Enbekshi QazaQ

Ғылым

Облыс әкімі энергетика саласының мамандарына мемлекеттік наградалар табыстады 24.12.2024
Желтоқсан айының әрбір үшінші жексенбісінде Қазақстанда Энергетик күні аталып өтеді. Бұл - еңбегі қарапайым азаматтар мен жалпы ел өмірінде жылумен, жарықпен электр энергиясымен қамтамасыз ету сияқты маңызды міндетпен байланысты адамдардың кәсіби мерекесі.Өңір басшысы Ақтөбе облысындағы энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.Әкім өз сөзінде энергетика саласының өңірдің дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала – тұрақтылықтың негізі, ал энергетиктердің қажырлы еңбегі экономиканың алға басуына және тұрмыстық жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етеді.«Мемлекет басшысы энергетикалық кәсіпорындардағы жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын қолдау үшін жаңа өндіруші қуаттарды жаңғырту, іске қосу және оған инвестициялар тартудың маңыздылығына бірнеше рет тоқталып, арнайы тапсырма бергенін де білеміз. Бүгін біз энергетика жүйесін реформалау қарсаңында тұрмыз. Энергетика – бұл тек мамандық қана емес, бұл нағыз күш-қуат пен жауапкершілікті талап ететін сала. Халықтың үйінде жылу мен жарықтың болуы - сіздердің еңбектеріңіз. Осы ретте әр маманға алғыс білдіремін,” – деді әкім.Салтанатты шара барысында облыс басшысы сала мамандарына елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үшін ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды табыстады. ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені «Ақтөбе ЖЭО» АҚ от қалаушысы Нұртас Әбуовке және осы мекеменің ауысым бастығы Нұрболат Сарбасовқа, «Энергосистема» ЖШС қызмет бастығы Талғат Сисенбаев және компанияның аға шебері Сайлаубай Тажғаринге, «Аqtobe su-energy group» АҚ Магистралдық жылу желілері ауданының бастығы Мұса Ыбырайға берілді.«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС Ақтөбе электр энергиясымен жабдықтау учаскесі бастығының орынбасары Людмила Кольцова наградталды.Айтып өтейік, облыста энергетика саласында 5 мыңнан астам маман қызмет атқаруда. Өңірдің тұтынатын қуаты орта есеппен 944 МВт құрайды, оның ішінде жергілікті энергия көздерінен 485МВт электр энергиясы өндіріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/906767
Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында жаңа экспонаттар көрмесі өтуде 24.12.2024
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы барлық ниет білдірушілерді 2024 жылы алынған жәдігерлер көрмесіне шақырады. Олардың қатарында қазақ халқының тағдырына арналған бірегей картиналар және қаланың шетінде кездейсоқ табылған Қарағанды суретшісінің бұрын белгісіз туындылары бар.Биыл мұражай қоры 117 өнер нысандарымен толықтырылды. Оның 72-сі – кескіндеме және графикалық кенептер, мүсіндер, сәндік-қолданбалы өнер нысандары. Олар негізгі қорға кірді. Тағы 45 бірлік – плакаттар, буклеттер, газет қиындылары, фотосуреттер – мұражайдың ғылыми-көмекші қорына түсті.Бұл экспонаттардың барлығы мұражайға тегін берілді. Олардың кейбіреулері көрмелер мен түрлі іс-шаралардан кейін сыйға тартылды, олардың бір бөлігін мұражайға қарағандылық суретшілердің туыстары әкелді. Сондай-ақ, биыл қор шетелдік шеберлердің жұмыстарымен толықтырылды.– Мұражайымыздың жақсы досы Валентин Даниленко бізге пошта арқылы Балтық суретшілерінің графикалық және кескіндемелік суреттерін жіберді. Барлығы 19 автор, онымен бірге 20 автор болды. Ол бізге 47 жұмысты тапсырды. Бұл суретшілердің бәрі тірі, әртүрлі техникада жұмыс істейді, соның ішінде заманауи техникада. Мәселен, олардың бірі – Виталий Ермолаев – өз техникасын – жарық кескіндемесін ойлап тапқан суретші, – деді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының бас сақтаушысы Дәмелі Данкеева.Сондай-ақ, көрмеге ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың триптихі қойылды. 30-шы жылдардағы аштыққа арналған картиналарды туыстары мұражай қорына суретшінің мемориалдық көрмесін өткізгеннен кейін тапсырды.Өнер сүйер қауым Қарағанды суретшісі Владимир Беличенконың жұмыстарымен де танысады.– Өкінішке орай, ол ерте қайтыс болды, біз ол туралы өте аз білеміз. Ол кісі 1950 жылы дүниеге келген және Харьков өнер мектебін бітірген. Мұны бізге оның туыстары айтты. Оның өмірі туралы басқа мәліметтер жоқ. Суретгінің жұмысы Майқұдық қоқыс алаңынан табылды. Бақытымызға орай, №61 мектептің оқытушысы өтіп бара жатып, картинаны байқап, мектепке әкелген. Осы мектеп әкімшілігінің рұқсатымен жұмыстар мұражай қорына берілді, – дейді Дәмелі Данкеева. "Жаңа экспонаттар – 2024" көрмесі Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 2024 жылдың 22 желтоқсанына дейін жалғасады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/906764
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ БІРЫҢҒАЙ ПАКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ТҮСІНДІРЕДІ 24.12.2024
Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылға қарай МӘМС пакетіне медициналық-санитариялық алғашқы медициналық көмек (МСАК) қызметтерін қосуды көздейтін Бірыңғай пакетке кезең-кезеңмен көшуді ұсынады.Әлемнің дамыған елдерінің практикасында, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген кеңестіктен кейінгі кеңістік елдерінде МСАК қызметтері сақтандыру пакетіне кіреді.Бұл ретте МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін мемлекеттің тегін кепілдіктері (ТМККК) медициналық көмектің мынадай түрлеріне сақталады:- Жедел жәрдем;- Барлық инфекциялық ауруларды диагностикалау және емдеу;-Азаматтардың денсаулығына ең көп зиян келтіретін әлеуметтік мәні бар аурулар (туберкулез, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары, АИТВ, онкология, созылмалы гепатиттер мен бауыр циррозы, орфандық аурулар, жедел миокард инфарктісі, инсульт) кезінде диагностика, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек;- Өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл стационарлық көмек;- Паллиативтік көмек;- Қан препараттарымен қамтамасыз ету.