Саясат
Биыл Жетісу облысында 88 денсаулық сақтау нысан іске қосылу жоспарланған 11.01.2025
Биыл Жетісу облысының денсаулық сақтау саласында 88 нысан ашу жоспарланған, соның 59-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында, 20-сы блокты-модульді нысан, 9-ы – жаңа құрылыс, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәселен, өткен жылы жылы Жетісу облысында 26медициналық нысан, соның ішінде 24 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 250 келушіге арналған емхана пайдалануға берілген болатын. Ал биыл 88 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр.Өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартумен қатар салаға кадрлар тартуға да көп көңіл бөлініп, өткен жылы қалалық және ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге тиісінше 5 және 10 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беру жүйесі республикада алғашқы болып Жетісуда енгізілген еді. Соның нәтижесінде 2024 жылы облыстың медициналық мекемелеріне жұмысқа келген 75 дәрігерге біржолғы көтерме ақы берілді. Атап өтсек, бұл мамандардың 24-і ауылдық жерлерге, 51-і облыс қалаларының медициналық мекемелеріне жұмысқа келді. Оның ішінде жалпы практика дәрігерлері, хирург, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, терапевт, иммунолог,травматолог, химиотерапевт, нарколог, психиатр, неонатолог, онколог, инфекционист, патологоанатом, рентгенолог, невропатолог, гематолог, нейрохирург, дерматовенеролог, УДЗ дәрігері, генетик мамандары бар.Облысқа жұмыс істеуге келген дәрігерлердің қатарында Көксу ауданының тумасы, жас маман Жадыра Бақытқызы да бар.- С. Асфендияров атындағы Қазақ медицина университетін тәмамдаған соң жолдамамен Талдықорған қаласындағы көп салалы ауруханаға өткен жылдың қыркүйек айынан жұмысқа тұрдым. Үш айлық сынақ мерзімінен кейін жаңадан келген кадр ретінде белгіленген бір реттік көтерме ақыны алдым. Бұл мен секілді жас мамандар үшін - үлкен көмек. Аурухананың материалдық-техникалық базасы, заманауи құралдармен жабдықталуы сапалы қызмет көрсетуге үлкен септігін тигізіп отыр, - деді акушер-гинекологЖадыра Бақытқызы.Сондай-ақ өткен жылы неғұрлым сұранысқа ие бейіндік мамандықтар бойынша кадрлар тапшылығын төмендету үшін резидентураға оқуға 69 дәрігер түсті, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 162,7 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді.Жәнетәжірибе алмасу үшін мамандар шетелдік клиникаларға біліктілігін арттыруға жіберіледі, бұл ретте 2024 жылы 10 маман Германияның Дюссельдорф қаласындағы клиникаларда тағылымдамадан өтті. Оған қоса денсаулық сақтау мамандарына қосымша білім беру жоспарына сәйкес 614 медицина қызметкері акушерлік және гинекология, балалық кезең, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, онкологиялық, кардиологиялық, туберкулез және патологиялық қызметтер және денсаулық сақтау сияқты басым бағыттар бойынша оқудан өтті.Тағы бір атап өтерлігі, шалғай ауылдарға сапарлайтын «Саламатты Қазақстан» арнайы медициналық пойызы өткен жылы 2,5 мың рет қызмет көрсетсе, биыл көрсетілетін медициналық қызметпен 4 мыңнан астам халықты қамту жоспарланған.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/916298
Жұмысшы мамандықтарының жылы: биыл Жетісу облысының колледждерінде 14 жаңа мамандық ашылады 11.01.2025
Ел Президентінің жұмысшы мамандықтар жылы жөніндегі бастамасы аясында Жетісу облысындағы колледждерде сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, өңірде «Жаңа мамандықтар атласы» бекітілді. Онда еңбек нарығы мен өңірдің экономикасын дамыту талаптары ескеріле отырып, 5 негізгі бағытқа – ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм индустриясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика және жаңартылатын энергия көздері салаларына бағдарланған. Мәселен, өткен оқу жылында өңірдің 11 колледжінде 13 жаңа мамандық ашылса, биыл тағы 14 мамандық ашылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.- Жетісу облысында техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту, сапасын арттыру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру бағытында жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Сондай-ақ, «Жаңа мамандықтардың өңірлік атласы» әзірленді. Облыс экономикасында басымдық берілетін 5 салаға талдау жүргізіліп, жаңадан пайда болған, өзгерген, жойылып бара жатқан және аса тапшы кәсіптер анықталды. Экономика салаларының басым бағыттарына білікті мамандарды даярлау үшін 2024-2025 оқу жылында облыста 240 білім беру бағдарламасы әзірленді. Биылғы оқу жылында өңірдің 11 колледжінде сұранысқа ие 14 жаңа мамандық ашылды. Гидротехникалық мелиорация, Автоматтандырылған өндіріс жүйелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мехатроник, хаус-шебер, техник-жобалаушы (сәулет), орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру т.