Enbekshi QazaQ

Саясат

Астанада Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасы сахналанды 15.02.2025
Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасын сахналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Спектакльдің қоюшы режиссері – мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Оның айтуынша, елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған туындының түпнұсқадағы тілі, айтар ойы, құрылымы сақталып, тек қазіргі заманға сай өзгерістер енгізілген.«Спектакльдің негізгі айтар ойы – қазіргі жастардың жаңашыл идеяларын жүзеге асыруы үшін қолдау көрсету маңыздылығы. Олардың мүмкіндіктерін арттырып, қоғамға пайда әкелетін бастамаларын дамыту жолдары қарастырылады. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғандықтан, спектакльде жұмыскерлердің рөлі де ерекше көрсетіледі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы ой қозғалады», – дейді Нұрфат Вахитов.Автордың жары, көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова спектакльді тамашалап, оң бағасын берді.«Жастар» театры осы шығарманы толыққанды түсіне ала ма, астарлы мағыналарды жеткізе ала ма, Кірпішбай мен Асау Бөкеннің бейнелері қалай шығады деген күмәнмен келген едім. Бірақ спектакльді көргеннен кейін бұл күмәнім түгелдей жойылды. ХХІ ғасырда тағы да Кірпішбаймен кездесіп отырмыз. Қоғам өзгермеді. Бірақ соны өзгертетін күш – реформатор Асау Бөкендер. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті қоғам», «Еститін мемлекет» – бұл Асау Бөкен. Бізге осындай кейіпкерлер керек. Спектакль жастарға рух беретіндей сахналанды», – деді Роза Мұқанова.«Жастар» театрында басты кейіпкер Асау Бөкенді актер Ербол Тілеукенов сомдайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937639
Астанадан бір түнде 28 мың текше метрден астам қар шығарылды 15.02.2025
Қыс мезгілі басталғалы елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қалада қар шығару жұмысы күндіз-түні жалғасып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.14 ақпан күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2557 жол жұмысшысы мен 1274 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.14-іне қараған түні елордадан 2117 рейс арқылы қар полигондарына 28 мың текше метрден астам қар шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бері 465 703 ауыр жүк көлігімен қаладан 5,7 миллион текше метрден астам қар шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938072
«Біртұтас тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі»: Астанада республикалық семинар өтті 15.02.2025
Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «Біртұтас тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі» тақырыбында республикалық семинар өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әдістемелік орталықтары басшыларының орынбасарлары, әдіскерлері, мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдары мамандары қатысты.«Бұрын «Тәрбие тұжырымдамасы» бойынша экологиялық, дене тәрбиесі, ұлттық тәрбие, адамгершілік тәрбие деп бөліп-бөліп қарастыратынбыз. Ал 2024-2025 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының жетекшілігімен каскаттық әдіс бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қайта жаңғыртылып, оқу-тәрбие процесіне қайта енгізілген болатын. Соған байланысты әр өңірдегі білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың басшылары, орынбасарлары және мамандары қажетті білім алған еді. Олар кейін өз өңіріндегі мамандарды оқытты. Осы процесті әрі қарай жалғастыру мақсатында және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ұлттық құндылықтарды пәнге кіріктірудің тиімді жолдарын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар өткізіп отырмыз. Семинарға әр өңірден 3 делегаттан келіп отыр, жалпы 60-қа жуық қатысушы бар», - деді Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғали.Семинар аясында әр өңірден келген мамандар бағдарлама бойынша бірлесіп жұміс істеудің әдіс-тәсілдерін талқылау үшін педагогикалық хакатон өткізілді. Одан басқа түрлі тақырыптар бойынша тәжірибелік алаңдар жұмысы ұйымдастырылатын болады.Айта кетейік, семинардың келесі күні Qundylyq talks форматында пленарлық сессия жұмысы өтпек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938161
