Саясат
«Qonaev Media»: Алматыда заманауи студиясы бар жаңа өңірлік телеарна іске қосылды 03.02.2026
Алматыда «Qonaev Media» телеарнасының жаңа кеңсесі мен заманауи студиясының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев арнайы қатысып, телеарнаның жұмыс барысымен танысты.Жаңа телеарна 2025 жылдың қыркүйек айында көрерменге жол тартып, қазіргі уақытта Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларын қамти отырып, республикалық деңгейде хабар таратып отыр.Салтанатты шара барысында телеарнаның техникалық мүмкіндіктері, жаңа студиялары мен жұмыстың атқарылу барысы таныстырылды. Өңір басшысы өз сөзінде жаңа телеарнаның ашылуы облыс үшін маңызды әрі тарихи оқиға екенін атап өтті.- “Бүгін біз өңіріміз үшін маңызды, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Өңірлік жаңа телеарнаның ашылуы – бұл тек бір медиа алаңның іске қосылуы емес, бұл – қоғамдық сананы қалыптастыруға, ашық диалог орнатуға және өңірдің дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Жаңа арнаның басты ұстанымы – шынайылық, жауапкершілік және халық мүддесіне адал қызмет болуы керек. Ақпараттық саясатта тепе-теңдік пен кәсібилікті сақтай отырып, көрерменге пайдалы әрі сапалы контент ұсынады деп сенемін.”– деді, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.Сондай-ақ цифрландыру дәуірінде «Qonaev Media» телеарнасы «Digital Sana» жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын енгізіп, отандық медиа кеңістігіндегі озық әрі жаңашыл арналардың қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.Өз кезегінде «Qonaev media» телеарнасының бас директоры Қымбат Хангельдина шынайы алғысын білдіре отырып, телеарна тарапынан өңірдің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған сапалы контенттер алдағы уақытта да жалғасатынын айтты: «Облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіремін. Ұжым мүшелері өңірдің дамуына өз үлестерін қосып ғана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарынан облысымыздың оң имиджін қалыптастыруды мақсат етуде. Одан бөлек, телеарна ұжымы сапалы әрі заманауи телевизиялық өнім әзірлеуге бағытталған ұзақ мерзімді жұмысты жалғастыруға ниетті», - деді, телеарна директоры.Айта кетейік, телеарна эфирлік, кабельдік, Smart TV және онлайн платформалар арқылы хабар таратып, өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді контент ұсынуға толық мүмкіндікке ие.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1153475?lang=kk
Алматы облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды 02.02.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өңір активімен кездесу өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы кеңінен талқыланды. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты.Кездесуді ашқан облыс әкімі негізгі мақсат – Ата Заң жобасында көзделген өзгерістерді жан-жақты талқылау екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды конституциялық реформа барысынан хабардар етіп, азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.Жиын барысында ағымдағы жылдың қаңтар айында еліміздің әр өңірі мен түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен құралған 130 адамдық Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылғаны айтылды. Комиссия азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды зерделеп, жаңа Конституцияның жобасын әзірлеген.Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Қуат Байғожаев реформаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына негізделгенін жеткізді. Оның айтуынша, бірпалаталы Парламент құру идеясы Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көтеріліп, саяси жүйені кешенді жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беруге бағытталған.Сондай-ақ аталған бастамаларды іске асыру мақсатында ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысқан жұмыс тобы құрылғаны айтылды. Азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы екі мыңнан астам ұсыныс жолдаған. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы өзгерістердің негізгі бағыттарын айқындады.Қуат Байғожаевтың сөзінше, Комиссия Конституцияның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізуді қарастырған. Бұл құжат мәтінінің 84 пайызын құрайды. Өзгерістер адамға бағдарланған мемлекеттік саясатты күшейтуге, қоғамдық құндылықтарды нығайтуға және саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіледі. Ел бірлігі, ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық негізгі құндылықтар ретінде айқындалған. Сондай-ақ әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері қамтылып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде танылады.Құжатта білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны, цифрландыруды дамыту және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау басты бағыттар ретінде көрсетілген. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастар нақты айқындалып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталады. Неке ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде белгіленген.Негізгі жаңашылдықтардың қатарында 145 депутаттан тұратын, пропорционалды жүйе бойынша бес жыл мерзімге сайланатын бірпалаталы Парламент – Құрылтай құру, заң шығару бастамасы құқығы бар жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтын Вице-президент институтын енгізу бар.Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет адвокаттық қызмет пен зияткерлік меншікті қорғауға қатысты жеке нормалар бекітіліп, азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтіледі. Атап айтқанда, бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу, кінәсіздік презумпциясын сақтау және ұстау кезінде құқықтарды міндетті түрде түсіндіру («Миранда ережесі») енгізіледі.Жиынды қорытындылаған Қуат Байғожаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың заманауи қағидаттарына сай келетінін, Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуға басымдық беретінін атап өтті. Құжаттың жаңа редакциясы жалпыұлттық референдумға шығарылып, Комиссия жұмысы жалғасады.Кездесу соңында облыс әкімі ішкі саясат басқармасына, қала және аудан әкімдеріне, барлық басқарма мен департамент басшыларына кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Халықпен кездесулер, еңбек ұжымдарындағы ашық диалогтар, Қоғамдық кеңестер мен азаматтық қоғам алаңдары ұсынылған өзгерістердің мәні мен олардың күнделікті өмірге әсерін терең түсіндіруге бағытталуы тиіс.«Ақпараттық жұмыс мазмұнды әрі тек ресми және сенімді дереккөздерге сүйенуі керек. Бұқаралық жалған пікірлер мен бұрмаланған ақпараттарға жедел жауап беріп, кәсіби сарапшылар мен заңгерлерді тарту маңызды. Осындай жүйелі жұмыс қана азаматтардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1152901?lang=kk
Конституциялық комиссия: жаңа Ата заңды әзірлеудің негізгі алаңы 01.02.2026
Қазақстан Республикасында жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісінде Конституциялық комиссия шешуші рөл атқарды. Комиссияның негізгі міндеті – конституциялық реформа аясында құқықтық тұрғыдан негізделген, қоғам сұранысына сай ұсыныстар әзірлеу болды.Комиссия құрамына 130 адам кіріп, оның жұмысына құқықтанушы ғалымдар, мәслихат төрағалары, Ұлттық құрылтай өкілдері, өңірлік қоғамдық кеңестер мүшелері, сарапшылар, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары тартылды. Бұл құрам реформаны жан-жақты әрі кәсіби тұрғыда талқылауға мүмкіндік берді.Комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Аппараты белгіленіп, ұсыныстарды жүйелеу мен құқықтық сараптауды қамтамасыз етті. Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, онда белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, депутаттар мен саясаттанушылар сөз сөйледі.Сонымен қатар, комиссия жұмысы тікелей эфирде көрсетіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен әрі егжей-тегжейлі жарияланып отырды. Бұл жаңа Конституция жобасының ашықтық, жариялылық және қоғамдық бақылау қағидаттарына сай әзірленгенін айқын көрсетеді.
