Enbekshi QazaQ

Әлем

Қазақстан қалалары жаһандық инновациялар бәсекесіне қосылуда 13.07.2026
Женева, 2026 жылғы 30 маусым – Бүгін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ, WIPO) Қазақстанның бірден үш қаласының, атап айтқанда Астана, Қарағанды және Қонаев қаласының, WIPO City of Innovation Award 2026 аясында қаралуы үшін өтінімдері жолданды. Бұл бастама инновациялық, орнықты және технологиялық дамудың жаңа архитектурасын қалыптастырып жатқан қалаларды атап өтетін беделді халықаралық жобалардың бірі болып табылады.Қазақстанның үш қаласын ДЗМҰ-ның жаһандық алаңына ұсыну еліміздің ұлттық цифрлық күн тәртібінен тыс шығып, жасанды интеллект пен Smart City шешімдерінен бастап инклюзивті қалалық ортаға, орнықты туризмге, креативті экономикаға және инвестиция тартудың жаңа орталықтарына дейінгі қалалық инновациялардың өзіндік моделін әлемге танытып отырғанының маңызды белгісі.Қазақстан инновацияларды абстрактілі мақсат емес, қалаларды трансформациялаудың, азаматтардың өмір сапасын арттырудың және өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың нақты практикалық құралы ретінде қалыптастырып жатқан ел ретінде танылады.Астана жаңа буын астанасы ретінде ұсынылды. Бұл цифрлық трансформация, жасанды интеллект, креативті экономика және орнықты қалалық даму заманауи басқару моделі мен өмір сапасының негізіне айналып отырған қала. Astana Smart City жобалары, astana.kz платформасы және R&D әріптестіктерін дамыту арқылы елорда Еуразиядағы жетекші инновациялық орталықтардың біріне айналу амбициясын көрсетуде.Қарағанды индустриялық әлеуеттің цифрлық серпілістің негізіне айнала алатынын көрсетеді. Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретінде белгілі қала бүгінде Smart City жобалары, жасанды интеллект, бейнеаналитика және заманауи цифрлық сервистер арқылы жаңа инновациялық болмысын қалыптастыруда.Қонаев Қазақстандағы инновациялар, инвестициялар және туризм үшін жаңа тартылыс нүктесі ретінде танылуда. Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алған қала дамудың жаңа кезеңіне өтіп, цифрлық муниципалдық қызметтер мен инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап экологиялық мониторингке, туристік сервистерге және кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі Smart Qonaev атты өршіл күн тәртібін қалыптастыруда. Бұл стратегия Қонаевты Орталық Азиядағы өңірлік өсімнің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған.Астана, Қарағанды және Қонаевтың WIPO City of Innovation Award 2026 байқауына қатысуы Қазақстанды инновациялар, зияткерлік меншік, цифрлық технологиялар және креативті экономика қалалық дамудың нақты драйверлеріне айналып отырған ел ретінде ілгерілетудегі маңызды қадам болып табылады. Технологиялық астана, индустриялық орталық және жаңа мүмкіндіктер қаласы ретінде әртүрлі даму модельдерін ұсына отырып, қазақстандық қалалар өмір сапасын арттыруға, орнықты дамуға және Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған тұтас әрі амбициялы күн тәртібін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1250993?lang=ru
Еуропалық Парламентте Қазақстан–ЕО ынтымақтастығы реформалар мен көлік байланыстылығы тұрғысынан талқыланды 13.07.2026
Брюссель, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Еуропалық парламенттің Сыртқы істер комитетінің (AFET) төрағасы Дэвид Макаллистермен (Еуропалық халық партиясы) кездесу өткізді.Кездесу барысында қазақстандық дипломат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік басқарудың неғұрлым жүйелі әрі ұзақ мерзімді негізін қалыптастыратынын, құқықтық айқындықты арттырып, Қазақстанның, соның ішінде Еуропалық одақпен ынтымақтастық аясындағы, сенімді әріптес ретіндегі болжамдылығын күшейтетінін атап өтті.Өз кезегінде Д. Макаллистер елімізде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Брюссельге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін құптады.Сонымен бірге, Елші Р. Василенко Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәлізді») дамыту мәселесіне арналған «дөңгелек үстелдің» жұмысына қатысты. Іс-шара Еуропалық Парламенттің Заң мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Илхан Кючюктің («Еуропаны жаңарту» фракциясы) қолдауымен ұйымдастырылды.Еуропалық одақ институттарының, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, Брюссельдің академиялық және іскерлік қауымдастықтарының өкілдері «Орта дәліздің» Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайтудағы стратегиялық маңызы артып келе жатқанын және оны одан әрі дамыту екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының біріне айналғанын растады.Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Р. Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен ЕО басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, Еуропалық одақтың «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясы аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуді құптағанын еске салды. Келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген уағдаластықтар тараптардың көлік байланыстылығын дамытуға, атап айтқанда, «Орта дәлізді», орнықты жеткізу тізбектерін және заманауи көлік инфрақұрылымын дамытуға ортақ мүдделі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Кездесуде көлік үдерістерін цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесінде «Орта дәліз» арқылы жүк жеткізу мерзімі едәуір қысқарып, бұл бағыттың тиімділігі, бәсекеге қабілеттілігі және халықаралық тасымалдаушылар үшін тартымдылығы артқаны атап өтілді.Қазақстан Елшісі «Орта дәліздің» табысы Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдері мен Еуропалық одақтың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттың дамуы жеке бір мемлекеттің жетістігі емес, өңірлік ынтымақтастықтың, бірлескен инвестициялардың және ортақ жауапкершіліктің жемісі. «Орталық Азия елдері бірлесе әрекет еткенде, барлығы ұтады», – деді Р. Василенко. Оның пікірінше, дәл осындай өңірлік ықпалдастық Орталық Азияны Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді көлік-логистикалық көпірге айналдырады.Өз кезегінде Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс Еуропалық одақ үшін Орталық Азия өңірінің, әсіресе көлік байланыстылығы, энергетика, аса маңызды шикізат ресурстары, цифрлық инфрақұрылым және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету салаларындағы стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы факторлардың үйлесімі Орталық Азияның еуропалық бизнес үшін инвестициялық тартымдылығын күшейтуде.Еуропалық Парламент депутаты Катарина Неведалова Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастықты, сондай-ақ 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің қорытындысында қол жеткізілген келісімдерді жоғары бағалады. «Орталық Азия өңірі Еуропалық одақ үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан өзара байланыстарды нығайту қажет, өйткені бірлесе жұмыс істегенде ғана біз мықты серіктеске айналамыз», – деді еуродепутат.Бельгияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Анри Вантигем Бельгияда және жалпы Еуропалық одақта Орталық Азияның маңызын түсіну деңгейі артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, «Орта дәліз» теңіз бағыттарына қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым тиімді жаңа Жібек жолына айналып келеді және өңір елдеріне өзара ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік береді.«Өңір елдері экономикалық, саяси және әлеуметтік даму тұрғысынан айтарлықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Қоғамды демократияландыру үдерісі жалғасуда, заң үстемдігі, әсіресе инвестициялар саласында нығайып келеді. Сондықтан еуропалық бизнес Орталық Азияға келіп, жаңа мүмкіндіктерді іздеуі қажет», – деді ол.Кездесу қорытындысында қатысушылар «Орта дәліздің» тек маңызды халықаралық көлік бағыты ғана емес, сонымен қатар экономикалық байланыстарды нығайтудың, жаһандық жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттырудың, энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың және Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестікті тереңдетудің стратегиялық платформасына айналып келе жатқаны жөнінде ортақ пікірге келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1250986?lang=ru
Алматыда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды 13.07.2026
Алматыдв 60-тан астам отандық өндірушінің басын қосқан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Іс-шара қазақстандық кәсіпорындардың жетістіктерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.Байқаудың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов пен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» директоры Шыңғысхан Маманов қатысты. Олар отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың, өнім сапасын арттырудың және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті.Күні бойы қатысушылар Алматыда өндірілген түрлі өнімдерді көпшілік назарына ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды.«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында I орын – «Qulpynai Production» ЖШС, II орын – «Компания «Камертон» ЖШС, ал III орын – «ЛОТТЕ Рахат» АҚ алды.«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында I орын – «БСФ» ЖШС, II орын – «Концерн Bakarassov» ЖШС, ал III орын – «СК Рахат» ЖШС иеленді.«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында I орын – «Қазақстандық Құбыр Жүйелері» ЖШС, II орын – «Жигалма» ЖШС, ал III орын – «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-не бұйырды.Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары енді Алматының атынан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауына қатысып, еліміздің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250923?lang=ru
Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі Almaty TechCup XII технологиялық чемпионаты басталды 13.07.2026
Алматыда қала әкімі кубогы үшін робот техникасы, бағдарламалау және инновациялық технология бойынша XII ашық Almaty TechCup XII чемпионаты басталды. Биыл өңірдегі ең ірі технологиялық дода Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі») атауымен өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.Чемпионатқа Орталық Азияның бес елінен 3 мыңнан астам мектеп оқушысы, студент және жас инженер, яғни 400-ге жуық команда қатысып отыр. Екі күн бойы қатысушылар робот техникасы, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, автономды жүйелерді әзірлеу және өзге де инженерлік бағыттар бойынша бақ сынайды.Чемпионаттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев, goBILDA робототехникалық платформасының зерттеуші-инженері әрі стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Итан Доуг (АҚШ), сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.Биылғы бағдарлама 14 бағытты қамтиды, оның төртеуі алғаш рет енгізіліп отыр. Атап айтқанда, адам тәрізді роботтарға арналған шешімдерді әзірлеу бойынша хакатон, автономды көліктер жарысы, аэроғарыш технологиясы саласындағы инженерлік жобалар, робот техникасы турнирлері, дрондар жарысы, киберқауіпсіздік сайыстары және жасанды интеллектке арналған интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.Ресми ашылу рәсімінен кейін қонақтарға чемпионаттың жарыс және көрме алаңдары таныстырылды.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогын, білім грантын, ақшалай сыйлығын иеленіп, Қазақстан атынан АҚШ, Қытай және Гонконгта өтетін халықаралық инженерлік жарыстар мен чемпионаттарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250916?lang=ru
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты 13.07.2026
Заманауи өнер музейінде Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джули Стаффт және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін қатысты.Салтанатты рәсім Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Қонақтарды АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт құттықтады.Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін айтты.«Биыл Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі елдің өзара байланысы берік әрі сенімді кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», – деді Дархан Сатыбалды.Шаһар басшысы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың арқасында екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Алматының Қазақстан мен Орталық Азияға шығатын америкалық бизнес үшін табиғи қақпа ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.Қазіргі уақытта Алматыда америкалық капитал бар 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты.Дархан Сатыбалды Алматыда АҚШ Бас консулдығының жаңа кешенін салу жобасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қаланың өңірлік дипломатиялық, іскерлік, гуманитарлық және қаржы орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.Әңгіме арасында туристік және көлік байланысын дамытуға да мән берілді. 2025 жылы Алматыға АҚШ-тан 24 мыңнан астам турист келген. Ал 2027 жылға жоспарланған «Алматы – Нью-Йорк» тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екіжақты байланыстың дамуына жаңа серпін бермек.Ресми бөлімнің шарықтау шегі ретінде іс-шараның «Let freedom ring» («Азаттық үні асқақтай берсін») тақырыбы аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ Елшісі Джули Стаффт және Бас консул Мишель Еркин символикалық қоңырау соқты.Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың қаңтарында орнатылды. Бүгінде екі ел өзара құрметке, ортақ мүддеге және болашаққа деген сенімге негізделген кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250894?lang=ru
Қазақстан мен БАӘ арасындағы сарапшылық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды 13.07.2026