Елордалық хоккейшілер VI Қысқы спартакиаданың күміс жүлдегері атанды 15.02.2025
8-13 ақпан аралығында Өскемен қаласында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы VI Қысқы Спартакиаданың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Бес күнге созылған тартысты додада Шығыс Қазақстан облысының командасы (4 жеңіс) алтын медальға ие болды. Астана қаласының хоккейшілері 3 жеңіс, 1 жеңіліспен Спартакиаданың күміс жүлдесін еншілесе, Алматы қаласы (2 жеңіс, 2 жеңіліс) үздік үштікті қорытындылады.ШҚО мен Астана қаласының хоккейшілері 2013, 2017, 2025 жылдың шешуші ойындарында тағы жолықты. Финалдық матчта елордалықтар жылдам екі шайба соғып, біршама уақыт алда тұрған еді. Алайда жанкүйерлердің қызу қолдауымен алаң иелері екінші кезеңде алға шығып, 6:2 есебімен жеңіске жетті.Жалпы, турнирде Астана, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 97 хоккейші бақ сынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938292
Өнерлі әжелерден құрылған «Сағыныш сазы» ансамбліне – 5 жыл 15.02.2025
Астанада өнерлі зейнеткерлерінен құралған «Сағыныш сазы» ансамбліне 5 жыл толды. Осыған орай ұжым елордада арнайы концертін өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Ансамбль өз жұмысын 2019 жылдың желтоқсан айында Сарыарқа ауданына қарасты қалалық ардагерлер ұжымында бастаған. Өнер ұжымының репертуары алғаш құрылған кезде халық әндерін орындаудан басталған еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ансамбльдің репертуарында 80-ге жуық ән бар.Жақында өнер ұжымы өзінің бес жылдық мерейтойына орай есептік концерт ұйымдастырып, өнерсүйерді қауымды әуезді әндерімен таңқалдырды. Концерттік бағдарламада терме, халық және эстрадалық әндермен қатар, күй орындалды.«Біздің «Сағыныш саз» ансамблінде 63-78 жас аралығындағы 20-ға жуық өнерлі зейнеткер бар. Олар өз репертуарларын үнемі жаңартып тұрады. Соңғы кезде эстрадалық жанрды жаңғыртып келеді. Олардың орындауындағы «Қайдасың», «Махаббат мұңы», «Сағыныш сазы», «Есіл ағады», «Тамшылар» т.б әндері көрермен көңілінен орын алуда. Ансамбль өнерпаздары қаламызда өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өнер жолындағы жүкті бірлесе көтеріп, киелі сахна төрінде өнер көрсетуден жалыққан емес» - деп сөзін түйіндеді Есіл ауданы бойынша БҰӨСО-ның мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.Бүгінде «Сағыныш сазы» ансамблі өз замандастарының сүйікті әншілеріне айналып, қала тұрғындарын өнердегі жетістіктерімен қуантып келеді.Атап айтқанда, 2024 жылы Түркістан қаласында өткен «Astana Stars» «TURKESTAN GRAND FESTIVAL» байқау-фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938298
Жұмысшы мамандықтар жылы: «AMANAT» партиясының қоғамдық кеңесі көшпелі отырыс өткізді 15.02.2025
«AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы Білім және денсаулық мәселелері бойынша қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Кеңес мүшелері елордадағы Техникалық колледждің тыныс-тіршілігімен, өндірістік шеберлік сыныптары мен зертханалардың жұмысымен танысты.«Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» арнайы пәндер оқытушысы Гүлнәр Кенжебекова «Оқу полигоны» шеберлік сағатында «Көтергіш-көлік жабдықтарын пайдалану және қызмет көрсету» туралы баяндады.\«Машина жасау технологиясы» өндірістік оқыту шебері Дәулет Кеңесұлы «Аймақтық құзыреттілік орталығы» шеберлік сағатында «Сандық бағдарламалы басқару станоктардағы жұмыстардың қыр-сырын түсіндіріп берді.Сондай-ақ өзге де оқытушылар өз тәжірибелерін бөлісті.Мәселен, «CББ бағдарламалау виртуалды сыныбы» зертханасында өткен шеберлік сағатында өндірістік оқыту шебері Бақыт Сариева, ал өндірістік оқыту шебері Ғалымжан Бижігітов «Индустрия 4.0» шеберлік сағатында келушілерге жұмысшы мамандығының маңыздылығын айтып, өз салалары бойынша жан-жақты әңгімеледі.