Enbekshi QazaQ

Саясат

«Қымызмұрындық-2025» 25.06.2025
Алматы облысы Кеген ауданының көрікті Кәркара жайлауында ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын ірі мәдени іс-шара – «Қымызмұрындық-2025» этнофестивалі өтті. Оның аясында республикалық «Жолан жүйрігі» ат жарыстары ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен және жақын шетелдерден келген тоғыз мыңға жуық қонақты қарсы алған бұл шара қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қайта түлеуінің жарқын көрінісіне айналды.«Қымызмұрындық» фестивалі – жаз жайлауына көшкен соң алғашқы қымыз сапыру рәсіміне негізделген көне дәстүр. Бұл ғұрып молшылықтың, табиғатқа деген құрметтің және қонақжайлықтың белгісі ретінде қарастырылған. Фестиваль барысында бұл дәстүрлер толық сақталып, кимешек киген әжелер шашу шашып, бауырсақ пен бал қымыз ұсынып, келушілерді төрге шығарып қарсы алды. Қонақтарға ұсынылған емдік сусыннан шамамен 100 бөшке дайындалған.Фестиваль салтанатты театрландырылған қойылыммен ашылып, 50 шабандоздан құралған салт атты шерумен жалғасты. Шеруді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым бастап, дәстүрлі бата берді.Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим шараға қатысушыларға арнаған сөзінде: — «Қымызмұрындық» – халқымыздың рухани коды. Қымыз – жай ғана сусын емес, ол ғасырлар бойғы өмір салты мен философияны бейнелейді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, көршілік пен достықты нығайтады. Шара аясында Жолан Омарұлына арналған бәйге мен ұлттық спорт сайыстары өткізіледі, – деп атап өтті.Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамоталары Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Күлбаевқа табысталды.Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Канибек Абиев, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов және Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы болды.Жолан Омарұлының әкесі Ыбырайақын аға ұйымдастырушылар мен Кеген жұртшылығына алғысын білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Нұрбахыт Теңізбаевқа ризашылығын жеткізді.Фестиваль аясында Кеген ауданының ауылдары киіз үйлер тігіп, этноауылдар құрды. «Ауыз тию» салттық рәсімі өткізілді. Ауданның ақсақалы Жетен ата бата беріп, келіні Айнарa бие сауу процесін көрсетті.Қонақтар киіз басу, кілем тоқу, ұн тарту, көрпе тігу және қымыз дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы 150 литр қымыз әкеліп:— Біздің қолда 12 бие бар. Қымыз – шипалы, табиғи сусын. Оны газды сусындармен салыстыруға келмейді, – деді.Ауыл шаруашылығы техникалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. «Беларусь Агро Техника» компаниясы өз тракторларын тиімді лизинг шартымен ұсынды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим жаңа техникалардың кілттерін жергілікті шаруаларға табыс етті. Олардың бірі – «Ерген» шаруашылығының төрағасы Рақымжан Абдрахманов: — Мұндай күнде техника алу – үлкен қуаныш. Бұл фестиваль – жастарға үлгі болатын, дәстүрлерге қайта оралудың жарқын мысалы, – деді.Мерекелік көңіл-күйді Рамазан Стамғазиев, Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Мусаев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған секілді белгілі әншілер мен «Алатау серілері», «Абырой» ансамбльдері және Сүйінбай атындағы филармонияның әртістері жандандыра түсті.Кеген ауданының әкімі Нұрбахыт Теңізбаев фестивальдің ұлттық мұра, дәстүрлі спорт, ауыл еңбегі мен ішкі туризмді дәріптеудегі мәдени маңыздылығын атап өтті.Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: қыз қуу, бөрене көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» палуандар сайысы, 15 келі қымыз ішуден жарыс және «Топжарған» шоу бағдарламасы.Жетісу өңірінің тұрғыны Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды көтеріп, осымен 35-рет жеңімпаз атанды.Фестивальдің басты көрінісі – республикалық «Жолан жүйрігі» бәйгесі болды. Жарыстар 9 км (құнан бәйге), 18 км (топ бәйге) және 31 км (аламан бәйге) қашықтықтарында өтті. Бас жүлдеге екі автокөлік пен 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тігілді.Аламан бәйгеде Жамбыл облысынан Айдар Нұрмұхамбетовтың «Айбалта» атты тұлпары мәре сызығын бірінші кесіп, Changan автокөлігін жеңіп алды.Топ бәйгеде Алматы облысынан Магауия Қазбековтың «Калкаман» атты аты бірінші келіп, ол да Changan автокөлігіне ие болды.Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасынан Сталбек Жаманқұловтың «Роки» атты тұлпары жеңімпаз атанып, 2 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.«Қымызмұрындық-2025» фестивалі ұлттық мұраны құрметтеу мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін тағылымды іс-шара ретінде ел есінде қалды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1023224?lang=kk
«Samruk-Kazyna Trust» қоры ерекше балаларға арналған инклюзивті спорттық-шығармашылық лагерь ұйымдастыруда 25.06.2025
