Ғылым
Заңсыз смартфондарды бұғаттау: Қазақстанда IMEI верификациясы қалай өтеді? 15.02.2025
2025 жылғы 24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ережелер тек 24.03.2025 жылдан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға ғана қатысты. Қазақстан аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.Бұл жаңашылдықтар тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғылар тіркелген. Олардың заңсыз әкелінуі айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады. Бұндай мобильді құрылғылар нарығы құрылғылардың заңды айналымын бақылауды қиындатып, телефон ұрлығының көбеюіне ықпал етеді және әділетсіз бәсекелестік туғызады.Осы мәселелерді шешу мақсатында жаңа ережелер енгізіліп, мобильді құрылғылар нарығының ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қарастырылған.Негізгі жаңашылдық – мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасыЖаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығыIMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауыҚұрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгеніЕскерту: Өзгерістер тек Қазақстан аумағына жаңадан әкелінген құрылғыларға қатысты. Бұрыннан бар және ИКД базасына енгізілген мобильді телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.Қандай тізімдер пайда болады?Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс.Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.Бұл қолданушыларға қалай әсер етеді?Қазақстанда бұраннан қолданыста бар телефондар ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді. Қосымша әрекет қажет емес.Жаңа құрылғыларды сатып алушылар 2025 жылдың 24 наурызынан кейін құрылғы сатып алмас бұрын, IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазіргі уақытта сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылуда.«Сұр тізімдегі» құрылғы иелері құрылғыны 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажеттілігі туралы ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады.Бұл шаралар тұтынушыларға заңды әрі сапалы құрылғыларды сатып алуына сенімділік береді. Бизнеске әділ бәсекелестік үшін ашық жағдай жасалады, ал мемлекет импортты қатаң бақылап, заңсыз телефондар санын азайтып, алаяқтық деңгейін төмендетеді.Қашан күшіне енеді?Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң – 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.Азаматтарға уайымдауға ешқандай негіз жоқ – ресми тіркелген құрылғылардың иелеріне қосымша әрекет жасап қажет емес. Министрлік жаңа ережелерді енгізу бойынша ақпараттық жұмыстарды одан әрі жалғастырады.Дереккөз: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми сайтыЗаңсыз смартфондарды бұғаттау: Қазақстанда IMEI верификациясы қалай өтеді?Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/937485
Жаңа цифрлық жобалар қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттырады 15.02.2025
ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, жаңа цифрлық жобалар туралы журналистердің сауалдарына жауап берді.Ол «Digital Justice» (Цифрлық әділет) бағдарламасы аясында қаржыны және уақытты үнемдейтін, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын айтып өтті.Бүгінгі таңда азаматтарға құқықтық кеңес беру бойынша жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар чат-бот әзірленді. Қазір ZAN Komegi мобильді қосымшасы тестілеуден және қосымша тексеруден өтуде.ЖИ іске асыру мақсатында бюджет қаражатынсыз заң қызметтерін көрсету бойынша платформаларды әзірлеуге бағытталған ІТ-ұйымдардың өкілдерінен (zan bar, iprav, ҚарМУ, ҚазҰТУ, ҚазҰУ және т.б.) жұмыс тобы құрылды. Мысалы, adilet.zan, E-Zan Komegi, ΑӨΟ ААЖ және т.б. бірқатар салаларда ауқымды жұмыстар атқарылды.Жақын арада Freedom Bank-пен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында жылжымайтын мүлікті онлайн форматта тіркеу бойынша жобаны іске қосу жоспарлануда.Сондай-ақ министрлік ағымдағы жылы құқықтық сауаттылықты және құқықтық кеңес алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Е-заң көмегі» мобильдік қосымшасында жасанды интеллектпен чат-ботты енгізуді жоспарлап отыр.Бұл азаматтарға 24/7 режимінде өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыс қаржылық және уақыт шығындарын үнемдей отырып, жаңа цифрлық уақыт жағдайында адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/937277
