта Қазақстанның барлық өңірінен 555 қатысушы 30 түрлі мамандық бойынша өз шеберліктерін көрсетеді. Ұлттық чемпионатты ашу салтанатында оқу-ағарту министрінің бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева WorldSkills қозғалысының әлемде жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге көмектесетін маңызды құрал екенін айтты. Бүгінде бұл қозғалыс 89 елді біріктіреді және Қазақстан да осы елдер қатарында.«Жыл сайын біздің студенттер халықаралық аренада жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Осы қыркүйекте ұлттық құрама Францияда өткен чемпионатта 6 айырмашылық медальоны мен «Ұлт үздігі» атағын жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған жеңіске жетті. Бұл Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мүмкін болды. Колледждерге қабылдау орындары 145 мыңға көбейіп, студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті», – деді бірінші вице-министр. Биылғы чемпионатта колледж студенттері кірпіш қалау, авто жөндеу, бастауыш сыныптарды оқыту, бизнеске арналған IT-шешімдер, аспаздық, шаштараз өнері және басқа да мамандықтар бойынша өз дағдыларын көрсетеді. Айта кетейік, «WorldSkills Kazakhstan 2024» чемпионатының жеңімпаздары ұлттық құраманың қатарына қосылып, келесі жылы қыркүйек айында Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында Қазақстанның атынан қатысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/883104

Абай облысының оқушысы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты 16.11.2024
9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев ғарыш кеңістігінде лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізетін, ғарыштағы жерсеріктер мен ғарыш станцияларын энергиямен қамтамасыз етуге арналған инновациялық құрылғы ойлап тапты.Құрылғы ғарыш кемесі іспетті екі модельден тұрады. Оның бірінде лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус жүйесі орнатылған, ал екіншісінде лазер сәулелеріне сезімтал фоторезистор бар. Лазер сәулесі фоторезисторға түсіп, түрлендіргіш арқылы электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шамын жағу немесе ұялы телефонды қуаттау үшін жеткілікті. Құрылғы энергияны 10 метр қашықтыққа дейін жеткізіп, жаңбыр, қар және тұман сияқты түрлі ауа-райы жағдайларында сынақтан өтті.«Ғарышта энергия тапшылығы мәселесі бар. Жерсеріктер мен ғарыш кемелері энергияның аздығынан істен шығуы мүмкін. Мен ғарышкерлерге көмек ретінде осы құрылғыны жасадым. Жобаны жасауға екі жылдан астам уақыт жұмсадым, қолжетімді материалдарды пайдаланып, ғарышта энергия жеткізу мүмкіндігін және ғарышта лазермен энергия жеткізу әлдеқайда тиімді болатынын дәлелдедім», – дейді жас өнертапқыш.2019 жылы Нұрали өз жобасын Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырып, жоғары бағаға ие болды. Кейіннен құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодын жетілдірді.Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Болашақта құрылғыға күн батареяларын қосып, оны тұрмыстық қажеттіліктерге, оның ішінде лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауға қолданып көрмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/882185

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда мектептерді жаңғырту жалғасуда. 16.11.2024
Жыл сайын кемінде 1000 мектеп жеті бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді. Орындалу барысы туралы карусельден қараңыз ️Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/882189

«Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» байқауының өңірлік кезеңіне 5000-ға жуық педагог қатысты 16.11.2024
«Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» бейнесабақтар мен бейнедәрістер республикалық байқауының өңірлік кезеңі аяқталды. Оған 5000-ға жуық өтінім келіп түсті. Байқау Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда.Бірінші кезеңге қатысу үшін педагогтер өз идеяларын: бейнероликтер, дәрістер, практикалық, зертханалық жұмыстар, семинар, шеберлік сабақтары, цифрлық білім беру ресурстары немесе бейне подкаст форматында ұсынды.Конкурстың мақсаты – түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің аспаптық және пәндік сауаттылықты дамыту бойынша заманауи оқыту технологиялары мен әдістемелерін, озық педагогикалық идеяларын таныстыру және тарату.Айта кетейік, республикалық кезең 11 қарашада басталды, нәтижелері ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында белгілі болады. Республикалық кезеңге үздік нәтижелер көрсеткен өңірлік кезеңнің жеңімпаздары қатысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/881532