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 250 бала мен олардың ата-аналарына арналған «Sheksiz Mümkindikter» инклюзивті лагері басталды. Алғашқы маусым Алматы облысында өтіп, 50 отбасы қатысқан. Алты күн бойы балалар бейімделген спорт түрлерімен (бочча, тетербол, футбол, корнхол, садақ ату) айналысып, робототехника, аспаздық, гипс пен балауыздан бұйым жасау және сурет салу бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар мотивациялық кездесулер, психологтармен кеңесулер мен ата-аналарды балалардың дамуына тартатын бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылды.«Бұл жоба – жай ғана лагерь емес. Бұл – әр баланың дамуына, дос табуына, өз әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды бастама. 2022 жылдан бері бұл жоба 650-ден астам ерекше баланы қамтыды. Биыл біз сондай-ақ 400 бала Қазақстанның әр өңіріндегі мәдени және өндірістік нысандарға сапар шегетін «Туған елге саяхат» атты кәсіби бағдарлау пойызын іске қосамыз», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.Ата-аналар мұндай форматтағы лагерьлердің маңыздылығын ерекше атап өтуде, себебі көпшілік лагерьлер мен санаторийлер ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделмеген. Қор қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба ДЦП, аутизм, көру қабілетінің бұзылуы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, тірек-қимыл аппаратының зақымдануы сияқты диагноздары бар 650-ден астам баланы қамтыды.2025 жылы лагерь жаңа форматта өтуде: Алматы және Ақмола облыстарында бес алтыкүндік ауысым ұйымдастырылады. Қонаев қаласындағы демалыс орнында үш спорттық ауысым өтсе, Бурабайда екі шығармашылық ауысым болады. Бағдарлама балалардың физикалық, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ отбасылық байланыстарды нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.Жоба инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал етеді: мұнда балалар өз қабілеттерін дамытып, ал ата-аналар қажетті білім мен қолдау алады. Лагерьден кейін де жұмыс жалғасады – спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер мен әлеуметтік бейімделу бағдарламалары жүзеге асады.Инициатива «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және Орталық Азиядағы «ДЦП Life» қорының серіктестігімен жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1022721?lang=kk
Алматы облысында Дала күні өтті: көміртекті және органикалық егіншілікті дамыту мәселелері талқыланды 25.06.2025
Карасай ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Дала күні ұйымдастырылды. Шара Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Бұл – билік, ғылым, аграрлық сектор мен халықаралық ұйым өкілдері бас қосқан маңызды диалог алаңы болды.Бас тақырып ретінде органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту мәселесі таңдалып, тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жолдары қаралды. Жиында деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, экологиялық агротехнологияларды енгізу, ғылыми әдістер мен цифрлық шешімдер таныстырылды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ғалымдар және фермерлер инновациялық тәсілдермен танысып, агросаланы климаттық өзгерістерге бейімдеу және фермерлерді «жасыл» бастамаларға ынталандыру мәселелерін талқылады. Шарада БҰҰДБ, ФАО өкілдері және Канададағы Альберта университетінің профессоры онлайн қатысып, пікір білдірді.Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев былай деді: «Қазақстанда көміртекті секвестрациялаудың әлеуеті зор. Қазіргі таңда 90 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің түрлі дәрежеде тозғаны анықталып отыр, оның ішінде 29 млн гектары құнарлылығын жоғалтқан. Жердің 62–63%-ында қарашірік деңгейі өте төмен. Егер топырақты дұрыс басқарсақ, ол көміртекті жоғалтпай, керісінше, жинақтай алады. Осыған байланысты біз көміртек полигондарын құру, көміртек қорларының цифрлық кадастрын жүргізу, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектті пайдалану және көміртек бірліктерін верификациялау механизмдерін қамтитын ғылыми-техникалық бағдарламаны бастадық. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы үшін қажет жүйелі қадам».Өз сөзінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде агросаясат ғылым мен технологияға негізделіп жатқанын атап өтті: «Ауыл шаруашылығы – облыс дамуының басты басымдықтарының бірі. 2024 жылы саланың жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгеге жетті. Біз ет, өрік және құс шаруашылығы бойынша ел көлемінде көш бастап тұрмыз. АӨК экспорты 39%-ға артты. Сонымен қатар, сүт-тауарлы фермалар, өңдеу кәсіпорындары мен жылыжай кешендерін дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 2 400 км суару желілері қалпына келтіріледі. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 1 360-тан астам бастама қолдау тапты, ауыл тұрғындарының табысы 22,7%-ға өсті. Бірақ ең бастысы – жерге ұқыпты қарауға, ғылым мен цифрландыруға негізделген тұрақты шешімдерді енгізу».Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов та карбондық әдістердің тиімділігін атап өтті:«Жер тек өнім беріп қана қоймай, көміртек жобалары арқылы қосымша табыс көзіне айнала алады. Біздің міндетіміз – аграршыларды осындай тәжірибелерге көшуге ынталандыру және бұл үдерістерді барынша ашық әрі экономикалық жағынан тиімді ету».Пленарлық отырыста ауыл шаруашылығындағы көміртек ізін азайту, көміртек полигондарын құру, топырақтағы көміртек қорларын цифрлық тіркеу, фермерлерді экологиялық тәжірибеге ынталандыру және Қазақстанның жаһандық көміртек офсеттері нарығына қатысуы сияқты нақты іс-шаралар талқыланды.Кездесу қорытындысында ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған тұрақты егіншілікті дамыту бойынша нақты ұсыныстарды қамтитын резолюция қабылданды.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 535 млн тонна көмірқышқыл газын секвестрациялау әлеуетіне ие. Егер «жасыл» агропрактикалар тиімді енгізілсе, 2050 жылға қарай көміртек офсеттері саудасынан жылдық табыс 25 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1020830?lang=kk