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы тағайындалды 15.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжіліс өтті. Жиында су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының жаңа басшысы Зейнулла Қазтоғанов таныстырылды. Алдымен аймақ басшысы осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген Қайратбек Сәрсенбаевты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтады.«Әріптесіміз Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық қаржы басқармасының басшысы, Шиелі, Жалағаш аудандарының әкімі, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымы жас мамандарға үлгі болды. Әр шешімінде әділдік пен адалдықты алға қойып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Барша Сыр жұртшылығының атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз», – деді аймақ басшысы.Жиында Қайратбек Әубәкірұлы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.Облыс әкімі Зейнулла Қазтоғановтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндеттерді айқындады.«Жаңа басшыға Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін жүзеге асыруды, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы жұмыстарды тапсырамын»,– деді Н.Нәлібаев.Зейнулла Молдағалиұлы 1972 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндіріс инженерлері институтында инженер-мелиоратор мамандығы бойынша білім алған. 1998-1999 жылдары Су ресурстары комитеті «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігінің инженері, 2000-2023 жылдары Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясында түрлі қызметте болған. 2023 жылдан бастап осы күнге дейін инспекция басшысының орынбасары болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/937235
ҚАБЫЛДАУ: 170-ТЕН АСТАМ ӨТІНІШ ҚАРАЛДЫ 15.02.2025
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков басқарма басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 170-тен астам тұрғын өзекті мәселелерімен жүгінді. Қала басшысы мен салалық басқармалар өкілдері әрбір өтінішті зерделеп, заң аясында шешу жолдарын ұсынды.Айта кету керек, өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй және жер қатынастарына, әлеуметтік қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікке, құрылыс және денсаулық сақтау салаларына қатысты болды. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Тұрғындармен тиімді байланыс орнатудың маңызды тәсілдерінің бірі - жеке қабылдау, халықтың проблемалары мен қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік береді. Қала әкімі қабылдау қорытындысы бойынша жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/937085
Қарағанды облысында жануарларға арналған жем және премикс өндіретін зауыт салынады 15.02.2025
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Ронамен кездесті. Тараптар Saran индустриялық аймағының аумағында жоғары сапалы жемдер мен премикстер өндіретін зауыт құрылысын талқылады.– Бiрлескен өндiрiстi iске қосудың арқасында бiздiң агроөнеркәсiп кешенiнде әлеует зор болмақ, – деп атап өтті Отто Рона. – Бұдан басқа, фармацевтика мен энергетика саласында да біз дамыта алатын қызықты жобалар бар.Венгрлік UBM Group компаниясы мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына арналған жоғары сапалы құрама жем мен премикстер шығаратын заманауи зауыт салуды жоспарлап отыр. Шикізат ретінде жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің дәнді дақылдары пайдаланылатын болады, бұл әсіресе үш ірі астық егетін ауданның жақындығын ескерсек, маңызды жоба болмақ.Зауытта 35 жұмыс орны құрылады. Өндірістік процесс барынша автоматтандырылады. Бірінші кезеңде кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мың тонна өнімді құрайды, оны 200 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Өнімнің бір бөлігі өңірде қалады, екіншісі экспортталады.– Орталық Азия біз үшін стратегиялық бағыт болып табылады. Нарықты зерттеп, біз инвестиция салу үшін Қазақстанды таңдадық. Бұл елде үш зауыт салу және жергілікті аграршылармен кешенді ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді UBM Group инвестициялар жөніндегі директоры Петер Золтан.Ермағанбет Бөлекпаев облыстың ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.– Біз халықаралық серіктестерді тартуға және жаңа өндірістер құруға мүдделіміз. Зауыт үшін жер телімі бөлініп, қажетті қуаттарға қосылатын нүктелер қамтамасыз етілді. Жобаға инвестициялық жеңілдіктер мен артықшылықтарды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.Бүгінгі таңда Қазақстанда премикс шығаратын зауыттар жоқ және құс фабрикалары оларды шетелден, негізінен Ресейден сатып алады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/935679
Астанадағы Жұмысшы мамандықтар қаласында қарағандылықтар бірнеше креативті үйлерді таныстырды 15.02.2025
