Саясат
Нұрғиса Тілендиевтің туған ауылында еңселі стела орнатылды 15.10.2025
Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, Халық қаһарманы, әйгілі композитор, күйші әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің кіндік қаны тамған ауылында демеушілердің қолдауымен еңселі стела бой көтерді. Архитектуралық тұрғыдан ерекше пішінге ие бұл ескерткіште қазақтың қасиетті домбырасы мен пәктік пен сұлулықтың символы саналатын аққу бейнеленген.Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, өңір тұрғындарына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын және алғысын жеткізді. Шараға сондай-ақ ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара соңында қатысушылар стела орнатылған алаңға ағаштар отырғызды.Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш пен мәдениет үйі ашылған болатын. Сондай-ақ өңірдің өнерпаздары мен қолөнер шеберлері ұлы композитордың мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Пекин, Бішкек және Мәскеу қалаларында Қазақстан мәдениетін жоғары деңгейде таныстырды.Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 100 жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.Ұлы тұлғаға тағзым – ұлт рухын ұлықтау!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1084665?lang=kk
Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді 15.10.2025
Алматы облысы Іле ауданының Еңбек ауылында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды және қаржыландыру мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды.Жалпы ауданы 612 шаршы метрді құрайтын жаңа медициналық пункт Еңбек ауылының және Алатау қаласының іргелес аумақтарындағы 900-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда фельдшер, акушер, санитар және күзетші жұмыс істейді. Ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, науқастарды қабылдауға және медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.Жаңа ФАП-тың ашылуы ауыл тұрғындарына уақытылы әрі сапалы алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтеді.Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, осындай жобалардың жүзеге асырылуы ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, алғашқы медико-санитарлық көмек жүйесін нығайтуға жол ашады.«Біз мемлекетке қайтарылған активтердің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл қаражаттар әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталып жатыр. Еңбек ауылындағы жаңа ФАП – осының жарқын мысалы. Қайтарылған ресурстар халық игілігіне жұмсалып, жергілікті өмір сапасын арттыруға қызмет етуде», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Нысанның құрылысы Алматы облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша жүргізіліп, «АСК АуылҚұрылысы» ЖШС мердігер ұйымы тарапынан салынды.Аймақта мұндай бастамалар ауылдық инфрақұрылымды дамытуға және облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1084481?lang=kk
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Венеция комиссиясының 144-ші пленарлық отырысына қатысты 15.10.2025
2025 жылдың 9-10 қазанында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Венеция комиссиясының 144-ші пленарлық отырысына еліміздің өкілі ретінде қатысты. Венеция комиссиясының пленарлық отырысына ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова да қатысты.144-ші пленарлық отырыс кеңесінің күн тәртібіне Венгрия, Словакия, Испания, Армения, Грузия, Солтүстік Македония және Украина сияқты бірқатар елдердің заң жобалары мен құқықтық мәселелері бойынша тұжырымдамаларды талқылау енді.Сондай-ақ, Албания мен Молдова Республикасына қатысты алдыңғы отырыстарда қаралған құқықтық мәселелер бойынша тұжырымдамалар қарастырылды.Венеция комиссиясының 144-ші пленарлық отырысына қатысу барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Кореяның Конституциялық сотының судьясы Ким Хён Думен кездесу өткізді. Кездесу барысында Ерлан Сәрсембаев елде жүргізіп жатқан цифрландыру және әділет органдарының ақпараттық жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы хабарлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1084126?lang=kk
Алматы облысының колледжі «TurkicSkills» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында үздік деп танылды 15.10.2025
