Enbekshi QazaQ

Ғылым

Қостанай облысында Жеңіс күніне орай ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары туралы 05.05.2026
Қостанай облысында Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.Бүгінгі таңда өңірде 4 Ұлы Отан соғысының қатысушысы, сондай-ақ аталған заңның қолданылу аясына кіретін 3040 ардагер және басқа да санаттағы азаматтар тұрады.Жыл бойы ардагерлер мен тыл еңбеккерлері олардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған әлеуметтік, экономикалық және мәдени іс-шаралар кешенімен қамтылуда.9 мамыр - Жеңіс күніне орай жергілікті өкілді органдардың шешімдері негізінде Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 5 000 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.Қосымша төлемдер азаматтардың өзге де санаттарына қарастырылған, оның ішінде: Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына; қоршаудағы Ленинград қаласында кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға; Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғаларға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай еңбек еткен (қызмет атқарған), бірақ жоғарыда аталған марапаттарға ие болмаған азаматтарға; Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және мүгедектігі бар деп танылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қайтыс болған жұбайларына. Аталған санаттар үшін төлем мөлшері қала және аудан мәслихаттарының шешімдерімен айқындалады.Біржолғы төлемдерден бөлек, тұрақты негізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі.Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, аталған санаттағы азаматтар сауықтыру бағытындағы әлеуметтік қолдау шараларымен де қамтылған.Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге тегін жолдамалар беріледі. 2026 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 360 адамды сауықтыру жоспарланған.Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап өңірде баламалы қолдау тетігі енгізілді — санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу. Өтемақы әлеуметтік қызметтер порталында белгіленген жолдаманың кепілдендірілген құнынан аспайтын мөлшерде беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1214428?lang=kk
Тобыл жағалауы тазартылды: Қостанайда дәстүрлі плоггинг өтті 05.05.2026
Қостанай қаласында Тобыл өзенінің жағалауында кезекті экологиялық акция — плоггинг ұйымдастырылды. Іс-шараны Run in Joy жүгіру қауымдастығы өткізді. Қауымдастық жетекшілері — Дмитрий Каптёл мен Анна Блюм.Плоггинг — жүгіру мен қоршаған ортаны тазартуды ұштастыратын заманауи экологиялық бастама. Акция Тобыл өзені бойында «Ақ Шаңырақ» мейрамханасынан Гагарин бөгетіне дейінгі аумақта өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.Шараға қатысушылар арнайы қолғап пен қаптар алып, белгіленген бағыт бойынша жүгіре отырып, жағалау бойындағы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сонымен қатар, кейбір белсенділер сапбордтарды пайдаланып, өзен ішіндегі қоқысты да тазартты. Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан экоактивистерге екі трактор мен қажетті құрал-жабдықтар бөлінді.Айта кету керек, плоггинг өткізілген аумақ кездейсоқ таңдалмаған. Бұл — қала тұрғындары жиі жаттығу жасайтын және спорттық іс-шаралар өтетін орындардың бірі. Аталған бағытта дәстүрлі «Самопревосхождение» трейл-марафоны ұйымдастырылады, оның бағыты Ыбырай Алтынсарин кесенесі маңынан бастау алады.Бірнеше сағаттың ішінде акцияға қатысушылар 100-ден астам қап қоқыс жинады. Жалпы, экологиялық бастамаға 40-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер, «морждар» қауымдастығының мүшелері, жүгіру клубтарының өкілдері және белсенді қала тұрғындары бар.Қостанайда плоггинг акциялары 2019 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және жыл сайын оған қатысушылар саны артып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1214082?lang=kk
Мерейтой 80! 04.05.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Қалқаман Хасенұлы Жақыпты мерейлі 80 жасымен құттықтады.Қалқаман Хасенұлы саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған тұлға. Қарапайым ауылдан басталған өмір жолы қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында биік белестерге ұласты.  300-ден астам ғылыми еңбегі ұлтаралық қатынастар, мемлекеттік тіл, тарих, мәдениет және қоғам дамуы мәселелеріне арналды.Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ел бірлігі мен татулығын нығайту жолында жас буынға зор өнеге көрсетіп келеді.Ел ағасы спорт саласында да бірқатар жетістіктерге жетті. Түрлі деңгейдегі марафондарға қатысып, мыңдаған шақырымды бағындырып жүр.«Құрметті Қалқаман Хасенұлы, сізге және жан жарыңыз Дәмеш Сақтағанқызына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, қуанышты күндерді бірге өткізе берулеріңізге тілектеспін», – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.Мемлекет тарапынан Қалқаман Жақыптың еңбегі жоғары бағаланып, түрлі наградаларға, соның ішінде «Құрмет» орденіне ие болды. Бүгін аймақ басшысы мерейтой иесіне шынайы алғысын білдіре отырып, «Ыбырай Алтынсарин» арнайы төсбелгісімен марапаттады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1213573?lang=kk