Астанада ҚР Білім министрлігі ұйымдастырған бес күндік «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылын ресми түрде ашқан алғашқы, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды шара. Оған Қарағанды облысынан үш жетекші колледж қатысады. Олар металлургтердің, энергетиктердің, тас және плита қалаушылардың шығармашылық үйлерін таныстырды, онда жас келушілер интерактивті форматта жұмысшы мамандықтарда өздерін сынай алады.Имровизацияланған Жұмысшы мамандықтар қаласының аумағында сегіз тақырыптық көше ашылып, 40 креативті үй ұсынылған.Теміртау жоғары политехникалық колледжі өзінің әлеуметтік серіктесі Qarmet компаниясымен бірге кеншілер мен металлургтер көшесінде қара металлургия үйін орнатты.– Өзімізбен бірге «Жас маман» жобасы бойынша сатып алған жабдықтарды: тренажерлар, металлографиялық микроскоптар және т. б. әкелдік. Келушілер манекендерде домна пеші мен конвертер болат балқытушысының жабдықтарын көреді. Олардың арнайы киімдері мен аяқ киімдері жоғары температураға төзімді материалдардан жасалған. Жалпы металлургтердің жұмыс үдерісін көрсетеміз. Шеберлік сабақтарын дайындадық, – деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова.Осы көшеде асыл металдар үйі бар. Оны өзінің әлеуметтік серіктестерімен, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен, Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен бірге таныстырды. Келушілер бұрғылау қондырғысының, тиегіштің тренажерларында жаттыға алады.Ал энергетиктер мен мұнайшылар көшесінде осы оқу орны электриктер үйін тұрғызды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымованың айтуынша, шеберлік сабақтарында энергетика туралы қарапайымнан күрделіге дейін толық мәлімет береді.Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі құрылысшылар көшесінде тас қалаушылар мен плита төсеушілер үйін таныстырды.– Тас кесу және тақтайша кесу станоктарында студенттер құрылыс материалдарымен кірпіш қалау және тақтайшамен қаптау жұмыстарын көрсетеді. Интерактивті аймақта фестивальдің бес күні бойы оқушылар арасында кірпіш қалау бойынша байқаулар өткіземіз, – деп хабарлады колледж директоры Әсел Сапарова.11–15 ақпанда Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік ел даңғылы, 53/1) «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтуде. Кез келген ыңғайлы уақытта сағат 10:00–18:30 дейін баруға болады. Кіру тегін. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/935733
Қарағанды облысында неврологиялық ақаулары бар балаларды оңалту МӘМС есебінен жүргізіледі 15.02.2025
Қарағанды облысында жыл сайын сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуды қаржыландыру көлемі өсуде. 2020 жылдан бастап мұндай көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі. Осының арқасында өңірде медициналық ұйымдардың жанынан жаңа оңалту орталықтары, бөлімшелер мен кабинеттер ашылуда.Балалардың церебралды сал ауруы кезіндегі оңалтудан өтуі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде ең көп сұранысқа ие болып отырған шаралардың бірі. Балаларды оңалту медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін де тегін көмек аясында жүргізілді, бірақ қаржыландырудың жетіспеуінен қазіргідей ауқымдырақ көлемде көрсетілмеген.Көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасында 2023 жылы үш жасқа дейінгі балаларға арналған заманауи оңалту орталығы ашылды. Мұнда сал ауруы кезінде, сондай-ақ инсульттан кейінгі ақаулар, бұлшық ет дистрофиясы және орталық нерв жүйесінің басқа да зақымданулары бар балаларға оңалтудың 3-ші кезеңі жүргізіледі.— 2024 жылы біз 3—18 жас аралығындағы балаларға арналған екінші оңалту орталығын аштық. Өткен жылдың өзінде 1300-ден астам бала МӘМС бойынша оңалтудан өтті. Орталықта «Қамқорлық» корпоративтік қорының қолдауымен алынған жақсы жабдықтар мен заманауи құрылғылар бар. Реабилитологтар, неврологтар, логопедтер, психологтар, дефектологтар жұмыс істейді, — дейді оңалту орталығының жетекшісі Нина Деркач.— Менің қызымның аты Мәриям. Ол 3 жаста. Оңалту орталығына алғаш рет 2024 жылдың басында өтініш білдірдік. Бірінші курстан кейін нәтиже бірден байқалды. Екінші рет 3 айдан кейін түстік. Оған аяқтарының сал ауруы диагнозы қойылған. Қазір үшінші оңалту курсынан өтудеміз. Бәрі тегін. Аяғын емдеумен қатар, бала логопедтермен айналысады. Қазір қызым аяғында нық тұрады. Бұл үлкен жетістік, — дейді қыздың анасы.— Жоспарлы медициналық көмектің кез келген түрін алу секілді, оңалтудан өту үшін де тіркелген жері бойынша емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Содан кейін пациентті бізге, реабилитолог дәрігерге немесе мамандардың мультидисциплинарлық тобына консультацияға жібереді. Біз өтініш берушінің жағдайын зерттеп, жоспарланған оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін бағалаймыз, сондай-ақ бастапқы оңалту диагнозын қалыптастырып, қалпына келтіру жоспарын анықтаймыз, — деп атап өтті Нина Деркач.Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936116