2025 жылдың 4–9 қазан аралығында түркітілдес елдер арасында өткен алғашқы «TurkicSkills» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында Алматы облысынан 20 маман қатысып, өңір намысын қорғады.Қатысушылар қатарында салалық сарапшылар, колледж директорлары мен орынбасарлары, педагогтар және өндірістік оқыту шеберлері болды. «TurkicSkills» чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді біріктіретін маңызды халықаралық алаң болып табылады. Шара барысында түркі елдерінің білім беру жүйелеріндегі жаңа үрдістер, әдістемелер және оқыту стандарттары таныстырылды.Чемпионат қорытындысы бойынша еліміздің 700 колледжі арасынан үздік деп танылған оқу орындары марапатталды. Солардың ішінде Алматы облысының Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі «Үздік колледж» номинациясын иеленіп, өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі көшбасшы оқу орындарының бірі екенін дәлелдеді.Аталған жетістік — облыс білім беру саласында инновациялық технологияларды енгізу, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі.Сарапшылардың пікірінше, мұндай халықаралық чемпионаттар кәсіби білім сапасын жетілдіріп қана қоймай, жастардың жаңа кәсіптерге қызығушылығын арттырып, ел экономикасына үлес қосатын жоғары білікті кадрлар даярлауға серпін береді.Алдағы уақытта Алматы облысының білім беру жүйесі халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, үздік тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді оқу процесіне енгізуді жалғастыратын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1083999?lang=kk
Шонжыда жаңа цифрлық кеңсе ашылды 15.10.2025
Ұйғыр ауданында заманауи цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді.Жаңа кеңсе 600-ден астам мемлекеттік қызмет түрін ұсынады. Бұған дейін аудан тұрғындары құжат рәсімдеу үшін көрші аудандарға баруға мәжбүр болса, енді барлық қажетті қызметтер бір жерден қолжетімді болып отыр.Аудан тұрғыны Селимам Варисова жаңа кеңсенің ашылуы тұрғындар үшін үлкен жеңілдік болғанын айтады: «Бұрынғы орталық ескі, тар әрі суық болатын. Қазір кеңсе кең, жарық, өте ыңғайлы. Бір апта бұрын паспортқа өтініш берген едім, дәл бүгін дайын болыпты. Ресми ашылу күніне тап келгеніме қуаныштымын», – дейді ол.Жаңа кеңседе қызмет көрсету процесі бірнеше функционалды аймаққа бөлінген. Мұнда АХАЖ бөлімі, жер кадастры, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты қызметтер, сондай-ақ басқа да мемлекеттік бөлімдер орналасқан.Бұл жүйе келушілер ағынын тиімді реттеуге, қызмет көрсету уақытын қысқартуға және кезек күтуді азайтуға мүмкіндік береді.Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова бұл нысанның ашылуын өңірдің цифрлық даму бағытымен тікелей байланыстырады: «Президентіміздің цифрландыру бағытында берген тапсырмасының бірден-бір көрінісі – осы орталық. Барлық қызмет интернет желісімен толық қамтылған. Келешекте музей салу жоспарда бар. Сондай-ақ кезең-кезеңімен тұрғын үйлер де салынып жатыр», – деді әкім.Аудан тұрғындары үшін бұл жаңа кеңсе маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болып отыр. Бұрын күрделі құжат рәсімдеу үшін Еңбекшіқазақ ауданына баруға тура келетін. Енді негізгі қызметтердің барлығы өз ауданында көрсетілмек.Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды. Құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Кеңсе заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған.Жаңа цифрлық кеңсе – Ұйғыр ауданы тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтерді ашық әрі тиімді ұсынуға бағытталған тағы бір нақты қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1083871?lang=kk
Алматы облысының әкімі Алатау қаласының тұрғындарымен кездесті 15.10.2025
Бүгін 2025 жылдың 9 қазанында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараға қала тұрғындары, облыстық мәслихаттың төрағасы, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың төрағалары және мүшелері қатысты.Кездесу барысында облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады. Баяндамадан кейін Марат Елеусізұлы азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. 2 сағаттан аса уақытқа созылған жиында жалпы саны – 17-ге жуық мәселе бойынша талап-тілек пен өтініштер қаралды. Облыс әкімі жауапты басқармалармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, сұрақтардың жауабын қарастырып, тиісті мекемелерге бірқатар шешімдер ұсынып, тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелер: жол, көше жарығы, жер, баспана, жол белгілері мен бағдаршамның жоқтығы жайлы болды. Сонымен қатар, тұрғындар қалаға мәдениет үйі мен жастарға арналған спорт кешенін салып беруді сұрады. Одан бөлек Алатау қаласының құрылуымен байланысты туындаған спецификалық мәселелер де айтылды.Атап өтсек, бұрынғы Жетіген қазіргі Алатау қаласында қырық жылдан аса уақыт тұрып келе жатқан қала тұрғыны Құралай Малдыбаева жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әр жылы жолдың жартысы ғана салынады екен, сондықтан облыс басшысынан қала бойынша толықтай қашан жол төселетіні жайлы сұрады.Бұл сұраққа Алатау қаласының әкімі Аркен Утенов жауап берді. «Жолды салу үшін бірінші қаражат керек, сосын жоба керек. Бүгінгі күні Алатау қаласының 102 көшенің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Жыл соңына дейін сараптамадан шықса, келесі жылы қаражаттың бөлінуіне қарай қалған көшелерге жол төселеді», - деді ол.