Алматылық оқушылармен және ата-аналармен кездесуде еліміздің бас ұстазы балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті 16.11.2024
Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Ғани Бейсембаев алматылық талантты және дарынды балалармен кездесті. Оған 100-ден астам халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, балалар-жасөспірімдер ұйымдарының белсенділері қатысты.Айта кету керек, алматылық оқушылар соңғы 20 жылдан бері республикалық пәндік олимпиадаларда «ҚР ең үздік олимпиада командасы» тұғырынан түспей келеді. 160-қа жуық бала халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Олардың қатарында физика (IPhO), математика (IMO), информатика (IOI) бойынша ең беделді мектеп олимпиадаларының жүлдегерлері — Марғұлан Нұрсағатов, Досжан Бисімби, Ілияс Қасымбек, Мирон Юркевич, Амирлан Аманжолов, Максим Цой, Назар Сератзидинов бар.«Мектепте алған білімдеріннің арқасында жоғары жетістіктерге қол жеткізген талантты, мақсатшыл, көздерінде от жанған жастармен сұқбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Сендер отандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін халықаралық деңгейде дәлелдедіңіздер. Бұл білікті ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың да ортақ жеңісі. Мемлекет әрі қарай да сіздердің тұлғалық қалыптасу, даму кезеңдеріңде қолдау білдіреді», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.Сондай-ақ Ғани Бейсембаев ата-аналар комитетімен жеке кездесу өткізді. Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие жұмысы, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында құрылған ата-аналарды қолдау орталықтары арқылы мектептердің ата-аналармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, оқу жылының басынан ата-аналарды қолдау орталықтарында 25 мыңнан астам дәріс өтті, оған 1 миллионнан астам ата-ана қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/881065

«Колледждер креативті көшбасшылар мен еңбек нарығына икемді, білікті мамандарды дайындайтын алаңға айналуы тиіс»: Ғани Бейсембаев Алматының ТжКБ ұйымдарының жұмысымен танысты 16.11.2024
Оқу-ағарту министрі Алматы қаласының колледждерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар колледж басшыларының қатысуымен техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау мәселелерін талқылады.Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі жеңіл өнеркәсіп, ІТ технологиялар, бизнес және қызмет көрсету саласы бойынша мамандар даярлайды. Колледж ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да мамандық игеруіне мүмкіндік беретін инновациялық технологиялармен және алдыңғы қатарлы әдістемелермен жадбықталған. Мұнда тігін өндірісі және киім үлгілерін модельдеу мамандығы бойынша дуальді оқыту жүзеге асырылуда, сондай-ақ бұл мамандық бойынша колледж биылғы жылы халықаралық салалық аккредитацияға қол жеткізді. Академиялық мобильділік енгізіліп, студенттер Қытайдың дизайн институтында білімін жалғастыруда.«Мемлекет басшысы 2025 «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, сондай-ақ еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында колледждер салалық көшбасшылар бірігетін, бизнеспен ынтымақтастықты арттыратын индустриялық алаңға айналуы тиіс. Бұл мақсатта техникалық және кәсіптік білім жүйесінде тиімді менеджментті қалыптастыру аса маңызды. Жастар колледждерден мамандықпен бірге кәсіпкерлік дағдысын да меңгеріп шығуы тиіс, біз олардың бизнес-стартаптары үшін қажетті алғышарттарды қалыптастыруымыз керек», - деді министр.Сондай-ақ министр техникалық және кәсіптік білім жүйесінің қаржылық моделін жаңарту, оның ішінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшерін ұлғайту туралы да айтып өтті.Жиналысты қорытындылай келе, Ғани Бейсембаев колледж басшыларына бизнеспен ынтымақтастықты дамыту, студенттердің сапалы жұмыспен қамтылуын арттыру, мамандықтар бойынша халықаралық сертификаттау енгізу, педагогтердің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және өнеркәсіптен мамандарды тарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/881083