«Инвестиция орнына тариф»: Қарағандыда биыл 30 км су құбыры желісі ауыстырылады 15.02.2025
Қарағандыда өткен жылы 20 км су құбыры желісі мен осынша кәріз желісі ауыстырылды. Бұл апаттар санын азайтуға мүмкіндік берді. Биыл инвестициялық бағдарлама бойынша қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Мақсаты – коммуникациялардың тозуын азайту және қызметтердің сенімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасы бойынша монополистер «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша есеп береді. Жаңа тарифтер мен инвестициялық бағдарлама туралы «Қарағанды Су» компаниясында айтылды.Су құбыры желілерінің ұзындығы - 1200 км, ал олардың тозуы - 59%. Қала бойынша 20 жыл бұрын төселген 400 шақырымға жуық құбыр бар. 40-50 жыл бұрын салынған желілер де бар.Кәріз жүйесінде де өзекті проблема бар. Желілердің тозуы - 82%. 737 км құбырлардың 500 км-ден астамы 30-50 жыл бұрып, кейбірі тіпті одан да ерте салынған.Кәсіпорында 1700-ге жуық адам еңбек етеді.1 ақпаннан бастап сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жаңа тарифтер күшіне енді. Өзгерістер Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің бұйрықтарымен бекітілді.«Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов тарифтердің көтерілуіне әсер еткен үш факторды атады. Бұл 2025 жылға арналған қаражаттың ұлғаюымен, қызметкерлер жалақысының өсуімен, стратегиялық тауарлардың: су және электр энергиясының қымбаттауымен «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасын іске асырудың жалғасы.– Биыл бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша 40 су құбыры желісін қайта құру жоспарланған. Қосымша инвестициялық бағдарлама бар - тағы бес нысан. Сәйкесінше, 45 көшеде жалпы ұзындығы 30 км болатын су құбыры желілерін ауыстырамыз. Сондай-ақ 18,5 км кәріз желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы сомасы 6,1 млрд теңгені құрайды, – деп хабарлады Ербол Төлеуов.Оның айтуынша, компания 20-дан астам жаңа техника сатып алған, бұл апатты тез арада жоюға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936128
Өткен жылы «Күміс жас» жобасы бойынша 19 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылды 15.02.2025
2024 жылы «Күміс жас» жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жобасы бойынша зейнеткерлік жасқа дейінгі 19 199 қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Қарағанды облысында осы жоба бойынша 1471 адам жұмыс тапты.Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Ол үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады.Субсидиялар мөлшері жұмыстың алғашқы жылында жалақы мөлшерінің 70% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жасқа дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.Жоба бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2 441 адам), Жамбыл (1 845 адам) және Қарағанды (1 471 адам) облыстарында байқалады.ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936295
«Кері перспектива»: Қарағандыда гуманитарлық колледж түлектерінің соңғы жарты ғасырдағы жұмыстары таныстырылады 15.02.2025
«Алтын ғасыр» арт-галереясында Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі түлектерінің соңғы 50 жылда жасаған жұмыстары қойылады. «Кері перспектива» экспозициясында көркемсурет, графика, композиция және т. б. бар.Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол мыңдаған суретшілер мен көркем сурет оқытушыларын дайындап, олардың көпшілігі шығармашылық жолын жалғастырды. Олардың жұмыстары көрмеге қойылады. Экспонаттардың бір бөлігін галереяға авторлардың өздері берген. Түлектердің ескі жұмыстары колледж мұрағаттарынан алынған.Көрмені ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай экспозициялар аз танылған дарынды суретшілерге назар аударуға, сондай-ақ әлі де қыл қалам мен бояуды қолына алуға батылы жетпей жүргендердің шығармашылық әлеуетін оятуға көмектеседі.«Кері перспектива» көрмесі Комиссаров көшесі, 35а мекен-жайы бойынша «Алтын ғасыр» галереясында 2025 жылғы 15-22-ақпан аралығында өтеді. Кіру тегін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936414
Мықтылар шайқасы: Қарағандыда ММА бойынша Қазақстан чемпионаты өтеді 15.02.2025