Сонымен қатар, тұрғын қала болғалы жағдайдың біршама жақсарғанын да жасырмады. Мысалы, бұрын инфрақұрылым тұрмақ, ұялы байланыстан да мақұрым болғандарын алға тартты. Қазіргі уақытта, бұл мәселе өз шешімін тауыпты.Тағы бір көтерілген мәселе, жер мәселесі болды. Бұл жолы тұрғындардың атынан олардың заңгер кеңесшісі Махаббат Тұрысбекқызы сауал жолдады. Оның айтуынша, Алатау қаласы құрылмай тұрып 35 тұрғын Іле ауданының аумағынан жеке шаруашылығын жүргізуге әкімдіктен жер алған. Бірақ құжаттарын рәсімдеп үлгермеген. Соған облыстың деңгейде көмек көрсетуді сұрады.Өз кезегінде Марат Елеусізұлы қала болған соң, шаруашылық жер деген болмайтынын сондықтан құжаттардың негізі мен заңдылығын тексеру қажет екенін айтты. Сондықтан, Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахмановқа мәселені қолға алуды тапсырды.Ал мәдениет үйі мен спорт кешеніне келсек, олардың жобасы дайын және қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын айтты. Сараптамадан сәтті өтсе, келесі жылы конкурсқа өтінім береміз деп халықты жақсы жаңалықпен қуантты.Сонымен қатар, Жаңаарна ауылының тұрғыны тас жолдың бойында адам жүрер жолдың жоқтығын, сол себепті көпір немесе жерасты жолын салып беруді сұрады. Бұл сұраққа қала әкімі Аркен Хамитұлы жобаның дайын және жақын арада көпір салынады деп жауап берді.Жиында баспана мәселесіне қатысты жеке сауалдарын да көтерген әлеуметтік осал топтар санатына жататын тұрғындар да болды. Оларға облыс әкімі үйдің тек кезекпен берілетінін жеткізді.Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев бүгінгі күнге дейін қала мен облыстың күшімен біраз жұмыстардың атқарылғанын және алдағы уақытта арнайы заң қабылданған соң барлық сұрақтар республикалық деңгейде шешілетініне сенімді екенін айтты. Бұл жылдар бойы жиналған мәселелердің жылдам қаралуына ықпал етеді деген үмітте екенін де жасырмады. «Құрметті Алатау қаласының тұрғындары біраз сұрақты талқыладық, біраз жұмыстар жасалды. Қаланың бюджеті үш есе артты. Қазіргі уақытта, атқарылып жатқан жұмыстарға өзіміздің күшімізбен жеттік. Енді заң шыққан соң қаржыландыру тез шешілетін болады. Бұл үшін арнайы қор да құрылады, инвесторлар саны артады. Сол кезде коммерциялық жобалардан бөлек, әлеуметтік жобаларды да енгізуге тырысамыз. Алдағы уақытта, өндіріс ошақтары салынса, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артады. Сондықтан жастарды жұмысқа баулиық. Әрине мәселелер де бар оның барлығы бірте-бірте кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бүгінгі кездесуден біраз мағлұмат алдық енді сол бағытта жұмыс істейтін боламыз», - деді облыс әкімі.Әкім тұрғындардың әрбір сұрағы назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.Айта кетейік, кездесу ашық форматта өтті және бастан-аяқ тікелей эфирде жүріп отырды. Яғни қаланың кез келген тұрғыны келіп қатысып, өзінің сұрағын облыс әкіміне қоюға құқылы болды. Ал кездесуге келе алмағанда сауалдарын тікелей эфир арқылы жолдады. Кей тұрғындар күйбең тіршілікпен облыс әкімінің қабылдауына жете алмай жүргендерін айтып, өңір басшысының өзі келгеніне ризашылықтарын да білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1083876?lang=kk
Алматы облысында «Таза Қазақстан» аясында 200 келіден астам жиде тұқымы жиналды 15.10.2025
Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау апталығы басталды. Шараның негізгі мақсаты – орман қорын толықтыру, табиғи тұқым қорын қалыптастыру және жастардың экологиялық мәдениетін арттыру.7 қазанда Бақанас орман шаруашылығында өткен іс-шараға орманшылармен қатар колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Нәтижесінде бір күн ішінде 200 келіден астам жиде тұқымы жиналды.Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, биыл өңірде шамамен 1,5 тонна жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау жоспарланған. «Әрбір жиналған тұқым – ертеңгі жасыл орманның бастауы. Бұл – өңірдің экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті басқарма басшысы Қанат Нүсіпбаев.Жиналған тұқымдар көктемде облыстық орман тұқымбақтарына жеткізіліп, көшеттерге айналдырылмақ. Кейін олар орман қоры жерлеріне отырғызылып, өңірдің жасыл аймағын кеңейтуге қызмет етеді.2021 жылдан бері Алматы облысында 17,4 мың гектар аумаққа 38,3 миллион ағаш отырғызылды. Бұл – Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындаудағы өңірдің нақты үлесі саналадыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1083915?lang=kk
Балқаш ауданында газ қолжетімді бола түсті 15.10.2025