Алматы облысында жүгеріні терең өңдеу саласында ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда 25.06.2025
Қытайлық "Yili Chuanning Biological Co." компаниясы Қазақстанда жүгеріні терең өңдеу саласында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.«Қытай – Орталық Азия» атты екінші Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Алматы облысының әкімдігі мен Қытайдың "Yili Chuanning Biological Co." компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.Алматы облысының әкімдігі агроөнеркәсіптік секторға стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Осы бағытта Қытайдың жетекші биофармацевтикалық кәсіпорындарының бірі – "Yili Chuanning Biological Co." Еңбекшіқазақ ауданында жүгері мен бидайды терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаны іске асыруды бастады.Жоба аясында заманауи биотехнологиялар енгізіліп, аминқышқылдар, пробиотиктер мен биологиялық ыдырайтын материалдар (оның ішінде қаптама және медициналық бұйымдар) өндірілмек. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 500 миллион АҚШ доллары. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 400 мың тонна жүгері мен 500 мың тонна бидай, ал құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны 1 000 адамға дейін жетуі мүмкін.Кәсіпорын «Шелек» индустриялық аймағында орналасады. Қазіргі уақытта компания мамандары жобаны кезең-кезеңімен іске асыру стратегиясын әзірлеумен қатар, өндірістік алаңның инфрақұрылымы, логистикасы және экономикалық параметрлері бойынша кешенді талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1018433?lang=kk
Алғашқылардың бірі болып көмекке келетіндер туралы 21.06.2025
  Медицина қызметкері күніне арналған жарияланымдар сериясын жалғастыра отырып, біз қиын жағдайда жұмыс істеп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғап жүрген мамандар туралы әңгімелейміз.  Досжан Жұмағұлов 2010 жылдан бері ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының Шымкент қ. бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінде фельдшер болып еңбек етеді. Филиал ашылған күннен бастап ол өз кәсібилігін, тәртіптілігін және жауапкершілігін үнемі жоғары деңгейде көрсетіп келеді. 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауылындағы әскери қоймада болған жарылыстар кезінде Досжан эвакуация жұмыстарына белсене қатысып, сабырлылық пен жанқиярлық танытты. Ал 2024 жылдың шілде айында Ордабасы индустриялық аймағындағы күкірт қышқылы қоймасында шыққан өрт кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, кезекті рет сенімге лайық маман екенін дәлелдеді. Оны әріптестері де, науқастар да құрметтейді. Ол – өз ісінің шебері әрі екі баланы тәрбиелеп отырған отбасылы азамат.  Қуаныш Күнғабылов 2017 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалында фельдшер болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол төтенше жағдайлар кезінде нақты әрі сенімді әрекет ететін, кез келген жағдайға дайын маман ретінде танылды. Зардап шеккендер үшін ол – сенімділік пен сабырлықтың белгісі.«Қиын сәтте адамның жанынан табылу – менің жұмысымның басты мәні», – дейді Қуаныш Амангелдіұлы.  Бұл сөздер оның кәсібінің мәнін де, өмірлік ұстанымын да айқын сипаттайды. Әріптестері оның жауапкершілігін, ұжыммен жұмыс істей білу қабілетін және сыпайылығын ерекше атап өтеді.  Бұл қос маман – төзімділік, кәсібилік және жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Олардың еңбегі – халықтың қиын сәтте үміт арта алатын сенімді медициналық көмегінің негізі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1017524?lang=kk
«Семей орманы» табиғи резерваты аумағында орман өртін ерте анықтау жүйесі іске қосылды 21.06.2025
Бүгін «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында орман өртінің алдын алу бағытындағы маңызды жобаның таныстырылымы өтті. Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов қатысты.Резерваттың Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығында орман өртін ерте анықтауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесінің алғашқы құрылғылары орнатылды. Бұл жоба — орман өртінің алдын алу мен жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешім.Жүйе тәулік бойы жұмыс істейтін оптикалық және термовизиялық камералар арқылы орман аумағын толық бақылайды. Биіктігі 30 метрлік антенна-діңгектерге орнатылған камералар 360 градусқа айналып, түтін мен өрт белгілерін автоматты түрде анықтайды. Қауіп анықталған сәтте сигнал бірден жедел басқару орталығына жіберіледі. Бұл өрт ошақтарын уақтылы оқшаулап, залалды азайтуға мүмкіндік береді.Жүйе болашақта Төтенше жағдайлар министрлігінің басқару орталығымен біріктірілмек. Бұл барлық орман алқаптарын республикалық деңгейде бақылауға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1017545?lang=kk