Қарағандылықтарды Қазақстан чемпионатында ММА жауынгерлеріне қолдау көрсетуге шақырады. Ең басты республикалық шара 15–19 ақпанда Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Кіру тегін.Ұйымдастырушылардың мәліметінше, барлық облыстардан, Астана, Алматы және Шымкенттен 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. 16–17, 18–20 және 21+ жас санаттарындағы жауынгерлер чемпиондық және құрамадағы орын үшін күреседі.Қарағанды облысының құрамасы республикалық біріншілікке белсенді дайындалуда.– Біздің облысымыздан 60 жауынгер өнер көрсетеді. Олардың арасында әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, Азия чемпиондары бар. Жеңіске жетеміз деп бел буып отыр. Бұл кіл мықтылардың шайқасы, сондықтан қарсыластарымыз да күшті. Менің ойымша, басты бәсекелестік аралас жекпе-жек өнері дамыған Алматы, Ақтөбе, Атырау спортшылары арасында болмақ, – дейді Қарағанды облысының ММА бойынша аға жаттықтырушысы Рашид Дагаев.Жарыс кестесі:15 ақпан – сағат 11:00–18:00 аралығында 16–17 жастағы жасөспірімдердің жарыстары мен ақтық сайыстары.16, 17 ақпан – 18–20 жастағы жастар арасында және ересектер арасында 21 + сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін алдын ала жекпе-жек.18 ақпан – 18–20 жастағы жастар арасында және 21 + ересектер арасында 11:00-ден 20:00-ге дейін жартылай финалдық ұрыс.19 ақпан – 18–20 жастағы жастар мен 21 + ересектер арасындағы финалдық жекпе-жек, сағат 10:00 басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936417
Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған мектептеріне құжаттар қабылдау жүргізілуде 15.02.2025
Дарынды балаларға арналған мектептерге құжат тапсыруға болашақ бесінші және жетінші сынып оқушыларының ата-аналары шақырылады. Мұны онлайн форматта жасауға болады.Қарағанды облысында жеті мамандандырылған мектеп-интернат, екі лицей-интернат және облыстық музыкалық мектеп-интернат бар.Болашақ бесінші сынып оқушылары Қарағандыдағы бес мамандандырылған мектепке, Балқаштағы бір мектепке және Теміртаудағы бір оқу ордасына қабылданады.Қарағандыда бұл Жамбыл атындағы ММЛИ, Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ, «Дарын» ММЛИ, «Мұрагер» ММЛИ, ақпараттық технологиялар ММЛИ; Балқашта – «Зияткер» МММ; Теміртауда – «Озат» МММ.Аталған мектептердің біріне түсуге құжаттарды 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін www.qabyldau.daryn.kz сайтында тапсыруға болады.Жетінші сыныптан бастап қабылдауды Қарағандыдағы «Білім-инновация» екі лицей-интернаты жүргізеді. Онлайн-тіркеу және құжаттарды қабылдау www.bilemtihan.kz сайтында 2025 жылдың 12 сәуіріне дейін жүргізіледі.Мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатқа түсу үшін құжаттарды осы жылдың 15 сәуіріне дейін www.e.bilimal.kz сайтына тапсыруға болады.Дарынды балаларға арналған мектептерге қабылдау туралы қосымша ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: (8-7212) 41-22-88.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936426
1 наурыздан бастап Қарағанды облысының барлық мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшеді 15.02.2025
Қарағандыда Қаржы орталығы мен Indigo порталының өкілдері ваучерлік қаржыландырудың жаңа жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіре отырып, балабақшалардың басшыларымен кездесулер өткізуде. Ол мемлекеттік тапсырысты бөлу және мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ бәсекелестік үшін жағдай жасауға бағытталған.«Қаржы орталығы» АҚ бюджеттік қаржыландыру департаментінің директоры Еламан Ильяс бұрын балабақша орнына кезек болса, енді ваучер алуға кезек болатынын түсіндірді. Ата-ана мектепке дейінгі мекемені таңдайды, содан кейін қаржыландыру жүргізіледі.Әзірге директорлардың сұрақтары көп, алайда бағдарлама операторлары болашақта өзінің оң нәтижелерін көрсететініне сенімді.Жаңа жүйенің артықшылықтарының бірі – енді ата-аналар лайықты балабақшаны өз бетінше таңдап, қажет болған жағдайда оны кезекке қоймай-ақ ауыстыра алады. Бұрын мемлекеттік тапсырыс нақты балабақшаларға бекітіліп, бөлінген орындар саны білім бөлімінің шешіміне байланысты болатын.– Қолданыстағы жүйеде ата-аналардың бір балабақшадан екіншісіне еркін көшуіне мүмкіндігі болмады. Енді бұл процесс жеңілдетілді, себебі ваучер мемлекеттік тапсырыс болып табылады, ол нақты балаға бекітіледі және бас тарту немесе жою сәтіне дейін іске асырылады, – деп түсіндірді Еламан Ильяс. – Бала қайда барса, қаржыландыру да сонда жіберіледі.Енді белгіленген нормаларға сәйкес келетін кез келген аккредиттелген балабақша мемлекеттік қаржыландыруға оның қуаттылығы қаншалықты мүмкіндік берсе, сонша баланы қабылдай алады.Ваучерді қаржыландыру бала балабақшаға нақты келген кезде жүзеге асырылады және ай сайынғы табельмен, оның ішінде ата-аналармен расталады. Сондай-ақ ваучер балақай ауырып қалса немесе ата-анасының демалысқа өтініші болған кезде сақталады. Алайда, егер бала дәлелсіз себептермен жылына 40 күннен астам уақыт бақшаға бармаса, қаржыландыру қайта қаралуы мүмкін.Ваучерлерді алу үшін ата-аналар ақпараттық жүйе арқылы өтініш береді және 21 санатқа бөлінеді, олардың әрқайсысының өз кезегі бар. Жылына бір рет тізімдер өзектендіріледі. Егер ваучерді алғаннан кейін екі күн ішінде ата-аналар балабақшаға бару ниетін растаса, онда бес жұмыс күні ішінде барлық құжаттарды жинап, мекемемен шарт жасасу қажет. Қалаған балабақшада орын болмаған жағдайда уақытша нұсқаны таңдап, өтінімді күту парағында қалдыруға болады.Ваучерлік қаржыландыру жобасы қазірдің өзінде Тараз, Шымкент, Орал және Түркістан қалаларында жұмыс істейді. Қаңтар айынан бастап ол Астанада жұмыс істей бастады. Тетікті апробациялау жүріп жатқанда, бағдарламаны жасаушылар барлық ұсыныстарды ескеріп, ата-аналарға да, мектепке дейінгі мекемелерге де барынша ыңғайлы әрі тиімді ету үшін жүйені жетілдіруді жалғастыруда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936974