Қостанайда студенттер Қазақстандағы алғашқы спорттық болиді құрастырды 02.05.2026
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында студенттер құрастырған алғашқы жарыс болиду салтанатты түрде таныстырылды. Ғылым күні қарсаңында өткен іс-шарада ақ матамен жабылған бірегей көлік көпшілік назарына ұсынылып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.Жоба университет жанындағы Озық машина жасау орталығында жүзеге асырылған. Болидтің басты ерекшелігі – оның әрбір бөлшегі студенттердің өз қолымен нөлден бастап жасалған. Жас инженерлер идеяны әзірлеуден бастап, техникалық есептеулер жүргізу, жобалау, құрастыру және сынақтан өткізу кезеңдерінің барлығын дербес орындаған.Мамандардың айтуынша, бұл – жай ғана оқу үдерісінің бөлігі емес, толыққанды инженерлік жоба. Мұндай деңгейде әзірленген студенттік жарыс көліктері елімізде сирек кездеседі және отандық техникалық білім берудің әлеуетін көрсетеді.Жобаның тағы бір маңызды қыры – студенттің бір мезетте әрі жүргізуші, әрі инженер ретінде жауапкершілік алуы. Бұл тәсіл болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын арттырып, нақты өндірістік міндеттерді шешуге дайындығын күшейтеді.Аталған бастама өңірдегі инженерлік білім мен ғылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады және жас мамандардың шығармашылық әрі техникалық әлеуетін айқын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1213066?lang=kk
Дәстүрден инновацияға: Ыбырай Алтынсарин идеялары негізінде білім беруді дамыту мәселелері талқыланды 30.04.2026
Қостанай облысында Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі базасында ұлы ағартушы, педагог және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ыбырай Алтынсариннің рухани-педагогикалық мұрасы және ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.Іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Әдістемелік орталық ұйымдастырып, Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің қолдауымен өткізілді. Конференцияны тікелей ұйымдастыруды Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі жүзеге асырды.Ауқымды жиын еліміздің түкпір-түкпірінен келген 140-тан астам қатысушыны біріктірді. Олардың қатарында ғылым және білім саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, докторанттар, ғылыми қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері бар.Конференция қазіргі білім беру жүйесін дамыту мәселелерін талқылауға және Ыбырай Алтынсариннің рухани-педагогикалық мұрасын заманауи талаптар тұрғысынан зерделеуге арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар дәстүрлі құндылықтардың сабақтастығы мен білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.Пленарлық және секциялық отырыстар барысында ұлттық білім беру моделін қалыптастырудағы Алтынсарин идеяларының рөлі, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі, педагогика ғылымының дамуы, сондай-ақ заманауи білім беру технологияларын енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар отандық педагогиканың озық дәстүрлерін халықаралық тәжірибемен ұштастыру бағыттарына басымдық берілді.Конференция қорытындысы бойынша білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге, мамандар даярлау сапасын арттыруға және елдің ғылыми-білім беру әлеуетін дамытуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді.Мұндай іс-шараларды өткізу кәсіби диалогты нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және ұлттық құндылықтарға негізделген, инновациялық дамуға бағытталған бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1212050?lang=kk
Мемлекеттің баға бақылау жүйесіндегі жаңа тәсілдері 30.04.2026
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің негізгі басым бағыттарының бірі.Бағаны тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік бақылауды қоса алғанда, кешенді шаралар іске асырылып жатыр.2026 жылдың басынан бастап ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Осыған байланысты бақылау шараларын күшейту қажеттілігі туындап отыр.Ағымдағы жылдың сәуір айының ортасындағы жағдай бойынша, ӘМАТ-қа белгіленген шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 406 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш 2025 жыл бойы осы бап бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы санының (2 913) шамамен 50 пайызына тең.Баға қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жанданды. Ел бойынша барлығы 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заң бұзушылық анықталды, 974 хаттама толтырылды, тауар өткізу тізбегінен 118 делдал шығарылды.Негізгі бағыттардың бірі – электрондық шот-фактураларды талдау. Жыл басынан бері сауда үстемесін асыру тәуекелі бар 2 361 жағдай анықталып, олар бойынша мәліметтер өңірлік бөлімшелерге егжей-тегжейлі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.