Ғылым
ӘМАТ тауарлары бағасының өсу динамикасы баяулап келеді 04.03.2025
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тиісті мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын талқылады. Жиын барысында ҚР Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова ӘМАТ бағасының өсу динамикасы баяулай бастағанын атап өтті.Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың 18 ақпанына дейін ӘМАТ бағаларының индексі 2,6%-ға, соңғы аптада 0,4%-ға өсті, ал 2 апта бұрын бұл көрсеткіш 0,6% болған.Апта ішінде рожки (-0,2%), тауық еті (-0,1%), күріш (-0,4%), картоп (-0,4%), жұмыртқа (-0,5%) және сәбіз (-0,7%) бағаларының төмендеуі байқалды. Нан мен сүт бағасы тұрақты. Баға өсімінің төмен қарқыны Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.Облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар бағаны төмендетуге және халықты қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Министрдің бірінші орынбасары осы шараларды жаңа егін жинау басталғанға дейін күшейту қажеттілігін атап өтті.Жиын барысында делдалдарсыз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді тарта отырып, халық үшін ыңғайлы орындарда тұрақты жәрмеңкелер өткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» акционерлік қоғамының қорынан күнбағыс майын қолжетімді бағамен сатып алуды ұйымдастыру жөнінде бірлескен шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, аймақтар бойынша ет өндірушілер мен ірі қара малды сойатын цехтармен тиімді өзара іс-қимыл жасау және өнім көлемдерін сауда объектілерінде әрі қарай сату алгоритмдері талқыланды. Түркістан облысы ерте пісетін қырыққабаттың келісімшарт арқылы сатып алуын ұйымдастыру үшін қырыққабат өндірушілерінің тізімін қалыптастыруға дайын екенін білдірді.Сондай-ақ сауда субъектілері арасында салық заңнамаларын сақтау мәселелері талқыланды.Айта кету керек, наурыз айының ортасынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырғаны үшін ескерту орнына айыппұл салынады. Бұл сауда субъектілерінің жауапкершілігін арттырып, әкімшілік тәртіпті нығайтады.Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция министрлігі бағаны бақылай отырып, қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/944360
2025 жылғы наурыз айына арналған Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры қойылымдарының репертуары 03.03.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/949295
Ақтөбе өңірінде спортпен шұғылданатын адамдар санын арттыру үшін бұқаралық спортты дамыту орталығын ашу ұсынылды 03.03.2025
Облыстағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланған аппарат мәжілісінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов өңірдің әр ауданында «Бұқаралық спортты дамыту орталығын» ашуды ұсынды.Ұсыныс тұрғындардың спорттық іс-шаралар мен нысандардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ адамдарды, әсіресе жастарды көбірек тұрақты дене шынықтыру сабақтарына тартуға бағытталған.«Орталықтың жұмысы спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға, спорттық жобаларды ілгерілетуге, салалық спартакиадаларды жаңғыртуға, мектеп және студенттер лигаларын өткізуге, сондай-ақ спорттық урбанистиканы дамытуға бағытталады. Әр ауданда осындай орталықтар құру спорт инфрақұрылымын жақсартып, спортпен шұғылданатындардың санын көбейтуге және мүмкіндігі шектеулі жандарды қоса алғанда, сапалы спорттық қызметтерге қол жеткізуге көмектеседі. Зейнеткерлік жастағы жандарға бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінбек, бұл дене саулығын сақтап қана қоймай, аға буынның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Мейрамбек Махамбетов.Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңір халқының 43%-ін құрайтын 407 мың адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Былтыр 2 971 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 394 мыңнан астам адам қатысқан.2025 жылы Ақтөбеде кем дегенде 22 спорт түрін дамытатын мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенін ашу жоспарлануда, бұл халықтың осы санаты үшін спорттық іс-шаралардың қолжетімділігін едәуір арттырады.