Enbekshi QazaQ

Әлем

Қазақстан Президенті мен Оман Сұлтаны АХҚО-ға барды 08.10.2026
Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге сапармен келген Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мәртебелі меймандарға орталық жұмысының нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру үшін Орталық қандай мүмкіндіктер ұсына алатынына тоқталды.АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы юрисдикциясындағы ерекшеліктер, АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.Бұдан бөлек, Орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері, сондай-ақ тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистенті жайында баяндалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1306241?lang=ru
Президент қазақ-оман бизнес форумында сөз сөйледі 08.10.2026
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты.Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде өзара сенім мен түсіністік сипатында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің ашық, объективті әрі шын мәнінде мазмұнды болғанын айтты.Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты. Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген.Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.– Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін, – деді Президент.Мемлекет басшысының пайымдауынша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын қуаттай түседі.– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Оманның жақында құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз. Екі ел қаржы институттарының бір-бірімен тікелей байланыс орнатуы инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың негізгі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды.– Энергетика, логистика және тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық табысты серіктестігіміз оң нәтижесін бере бастады. Біз мұны мақтан тұтамыз. Өмірлік маңызы бар осы салаларда әлеуетімізді біріктіру екі елдің игілігіне қызмет ететін бірлескен жаңа кәсіпорындардың пайда болуына септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.Президент көлік-логистика саласында ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.– Біз Оманды көлік-логистика саласындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Өйткені, бұл – стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, порт инфрақұрылымы ілгері, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығатын жолы бар ел. Ал Қазақстан – табиғи ресурсы мол, өндіріс базасы дамыған, Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағдарларында стратегиялық рөл атқаратын әрі көлік байланысын өркендету жөнінде нақты жоспарға ие мемлекет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үндеді.– Еліміздің жазиралы даласында ауыл шаруашылығымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Сондықтан бүкіл Шығанақ аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола аламыз, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру және экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет екенін айтты.– Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін серіктестік байланыс орнату, келешегі зор жобаларды пысықтау және инвестиция ауқымын кеңейту мақсатында Іскерлік кеңес мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырамын. Іскер топтар белсенді үлес қосса, экономикалық әріптестігіміз жаңа деңгейге көтерілетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.Сондай-ақ форумда АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Oman Investment Authority президенті Абдулсалам бен Мұхаммед Әл-Муршиди сөз сөйледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1306242?lang=ru
Астана мен Шымкенттегі әскери колледждердің 200-ден астам кадеті Әскери ант берді 08.10.2026
Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы және Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде кадеттердің Әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті.Болашақ сержанттарды айтулы оқиғамен Қорғаныс министрлігінің, әскери оқу орындарының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сонымен қоса кадеттердің ата-аналары мен жақындары құттықтады. Елордадағы шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты жағдайда кадеттер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, Конституцияны сақтауға, Отан алдындағы борыштары мен әскери жарғылардың талаптарын адал орындауға ант берді. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттерін құттықтады.– Бүгін сендер Отан қорғаушысы мамандығына бастайтын маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери ант – жай ғана салтанатты сөз емес, әрқайсыңның Отан, отбасы және жолдастарыңның алдындағы жеке жауапкершіліктерің. Білімді меңгеруде мақсат қойып, дағдыларыңды үнемі жетілдіріп, таңдаған әскери мамандықтарыңды толық игеруге ұмтылыңдар, – деді.Ата-аналар комитетінің атынан кадет Қалижан Темірғалидың әкесі, қоғам қайраткері Абзал Құспан сөз сөйлеп, оқу орнында алған білім мен тәрбиенің олардың алдағы өмірдегі және кәсіптегі жолына негіз болатынына сенім білдірді.– Бүгін Отанға адал болуға ант бердік және бұдан былай өз іс-әрекетімізге, біліміміз бен дайындығымызға үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінеміз. Әскери колледждің дәстүрлерін лайықты жалғастырып, ата-аналарымыз бен тәлімгерлеріміздің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз, – деді 1 оқу ротасының кадеті Ақылжан Әкім.Шымкентте рәсімге қатысушыларды Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің бастығы подполковник Талғат Әлімов құттықтап, әскери қызметшінің қалыптасуындағы және Отан алдындағы борышты орындауға деген жауапкершілікті арттырудағы Әскери анттың ерекше рөліне тоқталды. Салтанатты рәсімнің жалғасы «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімі болды. Колледж тәрбиеленушілері «Сержанттардың ар-намыс кодексін» орындағаннан кейін, Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов өзінің әскери беретін кадет Рамазан Мұхтарұлына табыстады. Бұл сәт ұрпақтар байланысын, жас кадеттердің сақтап, одан әрі жалғастыруы тиіс жауынгерлік дәстүрлер сабақтастығын бейнеледі. Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды. Одан кейін ата-аналарға колледжді аралап, кадеттердің білім алуымен, тұрғын жайларымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен және бос уақытын ұйымдастыру тәртібімен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1306263?lang=ru