Абу Даби, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек Әмірліктердің Саяси орталығының негізін қалаушы әрі президенті Ибтисам Әл-Кетбимен кездесу өткізді.Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы сараптамалық-талдамалық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Екі елдің талдау орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша білім алмасу, ортақ ұстанымдарды қалыптастыру және гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін маңызды тетік екені атап өтілді.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты мен Әмірліктердің Саяси орталығы арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.Тараптар аталған құжат аясындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізуге, сарапшылық консультациялар ұйымдастыруға, конференциялар өткізуге және мамандар алмасуға қызығушылық білдірді.Кездесу аясында халықаралық және өңірлік күн тәртіптегі өзекті мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың дамуы жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.Р.Жұмабек 2026 жылғы 6 қазанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы аясында өтетін «Жаһандық тұрақсыздық дәуіріндегі діни құндылықтарға негізделген дипломатия» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысу жөнінде И.Әл-Кетбиге ресми шақыру хатты табыстады.Шақыру үшін алғыс білдірген И.Әл-Кетби алдағы іс-шараға қатысатынын растады және қазақстандық сарапшылық әрі ғылыми-талдамалық институттармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1250877?lang=ru
701.01 нысаны туралы 13.07.2026
2026 жылы мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу мен төлеу, сондай-ақ 701.01 нысанын ұсыну міндетті есептелген мүлік салығының сомасы 300 АЕК-тен (2026 жылғы АЕК – 4325 теңге болғанда 1 297 500 теңге) асқан жағдайда жеке кәсіпкерлерде (оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатындарды қоспағанда) және заңды тұлғаларда туындайды.Салық төлеушілердің өзге санаттары үшін 2026 жылы мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу мен төлеу, сондай-ақ 701.01 нысанын тапсыру міндеті алып тасталды.Есептік сома салық кезеңінің басындағы бухгалтерлік есепте көрсетілген салық салу объектілерінің баланстық құнын салық мөлшерлемесіне көбейту арқылы айқындалады.2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 512- бабына сәйкес жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу және төлеу тәртібі алып тасталды. Осыған байланысты жер салығы бөлігінде 701.01 салық есептілігі нысанын ұсыну міндеті жойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1250886?lang=ru
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Парламент депутаттары, сыртқы саяси ведомство қызметкерлері мен қоғам өкілдерінің, қатысуымен өтті.Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қоғамдық кеңестің қоғам сенімін нығайтудағы және мемлекеттік басқарудың ашық жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ қазақ дипломаты 2025 жылғы министрліктің қызмет қорытындыларын таныстырып, инвестиция тарту, қоғамдық дипломатияны дамыту, консулдық қызметті жетілдіру және халықаралық-құқықтық ынтымақтастық бағыттарындағы нәтижелерге тоқталды.Қазақстан азаматтарын шетелде қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуі кезеңінде министрлік пен шетелдегі мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Израильден, Ираннан, Газа секторынан, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардан 1913 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері елге қайтарылды.Іс-шара барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Сыртқы істер министрлігі мен Парламенттің халықаралық келісімдерді ратификациялау бағытындағы бірлескен жұмысының нәтижелерін жоғары бағалады. Парламенттің төртінші сессиясы аясында Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік, Қытай Халық Республикасымен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, сондай-ақ Тәжікстан Республикасымен одақтастық қатынастарды нығайту туралы заңдарды қоса алғанда, жеті заң қабылданды.Сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Өңірлік орталығының қызметін қамтамасыз ететін заңдардың қабылдануы ерекше атап өтілді. Бұл Қазақстанның көпжақты дипломатияның өңірлік орталығы ретіндегі ұстанымын нығайта түседі.Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Сыртқы істер министрі орынбасарының баяндамасын бірауыздАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-pretoria/press/news/details/1255164?lang=ru
Қазақстан мен Әзербайжан Сыртқы істер министрлері стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады 13.07.2026
Астана, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясындағы ынтымақтастықты және 2026 жылғы қазанда Баку қаласында өтетін АӨСШК Саммитіне дайындық барысын талқылады.Министрлер саяси диалогты кеңейтуге және сауда мен инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ басқа да басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1250870?lang=ru
«Маңғыстау облысы әкімінің аппараты» ММ Ішкі аудит қызметінінің 2025 жылға жоспарлы жұмысын бағалаудың қорытындысы туралы 13.07.2026