Айта кетейік, биыл облыста 20 наурызға жоспарланған ұлттық спорт күніне орай қазақ күресі, садақ ату, арқан тарту, асық ату және ләңгі тебуден жарыстар өтеді. Сондай-ақ, 1 маусымда «Жүгіру марафонын» және еркін күресті насихаттау бойынша «Wrestling Stars» жобасын өткізу жоспарланған. 16 тамызда Спорт күні – «Қажымұқан жолы» жобасы ұйымдастырылмақ. Қыркүйек айында Мөңке бидің 350 жылдығына орай аударыспақтан халықаралық турнир өтеді.Облыс әкімі «Бұқаралық спортты дамыту орталықтарын» ашу идеясын пысықтауды тапсырды. Ол спорт жөніндегі кеңестің жұмысын күшейту және балалардан бастап дене шынықтырумен тұрақты айналысуға көбірек жастарды тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, әкім паралимпиадалық спортты дамытудың және мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаудың, соның ішінде олар үшін спорт кешенін ашудың маңызын сөз етті.«Бұқаралық спортты дамыту – бұл спорт нысандарын құру ғана емес, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біз инфрақұрылымды жақсарту, мамандарды оқыту және барлық деңгейдегі спорттық бастамаларды қолдау бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бізге ұлт денсаулығын нығайтып қана қоймай, халықаралық аренадағы спорттық жетістіктер деңгейін арттыруға көмектеседі», - деді әкім.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/949795
Маңғыстаулық дәрігерлер мен студенттер Түркияда тегін тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады 03.03.2025
28 ақпан күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Стамбұл қаласына барған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев бірқатар келісімге қол жеткізді.Атап айтсақ, 100 маңғыстаулық студент Түркияның Анталия және Мармарис қалаларында туризм саласы бойынша тегін тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 50-ге жуық дәрігер Medicana Health Group клиникасында кәсіби біліктілігін жетілдіреді.Маңғыстау облыстық Білім басқармасы мен Түркияның «Курорттық Аймақ» туристік қызмет саудасы АҚ арасында жасалған меморандум аймақтағы туризм және сервис саласына білікті мамандар даярлауды көздейді. Осы келісім аясында маусым айынан бастап Мармарис қаласындағы Woxx Hotels Group 50 студентті оқытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Тағы 50 студент Анталияда кәсіби білімін жетілдіреді. Барлық тағылымдамашылар тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, оларға айлық төленеді.Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Medicana Health Group басқарма мүшесі Берк Бозкуртпен келіссөздер жүргізіп, әріптестік орнату туралы келісімге келді. Бұл келісім аясында 20 онколог және облыстың әр медициналық ұйымынан 30-ға жуық дәрігер түрлі медициналық бағыттар бойынша тәжірибе жинақтайды.Medicana Health Group – Түркияның жетекші медициналық ұйымдарының бірі. Құрамына 14 аурухана, 11 медициналық орталық және 500-ден астам емхана кіреді. Жыл сайын 10 миллионнан астам науқасқа қызмет көрсететін бұл топ жоғары технологиялық емдеу әдістерін ұсынатын медициналық туризм саласының көшбасшысы ретінде танымал.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/949270
Облыс әкімі жаңа маусым алдында «Тобыл» футбол клубымен кездесті 01.03.2025
Құмар Ақсақалов жаңа маусым қарсаңында «Тобыл» футбол клубының ойыншыларымен және бапкерлік штабымен кездесті. Кездесу барысында команданың дайындығы, стратегиялық міндеттері және алдағы ойындардан күтілетін нәтижелер талқыланды.Өңір басшысы футболдың дамуының маңыздылығын атап өтіп, «Тобылға» сәтті маусым тіледі. Ол клубтың Костанай мақтанышы екенін және аймақты республикалық және халықаралық деңгейде танытып жүргенін айтты.Ойыншылар мен жаттықтырушылар маусымаралық дайындық жұмыстары туралы баяндап, команданың алдағы ойындарға дайындығы мен жоғары нәтижелерге қол жеткізуге деген ұмтылысын жеткізді. «Тобыл» әрқашан биік мақсаттарды көздейді, биыл да жүлделі орындар үшін күресуге ниетті.Костанай облысында футбол мен жалпы спорттың дамуына қолдау көрсетіліп, кәсіби спортшыларды даярлауға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға жағдай жасалуда. Кездесу соңында облыс әкімі «Тобылға» сәттілік, тартысты ойындар мен жарқын жеңістер тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/948744