Айта кету керек, министрлік бақылау жүргізудің заманауи тәсілдерін енгізуде. Электрондық шот-фактураларды талдау барысында цифрлық құралдар, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Бұл қысқа уақыт ішінде үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және құқық бұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Тиімсіз делдалдықты болдырмау үшін деректерді талдаудың жаңа әдістері қолданылады. Атап айтқанда, бір өңір шеңберінде үш және одан да көп көтерме буын қатысатын тізбектер, сондай-ақ бір күн ішінде жасалған төрт және одан көп буынды мәмілелер анықталады. Бұдан бөлек, мәміле қатысушыларының өзара байланысы да талданады. Анықталған барлық тәуекелдер өңірлік комиссиялардың қарауына жіберіледі. Олардың міндеті – сауда заңнамасының сақталуын бағалап, тиімсіз делдалдарды тізбектен шығару бойынша шаралар қабылдау.Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіруді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1211934?lang=kk
QOSTANAI TECH Қостанай облысының цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін растады 29.04.2026
Қостанай өңірі еліміздің цифрлық трансформациясындағы жетекші орталықтардың біріне айналғанын «QOSTANAI TECH» ауқымды фестивалі айқын көрсетті. 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірген бұл іс-шара қала кеңістігін толыққанды технологиялық алаңға айналдырып, өнеркәсіп, ғылым, білім және IT салаларының тоғысу нүктесіне айналды.Фестивальдің ашылуында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов цифрландыру мен жасанды интеллект өңір экономикасының негізгі даму бағыты екенін атап өтті. Бүгінде облыс өңдеу өнеркәсібі бойынша елде 4-орында, ал экономиканың 70 пайыздан астамы осы секторға тиесілі. Өндірісте 145 өнеркәсіптік робот жұмыс істеп, цифрлық басқару және жасанды интеллект элементтері кеңінен енгізілуде.Аграрлық салада да ауқымды цифрлық өзгерістер жүзеге асқан: егістіктің 100 пайызы, жайылымдардың 90 пайызы және шабындықтардың 95 пайызы цифрландырылған. Нәтижесінде шығын 40 пайызға азайып, өнімділік 30 пайызға артқан, ал өндірістік шығындар 15 пайызға қысқарған.Халықаралық бағдарлама аясында TED форматындағы сессиялар өтіп, әлемдік деңгейдегі сарапшылар өз ойларымен бөлісті. Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, болашақ білім беру жүйесінде құндылықтардың шешуші рөл атқаратынын атап өтті.Фестивальдің ерекшелігі — оның қала кеңістігіне терең интеграциялануы. Ашық алаңдарда ғылыми эксперименттер, инженерлік демонстрациялар, робототехника көрмелері мен дрон технологиялары көрсетілді. «Жастар сарайы» толыққанды «ақылды қала» моделіне айналып, интерактивті және цифрлық инсталляциялармен жабдықталды.Жасанды интеллект, робототехника және дрон-футбол сияқты жаңа технологиялық бағыттар үлкен қызығушылық тудырды. Студенттер AI негізіндегі цифрлық шешімдер әзірлеп, хакатон барысында нақты салаларға арналған прототиптер ұсынды.Сонымен қатар өңірде өнеркәсіптік туризм бағыты іске қосылып, қатысушылар ірі кәсіпорындардың өндірістік циклін — Allur, KIA және «Агромаш» зауыттарын — тікелей көріп танысты.«QOSTANAI TECH» фестивалі Қостанай облысының цифрлық экономикаға бет бұруын айқындап, өңірді білім, технология және инновация тоғысқан жаңа даму моделіне жақындатты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1211810?lang=kk
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда 29.04.2026
Қостанай қаласында жылдың ең ірі отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі — «QOSTANAI TECH» өз жұмысын жалғастыруда. Ауқымды іс-шараға облыс тұрғындары, еліміздің түрлі өңірлерінен келген қонақтар, бизнес, ғылым, ІТ саласының өкілдері мен жастар көптеп жиналды.Таңертеңнен бастап «Жастар сарайы» мен оған іргелес аумақ ғылымға, технологияға және цифрлық экономиканың болашағына қызығушылық танытқан жандардың бас қосатын орталығына айналды.Фестивальдің ашылуына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, бүгінде технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту өңірдің және тұтас елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың біріне айналғанын атап өтті.— Бүгінде цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллект өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салаларына кеңінен еніп отыр. Біздің басты міндетіміз — білім экономикасын қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлау, — деді өңір басшысы.Фестивальдің іскерлік бағдарламасындағы ерекше оқиғалардың бірі — Нобель сыйлығының 2007 жылғы лауреаты, оңтүстіккореялық дипломат және ғалым Ра Квон Чунгтың онлайн байланыс арқылы қатысуы болды.Өз сөзінде ол технологиялық дамудың тұрақты даму және экологиялық жауапкершілікпен тығыз байланыста жүруі қажеттігін ерекше атап өтті.— Экономикалық өсім болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен қоршаған ортаға деген қамқорлықсыз мүмкін емес, — деді Нобель лауреаты фестиваль қатысушыларына арнаған үндеуінде.Осындай халықаралық деңгейдегі спикердің қатысуы форумның мәртебесін арттырып, оны технологиялар мен болашақ мәселелері жөніндегі жаһандық диалог алаңы ретінде айқындай түсті.Қазіргі уақытта фестиваль аясында интерактивті аймақтар, заманауи технологиялар көрмесі, VR және AI алаңдары, робототехника зертханалары, киберспорт аренасы, балалар мен ересектерге арналған ғылыми шоулар жұмыс істеуде.Қонақтардың ерекше қызығушылығын виртуалды шындық арқылы ауыл шаруашылығы техникасын басқару, электромобиль құрастыру желілерінің симуляциясы және инженерлік шеберлік сабақтары тудырып отыр.Сонымен қатар халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен TED форматындағы баяндамалар жалғасуда.Фестиваль әлі де жалғасуда. Алда қонақтарды өндірістік экскурсиялар, хакатон финалы және үлкен концерттік бағдарлама күтіп тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1211389?lang=kk