Елордалық скрипкашы Қарағанды симфониялық оркестрімен өнер көрсетеді 15.02.2025
Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды симфониялық оркестрі 20 ақпанда сағат 18:30-да концертке шақырады. Солист – Асқар Дүйсенбаев (скрипка, Астана).Асқар Дүйсенбаев – профессор, халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, медальмен және «Мәдениет саласының үздігі» атағымен марапатталған. Ол ҚР Мемлекеттік ішекті квартетінің алғашқы скрипкашысы, Metro-philarmonic (Мәскеу-Швеция) халықаралық жастар оркестрінің концертмейстері болды. Иордания, Германия, Швейцария, Испания, Италия, Франция, Швеция, Жапония, АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан қалаларында гастрольдерде болды.Дирижерлік пультте Айдар Торыбаев.Бағдарламада скрипкамен оркестрге арналған П.И.Чайковскийдің концерті, ре мажор 35 шығ.; Симфония № 2, си-бемоль мажор, Франц Шуберт.Классикалық музыка әуендерін көрермендер «Шалқыма» концерт залында тамашалай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/936986
«Қазақстан халқына» қорымен әріптестік байланыс жалғасады 15.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесті. Кездесуде қордың Сыр елінде атқарған, қолға алған жұмыстары сараланды.«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры арқылы Сыр елінде 4,8 млрд. теңгенің денсаулық сақтау жобалары қаржыландырылды.Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Оған қоса 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынды. Бүгінде кешендер шалғай елді мекендер тұрғындарына тұрақты медициналық қызмет көрсетуде. Сыр еліне қор арқылы көрсетілген қолдаулар үшін жерлестеріміздің атынан алғыс білдіреміз», – деді Н.Нәлібаев.Сонымен қатар, қор қаржысына сирек кездесетін, онкологиялық және онкогематологиялық ауруға шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмек, перинаталдық орталық пен аудандық ауруханаларға диагностикалық линзалар, офтальмоскоптар мен офтальмологиялық лазерлер, басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды. Қан тамырлары патологиясы бар балалар емделді. Генетик, УДЗ маманы, трансплантология үйлестірушісі білім жетілдірді. Көз қабығын ауыстыруды қажет ететін науқастардың еміне қаржы қаралды.Басқосуда Ләззат Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қызылорда облысы арасындағы жолға қойылған тұрақты әріптестік байланыс одан әрі жалғасатынын жеткізді және алдағы уақытта Сыр өңірінде жүзеге асырылатын жобаларды талқылады.Айта кетейік, бүгін Шиелі ауданының Досбол би ауылында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/936949
Жетісу облысындағы мал басы түгел "цифрландырылған" 15.02.2025
Қазіргі таңда облыcта 2,3 миллионнан астам мал бар, оның 500 мың басқа жуығы мүйізді ірі қара, 1,6 млн. бас ұсақ мүйізді мал, 200 мыңнан астам бас жылқы. Олардың барлығы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінде тіркелген. Жалпы облыс көлемінде ветеринария саласына көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, соңғы екі жарым жылда өңірде 49 ветеринарлық пункт пен 1 ветстанция салынды. Биыл тағы 20 осындай нысан салынады деп жоспарланып отыр. Оған қоса осы салаға цифрландыру кеңінен енгізіліп, қолданылуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне қарағанда, ветеринариялық процестерді цифрландыру барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің iszh.gov.kz Веб-порталына енгізілген аса қауіпті аурулардың диагностикасы бойынша «VetLab», «ISZH-Mobile» модулдері өңірде кеңінен қолданылуда. Сол сияқты қазіргі таңда облыс бойынша бірдейлендіру деректер қорында тіркелген 34 763 мал иесінің бәрі де толық «TortTulik» мобильді қосымшасын қолданып отыр.Осы орайда ветеринар мамандар жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше мән берілуде. Мысалы, облыс құрылғаннан бері 45 арнайы автокөлік, 217 компьютер, сол сияқты 238 дана планшеттер сатып алынып берілді.