Балқаш ауданындағы елдімекендер жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен көгілдір отынға қол жеткізіп келеді. Жыл соңына дейін Бақанас ауылындағы жаңа шағынаудан мен Ақжар ауылында газ құбырын орнату жұмыстары толық аяқталмақ.– 2019 жылдан бері Балқаш ауданында газбен қамту ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылы Миялы, Бақбақты, Бірлік, Бақанас, Ақдала және Бояулы ауылдарындағы 1500 тұрғын үйге газ берілді. Қазіргі таңда тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл «ТурГаз» ЖШС-мен Ақжар ауылына газ тарту үшін 809 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, Бақанас ауылындағы жаңа ықшамауданды газбен қамтамасыз етуге 414 миллион теңге бөлінген. Жыл соңына дейін осы екі жоба толығымен аяқталады. Сонымен қатар, Береке ауылына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 1 миллиард 199 миллион теңгеге мердігермен келісімшарт жасалды. Бұл жоба келесі жылға жоспарланған. Бұған қоса, Бура, Үшжарма және Ақкөл ауылдарын газбен қамту 2026–2027 жылдарға арналған бюджет жоспарына енгізілді. Осылайша, 2027 жылға дейін аудандағы 20 елдімекеннің 11-і, яғни 55 пайызы газ желісіне қосылады. Қалған ауылдар 2030 жылға дейінгі бас жоспарға енгізілген, – деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.Бақанас ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Үміт Байдабекова газ желісіне былтыр қосылғанын айтты.– Бұған дейін жыл сайын 4–5 тонна көмір жағып, қатты отын дайындау үлкен шығын мен күшті талап ететін. Қазір үйіміз жылы, балалар да қауіпсіз. Газ қосылған соң тұрмысымыз жеңілдеді, – деді ол.Ал Ақжар ауылының тұрғыны Гүлмария Шопанбаева: – Қазір үйлерімізді пеш жағу арқылы жылытып отырмыз. Бір тонна көмірдің бағасы 35–40 мың теңге тұрады. Бұл – едәуір шығын. Газ құбыры орнату жұмыстары аяқталып, көгілдір отынға тезірек қол жеткізсек деген үміттеміз, – дейді ауыл тұрғыны.Бүгінгі таңда Ақжар ауылында жоғары қысымды 5397 метр, орташа қысымды 1127 метр және төмен қысымды 6715 метр газ құбыры тартылып, 46 үйге газ есептеуіш орнатылған. Құрылыс жұмыстары жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1083949?lang=kk
Алматы облысы жылыту маусымына дайын 14.10.2025
Алматы облысы жылыту маусымына толық дайын. Өңірдің бірнеше ауданында жылу беру жұмыстары басталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылды, оның 2,0 шақырымына күрделі жөндеу, 0,7 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл шаралар желілердің тозу деңгейін 42%-дан 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандықта дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, олардың жалпы дайындығы 71%-ды құрайды. Барлығы 30 қазан жөнделді, оның 5-і күрделі, 25-і ағымдағы жөндеуден өтті.Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 148 қосалқы станцияда жұмыстар толық аяқталды, 1 626 шақырым электр беру желісі жаңартылуда. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет қаражаты есебінен (орындау – 92%), ал 1 235 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ инвестициялары есебінен (орындау – 100%) жөнделуде. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72%-дан 66%-ға дейін төмендейді.Халықты отынмен қамтамасыз ету үшін 696 мың тонна көмір қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірге 187 мың тонна (2 710 вагон) көмір жеткізілді.Ауа райы жағдайларын ескере отырып, жылыту маусымы келесі аудандарда басталды:Кеген ауданында – 24 қыркүйектен бастап;Жамбыл ауданында – 1 қазаннан бастап;Талғар, Іле аудандарында және Қонаев қаласында – 6 қазаннан бастап.Қалған аудандар мен қалаларда жылу беру кезең-кезеңімен 15 қазанға дейін жүзеге асырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1082347?lang=kk
Алматы облысында ауызсумен қамту инфрақұрылымы жаңартылып, қамту деңгейі 99,6%-ға дейін өседі 14.10.2025
Алматы облысында облыстық маңызы бар 2 қала (Алатау, Қонаев) және аудандық маңызы бар 3 қала (Қаскелең, Есік, Талғар) толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылған (100%). 368 ауылдық елді мекеннің 344-і немесе 93,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 24 ауылда (6%) жағдай келесідей: 2 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 3 ауылдың тұрғындары жеке ұңғымаларды пайдаланып, орталық жүйеден бас тартқан.11 ауылда бақылау-баланс тетіктерін (КБМ) орнату жоспарлануда. Оның ішінде 4 нысан бойынша келісімшарттар жасалып, жұмыстар басталды, 7 нысан бойынша конкурс жүргізілуде. Тұрғындардың бас тартуы немесе халық санының аздығына байланысты 8 ауыл бағдарлама тізімінен шығарылған.Өңірдегі су құбырларының жалпы ұзындығы – 5 520 шақырым, олардың тозу деңгейі 52,2%-ды құрайды. 2 886 шақырым желіні жаңарту қажет. Судың сапасы санитарлық нормаларға сай, оған санитариялық-эпидемиологиялық департамент тұрақты бақылау жүргізеді.2024 жылы ауызсумен қамту және су бұру жобаларына 28,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі нысандарды толық аяқтау үшін қосымша 24,1 млрд теңге қажет. 34 млрд теңгеге 18 жобалық-сметалық құжат әзірленген, сондай-ақ су бұру бойынша 1,4 млрд теңгеге жобалар дайындалуда. Облыстық бюджет есебінен тағы 66 жобалық құжат әзірлеуге 2 млрд теңге қарастырылған.Аталған жобалар аяқталған соң 898 шақырым су желісі салынып, жаңартылады, тозу деңгейі 47%-ға дейін төмендейді. Нәтижесінде 2026 жылға қарай ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 99,6%-ға жеткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1082358?lang=kk