Бесарық ауылында спорт кешені ашылды 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданының Бесарық ауылында спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.Облыс әкімі ауылдағы жаңа әрі сәулетті ғимараттар қатары тағы бір маңызды нысанмен толыққанын атап, жергілікті тұрғындарды құттықтады.«Бүгін берекесі мен бірлігі жарасқан Сырдария ауданының Бесарық ауылында өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешен мен зал бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.Спорт – елімізді халықаралық деңгейде танытып, Көк Туымызды желбірететін, Әнұранымызды асқақтататын айрықша маңызды сала.Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Орталық стадионды» алдағы мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.Сырдария ауданының спорт саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы спортшылар республика чемпионаттарынан 29 алтын, 20 күміс, 47 қола, Азия чемпионатынан 4 алтын, 1 күміс, 2 қола, Әлем чемпионатынан 1 алтын медаль иеленді.Бүгін ашылған жаңа спорт кешенінде ауыл тұрғындарының, жеткіншектердің дене шынықтыруына, спортпен айналысуына жеткілікті мүмкіндік бар. Осы жерде жаттыққан балаларымыз денсаулығы мен рухы мықты, жігерлі, қайратты, болашақта елдің даңқын асқақтататын азаматтар болсын дейміз. Жаңа нысан салауаттылық салтын ұстануға шақыратын құтты орынға айналсын!» – деді Н.Нәлібаев.Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев құттықтау лебізін жеткізіп, Бесарық ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әкбар Ақжігітов батасын берді.Жаңадан ашылған кешен бір мезетте 100-ге жуық баланы қабылдайды. Бұл жерге келушілер қазақ күресі, дзюдо, бокс, грек-рим, еркін күрес, таеквондо, волейбол, футболмен айналыса алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/945307
Аймақ басшысы Қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті 28.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс және мұнай компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар. Сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Сиань қаласындағы мұнай-газ, химия өнеркәсібі саласындағы компания жетекшілерімен кездесті. Алдымен «Yan'an Energy Equipment Group» компаниясы басшысымен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Қытайдың озық технологияларын облыс өнеркәсібіне енгізу үшін арнайы делегация жасақтап келдік.Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Оның үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7%-дан астамын құрайды, 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады.Алайда, мұнай ұңғымаларының көпшілігінің сарқылуына байланысты қорды толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылауда. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары шамамен 5,4 мың тереңдікке жетті.Осы ретте, құрметті мырзалар, компанияның заманауи технологиясы мен тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз.Облыс әкімдігі өз тарапынан зауыттарды орналастыру үшін жер, инженерлік инфрақұрылым, жан-жақты логистикалық қолдау білдіруге дайын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Xian ANCN Smart Instrument Inc» мұнай-газ компаниясының басшысымен кездесті.«Xian ANCN Smart Instrument Inc» компаниясы 2007 жылы құрылған. Негізгі қызметі – газ кен орнының автономды басқару жүйелерін, жарылысқа қауіпсіз тексеру роботтарын, смарт өлшеу құралдарын және басқа да мұнай-газ жабдықтарын өндіру. Компанияда 320 қызметкер, 100 ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, 340 ғылыми зерттеу патенті бар.Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, жауапты сала басшылары, кәсіпкерлер Синьянь қаласында инвестициялық тұрғыдан әлеуетті бизнес өкілдерімен кездесті.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Келіссөздер басқа қалаларда да жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/945316