Digital Silk Road: Қазақстан технологияларды, инфрақұрылымды және капиталды жаһандық нарықтарға шығу үшін біріктіреді 08.10.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Қазақтелеком» АҚ, Баладжи Шринивасанның Network School жобасы және Шервин Пишевардың Sofreh Capital, Edison және Alpha компанияларымен бірлескен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Меморандум Қазақстанда есептеу қуаттарын, халықаралық капиталды, инженерлік құзыреттер мен өнеркәсіптік базаны біріктіретін экожүйе қалыптастыруды көздейді. Серіктестіктің мақсаты - қазақстандық және халықаралық командаларға технологиялар әзірлеуге, өндіріс іске қосуға және жаһандық нарыққа бағытталған компаниялар құруға мүмкіндік беретін жағдай жасау.Меморандумға қол қою алдында Шервин Пишевар AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында мәлімдеме жасады. THE NEW ECONOMY: POWERED BY AI сессиясында сөз сөйлеген инвестор Қазақстанда кеңселер ашып, компаниясын осында көшіру және елдің дамуына инвестиция салу ниеті туралы айтты. Қазақстанның артықшылықтары ретінде ол инженерлік кадрларды, инновацияларға мемлекеттік қолдауды, өнеркәсіптік және ресурстық базаны атап өтті. Ал Higgsfield жетістігін Қазақстанның технологиялық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының мысалы ретінде келтірді.Серіктестік Қазақстанның Network School жобасымен басталған ынтымақтастығын жалғастырады. Баладжи Шринивасанның Network School жобасы Қазақстанда жұмысын бастады. Бастаманың іске қосылуымен бірге елге оның командасы мен халықаралық технологиялық қауымдастықтың 240-тан астам өкілі келді.Меморандумның негізгі инфрақұрылымдық бағыты - Digital Silk Road «Цифрлық Жібек жолы» жобасы.Шервин Пишевар негізін қалаған Sofreh Capital инвестициялық холдингі Digital Silk Road бірлескен кәсіпорнының негізін қалаушы серіктестерінің бірі болады.Министрлікпен және қазақстандық серіктестермен бірлесіп, Sofreh Capital жобаны құрылымдау, халықаралық капитал мен технологиялық серіктестерді тарту бойынша жетекші рөл атқарады. Сондай-ақ Digital Silk Road жобасын дата-орталықтарды, ғарыштық есептеу инфрақұрылымын, спутниктер мен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін жасанды интеллект инфрақұрылымы саласындағы интеграцияланған компания ретінде дамытуға ықпал етеді.Меморандум Қазақстанда жаңа технологиялық салаларды дамытуға және қазірдің өзінде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды бірыңғай экожүйеге біріктіруге негіз қалыптастырады. Бұл есептеу қуаттары мен дата-орталықтар, телекоммуникациялық және ғарыштық инфрақұрылым, робототехника және Physical AI, жаңа энергетикалық шешімдер, стратегиялық маңызды материалдар және халықаралық технологиялық капиталды тарту бағыттарын қамтиды. Бұл бағыттар Қазақстанда жаһандық нарыққа арналған өнімдер мен технологияларды жасауға қабілетті жаңа экономиканың элементтері ретінде қарастырылады.«Қазақстанның технологиялық державалардың біріне айналуы үшін қажетті ресурстары, құзыреттері және ауқымды жобалары бар. Осы мақсатта Мемлекет басшысы қаржылық, инфрақұрылымдық және кадрлық ресурстарды мақсатты түрде бөле отырып, жаңа экономиканы дамытуды жалпыұлттық басымдық ретінде айқындады. Бүгінде біз «Дата-орталықтар алқабы», Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі сияқты ірі жобаларды ілгерілетіп, ғарыш саласын дамытып, жаңа технологиялық өндірістерге негіз қалыптастырып жатырмыз.Негізгі бағыттардың бірі - ЖИ-токендер экономикасы. Бұл модельде біздің энергетикалық ресурстарымыз есептеу қуатына, ал есептеу қуаты әлемдік нарыққа арналған жасанды интеллект қызметтеріне айналады. Біз ЖИ-токендерді болашақтағы «интеллектке қол жеткізу валютасы» ретінде қарастырамыз. Қазақстан өзінің энергетикалық әлеуеті негізінде жоғары қосылған құн қалыптастыра отырып, осы жаңа цифрлық ресурстың ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы бола алады.Тағы бір стратегиялық бағыт - Physical AI, яғни нақты әлемде роботтарды, жабдықтар мен автономды жүйелерді басқаратын жасанды интеллект. Тау-кен өнеркәсібі, металлургия және басқа да өндірістер бізге бәсекелестік артықшылық береді. Бұл - өнеркәсіптік деректер мен нақты өндірістік алаңдар. Олардың негізінде біз жетекші технологиялық компаниялармен бірлесіп, салалық ЖИ-модельдерін жасап, бұл шешімдерді жаһандық нарыққа шығара аламыз.Жаңа мүмкіндіктер ғарыш технологиялары мен коммерциялық ұшырулар, жартылай өткізгіштер мен батареяларға арналған критикалық минералдарды өңдеу, криптоиндустрия, пилотсыз көлік және төмен биіктіктер экономикасы бағыттарында да ашылып отыр. Алатау қаласы мен IT-таланттардың халықаралық экожүйесі кәсіпкерлерді, инженерлер мен капиталды тартатын орталықтарға айналып, осы салалардың дамуын қамтамасыз етуі тиіс.Осы бағыттарды біріктіре отырып, біз Digital Silk Road - «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыра аламыз. Ол арқылы Қазақстан әлемдік нарықтарға есептеу қуатын, технологиялар мен интеллектуалдық өнімдерді ұсынады. Бұл стратегияны іске асыру құралы негізгі жобаларды біріктіріп, ірі капитал тарта алатын және әлемдік технологиялық көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар құратын халықаралық технологиялық ЖИ-холдинг болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз - осы негізде капиталдандыру көлемі 100 млрд доллардан асатын, Қазақстанның технологиялық позициясын нығайтып, елдің ұзақ мерзімді әл-ауқатының жаңа көздерін қалыптастыратын жаһандық бизнес құру», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.Қазақстанның өнеркәсіптік базасы елді осындай технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және масштабтау алаңы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық аясында пилоттық жобаларды, сынақ алаңдарын, роботтарды құрастыру және компоненттер өндіру мүмкіндіктерін пысықтау көзделеді. Басқа болашағы зор бағыттардың қатарында ғарыш технологиялары, шағын ядролық энергетика, кванттық есептеулер және жаңа материалдар бар.Серіктестіктің қаржылық бағыты Қазақстанда жұмыс істейтін немесе өз бизнесін осында орналастыратын компанияларға инвестиция салу үшін АХҚО юрисдикциясында венчурлық қор құру мүмкіндігін пысықтауды көздейді. Ұлттық даму институттарының ықтимал қатысуын олар белгіленген рәсімдерге сәйкес дербес айқындайтын болады.Сонымен қатар, Edison-ды қоса алғанда, венчурлық студиялар, сондай-ақ жаңа компанияларды іске қосу және дамыту үшін Alpha платформасының қазақстандық бөлімшесін құру жоспарланып отыр.