б. кәсіп иелері. Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 475 млн. теңгеден астам қаржы бөлінгенін, ал биыл тағы 488 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.Жаңа мамандықтарды ашып отырған оқу орындарының бірі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжі.- Біздің колледжде 1 мың жарымнан астам студент 11 мамандық бойынша білім алуда. Бүгінге дейін біз ашқан жаңа мамандықтардың ішінде «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы», «BIM техниктер» бар. Бұлар «Өңірлік жаңа мамандықтар атласына» енгізілген. Ал биыл мехатроника мамандығын ашып, электорника, робототехника, 3D басып шығаруды оқытамыз. Осыған байланысты екі ІТ компаниямен келісімдеріміз бар, - деді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Шыңғыс Нұрғожаев. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасының деректері бойынша, өңірдің кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 15 колледжде 80 кәсіпорынның өтінімдеріне сәйкес 25 мамандық бойынша 809 адамды нысаналы даярлау жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар келісімшарт негізінде оқуды бітіргеннен кейін студенттерді міндетті түрде жұмысқа алады. Осы ретте өңірде 15 колледж дуальды оқытуды жүзеге асыруда.Жетісу облысында жалпы саны 27 колледж жұмыс істейді, соның 21-і мемлекеттік, 6-ы жекеменшік. Оларда осы оқу жылында 13 901 адам білім алса, оның 10 155-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, яғни тегін оқытылуда. Мемлекеттік тапсырыстың көп бөлігі техникалық мамандықтарға, яғни IT, құрылыс, инженерия, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығына бағытталған. Жалпы оқу орындары ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, құрылыс, машина жасау, сондай-ақ техникалық, педагогикалық, заң, экономикалық, медициналық бағыттар бойынша 70 мамандық және 113 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/916287
Астанада түнгі ауысымдағы қар тазалауға 1300-ден астам арнайы техника шығарылды 11.01.2025
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастыруда. Түнгі ауысымға, яғни 10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні қар тазалауға 1300- ден астам арнайы техника мен 300-ден астам жол жұмысшылары жұмылдырылады ,деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Күні бойы 50 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 3685 рейске тең.Қыс мезгілі басталғалы қаладан 2.8 млн жуық текше метр қар 213 558 ауыр жүк рейсімен шығарылды.Ең алдымен, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/916285
Степногорск қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды 10.01.2025
Степногорск қаласында аймақтың денсаулығын нығайту мен спортты дамыту үшін маңызды нысан болып табылатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері және спортшылар қатысты.«AN Groups» ЖШС директоры, мердігер Дархан Шотабаевтың айтуынша, аумағы 2 600 шаршы метрден асатын жаңа кешен екі блоктан тұрады. Бірінші блокта волейбол мен мини-футбол секілді ойын спорт түрлеріне арналған көпфункционалды зал орналасқан. Екінші блокта тренажер залы, фитнес, сауықтыру дене шынықтыруы, күрес және боксқа арналған бөлмелер бар. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта жасауға ерекше көңіл бөлінген.Шарада Марат Ахметжанов спорт орталығының ашылуы өңір үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.«Біз спорттың әр адамға, балалардан бастап қарттарға дейін қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Мұндай нысандар – тек жаттығу орындары ғана емес, сонымен қатар қоғамды біріктіретін, жастарды шабыттандыратын және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін алаңдар. Степногорск спорттық дәстүрлерімен танымал, мұнда чемпиондарды тәрбиелеу қажет. Бұл кешен қаланың мақтанышына айналып, халыққа ұзақ жылдар қызмет етеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.Ашылу аясында спорттық командалардың көрсетілімдері және кешен бойынша экскурсия өтті. Орталық халық үшін ашық және барлық жастағы тұрғындарды қабылдауға дайын. Мұнда ауыр атлеттер, боксшылар, балуандар және балалар футбол командасы жаттығуларын бастап кетті.«Жаңа спортзал ұнайды, футбол алаңы ыңғайлы. Біздің команда Көкшетау, Астана және Қарағанды қалаларында өткен жарыстарға қатысты. Біз чемпион болуды армандаймыз сондықтан қарқынды жаттығатын боламыз», – деді степногорлық футболшылардың капитаны Максим Атамась.Айта кетейік, бұл жоба спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған облыстық бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Жаңа кешен аймақтық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге арналған алаңға айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/916289