Аймақ басшысының Қытайға жұмыс сапары жалғасуда 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Нинься-Хуэй автономдық ауданының Иньчуань қаласында жалғасты.Аймақ басшысы күріш өсіру және өндірумен айналысатын «Ningxia Guangyin Rice Industry Co., Ltd.», ауыл шаруашылығы саласындағы «Ningxia State Farm» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, аймақтың әлеуетіне сай инвестиция тарту мәселелерін талқылады.«Қызылорда облысы – Қазақстандағы күріш өндіруші ірі өңір. Облыста барлық қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ, өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Жыл сайын 80 мың гектардан астам жерге күріш егеміз.Өткен жылдың қорытындысымен 500 мың тонна күріш жиналып, 73,2 мың тоннасы экспортталды. Бұдан бөлек, дәнді, майлы дақылдардың, жем-шөп, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егістік алқаптары бар.Өңірде 700-ге жуық шаруа қожалығында 15 түрлі күріш сорты өсіріледі. Ал, күріш өңдейтін 40 компания ғана бар. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімі күріш болғандықтан, біз оны терең өңдеу саласына қызығушылық танытамыз.Сіздердің компанияларыңыздың мол тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысына бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Серіктес қажет болған жағдайда, өңірде өз салаларын дамытқан тәжірибелі кәсіпкерлер бар.Облыс әкімдігі жер телімін беруге, инженерлік инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сатуға, жан-жақты қолдауға дайын», – деді Н. Нәлібаев.Кездесуде облыс әкімі аталған компания басшыларын өңірдің әлеуетімен жақынырақ танысу үшін арнайы іссапармен келуге шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947460
Облыс әкімі бастаған делегация Чэнду қаласында кәсіпорын басшыларымен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Чэнду қаласында жалғасты.Алдымен аймақ басшысы «China Minmetals Corporation» және «Hunan Nonferrous Metals Corp., Ltd» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.«Қызылорда облысы – әріптестік пен инвестициялар үшін зор әлеуеті бар, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Минералды шикізат ресурстарымен, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран кеніштерімен ерекшеленеді. Облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің қоры бар.Бүгінгі делегация құрамындағы «Шалқия Цинк» серіктестігінің басшысы Асқар Тлеулин кен орнында мырыш пен қорғасын өндіру жобасын кеңінен таныстырады.Біздің өңір пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай әлеуетті», – деді Н.Нәлібаев.Сондай-ақ, облыс әкімі мұнай-газ саласындағы «Shaanxi Yanchang Petroleum Group» және ауыл шаруашылығы саласындағы «Tongwei Group» компаниялары басшыларымен кездесіп, инвестиция мәселесін талқылады.«Қызылорда облысы – агро-индустриалды аймақ. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады. Егін, мал шаруашылығының жылдар бойы қалыптасқан жүйесі бар. Кейінгі жылдары егіс алқаптарын әртараптандыруда, мал басын көбейтуде ауқымды жұмыс атқарылды. Компанияларыңыздың оң тәжірибесін үйренуге, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Облыс әкімдігі қолданыстағы заңнанма аясында өз тарапынан қолдау көрсетеді. Қызылорда облысының әлеуетімен жақынырақ танысу үшін сіздерді арнайы іссапармен келуге шақырамыз», – деді Н.Нәлібаев.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947475
«Сычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытайға жұмыс сапары аясында Cычуань провинциясының Чэнду қаласында «Cычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы өтті. Оған екі елдің жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлері қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев форум қатысушыларын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.Сонымен қатар, «Алтын Орда» ЖШС директоры Нариман Абжанов «Тұз өндіру», «Шалқия Цинк Лтд» басшысы Асқар Тлеулин «Шалқия кен орнын игеру», «Абзал және К» ТС қаржы жөніндегі директоры Сағидулла Сыздықов «Күрішті терең өңдеу» жобалары бойынша баяндама жасады.Облыс Қытайға негізінен мұнай, балық өнімдерін, майлы дақылдардың тұқымын, өңделмеген алюминий экспорттайды. Импорттың негізгі позициялары – машиналар, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары.Форумда облыстың инвестициялық әлеуетіне сай ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жем-шөп өндіру, құс фабрикаларын, ет және балық, жүн мен тері өңдеу кәсіпорындарын құру, өнеркәсіптік жылыжайларды, құрылыс материалдарын шығару және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару жайлы сөз болды.Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен жауапты сала басшылары, сырбойылық кәсіпкерлер «Zangge Mining Co.» компаниясы басшыларымен калий мен литий барлау және өндіру, «Chuanhan Metallurgical Furnace Charge Co., Ltd» компаниясы басшыларымен қорғасын, никель, молибден өндіру, «Power China Sinohydro Bureau 10 Co., Ltd» компаниясы басшыларымен пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша кездесіп, келіссөздер жүргізді.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947499