«Қазақстан капитал тартуға ғана емес, халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторлардың мұнда ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жағдай жасауға да мүдделі. АХҚО бұл үшін қажетті құқықтық және қаржылық инфрақұрылымды ұсынады. Біздің міндетіміз - халықаралық капитал мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері арасындағы байланыстырушы буынға айналу», - деп атап өтті АХҚО өкілдері.Ынтымақтастықтың бұл бөлігінде «Қазақтелеком» АҚ - ұлттық байланыс операторы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тобының компаниясы негізгі рөл атқарады. Компания Қазақстанның магистральдық талшықты-оптикалық инфрақұрылымы мен дата-орталықтар желісіне иелік етеді және оларды басқарады. Сондай-ақ қазақстандық тараптан Digital Silk Way аясындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысына қатысады.«Біз дата-орталықтар алқабын және қуаты жүздеген мегаватт болатын жасанды интеллект инфрақұрылымын құрып жатырмыз. «Қазақтелекомның» Транскаспий ТOБЖ-ны қоса алғанда, кең ауқымды байланыс инфрақұрылымы бар. Алайда Қазақстанның мүмкіндіктері бұдан әлдеқайда кең.Егер осының бәрін бір жүйеге біріктіріп, ауқымды венчурлық инвестициялар мен мықты технологиялық сараптаманы тартсақ, болашақтың мүлде жаңа көрінісі қалыптасуы мүмкін. Болашақта Қазақстаннан ғарышқа дата-орталықтар ұшыру туралы да айтуға болады. Бірақ бұл үшін жүйелі түрде, кезең-кезеңімен әрекет ету маңызды», - деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты - ЖИ-индустриясы мен озық технологиялар үшін сенімді жеткізу тізбектерін дамыту. Тараптар автоматтандыру, робототехника және Physical AI, ғарыш саласы, кванттық есептеулер, энергетика және критикалық материалдар секторына инвестиция тартуға ықпал етуді көздейді.Жаңа бағыттарға мамандар даярлау Network School қатысуымен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл тәсілдің негізінде технологиялық компанияларға қажетті практикалық құзыреттер, қазақстандық университеттермен және зерттеу ұйымдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ әзірлемелерді коммерцияландыруға қолдау көрсету жатыр.«Шервин Пишевар Uber, Airbnb, Slack, Instacart және DoorDash компанияларын қоса алғанда, ондаған «единорог» компанияға инвестиция салған. Ол Digital Silk Road бірлескен кәсіпорнын, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі басқа да компанияларды дамытуға қолдау көрсету үшін Қазақстанда Sofreh Capital компаниясын құрып жатыр. Біз онымен және Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, қажетті мамандарды Қазақстаннан және әлемнің басқа елдерінен тартуға және даярлауға атсалысамыз», - деді Network School (ns.com) негізін қалаушы Баладжи Шринивасан.Ынтымақтастық аясында серіктестер кәсіпкерлерге компанияларды тікелей Қазақстанда іске қосуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруды да жоспарлап отыр. Шервин Пишевар Баладжи Шринивасанмен бірлесіп, елге 10 мыңға дейін жаңа кәсіпкер тартуға және оларға компания құру үшін қажетті инфрақұрылым ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді.«Қазақстанда жасанды интеллект дәуірінің көшбасшыларының біріне айналу үшін қажеттінің бәрі бар: әлемдік деңгейдегі адами капитал, жоғары білімді кадрлар, бай табиғи ресурстар, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы жобаларды жасауға мүмкіндік беретін көшбасшылық, амбиция, дамуға деген ұмтылыс пен мәдениет.Серіктестерімізбен бірге біз Digital Silk Road жобасын іске қосамыз. Бұл - жасанды интеллект үшін есептеу қуатын, энергетикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды біріктіріп, дата-орталықтарды, ғарыштық дата-орталықтарды, спутниктер мен Транскаспий талшықты-оптикалық желісін байланыстыратын Еуразиядағы жетекші ЖИ-инфрақұрылымдық компанияны құру жөніндегі бірлескен жоба.Біз Қазақстанда автоматтандыру, робототехника, physical intelligence, атом энергетикасы, ғарыш, кванттық есептеулер және стратегиялық маңызды материалдар сияқты бағыттарда озық технологияларды дамытамыз. Жаңа экономиканың тігінен интеграцияланған инфрақұрылымын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз: Жердегі және орбитадағы ЖИ-дата-орталықтар, ғарыштық ұшырулар мен спутниктер өндірісі, сондай-ақ шағын модульдік және микроядролық реакторлардан бастап кванттық есептеулерге дейінгі болашақтың энергетикалық және есептеу технологиялары.Біз сондай-ақ жаһандық компаниялардың дәл осы жерде, Қазақстанда құрылып, дамуына мүмкіндік беру үшін қазақстандық венчурлық қор мен венчурлық студияларды іске қосамыз. Ал Баладжи Шринивасан және Network School-мен бірге Қазақстанға 10 мың кәсіпкер тартуды және оларға келесі Higgsfield - дәл осы жерде құрылған жасанды интеллект саласындағы әлемдік деңгейдегі технологиялық компанияны құру үшін қажетті барлық мүмкіндікті ұсынуды көздейміз. Қазақстан үшін енді аспан да шек емес. Алда - жұлдыздар», - деді Шервин Пишевар.Қол қойылғаннан кейін 100 күн ішінде тараптар ынтымақтастықты іске асыру жоспарын келісуді көздеп отыр.Меморандум рамалық сипатқа ие. Нақты жобалар, инвестиция көлемі және тараптардың қатысу шарттары жеке келісімдер арқылы айқындалатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1306287?lang=ru
Аймақта жылу беру маусымы басталды 08.10.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына орай өңірлердегі жағдайды баяндады.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін. Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Мәжілісте цифрландыру бағыты бойынша ІТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандарды, сарапшыларды тартып, кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу, экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.Озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, үздік жобаларды енгізуге және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға барлық басқарма, қала және аудан әкімдіктері қатысуы қажет.Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды.Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр. Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1305848?lang=ru
БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЖК-ЛАРҒА АРНАЛҒАН ТҮСІНДІРМЕ. 08.10.2026
БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЖК-ЛАРҒА АРНАЛҒАН ТҮСІНДІРМЕҚазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын жеке тұлғаларға қызмет көрсету кезінде салықтық есепке алу тәртібіне қатысты келіп түсетін сұрақтарға байланысты төмендегіні түсіндіреміз.🔹 Түсімді Қазақстандағы ЖК шотына аударуЕгер көрсетілген қызметтерден түскен табыс салықтық есепте бұрыннан танылған болса, аталған ақша қаражатын шетелдік банктегі жеке тұлғаның шотынан Қазақстан Республикасындағы өзінің ЖК шотына кейіннен аудару қайтадан табыс болып танылмайды.🔹 Валюталық бақылауМемлекеттік кірістер органдары орындалмаған міндеттемелер сомасы 50 000 АҚШ долларынан асатын (баламасында) және репатриациялау мерзімі өткен шарттар бойынша репатриациялау талабын сақтау мәселелеріне бақылау жүргізеді. Валюталық заңнамаға қатысты өзге де мәселелер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне жатады.🔹 Шот-фактураЖеке тұлға көрсетілген қызметтер үшін электрондық төлем құралы болып табылатын төлем карточкасы арқылы ақы төлеген кезде, салық заңнамасында көзделген жағдайларда шот-фактураны жазып беру талап етілмейді. Шетелдік жедел төлем жүйесін пайдалану өздігінен шот-фактураны жазып беруден босатуға негіз болып табылмайды.🔹 ККМҚызметтер үшін төлем төлем карточкасы немесе мобильді төлем арқылы жүзеге асырылған және ол Салық кодексіне сәйкес ақшалай есеп айырысу болып табылған жағдайда, заңнамада босату көзделмесе, ККМ қолданылады.🔹 Табысты тану күніҚызмет көрсетуден түскен табыс көрсетілген қызметтер актісіне немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын өзге де құжатқа қол қойылған кезеңде танылады.🔹 Табысты растауға қажетті құжаттарСалықтық есепке алу үшін қызметтің көрсетілгенін, оның құнын және табысты тану күнін растайтын құжаттардың болуы маңызды: шарт, акт немесе өзге де растайтын құжат, төлемді растайтын құжаттар, салықтық тіркелімдер және нақты операцияға байланысты басқа да құжаттар.📌 Маңызды: бір тұлғаның өз шоттары арасында меншікті ақша қаражатын аударуы өздігінен тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өткізу болып табылмайды және кәсіпкерлік қызметтен алынған дербес табысты қалыптастырмайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1306338?lang=ru
«Одесса» паромы навигациялық маусымын аяқтады 08.10.2026
«Одесса» паромы Васильев өткеліндегі навигациялық маусымын аяқтады. Маусымның аяқталуына орай кеме экипажы мен басшылығын Самар ауданының өкілдері құттықтады. Самар ауданының әкімі атынан және жеке өзі аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Амангелдинов экипажды навигациялық маусымның сәтті аяқталуымен құттықтады. «Самар ауданының әкімі атынан және жеке өз атымнан «Одесса» паромының бүкіл экипажын навигациялық маусымның сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Еңбектеріңізге, жауапты жұмыстарыңызға және ауданымыздың туристік саласын дамытуға қосқан үлестеріңізге алғыс білдіремін. Баршаңызға амандық, жақсы демалыс және келесі маусымға сәтті дайындық тілеймін», — деді Сұлтан Амангелдинов. Паром экипажына Самар ауданының Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. «Одесса» паромының директоры Евгений Филиппов өз кезегінде Самар ауданының басшылығына көрсеткен қолдауы және туристерге қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, биыл навигациялық маусымның небәрі бес айға созылғанына қарамастан, жолаушылар ағыны 15%-ға артқан. «Биылғы маусым қысқа — небәрі бес ай болды. Соған қарамастан жолаушылар ағыны 15%-ға өсті. Бұған бірқатар фактор әсер етті: Самар ауданындағы туристік саланың дамуы, Катонқарағай ауданында, Самар ауданында және Марқакөл өңірінде ірі туристік фестивальдердің өткізілуі, сондай-ақ Васильев өткелі аумағының абаттандырылуы. Турист үшін тек өткелдің болуы ғана емес, кемені қандай жағдайда күтетіні және айналасындағы ортаның қандай екені де маңызды», — деді Евгений Филиппов. Еске сала кетейік, навигациялық маусымның басында Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов паром басшылығына қажетті қолдау көрсетіп, туристердің кемені жайлы жағдайда күтуі үшін өткел аумағын абаттандыруға уәде берген болатын. Бұл уәде қысқа мерзімде орындалды: мұнда беседкалар орнатылып, жарықтандыру жүргізілді, айлақ сырланып, қоқыс жинауға арналған контейнерлер қойылды. Маусым бойы Сарыбел ауылдық округінің тұрғындары мен әкімдігі тұрақты түрде сенбіліктер өткізіп, аптасына бірнеше рет қоқыс шығарып отырды. Евгений Филиппов келесі жылы Үлкен Нарын ауданының басшылығы да самарлықтардың үлгісіне сүйеніп, айлақ аумағын абаттандыруға көңіл бөлуі мүмкін екенін атап өтті. «Менің ойымша, келесі жылы Үлкен Нарын ауданының басшылығы да Самар ауданының үлгісіне сүйеніп, айлақ аумағын абаттандырумен айналысуы мүмкін. Бұл маңызды, себебі навигациялық нысандардың сыртқы келбеті туристердің өңір туралы алған әсеріне тікелей ықпал етеді. Әсіресе қазір бұл өткел туристік маршруттың бір бөлігіне айналып отырған кезде оның маңызы зор. Туристің әсері жолдан бастап, кемені күтетін аумақ пен кеменің өзіне дейінгі барлық детальдан қалыптасады», — деп атап өтті паром директоры. Навигация аяқталғаннан кейін «Одесса» паромы жөндеуге жіберіледі. Евгений Филипповтың айтуынша, келесі маусымға дейін кеменің сыртқы келбетін жаңартып, техникалық бөлігін жаңғырту жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1306372?lang=ru
Самар ауданында кәсіби мереке – Ұстаздар күніне арналған мерекелік концерт өтті. 08.10.2026
Мерекелік шара барысында педагогтер мен саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге арнаған ұстаздық еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Самар ауданы әкімінің атынан ұстаздарды аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Амангелдинов құттықтады. Ол педагогтерге кәсіби мерекелерімен құттықтауын жеткізіп, білім беру саласына қосқан үлестері, кәсібіне деген адалдығы мен қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ұстаздарға зор денсаулық, отбасылық амандық, еңбектеріне табыс және жаңа жетістіктер тіледі. Салтанатты шара барысында білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін бірқатар педагогке Алғыс хаттар табысталды. Мерекелік кеш арнайы ұстаздарға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш қонақтарына әндер шырқалып, шығармашылық ұжымдардың өнері ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1306406?lang=ru
Қазақстан БҰҰ-да әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы реформалардың нәтижелерін таныстырды 08.10.2026
