Ғылым
Қарағандылық оқушылар Еуразиялық олимпиадада информатикадан күміс жүлде алды 24.12.2024
Қарағандылық екі оқушы Алматыда өткен информатика пәні бойынша Халықаралық Еуразиялық олимпиаданың XVІ турында екінші орынға ие болды. Бес сағат ішінде олар 12 есеп шешуі керек еді.Еуразиялық олимпиадада Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Әлішер Қазтаев және химия-биологиялық бағыттағы НЗМ он бірінші сынып оқушысы Батыр Ерденов жүлдегер атанды.Оқушылар олимпиадаға команда құрамында қатысты. Әр топта үш адамнан болды. Команданың құрамы осы жылы қарашада, іріктеу кезеңнен кейін бекітілді. Командаластарын қатысушылар мен ұстаздар өздері таңдады. Мысалы, Әлішер Қазтаевтың командасында Тараз қаласының екі жоғарғы сынып оқушылары болды.– Олимпиада халықаралық болғандықтан және әлемде спорттық бағдарламалау бойынша көшбасшы елдер қатысқандықтан, тапсырмалар оңай болған жоқ. Оларды шешу үшін тек тақырыптарды біліп қана қоймай, оларды бір-бірімен оңтайлы үйлестіре білу керек. Ойлаудың бұл тәсілі біздің сандық кеңістігімізді өзгертті. Мұның нәтижесі – ChatGPT және бізге көмектесетін басқа да қызметтер, – дейді Әлішер Қазтаевты олимпиадаға дайындаған информатика пәнінің мұғалімі Бақтияр Рақымжан.Оның айтуынша, Еуразиялық олимпиадаға қатысу - бұл мектеп оқушыларының спорттық бағдарламалау бойынша бас әлем чемпионатына – IOI қатысу үшін Қазақстандағы топ-4-ке түсу мүмкіндігі.Еуразиялық олимпиададағы жүлделі орындар Әлішер Қазтаев пен Батыр Есеновке Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылық береді, сондай-ақ шетелдік университеттер үшін портфолио құрастыру кезінде елеулі жетістік ретінде қарастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/904961
СҚО әкімі энергетиктерді кәсіби мерекемен құттықтады 24.12.2024
Бүгін салтанатты жиналыста СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті.Бұл жыл энергетиктер үшін де үлкен сынақ болды. Көктемгі су тасқыны кезінде олар батылдық пен жанқиярлық танытып, өңірдің энергетика жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті, зардап шеккен инфрақұрылымды қалыпқа келтірді. Өткен жылдың қараша айында табиғи апаттың салдарынан жүздеген ауыл электр жарығынсыз қалған кезде апаттық бригадалар жедел жұмыс істеп, міндеттерін сәтті атқарды.Бүгінде «Севказэнерго» және «Көкшетау Энерго» кәсіпорындары өңірді электр және жылумен тұрақты қамтамасыз етіп, жабдықтарын жаңартуда. Биыл 2-ші ЖЭО-да жаңа мұржаның құрылысы уақытында аяқталып, келесі жылғы жылыту маусымында іске қосылады. Мемлекетпен бірге ауылдардағы электр желілерін жаңғырту жобалары бірлесіп жүзеге асуда. "Осы жұмыстар энергетика саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, оның әлеуетін арттырып, өңіріміздің әрбір тұрғынына пайда әкелетініне сенімдімін. Барша энергетиктерді кәсіби мерекемен құттықтаймын!", - деп атап өтті өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/905070
СҚО-да балаларға арналған оңалту орталығы ашылды 24.12.2024
Облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды, оның ашылу рәсіміне "Қазақстан халқына" қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Орталықта бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп, ал материалдық-техникалық жабдықтау «Қазақстан халқына» қорының тарапынан қаржыландырылды.Орталық нейро-ортопедиялық ақаулары бар балаларға кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетеді. Мұнда тиімді оңалту үшін әлемдік брендтердің заманауи қондырғылары орнатылған. Балалармен реабилитолог, невролог, логопед, дефектолог, эрготерапевт және психолог жұмыс істейді."Өңірде 2,3 мыңға жуық ерекше сұранысқа ие бала бар. Жаңа орталық жыл сайын 2 мыңға жуық баланы оңалту курсынан өткізуге мүмкіндік береді. Маңыздысы, әр бала бірнеше курстан өтеді, бұл оң нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді. Жалпы оңалту орталығының ашылуы емге мұқтаж балаларды көптеп қамтуға мүмкіндік береді", - деді өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/905095
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҚАЗАҚСТАНДА 162 МЛН ПАКЕТ ДӘРІЛІК ЗАТ ТАҢБАЛАНДЫ 24.12.2024