Сауда вице-министрі Ақтауда көтерме базарларды арнайы аралады 29.04.2026
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдәбеков Ақтау қаласындағы көтерме базарларды аралады. Ол «Асар-С» базарын, сондай-ақ KazFruit және Asia Fruit Aktau ірі көкөніс қоймаларын аралады. Бұл нысандар арқылы Маңғыстау облысына өнімнің негізгі бөлігі жеткізіледі. Аталған жұмыс Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырмасы аясында, азық-түлік нарықтарында тәртіп орнату және тиімсіз делдалдықты жою мақсатында жүргізілді.Өңірде арнайы комиссия құрылып, «Көк базар», «Асар-С» базарларында және «Мағаш» базарының ет секторында мониторинг жүргізді. Тексеру нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Бес кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген сауда үстемесінен жоғары бағамен сатқан. Оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.Сонымен қатар «Мағаш» базарында ет өнімдерінің бағасын негізсіз көтеру дерегі тіркелді. Комиссияның араласуынан кейін еттің бір килограмының бағасы 4500 теңгеден 3500 теңгеге дейін төмендетілді.Бұдан бөлек, жеткізу тізбектерінде артық делдалдық буындар анықталды. Бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалған жағдайлар тіркелген. Нәтижесінде «Товары и Сервис» ЖШС тиімсіз делдал ретінде танылып, жеткізу тізбегінен шығарылды. Бұл Ақтаудағы ірі сауда желілерінің біріне өнімді көтерме жеткізушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік беріп, картоп бағасын 275 теңгеден 242 теңгеге, пиязды 165 теңгеден 132 теңгеге дейін төмендетуге ықпал етті.Ұқсас жағдай көкөніс жеткізу барысында Asia Fruit Aktau мен Asia Fruit Aktau KZ арасында да анықталды. Делдал алынып тасталғаннан кейін сауда желісі тікелей сатып алуға көшіп, картоп бағасы 235 теңгеден 225 теңгеге, сәбіз 264 теңгеден 205 теңгеге дейін төмендеді.«Өңірде делдалдық схемаларды анықтау бағытындағы жұмысты күшейту қажет. Жыл басынан бері анықталған делдалдар саны аз және бұл көрсеткіш күмән тудырады. Сонымен қатар Маңғыстау облысына өнімнің басым бөлігі импорттаушылар мен өзге өңірлердің көтерме жеткізушілері арқылы жеткізілетін аймақтардың бірі болып отыр. Бұл мәселенің түйіні аймақ басшылығының нақты әрі нәтижелі жұмысына байланысты. Тиісті деңгейде жұмыс жүргізілген жағдайда делдалдық схемаларды жүйелі түрде анықтауға болады»,- деді Айдар Әбілдәбеков.Анықтама үшін: 2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік бақылау күшейтілді. 23 сәуірдегі жағдай бойынша 204-4-бап бойынша 1406 айыппұл салынды, бұл 2025 жылы осы бап бойынша тіркелген құқықбұзушылықтардың шамамен 50 пайызына тең. Айыппұлдардың жалпы сомасы 53 млн теңгеден асты. Оның ішінде Маңғыстау облысында 49 айыппұл салынып, жалпы сомасы 540 мың теңгені құрады.Баға айырмашылығын қолдану және баға белгісінің болмауы бойынша 489 қаулы шығарылып, 18,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде Маңғыстау облысында 36 қаулы шығарылып, 1,1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.Қозғалған әкімшілік істер саны бойынша Маңғыстау облысы өңірлер арасында 4-орында тұр.Делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жандандырылды. Республика бойынша 372 отырыс өткізіліп, 1092 заң бұзушылық анықталды, 974 хаттама толтырылып, 118 делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.Маңғыстау облысында 23 сәуірдегі жағдай бойынша 27 отырыс өткізілді. Нәтижесінде 51 заң бұзушылық анықталып, оның 49-ында сауда үстемесінің асып кетуі тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар 2 тиімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.Анықталған деректер саны бойынша өңір облыстар арасында 6-орында.Сонымен қатар электронды шот-фактураларға талдау жүргізілуде. Барлығы 4395 жеткізу тізбегі зерделеніп, 2361 тәуекел анықталды. Бұл артық үстеме мен сауда заңнамасын бұзу жағдайларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1211253?lang=kk
Өңірде мал басының саны артты 28.04.2026