Облыс әкімі Сычуань провинциясының губернаторымен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі.«Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді»,– деді Н.Нәлібаев.Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947507
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, аймақ делегациясының іссапарын қысқа мерзімде әрі жан-жақты ұйымдастыруға көрсеткен қолғабысы үшін алғыс білдірді.«Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы ірі жобаларды іске асыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырды. Жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер бар делегация іссапармен келдік.Бүгін сізбен кездесіп, Қызылорда облысы мен Қытай арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылағанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.Қытай – Қазақстанның серіктесі және біздің облысымыз осы елдің компанияларымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылғы Қытайға іссапар кезінде қол жеткен келісімдер аясында Қызылордада жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылды.Қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуін қытайлық «Huadian» компаниясы қолға алған. Осы жолғы іссапарымыз да өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп ойлаймын, дипломатиялық қызметіңізге табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен әрекеттеріміз биіктерге жеткізеді деп сенемін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақта мұнай қорының сарқылуы салдарынан он жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты.Өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жылына 1 млн. тонна цемент, 197 мың тонна табақша шыны өндіретін зауыттар жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947712
Қарағанды облысында бочча паралимпиадалық спорт түрі танымал болып келеді 28.02.2025
Қарағандыда үшінші рет бочча бойынша облыстық турнир өткізілді. С. Сәпиев атындағы бокс орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған 40 спортшы, сал ауруының ауыр түрлеріне шалдыққан балалар мен ересектер жиналды. Спорттың бұл түрі ептілікті, дәлдікті, төзімділікті, сондай-ақ тактикалық ойлауды дамытады.– Қарағандыда бочча 2020 жылдан бастап дами бастады. Қысқа мерзімге қарамастан, бұл спорт түрі танымал болып келеді және жетістіктер бар. Біздің спортшылар республикалық және халықаралық деңгейде өнер көрсетеді. Қарағандылықтар ұлттық құрамаға кіреді, – дейді жарыстың жаттықтырушысы және бас төрешісі Татьяна Ходзинская. – Облыстық жарыстарды үшінші рет өткізіп отырмыз. Белсенділік артып, география кеңейе түсуде. Егер алғашқы жарыста 10 қатысушы болса, қазір 40-қа жетті. Қарағандыдан басқа Саран, Абай аудандарынан да спортшылар келді.Жарыс түрлі санаттарда өткізілді, онда спортшылар өз бетінше және көмекшілерімен ойнайды. Әуесқойлар арасында алғаш рет ашық сынып ұйымдастырылды.Төрешілік BISFed халықаралық федерациясының ережелері мен нормалары бойынша жүргізілді.Ұлттық құраманың мүшесі, бес алтын медаль иегері Аружан Жеңіс ВС3 санатында шеберлік сабағын өткізді.– Екі жылдан бері боччамен айналысамын. Жетістіктер жақсы. Мен спорт шеберімін. Бәрі ұнайды: күшті, батыл болу керек. Халықаралық жарыстарда Польша мен Финляндияда болдым. Әрдайым анам жанымда: ол менің операторым, – деді Аружан.Ұлттық құрамаға Анастасия Кутурман да кіреді. Ол бочча спортымен осы спорт түрі Қарағандыда пайда болған сәттен бастап айналыса бастады. Екі жыл бұрын Грекиядағы халықаралық турнирге қатысқан.