«Маңғыстау облысы әкімінің аппараты» ММ Ішкі аудит қызметі (бұдан әрі - ЖАО ІАҚ) қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Мемлекеттік аудит органдарымен өзара іс-қимыл басқармасымен Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі - ІМАД)  және Маңғыстау облысының полиция Департаменті қызметкерлерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді.Кеңесте ЖАО ІАҚ жоспарлы бағалау қорытындылары, сондай-ақ аудиторлық іс-шара материалдарына жүргізілген сапа бақылауы мәселелері қарастырылды.Объектілерді сапалы алдын-ала зерделемеу, тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу тұрғысынан олардың қызметін талдаудың толық болмауы, сондай-ақ мемлекеттік аудит жүргізудің Стандарттары мен Қағидаларының жекелеген талаптарын сақтамау негізгі проблемалар мен жүйелі кемшіліктер болып табылады.Ішкі аудит қызменінің жұмысын бағалау қорытындысын ескере отырып, Комитетпен аудиторлық қызмет нәтижелілігінің сапасын арттыруға, ақпараттық дерекқорларға қол жеткізуді қамтамасыз етуге, Аудит жөніндегі кеңестердің рөлін күшейтуге, тексеру қамтуларын кеңейтуге, сондай-ақ оларды жүргізудің электрондық форматын пайдалануға бағытталған ұсынымдар әзірленді және берілді.Комитет ІАҚ қызметін үйлестіруді, оның ішінде әдістемелік және консультациялық көмек көрсетуді жалғастыратын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvga/press/news/details/1250818?lang=ru
«Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы ТОП-5 сұрақ 13.07.2026
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңының қолданылу саласы?Жауап: Осы Заң дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматының төлемге қабілетсіз болуына байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады.Ал, кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмауына байланысты дара кәсіпкерлерде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасынмен реттеледі.Осы Заң азаматтардың банкроттықты қолдану рәсімдерінің қандай түрлерін көздейді?Жауап: Заңға сәйкес азаматтардың банкроттықты қолдану рәсімдерінің үш түрі көзделген:Соттан тыс банкроттық;Сот банкроттығы;Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.Борышкерге қатысты банкроттық рәсімдеріне кім бастамашылық жасай алады?Жауап: Барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі ғана бастамашылық (инициировать) ете алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты аталған рәсімдерді бастамашылық жасауға құқығы жоқ.Азаматтар соттан тыс банкроттықты қандай жағдайда қолдана алады?банктер,микроқаржыұйымдарыжәнеколлекторларалдындағыборыш5,5млн. теңгеден(1600АЕК)аспайтын кезде;банктер,микроқаржыұйымдары,коллекторларалдындағыміндеттемелер бойынша өтініш берілген күні қатарынан 12айішіндеөтеужоқ кезде;тіркелгенмүлік,оныңішіндеортақменшіктегі мүлік жоқ; 4. мерзімі өткен берешектібанкпенреттеужүргізілген кезде;банкроттық7жылбойықолданылмаған кезде.Сонымен қатар, заң жобасында ерекше жағдайлар қарастырылған: - АӘК алушылар 6 ай ішінде;- берешегі бес жылдан артық өтелмейтін азаматтар.Қандай табыс болған жағдайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру сотта қарыздарды төлеуге бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді (5 жылға дейін)? тұрақты табыс болған жағдайда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kyzylorda/press/news/details/1261309?lang=ru
Әскери жоғары оқу орнының 160-тан астам түлегі офицерлік қызметке кіріседі 13.07.2026
Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында жас офицерлердің салтанатты оқу бітіру рәсімі өтті.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, институт басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрам, Қарулы күштер ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.Жас лейтенанттарды Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтап, оларға Отанға адал қызмет ету, әскери антқа берік болу және Қазақстан армиясының үздік дәстүрлерін жалғастыру міндетін жүктеді.Салтанатты рәсім барысында 163 түлекке алғашқы офицерлік погон табысталды. Олардың ішінде ҰҚШҰ желісі бойынша білім алған үш түлек оқуын аяқтаған соң Қырғыз Республикасының Қарулы күштерінде қызметін жалғастырады.Биылғы жылдан бастап заңнамаға сәйкес, үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» әскери шені беріледі. Бұл атаққа Құрлық әскерлері әскери институтының үш түлегі – Ернар Әшімханов, Нұрдәулет Мұрат және Арман Ұндасынов ие болды. Оларға погондарды Астанада өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада Президент табыстады.Шараның көркін 100 домбырашыдан құралған ансамбльдің орындауындағы ұлттық күйлер аша түсті. Ал жас түлектердің офицерлік вальсі салтанатқа ерекше көңіл-күй сыйлады.Алдағы уақытта әскери институт түлектері Қазақстан Қарулы күштерінің бөлімдерінде қызмет атқарып, бөлімшелерді басқарып, жеке құрамды даярлау және жауынгерлік дайындықты жетілдіру ісіне өз үлесін қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250784?lang=ru