Женева, 2026 жылғы 6 қазан – Қазақстан БҰҰ-да әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге, экономикалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге және зорлық-зомбылықтан қорғалуын күшейтуге бағытталған жүйелі реформалардың нақты нәтижелерін таныстырды.Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау шеңберінде қазақстандық делегация Комитетке соңғы жылдары әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында жүзеге асырылған заңнамалық және институционалдық өзгерістердің нәтижелерін ұсынды.Делегация құрамына Мәдениет және ақпарат, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері кірді.Әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейтуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді. Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасарлары болып сайланды, тағы үшеуі тұрақты комитеттерді басқарды. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің өкілдігі жоғары деңгейде сақталып отыр: олар барлық мемлекеттік қызметшілердің 55%-ын құрайды және басшылық лауазымдардың 39%-ын атқарады.Әйелдердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын, яғни шамамен 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1,5 млн-нан астам жұмыс орны құрылған. Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек етеді. Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуы кеңейіп келеді. Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өтті.Диалог барысында заңнамалық кепілдіктерден әйелдерді зорлық-зомбылықтан іс жүзінде қорғауға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтті.Әйелдердің денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қолдау саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға өсті. Сонымен қатар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мамандандырылған медициналық көмекке, жұмыспен қамтылуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі кеңейіп келеді.2024 жылы Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, қылмыстық жауаптылық күшейтілді және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп құрбандарды анықтау стандарты енгізілді. Қазақстан сондай-ақ гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастыруда.Халықаралық деңгейде Қазақстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Елдің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» атты 57/18 қарарын қабылдады.Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен мазмұнды өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі дәйекті жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.Қазақстан әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту, зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау бағытын жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1306446?lang=ru
Қазақстанның басқа елдермен салық конвенциялары: әрбір азаматқа не білу маңызды 08.10.2026
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының азаматтарын халықаралық салық конвенцияларының маңызы туралы хабардар етеді.Қазақстан Республикасы шетел мемлекеттерімен кірістер мен капиталға салынатын салықтар бойынша қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы 55 конвенция (келісім) жасасқан. Бұл шарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес қолданылады.Конвенциялардың мақсаты — азаматтың немесе ұйымның бір ғана кірісіне Қазақстанда да, басқа елде де екі рет салық салынбауы. Шарттар кіріске қай мемлекетте салық салынатынын, қандай жағдайда төлем көзінен салықтың төмендетілген мөлшерлемесі қолданылатынын және шетелде төленген салықтың қалай есептелетінін айқындайды.Конвенциялар тек ірі компанияларға ғана емес, қарапайым азаматтарға да қатысты. Егер адам:- шетелде жұмыс істесе немесе қызмет көрсетсе;- шетелдік көзден жалақы, қаламақы, зейнетақы, дивиденд, пайыз немесе роялти алса;- басқа елде мүлікке немесе бизнеске ие болса;- Қазақстанның салық резиденті болып, шетелдік кірісі болса —онда бұл шарттар тікелей маңызды.Қазақстанның салық резиденттері үшін шетелде төленген салықты есепке алу көзделген. Әдетте шетелдік салық органы берген немесе куәландырған, кіріс пен төленген салықтар туралы легализацияланған (апостиль қойылған) анықтама және қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аударма қажет. Құжаттар жылдық салық декларациясын тапсыру мерзіміне дейін дайын болуы тиіс.Конвенция бойынша жеңілдікті қолдану үшін, әдетте, салық резиденттігін растау керек. Шетел мемлекетінің резиденті Қазақстандағы салық агентіне резиденттік сертификатын ұсынады.Қазақстан салық базасын құртуға және пайданы салық салудан шығаруға қарсы іс-қимыл мақсатында салық келісімдеріне қатысты шараларды іске асыру жөніндегі Көпжақты конвенцияға (MLI) қатысады. Бірқатар келісімдер бойынша MLI ережелерін ескеретін біріктірілген (синтезделген) мәтіндер қолданылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Конвенцияға (Страсбург конвенциясы) қосылған. Бұл қатысушы елдердің салық органдары арасында ақпарат алмасуды күшейтеді.Конвенциялардың ресми мәтіндері, MLI ескеретін біріктірілген мәтіндер, түсіндірмелер және өзекті мәліметтер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында орналастырылған: kgd.gov.kz (халықаралық шарттар және бейрезиденттерді салық салу бөлімдері).Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: нақты конвенцияны қолдану кіріс көзінің еліне, кіріс түріне, резиденттік мәртебесіне және құжаттарға байланысты. Сұрақ туындаған жағдайда азаматтар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына, байланыс орталығына немесе салық органдарының электрондық сервистері арқылы жүгіне алады.Халықаралық салық шарттарын сақтау азаматтардың құқықтарын қорғайды, қосарланған салық салу қаупін төмендетеді және халықаралық қаржы операцияларының ашықтығына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1306456?lang=ru
Алтай ауданының мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті 08.10.2026
Бүгін Алтай ауданының мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп, онда депутаттар Еркін Тұрарұлы Тұраровты Алтай ауданының әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру мәселесін қарады.Еркін Тұрарұлы Тұраровтың кандидатурасы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың ұсынысымен енгізіліп, депутаттарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Бақытжанұлы Сапанов таныстырды.Сессия барысында депутаттар ұсынылған кандидатураны қарастырып, Еркін Тұрарұлы Тұраровты Алтай ауданының әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру туралы шешім қабылдады.Еркін Тұрарұлына жұмысына табыс, салмақты әрі байыпты шешімдер және Алтай ауданы мен оның тұрғындарының игілігі жолындағы жемісті қызмет тілейміз.Алдағы уақытта ауданның одан әрі дамуын қамтамасыз ету және тұрғындар үшін маңызды мәселелерді шешу бағытында ауқымды әрі жауапты жұмыстар атқару міндеті тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/altay-maslihat/press/news/details/1306492?lang=ru