Бұдан әрі колледж студенттері станоктармен, түрлі жабдықтармен қалай жұмыс істейтінін көрсетті.«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғаннан кейін қандай да бір мәселелер болса, оны көтерген дұрыс. Ол мәселе шешімін табады.«Колледждердегі мамандықтар бойынша қоғамда өзгеше көзқарас бар. Біз сол теріс көзқарасты жоюымыз қажет. Маман иелерінің мәртебесін көтеріп, насихаттауымыз керек. Қоғамдық кеңес мүшелері бүгінгі кездесуден алған әсерлерін бөлісіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Алда барлық техникалық колледжді аралап шығу жоспарымызда бар. Кейін қорытынды жиын өткізуіміз керек. Оған Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын, барлық колледж директорларын шақырып, көтерілген мәселелерді айтып, сол тарапта жұмыс істеуіміз қажет», - деді Мұхаммед Болысбек.Осы орайда «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы Білім және денсаулық мәселелері қоғамдық кеңесінің мүшелері, колледж басшылары мен оқытушылар өздерін мазалайтын проблемаларды ортаға салып, оның шешілу жолдарын бірге қарастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938305
Елордада оқушылар iKomek орталығының жұмысымен танысты 15.02.2025
Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің «Жас сақшы» сыныбы iKomek 109 орталығының қызметімен танысты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған іс-шарада 6-сынып оқушылары iKOMEK109 орталығының қала тыныштығын сақтауға қалай үлес қосатынын өз көздерімен көріп, атқаратын рөлі туралы мол мағлұмат алды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталыққа оқушылар жиі келіп тұрады.«Оқушылар 24/7 режимінде желіде болатын операторлардың жұмысын, жедел әрекет ету арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысатын видеобақылау операторларының қызметін көрді. Ең бастысы, оқушыларға әр азамат қоғамдық жауапкершілік арқылы өз ортасына, тұрып жатқан жеріне, елінің дамуына қандай зор үлес қоса алатынын жеткізе алдық деп есептеймін», - деді Астана қаласы әкімдігінің iKomek 109 «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» басшысы Асқар Тақсымов.Күніне қала тұрғындарынан орта есеппен 6 мың қоңырау түсетін орталықтың қарбалас тыныс-тіршілігін танысқан оқушылар қоғамдық жауапкершіліктің маңыздылығын түсінгендей.Ал бұл, өз кезегінде, жас ұрпаққа тәртіп сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне саналы түрде қарауға мүмкіндік бермек. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938307
Астанада Ардагерлері кеңесінің V пленумы өтті 15.02.2025
Астана қаласында Алматы ауданы Ардагерлері кеңесінің V пленумы өтті. Жиынға Астана қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Алматы ауданы филиалының төрағасы Азамат Айтқожин және Астана қаласы Мәслихатының депутаттары мен аудан ардагерлер Кеңесінің мүшелері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Өмірден өткен ардагерлерді бір минуттық үнсіз еске алудан кейін пленум отырысын Алматы ауданы ардагерлер кеңесі төрағасы Марат Мұстафин ашып, аудандық ардагерлер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмысы мен 2025 жылға арналған міндеттері туралы баяндама жасады.«Өткен жыл еліміздің өмірінде маңызды оқиғалар көп болды. Дегенмен ардагерлеріміз алға қойған міндеттерді абыроймен атқарды. Былтырғы жылы біздің Алматы ауданында зейнеткердің саны 36 мыңға жетті. Олардың 8 мыңнан астамы Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің құрамында болса, 66-сы бастауыш ардагерлер ұйымдарына біріктірілген. Аудан ардагерлері Кеңесінде 4 Ұлы Отан соғысының және 267 тыл ардагерлері бар. Төртеуі ҚР-ның алдындағы ерекше еңбегі үшін марапатталған, және «Қазақстанның Еңбек Ері» сыйлығын алған 4 адам бар», – деген Марат Кәрімұлының баяндамасынан кейін талқылау басталып басқа да қатысушыларға сөз берілді.Осылайша күн тәртібінде ардагерлердің бастауыш ұйымдардың жаңа төрағалығын жаңа құрылған Сарайшық ауданына тапсыру және оларды Алматы аудандық ардагерлер Кеңесінің мүшелігінен шығару сияқты мәселелер қаралып, ардагерлер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, 2025 жылғы міндеттері бекітілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938310