– Секцияның ашылғанын біліп, оны көруге келдік. Бізді алмайды деп ойладым. Настяның қолы мүлдем жұмыс істемеді. Бірақ бізді қабылдап, айналыса бастадық. Прогресс жақсы: қазір допты өзі лақтырып жатыр. Сенімдірек, талапкер бола түсті. Аптасына үш рет жаттығуға барамыз, үйде де айналысамыз. Даму үшін де, қарым-қатынас үшін де пайдасы зор: Қарағандыда ғана емес, басқа қалаларда да достар тапты, – деп бөлісті ерекше спортшының анасы Елена Кутурман.Қарағандылық құраманың алдында Астанада өтетін республикалық жарыс тұр.Сәуір айында Анастасия Кутурман мен Аружан Жеңіс Бахрейн астанасы Манамада өтетін World Boccia Challenger халықаралық турнирінде ұлттық құраманың құрамында өнер көрсетеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/946696
"Заң мен Тәртіп» жобасы аясында Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік акция өткізді. 26.02.2025
«Заң мен Тәртіп» жобасы шеңберінде 18-23 ақпан аралығында Қостанай қаласының мектеп оқушылары арасында қаржылық пирамидаларға қарсы тұру, вейптердің зияны және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында әлеуметтік акция ұйымдастырылды. Бұл шараны Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (Қостанай облысы бойынша ЭТТД) балалардың назарын маңызды әлеуметтік мәселелерге аудару үшін шығармашылық арқылы – сурет салу байқауы түрінде өткізді.Қостанай қаласының 120-дан астам оқушысы қаржылық қылмыстардың алдын алу, вейптердің зияны және қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы туралы өз ойларын бейнелеген суреттер байқауына қатысты. Олардың жұмыстары қарапайым әрі түсінікті формада ұсынылып, жас қатысушылардың кең аудиторияға өз ойларын жеткізуіне мүмкіндік берді.Конкурсқа қатысушылардың жұмыстары 18-23 ақпан аралығында «Костанай Плаза» сауда ойын-сауық орталығында көрмеге қойылды. Келушілер балалардың шығармашылығымен танысып, қаржылық қауіпсіздік пен зиянды әдеттерге қатысты маңызды тақырыптарды қамтыған суреттерді тамашалай алды. Бұл шара қоғамның әлеуметтік қауіптер туралы хабардарлығын арттыруға, қаржылық қауіптер мен олардың салдары туралы көбірек білуге ынталандыруға ықпал етті.Конкурс қорытындысы бойынша Қостанай облысы бойынша ЭТТД үш жеңімпазды анықтап, оларға Департамент басшысының атынан грамоталар мен Marvin дүкендер желісінен тауар сатып алуға сертификаттар табыстады. Жеңімпаздар өз жұмыстарында өнер мен маңызды әлеуметтік мәселелерді шебер ұштастыра білді.Көрме 23 ақпанға дейін жалғасады. Барлық келушілер оны тамашалап, заманауи қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ой қозғап, мектеп оқушыларының қаржылық қауіпсіздік пен зиянды әдеттерге қарсы тұруға бағытталған шығармашылық еңбектерін бағалауға мүмкіндік алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/946120
Қостанай облысы автокөлік жасау саласына инвестиция тартуда 25.02.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd және Hua An International Investment Management LLP қытайлық компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңірде автомобиль өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған дөңгелек дискілерін өндіру мүмкіндігі талқыланды.Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd – Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Еуропа және АҚШ елдеріне алюминий дөңгелек дискілері мен автоқосалқы бөлшектерін экспорттайтын жетекші өндірушілердің бірі. Қазіргі таңда инвесторлар Қазақстанды өндірісті кеңейту үшін әлеуетті аймақ ретінде қарастыруда.Қостанай облысында жаңа кәсіпорынның ашылуы Қазақстандағы автомобиль жасау саласындағы «жергілікті қамту» үлесін арттыруға ықпал етеді. Бұл қадам отандық автопромның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа өндірістік қуаттардың дамуына серпін береді. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылуы мүмкін, бұл өз кезегінде өңірдің автомобиль жасау орталығы ретіндегі позициясын нығайтады.Қостанай облысы автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуының арқасында әлемдік автоқұрауыш өндірушілерінің назарын аударуда. Өңірде жаңа өндірістер үшін қолайлы жағдай жасалған, және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/945702
Қанат Бозымбаев Қарағанды облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді 25.02.2025