Ұсынылып отырған медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу мынадай оң өзгерістерге әкеледі. Бұл ТМККК және МӘМС шекараларының айқындылығы, қызметтердің қайталануынсыз, әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған кезде зерттеп-қараулардың қолжетімділігі және МӘМС мәртебесіне қарамастан онкоскринингтерден өту, нақты шығындарға сәйкес тарифтердің өсуі.Сақтандыру моделінде мемлекет балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар және халықтың басқа да санаттары кіретін жеңілдіктердің 15 санаты үшін жарналарды енгізуді жалғастыратынын айта кету керек. Сондықтан аталған әлеуметтік осал санаттар, ал олар 11,9 млн-нан астам қазақстандықты құрайды, мемлекет қорғаған және оларға барлық деңгейдегі медициналық көмекке, оның ішінде МСАК қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.МӘМС жүйесінде сақтандырылған еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, бұл 5 млн. адам, сондай-ақ медициналық көмекке қолжетімділікті толық көлемде сақтайды.Бұдан басқа, әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріне жататын, яғни табысы төмен 1 млн-нан астам еңбекке қабілетті жастағы азаматтар 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде сақтандырылғандардың қатарына жергілікті атқарушы органдардың есебінен кіреді және МӘМС пакетінде қосымша медициналық көмекті кедергісіз ала алады.Еңбекмині отбасының цифрлық картасына сәйкес А, В, С санатына жататын, жеткілікті табысы бар қалған санаттар медициналық көмек алу үшін дербес сақтандырылуы тиіс.Осы санаттағы азаматтарды МӘМС жүйесіне енгізу нәтижесінде әлеуметтік мәні бар аурулары бар адамдар тобындағы сақтандыру деңгейі 93%-ға дейін артады.МСАК қазірдің өзінде сақтандыру пакеттеріне енгізілген халықаралық практикалар маңызды мысал болып табылады. Мысалы, негізгі мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті мыналарды қамтиды: Ресейде - санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар; Эстонияда - жедел медициналық көмек, АИТВ/ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар; Литвада - тек кезек күттірмейтін медициналық көмек; Германия мен Нидерландыда - тек мейіргерлік күтім.Қазақстан өз кезегінде базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетіне шет елдердегі қызметтерден едәуір асатын қызметтерді енгізді.Осылайша, халықты медициналық сақтандырумен қамтуды ұлғайту бойынша қабылданған шаралар, мемлекеттің халықтың жеңілдікті санатын сақтандыру жөніндегі міндеттемелері медициналық көмектің, оның ішінде МСАК көрсетудің қолжетімсіздігі қауіптерін барынша азайтады.Бұл нормалар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шеңберінде жұртшылықты талқылау үшін Ашық НҚА порталында жарияланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/906585
Ведомствоаралық комиссияның отырысы 24.12.2024
Бүгін облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өті. Жиында жол саласындағы «Қызылжар су» қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері, Петропавл, Есіл және Мамлют аудандарында 2024 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысының қорытындылары, биылғы жылға арналған ведомствоаралық комиссия жұмысының қорытындысы және 2025 жылға арналған жоспарды бекіту туралы сұрақтар қаралды.Сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы да өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе болды: өрттің алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жолдардағы оқыс оқиғалар деңгейін төмендету шараларының тиімділігі, аудан орталықтарында жедел басқару орталықтарын құру, ведомствоаралық комиссияның 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және алдағы жылға жоспарды бекіту.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/906505
Ермағанбет Бөлекпаев энергетиктерге мемлекеттік наградалар табыс етті 24.12.2024
Қарағанды облысының әкімдігінде тұрғындардың үйіне жарық пен жылу сыйлайтын жандарға құрмет көрсетілді. Энергетика саласының мамандарын кәсіби мерекесімен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов құттықтады.– Еліміздің және облысымыздың энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту уақыты келді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Бұл салада да жетістіктеріміз бар. Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысы аяқталды. Теміртаудағы жетінші ЖЭО-2 қазандығында іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның бәрі көп тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Наурыз айында Топар МАЭС-на жаңа турбогенератор енгізіледі. Біз сондай-ақ "жасыл" энергияға көп көңіл бөлеміз. Осакаров ауданында жел генераторлары бар діңгектер салынуда. Теміртау, Бұқар Жырау және Шет аудандарының айналасында жел станцияларын салу жоспарлануда.Өңір басшысы энергетика саласының барлық қызметкерлеріне жергілікті инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтып, ардагерлерге құрмет білдірді.Энергетика саласының қызметкерлеріне Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.Аталмыш саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін "Құрмет" орденімен "Теплотранзит Қарағанды" ЖШС Бас директоры Андрей Ляпунов, Еңбек ардагері Валерий Наумов және "Қарағанды Жарық" ЖШС техникалық директорының орынбасары Сергей Седлецкий марапатталды.– Мен бала кезімнен электр энергиясына қызығушылық таныттым. 90-жылдардың соңында еңбек жолымды Қарағанды электр желілерін тарату кәсіпорнында сынау және өлшеу бойынша электромонтер болып бастадым. "Қарағанды Жарық" компаниясында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Менің жалпы еңбек өтілім шамамен 30 жыл. Жұмыс ұнайды, бұл кез-келген адамның өмірі үшін маңызды. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Денсаулық, сәттілік тілеймін, бәрі жақсы болсын! – деді Сергей Седлецкий."Қарағанды Жарық" ЖШС Бас директоры Дидар Ахмадин мен "Qarmet" АҚ БД слесарь-жөндеушісі Сергей Чугунов ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталды."Ерен еңбегі үшін" медалі "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС ЖЭО-3 қазандық дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь Төребай Құттыбаевқа табысталды.Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі үшін тағы 29 адам Қарағанды облысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Солардың бірі – еңбек ардагері Владимир Литвинов. Ол өзінің сүйікті жұмысына 54 жыл өмірін жұмсаған. Оның ізін балалары басып келеді – қызы мен ұлы да энергетик болды.– Тәжірибемнен энергетиктердің еңбегі баға жетпес екенін білемін, өйткені энергетика - экономиканың қозғаушы күші. Облыста электр энергетикасы саласын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар екені қуантады. Барлық қатысушыларды құттықтаймын және еңбек табыстары мен отбасылық амандық тілеймін! – дейді Владимир Литвинов.Қазақстанда энергетика күні желтоқсанның әр үшінші жексенбісінде атап өтіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/906455
Теміртаудағы тұрғын үйлерге газ тарту жалғасуда 24.12.2024
Теміртаудағы Ескі қалада 30 км газ тарату желісі салынды, 668 үй орталықтандырылған көгілдір отынға қосылды. Барлығы 3330 үйге газ жеткізілді.Газ тарту бағдарламасы металлургтер қаласында 2020 жылы басталып, сегіз кезеңге бөлінген. Бүгінгі таңда қаланың бір бөлігі табиғи газбен қамтамасыз етілген, ал Отрадное, АБВ квартал және Достық төбешігі аудандарында газ желілерінің құрылысы жалғасуда.Табиғи газбен оң жағалау қамтамасыз етілген. Мамандар 43,8 км газ тарату желілерін салды. Құрылыс 2023 жылдың сәуірінде басталып, уақытында аяқталды.– Теміртауда Әлеуметтік қаланың 1603 үйінде табиғи газ бар. Оң жағалаудағы 1059 үйге газ қосылды. Сондай-ақ Ескі қаладағы 668 үй көгілдір отынға қол жеткізді. Біз газ тарату желілерін кезең-кезеңімен саламыз және оларды QazaqGaz Aimaq-та пайдалануға береміз. Жеке секторды газдандыру жобасымен барлығы 6357 үй қамтылады. Бұл көптен күткен оқиға қаланың экологиясын жақсартады және тұрғындардың жылу шығындарын азайтады, – деп атап өтті Теміртау әкімі Ғалым Әшімов.Зейнеткер Михаил Ефанов өмір бойы оң жағалауда тұрады.– Біз үшін орталық газға қосылғанымыз – үлкен жеңілдік. Үйімізді көмірмен жылытудан шаршадық. Оны тасимыз, күл шығарамыз және көмір шаңымен дем алымыз. Әлеуметтік қала тұрғындары газға көшкен соң жақсы пікір айтып жатқанын біліп, біз де алдын ала дайындалып, үйді газбен жылытуға жабдықтадық, – деп бөлісті ол.Қаржылай көмекке мұқтаж Теміртау тұрғындары үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасы жұмыс істейді. 2,5 жыл ішінде 228 отбасы газдандыруға субсидия алды. Тұрғындар кеңес алу үшін Чайковский көшесі, 22 мекенжайы бойынша Теміртау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіне алады.Табиғи газға қосылуды "QazaqGaz Aimaq" АҚ филиалы орындайды. Компания мамандары техникалық шарттарды ресімдейді және қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Құжаттарды алу және қосылуға өтінім беру үшін компанияның Теміртаудағы кеңсесіне Менделеев көшесі, 11 мекенжайы бойынша жүгіну қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/906463
Қазақстандық тауарлар БАӘ нарығында танымал 24.12.2024
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Дубайдағы ЭКСПО-2020 халықаралық көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильонында БАӘ Мемлекеттік сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Аль Зейудимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары - сауда, бірлескен жобалар мен логистика тақырыптары талқыланды.Басты тақырып – Қазақстандық өнімдер, олардың БАӘ нарығында артып келе жатқан сұранысы. Арман Шаққалиев Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде БАӘ-де танымал салқындатылған қой етін жеткізуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан жоғары сапалы ұн, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер және сүт өнімдерін экспорттауға дайын екенін айтты.«2024 жылдың 10 айында қой етінің экспорты 13,3 мың тоннаны болып, оның жалпы құны 45,3 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем екі есе артты, экспорттық түсім 64%-ға артты», – деп атап өтті Министр.Министр сондай-ақ: «Біз халал стандарттар аясында өнімдерге сертификат беру бойынша жұмыстарды белсенді атқарудамыз. 2014 жылдан бері 1800-ден астам қазақстандық және шетелдік компания сертификаттаудан өтті, бұл Қазақстан өнімдерінің жоғары сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді», – деп мәлімдеді.Кездесу барысында «QazTrade» АҚ бас директоры Женис Өсербай Қазақстанның экспорттық әлеуетін таныстырып, БАӘ нарығына шығудың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол отандық экспорттаушыларды аккредитация, сертификаттау және өнімдерге таңбалау мәселелерінде қолдау көрсетудің маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстандық өндірушілердің Gulfood және ADIPEC сияқты ірі халықаралық көрмелерге қатысуын ұйымдастыру туралы айтты. Сонымен қатар, Қазақстан тауарларын БАӘ-дің LuLu және Grandiose сияқты сауда желілеріне шығару мәселелері де талқыланды.БАӘ Мемлекеттік сыртқы сауда министрі сауда үйлерін тұрақты өкілдіктер ретінде құрудың маңыздылығын атап өтіп, бұл әдіс өнімдерді тиімді жылжытуға және жергілікті тұтынушылардың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді деп айтты.Кездесу барысында қазақстандық өнімдердің дегустациясы өтті. Қатысушылар ұсынылған қой еті, кондитерлік өнімдер мен алмалардың сапасы мен дәміне жоғары баға берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/906228
Арман Шаққалиев: Made in KZ өнімдеріне тек БАӘ ғана емес, Парсы шығанағының басқа елдерінен де сұраныс туып жатыр 24.12.2024