Ақмола кәсіпкерлері қаржы вице-министрімен кездесуде салық реформаларын талқыға салды 15.02.2025
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Ақмола облысының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Жиында салық реформалары, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі талқыланды. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 7 ақпанда Астанада бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі бойынша мәселені қосымша пысықтауды тапсырған болатын. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірлесіп жергілікті жерлерде кәсіпкерлік қоғамдастықпен салық саясаты мәселелерін талқылау мақсатында өңірлерге барды.  Дәурен Темірбеков ҚҚС сараланған мөлшерлемелері бойынша Үкіметтің ұсыныстарын жеткізді. Қосылған құн салығының жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылуда, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланып отыр. Бірқатар салалар үшін 10% аралық мөлшерлеме енгізіледі. Осылайша, Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесін саралау: 16%, 10%, 0%, салықтан босатуды қамтиды.  «ҚҚС өсімі үй маңындағы дүкендерге, мейрамханаларға, сұлулық салондарына және басқа да бөлшек сауда орындарына әсер етпейді», — деп түсіндірді ҚР ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев. Кездесу барысында салалық қауымдастық өкілдері салық заңнамасына ұсынылатын өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді. «Салықты көтеруден басқа, бюджет шығыстарының құрылымын сыни тұрғыдан қайта қарау маңызды. Өткен жылы енгізілген қатаң бюджеттік ережелердің сақталуына бақылауды күшейту қажет, ел экономикасының ішінде резервтерді іздеу қажет. Еңбекақы төлеу қорына салық жүктемесінің 10%-ға төмендеуі ҚҚС мөлшерлемесін көтеру есебінен өтемақымен қатар жүрмеуі тиіс, ол дербес салық реформасы болуы керек», — деп есептейді Ақмола облысы Туристік қауымдастығының басшысы, туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов. Шағын бизнес субъектілері атынан «С.А. Ахмадиев» ЖК басшысы Сәдібек Ахмадиев сөз сөйлеп, тіркеу кезінде ҚҚС-ты 50 мың АЕК-ке дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды. Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек қосылған құн салығында мөлшелме мен шекті тіркеу мәселесі ақылға қонымды түрде қабылдануы тиіс екенін айтты. «Ақмола бизнес-қоғамдастығының пікірі ескеріледі деп үміттенеміз, біз әріптестеріміздің барлық ұсынысын ҰКП Орталық аппараты арқылы қаржы министрлігіне жазбаша түрде жолдаймыз. ҚҚС мөлшерлемесі мен шекті тіркеу мәселесі білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып, ақылға қонымды түрде қабылдануы керек», — деп толықтырды ол. Өз кезегінде вице-министр Дәурен Темірбеков келіп түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, талданып, әрі қарайғы жұмыста ескерілетінін атап өтті.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/938136
Ақмола облысы сумен қамтамасыз ету бағдарламасын аяқтауда 15.02.2025
Қазақстанда халықты жүз пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы биыл мәресіне жетеді. Жыл соңына дейін елдің барлық қалалары мен ауылдарында ауыз су мәселесі толық шешіледі. Ақмола облысында бұл үшін 400 шақырымнан астам су құбырын салу мен реконструкциялауды көздейтін 45 жоба іске асырылуда. Астананың іргесіндегі елді мекендерді сумен жабдықтау жұмыстары аяқталып келеді, соңғы 4 жоба жүзеге асырылса 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізіледі.«Биыл облыс орталығының іргесіндегі Станционный кентінде, сонымен бірге, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтау жоспарланған. Бұл жобаларды іске асыруға аудандық және облыстық бюджеттерден қомақты қаражы бөлінді», - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.Ауылдық елді мекендердегі халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы ретте, биыл 37 ауылда су құбыры желілері салынады.«Ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мақсатында биыл 37 ауылда су құбыры желілерін салу жоспарланған. Сонымен қатар, суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылады», - деп толықтырды спикер.Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 12 мыңнан астам ақмолалық таза ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса, жыл соңына дейін өңірде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тозуын азайтуға бағытталған 70 жобаны жүзеге асыру көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/938142
