Әлем
Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді 05.02.2026
Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабад қаласында өзіне және Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін Асиф Али Зардариге алғыс айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.Президент отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Пәкістан мазмұнды саяси диалог өрбітіп, түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды.Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл қадам бауырластық байланыстарды толық айқындап, екі елдің барлық бағыт бойынша ықпалдастықты ұдайы кеңейтуге бейіл екенін байқатады.Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.Қасым-Жомарт Тоқаев сапар қорытындысы қос халықтың өркендеуі жолында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155941?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Nishan-e-Pakistan ордені табысталды 05.02.2026
Исламабадта өткен салтанатты іс-шарада Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министрі Шахбаз Шариф Мемлекет басшысын Nishan-e-Pakistan орденімен марапаттады.Награда ел дамуына ерекше үлес қосқан Пәкістан азаматтарына және шетелдік мемлекет, саясат, сондай-ақ қоғам қайраткерлеріне беріледі.Жиынға Пәкістанның Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Қарулы күштерінің жоғары басшылық құрамы және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155944?lang=kk
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді 05.02.2026
Келіссөздерден бұрын Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.Мемлекет басшысын Премьер-министр Шахбаз Шариф күтіп алды.Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды.Бұдан соң екі ел басшылары келіссөз залына барды.Тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады.Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155898?lang=kk
Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді 05.02.2026
2026 жылғы 04 ақпанПәкістан, Исламабад қаласыҚасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.Президент Исламабадқа келіп, Пәкістанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен танысуды зор мәртебе санайтынын атап өтті.– Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы аталған сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның символдық мәніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие.Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадамдарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды.– Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Премьер-министр.Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті. Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1156724?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды 05.02.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.Мемлекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:1. Тау-кен өнеркәсібі және геология ғылымы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;2. БҰҰ миссияларында бітімгерлік бөлімшесін (бөлімшелерін) бірлесіп өрістету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;3. Экстрадициялау туралы шарт;4. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Федералды теңіз ісі министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;5. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Сауда министрлігі арасындағы транзиттік сауда туралы келісім;6. Кеден мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара әкімшілік көмек туралы келісім;7. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Федералды теміржол министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;8. Карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;9. Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;10. Жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;11. Денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;12. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Associated Press of Pakistan (APP) арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;13. Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;14. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Пәкістан Ислам Республикасы Білім және кәсіби даярлық министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;15. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Мемлекеттік банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;16. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастық саласындағы ынтымақтастық бойынша 2026-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;17. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Виртуальді активтерді реттеу агенттігі арасындағы цифрлық активтер саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;18. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Карачи порты арасындағы ақпарат алмасу және кәсіби даму саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;19. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен National Logistics Corporation арасындағы логистика саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында бұдан бөлек тағы 18 құжатқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155918?lang=kk
Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі 05.02.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді. - Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халықтарымызды Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біздің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады. Елдеріміз арасындағы достық қатынастарды және өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф айтарлықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы деп атады. Оның келешекке бағдарланған салиқалы саясат жүргізуінің арқасында Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделі жылдан жылға артып келеді.– Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сындарлы әрі жауапты қадамдары аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндіктері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халықаралық нарықта кеңінен таралған. Әскери-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халықтың түрлі салалардағы әрбір жетістігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз, – деді Қазақстан Президенті.Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.– Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025-2027 жылдарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.– Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зерделенеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті.– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашуға шақырдым. Қазіргі уақытта олар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.– Кейінгі жылдары қауіпсіздік органдары және құқық қорғау құрылымдары арасындағы ықпалдастық қарқынды дамуда. Келіссөз кезінде жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің стратегиялық маңызы атап өтілді. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан исламдық қаржыландыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және «Fauji Foundation» арасында құрылған «Бірлескен инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына қатысатындарын, жиында екі елдің 250-ден аса компания жетекшілері бас қосып, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылатынын жеткізді.– Бұл маңызды іс-шара нәтижелері өзара сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселесін талқыладық. Еліміздің жоғары оқу орындарының танымалдылығы Пәкістан жастары арасында жылдан жылға артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық. Исламабад университеттерінде бүгін ашылған «әл-Фараби», «Сәтпаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту салаларындағы ықпалдастығын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берді.– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түрде аштық. Аталған спорт орталығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қабылдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. - Бүгін орнатылған стратегиялық серіктестігіміз бен қол жеткізген уағдаластықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155924?lang=kk
Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі мәдени орталықтар және «Достық» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты 05.02.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта әл-Фараби, Қаныш Сәтпаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.Қаныш Сәтпаев орталығы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім беру, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.«Достық» спорт орталығында тоғызқұмалақ және қазақ күресі бойынша пәкістандық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын қолға алмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155929?lang=kk
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысты 05.02.2026
Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты. - Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.– Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды. - Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз, – деді Президент.Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.– Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті. - Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды. Президент Пәкістан Үкіметінің озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.– Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. Alatau City кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік моделдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.Пәкістан Премьер-министрі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын тереңдету тұрғысынан бүгінгі бизнес форумның маңыздылығына назар аударды.– Бүгін біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізу үшін барынша әрекет етуге уағдаластық. Осы мақсатқа тезірек жету жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға келістік. Биыл достас Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін қадірлі бауырыма ризашылығымды білдіремін. Бұл шақыруды зор қуанышпен және ерекше ықыласпен қабыл алдым. Біз өзара жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл топқа ортақ сауда және инвестициялық портфельді кеңейту жөнінде бесжылдық бағдарламаны әзірлеу тапсырылады, – деді Шахбаз Шариф.Қазақстан-Пәкістан бизнес форумының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155933?lang=kk
"ҚЖЭК" МКК-де Қазақстан Республикасының жаңа конституциясының жобасы талқыланды 05.02.2026
Бүгін "ҚЖЭК" МКК базасында жылу компаниясы ұжымының Қостанай қалалық мәслихатының депутаттарымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау бойынша кездесуі өтті.Жаңа Конституцияның жобасы бірқатар түбегейлі жаңалықтарды көздейді. Оның ішінде бес жыл мерзімге пропорционалды жүйе бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы "Құрылтайды" қалыптастыру орталық болып табылады. Мұндай құрылым партиялық жүйені нығайтуға, саяси күштердің жауапкершілігін арттыруға және парламенттік өкілдік моделін жаңғыртуға ықпал етеді деп болжануда.Түзетулер шамамен 77 бапқа әсер етеді, бұл Конституция мәтінінің 80% - дан астамы. Осылайша, өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімдеріне әсер етеді. Бөлім атауларын өзгерту немесе Конституция баптарының тұжырымдамаларын нақтылау тек редакциялық редакциялау ғана емес, сонымен қатар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертетін, құқықтық дәлдікті нығайтатын және негізгі заңның сапасын арттыратын маңызды және терең ойластырылған қадам болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1155892?lang=kk
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды 05.02.2026
Пәкістанның шекарасына енгеннен бастап Әскери әуе күштерінің ұшақтары Қазақстан Президенті мінген бортпен қапталдасып ұшты.Мемлекет басшысын Исламабад әуежайында Президент Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алдыМәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды.Сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның туларын ұстаған балалар Қасым-Жомарт Тоқаевқа қошемет көрсетті.Ертең жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1155895?lang=kk
Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ-ң Еуразия апталығына қатысты 05.02.2026
Париж қ. 2026 ж. 5 ақпан – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымның (ЭЫДҰ) Париждегі бас пәтерінде Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдерінен, ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттерден, сондай-ақ мүдделі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың өкілдерін қоса алғанда 200-ден астам делегаттың қатысуымен кезекті «Еуразия апталығы» өтті.«ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы» – 2008 жылы бастамашылық еткен Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы (ЕБҚБ) аясында өңір елдері мен Ұйымға мүше мемлекеттердің тұрақты түрде өтетін кездесуі. Іс-шара Еуразия елдері мен ЭЫДҰ арасындағы өңірдің бәсекеге қабілеттілігіне және оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.«ЭЫДҰ Еуразия апталығына» қатысқан Қазақстан делегациясы құрамына ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының, Экономикалық зерттеулер институтының және Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері кірді.Іс-шараның ашылу сессиясында Орталық Азия бастамасының ЕБҚБ шеңберіндегі өңірлік тең төрағасы ретінде сөйлеген сөзінде Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ-ның сапалы талдамасы мен нақты ұсынымдары елімізде және өңірде экономиканың бірқатар негізгі салалары мен мемлекеттік басқару жүйесінде реформаларды әзірлеу және іске асыруда маңызды рөл атқарып, Ұйымның жоғары стандарттары ұлттық заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Бұл ретте, Қазақстан ЭЫДҰ-ның өңіріміздегі елдермен – сауда рәсімдерін жеңілдету және көлік байланыстылығын нығайту салаларын қоса алғанда жүйелі ынтымақтастығын қолдайды.Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Еуразия апталығының қатысушыларын 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабардар етіп, ЭЫДҰ-ға оның мазмұнды күн тәртібін әзірлеудегі серіктестігі үшін алғыс білдірді.ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А. Бижанова Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және Азиядағы стратегиялық инфрақұрылым бағдарламасына (SIPA) арналған сессияларда сөз сөйледі. Өз баяндамаларында ол Транскаспий дәлізіндегі институционалдық кедергілерді жою бойынша Қазақстанның басымдықтарын атап өтті. Цифрландырудың, келісілген инфрақұрылымдық шешімдердің және сауда рәсімдерін үйлестірудің рөлі атап өтілді. Экологиялық тұрақтылық қағидаттарын ескере отырып, «көміртегі күн тәртібіне» және көлік және сауда инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда сауда-саттықты кеңейту және тұрақты жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялау тетігі ретінде өңір елдерінің SIPA шеңберіндегі ынтымақтастығының құндылығы атап өтілді.Делегация аса маңызды шикізат материалдарына арналған сессияға белсенді қатысты. ҚР Қаржы вице-министрі Е. Біржанов Қазақстанда пайдалы қазбалардың бағасын төмендету, зиянды салықтық жеңілдіктер беру, трансферттік баға белгілеу сияқты тәуекелдерге қарсы іс-қимыл жүйесі қалай жолға қойылғаны туралы айтып, жаңа Салық кодексінің бірқатар нормалары осы саладағы инвесторлар үшін тиімді жағдайлар жасауға бағытталғаны атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Еуропалық одақтағы өкілі Сайран Байжаханов жауапты бизнес жүргізу саласындағы ЭЫДҰ стандарттарын, атап айтқанда тау-кен өндіру секторында қолдану жөніндегі талқылау барысында Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов Еуразия елдері экономикаларының бәсекеге қабілеттілігі мәселелеріне арналған сессияда отандық тәжірибені таныстырып, нарықтық бұрмалауларды шектеу және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін қолданылатын реттеушілік және басқарушылық тетіктерге тоқталды. Бұл ретте, ол осы саладағы реформаларды іске асыруда Қазақстанға және өңірдің басқа да елдеріне ЭЫДҰ тарапынан көрсетіліп отырған бағалы қолдауды атап өтті.Сонымен қатар, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров халықаралық сауда рәсімдерін жетілдіру, экспортты әртараптандыру және инвестиция тарту тұрғысынан Қазақстанның тәжірибесін таныстырды.Іс-шара аясында ҚР делегациясының ЭЫДҰ-ның құрылымдық бөлімшелерінің және іс-шараға қатысқан басқа делегациялармен бірқатар екіжақты кездесулері өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1155871?lang=kk
Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиналыс өтті 05.02.2026
Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндірме жиналысы өткізілді.Жиналыс барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, заңнама талаптарын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді.Іс-шара барысында әкім Қадырбек Құдайбайұлы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау, мемлекеттік қызметтің беделін арттырудың маңыздылығына тоқталды.Жиналыс қорытындысы бойынша қызметкерлерге заң талаптарын қатаң сақтау және қызметтік әдеп нормаларын басшылыққа алу қажеттігі ескертілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-bayandy/press/news/details/1155737?lang=kk
Волейболдан жетістік 05.02.2026
Волейболдан 2007 жылы туған және одан кіші ұлдар арасында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионатының Мұнайлы аудандық іріктеу жарысында Баянды ауылының командасы жүлделі ІІ орынды иеленді.Команда құрамында Баянды ауылының жастары өнер көрсетіп, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті.Жарыс қорытындысы бойынша ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар Тынысбай Мейіржан мен Сағынов Нұртас алдағы Маңғыстау облысының чемпионатында Мұнайлы ауданының намысын қорғайтын болады.Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушылар:Медетов Еркін, Усенов Муратбай.Спортшыларымызды жетістіктерімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-bayandy/press/news/details/1155751?lang=kk
Жарма ауданында ұйғарымды орындамаған «Горводхоз» мекемесі жауапқа тартылды 05.02.2026