Аймақ басшысының төрағалығымен өңірдегі мал шаруашылығының дамуы тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.Мемлекет Басшысы атап өткендей, мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының басым бағыттарының бірі. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауылдарда жұмыспен қамтуды арттырып, оларды тұрақты дамытудың негізгі факторы.Былтыр асыл тұқымды мал сатып алуға, сүт пен ет өндірісінің құнын төмендетуге 7,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 10,8 млрд қарастырылған. Өсім – 44%. Жылдық 2,5% мөлшерлемемен несие беру жалғасуда.«Үкіметте 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Біздің облыс осы жоспардың негізгі бастамашыларының бірі болды, аграршылардың арзан несиелік ресурстарға қол жеткізу мүддесін жүйелі түрде қорғап келеді. Қазіргі таңда жылдық 6% мөлшерлемемен «Береке» және «Игілік» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары іске асырылуда. Жайылымдық мал шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру үшін 7-10 жыл мерзімге дәл осындай мөлшерлемемен «Жайлау» бағдарламасы іске қосылады. Ол еліміздің үш облысында жүзеге асады. Біздің облыста – Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған. Әрбір салынған теңге нақты нәтиже беруі тиіс. Біздің міндет – мал басын көбейту, сапасын арттыру және заманауи технологияларды енгізу үшін қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану», – деді облыс әкімі.Айта кету керек, 2025 жылы 2022 жылмен салыстырғанда облыста мал мен құс санының өсуі байқалады: ірі қара мал 25,2 мың басқа, жылқы 14,2 мың басқа, қой мен ешкі 14,6 мың басқа артты.Мал шаруашылығындағы тұрақты өсім 7 заманауи, ірі өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларының іске қосылуымен байланысты. Тағы да осындай 6 ферма салынуда, олардың 5-еуі ағымдағы жылы іске қосылады. Жылына 77 мың тонна шикі сүт өндіретін 12 жаңа заманауи сүт-тауар фермасы 200 мыңнан астам адамның қажеттілігін қамтамасыз етеді.«Мал шаруашылығын дамытуға біз кешенді түрде қарауымыз қажет. Ел Президенті агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда нақты басымдықтарды айқындап берді: бұл – терең өңдеу, өнімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу. Жаңа және жұмыс істеп тұрған фермалар ішкі және сыртқы жағынан өндірістік және санитарлық мәдениеттің үлгісі болуы тиіс. Барлық жерде тазалық, ұқыптылық жоғары деңгейде болуы қажет», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1210843?lang=kk
Электр желілеріндегі апат деңгейі төмендеді 28.04.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «ЭПК Forfait» ЖШС жқмысымен танысты.Ел Президенті электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтынын атап өтті.«Өткен жылмен салыстырғанда желілердегі апат деңгейі 10%-ке төмендеді. «ЭПК-forfait» ЖШС жаңа цифрлық диспетчерлік орталығының арқасында апаттық ажыратуларға әрекет ету уақыты 2 сағаттан 5 минутқа дейін қысқарды. Инфрақұрылымдық көрсеткіштер бойынша да оң динамика бар – электр желілерінің тозу деңгейін 2021 жылғы 83%-тен биыл 73%-ке дейін төмендету, жабдықтарды жаңарту, желілер мен қосалқы станцияларды қайта жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.Желілердегі техникалық шығындарды 6,4%-ға дейін қысқарту маңызды жетістік, республика бойынша бұл көрсеткіш 10–11%.Цифрлық есептеу құралдарын, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін және жасанды интеллект негізіндегі алғашқы шешімдерді енгізуді ерекше атап өткім келеді.«Біздің міндетіміз – апат салдарын жоюдан оларды болжау мен алдын алуға көшу. Қолмен басқарудан – интеллектуалды энергия жүйесі моделіне өту», – деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1210833?lang=kk
Алматыда медициналық жабдықты пайдалану кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды 28.04.2026
Алматы қаласында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің жоспардан тыс тексеруінің қорытындысы бойынша «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК қызметінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың өрескел бұзушылықтары анықталды.Тексеру барысында 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылғаны белгілі болды. Аталған жабдықтар типін бекітусіз немесе метрологиялық аттестациясыз қолданылған, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және міндетті тексеруден (поверкадан) өтпеген. Соған қарамастан, құрылғылар медициналық көмек көрсету барысында пайдаланылған.Бұл модульдер пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған, атап айтқанда: жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы. Мұндай жабдықты өлшеу дәлдігі расталмай қолдану клиникалық шешім қабылдауға тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.Тексеру нәтижесінде медициналық ұйым қызметінде Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптары бұзылғаны анықталды. Анықталған фактілер тексеру материалдарымен расталды.Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама берілді. Жабдықтарды пайдалану заң талаптарына толық сәйкестікке келтірілуі тиіс.Жіберілген бұзушылықтар үшін мекеме Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 600 АЕК (2 595 000 теңге) болып, белгіленген тәртіпте төленді.Департамент метрологиялық бақылау талаптарын сақтау міндетті екенін және оның пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Белгіленген нормалардан кез келген ауытқуға жол берілмейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1210598?lang=kk