Ақмола облысының төрт колледжі «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысуда 15.02.2025
Мемлекет басшысы  жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 2025 жылдың 11-15 ақпан аралығында Астана қаласының «EXPO» көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» ауқымды фестивалі өтуде. Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі.Іс-шара жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын айқындауға, олардың беделін арттыруға және жастарды сұранысқа ие мамандықтарды игеруге ынталандыруға бағытталған.Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов, білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек, облыстық мәслихат депутаттары және т.б. делегация өкілдері іс-шараға қатысып, алаңдардың жұмысымен танысты.«Фестиваль техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бизнеспен үйлесімді жұмысының айқын үлгісі болды. Мұнда нарықтың өзекті талаптарына жауап беретін ең жаңа технологияларды, заманауи жабдықтарды және бейімделген білім беру бағдарламаларын көрсететін жетекші кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары ұсынылғаны маған қатты әсер етті. Қонақтар отандық колледждер ұсынған жаңа және сұранысқа ие мамандықтармен танысып, әлеуетті жұмыс берушілерімен тілдесе алады», - деп атап өтті Досұлан Айтбаев.Фестивальда Ақмола облысының төрт колледжі өздерінің білім беру мекемелерін және мамандар даярлау саласындағы жетістіктерін ұсынды.- Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжі механизаторлар  мен автомобиль жолдарын салушылар үйін таныстырады, бұл машина жасау, құрылыс және көлік инфрақұрылымы салаларымен танысуға мүмкіндік береді.- Көкшетау қаласының Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары колледжі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бұрышын ұйымдастырады, мұнда қонақтар төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмысымен таныса алады.- Щучинск қаласының Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі орманшылар үйін дайындап, табиғатты қорғау, орман шаруашылығы және экотуризм мамандықтары туралы ақпарат береді.- Степногорск қаласының Тау-кен техникалық колледжі байытушылар үйін ұсынады, онда кен өндіру, пайдалы қазбаларды игеру және өңдеу салалары бойынша мамандықтармен танысуға болады.Көрме орталығының аумағында сегіз тақырыптық көше мен 40 шығармашылық үй ұсынылған.Фестиваль аясында қонақтар жұмысшы мамандықтарының негізгі бағыттарын көрсететін тақырыптық аймақтарды аралап, заманауи мамандықтармен танысып, тәжірибелі мамандар мен сарапшылардан шеберлік сабақтарын тыңдай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы екі күнде бұл көрмеге 15 000-нан астам адам келген. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/938250
ШҚО әкімдігінде мемлекеттік қызметтегі этикалық нормаларды сақтау мәселелері бойынша семинар-отырыс өтті 15.02.2025
ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті 38 тексеру жүргізіп, 193 өтінішті қарады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан 697 әдеп бұзушылық анықталды. 3 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 7 адам әкімшілік жаза алды. Әдеп кодексі заңнамасының және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша 665 іс-шара өткізілді.2024 жылы мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен түрлі тренингтер, семинарлар, спорттық және басқа да іс-шаралар өткізу бойынша Алтай ауданы көшбасшы болды. Ең төменгі көрсеткіш Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласында тіркелді.Спикерлер мемлекеттік қызметшілердің жоғары деңгейдегі кәсібилік пен жауапкершілік танытып, азаматтарға құрметпен қарайтынын атап өтті.Облыста қызметтік этика мен моральдық-адамгершілік құндылықтардың жоғары стандарттарына бағытталған жұмыстар жалғасады.ШҚО әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/937964