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы жаңартылды: салықтық міндеттемелер - салық органына бармай-ақ 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын жаңа Салық кодексіне сәйкес жаңартты. Енді дара кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар барлық негізгі салықтық рәсімдерді қашықтықтан телефон арқылы, кезексіз және артық құжаттарсыз орындай алады.Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бәрі қарапайым, ДК ретінде тіркелудің және салықтық есептілікті тапсырудың қажеті жоқ. Әрбір алған кірісі бойынша «E-Salyq Business» қосымшасында чек қалыптастыру жеткілікті.Әр айдың қорытындысы бойынша қосымша автоматты түрде кірістер тізілімін қалыптастырып, әлеуметтік төлемдерді есептейді. Төлемдер банктік қосымша арқылы жалпы 4% мөлшерлеме бойынша жүргізіледі (міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) - 1%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС) - 1%, әлеуметтік аударымдар (ӘА) - 1%, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) - 1%).Дара кәсіпкерлер үшін барлық кезеңдер бір қосымшада. «E-Salyq Business» арқылы:- ДК ретінде тіркелуге;- арнаулы салық режимін таңдауға;- чектерді қалыптастыруға және кірістерді есепке алуға;- 910.00-нысан бойынша салықтық декларацияны тапсыруға болады.Барлық іс-қимыл - мемлекеттік органдарға бармай-ақ.Жаңартудың мақсаты - салықтық міндеттемелерді орындауды оңайлату, қағаз құжат айналымын азайту және мемлекеттік қызметтердің электрондық форматта қолжетімділігін кеңейту.Арнаулы салық режимін қолданудың егжей-тегжейлі шарттары - ҚР Салық кодексінің 16-бөлімінде.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1252889?lang=ru
Smart Data Finance АЖ-салықтық әкімшілендіруді цифрлық трансформациялаудың жаңа кезеңі 13.07.2026
Smart Data Finance (SDF) ақпараттық жүйесі – салықтық және кедендік деректерді шоғырландыруға, өңдеуге және талдауға арналған мемлекеттік кірістер органдарының бірыңғай талдамалық платформасы.Жоба шеңберінде 13 функционалдық кіші жүйе, ішкі және сыртқы ақпараттық жүйелермен 107 интеграциялық өзара іс-қимыл, сондай-ақ мәліметтерді беру бойынша 12 сервис іске асырылды. Аталған сервистерге 36 мемлекеттік орган, екінші деңгейдегі банктер және өзге де ұйымдар қосылған. Өңделетін деректердің жалпы көлемі 2,3 петабайттан асады.Платформаның негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді шоғырландыруды, өңдеуді, сақтауды және талдауды қамтамасыз ететін Big Data технологиялары қолданылады. Осы деректер негізінде жеке және заңды тұлғалар үшін салық төлеушінің бірыңғай цифрлық бейіні қалыптастырылады. Бұл экономикалық қызмет туралы кешенді ақпарат алуға, салықтық тәуекелдерді басқаруды жетілдіруге және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Big Data технологияларын пайдалану тәуекелге бағдарланған тәсілді дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте бақылау тәуекелі жоғары операцияларға шоғырландырылады. Аталған тәсіл адал салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салық міндеттемелерін ерікті түрде орындау деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа сәйкес келеді.Платформаны практикалық қолданудың негізгі бағыттарының бірі ретінде экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалана отырып жүзеге асырылатын «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасы іске асырылды. Ақпараттық жүйеде пилоттық жобаға қатысушылардың өзара іс-қимылын автоматтандыруды, ҚҚС қайтару мерзімін 10 жұмыс күніне дейін қысқартуды (бұрын – 55 күн), сондай-ақ пилоттық жобаны 2026 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін заңнамадағы өзгерістерді қолдауды қамтамасыз ететін функционал іске асырылған.Салықтық, кедендік және өзге де мемлекеттік деректерді бірыңғай талдамалық платформада шоғырландыру салықтық тәуекелдерді айқындаудың жаңа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берді. Әртүрлі ақпараттық жүйелердің мәліметтерін салыстыру нәтижесінде бұрын қолжетімсіз болған салық төлеушілер қызметін бағалаудың қосымша талдамалық өлшемшарттары қалыптастырылды. Бұл түсімдерді төмендетіп көрсету және кассалық тәртіпті сақтамау фактілерін анықтауға, салықтық әкімшілендіру шараларын уақтылы қабылдауға және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдердің түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Жобаны іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Smart Data Finance ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша Мемлекеттік техникалық қызметтің сынақтарынан сәтті өтіп, ақпаратты қорғау жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкестігін және пайдалануға дайын екенін растады.Smart Data Finance мемлекеттік кірістер органдарының ведомствоаралық өзара іс-қимылын дамытуды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрлық трансформациялауды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық негізді қалыптастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1250757?lang=ru