Аймақ тұрғындары 12 мың көшет отырғызды 27.04.2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Ауқымды шараға Қостанай облысының тұрғындары да атсалысып, 12 мың көшет отырғызды.Экологиялық бағдарлама жүзеге асырылған 2024 жылдан бері аймағымызда 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 250-ден астам балалар және спорт алаңы орнатылды, 600-ге жуық рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды, 1 250-ден астам апатты және қараусыз нысан сүрілді, 277 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылды.Бүгінгі күнге дейін санитарлық тазалық және абаттандыру шараларына 105 мың тұрғын, 1,9 мың кәсіпорын қатысып, 3,5 мың техника жұмылдырылды. 1,3 мың гектар аумақ, оның ішінде 19 мың аула тазартылып, 50 мың тонна қоқыс шығарылды.Соңғы үш жылда облыс бойынша 94 парк пен сквер салынып, абаттандырылды, 420 балалар мен спорт алаңы орнатылды. Сондай-ақ 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделді.«2026 жылы облысты абаттандыруға 77,3 мың көшет отырғызу, 63 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін жаңарту, 31 жаңа балалар ойын алаңын орнату, апатты тұрғын үйлерді бұзу, 80 саябақ пен қоғамдық демалыс аймағын жақсарту жұмыстары жоспарланған. Қостанай ауданында 43,8 га аумақта велосаябақ және Қостанай қаласында 40 га аумақта экосаябақ салынады», – деді Қостанай обдлысының әкімі Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1209230?lang=kk
Қостанай облысы ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспортын арттыруда 27.04.2026
2025 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерінің экспорты 8,1 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Қостанай облысының үлесі – 2,2 млн тонна немесе 27,2%.Өңірдегі осындай экспортқа бағытталған кәсіпорындардың бірі – бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеумен айналысатын Kaizen ЖШС. Кәсіпорын екі жыл бұрын іске қосылған. Қазіргі таңда түркиялық Arbel холдингімен макарон өнімдерін шығаратын зауыт салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар компания жылына 200 мың тонна бидай өңдейтін диірмен кешенін салуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін жетеді.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, Kaizen ЖШС Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске қосылған.Кәсіпорын түркиялық Arbel халықаралық холдингінің инвестициясы есебінен салынған. Мұнда 70 жұмыс орны құрылған. Өндірісте төрт түрлі дақыл өңделеді: бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық.Бүгінде кәсіпорын солтүстік өңір үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласындағы технологиялық жабдықталу деңгейі мен өндірістік үдерістерді ұйымдастыру тұрғысынан бірегей болып саналады. Өндіріс жоғары қосылған құны бар, сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін өнім шығаруға бағытталған.Кәсіпорынның технологиялық базасы заманауи, жоғары өнімді жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл өндірістік үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейін, өнім сапасының тұрақтылығын және халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді.Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады. Экспорт географиясы Түркия Республикасын, Алжир Халық Демократиялық Республикасын, Ауғанстан Ислам Республикасын, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдерін қамтиды. Өткен жылы кәсіпорын 180 мың тонна өнім өндіріп, экспорттаған.Саланы одан әрі дамыту мақсатында кәсіпорын макарон өнімдерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды бастады. Жаңа өндірісте қосымша 60 жұмыс орны ашылады.Сонымен қатар компания жылына 200 мың тонна бидай өңдейтін диірмен кешенін салуды жоспарлап отыр.«Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықты отандық өңделген өніммен қамтамасыз етуге, импорттық макарон өнімдеріне тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ кәсіпорынның экспорттық әлеуетін арттырып, жақын шетел нарықтарына шығуына мүмкіндік береді», – деді Құмар Ақсақалов.Жалпы алғанда, Kaizen ЖШС қызметі ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу деңгейін арттыру және экономиканы әртараптандыру жөніндегі міндеттерге толық сәйкес келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1209242?lang=kk
Тексеріс барысында Алматыдағы көтерме базарда 9 делдал анықталды 27.04.2026
Премьер-Министр Олжас Бектенов тапсырмасына сай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімсіз делдалдарды жою мақсатында, биылғы жылдың 25 сәуірінде Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау Департаменті Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен, Мемлекеттік кірістер департаментімен, Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен және қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп, қаланың ең ірі көтерме базары «Барыс-4»-те кезекті мониторинг жүргізді.Жүргізілген мониторинг аясында Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті базардағы көтерме саудамен айналысатын делдалдарды талдады. Кешенді іс-шаралар қорытындысы бойынша қазіргі уақытта 9 делдал анықталды.Сонымен қатар, өңірлік комиссия аясында Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты хронометраждық тексерулер жүргізуде.Бұдан бөлек, Департамент тарапынан кәсіпкерлер мен сауда нарығының әкімшілігіне сауда заңнамасының талаптарын түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау, сондай-ақ тауарларды нақты рәсімделген және тұтынушыларға қолжетімді түрде орналастырылған баға белгілерімен сату мәселелеріне ерекше назар аударылды.Аталған мәселе тұрақты бақылауда, анықталған барлық делдалдар мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты материалдар өңірлік комиссия отырысында қарауға жолданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1209114?lang=kk