Су үнемдеу, күріш егісін шектеу және су қоймаларының құрылысын бақылау: Қанат Бозымбаев Алматы облысын аралады 31.01.2026
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ұлттық экономика министрлігінің және «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.Кеңесте вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік құрылымын әртараптандыру, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тарифтік саясатты жетілдіру және суды заңсыз алудың жолын кесу шаралары талқыланды.Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығымен» күрес жөніндегі жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында республикалық және өңірлік деңгейде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылады. Құжатта анықталған заңбұзушылықтарды талдау, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу, тексерулер мен рейдтер ұйымдастыру, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен су шаруашылығы ұйымдары жасайтын құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар қарастырылған.Вице-премьер Күрті су қоймасынан суды заңсыз алудың жолын кесуге ерекше назар аударуды тапсырды.Суару маусымында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шаралары көзделген. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында күріш егісінің жалпы аумағы 5,8 мың гектардан аспауы тиіс.Белгіленген лимиттерді сақтау мақсатында суды меншікті нормадан артық тұтынған, өсірілетін дақылдарды өз бетінше ауыстырған және тиісті келісімшартсыз су алған жағдайда тарифтерді ұлғайтуды көздейтін суармалы суды пайдалану қағидалары қабылданды.«Суармалы судың тапшылығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мәселесі аса өзекті. Әкімдік дақылдар құрылымын әртараптандыруға және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды енгізуге ерекше назар аударуы тиіс. Күріш дақылдарының ауданын Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен индикаторларға сәйкес келтіру қажет. Былтырғы күрделі жағдайға қарамастан, вегетация кезеңінің салыстырмалы түрде жеңіл өтуіне су үнемдеу технологияларын енгізу ықпал етті. Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында атап өткендей, су ресурстарының 50%-дан астамы жерге сіңіп кетеді. Бұл заманауи жүйелерді қолданатын көрші елдермен трансшекаралық суды бөлу жөніндегі келіссөздерді қиындатады. Алдағы 3-4 жылда бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.2030 жылға дейін Қазақстандағы 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу жүйелерімен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде Алматы облысы бойынша көрсеткіш – 186,6 мың гектар. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 2026-2028 жылдары республика бойынша жалпы сипаттағы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға және суару суының құнын субсидиялауға 228,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Оның ішінде Алматы облысына 27,6 млрд теңге бекітілген. 2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бартоғай су қоймасын реконструкциялау жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын топтық су құбыры мен төрт магистральдық канал салу жоспарланған. Үлкен Алматы каналының учаскелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биыл толық аяқталады. Жергілікті атқарушы органдар «Сұңқар» және «Тегермен» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат дайындап жатыр. Сонымен қатар төрт су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 74 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген. Вице-премьер облыс әкімдігіне осы жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында Еңбекшіқазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында суару желілерін реконструкциялау жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нысандардың жалпы ұзындығы 550 шақырымнан асады. Нәтижесінде 34 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және оның климаттық тұрақтылығын арттыруға елеулі үлес қосады.Кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Биыл Алматы облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 10,8 млрд теңге бөлінеді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бағдарлама қазірдің өзінде айқын әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындарының орташа табысы 23%-ға артқан, ал кейбір кәсіпкерлердің өнімдері басқа өңірлерге және экспорттық нарықтарға шығарылып жатыр. Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 1436 жоба қаржыландырылып, 90 кооператив құрылды және 1616 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда Алматы облысы халқының 81%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Қанат Бозымбаев ауылда тұрақты табыс көздерін, жұмыс орындарын және шағын бизнесті дамытуға қажетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының сапалы орындалуын бақылау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді. primeminister.kz #Ауыл шаруашылығы #су ресурстары #Қанат Бозымбаев #ӨңірлерАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1151898?lang=kk
Алматы облысында пайдаланылмай жатқан 1,26 млн гектар жер анықталды 29.01.2026
Алматы облысында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыздықтарға тосқауыл қою мәселелері талқцланған жиын өтті.Ккеңестің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар қатарында облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері және мемлекеттік тапсырмалардың формалды орындалуы болған.Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,26 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Оның ішінде:• 517,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған,• тек 2025 жылдың өзінде 91,1 мың гектар жер қайта алынған.Қазіргі таңда 323 мың гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Сонымен қатар:• 9,4 мың гектар жер сот өндірісінде қаралып жатыр,• 2,1 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде тіркелген,• 272,6 мың гектарға қатысты жер салығын өсіру туралы ұйғарым берілген.Сондай-ақ ол, жергілікті атқарушы органдар қазіргі уақытта сенімсіз жер пайдаланушылармен келісімшарттарды бұзу мақсатында 1 059 жер учаскесіне (136 мың гектар) қатысты құжаттарды әзірлеп жатқанын айтты.«Біздің міндет – жерді қайтару ғана емес, оны экономикаға нақты енгізу. Биыл қосымша 40 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды, бес инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды және Алматы маңында үш индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырмыз», – деді Аманжол Әбдірахманов.