Алматы облысы туристік рекорд орнатты 14.10.2025
Алматы облысында туристік ағымның рекордтық өсімі тіркелді. 2025 жылы өңірге 2,5 миллионнан астам адам келді — бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40%-ға көп.Демалушылар арасында ең танымал бағыттардың бірі дәстүрлі түрде Қапшағай су қоймасы болып отыр: биылғы жазда мұнда шамамен 1 миллион 800 мың турист тынықты. Қалғандары өңірдің табиғи інжу-маржандарын — Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағын таңдады.Алматы облысы туризм саласында жоғары әлеуеті бар аймақтардың бірі ретінде өз мәртебесін тұрақты түрде сақтап келеді. Мұнда туристік ағым маусымға қарамастан бәсеңдемейді. Биыл шетелдік туристер саны 12%-ға, ал ішкі туризм 25%-ға артқан.Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, биыл өңірдегі үш ұлттық саябақ — «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» — 700 мыңнан астам адамды қабылдаған.Қапшағай су қоймасының жағалауы — Қонаев қаласы үлкен сұранысқа ие. Жазғы маусымда мұнда 1,8 миллионнан астам турист келіп, жағажайлық демалыстың рақатын көрді. Сондай-ақ биыл оқиғалы туризм белсенді дамып, жақсы нәтижелер көрсетті.Шетелдік қонақтар арасында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағы ерекше танымал. 2025 жылдың тоғыз айында бұл үш нысанға 700 мыңнан астам адам барып, олардың 530 мыңы Көлсай көлдеріне келген. Әр үшінші келуші — шетелдік турист.Биыл аймаққа Үндістаннан, Парсы шығанағы елдерінен және Ресейден көптеген қонақ келді. Түркиядан келген турист Мерт Фуркан өз әсерімен бөлісті: — Мұнда өте әдемі, маған ұнады. Біздің Түркияда ұқсас жер бар — Узынкөл, бірақ мұндағы табиғат байырақ: жасыл желек көп, суы таза әрі мөлдір. Мен бұл жерлерді көптен көргім келген — бұл ата-бабамыздың жері. Түркі халықтарына осы өңірге келіп, өз көздерімен көруді кеңес беремін.Туристік ағымның өсуіне инфрақұрылымды дәйекті дамыту ықпал етті. 2025 жылы туристік бағыттарды абаттандыруға 171 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау» ұлттық саябақтарында және Қонаев қаласында жүргізілуде.Бұл жерлерде пирстер, экосатылар, кіреберіс топтар мен от жағу аймақтары орнатылып, металл қаңқалы жаңа серуендеу соқпақтары салынды. Бұл шаралар демалушыларға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081776?lang=kk
«Ақ бидай» ойындарында Алматы облысының спортшылары күміс жүлдегер атанды 14.10.2025
Қонаевта республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының үздіктері марапатталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың табандылығын атап өтіп, 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілдері Алғыс хаттарға ие болды.Алматы облысында өткен республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Өңір спортшылары мен сала мамандарына марапаттарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстады.Елдің түкпір-түкпірінен келген екі мыңға жуық спортшы футбол, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика секілді классикалық спорт түрлерімен қатар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысы бірінші орынға ие болса, Алматы облысының құрама командасы күміс жүлдені жеңіп алды. Ал үшінші орын Батыс Қазақстан облысына бұйырды.Облыс әкімі 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілін алғыс хатпен марапаттап, олардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Жүлдегерлер қатарында ұлттық спорт шеберлері мен спорт мектептерінің жетекшілері бар.Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаровтың айтуынша:«Сол жерде атсалысқан федерациялар мен ұйымдастырушылар бар, спортшыларды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттадық. Жалпы 17 адам марапатталды. Федерация президенттері де бар. Қалған спортшыларымыз басқарманың алғыс хатымен тағы да марапатталады. Алматы облысы жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Келесі төртжылдықта Солтүстік Қазақстанда өтетін додада бірінші орын аламыз деген сенімдеміз».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081777?lang=kk
Алматы облысында газдандыру ауқымы кеңеюде: 1,2 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылған 14.10.2025