Катонқарағай ауданында әсерге толы «Аламан бәйге» жарысы өтті 21.06.2025
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен ірі жарыстардың бірі – «Аламан бәйге» өтті.XXIII халық спорт ойындарының аясында ұйымдастырылған бұл жарыс өңірдің түкпір-түкпірінен келген көрермендерге арналған үлкен мерекеге айналды. Ат спорты мен ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған бұл шарада көрермендер тартысты додаға куә болды.Жарыстың құрметті қонағы – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов. Ол бәйгені тамашалап, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.25 шақырымдық бәйгеде жүлделі орындар келесідей бөлінді:  Тарбағатай ауданынан келген Манап Әбілмансұр «Зағип» атты тұлпарымен бірінші орынға ие болды. Күршім ауданынан Дәулет Темірлан «Барыс» атты тұлпарымен екінші орын алды. Үшінші орынды Зайсан ауданынан келген Дулат Нұралин мен оның «Арбат» атты тұлпары жеңіп алды.Жүлде қоры да ерекше болды: бірінші орынға — автокөлік,    екінші орынға — 1 миллион теңге, үшінші орынға — 700 мың теңге берілді.«Аламан бәйге» — бұл тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын жалғап, дала рухын, ұлттық бірлікті еске салатын ұлы дәстүр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017557?lang=kk
Катонқарағай ауданында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық айтыс өтті 21.06.2025
Катонқарағай ауданында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық айтыс өтті. Бұл поэзиялық сайыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ауқымды фестиваль аясында өткізілді.Айтыс сахнасына Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген танымал ақындар шықты. Қатысушылардың қатарында республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыра», «Асыл домбыра» иегерлері мен мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары болды.Жарыс екі кезеңнен тұрды. Ақтық сынға үздік жұптар шығып, шешуші айтыс өтті. Айтыс аралығында көрермендер «Назқоңыр», «Дарабоз» вокалдық топтарының және мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.Қорытынды сөз сөйлеп, бас жүлдені ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.Шара түркі дүниесінің мәдениеттерін тоғыстырған, қазақтың айтыс өнерінің рухани құндылығы мен мәртебесін көтерген айтулы оқиға болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017558?lang=kk
Апаттар медицинасы орталығы: төтенше жағдайлар мен автожолдардағы шұғыл көмек 21.06.2025
  Апаттар медицинасы орталығы төтенше жағдайларға тап болған азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша маңызды міндеттерді белсенді түрде атқарып келеді. Орталықтың мамандары табиғи зілзалалар, техногендік апаттар және жол-көлік оқиғалары секілді әртүрлі төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді.  2025 жылдың басынан бастап орталық филиалдарының бригадалары төтенше жағдайлар орындарына 3 464 рет шықты. 753 зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 102-сі емдеу мекемелеріне жеткізілді.  2011 жылдан бастап «Саламатты Қазақстан» Қазақстан Республикасының мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы аясында көліктік медицинаны дамыту белсенді түрде қолға алынды. 2012–2014 жылдар аралығында республиканың қауіпті автожол учаскелерінде 41 трассалық медициналық-құтқару пункті кезең кезеңімен құрылып, бүгінгі күнге дейін тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл зардап шеккендерге оқиға орнында жедел медициналық көмек көрсету және оларды емдеу мекемелеріне санитарлық көлікпен жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырды.  2025 жылы ТМҚП бригадалары 745 рет шығу жасап, 800 адамға медициналық көмек көрсетті, 493 адам ауруханаларға жатқызылды. Сонымен қатар қарлы борандар мен автокөлік бұзылған кезде трассаларда 11 адам құтқарылды.  Апаттар медицинасы орталығы шұғыл медициналық көмекті көрсету тетіктерін жетілдіруді және кез келген күрделі жағдайда халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін әрекет ету жылдамдығын арттыруды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1017565?lang=kk
Астанада «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің отырысына байланысты бірқатар көше жабылады 21.06.2025
2025 жылдың 16-18 маусымы аралығында Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келеді. 17 маусым күні елордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатысуымен «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.Осы іс-шараға байланысты елордада 16-18 маусым аралығында бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Жол қозғалысы мына учаскелерде тоқтатылады:Қабанбай батыр даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан бастап Мәңгілік Ел даңғылына дейін;Мәңгілік Ел даңғылы Қабанбай батыр даңғылынан Д.Қонаев көшесіне дейін;Қонаев көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралық;Қабанбай батыр даңғылының Қорғалжын тас жолына дейінгі бөлігі.Сондай-ақ, 2025 жылғы 17 маусым күні мынп көшелерде уақытша қозғалыс шектеледі:Керей-Жәнібек хандар көшесі – Мәңгілік Ел даңғылынан бастап Шерхан Мұртаза көшесіне дейін;Тәуелсіздік даңғылы – Керей-Жәнібек хандар көшесінен А. Байтұрсынұлы көшесіне дейін.Бұған қоса, 17 маусымда сағат 14:00-ден 20:30-ға дейін Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы Қ. Аманжолов және Ж.Нәжімеденов көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол қозғалысында болатын өзгерістерді ескере отырып, бағытын алдын ала жоспарлағаны жөн.Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жолдағы қолайсыздықты азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен нұсқағыштар орнатылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1017567?lang=kk