Қарағанды облысында елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 180-ге жуық іс-шара орындалды. 1 наурыздан бастап жағдайды бақылау үшін жоғары дайындық режимі енгізіледі.Жұмыс сапары аясында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен, ТЖ министрі Шыңғыс Арыновпен және өңірдің ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаевпен бірге өңірдің су тасқыны қауіпті учаскелерін аралап шықты. Бұқар жырау, Шет және Абай аудандарының елді мекендері, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арналары, Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймалары тексерілді.Жұмыс сапарының мақсаты – Мемлекет басшысының су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылау.Облыста 150 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар, 140-қа жуық автомобиль және темір жол учаскелері назарда. Өңірде 217 су шаруашылығы құрылыстары бар. Өңір бойынша жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде, судың деңгейі төмен және судың аз болуы байқалады.Вице-премьерге өңірде су тасқынына дайындық жұмыстары алдын ала басталғаны хабарланды.ТЖД мәліметінше, облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында 180-ге жуық іс-шара орындалды. 65 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынды және бекітілді, өзен арналарының 18 км-ден астам су тасқыны қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді, 26 км дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Автомобиль жолдарының 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайды. ЖЖМ, инертті материал және қаптар қоры қамтамасыз етілген.Елді мекендерден миллион текше метрден астам қар шығарылды, жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, су бұру орларын жасау, каналдар мен арықтарды, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.Вице-премьер өткен жылы 60 үйді су басқан Шет ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге назар аударды. Ұшу кезінде Ақсу ауылына қону болды. Бұл жерде ұзындығы 2,3 км болатын қорғаныс білігі тұрғызылды. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров жүргізілген жұмыстар туралы баяндады: қорғаныс біліктері бекітілген, қосымша су өткізу құбырлары салынып, су өткізу құрылыстары тазартылды.– Қазгидрометтің болжамынша, көктемле ауа-райының күрт жылынуы күтілуде. Біз ТЖ министрімен бірге су тасқыны қаупі бар аймақтарды айналып ұшып өтуді бастаймыз. Бүгін Қарағанды облысынан бастадық. Су тасқынына ұшыраған барлық аумақты айналып өтіп, бірқатар елді мекендерді араладық. Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында қар деңгейі нормадан жоғары. Шет ауданына келсек, қар нормадан төмен, ылғал қоры да қалыпты деңгейде. Топырақтың қатуы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Біз үлкен жұмыс атқарылғанына көз жеткіздік. Бірақ дайын болу керек: болжам бойынша алда әлі қалың қар жауады және күн жылынады, – деді қорытындылады Қанат Бозымбаев.Вице-премьер барлық күштерді, техниканы әзірлікке келтіру керектігін атап өтті. Жағдайды күн сайын қадағалап отыру қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/944661
Бұқар жырау ауданының қыздар командасы «Жайдарман» республикалық ойынына қатысады 25.02.2025
Астанада танымал «Жайдарман» әзіл ойынының маусымы ашылды. Қарағанды облысынан түрлі аудандардан жеті команда қатысты. Тек біреуі ғана Junior-лиганың ширек финалына өтті. Ол Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылының «Qyrmyzy» командасы.Junior лигасының негізгі құрамындағы ойынға 52 команда қатысты. Өте мықты және тәжірибелі қарсыластар Ақтау, Тараз және Алматы қалаларынан болды. Ойынның барлық қатысушылары жақсы дайындық деңгейін көрсетті. Азиада, мектеп өмірі және басқа да жас шектеулерінен шықпайтын өзекті тақырыптарға әзілдесті.«Qyrmyzy» командасы жақында ғана жинақталған, бұл олардың үшінші ойыны ғана. Алайда тәлімгері Құдайберген Өркеннің айтуынша, қыздардың болашағы зор. Қазірдің өзінде облыстық турда қол жеткізген жеңісі бар.– Ойынның форматы мынадай, бес минут ішінде жаһандық тақырыптар туралы әзілге үлгеріп, залды қызықтырып, қазылар алқасына ұнайтындай өнер көрсету керек. Қыздар осыны жақсы атқарды, – дейді Құдайберген Өркен. – Командада 10 адам бар, олардың барлығы 7-сынып оқушылары. Олар өте жақсы ойнайды.