Марат Ахметжанов Степногорск көпсалалы ауруханасының жаңғырту қарқынын бағалады 10.01.2025
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Степногорск көпсалалы ауруханасына барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Медициналық мекемені жаңарту пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.Аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Тоқтар Қонырбаевтың айтуынша, мердігер ұйым ішкі әрлеу жұмыстарын толық аяқтап, инженерлік коммуникацияларды жаңартқан. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аурухана пациенттерге денсаулық сақтау стандарттарына сай емделу жағдайын ұсынады.Ауруханада тәулік бойы жұмыс істейтін 246 төсек-орын және күндізгі стационарға арналған 24 төсек-орын бар. Бұл медициналық мекемеде Степногорск қаласының және жақын маңдағы елді мекендердің 40 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмек алады. Болашақта пациенттер саны 162 мың адамға дейін артып, Бурабай, Ақкөл, Бұланды және Шортанды аудандарының тұрғындарын қамтиды деп күтілуде.Сапар барысында Марат Ахметжанов медициналық колледждің студенттерімен кездесіп, олардың кәсіби болашағы мен өңірдің денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын талқылады.Облыс әкімі Степногорск қаласының әкімдігіне және денсаулық сақтау басқармасына құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуді және қаржылық мәселелерді шешуді тапсырды.«Медициналық мекемелерді жаңғырту – бұл тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, бұл – өңір тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатына қосылған маңызды үлес. Осы жобаны іске асыру қала тұрғындарын заманауи әрі сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша қойған міндеттеріне толық сәйкес келеді», – деп қорытындылады М. Ахметжанов. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/916291
Степногорск қаласының Тау-кен техникалық колледжі 30 жылдан астам уақыт бойы жұмысшы кадрларды даярлап келеді 10.01.2025
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Степногорск қаласындағы Тау-кен техникалық колледжіне барды. Аймақ басшысы колледждің зертханаларының жабдықталуымен танысып, оқытушылармен, өндірістік оқу шеберлерімен және студенттермен әңгімелесті.Зертханалардың өндірістік жағдайға жақын жабдықтары «Жас маман» бағдарламасы аясында және әлеуметтік серіктестердің қаржысы есебінен сатып алынған. Мәселен, 2022 жылы «АК Алтыналмас» АҚ студенттерді даярлау үшін зертханалық жабдықтар ұсынған.«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізіп, жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарға берілетін жеңілдіктерді кеңейтеді. Колледж түлектеріне жоғары білім алғысы келсе, атаулы гранттар береміз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.Колледж директоры Елена Тарасованың айтуынша, оқу орнында 10 мамандық бойынша шамамен 500 студент білім алуда. Олардың 40%-ы мақсатты келісімшарттар негізінде кейінгі жұмысқа орналасумен оқиды, ал 146 студент дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда.«Біздің мақсатымыз – еңбек еткісі келетін және өз еңбегінің пайдасын түсінетін маман даярлау. Колледж түлектерінің үштен бірі жоғары білім алады, ал 80%-дан астамы еш қиындықсыз жұмыс табады. Бұл оқу орнындағы дайындық деңгейінің жоғары екенін және жұмысшы мамандықтарының сұранысқа ие екенін көрсетеді», – деп атап өтті Елена Тарасова. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/916292