Астанада Тұран даңғылының учаскесі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды 21.06.2025
Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Тұран даңғылының Сарайшық көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Осыған байланысты, 15 маусымнан бастап аталған учаскеде көлік қозғалысы толық қалпына келтірілді және екі бағытта да қайта ашылды.Еске сала кетейік, жөндеу жұмыстары 10-15 маусым аралығында кезең-кезеңмен жүргізілді. Осы уақыт аралығында қозғалыс бірінші әуежайдан қалаға қарай, кейін қаладан әуежайға қарай бір бағытта ұйымдастырылған болатын.Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы Тұлпар көпірінен Сарайшық көшесіне дейінгі, ал 2024 жылы Керей-Жәнібек хандар көшесінен Жұлдыз айналымына дейінгі аралықта жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1017568?lang=kk
Абай облысындағы «Дарабоз» жазғы лагерінде 720 бала демалады 21.06.2025
Абай облысы Мақаншы ауданындағы «Дарабоз» жазғы сауықтыру-демалыс лагері балалардың алғашқы легін қабылдады. Лагерь жұмысы 6 маусым бойынша (әр маусым – 10 күн) жүргізіледі. Әр кезеңде 120 бала қабылданып, жаз бойы 720 оқушының демалысы ұйымдастырылады.«Дарабоз» лагері 10–14 жас аралығындағы 5–8 сынып оқушыларына арналған. Балалар жергілікті бюджет және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен демалады.Балалардың демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізу үшін лагерьде 10 педагог қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында аға тәлімгер, тәрбиешілер, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жүзуден нұсқаушы және медбике бар. Мамандар балалардың күн тәртібін, ойын-сауық және тәрбиелік бағдарламаларын кәсіби деңгейде ұйымдастырып, қауіпсіздігін қадағалайды.Лагерьде күн сайын арнайы жоспармен іс-шаралар өтеді. Бағдарламада таңғы жаттығу, суға жүзу, спорттық жарыстар, шығармашылық үйірмелер мен клубтар (би, қолөнер, спорт, ақындар үйірмесі), экскурсиялар, зияткерлік ойындар, би кештері, тақырыптық күндер мен апталық мазмұнды шаралар қамтылған.Лагерь аумағы мен ғимараттары санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келеді. Аумақта бейнебақылау орнатылып, медициналық пункт, таза ауыз су, дезинфекциялық шаралар толық қамтылған.«Дарабоз» – балалар үшін қауіпсіз ортада денсаулығын нығайтып, қызықты әрі пайдалы демалыс өткізудің мүмкіндігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1017570?lang=kk
Алматы әкімі метро құрылысын апта сайын бақылап отырады 21.06.2025
Жобаға сәйкес, қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» станциясынан салынып жатқан «Қалқаман» станциясына дейінгі аралықтағы туннельдердің ұзындығы 1,98 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда сол жақ бағыттағы тоннель толық қазылып біткен, ал оң жақ бағытта 887 метр жер қазылған. «BCN group» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичтің мәліметінше, туннель қазу жұмыстарымен бір уақытта станцияның құрылысы да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда желдету ұңғымасы салынды, қазу жұмыстары аяқталды, ал бетон құю жұмыстары 28 пайызға орындалды. «Нысанды 2026 жылдың қаңтар айына дейін толық аяқтау үшін құрылыс қарқынын арттыру қажет. Осы мақсатта арнайы штаб құрылатын болады. Оның құрамына қала әкімінің сала бойынша орынбасары, тиісті басқарма басшылары, мердігер ұйым өкілдері, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау мамандары кіреді. Штаб отырыстарында жұмыстардың барысы апта сайын талқыланып, қатаң бақылауда болады», - деді Алматы әкімі. Құрылыс алаңында қала әкіміне метро желісін әрі қарай кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықта тағы үш бекетті қамтитын жаңа бағыттың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Жобаны құрылыс басталған сәттен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Жібек жолы» станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Ал «Сайран» станциясынан Алатау қаласына дейінгі үшінші желінің ТЭН жобасын әзірлеуге байқау жарияланған. «Біз «Барлыққа» дейінгі желі құрылысын күтіп отырмай, метроның тағы екі желісінің құрылысын қатарынан бастауды қарастыруымыз керек. Яғни, үш жыл күтпей, барлық желі бойынша жұмыс қатар жүруі тиіс. Жалпы, метро – Алматы қаласының көлік жүйесінің маңызды элементі. Ол қала тұрғындарының қозғалысын жеңілдетіп, күн сайын қала жолдарымен жүретін көлік санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан метрополитенді дамытуға ерекше назар аударылатын болады», - деп атап өтті Дархан Сатыбалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1017575?lang=kk
Алматы әкімі мердігерлерге бақылауды күшейтуді тапсырып, тұрғындардың өтініштері бойынша нақты нұсқаулар берді 21.06.2025