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған Қазақстандық делегациясы БАӘ-нің жетекші сауда желілері – LuLu Group International және Grandiose басшылығымен табысты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар қазақстандық өнімдерді жеткізуді кеңейту, оларды БАӘ нарығына шығару және Қазақстанды азық-түлік хабы ретінде ілгерілету мәселелерін талқылады.Министр Арман Шаққалиев Қазақстанның БАӘ-ге ет, бал, уылдырық және шоколад сияқты жоғары сапалы өнімдердің кең ассортиментін ұсынуға дайын екенін атап өтті. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі 2025 жылы қазақстандық өнімдердің БАӘ нарығындағы танымалдылығын арттыруға бағытталған бірлескен маркетингтік кампанияны өткізу болды. Сондай-ақ тараптар жеке сауда маркалары (ЖСМ) аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бұл қазақстандық экологиялық таза және сапалы өнімдерді тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік береді.LuLu сауда желісінде қазақстандық өнімдер мен тағамдардың дегустациялық алаңы ұйымдастырылды. Мәзірге қазақстандық қой етінен дайындалған дәстүрлі тағамдар – палау мен сірне ұсынылды. Қазір қазақстандық ет аталған супермаркет желілерінде сатылымда бар.Одан әрі қазақстандық делегация кейін Grandiose желісіне барды. Желінің сөрелерінде Қазақстаннан әкелінген өнімдер – кәмпиттер, кондитерлік өнімдер, күріш, бал, уылдырық, тұз және су ұсынылды. Сауда желісінің санаттық менеджерлерімен кездесулер өткізіліп, қазақстандық өнімдерді жүзеге асыру және олардың ассортиментін кеңейту мәселелері талқыланды.Кездесу барысында Grandiose сауда желісімен меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, тараптар қазақстандық өнімдерді желі сөрелеріне шығару бойынша жұмысты жандандыруға келісті.«Бүгін біз БАӘ-дегі сауда желілерінде қазақстандық өнімдерді таныстырып, кондитерлік өнімдер, бал, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ сияқты негізгі экспорттық өнімдер бойынша road show өткіздік. Бұл – Парсы шығанағындағы барлық елдерде өкілдіктері бар LuLu желісі үшін жарнамалық акцияның бір түрі. Біз бұл жұмыс жақсы нәтиже беретініне және жақын арада қазақстандық өнімдер тек БАӘ-де ғана емес, сонымен қатар Парсы шығанағы елдерінде де лайықты орын алатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Арман Шаққалиев. Анықтама:LuLu Group International – Таяу Шығыс, Азия, Африка және Еуропада 200-ден астам дүкені бар жетекші халықаралық супермаркеттер мен гипермаркеттер желісі. Компания азық-түлік, тұрмыстық техника және тұрмысқа қажетті тауарлардың кең ассортиментін ұсына отырып, сапалы өнімдерді дистрибуциялау саласында көш бастап келеді.Grandiose – БАӘ-де жұмыс істейтін премиум сегменттегі 50 супермаркеттен тұратын желі. Желі жергілікті брендтердің тауарларын, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен гастрономиялық және диеталық өнімдерді ұсынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/906364
Ертең Талдықорғанда жәрмеңке өтеді! 24.12.2024
Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастауымен 2024 жылдың 21 желтоқсан күні Талдықорған қаласында облыс тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілетіндігін хабарлайды.Өтетін орны және сағаты: Талдықорған қаласы, Қонаев 22 көшесі, «Жастар» спорт кешені, сағат 8.00-ден басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/906331
СҚО-да мәдениет пен руханиятқа арналған форум өтті 24.12.2024
СҚО-да «Мәдениет пен руханият – Қазақстан қоғамында экономика, бизнес, бейбітшілік пен келісімді дамытудағы стратегиялық ресурс» тақырыбында форум өтті. Форумға мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктері, дін өкілдері, облыстың қоғам өкілдері, аудандар бейнебайланыс арқылы қатысты. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәдениет пен руханият Қазақстан қоғамын дамытуда маңызды рөл атқарады, олар экономика, бизнес, бейбітшілік пен келісім үшін стратегиялық ресурс болып табылады деп атап өтті. Олар ұлттық бірегейлікті нығайтып, түрлі этностарды біріктіріп, тұрақты дамудың негізін қалайды.Форум барысында спикерлер мәдени және рухани құндылықтардың қоғамымыздағы рөлі туралы айтты. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, СҚО-ның құрметті азаматы Анатолий Башмаков экономикалық дамудың драйвері ретінде адами капиталды дамытудың маңыздылығына тоқталды.Форум аясында ел мен өңірдегі бірлікті нығайтуға үлес қосқан бірқатар солтүстікқазақстандықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының медалімен, төсбелгісімен және алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/906186
Жаңаөзенде жастарға арналған «Коворкинг» орталығы ашылды 24.12.2024
19 желтоқсан күні, Жаңаөзен қаласында жастардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына арналған жаңа «Коворкинг» орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев, ардагер-ұстаз Андрей Нұртаев және «ГКӘТ және ВКӘТ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Күмісбаев қатысты.Орталықтың қызметтері мен артықшылықтарын таныстыру мақсатында арнайы бейнеролик көрсетіліп, «Жастар» орталығының міндетін атқарушы директоры Аслан Жанкелдиев кешен туралы жан-жақты ақпарат берді.«Коворкинг» орталығында подкаст түсіруге арналған студия, оқу және конференция бөлмелері, сондай-ақ ойын алаңы сияқты түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.Шараға қатысушылар орталықтың ішін аралап, ондағы подкаст студиясын, конференция залдарын, оқу және ойын алаңдарын көріп, жастарға арналған кеңістіктің жұмысымен жақынырақ танысты.Жаңа кеңістік жастардың білімін жетілдіруге, шығармашылық әлеуетін дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906347
Биыл Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібі 116% өсті 24.12.2024
Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының негізгі көрсеткіштері оң нәтижеге қол жеткізді. Оның ішінде:- жалпы өңірлік өнім – 2,2 трлн.теңге немесе 100,9%;- өнеркәсіп өнімі – 2,8 трлн.теңге немесе 104,2%;- өңдеу өнеркәсібінің өнімі – 252,5 млрд.теңге немесе 116,2%;- ауыл шаруашылығы өнімі – 34,5 млрд.теңге немесе 101,6%;- тұрғын үйді іске қосу – 791,2 мың шаршы метр немесе 102,4%;- ақпарат және байланыс – 14,7 млрд.теңге немесе 105,9%;- сауда көлемі – 934,0 млрд.теңге немесе 106,8%.Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясы барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.«Облыс дамуының негізгі бағыттары - өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, сондай-ақ агроөнеркәсіп салалары болып қала бермек.Аталған бағыттардың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірге инвестиция тарту жұмыстары жалғасатын болады. Соңғы бес жылда өңірге 4 трлн. теңге инвестиция тартылды»,- деді спикер.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906358
Қарағандылық спортшы шахматтан жастар арасында әлем чемпионы атанды 24.12.2024
Қарағандылық ФИДЕ шебері ҚР жасөспірімдер құрамасының мүшесі Даниял Сапенов 14 пен 18 жас аралығындағы жастар арасында рапид пен блицтен әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды. Спортшы 16 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетіп, блицте алтын, рапидте қола жеңіп алды.Терме Чатеж қаласында (Словения) үш күн ішінде 36 елден 318 қатысушы ең мықты атағы үшін шахмат тақтасында шайқасты.– Блиц ерекше күрделі болды, өйткені алдыңғы кеште ақ және қарамен екі партиядан 11 раунд өтетіні белгілі болды, – деді Қарағанды облысының шахматтан аға жаттықтырушысы Артем Симонян. – Таңғы оннан кешкі сегізге дейін қатысушылар 22 партия ойнады. Мықты командалар Вьетнам, Үндістан, Словения, Испания, Германия, Украина, Венгрия және т.б. Ең жақсы спорттық қасиеттерін көрсете отырып, Даниял 22-ден 16,5 ұпай жинап, қарсыластарын жеңді.Әлемдік деңгейдегі жарыстарда Даниял Сапенов ерлер арасындағы ҚР чемпионатының күрделі және жауапты финалынан кейін ойнады, онда бесінші орынға ие болды (7,5 ұпай). Қазақстан құрамасының үздік шахматшыларымен лайықты партиялар өткізіп, жас шебер 2025 жылы еліміздің ересектер біріншілігіне қатысуын қамтамасыз етті.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905380
Бұқар Жырау ауданы Ақжар ауылы орталық су жүйесіне қосылды 24.12.2024
Бұқар Жырау ауданы Ақжар ауылында көптен күткен су құбыры іске қосылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары ауыз суды құдықтардан алған.Ақжар ауылы аудан орталығынан 60 км қашықтықта орналасқан. Мұнда 350-ден астам адам тұрады. Интернет, ұялы байланыс, жарықтандыру бар, бірақ орталық сумен жабдықтау болған жоқ.Су құбыры өткен жылы салына бастады. Құрылыс бөлімінің басшысы Әлішер Жаржановтың айтуынша, жоба 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту Тұжырымдамасы бойынша іске асырылды.– Біз ауылдағы орталықтандырылған судың қосылуын көптен күттік. Ұңғымалардан суды пайдалану кезінде үлкен қолайсыздықтар болды. Қазір судың сапасы жақсы, ол ішуге жарамды. Бұл құрылысқа қатысы бар барлық адамдарға рахмет! – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Зауреш Мауенова.Алайда бұл жақын арада Ақжарда жасалатын жалғыз ғана жоба емес. Керней ауылдық округінің әкімі Ерхан Есентаевтың айтуынша, жұмыстар тек су құбыпын өткізумен ғана шектелмейді.– Қазір жарықтандыруды жаңартып жатырмыз. Келесі жылы Ақжар ауылында кірме жолға күрделі жөндеу және кентішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жоспарланған, – деді Ерхан Есентаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905509
Жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке дейін: Қарағанды облысында грант иегерлері өз жолдарын қалай тапты 24.12.2024
Қарағанды облысында биыл 178 адам өз ісін ашуға мемлекеттік грант алды. Олардың барлығы бұрын жұмыссыз болып саналған, әлеуметтік осал санатқа жататын. Көпшілігі көп балалы аналар, мүгедек немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған. Олар өз өмірлерін түбегейлі өзгерте алды: өз бетінше ақша тауып, жұмыс орындарын құрды.Гүлқаш Ошанова өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, хирургиялық операция медбикесі болып еңбек еткен. Бірақ ауыр дертке шалдыққаннан кейін ол мүгедектікке ұшырап, жұмысын тастауға тура келген. Он жылдан астам жұмыссыз отырды. Күйеуінің де мүгедектігі бар және жұмыс істемейді.Қазір Гүлқаш Ошанова ұлттық спорт түрін насихаттайтын бизнеспен айналысады. Ұлымен бірге ол Қарағандыда садақ ату орталығын ашты.– Ұлым – бұрын әскери қызмет еткен, қазір мектепте АӘД-тан сабақ береді. Жасұлан мұндай бағдарлама бар екенін айтып, кейін бизнес-жоспар құруға көмектесті. Мен оны жүзеге асырып көруді шештім. "Бастау бизнес" курстарында кәсіпкерлік негіздерін үйрендім. Бизнес-жоспарымды қорғап, грант алдым – бір жарым миллион теңгеге жуық. Барлық қажетті жабдықтарды сатып алуға және залды жалға алуға ақша жеткілікті болды. Тамыз айынан бастап біз жұмыс істейміз, сабақтар жазба бойынша өтеді.Мен іс жүргізіп жатырмын, ал Жасұлан балалар мен ересектерге садақ атуды үйретеді. Бұл ұлттық спорт адам бойында төзімділікті, зейінін жетілдіру қабілетін, жеңіске деген ұмтылысты дамытады, – деді бастаушы кәсіпкер.Көпбалалы ана Торғын Баймағанбетова грант алып, ұлттық үлгідегі киім тігу үшін ателье ашты. Жас кезінде ол бухгалтерлікті оқыған, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Бала күтіміне байланысты демалысында ол балаларына киім тігуді бастады. Балалық шағында әжесінен үйренгенін есіне түсірді. Бірте-бірте үйде жұмыс істеп, адамдардан тапсырыстар түсе бастады. Мемлекеттік грантқа шағын ательеге арналған үй-жайды жалға алып, жабдық сатып алған.Кәсіпкер командасына тағы үш жұмысшыны қабылдады. Оның айтуынша, клиенттер базасы тек Қарағандыда ғана емес, елордадан, Қазақстанның басқа қалаларынан да тапсырыс берушілермен толыққан. Оқушыларға арналған ұлттық өрнегі бар көкірекшелер, сондай-ақ аксессуарлар танымал.– Өз ісін ашуға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Сома – 400 АЕК-ке дейін, бүгінде бұл 1 476 800 теңге. Үміткерлердің өтініштерін қарайтын өңірлік комиссиялардың шешімдері негізінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында гранттар беріледі. Қолдау өтеусіз, бірақ белгілі бір уақыт ішінде жобаның іске асырылуына, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі, – деп түсіндірді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Биыл 178 грант берілді. Келесі жылы көбірек жоспарланған.Биылғы бизнес-жобалар әр түрлі, әркім өз орнын табуға тырысады. Мысалы, Саран қаласында гранттық қаражат оттегі барокамерасын ашуға пайдаланылды. Бірнеше ауыл кәсіпкерлері гидропонды мал азығын өндірумен айналысты. Шет ауданында өскен бидайдан бионан пісіру жобасы қолдау тапты. Бұқар Жырау ауданында бөдене етін ыстау кәсіпорнын ашуға грант берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905675