Заң сабақтары: Қостанай облысында оқушылар мен студенттердің құқықтық мәдениеті қалай қалыптасуда 27.04.2026
Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік сабақтар бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бастама өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.Жоба аясында облыстың мектептері мен колледждері қамтылып, оған прокуратура және полиция органдарының қызметкерлері, сондай-ақ сала ардагерлері тәлімгер ретінде белсенді түрде тартылуда. Бұл өз кезегінде жастарға тәжірибелік білім беріп, құқықтық мәселелерді нақты мысалдар арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді.Бағдарлама шеңберінде оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтар өткізіліп, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлық мәселелері жан-жақты түсіндіріледі. Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, тренингтер мен практикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың белсенді қатысуы қамтамасыз етіледі.Осы бағыттағы кезекті іс-шара Қостанай қаласындағы №8 орта мектепте өтті. Кездесу барысында оқушылармен ашық диалог орнатылып, құқықтық нормаларды сақтау, жеке жауапкершілік және заңға құрмет тақырыптары кеңінен талқыланды.Аталған жоба – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға, заңға құрметті қалыптастыруға және олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1209045?lang=kk
100 мыңнан астам қостанайлық «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты 26.04.2026
Қостанай облысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен ауқымды республикалық экологиялық акцияға телемост форматында қосылды. Бұл бастама елдің заманауи экологиялық күн тәртібін қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылуда.Тікелей қосылым барысында Мемлекет басшысы жобаның стратегиялық маңызын айқындап, оның қос бағыттылығын атап өтті — аумақтарды практикалық тұрғыда абаттандыру және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Президенттің айтуынша, елді мекендерді көгалдандыру — ұлт денсаулығына және тұрақты болашаққа бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.Өңірдегі акцияның орталық алаңы Қостанай қаласындағы Триатлон-парк болды — бұл қалалық ортадағы тартымды нүктелердің бірі ретінде экологиялық бастаманың кең қоғамдық ауқым алуына мүмкіндік берді. Мұнда ағаш отырғызу жұмыстарына билік өкілдері, бизнес қауымдастығы, еріктілер қозғалысы және қала тұрғындары қатысты. Жұмыстарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов басқарды. Қатысушылар қатарында өнеркәсіп секторының өкілдері, соның ішінде автомобиль және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілері болды.«Президент тапсырмасы бойынша біз өңірде тек акция өткізумен шектелмей, жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. «Таза Қазақстан» біз үшін — нақты нәтиже: таза көшелер, жаңа ағаштар, абаттандырылған аулалар. Біз Қостанай облысының тұрғындары бұл өзгерістерді күн сайын көріп, өздері де осы үдерістің бір бөлігіне айналғанын қалаймыз», — деп атап өтті өңір басшысы.Облыс тұрғындары экологиялық бастамаларды қолдап, нақты өзгерістерді атап өтуде.«Қала шынымен де таза әрі жайлы болып келеді. Жұмыс бір реттік емес, тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын көруге болады: жаңа ағаштар отырғызылып, аулалар абаттандырылуда. Біз де жасалып жатқан дүниеге ұқыпты қарауымыз керек», — деді Қостанай қаласының тұрғыны Дана Тоқжанова.Акцияның символдық әрі практикалық нәтижесі ретінде бір күннің ішінде шамамен 12 мың ағаш отырғызылды. Сонымен қатар өңір деңгейінде негізгі басымдық тек отырғызу көлеміне ғана емес, жасыл желектерге жүйелі күтім жасауды қамтамасыз етуге де беріліп отыр.Жалпы алғанда, өңірдегі экологиялық трансформация нақты нәтижелер көрсетуде. 2024–2025 жылдары салалық жобаларды іске асыруға 40,3 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 250-ден астам балалар және спорт алаңы салынды, 600-ге жуық заңсыз қоқыс орындары жойылып, 1 250-ден астам апатты нысан бұзылды. Сонымен қатар 277 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 1,3 мың гектар аумақ тазартылып, шамамен 50 мың тонна қалдық шығарылды.Сапалы қалалық ортаның маңызды элементі ретінде қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше назар аударылуда. Бүгінде өңірде 80 осындай нысан қалыптасқан, ал 2026 жылы тағы 25 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда қосымша 94 парк пен сквер салынды, бұл тұрғындардың демалыс және бос уақыт инфрақұрылымын едәуір кеңейтті.