Мемлекет меншігіне өткен жерлердің ішінде 322,9 мың гектар қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Оның ішінде:• 165,9 мың гектар – конкурс арқылы таратылған;• 138,5 мың гектар – жергілікті тұрғындардың мал жаюына берілген;• 18,5 мың гектар – инвестициялық жобалар үшін бөлінген.2025 жылы бірқатар аудандар мен Қонаев қаласында сәулет және жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізілген. Негізгі заңбұзушылықтар жер учаскелерін беру және олардың мақсатты бағытын бас жоспарға қайшы өзгерту деректерімен байланысты болған.Алдын алу мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері қабылданып, мониторинг күшейтілді. Нәтижесінде 2025 жылы бұзушылықтар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайған.Кеңесте жер қойнауын пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаеваның айтуынша, Алматы облысында шамамен 296 карьер жұмыс істейді, ал облыстың шикізат қоры өңір мен Алматы қаласының қажеттілігін толық өтейді.«2024 жылдың қорытындысы бойынша пайдалы қазба өндіру көлемі 13 пайызға артты. Ал 2025 жылы бюджетке түскен түсім 18,2 млрд теңгені құрады», – деді Айгүл Манасбаева.Алайда заңсыз өндіру мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. 2025 жылы:• 18 заңсыз өндіру фактісі анықталған,• келтірілген алдын ала шығын 15,1 млрд теңгені құраған,• қылмыстық істер қозғалған.Әсіресе Еңбекшіқазақ ауданындағы бір ауылдық округте жылдың басынан бері бір учаскеде 25 рет қайталанған заңсыз өндіру дерегі тіркелген.Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұған дейін берілген тапсырмалар толық орындалмағанын атап өтті.«Жер мен жер қойнауын заңсыз пайдалану экономикаға да, экологияға да тікелей зиян келтіреді. Тапсырмалар формалды емес, толық орындалуы тиіс. Заңсыз шешімдер жойылып, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы қажет», – деді өңір басшысы.Әкім жерді қайтару бойынша сот жұмыстары мен тексерістерді күшейтуді, аумақтарды толық зонирлеуді, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын аяқтауды және Алматы агломерациясында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлшектеу тәжірибесін тоқтатуды тапсырды.Сонымен қатар, заңсыз қазба өндіру ошақтарына бақылау бекеттерін орнату және ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1151089?lang=kk
Қонаевта нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды 29.01.2026
Қонаев қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиынға өңір басшылығы, аудан әкімдері және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.Отырыста 2025 жылдың қорытындылары қаралып, жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу және алдын алу шараларын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда есірткі заттарын тарату көбіне интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты заңсыз онлайн контентке және күмәнді қаржылық операцияларға бақылау күшейтілген.Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өткен жылы облыс аумағында 11 тоннаға жуық түрлі есірткі заттары тәркіленіп, синтетикалық есірткі дайындайтын екі жасырын зертхана жойылған. Сонымен қатар есірткі қылмысына қатысы бар төрт кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.Жиын барысында өңір басшысы бұл мәселені шешу үшін барлық сала өкілдерінің бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті.Марат Сұлтанғазиев,Алматы облысының әкімі:«Полиция департаменті, прокуратура, білім басқармасы, жастар саясаты саласы – бәрі бірлесе жұмыс істемесе, бұл проблема жойылмайды. Біз көбіне тек сатушылармен айналысып келеміз, ал тұтынушылармен жүйелі жұмыс жеткіліксіз. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мектептердің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың ортақ міндеті».Әкімнің айтуынша, әсіресе білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысты күшейту маңызды. Осы орайда мектептер мен колледждерде түсіндіру шараларын тұрақты өткізу, жастар мен жасөспірімдерді кеңінен қамту, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілердегі есірткі жарнамаларына қарсы бақылауды арттыру тапсырылды.Штаб отырысының қорытындысы бойынша нашақорлықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен жұмысы күшейтіліп, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған кешенді шаралар жалғасын таппақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1150213?lang=kk
41 колледж және 22 мың студент: Алматы облысында Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылды 28.01.2026
Алматы облысында Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – ТАБЫСТЫ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ» атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – еңбек адамына құрмет көрсету, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіби шеберлігімен, адал еңбегімен көзге түскен азаматтарды марапаттау.Бүгінде Алматы облысындағы әрбір бесінші оқушы жұмысшы мамандығын тұрақты жұмыспен қамтылу мен кәсіби дамудың саналы таңдауы ретінде қарастырады. Бұған ауқымды кәсіби бағдар беру бағдарламалары мен мектеп–колледж–еңбек нарығы арасындағы жүйелі байланыстың қалыптасуы ықпал етті.Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының басшылары, колледж директорлары, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, халықаралық грант иегері атанған студенттер, сондай-ақ WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатының жүлдегерлері қатысты.Құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы еңбек адамына қолдау көрсету тақырыптық жыл аяқталғаннан кейін де өңірлік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.«Білікті маман мен еңбекқор азамат экономиканың стратегиялық маңызы бар тірегі болып табылады. Сондықтан еңбек адамына қолдау жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Марат Сұлтанғазиев.Өңірде бүгінде 41 колледж жұмыс істейді, онда шамамен 22 мың студент білім алуда. Кадр даярлау еңбек нарығының сұранысына бағытталған: 950 студент жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқиды, 60 оқушы аттестатымен қатар колледж дипломын қатар алуда. 19 колледж дуальды оқыту жүйесі бойынша 238 кәсіпорынмен ынтымақтастықта жұмыс жасайды, 23-тен астам компания колледждерге шефтік қамқорлық көрсетуде.«Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Жиһаз өндірісі» сынды жаңа мамандықтар ашылды.Халықаралық ынтымақтастық та дамып келеді: 32 бірлескен іс-шараның нәтижесінде 35 студент пен 14 педагогты Қытай еліне тағылымдамадан өткізу жоспарлануда.Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыста 16 жатақхана жұмыс жасайды, ал биыл жалпы құны 6 млрд теңге болатын, 711 орынға арналған тағы 4 жатақхананы пайдалануға беру көзделген.Жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі республикалық деңгейде де расталды: WorldSkills Kazakhstan X чемпионатында Алматы облысының өкілдері 12 жүлделі орынға ие болды.Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда:– «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 2 адам;– Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен 11 адам;– Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен 9 адам;– WorldSkills Kazakhstan чемпионатының 13 жүлдегер студенті марапатталды.Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы еңбек адамына жасалған қолдаудың нақты нәтижелер беріп отырғанын және жұмысшы кәсіптердің Алматы облысы жастары үшін болашағы зор, сұранысқа ие таңдау екенін айқын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1150124?lang=kk