Лайықты марапат 08.10.2026
Алтай ауданы мәслихатының аппаратының бас маманы Шагиева Гүльфайра Сейткановна «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.Гүльфайра Сейткановна мәслихатта 2010 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол өзін білікті, жауапты әрі өз ісіне адал маман ретінде таныта білді. Жалпы еңбек өтілі 25 жылдан асады.Еңбек жолы барысында ол мәслихат аппаратының қызметіне елеулі үлес қосып, алға қойылған міндеттердің кәсіби әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп келеді. Әріптестері арасында оның білімі мен тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын тұратыны ерекше құрметке ие. Гүльфайра Сейткановна көптеген мамандарға тәлімгерлік етіп, жас қызметкерлердің жұмысқа бейімделуіне және кәсіби қызметтің қыр-сырын меңгеруіне қолдау көрсетіп келеді.Мерекелік медаль оның көп жылғы адал еңбегі мен жергілікті өкілді органның дамуына қосқан үлесінің лайықты бағасы болды.Гүльфайра Сейткановнаны лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған зор денсаулық, отбасылық амандық, кәсіби қызметінде жаңа жетістіктер және әріптестерінің алғысына бөлене беруін тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/altay-maslihat/press/news/details/1306503?lang=ru
Тауарды шығару — соңғы нүкте емес 08.10.2026
Тауарды шығару — соңғы нүкте емес. Кедендік бақылау шығарудан кейін де жалғасады ЕАЭО Кеден кодексі мен ҚР Кедендік реттеу туралы кодексі бойынша мемлекеттік кірістер органдары мәліметтердің дұрыстығын тауар шығарылғаннан кейін де тексереді. Мерзім: әдетте 3 жыл (89 және 143-баптар). 5 жыл — салықтық мониторинг, отын-энергетика секторының жер қойнауын пайдаланушылары, уәкілетті экономикалық операторлар және 89-бапта тікелей көрсетілген жағдайлар үшін. Не тексеріледі:— СЭҚ ТН коды — кедендік құн — шығарылған елі — саны мен сипаттамасы — рәсім шарттары мен төлемдер  Нысандары: камералдық тексеру — бармай; көшпелі — қызмет орны бойынша (416–418-баптар). Іріктеу — тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша. Құжаттарды сақтаңыз, сұрауға уақтылы жауап беріңіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1306522?lang=ru
Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлем, 08.10.2026
Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлем: негізгі мәліметтер қысқашаНе үшін төлейміз?Ластаушы заттардың шығарылуы мен төгілуі, күкірт карталарында күкіртті ашық тәсілмен орналастыру және қалдықтарды көму үшін — экологиялық рұқсат пен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация болған жағдайда (ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес).Кім төлейді?ҚР Экологиялық кодексі бойынша анықталған I, II және III санатты объектілердің операторлары.Бизнес үшін маңызды:Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін эмиссия көлеміне байланысты төлеуші деп тануы мүмкін. Мұндай шешім (немесе оның күшін жою) қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.Кім төлемейді?ШҚК (Шаруашылық жүргізуші шаруашылықтар) үшін арнайы салық режиміндегі салық төлеушілер — осы арнайы режим қолданылатын қызмет шеңберінде пайда болатын әсер бойынша.Не салынады?Есепті кезеңдегі теріс әсердің нақты көлемі (масса; радиоактивті қалдықтар үшін белсенділік бірлігі):• ластаушы заттардың шығарылуы;• ластаушы заттардың төгілуі;• көмілген қалдықтар;• көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру кезінде күкірт карталарында ашық тәсілмен орналастырылған күкірт.I және II санатты объектілер үшін — белгіленген нормативтер мен лимиттер шегінде, III санат үшін — декларацияланған көлем шегінде. Сондай-ақ мемлекеттік экологиялық бақылау қорытындылары бойынша белгіленген көлем де ескеріледі.СтавкаларСалық кезеңінің 1-ші күнінде қолданылатын айлық есептік көрсеткішке сәйкес келетін мөлшерде анықталады (ҚР Салық кодексінің 639-бабы).#Заң_мен_тәртіп#Закон_и_порядокАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1306552?lang=ru
Сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы. 08.10.2026
Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынады.Тиісті хабарлама жіберілмеген жағдайда сыртқы (көрнекі) жарнаманы іс жүзінде орналастыру төлемақы сомасын өндіріп алу және бюджетке енгізу үшін негіз болып табылады, оған қоса жергілікті өкілді органның шешімін ескере отырып, ҚР Салық Кодексінің 655-бабында айқындалған төлемақы мөлшерлемелері екі есеге ұлғайтылады.Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырылған жердегі салық органдарына төлемақы төлеушілер, төлемақы сомалары, сыртқы (көрнекі) жарнаманың орналастырылу кезеңі мен орны, хабарламаның жіберілгені (жіберілмегені) туралы мәліметтерді ұсынады.Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің меншік иелері немесе сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырылатын ғимараттардың (құрылысжайлардың) меншік иелері төлемақы төлеушілер болып табылады.Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерді іске асыруға байланысты орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша төлемақы төлеушілер болып табылмайды.Төлемақы мөлшерлемелері сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру жүзеге асырылатын тиісті күнтізбелік айдың бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерінде айқындалады. Нақты мөлшерлемелер ҚР Салық Кодексінің 655 бабыңда айқындалған.Төлемақы мөлшері төлемақы мөлшерлемелері және сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың белгілеген нақты мерзімі негізге алына отырып есептеледі, кем дегенде бір ай мезгіліне.Бюджетке енгізілуге жататын төлемақы сомасы ай сайын, ағымдағы айдың 25-інен кешіктірілмейтін мерзімде төленеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1306562?lang=ru
Безопасная дорога — безопасное детство: уроки в формате интервью для школьников области 08.10.2026