Газға қосылуға өтінімді eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады 24.12.2024
Енді жеке үйлер мен жылжымайтын мүлік иелері eGov Mobile қосымшасында табиғи газға қосылудың техникалық шарттарын онлайн ала алады. Қызмет "QazaqGaz Aimaq" АҚ тұтынушыларына қолжетімді және жеке тұлғаларға тегін ұсынылады, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ сайты.Газға қосылудың техникалық шарттары – бұл объектіні газ тарату жүйесіне қосу мүмкіндігін растайтын құжат.Қызметті мүлік иесі пайдалана алады. Ол үшін пайдаланушы қосымшада көрсетілген нысанның барлық міндетті жолақтарын толтырып, мүлікке тіркелген құқықтар туралы мәліметтерді растауы керек.Қызметті алу үшін пайдаланушыға келесі әрекеттерді орындау қажет:- eGov Mobile қосымшасында авторлану және "қызметтер" – "жылжымайтын мүлік және ТКШ" – "газ тарату желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру" бөліміне өту;- нысан түрін көрсетіңіз және қосылу үшін мүлікті таңдаңыз;- объектінің техникалық паспортын тіркеу;- техникалық шарттың түрін, газбен жабдықтау жүйелеріне қосылу себебін және газ шығынын көрсету;- газ жабдығының түрін таңдап, қосыңыз, мөлшерін көрсетіңіз және "Жалғастыру" түймесін басыңыз;- Face ID/Touch ID көмегімен өтінімге қол қою.Өтініш дұрыс толтырылған жағдайда қызмет нәтижесі газ тарату ұйымы – "QazaqGaz Aimaq" АҚ ұсынатын техникалық шарттарды беру немесе дәлелді бас тарту болып табылады.Табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес техникалық шарттарды беруден бас тартуға мынадай жағдайларда жол беріледі:- реттелетін қызметтің қажетті көлемін ұсыну үшін қажетті "QazaqGaz Aimaq" АҚ желілерінің бос және қолжетімді қуаттарының, сыйымдылықтарының, орындарының, өткізу қабілеттерінің болмауы;- "QazaqGaz Aimaq" АҚ желілерінің немесе реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті өзге мүліктің болмауы.Қызмет көрсету мерзімі объектінің күрделілігіне байланысты. Техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – 5 жұмыс күні, күрделі объектілер үшін – 10 жұмыс күні.nitec.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905660
Балқаш қаласында жаңа психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды 24.12.2024
Балқашта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетіледі. Қызметтер тегін.Әсіресе көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты, ой-өріс және эмоционалды-коммуникативті дамуы бұзылған балаларға көмек беріледі.– Бір циклде біз 30 баланы қабылдай аламыз. Цикл – бұл үш айдан алты айға дейін созылатын курс. Ұзақтығы баланың қажеттілігіне және оның диагнозына байланысты, – дейді Балқаш психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Мәриям Жүнісова.Ерекше балалармен дефектолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, психолог, әлеуметтік педагог, емдік жаттығу және ырғақ терапиясы мұғалімдері жұмыс істейді. Олар балаларды туғаннан бастап 18 жасқа дейін қабылдайды. Кабинетте келушілердің барлық санаттары үшін кедергісіз орта құрылды.Тегін сабақтарға жазылу үшін ПМПК қорытындысы бар анықтама және ата-аналардың өтініші қажет. Бұл құжаттарды https://malahit24.kz сайтында онлайн тапсыруға немесе Балқаш қаласы, Жүніс Әбуғалиев көшесі, 2-ғимарат мекенжайы бойынша кабинетке әкелуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905697
Қарағанды тұрғындары үшін саябақтарда бірқатар қысқы ойын-сауықтар дайындалды 24.12.2024
Қарағанды саябақтары мен гүлзарларында мұз айдындарын құю жұмыстары аяқталуға жақын. Сырғанақтар құю бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, фотоаймақтар орнатылуда, мерекелік безендіру жасалады. Бұл туралы қалалық әкімдікте айтылды.Орталық саябақта биыл мұз айдыны батыс бөлікке қарай орналасқан. Ол әлдеқайда ұзынырақ және кең. Мұнда шырша мен бір үлкен сырғанақ орнатылды. Жағалау бойында көлге шығатын төрт үлкен сырғанақ жасалады. Көлге шығу алаңы шектеулі және қоршалған. Саябақ көлінде аэрация жұмыстарына байланысты мұз айдыны болмайды.Майқұдық саябағында биыл шырша орнатылды. Мұз алаңы дайын. Балалардың қуанышына орай бір үлкен сырғанақ орнатылып қойды.Пришахтинскіде, Қазақстанның 40 жылдығы саябағында да сырғанақ құйылды. Мұз айдынын құю жұмыстары аяқталуда. Ол 25 желтоқсанға дейін дайын болады.Сұрыптаудағы МҮ гүлзарында шырша мен мұз айдыны дайын.Оңтүстік-Шығыста Жеңіс саябағы мерекелік безендірумен қуантады – фотоаймақтар, ертегі үйлері ореатылды. Сырғанақ пен мұз айдыны бар. Жаңа жылдың басты нышаны – шырша да бүгін орнатылып жатыр.Жаңа "Сарыарқа" алаңында сырғанақ пен мұз алаңы жабдықталды. Оларда тегін сырғанауға болады."Егер тюбинг немесе коньки болмаса, жалға беру пункттері Орталық саябақта, Майқұдық саябағында және "Сарыарқа" саябағында жұмыс істейтін болады. 21 желтоқсанда мұз айдындары мен сырғанақтарға мінуге болады", – деп хабарлады Қарағанды әкімдігі.Биылғы қыста облыс орталығының саябақтары мен гүлзарларына жалпы ауданы 12 мың шаршы метр жеті мұз айдыны құйылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/905730
Қарағандыда жаңа жылдық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді 24.12.2024