Алматы хайуанаттар бағында жаңа жануарлар түрі көбейіп, келушілер саны артып келеді 28.01.2026
2025 жылы зообақта 31 түрлі жануардан 87 төл дүниеге келді. Сондай-ақ, зообақ коллекциясы жыл сайын жаңа және сирек кездесетін бизон, тамандуа, цивета, генета, агама сияқты түрлермен толықтырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев мәлімдеді.Бүгінгі таңда Алматы хайуанаттар бағы – Қазақстандағы ең көне және беделді зообақтардың бірі. Аумағы 21 гектарды қамтитын хайуанаттар бағында қазіргі уақытта 385 түрге жататын 4000-нан астам жануар, құс және бауырымен жорғалаушылар бар. Олардың 76 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қауіпсіздік тізіміне, ал 24 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.«2025 жылы зообаққа келушілер саны 1,2 миллион адамға жетті. Бұл біздің зообақтың елдегі және аймақтағы танымалдығын айқын көрсетеді. Жыл сайын келушілер санының артуы – біздің жұмысымыздың және табиғатты қорғау миссиямыздың көрінісі», - деді басқарма басшысы Данияр Әлиев.2025 жылы Алматы хайуанаттар бағы Еуропалық зообақтар мен аквариумдар қауымдастығының толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Бұл мәртебе зообақтың халықаралық стандарттарға сай екенін, жануарларды қорғау және ғылыми зерттеулерде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетінін растайды.Алматы хайуанаттар бағы биыл ауқымды реконструкциядан өтеді. Жобаның мақсаты – келушілерге ыңғайлы, заманауи және білім беру тұрғысынан бай тәжірибе ұсыну. Жоба аяқталғанда зообақ жылына 2 миллионға дейін адамды қабылдай алады.Алматы хайуанаттар бағы – табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыратын, балалар мен ересектерге білім мен әсер қалдыратын ерекше орын. Жаңа кезеңде зообақ Алматының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең ірі және заманауи орталығына айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1149668?lang=kk
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау басталды 28.01.2026
«Алматы» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беру үшін өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Несие жылдық 0,01% мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға беріліп, кәсіпкерлерге шикізат сатып алу, қызметтерге ақы төлеу, еңбекақы, логистика сынды негізгі өндірістік және басқа да шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Өндірушілер мен ритейлерлер өз кезегінде ӘМАТ бағасын ұстап тұру бойынша міндеттеледіы. Жеткізу көлемін кәсіпкер өзі айқындайды, алайда несие алу кезінде белгілі бір мерзімге сауда сөрелеріндегі бағаны бекітуге міндеттеледі. Несие үш айдан үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жеңілдетілген қаржыландыру қолданылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне мыналар кіреді:1Бірінші сұрыпты бидай ұны2Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны (қалыпты)3Макарон өнімдері (рожки)4Қарақұмық жармасы5Тегістелген күріш (домалақ дәнді)6Картоп7Асханалық сәбіз8Пияз9Ақ қырыққабат10Қызанақ («черри», «жүзім» сорттарынан басқа)11Қияр («корнишон» сортынан басқа)12Алма13Ақ қант — құмшекер14Күнбағыс майы15Сүйекті сиыр еті16Сүйексіз сиыр еті17Тартылған ет (фарш)18Қой еті, оның ішінде сүйексіз19Жылқы еті, оның ішінде сүйексіз20Балғын, салқындатылған және мұздатылған балық (лещ, мөңке, көксерке, тұқы, сазан)21Тауық еті (сан, жіліншік, тауықтың жамбасы)22Тауық (тұтас)23Пастерленген, ультрапастерленген, стерильденген сүт (майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейін, дәм қоспасыз, лактозасыз өнімдерден басқа)24Айран (майлылығы 2-3%, лактозасыздан басқа)25Қаймақ (лактозасыздан басқа)26Сүзбе (майлылығы 5–9%, лактозасыздан басқа)27Қатты және жартылай қатты ірімшік (майлылығы 40–50%)28Сары май (тұзсыз, майлылығы 72,5%-дан 80%-ға дейін, қоспасыз және өсімдік майынсыз)29Тауық жұмыртқасы (I санат)30Қара шай (дәм қоспасыз, қаптамалы шайдан басқа)31Ас тұзы ( «Экстрадан» басқа) Несие беру шарттарымен кәсіпкерлер «Алматы» ӘКК ресми сайтында жарияланған хабарландыру арқылы таныса алады. Несие беру туралы шешімді Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссия қабылдайды. Өтінім 2026 жылы 20 ақпанға дейін қабылданады. Кеңес алу үшін кәсіпкерлер +7 701 410 49 12 нөміріне хабарласа алады. Қазіргі уақытта «Алматы» ӘКК өндірушілермен келесі қарыз шарттарын іске асырып отыр: «Сары-Бұлақ» компаниясы — I санаттағы жұмыртқа (сауда сөресінде бір данасы 59 теңгеге дейін), «Алатау Құс» — тауық саны мен жамбасы 1 100 теңгеден, жіліншігі 1 650 теңгеден, «Nauryz Agro KZ» — тауық саны мен жамбасы 1 250 теңгеден. Аталған тауарлар бойынша баға тұрақтандыру үш жылға дейінгі мерзімге қамтамасыз етілген.«Алматы» ӘКК ірі сауда желілерімен де ынтымақтасады. Magnum Cash&Carry желісі арқылы 10 440 тонна көкөніс (картоп — 5 120 тонна, сәбіз — 2 000 тонна, пияз — 2 120 тонна, қырыққабат — 1 200 тонна) 2026 жылғы 30 сәуірге дейін белгіленген бағамен тұрақтандырылып отыр. Сонымен қатар, осы сауда желісімен 2026 жылы наурыз айына дейін ӘМАТ-тың 11 атауы бойынша (қарақұмық, күріш, макарон өнімдері, май, сүт өнімдері, тауық еті, сиыр еті, ұн, тұз және басқа да тауарлар) бағаны тұрақтандыру жөніндегі келісім қолданыста.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1149659?lang=kk
Әзербайжандық тревел-блогерлер Алматы мен Шымбұлақты халықаралық деңгейде насихаттап жатыр 28.01.2026