Бұдан басқа, Ақтөбеде өтетін Junior Премьер-лигасына қатысу құқығын Бұқар жырау ауданының тағы екі командасы жеңіп алды: Жаңақала ауылының «Жаңа city» және Үштөбе ауылынан «HOLLYWOOD» командалары.Жалпы, ауданның Жастар ресурстық орталығының мамандары атап өткендей, соңғы жыл Бұқар жырау ауданында «Жайдарман» қозғалысын насихаттау үшін серпінді жыл болды.– Қазір біздің ауданда «Жайдарман» ойынына 18 команда қатысуда. Бір жыл бұрын олардың саны небәрі 10 болған, – дейді ЖРО маманы Тілеужан Рауандин. – Мен бұл өте жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Жастар белсенді бола түсуде, ал ойын оларға жаңа мүмкіндіктер ашады.«Жайдарман» – Қазақстанның көңілді және тапқыр жастарын біріктіретін танымал жоба. Үш негізгі лига бар: Kids, Junior және студенттік лига, онда қатысушылар жасына қарай бөлінеді. Бүгінде әзіл-сықақ қозғалысының 120 мыңға жуық ізбасарлары бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/944887
Қарағандыда жастар үйі пайда болады 25.02.2025
Қарағанды жастар ресурстық орталығының жанында қала әкімдігінің қолдауымен өз ғимараты болады. Аумағы 410,5 шаршы метр болатын кең ғимарат белсенді және өршіл жастар үшін заманауи кеңістікке айналады, онда әркім өз идеяларын дамытып, жүзеге асыра алады.Жастар үйінде тренингтік студия, шеберлік сабақтарына арналған аймақ және мәдени-ойын-сауық іс-шараларына арналған алаңы бар коворкинг орталығы жабдықталады. Жастар мұнда заңгер мен психологтың тегін кеңесін, кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ақпараттық қолдау ала алады.Қазір жобалау-сметалық құжаттама бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлады Қарағанды әкімдігі. Осы кезең аяқталғаннан кейін қала орталығындағы ғимарат күрделі жөндеуден өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/944942
Шалқар мұражайында он үш мыңға жуық экспонат бар 25.02.2025
Облыс әкімі Шалқар ауданының тарихи-өлкетану мұражайына барды.1955 жылы салынған ғимаратта орналасқан мұражай құрылғаннан бері айтарлықтай кеңейді. Егер алғашқы жылдары мұнда тек 500 экспонат болса, бүгінде олардың саны 12 773 құрайды. Музейде 1870 жылы Шалқар қаласы құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихын бейнелейтін жәдігерлер ұсынылған.2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, экспозициялар жаңартылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге арналған сегізінші зал ашылды.Әкім музей экспозицияларымен, сирек кездесетін тарихи көне заттар, этнографиялық материалдар және мұрағаттық құжаттармен танысты. Асхат Шахаров мұражай директоры Нағима Тілембаева және мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мұражайды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943876
Аймақ басшысы Сырдария ауданының тұрғындарын қабылдады 25.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге "Руханият орталығының" жұмысымен танысты, тұрғындарды жеке қабылдады.Жеке қабылдауға келген 81 азамат электр желілерін жаңғырту, мектеп салу, жарық бағаналарын орнату, теміржол өткелін салу, көше атауын беру, абаттандыру, тағы басқа мәселелерді көтерді.Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны электр желілерін қайта жаңғырту мәселесін қозғады. Аймақ басшысы аталған елді мекенде 30 шақырым электр желілері және 7 трансформатор түнгі жарықпен толықтай қамтылатынын жеткізді. Кент тұрғыны «Жайлы мектеп» салу мәселесін көтерді. Бүгінде "РесПроект" серіктестігінің демеушілігімен 300 орындық білім ошағының жобасы әзірленуде.Қабылдауға келушілер құқық қорғау органдарының басшыларына өз сауалдарын қойып, олардың заңды шешіміне қатысты кеңес алды. Мұндай кездесулердің жұртшылық сұранысына жедел үн қату, мәселені шұғыл шешудегі маңызы зор. Кейінгі жылдары жеке қабылдау туралы алдын ала хабарланған тұрғындар дәстүрге айналған бастамаға ризашылық білдіруде.Сапар барысында облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның дамуындағы жаңашылдықтар мен түйткілді мәселелер, атқарылған істер мен алдағы міндеттер туралы айтылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/944331