Шығыс Қазақстан облысында 1–4 сынып оқушыларына жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша сабақтар топтамасы өтті. Ұйымдастырушы — ШҚО білім басқармасының «Өркен» ақпараттандыру және білім дамыту облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ. Сабақтар орыс және қазақ тілдерінде сұхбат форматында өткізіліп, облыс оқушыларын кеңінен қамтуға мүмкіндік берді. Спикер — «Шығыс» профилактикалық медицина орталығы» медициналық мекемесінің қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері Батырханова Әйгерім Арманқызы.Сабақтардың тақырыбы — «Қауіпсіз жол» — үй мен мектеп арасында өз бетінше жүре бастаған кіші сынып оқушылары үшін аса өзекті. Әңгіме барысында спикер жолдағы мінез-құлықтың негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол бала ағзасы әлі өсіп, дамып келе жатқанын, сондықтан кез келген жарақаттың денсаулыққа ауыр зардап әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бала абай болуы, көшеден жүгіріп өтпеуі, жол жиегінде ойнамауы және телефонға, ойындарға алаңдамауы керек.Жарақат кезінде алғашқы көмек көрсетуге ерекше назар аударылды. Дәрігер сыдырма, соғылу, шығу және сынық кезінде не істеу керектігін айтты. Ең бастысы — сабыр сақтап, ересектерге хабарлау және қажет болса, 103 немесе 112 нөмірлері арқылы жедел жәрдем шақыру. Дәрігер келгенге дейін зардап шегушіні, әсіресе басы, арқасы немесе аяқ-қолы жарақаттанған болса, қажетсіз көтеруге, тасымалдауға болмайды.Спикер велосипед және самокат тебу кезіндегі қауіпсіздік мәселелерін де қозғады. Ол дулыға, тізеқап, шынтаққап және жарықшағылыстырғыштарды пайдалануды, тебуге қауіпсіз орын таңдауды және көлік құралының жарамдылығын қадағалауды ұсынды. Қараңғы уақытта киімдегі жарықшағылыстырғыш элементтер міндетті.Сұхбат барысында көліктегі мінез-құлық та талқыланды. Дәрігер қауіпсіздік белдігін барлық жолаушыларға, соның ішінде артқы орында отырғандарға да тағу қажет екенін, ал балалар үшін арнайы ұстап тұратын құрылғыларды қолдану керектігін еске салды. Қозғалыс кезінде терезеден қарауға немесе есікті ашуға болмайды.Оқушылар бағдаршам істемей қалса немесе доп жолға домалап кетсе, не істеу керектігін білді. Барлық жағдайда ересектерден көмек сұраған жөн, тәуекелге бармау керек. Балалардың ең жиі жіберетін қателіктері ретінде жолға жүгіріп шығу және өту кезінде телефонға қарау аталды.Соңында спикер басты кеңесін берді: жол қозғалысы ережелерін сақтау, телефонға қарамау және қауіпсіздік — адамның өзінің жауапкершілігі екенін есте сақтау. Сабақтар қызықты әрі мазмұнды өтті, ал алған білім балаларға үй мен мектеп арасындағы жолын барынша қауіпсіз етуге көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1306587?lang=ru
Ұстаздар күніне арналған ақпараттық бюллетень: Шығыс Қазақстан білімінің жетістіктері 08.10.2026
Ұстаздар күніне орай Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы өңірдің білім беру жүйесінің 2026 жылғы маңызды оқиғалары, жетістіктері мен нәтижелерін қамтыған арнайы ақпараттық бюллетень әзірлеп, жарыққа шығарды. Басылым облыстың педагогикалық қауымдастығына арналған өзіндік тарту әрі кәсіби мереке қарсаңында білімімен, еңбегімен және талантымен Шығыс Қазақстан білімінің дамуына үлес қосып жүрген жандарды таныстыруға мүмкіндік беретін мазмұнды алаңға айналды.Бюллетень беттерінде өңірдің талантты және дарынды балаларына ерекше орын берілді. Басылымда халықаралық және республикалық олимпиадаларда, зияткерлік, шығармашылық және басқа да байқауларда жоғары нәтижелер көрсеткен оқушылардың жетістіктері таныстырылды. Оқушылардың әрбір жеңісінің артында олардың табандылығы мен ізденісі, ата-аналардың қолдауы және, әрине, педагогтер мен тәлімгерлердің үлкен еңбегі тұр.Сондықтан басылым материалдарының елеулі бөлігі Шығыс Қазақстан педагогтеріне арналды. Бюллетеньде кәсіби жетістіктерімен танылған ұстаздар, педагогикалық шеберлік байқауларының жеңімпаздары, дарынды оқушыларды биік белестерге жетелеген тәлімгерлер, сондай-ақ тәжірибесі, бастамашылдығы мен мамандығына адалдығы әріптестеріне және жас ұрпаққа үлгі болатын педагогтер туралы баяндалды.Бюллетеньде 2026 жылдың маңызды білім беру оқиғалары да кеңінен қамтылды. Облыстық және республикалық деңгейде өткен байқаулар, конференциялар, форумдар, фестивальдер, семинарлар, кәсіби кездесулер және басқа да іс-шаралар арқылы өңірдің білім беру саласындағы белсенді өмірі, педагогтердің кәсіби байланысы мен озық тәжірибе алмасуы көрініс тапты.Басылымның жеке бағыты рейтинг қорытындылары мен білім беру ұйымдарының үздік нәтижелеріне арналды. Бюллетень беттерінде мектептер, колледждер, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жетістіктері көрсетіліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген және білім беру үдерісін ұйымдастыруда тиімді тәжірибе қалыптастырған ұжымдар таныстырылды.Сонымен қатар, бюллетеньде «Кәсіптік білім» айдарына арнайы орын берілді. Бұл бөлімде өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жетістіктері, колледждердің тыныс-тіршілігі, білім алушылардың кәсіби шеберлігі мен түрлі байқаулардағы нәтижелері, сондай-ақ білікті мамандар даярлауға бағытталған жұмыстар қамтылды. Колледждердегі заманауи білім беру тәсілдері, тәжірибеге бағдарланған оқыту және жастардың кәсіби құзыреттерін дамыту бағытындағы бастамалар арқылы кәсіптік білімнің өңір экономикасы үшін қажетті мамандар даярлаудағы маңызды рөлі көрсетілді.Сонымен қатар, білім беру жобалары мен жаңа бастамаларға ерекше назар аударылды. Бюллетень материалдарында оқыту мен тәрбиелеудің заманауи тәсілдері, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, дарынды балаларды қолдау, педагогтердің кәсіби дамуы, экологиялық тәрбие және өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған өзге де маңызды жұмыстар қамтылды.Осылайша, Ұстаздар күніне арналған арнайы шығарылым өз беттерінде Шығыс Қазақстан білімінің басты жетістіктерін, жарқын оқиғаларын, табысты жобаларын және өңір мақтанышына айналған тұлғаларды тоғыстырды. Оқушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының жетістіктері арқылы әрбір жоғары нәтиженің артында күнделікті еңбек, кәсіби шеберлік, талант пен үнемі алға ұмтылыс тұрғаны көрсетілді.Ақпараттық бюллетеньнің дәл Ұстаздар күні қарсаңында жарық көруінің символдық мәні ерекше. Бұл – 2026 жылдың білім саласындағы маңызды нәтижелерін қорытындылау ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеуге және өңірдің білім беру жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген педагогтерге деген құрмет пен ризашылықтың көрінісі. Өйткені оқушының жетістігі, олимпиададағы жеңіс, сәтті жүзеге асқан жоба мен білім беру ұйымының жоғары көрсеткіші ең алдымен ұстаздың білімі мен шеберлігінен, еңбегі мен шәкіртіне деген сенімінен бастау алады. Ақпараттық бюллетень 2026Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1306613?lang=ru