Алматы облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 1,2 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Соңғы жылдары ондаған елді мекендер орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.2024 жылы 17 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде Жамбыл ауданын тұрақты түрде газбен қамтамасыз ететін «Қазыбек бек» автоматтандырылған газ тарату станциясы бар. Облыс аумағындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 4,8 мың шақырымнан асты, ал тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді.Биылғы жылы газдандыру жобаларына шамамен 11 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат Конаев қаласының бес шағын ауданын және 13 елді мекенді газбен қамтуға бағытталды. Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «Даулет» шағын ауданында, Жамбыл ауданының Танбалытас ауылында, Балқаш ауданының Ақжар ауылында және Бақанас жаңа шағын ауданында құрылыс жұмыстары басталды.«Талғар ауданының Еламан және Кіші Байсерке ауылдарының тұрғындары газға қосылды. Қабылдау актілері рәсімделіп, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Отбасылар көптен күткен жылуға қол жеткізді. Бұл — өңір халқының барлығына көгілдір отынды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам», — деді Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081927?lang=kk
Жамбыл ауданында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті 14.10.2025
Жамбыл ауданында қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтой ел руханияты мен өнерін ұлықтаған үлкен мереке болды.Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, қонақтар ақынның кесенесіне зиярат етті. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалды. Айта кетейік, композитордың аманаты бойынша ол Жамбыл Жабаевтың жанына жерленген.Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде директор Салтанат Тезекбаева қонақтарға экскурсия өткізіп, ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады.Негізгі мерекелік жиын «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды. Мұнда бес мыңнан астам адам жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері — халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.Шарада қоғам және мәдениет қайраткерлері Нұрлан Оразалин мен Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың адамдық болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өтті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алды.Мерейтой аясында өткен концертте қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсетті. Орталық сахнада «Отырар сазы» оркестрі орындаған күйлер көрермендерді даланың әуезді үніне бөледі.Кеш соңында қонақтар дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерге шақырылды. Ал мерекенің спорттық бөлігі бәйгемен жалғасты. «Көкбастау» ипподромында өткен аламан жарыста түрлі өңірлерден келген шабандоздар бақ сынады. Нәтижесінде «Аламан бәйге» бойынша Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтың «Жұмыртұяқ» атты тұлпары бірінші келді.Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой — ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Бұл күн қазақ музыкасының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080838?lang=kk
Қонаев қаласының рәміздерін жасауға байқау жарияланды 14.10.2025
Облыс орталығында қаланың ресми рәміздерін әзірлеуге арналған байқау басталды. Өтінімдер 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады.Байқау шарттарына сәйкес, рәміз жобасын әзірлеуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ діни, рулық және тайпалық белгілерді қолдануға тыйым салынады.Жобалар қоғамдық келісім мен бірлікті бейнелеуі, геральдикалық нормаларға, ұлттық дәстүрлерге, өңірдің тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Байқауға ұсынылған жұмыстар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы қажет.Эскиздер бейне, көлемді модель немесе айқын бедері бар макет түрінде ұсынылуы тиіс. Барлық атаулар мен жазбалар міндетті түрде қазақ тілінде берілуі қажет. Авторлық құқықты бұзу мен плагиатқа жол берілмейді.Байқауға Қазақстан азаматтары жеке немесе шығармашылық топпен қатыса алады. Ұлттық ою-өрнек пен этнографиялық элементтерді қолдануға рұқсат етіледі. Өтінімдер қазақ немесе орыс тілінде, жоба сипаттамасымен бірге қабылданады.Құжаттар қағаз және электронды нұсқада Қонаев қаласының ішкі саясат бөліміне тапсырылуы тиіс (электронды мекенжай: ovp_qonaev@mail.ru).Қосымша ақпарат алу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 705 543 54 77 (Төребеков Жеңіс Еркімбекұлы).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080401?lang=kk
Талғар ауданында жасөспірімдер қылмысының алдын алу жолдары талқыланды 14.10.2025