Кешенді жаңғырту тұрғын үй қорын да қамтыды. Облыста 180 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді. Алдағы жоспарларда тағы 77 мың көшет отырғызу, 63 тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін жөндеу, 31 жаңа балалар және спорт алаңын орнату, сондай-ақ ескі тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарын жалғастыру көзделген.Халық пен бизнестің жоғары белсенділігі қалыптасып келе жатқан экологиялық мәдениеттің тұрақтылығын көрсетеді: санитарлық іс-шараларға 105 мыңнан астам адам және шамамен 1,9 мың кәсіпорын қатысты.Осылайша, Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру жекелеген акциялар шеңберінен шығып, аумақты дамытудың жүйелі тәсіліне айналуда. Бұл тек экологиялық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар қалалық ортаны жаңғырту, өмір сапасын арттыру және өңірдің ұзақ мерзімді инвестициялық тартымдылығын нығайтуға бағытталған кешенді үрдіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1208764?lang=kk
Өскеменнің көтерме базарында көкөніс бағасын негізсіз өсіру фактілері анықталды 26.04.2026
«Дина» көтерме базарына жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені анықталды. Электрондық шот-фактураларға (ЭШФ) жүргізілген талдау сәбіз, картоп және қырыққабатқа қосылған үстеме бағаның рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асып кеткенін көрсетті.Сәбіз: Павлодар облысының шаруа қожалықтарынан 170 теңге/кг бағасымен сатып алынып, кейін басқа кәсіпкерлерге 35%-ға дейінгі үстемемен (230 теңгеге дейін) қайта сатылған.Картоп: Ақпан айында Абай облысынан 150 теңге/кг бағасымен 30 тоннадан астам өнім сатып алынған. Наурыз айында бұл картоп Өскеменде 250-ден 280 теңгеге дейінгі бағамен сатылған. Нақты үстеме баға 70%-дан 86%-ға дейін жеткен.Қырыққабат: Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 130 теңге/кг бағамен сатып алынып, 200–220 теңгеден өткізілген. Үстеме баға 53%-дан 69%-ға дейін құраған.Аталған көкөністер кейіннен қосымша үстеме бағамен қаланың «үй маңындағы» дүкендерінде халыққа сатылған.Бұл фактілер бойынша материалдар Өңірлік комиссия отырысында қаралды. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін құжаттар дайындалуда. Заң бұзушылық расталған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көкөніс бағасын төмендету туралы нұсқама беріледі.ШҚО бойынша Сауда департаменті ескертеді: заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қосылатын шекті сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1208750?lang=kk
Арман Шаққалиев бастаған Сауда және интеграция министрлігі қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты 26.04.2026
ҚР Сауда және интеграграция министрі Арман Шаққалиев бастаған ведомства қызметкерлері, министрлікке бағынысты ұйым басшылары мен қызметкерлері 25 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке қатысты.Акцияға 200-ге жуық қызметкер ат салысты. Министрлік өкілдері Түркістан көшесінің Орынбор және Сығанақ көшелерімен қиылысар аралығына дейінгі белгіленген орынның қоқысын тазалады. «Таза Қазақстан» - бұл әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі. Тазалық – әрқайсысымыз үшін міндетті норма болуы қажет. Сондай-ақ өзіміз өмір сүріп отырған қаланың таза әрі жайлы болуы өзімізге байланысты», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. #TazaQazaqstanАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1208749?lang=kk
Премьер-Министрдің тапсырмасы: базарларда негізсіз көтерілген баға белгілері бірден алынып тасталды 25.04.2026
Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссиясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайын жергілікті жерде бағалау үшін «Алтын Алма» көтерме-бөлшек сауда базарына барды. Негізгі назар ет және көкөніс павильондарында болды, себебі дәл осы жерде халық үшін өнімнің түпкілікті бағасы қалыптасады.Жұмыс ашық форматта, жалға алушылармен тікелей диалог жүргізілді. Кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндірілді, оның ішінде 15 пайыз сауда үстемесін сақтау, баға белгілерінің жазбаша түрде болуы, сондай-ақ санитарлық және салық нормаларын сақтау мәселелері қамтылды.Шара жағдайға жедел әсер етуге мүмкіндік берді. Комиссия жеткізу тізбегіндегі артық делдалдарды анықтап, картоп бойынша екі делдалды айналымнан шығарды. Сонымен қатар «AQJAIYQ» ӘКК тұрақтандыру қорынан өнімді тікелей базарға жеткізу жүйесі жолға қойылды.Бұған дейін картоптың нарықтағы бағасы сұрыпына және сапасына қарай килограмына 230-250 теңге аралығында сатылса, енді тұрақтандыру қорының өнімі 165 теңгеден сатылымға шықты, ал жеткізу бағасы 145 теңгені құрайды.Қазіргі уақытта «AQJAIYQ» ӘКК базарға тәулігіне 5 тоннаға дейін өнім жеткізуде. Өнімге сұраныс жоғары. Көкөніс өнімдерін жеткізу мамыр айының бірінші онкүндігінің соңына дейін жалғасады деп жоспарлануда.Комиссияның көшпелі отырыстары тұрақты түрде жалғасады. Бұл формат нақты нәтиже көрсетіп, шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беруде.2026 жылдың басынан бері БҚО-да өңірлік комиссияның 11 отырысы өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырудың 47 фактісі анықталды. Барлық бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1208562?lang=kk