Әзербайжандық танымал тревел-блогерлер Орхан Асланов, Сеймур Алиев және Аяз Кара Алматы мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына барды. Шетелдік инфлюенсерлердің мегаполистің тау бөктеріндегі демалыс орындарына қызығушылық танытуы қаланың қысқы және белсенді туризм бағыты ретіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын аңғартады. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.Сапар барысында қонақтар Шымбұлақтың инфрақұрылымымен танысып, шаңғышылар мен сноубордшыларға арналған түрлі деңгейдегі трассаларды, сондай-ақ тау көріністері мен қала панорамасының ерекше үйлесімін жоғары бағалады.Алматыға бұған дейін де бірнеше рет келген Орхан Асланов бұл жолғы сапарының да әсерге толы болғанын айтты. Әсіресе, Шымбұлақтағы түнгі сырғанау ерекше әсер сыйлаған.«Теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктіктен түнгі қала аясында төмен сырғанауды сөзбен жеткізу қиын. Мұны міндетті түрде сезініп көру керек», – деді блогер.Сеймур Алиев өз кезегінде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы туризмнің тәжірибе алмасудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.«Алматы мәдениетімен, қонақжайлығымен және тау-шаңғы курорттарының қалаға жақын орналасуымен тартымды. Бұл демалысты жайлы әрі мазмұнды етеді», – деді ол.Аяз Кара Қазақстанға алғаш рет келгенін айтты. Оған әсіресе Шымбұлақтағы түнгі сырғанау ерекше әсер қалдырған.«Мұнда шынайы қонақжайлық пен достық көңіл айқын сезіледі», – деді блогер.«Блогерлердің әлеуметтік желілердегі жарияланымдары Алматының халықаралық туристік кеңістіктегі имиджін нығайтып, қысқы, тау және белсенді демалыс бағыты ретінде одан әрі танылуына ықпал етеді», - деді қалалық Туризм басқармасының өкілдері.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1149652?lang=kk
Тоғызбұлақ ауылында Қапес Байғабылұлының 130 жылдығына орай жаңа кітапхана ашылды 27.01.2026
Кеген ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылында Қапес Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай жаңа ауылдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдени нысанның жұмысын бастау дәстүрлі түрде қызыл лентаны қию рәсімімен айшықталды. Іс-шараға ауыл тұрғындары, қоғам өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты.Ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұғман Алмасбек, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Галина Тоқабаева қатысты. Сонымен қатар белгілі жазушы, педагог Сағатбек Мәдібекұлы, облыстық филармония директоры Нұрлан Сағынбай және шығармашылық зиялы қауым өкілдері де арнайы келді. Қонақтар оқырмандарға жасалған жағдай, кітап қоры және техникалық жабдықталуымен танысып, ауыл үшін жаңа мәдени нысанның ашылуының маңыздылығын атап өтті. Жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кітап қорын есепке алуға және оқырмандарға қажетті әдебиеттерді жылдам табуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ИРБИС кітапханалық жүйесі енгізілген. Кітапхана екі бөлімнен – кітап қоры мен оқу залынан тұрады. Қазіргі таңда кітап қоры шамамен 3 мың данаға жетеді. Барлық бөлмелер компьютерлермен, принтерлермен, кітап сөрелерімен, үстел және орындықтармен толық жабдықталған. Бұл оқуға және білім алуға қолайлы жағдай жасайды. 2026 жылға қарай кітапхананың қызметін 689 ауыл тұрғыны пайдалануы жоспарланып отыр.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев: «Бүгінде ауданымызда 13 кітапхана жұмыс істейді, ал бұл – он төртіншісі. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен қарым-қатынастың орталығына айналып отыр. Олар барлық жастағы тұрғындарды біріктіріп, ауылдың мәдени өмірін нығайтып, рухани дамуына үлес қосады», – деді.Сондай-ақ ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірген Сағатбек Мәдібекұлы:«Бұл – елімізде оқитын, білімді ұлт қалыптастыру жолындағы аса игі әрі маңызды бастама. Кітапханаға жастар көптеп келіп, білімге ұмтылсын. Өскелең ұрпақ саналы, тәрбиелі, парасатты болып қалыптассын. Бұл білім ордасы елді біріктіріп, шабыт беретін рухани орталыққа айналсын, кітап қоры жыл сайын толыға берсін», – деп атап өтті.Тоғызбұлақ ауылында жаңа кітапхананың ашылуы мәдениет пен білім саласындағы жалпыұлттық басымдықтарға толық сәйкес келеді. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кітапханаларды дамыту мен кітаптың қолжетімділігін арттырудың маңызын ерекше атап өткен болатын. Жаңа мәдени нысан ауыл тұрғындары мен жас ұрпақ үшін білім мен рухани дамудың орталығына айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1149065?lang=kk
МӘМС азаматтарға заманауи технологиялық медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік беретін тиімді әлеуметтік механизмге айналды 27.01.2026
Мұның айқын дәлелі - Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында ем қабылдаған 24 жастағы науқастың клиникалық жағдайы.Науқас ауруханаға сол жақ бүйректің II–III дәрежелі гидронефрозы диагнозымен түсті. Аталған патология бүйрек астаушасы мен несепағар түйіскен аймақтың тарылуы және қосымша бүйрек артериясының несепағарды қысуы салдарынан, созылмалы пиелонефриттің асқынуы аясында дамыған. Яғни, зәрдің бүйректен табиғи жолмен ағуы бұзылып, оның жиналуы органның біртіндеп кеңеюіне, қатты ұстамалы ауырсынулар мен қабыну үдерісінің өршуіне әкелген. Уақтылы әрі дұрыс ем көрсетілмегенде бұл жағдай бүйрек қызметінің айтарлықтай төмендеуіне, тіпті толық жоғалуына себеп болуы мүмкін еді.Бұған дейін науқасқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, бүйрек шаншуы себебімен несепағарға стент-катетер орнатылған болатын. Бұл шара зәрдің уақытша ағуын қалпына келтіріп, науқастың жалпы жағдайын тұрақтандырғанымен, аурудың түпкі себебін жоймайтыны белгілі. Уролог дәрігердің жоспарлы кеңесінен кейін патологияның негізгі себебін түбегейлі жою мақсатында хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылданды.Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімшесінде уролог дәрігер Сабаев Айдар Жанбатырұлы, хирург Сабаев Серік Жанбатырұлы және анестезиолог - реаниматолог Хайленко Юрий Александровичтің қатысуымен түбекше-несепағар сегментінің лапароскопиялық пластикасы сәтті орындалды. Ота құрсақ қабырғасында бірнеше шағын тілік арқылы, ірі кесусіз жүргізілді.Бейнебақылау жағдайында тарылған аймақ дәл анықталып, қосымша бүйрек артериясының несепағарға түсірген қысымы жойылды, сондай-ақ бүйрек астаушасы мен несепағар арасында жаңа анатомиялық байланыс қалыптастырылды. Тігістердің қауіпсіз жазылуын және зәрдің еркін ағуын қамтамасыз ету үшін ішкі стент-катетер орнатылды.Аталған аз инвазивті әдіс операциялық жарақаттылықты айтарлықтай төмендетіп, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға және науқастың қалпына келу кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді.Айта кетейік, мұндай лапароскопиялық араласулар жоғары технологиялы және техникалық тұрғыдан күрделі операциялар санатына жатады. Хирургтер шектеулі кеңістікте, тек бейнекамера көмегімен бағдар алып, аса жоғары дәлдікпен жұмыс атқарады. Әсіресе, ірі қан тамырларына, оның ішінде қосымша бүйрек артериясына жақын орналасуы отаның күрделілігін арттыра түседі. Бұл жағдайда несепағарды қысу себебін жойып қана қоймай, бүйректің қанмен қамтамасыз етілуін толық сақтау басты міндет болды.Сонымен қатар, операцияны жоспарлау барысында науқастың жеке анатомиялық ерекшеліктері, бүйректің кеңею дәрежесі және қабыну үдерісінің айқындылығы жан-жақты ескерілді. Мұндай күрделі хирургиялық араласулар тек тәжірибелі мамандар командасының, заманауи медициналық жабдықтың және медициналық ұйымның жоғары деңгейдегі дайындығының арқасында ғана мүмкін.Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Ауырсыну синдромы мен қабыну белгілері толық жойылып, науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаториялық бақылауға шығарылды.Аталған клиникалық жағдай МӘМС аясында азаматтардың басқа аудандарға шықпай-ақ, қаржылық жүктемесіз, күрделі әрі жоғары технологиялы медициналық көмекті тегін ала алатынын айқын көрсетеді. Операцияның сәтті өтуі дәрігерлердің кәсіби шеберлігіне, хирургиялық және анестезиологиялық қызметтердің үйлесімді жұмысына, сондай-ақ Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының заманауи материалдық - техникалық базасына тікелей байланысты.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз әлеуметтік маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп, халықтың сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға қызмет етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1148560?lang=kk
Қазақстандықтарды Кореяға заңды жұмысқа жіберу тетіктері талқыланды 25.01.2026
Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Корея Республикасының еңбек миграциясы жөніндегі делегация өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – қазақстандық азаматтарды Корея Республикасына жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін рұқсат жүйесі аясындағы ынтымақтастықты дамыту. Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.Басқосуда корей тарапы «ЭйПиЭС» (Employment Permit System) бағдарламасының жұмыс тәртібімен таныстырып, оның Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетелдік азаматтарды заңды түрде тартуға бағытталғанын атап өтті. Осы орайда Қазақстанның аталған жүйеге қосылу мүмкіндігі кеңінен талқыланды.Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.«Қазіргі таңда келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған болатын. Ал екінші кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады. Осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, дайындық деңгейімен танысып жатыр. Егер барлық талаптар оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы уақытта толыққанды меморандумға қол қою жоспарлануда», – деді ол.Мамандардың пікірінше, бағдарламаға қосылған жағдайда өңірде арнайы оқу орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта тиісті нысандармен танысу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Алматы облысының әкімі бұл бастаманың тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге жол ашатынын атап өтті.Ал корей тарапы түпкілікті шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1147366?lang=kk
Кеген ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды 24.01.2026
Алматы облысы Кеген ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Маңызды нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, бұл жоба өңір үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.Өз сөзінде аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. Бұл бағытта облыста азаматтық қорғау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді.«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін күшейтіп, азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеміз», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Жаңа өрт сөндіру бекеті таулы аймақта жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Бөлімше 12 мыңнан астам тұрғыны бар 11 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысан заманауи талаптарға сай жобаланып, диспетчерлік қызметпен, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуге қажетті барлық инженерлік жүйелермен толық жабдықталған.Өрт сөндіру бекетінде 21 қызметкер еңбек етеді. Олар бір мезгілде екі бағытта шығуға мүмкіндік беретін 8 арнайы техникамен қамтамасыз етілген.Салтанатты шара барысында облыс әкімі нысанның уақытылы әрі сапалы салынуына үлес қосқан мердігер ұйымдарға, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне, сондай-ақ облыстық және аудандық деңгейдегі сала мамандарына алғысын білдірді. Сонымен қатар, өрт сөндірушілердің қауіпті жағдайда адам өмірін сақтаудағы ерен еңбегін атап өтіп, оларға зор денсаулық, қажымас қайрат және қызметтеріне табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1147348?lang=kk
Пациенттер үшін маңызды ақпарат 23.01.2026
2025 жылғы 22 қаңтардан бастап, 2026 жылға арналған Мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек (МКТМК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында медициналық қызмет көрсетуге Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарттың болмауына байланысты, денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен тіркелген халық аумақтық тиесілілігіне сәйкес аудандық медициналық ұйымдарға автоматты түрде қайта бөлінді:🔹 «Интермедикал» ЖШС (8 831 адам) және«BRT Clinic» ЖШС (1 513 адам)➡️ Талғар аудандық орталық ауруханасына бөлінді.🔹 «МЕД ЦЕНТР “МЕДИНА”» ЖШС (3 828 адам)➡️ Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына бөлінді.Маңызды: аумақтық қағидат бойынша жүзеге асырылған автоматты қайта бөлу пациенттің таңдау құқығын шектемейді. Әрбір азамат алғашқы медициналық-санитариялық көмек алу үшін медициналық ұйымды өз бетінше таңдауға құқылы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1146782?lang=kk
Өсімдіктерді дұрыс қоректендіру — мол өнімнің кепілі 23.01.2026