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданындағы әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын аралап шықты. «Нұршашқан» шағын ауданында қала әкімі ауызсу, кәріз және электр желілері бойынша инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен, сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылып жатқан «Нығмет» скверіндегі жұмыстармен танысты. Тұрғындар жарықтың жиі сөніп қалуы мен судың тұрақсыз берілуі мәселесін көтерді. «Подстанцияны шеңберлі жүйеге қоспайынша, қуат көзі тұрақты болмайды, бұл туралы маған енді ғана баяндалып отыр. Мұнда станция салынды, енді желіні қосу қажет. Халық тұратын аумақ арқылы өткізуге тұрғындар қарсы болған, бірақ қазір келісімге келген», - деп түсіндірді Дархан Сатыбалды. Сумен жабдықтау бойынша жобадағы кемшіліктерге байланысты қала әкімі қазіргі мердігермен жұмысты аяқтауды және мерзім бұзылған жағдайда басқа ұйымды тартуды тапсырды. «Бұл жобаны жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау қажет», - деп атап өтті қала басшысы. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілі «Тұздыбастау» шағын ауданында осы айдың соңына дейін шеңберлі жүйе толық аяқталатынын хабарлады. Тұрғындар шағынаудандағы өзекті мәселелерге мән беріп, толыққанды ақпарат бергені үшін әкімге алғыс білдірді. Сапар барысында Огарев көшесінде салынып жатқан балабақша мен Шығармашылықты дамыту орталығының жобалары қаралды. Санитарлық-қорғау аймағы шегерімдерін ескере отырып, нысандардың жобалық параметрлерін қалалық құрылыс талаптары мен қадағалаушы органдардың қорытындыларына сәйкес қайта қарау тапсырылды. «Әлмерек» және «Маяк» шағын аудандарында әкім су, кәріз желілерін тарту және электр желілерін жаңарту жобаларымен танысты. Сонымен қатар, отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен балабақшаның құрылыс учаскелері де тексерілді.  Ауданның көлік байланысын жақсартуға маңызды әсер беретін Кіші Алматы өзені арқылы өтетін көпір өткелінің аяқталуына ерекше назар аударылды. Қала басшысы аудан әкімдігі өкілдеріне: «Өзендегі жағдай қандай? Көктемгі тасқын кезінде жағдай қалай болады?» - деген нақты сұрақтарды қойды.Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров өзен арнасы ирек болғанымен, тасқын суға қатысты еш қиындық жоқ екенін мәлімдеді.Осы ретте қала әкімі жағалау аумағын абаттандырудың маңыздылығын атап өтті. Талқылау кезінде өзен арнасын бекіту жұмыстары туралы да айтылды. Бұл жөнінде әкім:«Мен өз басым жасыл желек пен қоғамдық кеңістіктердің көбірек болғанын қолдаймын. Бұл халықтың мәдениетін өзгертеді деп сенемін», - деді Дархан Сатыбалды.Майлин көшесіндегі «Авиатор» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағында әкім болашақ спорт кешенінің жобасымен танысты. Онда бассейн мен әмбебап спорт залы қарастырылған. Жоба бойынша бұл кешен тәулігіне 1300-ге дейін келушіні қабылдай алады.Қонаев атындағы жоспарлы кварталда әкім «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 260 орындық балабақша мен тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Инженерлік желілерге қосылу және абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.«Нысандар сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс. Жұмыс кестесін бұзатын мердігерлер жауапкершілікке тартылады.», - деді қала басшысы.Сондай-ақ Хмельницкий көшесін Талғар тас жолына дейін жалғастыру жобасы да қаралды. Бұл жоба қаланың шығыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, қолжетімділікті арттыруға бағытталған.«Бұл - қозғалыстың маңызды  күретамыры. Жобаның жүзеге асырылуы созбалаңға салынбауы керек. Мерзім мен сапа – менің жеке бақылауымда», - деп атап өтті әкім.Кездесу барысында Қонаев ПК аумағындағы бес үйдің тұрғындары әлі күнге дейін кәрізден шыққан жағымсыз иістің барын айтып, үйлерінде газдың жоқтығын да көтерді. Бұл мәселелер бойынша қала әкімі тиісті орындарға себебін анықтап, мәселені шешуді тапсырды.Автобус бағыттарының жетіспеушілігі туралы сұраққа Алматы әкімі қоғамдық көлік жүйесі туралы толық мәлімет беріп, тұрғындар ұсынысы жаңа маршруттық сызбаны әзірлеу кезінде ескерілетінін айтты.Жеке тұрғын үй секторының бір тұрғыны жолдардың тоғанын алға тартты. Дархан Сатыбалды бұл мәселе жауапсыз мердігерлердің әрекетімен байланысты екенін жеткізді.«Мен өзім ауламен жүріп өттім, тұрғындардың неге тап болатынын көзіммен көрдім. Мұндай мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс», - деді әкім.Кездесу соңында қала басшысы мердігер ұйымдарға бақылаудың күшейтілетінін және тұрғындар көтерген әрбір мәселе белгіленген мерзімде шешілуі тиіс екенін атап өтті.Сапар қорытындысында Дархан Сатыбалды бірқатар нақты тапсырмалар беріп, кешігулерді болдырмау, мердігерлерге бақылауды күшейту және барлық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді. Сонымен қатар, қалада жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру әр жобаның жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асуынан басталатынын еске салды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1017580?lang=kk
Түркістан облысында 280 мың құсты қамтитын құс фабрикасы іске қосылады 21.06.2025