Талғар ауданында өткен жиынға жүздеген ата-ана, мұғалімдер, билік пен полиция өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты себебі – жасөспірімдер қылмысының және қоғамға жат қылықтардың көбеюі болды.Жиналыстың модераторы, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ата-аналарға ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беруді мақсат еткенін атап өтті. Атап айтқанда, буллинг пен суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылық пен қараусыздықты болдырмау мәселелері қозғалды.Шара театрландырылған «Менің әлемім» қойылымымен басталды. Көріністе өмірден алынған қарапайым оқиғалар арқылы отбасы ішіндегі жағдайдың бала болашағына тікелей әсер ететіні көрсетілді.Аудан әкімі Танат Айдарбеков сөзінде: «Тұлғаның қалыптасуы отбасынан басталады. Ешбір мектеп те, мемлекет те ата-ананың қамқорлығын алмастыра алмайды. Балаларға дұрыс бағыт беру үшін отбасы, мұғалімдер мен қоғамның бірлескен еңбегі қажет», – деп атап өтті.Құқық қорғау органдарының өкілдері алаңдатарлық статистиканы ұсынды. Биыл жасөспірімдер 18 қылмыс жасаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, 600-ден астам бала түнде көшеде немесе ойын-сауық орындарында ұсталған.Мамандардың пікірінше, қылмыстың көбеюіне ата-аналардың назарсыздығы себеп. Мектеп пен құқық қорғау органдары шара қолданғанымен, отбасының қолдауынсыз нәтиже толық болмайды.Мұғалімдер, билік өкілдері, ақсақалдар мен ата-аналардың айтқандары бір арнаға тоғысты: дені сау әрі жауапты ұрпақты тәрбиелеу үшін бәріміздің күш біріктіруіміз қажет.Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулер жүйелі түрде өтуі тиіс деген пікірге келді. Өйткені балалардың болашағы ең алдымен отбасының жауапкершілігіне байланысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080429?lang=kk
4 500 жұмыс орны және 70 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында ең ірі логистикалық парк ашылды 14.10.2025
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту, заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгін Алматы облысында осы міндеттердің нақты іске асуына айқын үлгі болған маңызды оқиға орын алды – Focus Logistics (BAZIS компаниялар тобы) компаниясының «Focus Aksengir» логистикалық паркі ашылды.Жобаға жалпы инвестиция көлемі 70 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылы 13 млрд теңге игерілді. Бірінші кезекте Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метрді қамтитын заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта оффтейк-келісім жасалған.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа парк өңірдің экономикалық өсуіне серпін беретініне назар аударды: «Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады».Бүгінгі күні жалпы аумағы 64 545 шаршы метр қоймалар пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 000 шаршы метр қойма іске қосылады. Болашақта А+ санатындағы 300 000 шаршы метрге дейін қойма орындарын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланған.Жоба тікелей жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне әсер етеді. Тек Ozon компаниясымен серіктестіктің өзі 4 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал өңір бюджетіне жыл сайынғы қосымша түсім 5 млрд теңгеден асады.«Бұл нысанды біз жай ғана қойма кешені емес, сауда, инвестиция және бизнестің жаңа мүмкіндіктері шоғырланатын орталық ретінде қарастырамыз. Мұнда мемлекет те, инвесторлар да, жергілікті кәсіпкерлер де ұтады», – деді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.Логистикалық парк БАКАД, Аксенгир теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәліздерімен интеграцияланған.Сонымен қатар, BAZIS компаниясы 50 000 шаршы метр аумақтағы көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды, сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080445?lang=kk
Ысқақовтар әулеті: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұстаздық дәстүр 14.10.2025
Жамбыл ауданында Ысқақовтар әулеті ерекше орынға ие. Оларды көпшілік нағыз ұстаздар әулеті деп атайды. Себебі бірнеше буын өкілдері өмірін өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруге арнаған. Кәсібіне адалдығы мен мектеп білімін дамытудағы зор еңбегі үшін халық арасында Ысқақовтарды «ұстаздар әулеті» деп құрметтейді.Ысқақовтар әулетінің педагогикалық дәстүрі өткен ғасырдың орта шенінде бастау алды. Нұржан Жораханұлы Ысқақовтың атасы Сейдахмет ауылдағы алғашқы мектептің негізін қалаушылардың бірі болса, әкесі Жорахан Ысқақов ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, бүкіл ғұмырын балалар тәрбиесіне арнады.Бұл дәстүрді лайықты жалғастырған Нұржан Жораханұлы 1959 жылдың 3 ақпанында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №9 интернатты аяқтап, Мәскеу қаласында әскер қатарында борышын өтегеннен кейін, Қазақ дене шынықтыру институтына түсіп, оны 1983 жылы үздік бітірді. Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастады.1985–2002 жылдар аралығында ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, осы кезеңде білім ошағы елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен қайтадан ұстаздыққа оралып, 2023 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін дене шынықтыру пәнінен дәріс берді.Нұржан Жораханұлы өмірлік серігі Бибігүл Аспандиярқызымен Қазақ дене шынықтыру институтында танысып, 1983 жылы шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсірді.Бүгінде олардың үш баласы ата-анасының жолын жалғап, педагогикалық дәстүрді өрбітіп отыр. Үлкен ұлы Думан Алматы қаласында тарих пәнінен сабақ береді, қызы Айгүл Арайымқызы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагог-психолог болып еңбек етеді. Кенже ұлы Елдар Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдап, Сұраншы батыр ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ортаншы ұлы Дастан энергетика саласында қызмет атқарып жүр, дегенмен отбасының еңбекқорлық пен қоғамға адал қызмет ету дәстүрін жалғастыруда.Ұзақ жылғы еңбегі үшін Нұржан Жораханұлы мемлекеттік марапаттарға ие болып, әріптестерінің құрметіне, шәкірттерінің алғысына бөленді. Зейнет демалысына шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.Ысқақовтар әулеті – Жамбыл ауданының мақтанышы. Бұл әулеттің өнегелі тарихы ұстаздық мамандыққа адалдықтың және білім саласындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080151?lang=kk
Ағылшын тілін рэп арқылы үйреткен ұстаз 14.10.2025
Қазіргі цифрландыру дәуірінде және ақпарат ағыны мол заманда мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тың әдістерді қолдануы қажет.Осындай жаңашыл ұстаздардың бірі – әлеуметтік желілерде «Мистер Омирбек» атымен танымал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Өмірбек Жанқуатов. Жас педагог TikTok желісінде жариялаған бейнероликтері арқылы кеңінен танымал болды. Ол бейнематериалдарда мектеп оқушыларын ағылшын тілін музыкалық композициялар арқылы үйретеді.34 жастағы Өмірбек Жанқуатов бұған дейін Алматы облысы Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Қазіргі таңда ол Іле ауданы Қосөзен ауылындағы мектепте сабақ береді. Оның оқыту тәсілі шығармашылыққа негізделген: сабақ барысында оқушылар ағылшын сөздері мен сөз тіркестерін рэп ырғақтарына қосып жаттайды. Мұндай әдіс білім алу процесін қызықты әрі жеңіл етеді.Өмірбек Жанқуатовтың кәсіби жетістіктері өңірлік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Жақын арада ұстаз жаңа авторлық бағдарламасын ұсынбақ, оны оқушылар асыға күтуде.Ұстаздық – үздіксіз ізденісті, кәсіби дамуды талап ететін абыройлы мамандық. Өмірбек Жанқуатовтың тәжірибесі шығармашылық пен кәсібилікті ұштастыру арқылы заманауи білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға болатынын дәлелдеп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080154?lang=kk
Алматы облысында робототехниканы дамытқан жаңашыл ұстаз 14.10.2025
Алматы облысының мектептерінде заманауи білім беру әдістері сәтті жүзеге асырылуда. Соның жарқын үлгісінің бірі – педагог Даулешьяр Бақытәлінің еңбегі. Ол арнайы жабдықтары жоқ мектепте өз күшімен робототехника кабинетін ашып, оқушыларды ғылымға баулыды.Ұстаздың бастамасымен «Өнертапқыштар әлемі» клубы құрылды. Клубтың алғашқы ірі жобаларының бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыға қол протезін жасау болды. Кейіннен бірнеше қол және аяқ протездерінің үлгілері дайындалды.Білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін Даулешьяр Бақытәлі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен марапатқа ие болды.Оқушылардың шығармашылық ізденістері нәтижесінде көптеген бірегей жобалар дүниеге келді. Атап айтқанда: «Автоматты қоқыс жинағыш», «Еден жууға арналған робот», «Робо-күнбағыс», «Көрмейтіндерге арналған көзілдірік», «Бөтелке қайта өңдеу құрылғысы», «Жеткізу дроны», «Робо-дәрігер», «Қазақы стильдегі автокөлік макеті» және басқа да жобалар жасалды.Сонымен қатар, педагог мектептен тыс үйірмелерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеп, мұғалімдер мен оқушыларға арналған физика пәні бойынша мобильді қосымша ойлап тапты. Балалармен бірлесіп жасалған жобалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тек өңірде ғана емес, бүкіл ел көлемінде оң пікірге ие болды.Мұндай бастамалар оқушылардың әлеуетін ашуға, олардың ғылыми ізденістерге құштарлығын арттыруға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың ата-аналары да педагогтың еңбегін жоғары бағалап, оның білімді қызықты әрі түсінікті түрде жеткізе білетінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080159?lang=kk