ШҚО-да 2024 жылы 12 сумен қамту жобасы іске асырылды 15.02.2025
Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен 100% қамту жөніндегі тапсырмасына орай 2024 жылы облыста жалпы сомасы 60 миллиард теңгеге 30 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 12 жоба аяқталды.Нәтижесінде үш жарым мыңға жуық адам таза ауыз суға қол жеткізді.- Жыл қорытындысы бойынша 213,8 шақырым сумен қамту желісі және 14,5 шақырым су бұру желісі салынды. Бұл су желілерінің тозу көрсеткішін 49,1% - ға және су бұру желілерінің тозу көрсеткішін 69,7% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Облыс тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігі 99,4%-ды құрады, - деді ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.Оның айтуынша, биыл жалпы құны 65,2 млрд. теңгеге 29 жоба іске асырылуда.Сондай-ақ 531,6 шақырым су желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл тозу көрсеткішін 1,8%-ға (жоспарланған 47,3%-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/938233
Өскемендік кәсіпкерлер болашағы зор жобаларды ұсынды 15.02.2025
Қала әкімдігінде кәсіп иелерімен қалалық штабтың екінші отырысы өтіп, төрт ірі жоба талқыланды.Ұсынылған идеялардың бірі пластикті кәдеге жарату мен оны бастапқы шикізатқа айналдыруға бағытталған. Бұл бастама жылына 4 тоннадан астам қалдықты қайта өңдеуді көздейді.Тағы бір бастама – балаларға арналған білім беру ойындарын әзірлеу. Идея авторы бірінші кезекте ұлттық және оқу элементтеріне назар аударып отыр.Отырыста таныстырылған ең ауқымды жоба – 22 қабаттан тұратын көпсалалы кешен құрылысы. Оның ішінде коммерциялық алаңдар, мейрамханалар мен қонақүй болады деп жоспарланып отыр. Биіктігі 60 метрді құрайтын нысан Өскемендегі ірі ғимаратқа айналады.Құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталмақ.Айта кету керек, қалалық штаб бизнесті қолдау және әкімшілік кедергілерді жою үшін құрылған. Мұнда түрлі идеялар талқыланып, кәсіпкерлерге нақты ұсыныстар беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/938275
Батыр Әлияның 100 жылдығына арналған логотип бекітілді 15.02.2025
Логотипте Әлияның бейнесі, қазақтың ұлттық оюы мен «100 жыл» деген белгі ерекше үйлесім тапқан.Биыл Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Атаулы датаға орай мерейтойлық логотип бекітілді.Логотип - батыр рухына деген тағзымның символы, оның есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдырудың көрінісі болады дейді Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.Мерейтой аясында Ақтөбеден шығатын барлық өнімдерде осы логотип бейнеленеді. Бұл бастама Әлия Молдағұлова атындағы туған өлкенің ғана емес, барша қазақ елінің батыр қызға деген құрметін көрсетпек.100 жылдықты атап өту жоспарына сәйкес облыстық деңгейде 100-ден аса іс-шара өтеді. Мерейтой республикалық салтанатты шаралар тізіміне енгізілді.100 жылдық қарсаңында Әлия ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың атындағы мемориалдық музейіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күні кеше облыстық Әлия музейі заманауи цифрлық технологиялар таныстырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/937955
Мопедті қалай тіркеуге болады: ІІМ түсіндірмесі 15.02.2025
Ішкі істер министрлігінде мопедті тіркеу тәртібі түсіндірілді. Мопедті тіркеу ережелері қандай? Қандай құжаттар керек? - Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Жеке басын куәландыратын құжат, электронды түрде де болады, мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметті ұсыну қажет. Содан соң өтініш толтырып, мопедті тексеріп, сондай-ақ оны тіркеу (0,25 АЕК) және тіркеу туралы куәлік (1,25 АЕК) пен мемлекеттік нөмір (1,4 АЕК) үшін мемлекеттік баждарды төлеу керек, - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев. Егер ешқандай құжат болмаса, мопедті қалай тіркеуге