Мемлекеттік бақылау шеңберінде Жарма ауданын сумен қамтамасыз ететін «Горводхоз» мекемесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұған тексеріс барысында анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымның белгіленген мерзімде орындалмауы негіз болды.Хаттама Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша рәсімделді. Бұл бап мемлекеттік бақылау органдарының заңды талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті көздейді.Жоспардан тыс тексеріс барысында кәсіпорынның су есептегіш құралдарын уақытылы салыстырып тексеруден өткізуді қамтамасыз етпегені анықталды. Бұған дейін тиісті ұйғарым берілгенімен, ол мерзімінде орындалмаған.Техникалық реттеу және метрология комитетінің Абай облысы бойынша департаменті сумен жабдықтау саласындағы есептегіш құралдарын салыстырып тексерудің шешуші маңызы бар екенін атап өтеді. Есепке алу аспаптарының дәлдігіне тек есеп айырысудың дұрыстығы ғана емес, сонымен қатар су шығынын бақылау, инженерлік желілердің жай-күйі және көрсетілетін қызметтердің жалпы сапасы да тікелей байланысты. Салыстырып тексерілмеген есептегіштерді пайдалану мәліметтердің бұрмалануына және тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.«Горводхоз» - тіршілікті қамтамасыз ету нысаны. Сондықтан оның жұмысындағы кемшіліктер тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға, ауыл шаруашылығы мен бизнеске тікелей әсер етеді. Осыған байланысты заң талаптарын орындау басты міндет.Істі қарау қорытындысы бойынша сот «Горводхоз» мекемесін кінәлі деп танып, оған 302 750 теңге көлемінде айыппұл салды. Департамент өлшеу құралдарын тексеруден өткізу талабы мекеменің мәртебесі мен әлеуметтік маңызына қарамастан барлық субъектілерге ортақ екенін ескертеді.Техникалық реттеу және метрология комитетінің төраға орынбасары Бауыржан Қасымов атап өткендей, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес берілген ұйғарымдар орындалуға міндетті. Сондай-ақ ол ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптарын, ұйғарымдарын немесе қаулыларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/1155762?lang=kk
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында 2026 жылғы 5 ақпанда Риддер қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі А.И. Умерзакова «Жауапкершілікпен таңдауды үйрену» тақырыбында сынып сағатын өткізді. Кездесу барысында жоғары сынып оқушылары әр дауыстың неліктен маңызды екенін, адал және ашық сайлаудың негізінде не жатқанын, сондай-ақ жастардың ел болашағын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын талқылады. Сабақ ашық диалог және белсенді талқылау форматында өтті, бұл қатысушыларға жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершіліктің өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді. 05.02.2026
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында 2026 жылғы 5 ақпанда Риддер қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі А.И. Умерзакова «Жауапкершілікпен таңдауды үйрену» тақырыбында сынып сағатын өткізді. Кездесу барысында жоғары сынып оқушылары әр дауыстың неліктен маңызды екенін, адал және ашық сайлаудың негізінде не жатқанын, сондай-ақ жастардың ел болашағын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын талқылады.Сабақ ашық диалог және белсенді талқылау форматында өтті, бұл қатысушыларға жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершіліктің өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ridder/press/news/details/1155695?lang=kk
ҚАЗАҚСТАН–ПӘКІСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДА ЖАҢА КЕЗЕҢ 05.02.2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында Исламабадта бірнеше мәдени-білім беру орталықтары мен «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып, мәдени, білім және спорт салалары бойынша жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған.Әл-Фараби мәдени-білім беру орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылып, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, заманауи компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілді. Орталықта қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.Қаныш Сәтпаев орталығы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім және технология саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналған.Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.«Достық» спорт кешенінде тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, Qazaq batyry аралас жекпе-жек, грэпплинг және бокс бағыттарында екіжақты ынтымақтастықты дамыту көзделуде. Сондай-ақ пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылатын болады.Бұл жобалар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы мәдени-гуманитарлық және спорттық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достық байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ПӘКІСТАН АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК: ЖАҢА САЯСИ КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЫ 05.02.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Бұл құжат екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастарды сапалық жаңа деңгейге көтеретін маңызды саяси шешім ретінде бағаланады.Бірлескен декларация Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты институционалдық тұрғыда бекітіп, өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және гуманитарлық ықпалдастықты дамыту стратегиялық серіктестіктің негізгі өзегіне айналады.Сонымен қатар құжат өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара түсіністік пен үйлесімді ұстаным қалыптастыруға бағытталған. Бұл Қазақстан мен Пәкістанның халықаралық аренадағы серіктестігін күшейтіп, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қоса алады.Аталған декларацияға қол қойылуы Қазақстан–Пәкістан қатынастарының жаңа кезеңге өткенін білдіреді және екі ел халықтарының игілігі жолындағы ұзақ мерзімді, өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге берік негіз қалайды.