Алға ауданында 23 отбасы үйлі болды 10.01.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген көлемді сұхбатында 2025 жылы мемлекет тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыратынын, 2029 жылға дейін республика бойынша кезекте тұрғандарға жыл сайын баспана берілетінін атап өткен болатын.Алға ауданында Президент тапсырмалары сәтті жүзеге асуда. Жаңа 2025 жылда баспана кезегінде тұрған 23 отбасы үйлі болды. Оның 19-ы- Алға қаласынан, қалғаны - Маржанбұлақ ауылынан берілді.Аудан басшысы Асланбек Шүйіншәлиев жаңа баспана иелеріне кілттерді салтанатты жағдайда табыстап, қуаныштарымен құттықтады.«Баршаңызды осындай көптен күткен қуанышты күнмен құттықтаймын. Әрбір шаңыраққа бақ-береке тілеймін. Айтып өтерім, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың арқасында біз алдымызда тұрған барлық міндеттерді орындап келеміз. Алға ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін тұрғындардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, аудандағы тұрғын үй кезегіне тіркелген көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек жандар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды баспаналы ету мәселесі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізумен қатар, көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне берумен шешіліп келеді», - деді аудан әкімі өз сөзінде.Алға қаласының Есет батыр көшесінде орналасқан №22 үй республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен реконструкциядан өткізілді. Ол жұмыстарды ЖК «Н.Мұратбаев» аяқтап бітірді.Ал Маржанбұлақ ауылындағы төрт үйді аудан әкімшілігі сатып алып беру тетігімен іске асырды.Айтып өтейік, ауданда баспана кезегінде 1641 адам тұр. Соңғы рет, 2023 жылы 60 пәтерлі жаңадан салынған үй пайдалануға берілген еді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/915855
Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды 10.01.2025
Бүгін Ақтөбеде ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға арналып, оның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылды. Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысып, белгілі ғалымды еске алды. Ол марқұмның жары Гүлжан Сүйінбайқызына және отбасына ғалым еңбектерінің зерттелуіне және дәріптелуіне өңір әкімдігінің әрдайым қолдау білдіретіндігін жеткізді. Осы шараға атсалысқан ел азаматтарына алғысын білдірді. «Осыдан 3-4 жыл бұрын Амангелді Әбдірахманұлы «Түйетөбенің» басында сөйлеген сөзінде: «Жалпы, азаматты еске алу, тек қана жылап-сықтау емес, оның елге деген махаббатын, сіңірген еңбегін дәріптеу, бағалау» деп атап өткен еді. Бұл ескерткіш тақта – болашақ ұрпаққа Амангелді Айталыны тануға, білуге және ұмытпауына себепкер болады деп ойлаймын», - деді ол.Ескерткіш тақтаны философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан мен Амангелді Әбдірахманұлының немересі Ақсұңқар ашты. Жиынға сондай-ақ, ішкі саясат және мәдениет басқармасының өкілдері, ақсақалдар, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет ғалымдары қатысты. Елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Амангелді Әбдірахманұлы 1939 жылы 10 қыркүйекте Астрахан облысы Володар ауданы Болдырево ауылында дүниеге келген. 1959-1964 жылдары Атырау мемлекеттік педагогикалық инситутын, 1964-1967 жылдары бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік иниститутының аспирантурасын тәмамдаған. Еңбек жолын 1959 жылы Марфин ауданы Қызылтаң ауылының мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Өзінің саналы ғұмырында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде доцент, профессор және басшылық қызметтерді атқарған. 1999-2007 жылдары екі мәрте Парламент мәжілісінің депутаты, 2007-2010 жылдары Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, 2010 жылдан Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдылық әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі қызметін атқарып келді. Профессор Амангелді Айталы «Құрмет белгісі» (1986), «Парасат» (2001), III дәрежелі «Барыс» (2015), II дәрежелі «Барыс» (2021) ордендерімен, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі медальдарымен марапатталған. Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/916091
Алматыда агродрондарды басқару бойынша оқыту орталығы ашылды 10.01.2025
ҚазҰАЗУ-да Қытай аграрлық университетімен және EAVISION компаниясымен бірлесіп ауыл шаруашылығы дрондарын басқару бойынша Қазақстан-Қытай зерттеу және оқыту орталығы ашылды.«Орталықтың басты мақсаты - студенттерді ауыл шаруашылығының түрлі салаларында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға үйрету, сондай - ақ мониторинг, картаға түсіру, қоршаған ортаны зерттеу бойынша зерттеулер жүргізу және жаңа технологияларды енгізу», - деді орталықтың ашылуында ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-ректоры Ақылбек Күрішбаев.ҚазҰАЗУ Қытайдың 40-тан астам жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдарымен және компанияларымен белсенді ынтымақтасады. Тек 2024 жылы ғана университетте кадрлар даярлау үшін қытайлық серіктестермен бірлесіп су шаруашылығы, ландшафтық сәулет, ветеринария, зооинженерия, азық-түлік қауіпсіздігі және т. б. салаларда мамандар даярлау жөніндегі халықаралық орталықтар мен зертханалар ашылды.