Оқу-ағарту министрі Алматының педагогикалық қауымдастығымен білім беру ісінің басым бағыттарын талқылады 16.11.2024
Алматы қаласының педагогикалық қауымдастығымен кездесуде министр білім сапасын арттырудың негізгі бағыттарын айқындады.Министр Мемлекет басшысының атынан ұстаз Күләш Рахметоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыс етті. Естеріңізге сала кетейік, Президент Республика күні қарсаңында отандық білім беру ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.Ғани Бейсембаев мемлекет тарапынан педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жас ұрпақтың толыққанды дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, жыл сайын кемінде 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңартылуда, 1,5 мыңнан астам пән кабинеттері жабдықталған, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Педагогтердің ендігі міндеті – білім сапасын арттыруға және балалардың жан-жақты, үйлесімді дамуына бар күш-жігерін салу.«Мемлекет басшысы педагогтерге ерекше көңіл бөліп, оған қоғамның төрінен орын ұсынды, үлкен сенім мен жауапкершілік артты. Бұған жуырда ғана екі ұстазымыздың «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағымен марапатталуы дәлел бола алады. Біздің басты міндетіміз - өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сондықтан педагогтердің кәсібилігін арттыру еліміздің сапалы адами капиталын қалыптастырудың негізі болып табылады. Мұғалім мамандығын таңдаған әрбір жан еліміздің ертеңі үшін жауапты екенін саналы түрде сезінуі тиіс»,- деді министр өз әріптестеріне.Сондай-ақ министр педагог кадрларды даярлау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуге бөлек тоқталды.Бала құқықтарын қорғау саласының мамандарымен кездесуде мектептерде психологиялық қызметтің рөлін арттыру, министрліктің батамасымен енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында және психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтары арқылы ата-аналармен ынтымақтастық құру мәселелерін талқылады.Кездесулердің қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/880977

Ғани Бейсембаев: «Сапалы білімге тең қолжетімділік - мемлекет саясатының басым бағыты» 16.11.2024
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, педагогикалық қауымдастықпен, оқушылармен, білім саласының ардагерлерімен және ата-аналар комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді.Ғани Бейсембаев Зағиптар мен нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп интернатында жуырда ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасын алған математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісованың сабағына арнайы бас сұғып, мұғаліммен, оқушылармен сұхбаттасты. Ұстаз миссиясына адал педагог ерекше балалармен жұмыс жасауды өз жүрек қалауымен таңдаған.Ғани Бейсембаев Гүлжанар Нұрпейісова сынды ұстаздардың еліміздің мақтанышы екенін, ал оның кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы көпшілікке үлгі-өнеге екенін айтты.«Барлық балалар үшін сапалы білімге тең қолжетімділік - еліміздің негізгі басымдықтарының бірі. Осыған байланысты арнайы және инклюзивті білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасуда. Өз еңбек жолын осындай ерекше балаларға арнаған педагогтерге ерекше көңіл бөлінуде. Олардың кәсібилікпен қатар, шыдамдылық, өз ісіне адалдық танытуы - ең жоғары марапатқа лайықты. Гүлжанар Нұрпейісова сынды ұстаздар нағыз ағартушы, қоғам төрге оздыратын тұлғаның қандай болуы керек екенін өз үлгісімен дәлелдеп келеді», - деп атап өтті министр.Аталған мектеп-интернатта 236 ерекше білім беруді қажет ететін бала білім алады. Оқу процесі олардың ерекшелігін ескере отырып ұйымдастырылған, мұнда балалардың ерекшеліктеріне қарай бейімделген әдістемелік материалдар қолданылады.Елімізде 496 арнайы ұйымда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен барлығы 9 мың педагог жұмыс жасайды. Балаларды арнайы біліммен қамту 84%-ға жетті. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1 пайыздан 10 пайызға ұлғайтылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/880487