Инклюзивті білім беруді іске асыру мәселелері бойынша аудандық семинар 05.02.2026
2026 жылғы 4 ақпанда ZOOM-конференция режимінде ауданның білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді іске асыру мәселелері бойынша кезекті аудандық семинар өткізілді. Семинарға жалпы білім беретін мектептердің педагогтары қатысты.Семинарда бүгінгі таңда өзекті "Үйде оқитын балалармен жұмыс істеу әдістері мен тәсілдері" тақырыбы қаралды, сондай-ақ инклюзивті сыныптағы тәрбие жұмысы мәселесі қарастырылды.Қорытындылай келе, талқылау барысында айтылған толық және егжей-тегжейлі жауаптар мен ұсыныстар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-osakarovka/press/news/details/1155614?lang=kk
Digital Qazaqstan-ның алғашқы қадамы ретінде индустриялық қуаты мен экономикалық әлеуеті зор маңызды аймақтық орталық — Шымкент қаласы таңдалды. 05.02.2026
Digital Almaty ауқымы кеңейіп, Digital Qazaqstan-ға айналуда. Бұл — бүкіл еліміздің цифрлық бастамаларын бір арнаға тоғыстырып, Қазақстандағы технологиялар, инновациялар мен жасанды интеллекттің дамуына серпін беретін бірегей ұлттық платформа.Республикалық форматқа өту — цифрлық күн тәртібін кеңейтудің, аймақтарды белсенді түрде тартудың және озық технологиялық шешімдерді нақты экономикаға енгізудің айқын көрінісі. Енді Digital Qazaqstan жыл сайын еліміздің әртүрлі қалаларында өтеді. Бұл бастама жаңа даму бағытын айқындап, өңірлік экожүйелерді нығайтуға, сондай-ақ цифрлық әлем өкілдері арасында білім мен үздік тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.Digital Qazaqstan-ның алғашқы қадамы ретінде индустриялық қуаты мен экономикалық әлеуеті зор маңызды аймақтық орталық — Шымкент қаласы таңдалды.📍 Digital Qazaqstan 2026🗓 27 марта 2026📌 ШымкентАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-sandyk/press/news/details/1155621?lang=kk
Жасұлан Ережепов Маринагор ауылдық округінің жаңа әкімі болып тағайындалды 05.02.2026
2026 жылғы 4 ақпанда, Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов Маринагор ауылдық округінің активі мен тұрғындарына жаңа әкімді таныстырды. Кездесу барысында ол Жасұлан Бауыржанұлы Ережеповтің кәсіби тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметінде табысты әрі нәтижелі еңбек етуіне, халықпен тиімді өзара іс-қимыл орнатуына, басқарушылық шешімдерді салмақты қабылдауына және округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруына тілектестік білдірді.Жаңа әкімді таныстыру аясында округ тұрғындарымен кездесу өтіп, онда халықты толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемалар талқыланды, сондай-ақ алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды.Еске сала кетейік, 1 ақпанда Маринагор ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Оның қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясынан ұсынылған Жасұлан Ережепов сайлаушылардың 80 пайыздан астам дауысын жинап, округ әкімі болып сайланды.Бұған дейін ол мемлекеттік және коммуналдық құрылымдарда еңбек етіп, «Батыр» Президенттік полкінде қызмет атқарған, сондай-ақ Самар ауылдық округі әкімі аппаратының құрамында, оның ішінде әкімнің орынбасары қызметін атқарды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1155636?lang=kk