Атап айтқанда, Қытай аграрлық университетімен және DAYU Irrigation Group компаниясымен бірлесіп су ресурстарын ақылды басқару үшін құрғақ аудандарда жоғары тиімді су пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасы құрылды. DAYU irrigation Group компаниясы 1 млн доллардан астам сомаға құралдармен жабдықтарды, суды есепке алу аспаптарын және зертхананы жарақтандыруды инвестициялады, нәтижесінде Алматы облысындағы Шелек өзенінде суды есепке алудың цифрлық технологиялары енгізілді, суарудың әртүрлі технологиялары модельденді.Ланчжоу университетімен бірлесіп Қазақстанға озық технологиялар трансфертін қамтамасыз ететін Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы құрылды. Орталық аясында үш ғылыми зертхана мен үш платформа құрылуда.Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінің аумағында агродрондарды жинауды жүзеге асыратын Sunkar eavision International LLP бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорны құрылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/915928
Ақтөбе облысында шамамен 600 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды 10.01.2025
Ақтөбе облысы Жер ресурстарын басқару департаменті ҚР АШМ ЖРБК Мартөк ауданындағы шаруа қожалығына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.Тексеру нәтижесінде, ауданы 592 га болатын егістікке арналған жер телімі бірнеше жыл бойы пайдаланылмағаны анықталды.Жер учаскесі иесіне заңбұзушылықтарды жою және жерді игеру туралы міндетті нұсқама берілді. Алайда, нұсқамада көрсетілген талаптар орындалмағандықтан, департамент Мартөк аудандық соты арқылы шаруашылыққа 70 АЕК көлемінде айыппұл салды.Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің жерді мәжбүрлеп қайтарып алу туралы талап-арызын қанағаттандырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/916138
ҰАҒББО-да селекция мен тұқым шаруашылығының дамуы талқыланды 10.01.2025
ҰАҒББО-да өткен кеңесте селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың, 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қатыстыы сұрақтар талқыланды. Оған еншілес ұйымдардың басшылары және тәжірибелі агрономдар қатысты.Қатысушылар агрономиялық тәжірибелерді Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарына бейімдеуге, егіс науқанын жүргізуге, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар өзекті тақырыптарды қарастырды.Іріктеу саласындағы түйткілді мәселелер де айтылды. «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» Басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев шетелдік сорттарды ақылы негізде сынақтан өткізуді ұсынды, өйткені бүгінгі таңда комиссияға енгізілген сорттардың шамамен 75-80 пайызы шетелдік сорттар. Соның арқасында материалдық-техникалық база мен жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік пайда болады.Жиын барысында 2024 жыл бойынша «А.И. Бараев атындағы АСШО» командасының жетістіктері туралы айтылды. Орталықтың агрономдары Ақмола облысының аудандарында мониторинг жүргізіп, жалпы көлемі 2600 гектардан астам аумаққа жаңа тәжірибелік технологияларды енгізу үшін жеті ауыл шаруашылығы субъектісін таңдады. Сондай-ақ аграрлық сектор субъектілеріне арналған бес оқыту семинарлары өткізілді.Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева тұқым шаруашылығы — ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасына тікелей әсер ететін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Алайда, Қазақстан әлі күнге дейін тұқым импортына тәуелді. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан Үкіметі 2024-2028 жылдарға арналған селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті, ол бәсекеге қабілетті сорттарды құру және тұқым өндіруде өзін-өзі қамтамасыз етуді арттыру үшін негіз болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/916158
«Әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі әкімшілік органдардың қызметін жүзеге асыру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасына пресс-релиз 10.01.2025
«Әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі әкімшілік органдардың қызметін жүзеге асыру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы (бұдан әрі – Жоба) Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 15-1-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінде жүйелілік пен құқықтық айқындылықты қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасында Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігін әзірлеуге және енгізуге бағытталған.Жобада құқықтық сенімділікті нығайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және оңтайландыру, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру көзделеді:Үкімет қаулысының жобасын қабылдау заңнаманы қолданудың бірыңғай стандарттарын белгілеуге, әкімшілік шешімдердің болжамдылығын арттыруға, әкімшілік практиканы жүйелеуге, сондай-ақ әкімшілік актілердің орындалуына мониторинг пен бақылауға ықпал етеді деп күтілуде.Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және (немесе) өзге де құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді.Жоба 2025 жылдың 10 қаңтарында ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15394659) мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/916235
«Іссапар қорытындысы» айдары 10.01.2025
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Жетісай қаласында шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесті.Биыл өңірде суару маусымы тұрақты өтіп, «Қазсушар» филиалы облыстың 274 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етті.Бұл туралы толығырақ «Іссапар қорытындысы» айдарымыздың кезекті санында көре аласыздар!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/916273
E-otinish порталы арқылы қалай өтініш беруге болады 10.01.2025
Бүгінде азаматтардың барлық өтініштерін бірыңғай қабылдау терезесі қағидаты бойынша "Е-otinish"ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.Әрбір адам осы жүйе арқылы мемлекеттік органдардың және басқа мекемелердің бірінші басшыларына жүгіне алады.Платформа өтініш берушілерге өтінішті қарау барысын бақылауға және дербес бақылауға мүмкіндік береді https://eotinish.kz/Жүйеге келіп түсетін барлық өтініштер мен сұрау салулар мемлекеттік органның өзі де, Бас прокуратура да қатаң есепте және бақылауда болады. Нұсқаулық:Авторизациядан өту және «Көрсетілетін қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасы бойынша өту (көрсетілетін қызметті алу үшін eotinish.kz сайтында тіркелген болуыңыз тиіс немесе бір реттік тіркелуіңіз тиіс).- Мемлекеттік органдарға өтініш беру.- Ұсынылған нысанды толтырыңыз.- Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының (ҚР ҰКО) ЭЦҚ өтінішіне қол қойылсын және мемлекеттік органға жіберілсін.- Орындалуын қадағалаңызАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/915920
Жаңа жылда жинақтаушы зейнетақыны арттыру жалғасын таппақ 10.01.2025
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтары көлемінің өсуіне, әлеуметтік өлшемдердің жыл сайын артуына және төлемдердің индекстелуіне байланысты жинақтаушы зейнетақысын жаңадан ала бастағандар мен алып жүрген азаматтардың «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту биыл да жалғасын таппақ.Бәрімізге белгілі, әрбір салымшының жинақтаушы зейнетақысы оның зейнетақы жарналары және жинақталған инвестициялық кірісі есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасына тікелей байланысты. Зейнет жасына толғанда немесе Әлеуметтік кодексте көзделген өзге де жағдайлар туындған кезде салымшы БЖЗҚ-дан тұрақты төлемдер ала бастайды.Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Әдістемеге сай, зейнетке шығатын азаматтарға ай сайын жасалатын төлем былай есептеледі: төлем ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы төлем зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - КД) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 46 228 теңге). Қордан берілетін төлемдердің ең жоғары мөлшері шектелмейді және алушының зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты.Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеп, зейнет жасына толған, олардың пайдасына жиынтығында кем дегенде алпыс ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдар сияқты белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың біреуінен артығын қанағаттандыратын адамдар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Жеке зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болғандықтан, олар азаматтық заңнамада көзделген жалпы тәртіппен мұраға да қалдырылады.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/915792
ТЖД бөлімшелері заманауи техникаға ие болды 10.01.2025