Атыраулық оқушылардың жобасы әлемнің ең үздік 100 инновациясының қатарына енді 16.11.2024
Атырау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атагулла мен Қайырхан Лұқпанов әзірлеген «Ақылды көзілдірік» жобасы әлемнің үздік 100 жобасы қатарына енді. Жоба Jasscience-2024 байқауының жеңімпазы болып, әлемдегі ең беделді бағдарламалардың бірі 100 Rise Global Winners 2024 тізіміне енгізілді.Нәтижесінде, жоба авторларының бірі Хайдар Атагулла әлемнің кез келген университетінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.«Көзілдірік RikaAI жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Бұл саусақпен басу арқылы іске қосылатын интуитивті бағдарлама. Ол қолданушыға құлаққап арқылы дауыстық командалар береді және сол арқылы құрылғымен өзара әрекеттесуге мүмкіндігі туындайды. Біз материал жасау үшін 3D принтерді қолдандық, ал камера, құлаққаптар мен микрофонды арнайы тапсырыс бойынша алдық», — дейді Хайдар Атагулла.«Көзілдіріктер төрт негізгі функцияны атқарады. Біріншіден, олар ChatGPT немесе Wikipedia сияқты қойылған сұрақтарға жауап береді. Екіншіден, мәтінді сканерлеп, дыбыстап оқиды. Үшіншіден, көзілдірік қозғалыс кезінде кедергілер туралы ескертіп отырады, бұл көру қабілеті нашар адамдарда құлау мен жарақаттанудың алдын алуға көмектеседі. Төртіншіден, көзілдіріктер бөлмеде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат беріп, сипаттай алады. Болашақта біз құрылғының қызметін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деп толықтырды Қайырхан Лұқпанов.Министрлік жас ғалымдардың жетістіктерін мақтаныш етеді және олардың білім мен ғылым саласындағы инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған талпыныстарына жан-жақты қолдау білдіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/879884

Қазақстанда ваучерлік қаржыландырудың енгізілуі: мектепке дейінгі сапалы білім алуға жасалған қадам 16.11.2024
Қазақстанда жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесімен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға берілетін мемлекеттік тапсырысты дербестендіру жұмыстары жүргізілуде.Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жүйесі Тараз (Жамбыл облысы),Түркістан және Шымкент қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда.Тараз қаласында ваучерлік қаржыландырудың енгізілуі үш ай ішінде 21 мыңнан астам ваучердің таратылуына мүмкіндік берді. Бірінші рет қала бойынша түзету балабақшасы тізімге енді. Қазіргі уақытта Тараз қаласында орналасқан барлық 157 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ваучерлік механизм бойынша қаржыландырылуда. Оның ішінде 19 білім беру мекемесінің жаңадан ашылғанын және соған қарамастан тізімге еніп, ваучерлік қаржыландыруға қатысуға мүмкіндік алғанын айта кету керек.Шымкент қаласында 608 мектепке дейінгі ұйымның 589-ы бүгіннің өзінде ваучерлік қаржыландыруға көшіп үлгерді. Кезектегі балаларға ваучер беру 17 қазанда басталды. Осы кезең ішінде 4646 бала балабақшаға жолдама алды. Түркістанда орналақан барлық 144 мектепке дейінгі ұйым жаңа механизм бойынша қаржыландыруға көшті, бүгінге дейін 236 ваучер берілді.Естеріңізге сала кетейік, ваучерлік қаржыландыру жүйесі белгіленген талаптарға сай келетін барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді.Ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді, бұл тек жеке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында да бәсекелестіктің болуына ықпал етеді.Жүйе арқылы ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығы көзделген, мұнда «ақша мекемеге емес, балаға жұмсалады» қағидасы жүзеге асырылады. Қаражатты есептеу және аудару ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметтерді растағаннан кейін ғана жүргізіледі. Келесі жылдан бастап пилоттық жоба еліміздің басқа да өңірлеріне таратылады деп жоспарлануда.Анықтама үшін: Қазақстанда 11 642 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 5 532 мемлекеттік, 6 110 жеке мектепке дейінгі ұйымдар бар. Қазір кезекте тұрған балалардың есебінен алғанда 2 жастан мектепке дейінгі білім берумен қамту 91,5 % құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/879656

Жол картасы аясында қосымша білім беру ұйымдарын салу жоспарлануда. Соңғы жылда елімізде 16 нысан пайдалануға берілді 16.11.2024
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/879679