Мол өнім тек күн сәулесі мен суға ғана байланысты емес. Табысты егіншіліктің басты шарты — өсімдіктерді дұрыс әрі теңгерімді қоректендіру. Тіпті ең сапалы тұқымдардың өзі қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етілмесе, өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды. Сондықтан арнайы биологиялық және минералды қоспаларды қолдану аса маңызды.Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Саймасай ауылында сәндік өсімдіктерге, көкөніс дақылдарына, жеміс-жидек ағаштарына арналған «Агроцен» биопрепаратының өндірісі іске қосылған. Бұл өнімді отандық Kazagrocen компаниясы әзірлеген және қазіргі таңда нарықта теңдесі жоқ құралдардың бірі саналады.Жеті жыл бұрын аталған жобаны дамытуға 700 миллион теңгеден астам инвестиция салынған. Қаражат отандық жемдік қоспалар мен минералды тыңайтқыштар өндіруге, сондай-ақ органикалық йод негізіндегі сусын концентраттарын әзірлеуге бағытталды. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорын отандық нарықта ғана емес, ТМД елдерінде де өзін сенімді өндіруші ретінде көрсете білді. Минералды тыңайтқыштар көлемі 10 литрлік ыдыстарда шығарылады. Бүгінде компания шамамен 20 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 25 тоннадан астам өнім өндіреді.Кәсіпорын қызметі ұрпақтар сабақтастығының нақты үлгісі болып отыр. Компанияның негізін қалаушы Иван Божков әкесі — Евгений Алексеевич Божков қалыптастырған ғылыми-өндірістік бағытты жалғастырып келеді. Ол шамамен 40 жыл бойы адам мен жануарлар ауруларының алдын алу, анықтау және емдеуге арналған йодорганикалық қосылыстар негізіндегі жаңа дәрілік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеумен айналысқан.Йод — адам, жануар және өсімдік ағзасының дұрыс дамуы мен қалыпты тіршілігі үшін аса маңызды микроэлемент. «Стеко ЛТД» компаниясымен бірлесіп, құрамына қосымша микроэлементтер енгізілген «Агроцен» биопрепараты жасалды. Бұл құрал өсімдіктердегі йод жетіспеушілігін тез әрі тиімді толықтырып, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Препараттың ерекшелігі — құрамындағы органикалық йодтың қолданылуында. Бұл тәсіл өнімнің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мөлшері артқан жағдайда да уытты әсердің болмауына мүмкіндік береді.Препарат тұқымды егу алдында өңдеуге, сондай-ақ жапырақ арқылы қосымша қоректендіруге пайдаланылады. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, өсімдіктердің құрғақшылыққа, артық ылғалға, үсікке, көшет отырғызу кезінде болатын күйзелістерге және басқа да қолайсыз табиғи жағдайларға төзімділігі күшейеді. Ең жоғары тиімділік өсімдіктердің қарқынды өсу кезеңінде байқалады.Минералды тыңайтқыштарға арналған тәжірибелік зерттеулер Новосибирск мемлекеттік аграрлық университетінің базасында жүргізілуде. Мұнда өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыштар және өсімдік шаруашылығына арналған басқа да өнімдер зерттеледі. Сонымен қатар Алматы облысындағы жылыжай шаруашылықтарында арнайы тәжірибелік алқаптар құрылып, препарат тұқымды залалсыздандыруға арналған өңдегіш ретінде және гербицидтермен бірге қолданылатын антидепрессант ретінде пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері өсімдік сапасының жақсарғанын және өнім мөлшерінің артқанын көрсетті. Әсіресе «Агроцен» өсімдіктердің күйзелісін төмендету мақсатында қолданылған алқаптарда нәтиже жоғары болды.Ғылыми зерттеулер йод құрамды тыңайтқыштардың экологиялық таза, адам денсаулығына пайдалы, микроэлементтерге бай өнім — астық, жеміс және жидек алуға мүмкіндік беретінін дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер бүгінде органикалық өнім өндіретін және экспортқа бағытталған жергілікті жылыжай кешендерінде тәжірибе жүзінде расталып отыр.2024 жылы кәсіпорын Cert International ұйымы берген ISO 9001 халықаралық стандарты бойынша сертификаттаудан сәтті өтіп, сапа менеджменті жүйесінің халықаралық талаптарға толық сай екенін растады.Қазіргі таңда Kazagrocen компаниясы агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Өндіріс көлемі ұлғайып, өнім өз нарықтық орнын тапты. Осыған байланысты келесі кезеңде өндірістік қуатты арттыру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы балықтарда кездесетін вирустық және бактериялық аурулардың алдын алуға арналған жемдік қоспалар шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу, жұмыс орындарын көбейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейту көзделген.Айта кету керек, өткен жылы қазақстандық шаруалар егіс алқаптарында шамамен 2 миллион тонна минералды тыңайтқыш пайдаланған. Ал әлем бойынша соңғы бес жылда жыл сайын 190–200 миллион тонна тыңайтқыш қолданылады.Ауыл шаруашылығы дақылдары, әсіресе жоғары өнім беретін заманауи гибридтер мен сұрыптар қоректік заттарға өте сезімтал. Сонымен қатар ауыр ауыл шаруашылығы техникасы мен химиялық өңдеулер топырақтың құнарлылығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан тұрақты әрі мол өнім алу үшін топырақтағы негізгі микроэлементтердің деңгейін қолдан толықтыру қажет. Себебі оларсыз өсімдіктердің өсуі, гүлдеуі және жеміс салуы мүмкін емес. Ал микроэлементтердің жетіспеушілігі өнімнің азаюына әкелетіндіктен, оған жол беруге болмайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1146571?lang=kk
В Алматинской области усилена подготовка к весенним полевым работам 21.01.2026
Алматы облысында көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелері кең көлемде талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының төрағалығымен өткен жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті міндеттер, қаржыландыру тетіктері мен ресурстық қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіне шығарылды.Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы мен жауапты мамандары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары, сондай-ақ бейнебайланыс (ВКС) арқылы аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.Кеңес барысында төрт негізгі бағытқа басымдық берілді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың нақты барысы, «Кең Дала» бағдарламасының іске асырылуы, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.Алғашқы баяндама облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Қасымұлы Тоқпейісовке ұсынылып, ол егіс науқанына дайындықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, егіс жұмыстарын уақытында бастау үшін техника, тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармай мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Нұрмади Нұрланұлы Алибаев «Кең Дала» бағдарламасы аясында шаруаларды қаржыландыру тетіктерін түсіндіріп, жеңілдетілген несие мен қолдау шараларының қолжетімділігі туралы баяндады.Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы көктемгі егіс науқаны өңір экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.«Көктемгі дала жұмыстары – ауыл шаруашылығының ғана емес, тұтас өңір экономикасының іргетасы. Сондықтан дайындық жұмыстары тұрақты әрі қатаң бақылауда болуы тиіс. Біз үшін басты міндет – егіс науқанын уақытында, сапалы өткізу және шаруаларды барлық қажетті ресурстармен толық қамтамасыз ету. Әсіресе, су үнемдеу технологияларын енгізу мен қаржыландырудың ашық әрі тиімді тетіктері маңызды», – деді ол.Сондай-ақ әкімнің орынбасары аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына келесі жиында «Кең Дала» бағдарламасы бойынша нақты келісімшарттар мен қаржыландырудың барысы, дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарды сатып алу, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуды тапсырды.Жиын соңында ауыл шаруашылығы басқармасына берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жүктелді. Өңірде көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы өткізу үшін барлық күш пен мүмкіндік жұмылдырылатыны атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1145520?lang=kk
«Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында Алматыда микро және шағын кәсіпкерліктің 659 жобасына қолдау көрсетілді 20.01.2026
«Алматы» ӘКК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «МҚҰ «Almaty» ЖШС 2025 жылы «Almaty Business – 2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Алматының шағын және микро бизнесіне 72 жеңілдетілген несие берді. Жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер бизнесін дамыту үшін жылдық 2% және 6% жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржы алды.Өткен жылы берілген несиелердің жалпы көлемі 3,2 млрд теңгеден асты. Бір қарыз алушыға берілетін қаржыландыру лимиті 78,64 млн теңге, ал ең жоғары несиелеу мерзімі 7 жыл болды.Салалық тұрғыда ең көп қаржыландырылған жобалар өндіріс және қайта өңдеу саласына тиесілі — бұл барлық қолдау тапқан жобалардың 32%-ы. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету саласындағы жобалар – 24% және денсаулық сақтау – 21% болды. Бұдан кейін білім беру – 8%, креативті экономика – 7%, сондай-ақ туризм мен спорт – әрқайсысы 4% болды.«Almaty Business – 2025» бағдарламасы 2019 жылы іске қосылғалы бері «МҚҰ «Almaty» Алматыда жалпы сомасы 16,5 млрд теңге болатын 659 жобаны қаржыландырды. Әсіресе, ең үлкен қолдау өндірістік жобаларға – 29% және денсаулық сақтау саласындағы жобаларға – 16% бағытталды. Қаржыландырудың тағы 10%-ы әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі, бұл жобалар жылдық 2% ең төменгі жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алды.Аумақтық бөліністе ең көп жоба Бостандық ауданында қолдау тапты — 141 несие. Одан кейін Алатау ауданы — 110, Алмалы — 88, Медеу — 80, Әуезов — 77, Наурызбай — 67, Жетісу — 49 және Түрксіб — 47.МФО «Almaty»-дің жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында қалада шамамен 3 000 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша қарыз алушылар бизнесін дамыту есебінен бюджетке шамамен 3 млрд теңге салық төледі.Қазіргі уақытта «Almaty Business» бағдарламасын ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қосымша хабарланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1144331?lang=kk
Алматы облысында 2025 жылы 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды 19.01.2026
2025 жылы Алматы облысында халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы» КММ өңірде жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде нақты нәтижелерге қол жеткізді.Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері облыс аумағында 70 876 жұмыс орны құрылды. Оның 56 978-і тұрақты, ал 13 898-і уақытша жұмыс орындары. Сонымен қатар, ұлттық жобалар аясында 3 243 жұмыс орны ашылған.Жұмыссыз азаматтарды нақты еңбек нарығына тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы 22 099 адам тұрақты бос жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер еткен.Субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламалары арқылы да мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, жыл ішінде 12 256 жұмыссыз азамат осы бағыттағы жобаларға жіберілді. Оның ішінде 544 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 918 адам жастар практикасына, 7 686 адам қоғамдық жұмыстарға, 570 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 517 адам «Күміс жас» бағдарламасына, ал 38 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысқан.Кадр даярлау мен еңбек нарығының сұранысына бейімделу мақсатында қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары да іске асырылды. Оқыту 6 колледжде және 10 оқу орталығында жүргізіліп, оған 707 жұмыссыз азамат қамтылды. Оқуды аяқтаған 504 адам алған мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс орындарына орналасты.Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы маңызды тетіктердің бірі – қайтарымсыз мемлекеттік гранттар. 2025 жылы жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 260 мемлекеттік грант берілді. Бұл қаржы азаматтардың өз кәсібін ашып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік берді.Жалпы, атқарылған жұмыстар Алматы облысында жұмыспен қамту саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын және еңбек нарығын тұрақтандыруға нақты ықпал етіп отырғанын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1143119?lang=kk
Крещение мерекесі 17.01.2026
2026 жылғы 18–19 қаңтар күндері Алматы облысында дәстүрлі Крещение рәсімі ұйымдастырылады. Өңірде рәсімді қауіпсіз өткізу мақсатында барлық талаптар сақталған 21 стационарлық орын белгіленіп, келісілген.Крещение рәсімі өтетін орындар: Қонаев қаласында – 1, Іле ауданында – 6, Талғар ауданында – 7, Жамбыл ауданында – 4, Қарасай ауданында – 1, Еңбекшіқазақ ауданында – 2. Барлық алаңдар қатысушыларға ыңғайлы кіріп-шығу жолдарымен, баспалдақтармен, жарықтандырумен және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қажетті құралдармен жабдықталады.Рәсім өтетін орындарда полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері және медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Іс-шараларды үйлестіруді Алматы облысының Дін істері басқармасы мен аудандық және қалалық әкімдіктер жүзеге асырады.«Крещение рәсімі барлық ниет білдірушілер үшін ашық. Сонымен қатар қатысушылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы, ауа райы жағдайын, өз денсаулығын ескеруі және суға түсуге алдын ала дайындалуы қажет. Крещение рәсімі – ең алдымен рухани дәстүр, сондықтан оған қатысу саналы әрі жауапты болуы тиіс», – деп атап өтті Алматы облысының Дін істері басқармасы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1143035?lang=kk