2024 жылы Абай облысы әкімдігінің қолдауының арқасында Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері заманауи техника мен жабдықтар алды.Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жедел-құтқару автомобильдері, жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, сондай-ақ инженерлік және сүңгуір жабдықтар сатып алынды. Олардың қатарына авариялық-құтқару құралдары, жылу тексеретін құрылғы (тепловизорлар), генераторлар, шынжырлы ара, кескіш және су астында іздеуге арналған жабдықтар кіреді. Техникалар қазірдің өзінде пайдаланылуда. Олар қиын жағдайларда құтқару операцияларын жүргізу үшін қолданылады.Сонымен қатар, құтқарушылар іс-қимылдарды үйлестіруге және төтенше жағдайларда уақытты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи байланыс құралдары мен техникаға ие болды.Халықты дер кезінде ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Семей қаласында ескерту жүйесін жаңғыртудың алғашқы кезеңінде телерадио хабарларын қабылдауға арналған жаңа қондырғылар орнатылды. Заманауи жүйе кез келген төтенше жағдай туралы ақпаратты тұрғындарға жедел жеткізуге, ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/916018
Абай облысы бойынша 2024 жылғы желтоқсандағы тұтыну бағасының индексі 10.01.2025
Облыс бойынша инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну баға индексі 2024 жылғы желтоқсанда өткен айға қатысты алғанда 100,9 % құрады. 2024 жылғы желтоқсанда облыс бойынша тұтыну бағасының индексі пайызбен 2024 жылғыжелтоқсан2024жылғы қаңтар- желтоқсан2023жылдың қаңтар-желтоқсанына2024 жылдыңқарашасына 2023 жылдыңжелтоқсанына Барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер100,9109108,7Азық-түлік тауарлары101,1106,5106,3Азық-түлік емес тауарлар100,7108,5106,9Ақылы қызметтер100,9113114,6 Азық-түлік тауарларыныңарасында 2024 жылғы желтоқсанда 2024 жылдың қарашасымен салыстырғанда жемістер мен көкөністер–4,2% (басты пияз–13,4%, ақ қауанды қырыққабат–1,4%, картоп–1,3%, қызылша–1%, сәбіз–0,6%, алма–0,5%), май және тоң май–1,7% (күнбағыс майы–3,2%, тұздалмаған сары май–1,3%), алкогольдік ішімдіктер–1,4%, сүт өнімдері–1,3% (қатты ірімшік–2,1%, қаймақ–1,4%, пәстерленген сүт–0,9%, айран (майлылығы 2,5%)–0,3%, сүзбе (майлылығы 5-9%)–0,1%), балық және теңіз өнімдері–1,3%, нан өнімдері–1,1% (бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны–4,3%, жоғары сұрыпты бидай ұны–0,4%), темекі өнімдері–0,8%, 1 санаттағы жұмыртқа, кондитерлік өнімдері –0,5%, шай–0,3%, күріш, макарон өнімдері–0,1% қымбаттағаны тіркелді.Қант–1%, жарма–0,1%(қарақұмық жармасы–0,2%, ұнтақ–0,1%) арзандай түсті.Азық-түлік емес тауарлардан сұйытылған газ (баллондағы)–9,3%, киім және аяқ киім–0,9%, үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсетуге арналған материалдары–0,4%, фармацевтикалық өнімдері–0,2%, бензин–0,1% қымбаттады.Жеке пайдалануға арналған тауарлар–0,2% арзандады.Ақылы қызмет бойынша ыстық су тарифтері–13,1%, тұрғын үйді жалға беру–3%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері–2%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметі–0,4% өсті.Әдіснамалық түсініктемелерИнфляцияның деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі (ТБИ) халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алған тауарлары мен қызметтеріне бағалардың өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығы 508 ұстанымды біріктіреді. Бағаларды тіркеу облыс орталығының және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір тобы бойынша меншіктің әртүрлі нысандарындағы сауда және қызмет көрсету салалары кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. Агрегаттау үшін қолданылатын салмақтау жүйесінің шығыс бөлігі өткен жылғы үй шаруашылықтарын зерттеу материалдары негізінде есептеледі. 2022 жылғы қаңтардан бастап ТБИ құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%-ды, азық-түлік емес тауарлар–30,2%-ды, ақылы қызметтер 29,1%-ды құрайды.www.stat.gov.kz/ ҚР өңірлерінің статистикасы/Абай облысы/Электрондық кестелер /Баға статистикасы Орындаушы:Ж. И. КорпешоваТел. +7 7222 36-27-25Баға статистикасы бөлім басшысы:Г.Т. ШакшановаТел. +7 7222 36-27-25Адрес:180000, Cемей қаласыМәңгілік ел көшесі, 25 © Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/916154
37%-ға дейін су үнемдеу: Су ресурстары және ирригация министрлігі мажарлық ылғал сақтайтын препаратты сынақтан өткізу нәтижесін жариялады 10.01.2025