- Қазір ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорының «ISZH-Mobile» мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін ветеринар дәрігерлерге планшеттер сатып әперілді. Планшетпен жұмыс істеу біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті әрі жеделдетті деуге болады. Үлкен шаруашылықтарды, жеке аулаларды аралау барысында атқарылған жұмыс, яғни малды тіркеу, профилактикалық іс-шаралар, екпе жасау бірден сол жерде планшет арқылы базаға енгізіледі. Тіпті интернет ұстамайтын жерлерде планшетке енгізілген деректер интернет байланысы бар жерде бірден тиісті базаға автоматты түрде жөнелтіледі, - дейді Ветеринарлық пункттері бар Талдықорған қаласының ветеринарлық станциясының ветеринар дәрігері, осы салада он үш жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Айгерім Бекбосынова. Бұған қоса, Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан «Жетісу облысының Ахуалдық орталығы» электронды картасына сібір жарасы көмінділері мен мал қорымдары және ветеринариялық пункттер енгізілген. Қазіргі кезде ведомствоаралық комиссия қорытындысы негізінде электронды картаға мал қорымдарының санитариялық-қорғаныш аймақтары кіргізілуде. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алындыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/936892
МИ ҚАН АЙНАЛЫМЫНЫҢ БҰЗЫЛУ ҚАУПІН БОЛДЫРМАУ ҮШІН ЖАҢА СКРИНИНГ 15.02.2025
Скринингтік зерттеп-қараудың ауқымды бағдарламасының шеңберінде Қазақстанда 2024 жылы 3,2 миллионнан астам азамат зерттеліп-қаралды.Нәтижелер аурудың 120 мыңнан астам жағдайы ерте кезеңде анықталғанын көрсетті, бұл ерте диагностикалау жүйесін жақсарту бойынша ағымдағы шаралардың тиімділігін растайды.Скринингтің барысында мыналар анықталды:Артериялық гипертензияның 118 497 жағдайы - егер уақтылы анықталмаса және бақыланбаса, инсульт пен инфарктқа әкелуі мүмкін ең көп таралған аурулардың бірі.•Қант диабетінің 24 901 диагнозы — бұл соңғы жылдары елдегі өзекті мәселеге айналып келе жатқан ауру.* Глаукоманың 6265 жағдайы - емделмеген жағдайда соқырлыққа әкелуі мүмкін аурулар.Скринингтік жүйеде не өзгерді?Кейбір ескірген және ақпаратсыз зертханалық-аспаптық әдістер дәлелденген дәлдікпен заманауи және жоғары тиімді әдістерге ауыстырылды.- қант диабетін диагностикалау үшін гликатталған гемоглобин (HbA1c), (бұрын қандағы глюкозаны анықтау жүргізілген) ;- бүйрек ауруларын ерте анықтауға арналған шумақтық сүзілу жылдамдығы;- жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін бағалау үшін қан сарысуындағы төмен тығыздықтағы липопротеидтер.- жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған сұйық ПАП тесті.Бұл тәсілдер:- асқынулардың санын азайту, мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін асқынулардың алдын алу;- скринингті қол жетімді ету (нысаналы топтарды кеңейту).Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап 50-70 жастан асқан ер адамдар үшін 2 жылда 1 рет ми қан айналымы бұзылыстарының даму қаупін (УДДГ БЦА) ертерек анықтауға арналған скрининг енгізіледі.15-17 жас аралығындағы қыздар үшін жұлын-бұлшықет атрофиясын тасымалдауға молекулалық-генетикалық тестілеу енгізіледі.Қазақстанда мынадай ең көп таралған 8 ауруды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізілуде:✅артериялық гипертензия (2 жылда 1 рет)✅жүректің ишемиялық ауруы (2 жылда 1 рет)✅қант диабеті (2 жылда 1 рет)✅глаукома (2 жылда 1 рет)жатыр мойны обыры (4 жылда 1 рет)✅сүт безінің обыры (2 жылда 1 рет)✅колоректалдық обыр (2 жылда 1 рет)✅вирустық гепатит (3-6 айда 1 реттен артық емес).Денсаулық сақтау министрлігі барлық азаматтарды өз денсаулығына қамқорлық жасауға және үнемі тегін скринингтерден өтуге шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/936851
Аймақ басшысы су шаруашылығының жағдайын пысықтады 15.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су шаруашылығының жағдайын және су тасқынының алдын алу жұмыстарын тексерді.Мемлекет басшысының Жолдауында ирригация жүйелері, жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу, көктемгі қарқын суды жинап, оны диқандардың қажетіне жарату мақсатында гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту тапсырылғаны белгілі. Бұл бағытта облыста бірқатар жұмыс атқарылды.Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024 - 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» Қызылорда облысын суармалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған 112 жоба енгізілді.Олар аймақтың әлеуметтік- экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.Кешенді жоспарға енгізілген жобалар ішіндегі «Қараөзек» су қоймасын салуды Ислам Даму банкі есебінен қаржыландыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Бұл 31 мың гектар суармалы, 120 мың гектар шабындық пен жайылымдық жерді және вегетациялық кезеңде Арал теңізін суландыруға мүмкіндік береді.