2025 жылы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде ет бағытындағы заманауи құс фабрикасы – “Eco-Chiken” ЖШС жұмысын бастайды. Құны 2,5 млрд теңге болатын жаңа инвестициялық жоба 280 мың құсты ұстауға есептелген және өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендегі ірі нысандардың біріне айналмақ.Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін облыс ішіндегі сұранысты қамтып қана қоймай, еліміздің нарығына да шығып, сапалы құс етін бүкіл Қазақстан бойынша жеткізу жоспарлап отыр.Жоба Сауран ауданын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, 2024 жылы ауданда жалпы құны 16,4 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.Маңызды жобалардың бірі ретінде биылғы жылдың соңына дейін аяқталатын, “Ақ Сауран” ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып суару әдісіне негізделген суару жүйесінің құрылысын атап өтуге болады. Аталған жобаға салынған инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Жоба су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған.Бұдан бөлек, ауданда бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері де белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1017594?lang=kk
Ақтөбеде медициналық ұйымдарға көліктер, ал дәрігерлерге қызметтік пәтер кілттері табысталды 21.06.2025
 Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы ғимаратының алдында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.Салтанатты рәсім аясында 15 медициналық ұйымға жаңа жедел жәрдем көліктері беріліп, 4 дәрігерге қызметтік пәтер кілттері табысталды. Саладағы үздік мамандар республикалық және өңірлік деңгейдегі марапаттарға, «Ерен еңбегі» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдік және кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, «QAMQOR» кәсіподағының төрағасы Қайрат Сабыр, саланың ардагерлері мен өңірдің медициналық қауымдастығының өкілдері қатысты.Бұл күн тек мереке ғана емес, сонымен қатар халықтың денсаулығы мен өмірін қорғап жүрген барлық мамандардың еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет болды.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1017550?lang=kk
Фельдшерлер – күнделікті батырлар 21.06.2025
  Медицина қызметкері күніне арналған жарияланымдар сериясын жалғастыра отырып, біз шұғыл көмек көрсетіп, адам өмірін құтқарумен айналысатын мамандар туралы әңгімелейміз. Бұл фельдшерлер, олар үшін шақырту – бұл жай ғана жұмыс емес, адамдарға қиын жағдайда көмек көрсетуге бағытталған күнделікті миссия.  Қуаныш Екараев – Апаттар медицинасы орталығының Алматы қ. бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің фельдшері. Медицина саласында 26 жылдан астам еңбек етіп келеді, оның 19 жылы – апаттар медицинасы орталығында. Республикалық ірі оқу-жаттығуларға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысып, 100-ден астам шақыртуда көмек көрсетті. 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың салдарын жоюға қатысты. 2023 жылдың қыркүйегінде ол Фурманов шыңына барып, таулы, қиын жер бедерінде жарақат алған әйелге шұғыл көмек көрсетті. Мұндай жағдайда жұмыс істеу тек кәсіби шеберлікті емес, жоғары физикалық дайындықты да талап етеді. Ол мол тәжірибесі бар білікті маман, әріптестері арасында үлкен құрметке ие. ТЖМ басшылығынан бірнеше рет алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған.  Жайылхан Өтеналиев – Алматы облысындағы «Құрты» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. 2015 жылдан бастап төтенше жағдайлар медицинасы жүйесінде қызмет атқарып келеді. Ол – жол бойындағы жедел көмек көрсету шебері, көмек дәл қазір, осы жерде қажет болған сәтте қызмет етеді. Жайылхан – мықты мінезді, мейірімді жан. Әріптестері оны кәсібилігі мен сенімділігі үшін бағалайды, ал пациенттер – қиын сәттерде көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіреді.   Ақниет Сайпырханов – Алматы облысындағы «Жаңа-Арна» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. Жас болса да, жүрегі кең маман. 2020 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында жұмыс істеп келеді. Жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлар болған жерге бірінші болып жетеді. Әскердегі қызметі оның мінезін шыңдады. Бүгінде Ақниет – кәсібилік, ерлік пен адамгершіліктің үйлесімі, кез келген сәтте алғы шепте тұратын, өз ісіне адал маман.  Дана Досқалиева – Апаттар медицинасы орталығының Атырау облысы бойынша филиалының фельдшер-диспетчері. Мамандықта 25 жылдан астам, оның 2010 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында еңбек етіп келеді. Диспетчерлік қызметіне қарамастан, Дана төтенше жағдайлар кезінде де шақыртуларға шығып, өрт, су тасқыны сияқты апаттарда зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Ол – білімі мен тәжірибесі мол кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ мейірімді, сабырлы, жанашыр жан. Әріптестері оны жауапкершілігі мен іскерлігі үшін құрметтейді, ал зардап шеккендер – сенім мен жылулық үшін алғыс білдіреді.  Дархан Жақыпов – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. 6 жыл ішінде өзін жоғары білікті маман ретінде көрсете білді. Ондаған құтқару операциясына қатысты. Оның кәсіби біліктілігі, шешім қабылдауы және сыни жағдайларда салқынқандылығы адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Дархан – сын сағатта салқынқандылық танытып, секундтар санаулы болғанда шешім қабылдай білетін фельдшер. Әріптестері оны сенімділігі мен жанкештілігі үшін бағалайды, ал науқастар – оның сабырлы мінезінен дем алады. Ол – кез келген сәтте арқа сүйеуге болатын адам.  