Қазақстанда су үнемдеуге мүмкіндік беретін мажарлық препаратты сынақтан өткізудің алғашқы кезені аяқталды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасы бойынша сынаққа 4 ғылыми-зерттеу институты қатысты.Бұл Тараз қаласындағы «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», Қызылордадағы «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірбие станциясы» және «Аграрлық инновациялар институты». Сынақ барысында әр түрлі топта және климаттық жағдайда препараттың топырақты ылғалдандыруға әсері, аз мөлшерде суару жағдайында өнімділікті арттыру сынды зерттеу жүргізілді.Ғалымдар препаратты қолдана отырып күріш алаңында 37%-ға дейін су үнемдеуге болатынын мәлімдеді. Себебі, дәстүрлі әдіс бойынша күріш 90 күн бойы суарылады. Ал, ылғал сақтайтын препаратты пайдаланған кезде 51 күн суару жеткілікті. Қант қызылшасы алаңында 23,9%, жүгеріде 28,7%-ға дейін су үнемделген. Бұдан бөлек, сарапшылар өнімділік те артқанын айтады.«Сынақтың алғашқы кезеңі жақсы нәтиже көрсетті. Келесі кезекте үлкен көлемдегі егіс алқаптарында препараттың тиімділігін тексеру керек. Ол үшін шаруалармен кездесіп, сынақ нәтижесін көрсету керек. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, жыл өткен сайын суармалы суға сұраныс артып келеді және біздің дихандар заманауи су үнемдеу әдістеріне көшуге мүдделі»,- деді министр Нұржан Нұржігітов.Өз кезегінде мажарлық «Soil solution» компаниясының өкілдері шаруалар тарапынан үлкен сұраныс болса Қазақстанда препарат шығаратын зауыт ашуға ниетті екендіктерін мәлімдеді.«Біз бүгінгі таңда Қазақстанда өз өнімімізді шығаратын зауыт ашу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Осы арқылы жол шығынын азайтуға болады. Яғни, шаруалар үшін препараттың бағасы бірнеше есе арзандайды. Сондай-ақ, Қазақстанда жасалған өнім ретінде шетелге де экспорттауға болады»,- деді «Soil solution» компаниясының өкілі Даниел Репасси.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/915748
Астанадан бір түнде 3600 астам жүк көлігімен қар шығарылды 10.01.2025
Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Күн сайын қаладан ондаған мың текше метр қар шығарылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.10 қаңтарда күндізгі ауысымда қаланы қардан тазалау жұмыстарына 2600-ден астам жол жұмысшы мен 1700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түні қаладан 3600-ден астам ауыр жүк рейсімен 50 мың текше метр қар шығарылды.Қыс мезгілі басталғалы қаладан 2 740 222 текше метр қар 209 896 ауыр жүк рейсімен шығарылды.Ең алдымен, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/915847
2024 жылы Астана қаласының соты 4200 астам істі қарады 10.01.2025
Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Астана қаласы азаматтардың және бизнес өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, айқындылық, кәсібилік принциптері негізінде әкімшілік сот төрелігі жүйесін жетілдіруді жалғастыруда.«2024 жылы Астана қаласының соты 4223 істі қарады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 118 іске көп. Нәтижелерге сүйенсек, 2024 жылы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Шешім шығару арқылы аяқталған істер саны 1437-ге дейін өсті (2%-ға артты). Жүктеменің өсуіне қарамастан, сот өз жұмысының тұрақтылығы мен тиімділігін көрсетті. Істердің көптеп аяқталуы соттың құқықты жоғары қолдану белсенділігін және дауларды жедел шешуге ұмтылысын көрсетеді. Біз әрбір азамат пен кәсіпкердің өз құқықтары мен мүдделерін қолданыстағы заңнама шеңберінде тиімді қорғауына мүмкіндік беруге тырысамыз», – деп атап өтті Дамир Әбдіғалиев.2024 жылы істердің көп бөлігі кеден, салық және мемлекеттік сатып алу салаларындағы дауларға қатысты болды. Негізгі санаттар бойынша талаптардың қанағаттандырылу деңгейі жоғары болып қалды: кедендік даулардың 80,5%-ы, салықтық даулардың 68,6%-ы және мемлекеттік сатып алуларға қатысты даулардың 50,7%-ы қанағаттандырылды. Бұл нәтижелер әкімшілік сот төрелігі жүйесінің азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың сенімді құралына айналғанын көрсетеді.Соттың басты міндеттерінің бірі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) нормаларын түсіндіру. Сот заманауи коммуникация арналары арқылы құқықтық білімді кең аудиторияға қолжетімді ету үшін белсенді жұмыс жасауда.«2024 жылы Астана қаласының соты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бизнес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырды. Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Әкімшілік әділет пікірталас клубының отырыстары, зияткерлік меншік, салық және кеден даулары бойынша дөңгелек үстелдер және «ӘРПК: күрделі мәселелер туралы қарапайым тілмен» брошюрасының екінші бөлімін таныстыру болды»,- деді Дамир Әбдіғалиев. Астана қаласының соты әкімшілік сот төрелігі саласындағы көшбасшылардың бірі болып, мемлекет, азаматтар мен бизнес арасындағы оң тәжірибені қалыптастыруда.«Әкімшілік сот ісінің болашағы айқындылықта, кәсібилікте және қоғаммен тығыз байланыста деп санаймыз. Біздің мақсатымыз – әділ шешімдер мен түсінікті рәсімдер арқылы сот төрелігіне деген сенімді арттыру», – деп атап өтті Дамир Әбдіғалиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/915892