Қарағандыда 21 желтоқсанда облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Сауда сағат 09:00-де басталады.Сатып алушылар ауылшаруашылық, ет және сүт өнімдерін және жергілікті өндірушілердің тауарларын орташа нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала алады.Өтетін орны: "Global city" СОО (134-ші есептік тоқсан, 921-құрылыс).Жәрмеңкеге келесі автобустармен және маршруттық таксилермен жетуге болады: № 5, 19, 31, 40, 56, 63, 70, 146, 02, 29.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/906153
Жыл қорытындысы: құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, ТЖ алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар қабылдау 24.12.2024
Primeminister.kz сайтының редакциясы еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланымдар сериясын жалғастырады. Өткен жылы Қазақстанның ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар негізгі бағыт бойынша жұмысын едәуір күшейтті. ІІМ мен ТЖ жүйесін реформалау шеңберінде нормативтік құжаттарда және заңнамадағы өзгерістерде көрсетілген жұмыстың жаңа әдістері енгізілді.Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуІшкі істер министрлігі жұмысының басты бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұған жауап ретінде шаралар: оның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдай бойынша сот шешімдері қабылданды.Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бүгінде елімізде осындай 69 орталық жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Ішкі істер министрлігі күш-жігерінің нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге, атап айтқанда, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға қысқарды.Балалар құқығын қорғау және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуБалалар құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Балаларды қорғау мақсатында еліміздегі әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкерлері бекітіліп, олар тұрақты түрде бала құқығы бойынша сабақтар өткізеді және қылмыс жасауға бейім балаларды анықтайды. Оқу орындарында осыған орай 94 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.Сонымен қатар жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының саны 6%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру 29%-ға, ұрлық 19%-ға, тонау 15%-ға төмендеген.Әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған жаңа заң2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның маңыздылығы жоғары. Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа заңАзаматтар арасында заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған қылмыстың ерте алдын алу жүйесін құруға арналған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа бірыңғай заңды талқылау және әзірлеу маңызды оқиғалардың бірі болды. Заң жобасында алдын алу шараларына жататын тұлғалар тізбесіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқан азаматтарды марапаттау көзделген. Заң кәмелетке толмағандар арасындағы алдын-алу шараларын, соның ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін мектептердегі балаларға міндетті педагогикалық қолдау көрсетуді де реттейді.2024 жылы ішкі істер органдары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Күн сайын құқықтық тәртіпті қорғауға 14 мың полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Жыл басынан бері 8 рет өткізілген «Құқықтық тәртіп» операциясы шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6%-ға, оның ішінде көшелердегі қылмыс – 7%-ға төмендегені тіркелді. Елімізде тіркелген 12 млн әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 91 мың адам жауапқа тартылды.Жол қауіпсіздігіЖол қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ жолдардағы жазатайым оқиғаларды азайту жұмыстарын жалғастыруда. Тиімді әдістердің бірі – жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу камераларын пайдалану. Бүгінде елімізде осындай 25 мыңнан астам камера жұмыс істейді, олар жолдардағы барлық құқық бұзушылықтың 69%-ын тіркеген. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін өзін-өзі дайындау алынып тасталды, енді оқыту тек сертификатталған автомектептер арқылы жүргізіледі.Мобилді жүйелер көмегімен осы жылдың 11 айында жолдарда 1,02 млн-нан астам жылдамдық режимін бұзу фактілері тіркелді. Жол көлік оқиғалары санын азайту мақсатында кейбір өңірлерде «жасырын» патрульдер белсенді түрде қолданылады, бұл жолдарда үнемі полицияның болуы әсерін тудырады. Мұндай шаралар қазірдің өзінде бірнеше облыста жол апатынан қаза тапқандар санының азаюына әкелді.Жүргізушілер даярлауды жетілдіру және жол қозғалысы ережелерін бұзумен күресЖол қауіпсіздігі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. 2024 жылы жол-көлік оқиғалары жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасты. ІІМ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін заманауи технологияларды, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін автоматты камераларды белсенді түрде қолданады. Бүгінгі таңда елімізде осындай 25 мыңнан астам камера бар. Мұндай камераларды қолдану жолдардағы барлық бұзушылықтардың 69%-ын анықтауға мүмкіндік берді.Сондай-ақ «Қауіпсіз жол», «Автобус» және «Автокөлік» сияқты түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Бұл жол апатын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.Қазақстанда жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында елеулі өзгерістер енгізілді. Өзін-өзі дайындау және онлайн оқыту алынып тасталды, бұл үдерісті бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Барлық автомектептер мен курсанттар енді ІІшкі істер министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеледі, бұл жалған куәлік жасау мүмкіндігін болдырмайды.Оқу курстарын аяқтау туралы куәліктер мен медициналық қорытындыларды электронды форматқа көшіру жұмыстары да белсенді түрде жалғасуда, енді оны Денсаулық сақтау министрлігі электронды форматта береді.Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін аумақтық ПД теңгерімінде ЖҚЕ бұзушылықтарын тіркеуге арналған мобильді бағдарламалық-аппараттық кешендермен жабдықталған 268 патрульдік автомобиль бар. 2024 жылы 10 айда бұл кешендер жылдамдық режимінің 872 мыңнан астам бұзылуын тіркеді.Астана (4 автокөлік), Ақтөбе (11), Атырау (6), Қарағанды (2), Қостанай (3), Солтүстік Қазақстан (1), Жетісу (1), Ұлытау (1) және Түркістан (1) облыстарында «жасырын» патрульдер белсенді қолданылуда. «Жасырын» патрульдерді қолдану нәтижесінде 43,3 мың бұзушылық тіркелді. Бұл шаралар аталған өңірлерде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу2023 жылы қазан айында ӘҚБтК мен жол қозғалысы туралы заңнамаға өзгерістер енгізетін заңдарға қол қойылды. Аталған өзгерістер екі кезеңде күшіне енеді: негізгі бөлігі 2023 жылғы 4 желтоқсаннан бастап, ал мопедтерге қатысты толықтырулар 2025 жылғы 4 сәуірден бастап қолданылады.Жаңа ережелерде екі камера арасындағы жол учаскесінде орташа жылдамдықты асыру үшін жауапкершілік қарастырылған. Мұндай учаскеде жылдамдықты 60 км/сағ-тан артық асырып өткен жағдайда, 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (18 460-тан 147 680 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз мас күйінде көлік басқарған немесе медициналық куәландырудан бас тартқан жүргізушілерге жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға тыйым салу мерзімі 7 жылға дейін ұзартылды.Мопедтер үшін міндетті түрде тіркеу және «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу талабы енгізілді. Сонымен қатар электромобильдерде белгісі болмағаны үшін айыппұлдар қарастырылған және осындай көліктерге арналған зарядтау станцияларын құру талаптары енгізілді.Төтенше жағдайлар жүйесін жаңғырту2024 жылы Қазақстанның ТЖ жүйесінде маңызды реформалар жүргізілді. ТЖМ басқарудың жаңа тактикасын және жаңартылған ұйымдастырушылық құрылымды енгізді.Өңірлік бөлімшелер саны 87-ден 28-ге дейін қысқартылып, негізгі қызметтердің жұмысын күшейтуге мүмкіндік берді. Цифрландыру бойынша вице-министр лауазымы енгізіліп, сонымен қатар Республикалық жедел штаб жаңғыртылды.Өртпен күреске ерекше назар аударылуда. 2024 жылы 324 табиғи өрт тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (868 өрт) 2,6 есе аз. Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы ормандарда өртті ерте анықтау жүйесін енгізу ормандағы өрт аумағын айтарлықтай азайтуға ықпал етті.Инфрақұрылымды дамыту және құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсартуҚұтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында техника мен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қостанай облысында құтқарушылардың қызметтік киімдерін жақсарту бойынша пилоттық жоба іске қосылып, оң нәтиже көрсетті. Азаматтық қорғаныстың жаңа әскери бөлімдерін құру, оның ішінде тез құрастырылатын конструкциялардан өрт сөндіру деполарын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жоба 2024 жылы Астанада 3,5 ай ішінде іске асырылды.Сондай-ақ Қазақстанның батыс аймағында ТЖ жедел әрекет етуді қамтамасыз ету үшін «Теңіз жасағы» атты жасақ құру маңызды қадам болды. Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында құтқару батальондары қайта орналастырылды, бұл жедел қамтуды кеңейтіп, күштер мен құралдарды тасымалдауға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді.ТЖМ жедел әрекет ету қызметі2024 жылдан бастап Қазақстан төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін жетілдіруді жалғастыруда. Биыл «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне халықтан 4,7 миллионнан астам қоңырау түсті. ТЖМ күштерімен 14 мыңнан астам адам құтқарылды, 66,5 мың адам эвакуацияланды, 8 мың зардап шеккен адамға медициналық-психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар 83,3 мыңнан астам шұғыл шақыртуларға шықты, оның 10 мыңы өрт оқиғасы және 19 мыңға жуығы апаттық-құтқару жұмыстары.Іздеу-құтқару жұмыстарына, оның ішінде әуе кемелерін қолдануға ерекше назар аударылды. 2024 жылы «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері 2,5 мыңнан астам тапсырыс орындады, оның 395-і санитарлық авиация және 356 науқас тасымалданды.Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін жетілдіруТЖМ жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін дамыту. 2024 жылы су айдындарындағы жағдайды анықтау және бақылау мақсатында геоақпараттық жүйелер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, мониторинг жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғастырылды. Сонымен қатар ТЖМ мен ІІМ ведомстволық желілерін біріктіретін республикалық жедел цифрлық радиобайланыс жүйесі енгізілді. Бұл төтенше жағдайларға жедел және тиімді әрекет ету үшін үйлесімділік деңгейін айтарлықтай арттырды.Өндірістегі бұзушылықтарды, апаттарды, оқиғаларды және жазатайым жағдайларды азайту мақсатында елде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді.Елдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2028 жылға дейін сейсмология саласын дамыту бойынша кешенді жоспар бекітілді.Елдің 14 өңірінде су тасқыны кезеңінде 120 мың адам, оның ішінде 354 мүмкіндігі шектеулі адам және 45 мыңнан астам бала құтқарылып, эвакуацияланды. 2024 жылы Қазақстанда ТЖ саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға азайды, ал зардап шеккендер саны 10,8%-ға төмендеп, 2023 жылғы 1751 адамнан 2024 жылы 1562 адамға дейін қысқарды.Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді тәсіл айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Әйелдер мен балаларды қорғауға арналған жүзеге асырылған шаралар қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізін қалады. Мемлекеттік органдардың күш-жігері, инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды қолдану және заңнаманы жетілдіру Қазақстанның әрбір азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін басымдыққа қоятын ел ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсуде.primeminister.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/906187