Тары Манат – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. Күнделікті медициналық жұмыстан бөлек, халықты алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретумен белсенді айналысады. Оның сабақтары түсінікті әрі қызықты, ол күрделі ақпаратты қарапайым тілмен жеткізе біледі. Манат – тек көмек көрсетіп қана қоймай, өзгелерге де өмірді қалай құтқаруға болатынын үйрететін маман. Оның білімі, мейірімділігі мен тәжірибе бөлісуге деген ынтасы оны нағыз ұстаз, беделді маман етеді. Адамдарға көмек көрсету – оның шынайы өмірлік миссиясы.  Фельдшерлер – бұл жай медицина қызметкері ғана емес. Бұл – әрбір адам өмірі үшін күрес жолындағы батылдық пен жанкештіліктің көрінісі. Біз олардың әрқайсысын мақтан тұтамыз және кәсібіне деген адалдығы, ерлігі мен жан жылуы үшін алғыс білдіреміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1017610?lang=kk
Ақтөбе облысында бес кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны анықталды 21.06.2025
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Ақтөбе бөлімшесінің мамандары су қорын қорғау және пайдалану талаптарына қатысты облыстың бес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тексеру жүргізді.Нәтижесінде өңірдің Қобда және Қарғалы аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Ақжар-1, Қызылжар, Қарғалы, Жоғарғы Қарғалы, Өрлеу және Сазды тұрғын аудандарында жерасты суларын заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Екі кәсіпорынның су бұруға рұқсаты болмағаны анықталды.«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 коммуналдық шаруашылыққа су пайдалануға арнайы рұқсаттың жоқтығы үшін айыппұл салынды. Барлығы 3,7 млн теңге өндірілді», – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ерғали Үмбетбаев.Бұған дейін Қызылорда облысында 6 шаруа қожалығы 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны анықталған болатын. Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017631?lang=kk
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтарына шолу 21.06.2025
09.06АстанаПрезиденттің тапсырмасы бойынша Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылып жатыр. Бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін жалғасып, жыл сайын 13 жыл бойы жүргізіледі.10.06АстанаҚазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді. Бұл құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді.10.06Қызылорда облысыҚызылорда облысында 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдалану фактілері анықталды.10.06ШҚОШығыс Қазақстанда 55 шақырым суару каналы тазартылды. Алдағы уақытта тағы 30 шақырым каналды тазарту жоспарланып отыр.11.06Жамбыл облысыЖамбыл облысында магистральдық каналдағы суды есептеу жүйесі автоматтандырылды.11.06АстанаСу ресурстары және ирригация министрлігі мен «Атамекен» ҰКП отандық бизнес өкілдерінің су нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қатысуын талқылады.12.06АстанаЖұмысшы мамандықтар жылы су саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 4 есе өсті.12.06Қызылорда облысыСуару кезеңі басталғалы Қызылорда облысының диқандарына 1,28 млрд текше метр су берілді. Облыстағы «Қазсушар» филиалы 982 шаруа қожалығымен су беру туралы келісімшарт жасасты.13.06АстанаСу саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі. Мемлекет басшысы су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды.13.06АстанаСуармалы судың тарифін енді Су ресурстары және ирригация министрлігі реттейді. Судың тарифін реттеу құзыреті Ұлттық экономика министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017632?lang=kk
Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзені арқылы 1,5 млрд текше метрден астам су жіберілді 21.06.2025
Су Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан жіберілді. Бұл жұмыс табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу шаралары аясында былтыр қыркүйектен басталып, биыл сәуірдің соңына дейін жүргізілді.Су Созақ ауданына ақпан айында жетті. Қажетті көлемді қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қырғыз Республикасындағы әріптестерімен бірнеше келіссөз жүргізді.Су ресурстары және ирригациясы министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша «Қазсушардың» Жамбыл филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының мамандары Шу өзені аңғарында мониторинг жүргізіп, табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жұмыс тобы Созақ ауданымен қатар, Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандарына да барды.Мұндай көлемдегі су Созақ ауданына соңғы бес жылда алғаш рет жетіп отыр, сол себепті жергілікті тұрғындар министрлікке алғыс білдіріп жатыр.«Аудан халқы атынан судың жеткізіліп жатқанына қуанышты екенімізді айтқым келеді. Аптап ыстыққа қарамастан, суды жеткізу бағытындағы жұмысты жалғастырып, өздеріңіз жергілікті жерлерге шығып, жағдайды бақылап отырғандарыңызға алғыс айтамыз», – деді Созақ ауданының тұрғыны Ришат Таңатов.Биыл сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен Шу өзенінен су Созақ ауданына жіберілетін Фурманов айналма каналын тазарту жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017634?lang=kk