болады? - Ешқандай құжат немесе VIN-код болмаған жағдайда я болмаса қандай да бір себептерге байланысты мопедтің шығарылған жылын белгілеу мүмкін болмаса, оны ішкі істер органдары тексеру жүргізгеннен кейін береді. Бұл ретте оны қарап-тексеру жүргізілген жыл мопедтің шығарылған жылы болып есептеледі, - деді спикер. Мопедті басқару үшін куәліктің қандай санаттары қажет? - "Жол жүрісі туралы" заңға сәйкес мопедті басқару үшін А1 санаты бар куәлік қажет. Егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқара алады, - деді полиция полковнигі. Мопедтерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері қандай тәртіппен беріледі? - Мопедтерге мемлекеттік нөмір беру қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады, яғни жүйе автоматты түрде нөмірді таңдайды. Мысалы, дәл осындай тәсіл мотоциклдерге де қатысты қолданылған, - деп жауап берді ведомствоның ресми өкілі. ⁠5 сәуірден кейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделген? - Заңға сәйкес 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілік көзделген (10 АЕК айыппұл), - деді спикер Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты Мопедті қалай тіркеуге болады: ІІМ түсіндірмесі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/938152
Ресейдің Россельхознадзор ведомствосының қазақстандық астық өнімдерінің Ресей аумағы арқылы транзитіне қатысты түсіндірмесіне байланысты 15.02.2025
2025 жылғы қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Ресей Федерациясының министрі Оксана Лут арасындағы келіссөздер барысында Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мәселелері шешілді. Россельхознадзор тарапынан шектеулердің алынып тасталуына қатысты сұраққа жауап бере отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров Ресей тарапынан транзитке қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Ресейге бидай, жасымық және майлы дақылдарды импорттауға уақытша шектеулер қойылған. Алайда, бұл өнім түрлері бойынша Ресей өз қажеттіліктерін толық қамтамасыз еткендіктен, ресейлік нарық қазақстандық өндірушілер үшін мақсатты нарық болып табылмайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті мен Россельхознадзор өкілдерінің қатысуымен жағдайды реттеу бойынша келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп отырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/938118
Алматыда жаңа оқу жылына дейін Жетісу ауданында тағы бір жайлы мектеп ашылады 15.02.2025
Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы айтты.Қала басшысының мәлімдеуінше, аудан халқының өсуін ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында мектептер мен балабақшаларды салу және реконструкциялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.Айта кетейік, бүгінде ауданда 3,3 мың оқушы орны жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 2024 жылдың қыркүйегінде №103 мектепке 200 орындық қосымша ғимарат салынды.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Боралдай көшесінде 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Оның ашылуы 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған», – деді Ерболат Досаев.Бұған қоса, №43 мектепке 280 орындық қосымша ғимарат салу үшін 2024 жылдың шілде айында ЖСҚ әзірлеу басталды. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алған соң биыл тамызда құрылыс жұмыстары басталады. Нысанды 2026 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.№112 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу жұмыстары бұған дейін «SheberBuild» ЖШС-ның келісімшарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты тоқтатылған болатын. 2024 жылдың наурызында жаңа мердігер анықталып, құрылыс қайта жалғасады. Қосымша құрылысты аяқтау жаңа оқу жылы басталғанға дейін жоспарлануда.Қосымша ғимарат құрылысы аяқталғаннан кейін негізгі мектеп ғимаратын реконструкциялау жұмыстары басталады.Қабылданып жатқан шаралардың арқасында Алматы мектептерін бір ауысымды оқу жүйесіне көшіру жалғасуда. Келесі оқу жылында 200-ден астам мемлекеттік мектептің 43-і бір ауысымды оқыту жүйесіне (өсім 12,5%-дан 18,4%-ға дейін) көшеді.Мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Былтыр 89 мектепке 168 жаңа үлгідегі пәндік кабинет сатып алынды, бұл заманауи жабдықталған кабинеттердің үлесін 86,3%-ға дейін арттырды.Сонымен қатар, Жетісу ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайту үшін былтыр Айнабұлақ шағын ауданында 160 орындық жаңа балабақша ашылды. Осы жылдың тамызында №163 балабақша ғимаратын 380 орынға қайта жаңарту және Ратушный көшесі, 139 мекенжайындағы 280 орындық балабақша үшін сатып алынған ғимаратты реконструкциялау жұмыстары басталады.Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/937903
Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы биыл аяқталады 15.02.2025
Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру жұмыстары туралы айтты.Шаһар басшысы былтыр ауданда 21 км болатын 29 көше орташа жөндеуден өткенін, биыл 36 көшеде 19 км жолды жөндеу жоспарланып отырғанын жеткізді.Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу аясында 2024 жылы 30 мың ш.м. жол жабыны жаңартылды, ал осы жылы тағы 35 мың ш.м. жол жөнделмек. Былтыр 34 км арық жүйесін салу нәтижесінде аудандағы барлық су басу қаупі бар аймақтар жойылды.«Былтыр Жолымбет көшесіндегі Есентай өзеніндегі көпірді тексеру нәтижесінде бетон құрылымдардың қатты зақымданғаны және тіректерде жарықтар пайда болғаны анықталды. Небәрі 6 ай ішінде жаңа көпір салынып, жол ені 8 метрден 14 метрге дейін кеңейтілді. 2025 жылдың маусымында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы аяқталады. Бұл көлік торабының өткізу қабілеті 20%-ға артып, Жетісу ауданының басқа бөліктермен байланысын айтарлықтай жақсартады», – деді Ерболат Досаев.Кездесу барысында Алматы әкім ауданның қоғамдық көлік қызметін жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атады. Өткен жылы қаладағы автобустар саны 1 509-дан 1 740-қа дейін көбейтілді, бұл 11 жаңа маршрут ашуға және 44 қолданыстағы бағытты күшейтуге мүмкіндік берді.Жалпы, биыл қалалық қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру мақсатында тағы 800 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/937906
Алматының Жетісу ауданында инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі ауқымды жоба биыл басталады 15.02.2025
Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесу барысында Жетісу ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі нәтижелер мен жоспарлар туралы хабарлады.Сапалы инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін Алматыда жаңа желілерді қайта құру және салу бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Жетісу ауданында 2024 жылы 47 км сумен жабдықтау (28 км) және су бұру (19 км) желілері салынды, бұл 36 көшеде 3,8 мың абонент үшін орталықтандырылған желілерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың соңына қарай 55 көшеде 60 км сумен және 71 км су бұруды қоса алғанда, тағы 131 км сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.Қала басшысы тұрғындардың өздері шаруашылық тәсілмен салған ескі инженерлік желілер 30 жылдан астам уақыт пайдаланылған көшелердегі инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылдың маусым айында Рысқұлов – Тәтібеков – Райымбек – Сүйінбай көшелерінің алаңында 4 мыңнан астам абонентті қамти отырып, жаңа 25 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жөніндегі жобаны іске асыру басталады. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың тамызына жоспарлануда.Сондай-ақ жылумен жабдықтау желілерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Айнабұлақ 2-3, Көкмайса ш/а және Бродский, Макаренко, Рысқұлов көшелерінде 11,3 км жылу желілерін қайта жаңарту аяқталды. 2025 жылға арналған жоспарда – Айнабұлақ-1-де 1 км жылу желілерін қайта жаңарту, жұмыстар жылыту маусымы мамыр айында тоқтағаннан кейін басталады және 2025 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады.Жалпы Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылы 260 км жаңа құрылыс салу және 87 км қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/937907