Гаджеттерді әкелудің жаңа тәртібі: декларациялау кезінде IMEI-кодты көрсету міндетті 13.07.2026
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мобильді құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу ережелерінің өзгергені туралы хабарлайды.2026 жылғы 19 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының № 34 Шешімімен бекітілген өзгерістер өз күшіне енді. Бұдан былай жеке пайдалану үшін девайстарды әкелетін жеке тұлғалар кедендік құжаттарда олардың бірегей халықаралық идентификаторын тіркеуге міндетті.Азаматтар нені білуі керек?Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру кезінде ұялы байланыс құрылғыларына қатысты «Тауардың атауы және оның сипаттамасы» деген бағанда IMEI-код міндетті түрде көрсетілуі тиіс.Бұл талап гаджеттердің келесі санаттарына қолданылады:Смартфондар мен ұялы телефондар;Ұялы байланыс қолдауы бар планшеттер;Жылжымалы байланыс желілерін пайдаланатын және жеке IMEI-коды бар кез келген басқа да құрылғылар.Бірегей кодты көрсету байланыс және кедендік реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техниканы кейіннен сәйкестендіру және тексеру (верификациялау) үшін қажет.Тәуекелдер мен жауапкершілікКедендік декларациялау кезінде толық емес немесе анық емес мәліметтерді ұсыну ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілік шараларына әкеп соғатынына назар аударамыз.Шекарада кідірістерді болдырмау үшін азаматтарға әкелінетін гаджеттің IMEI-кодын (ол қорапта, корпуста немесе құрылғының баптауларында көрсетіледі) алдын ала біліп алу және оның жолаушылар кедендік декларациясына дәл енгізілуін қамтамасыз ету ұсынылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1250736?lang=ru
Ақтөбеде жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістері талқыланды 13.07.2026
        2026 жылғы 30 маусымда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп Mybuh.kz "халық бухгалтері" ақпараттық-түсіндіру акциясы аясында бизнес өкілдері, бухгалтерлік қоғамдастық және салық төлеушілер үшін ашық семинар өткізді.       Іс-шара Мемлекеттік кірістер органдары мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогтың кезекті алаңына айналды. Оның негізгі міндеті-салық төлеушілерге салық заңнамасының жаңалықтарын түсінуге көмектесу, жаңа Салық кодексін қолданудың ең өзекті сұрақтарына практикалық түсініктемелер мен жауаптар алу.       Семинар барысында қатысушыларға салық заңнамасындағы негізгі өзгерістер, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және Мемлекеттік кірістер комитетінің заманауи цифрлық құралдары туралы егжей-тегжейлі айтылды. Электрондық сервистерді дамытуға, салық төлеуші кабинетінің жаңа мүмкіндіктеріне, электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне, сондай-ақ салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге және салық есептілігін автоматтандыруға бағытталған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды.     Семинардың тәжірибелік бөлігі ашық талқылау форматында өтті, онда қатысушылар кәсіпкерлік қызметті жүргізу барысында туындайтын нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қойып, мемлекеттік кірістер органдарының мамандары мен шақырылған сарапшылардан қажетті түсініктемелер алды.      Мұндай іс-шараларды өткізу салық сауаттылығын арттыруға, жаңа Салық кодексінің нормаларын біркелкі түсінуді қалыптастыруға және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1250720?lang=ru
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды 13.07.2026
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады.Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген басқа да заңды тұлғалар іріктейді. Үміткерлер мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жіберуі қажет:1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттың қағаз нұсқасын мына мекенжай бойынша тапсыру қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі. Электронды нұсқа daryn2026kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін). «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының қағидасыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1250698?lang=ru
Францияда қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын іздестіру жұмыстары жалғастырылды 13.07.2026