KazAID пен Азия даму банкі өңірдегі ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттарын талқылады 08.10.2026
2026 жылғы 6 қазанда «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстановтың Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы Елдік директоры Утсав Кумармен кездесуі өтті.Кездесу барысында Нұрғали Арыстанов Агенттіктің Орталық Азия мен Ауғанстандағы серіктес елдерді дамытуға бағытталған жобалары, сондай-ақ серіктес елдерде салынған мектептер құрылысы саласындағы қызметі туралы ақпарат берді.Утсав Кумар АДБ-ның өңірде іске асырылған жобалары және әлеуетті арттыру мақсатында Білім мен тәжірибе бөлісу бағдарламасы (ББТБ) туралы хабардар етті.Тараптар өңірде және одан тыс жерлерде даму мақсатында бірлескен жобаларды қарастыру мүмкіндігі туралы келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazaid/press/news/details/1306647?lang=ru
Шымкенттен тағы 27 азамат әскерге аттанды 08.10.2026
Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Қаланың 27 азаматы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына аттанды.Салтанатты іс-шара «Абай» саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында ұйымдастырылды. Рәсімге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштердің ардагерлері, аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ әскерге аттанушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.Жиында Мемлекеттік күзет қызметінің стратегиялық нысандар мен мемлекет басшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі атап өтілді. Осыған байланысты қызметке үміткерлерді іріктеу кезінде олардың дене дайындығына, тәртібіне, психологиялық тұрақтылығына және жеке қасиеттеріне жоғары талаптар қойылады.Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің маңыздылығына тоқталып, әскерге аттанушыларға ақжолтай тілегін жеткізді.– Отанға қызмет ету – қасиетті борыш. Бүгін сіздер осы борышты өтеуге қадам басқалы тұрсыздар. Мемлекеттік күзет қызметінде әскери қызмет атқару – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздер әкелеріңіз бен аталарыңыздың даңқты дәстүрін абыроймен жалғастырып, мемлекетімізге сенімді тірек, өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар деп сенеміз. Азаматтық борыштарыңызды абыроймен өтеп, аман-есен елге оралыңыздар, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.Өз кезегінде Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, Мемлекеттік күзет қызметіне іріктелу – жастардың жоғары дайындық деңгейі мен оларға көрсетілген мемлекеттік сенімнің белгісі.– Мемлекеттік күзет қызметіндегі әскери қызмет жоғары тәртіпті, төзімділікті және жауапкершілікті талап етеді. Шымкенттік әскерге шақырылушылар өңір намысын абыроймен қорғап, әскери борыштарын адал атқарады деп сенемін, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.Салтанатты рәсім барысында жас сарбаздарға ақ жол тіленіп, ата-аналары мен жақындары сәтті қызмет тілеп, қолдау білдірді.Әскерге шақырылушыларды жөнелту күзгі әскерге шақыру науқаны аясында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен басқа да әскерлерін жоспарлы түрде жасақтауға бағытталған.Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкент қаласынан 1300-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. Бүгінгі таңда өңірден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 200-ден астам, ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына 250-ге жуық азамат аттанды. 
БИЗНЕС-ФОРУМДА ШЫМКЕНТТІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ 07.10.2026
Шаһарда Шымкент пен Дебрецен арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы өтіп жатыр. Форум іскерлік байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар мен технологияларды тартуға, сондай-ақ, Қазақстан мен Венгрия арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға арналған тиімді алаңға айналды. Іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған Венгрияның ресми және іскерлік делегациясы, әкімдік, даму институттары, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қазақстандық және венгриялық компаниялардың басшылары қатысуда.Венгрия тарапынан инфрақұрылымдық құрылыс, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп техникасына арналған компоненттер өндіру, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалау салаларында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері келген. Форум барысында қатысушыларға Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті, инвесторларды қолдаудың қолданыстағы шаралары және Дебрецен қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрмановтың айтуынша, форум мегаполистің мүмкіндіктерін таныстыруға және тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған.– Бүгін біз Қазақстан-Венгрия форумын өткізіп отырмыз. Оның мақсаты – Венгрия делегациясы мен бизнес өкілдерін Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері және қаламыздың әлеуетімен таныстыру, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту, – деді Ермек Тұрманов.Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 559 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал биылғы жылдың 8 айында инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге жетіп, жыл қорытындысы бойынша 10 пайыздық өсім жоспарланып отыр.Қалада әлемдік брендтердің қатысуымен бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Coca-Cola, Samsung компанияларының жобалары, сондай-ақ, агросектор мен экология саласындағы бастамалар бар. Іскерлік бағдарламаның жеке бөлімі екі қала кәсіпкерлері арасындағы B2B форматындағы кездесулерге арналды. Компания өкілдері инвестициялық ынтымақтастық, құрал-жабдықтар мен өнімдерді жеткізу, технологиялық серіктестік, сонымен қатар өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру және тамақ өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі нақты ұсыныстарды талқылады.Сапар бағдарламасы аясында Венгрия делегациясының қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесуі жоспарланған. Кездесу барысында Шымкент пен Дебрецен арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы меморандумға қол қойылады. Құжат сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындап, ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, Дебрецен делегациясы Шымкенттегі кәсіпорындарға барып, мегаполистің өнеркәсіптік инфрақұрылымымен, жергілікті компаниялардың өндірістік мүмкіндіктерімен және жаңа жобаларды жүзеге асыруға арналған перспективалы алаңдармен танысады.