«Келінтөбе» магистралды каналына су беретін канал» жобасын жүзеге асыруға 2024 жылға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 6,1 шақырым айналма канал қазылды. Сағасына гидротехникалық құрылыс салу қажеттілігі туындауына байланысты жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін өтінім ұсынылды.Жоба іске асқанда, Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістік жерін вегетациялық кезеңде суландыруға мүмкіндік береді.Су үнемдейтін технологияны енгізуді 2028 жылға дейін 24,2 мың гектарға жеткізу (2024 ж. - 4,4 мың гектар, 2025 ж. - 9,2 мың гектар, 2026 ж. -14,2 мың гектар, 2027 ж. - 19,2 мың гектар, 2028 ж. - 24,2 мың гектар) көзделген.Өткен жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4,4 мың гектарға жеткізіліп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға артты.Күріш шаруашылығында су үнемдеудің бірден-бір жолы - егістікті лазерлік тегістеу. Өткен жылы күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жүргізілсе, алдағы 5 жылда 72 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.Сонымен қатар, өткен жылы «Арна» мекемесінің теңгеріміндегі 107 су нысанына, 1 қорғаныс бөгеті және 69 канал бойындағы гидротехникалық құрылыстарға ағымдағы ұстап тұру жұмыстары жүргізілді.Биыл 5 каналды тазалау жоспарлануда.Сол сияқты, «Көлтоған» су қоймасының апаттық жағдайының уақытша алдын алу және «Ақүйік» ауылдық округі тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету үшін «Арна» мекемесі арқылы су беретін каналды тазалау, дамбысын көтеру, су тоспаларын жөндеу, қойманың бөгетін уақытша қалпына келтіру жұмыстары атқарылды.Аймақ басшысы су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, су тасқынының алдын алу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек екенін ескертті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/935489
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды 15.02.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Биыл облыста 190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Үкіметтің Жол картасына сәйкес күріш егісі 80 900 гектар болып бекітілді. Қосымша 5 мың гектар күрішті қашыртқы сумен, жерді лазерлік тегістеу арқылы үнемделген сумен суару көзделуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Қажетті 64 600 тонна тыңайтқыштың 11 300 тоннасы отандық өнім.Шаруашылықтар есебіндегі 4046 техниканың 82,2 пайызы жөндеуден өтті. Қалғаны 1 наурызға дейін 100% дайын болады. Энергетика министрлігі 10 мың тонна дизель отынын бекітті. Бүгінде жеткізуші операторлар айқындалып, ақпан айына бөлінген дизель отынына төлем жүргізілуде. Жоспарланған егіс көлемі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланбақ.Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруда және салаға озық технологияларды енгізуде бірқатар шара атқарылуда. Егін, мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау процестері «ГосАгро» порталы арқылы онлайн жүргізілуде. Жер учаскелерін сату, жалға беру веб-портал арқылы электронды түрде өтеді.Саланы цифрландыру, жаңа жобаларды жүзеге асыруда шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар іске асырылуда. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы күріш алқаптарын суаруды цифрландыру, су шығынын азайту үшін аустралиялық «Рубикон Уотер» компаниясының автоматтандырылған су өлшеу жабдықтарын орнатты. Бұл арқылы суармалы су көлемін 20 пайызға дейін үнемдеуге, өнімділікті арттыруға қол жетті.Аталған компаниямен бірлесіп, облыс аумағындағы егіс алқаптарының 60 пайызын сумен қамтамасыз ететін «Сол жаға магистралды каналына су бөлуді және есепке алуды цифрландыру» жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтуде. Егін шаруашылығын цифрландыру бағытында «Абзал и К» толық серіктестігі құны 1 млрд. теңге, қуаты сағатына 12 тонна цифрлық күріш өңдеу зауытын биыл іске қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/936495
ЖОСПАР 2025: ТҰРАНДА ЖАҢА ГҮЛЗАРЛАР МЕН СКВЕРЛЕР САЛЫНАДЫ 15.02.2025
Бүгінде Тұран ауданында тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын құру мақсатында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Былтыр Желтоқсан көшесінің бойында (Аэровокзал аумағында) және “Мадлен” мейрамханасы жанында (“Шымкент” қонақ үйі) екі демалыс аймағы пайдалануға беріліп, жасыл желекпен көмкерілген гүлзарлар салынды.Бұл жұмыстар биыл да жалғасып, Арғынбеков және Бәйтереков көшелері қиылысында жалпы аумағы 0,15 гектарды құрайтын жаңа гүлзардың құрылысы қолға алынады. Гагарин көшесі бойындағы жаңа сквердің және инвестициялық жоба аясында Қабылбеков көшесі бойында заманауи гүлзардың құрылысы жоспарланған.Бұл жобалар тұрғындардың демалысын, бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/936706