Страсбург, Нанси, Мец, 2026 жылғы 28-29 маусым – Франция өңірлеріне жұмыс сапары аясында Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Академиялық пальма орденінің кавалері Гульнара Мендикулова Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың тағдыры мен жерленген орындарын анықтауға бағытталған кешенді ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді.Жұмыс, Страсбург қаласының Оңтүстік зиратында басталып, онда Қазақстан тумалары болуы ықтимал екі кеңестік сарбаз жерленген орындары анықталды.Зерттеудің келесі кезеңі Нанси қаласындағы Мёрт және Мозель департаменттік мұрағаттарында жүргізілді. Профессор Г.Мендикулова Франция аумағында қаза тапқан Қазақ КСР әскерлердің мұрағат қорларын, картотекаларын және жеке істерін зерттеді. Мұрағаттық құжаттарды талдау қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындары туралы деректерді нақтылауға, сондай-ақ іздестіру жұмыстарының бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.Жұмыс соңында профессор Г.Мендикулова Мёрт және Мозель департаменттік мұрағаттарының директоры Савье Лоран және мұрағатшы Жюли Денанмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Г.Мендикулова зерттеу жұмыстарына көрсеткен қолғабыс пен тарихи құжаттарға қол жеткізу мүмкіндігі үшін француз әріптестеріне алғыс білдірді. Тараптар қазақстандық әскери қызметшілердің тағдырларын анықтау және Францияны азат ету жолында қаза тапқан жауынгерлердің есімін ұлықтау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендіктерін растады. Зерттеу жұмысы сондай-ақ, Мец қаласындағы (Мозель департаменті) Шамбьер әскери қорымда жалғасты, мұнда кеңестік әскери жерленімдер орналасқан. Атап айтқанда, ү.ж. мамыр айында ҚР Франциядағы Елшісі Г.Арыстанкулова бастаған қазақстандық делегация бұл жерде кеңестік бауырлас зираттарда жерленген қазақстандық жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым еткен болатын.Сапар барысында профессор Г.Мендикулова Ле-Петан әскери қорымға барып, Францияның Ардагерлер істері және соғыс құрбандары жөніндегі ұлттық басқармасымен (ONaCVG) ынтымақтастық нәтижесінде қазақстандық азаматтардың жерленген орындары туралы деректерді нақтылау жұмыстарын жалғастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1250688?lang=ru
Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Қытайда өткен турнирде қола жүлдеге ие болды 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі лейтенант Аян Тұрсын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасында ушу-саньдадан өткен халықаралық турнирде қола жүлдені жеңіп алды. Жарыс Қытай Халық Республикасының Аньлу қаласында өтті.Турнир қорытындысы бойынша лейтенант Аян Тұрсын үшінші орынға ие болып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің намысын лайықты қорғап, қазақстандық әскери спортшылардың жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.Аян Тұрсын спорттық жолын олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондомен айналысудан бастады. Кейін аралас жекпе-жекке ауысып, өз мүмкіндігін толықтай жүзеге асыра білді.Лейтенант Аян Тұрсын – «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Спорттық мансабы барысында республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.Оның жетістіктері қатарында әуесқойлар арасындағы ММА бойынша Қазақстанның VI чемпионатындағы жеңісі, ММА-дан Азия чемпионатының күміс жүлдесі, ушу-саньдадан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы атақтары бар. Сонымен қатар, ол таэквондо, ушу және жекпе-жек түрлері бойынша спорт шебері.Он жылдан астам уақытқа созылған спорттық мансабында Аян Тұрсын түрлі деңгейдегі 56 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 25 алтын, 16 күміс және 15 қола медаль бар. Бұл жетістіктер – көп жылғы табанды еңбектің, жоғары тәртіптің және спорт пен әскери борышқа деген адалдықтың нәтижесі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250674?lang=ru
Үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуді дайындау 13.07.2026
Қазақстан–Израиль Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының қызметін жандандыру мақсатында ағымдағы жылдың 8 маусымында Комиссияның тең төрағалары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Израиль Мемлекеті Қаржы министрлігінің министрі Зеэв Элькиннің онлайн кездесуі өтті.Кездесудің негізгі тақырыбы биыл Израильде, алдын ала қараша айына жоспарланған Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық мәселелері болды.Тараптар екіжақты байланыстардың жоғары қарқыны мен мазмұнды сипатын атап өтті. Атап айтқанда, Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саардың өкілді бизнес-делегациямен бірге Астанаға жасаған жуырдағы сапары, сондай-ақ инновациялар, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларындағы жетекші мемлекеттік агенттіктер мен компаниялардың басшыларын бастап келген Израиль Президенті Ицхак Герцогтың сапары ерекше аталып өтті.Екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейту, сондай-ақ цифрландыру, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және басқа да басым бағыттардағы бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Тараптар Үкіметаралық комиссия екіжақты күн тәртібін ілгерілетудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылатыны жөнінде ортақ пікірге келді.    Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tel-aviv/press/news/details/1250679?lang=ru