Бүгінгі таңда Қазақстанда 162 миллион дәрілік зат таңбаланды, оның 152 миллионы Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін таңбаланды. Бұл ретте дәрілік заттардың 16 млн қаптамасы таңбаланып, дәріханалардың бөлшек сауда желісіне енгізілді, бұл ақпараттық жүйеде препараттардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл қозғалыс жолын бақылауға мүмкіндік береді.Бірегей Data Matrix кодын қолданатын цифрлық таңбалау препараттың бүкіл өмірлік циклін — өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.Кодта маңызды ақпарат бар: препараттың атауы, сериясы, өндіруші туралы деректер, жарамдылық мерзімі және басқа мәліметтер. Бұл заңсыз айналым мүмкіндігін жояды және тұтынушыларды сапасыз және жалған дәрі-дәрмектерден қорғауды қамтамасыз етеді.Бүгінгі таңда дәрілік заттар айналымының барлық қатысушылары таңбалауды енгізу бойынша жұмысты аяқтады, атап айтқанда:● 19 отандық өндіруші;● 278 көтерме сауда субъектісі;● 3 169 дәріхана және бөлшек сауда нүктесі.Денсаулық сақтау министрлігі таңбаланған препараттардың қозғалысын бақылауды жалғастыруда, олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бақылауды қамтамасыз етеді.2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бұл шара контрафактілік өнімдермен күресуге және дәрі-дәрмектер нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған.Цифрлық таңбалау - бұл азаматтардың денсаулығын сақтауға және Қазақстан нарығында дәрілік заттардың сапасына деген сенімді арттыруға жасалған маңызды қадам.Қазақстанда дәріханаларға көмек көрсету үшін NS Pharm тегін мобилдік қосымшасы әзірленгенін естеріңізге сала кетейік. Бұл таңбаланған тауармен жұмыс істеуді жеңілдетеді және процесті тіпті шағын дәріханалар, соның ішінде ауылдық және шалғай аудандар үшін де қолжетімді етеді. Фармацевтикалық бизнеске арналған бұл заманауи цифрлық шешім барлық заңнамалық талаптарға сәйкес келеді, жабдыққа арналған шығыстарды азайтады және күрделі IT-қолдаудың қажеттілігін жояды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/904984
Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жәрмеңкелерде сатыла бастады 24.12.2024
Өткен демалыс күндері өңірлерде 20-дан астам азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкелерде жалпы көлемі 1 600 тоннадан астам тағам саудаланды. Мысалы, Шымкент қаласының өзінде жәрмеңкеге шығарылған 150 тоннаға жуық азық-түлік өніміның, 126 тоннасын жергілікті жұрт сатып алды. Одан бөлек С1 санатындағы жұмыртқа 52-57 теңгеден саудаланып, 105 000 данасы сатылған. Ал 26 тонна пияздың келісін шымкенттіктер 80 теңгеден сатып алған. Одан бөлек шымкенттіктер күнбағыс майының литрін 620 теңгеден, сиыр етінің келісін 2400-2600 теңге аралығында сатып алған.Алматыда 865 тонна өнім жәрмеңкеге шығарылса, соның 806 тоннасы сатылған. Алматыда өткен жәрмеңкелерге 300-ге жуық отандық тауар өндіруші мен кәсіпкер қатысқан. Алматыда қанттың 1 келісі 370 теңгеден, С1 санаттағы жұмыртқаның данасын 52 теңгеден, күнбағыс майының литрі 650 теңгеден сатылды.Ал Астанада дәстүрлі түрде «Соғым Fest» жәрмеңкесі өтті. Осының алдындағы жәрмеңкеде 100 тонна ет өнімі сатылса, бұл жолғы жәрмеңкеде 150 тонна ірі қара еті сатылды. Баға әдеттегідей арзан. Жылқы еті 2300-2500 теңге, сиыр еті 2100-2300 теңгеден. Одан бөлек 11 тонна көкөніс, 800 келі ұн (келісі 186 теңгеден басталады), 200 келі қант (келісі 350 теңгеден) сатылған.Жалпы жәрмеңкелерде тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ғана емес, халық арасында сұранысқа ие жеміс-жидек, бал, құрт, қаймақ секілді өнімдер сатылады.Өткен аптадағы жәрмеңкелердің ерекшелігі – бірнеше өңірде тұрақтандыру қорындағы өнімдер жәрмеңкелерде саудаланды. Мысалы, Абай облысында тұрақтандыру қорындағы 5 тонна картоп,сәбіз, пияз бен орамжапырақ жәрмеңкеде келісі 115 теңгеден сатылды. Ақтөбеде тұрақтандыру қорындағы картоп (2,8т) 116 теңгеден, пияз (1,9т) 170 теңгеден, орамжапырақ 160 теңгеден, сәбіз 110 теңгеден(1-1 тоннадан), қант 350 теңгеден (200 кг) сатылған. Ал Қостанайда өткен жәрмеңкелерге тұрақтандыру қорынан 11 тонна өнім шығарылса, оның 8 тоннасы сатылған. Атап айтар болсам, 1 тонна тауық еті (1000 тг), 2 тонна қарақұмық жармасы (135 тг), 1 тонна рожки (250 тг), 72 000 дана С санаттағы жұмыртқа (450-480 тг), 1 тонна сәбіз (140 тг), 3 тонна картоп (140 тг).Бұдан өзге тұрақтандыру қорындағы азық-түлік Алматы, ШҚО, Қызылорда, Павлодар, Орал, Жетісу, Ақмола облыстарында өткен жәрмеңкелерде сатылды.Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сай өткен аптадағы ӘМАТ тауарларының баға индексі 100,1% (+0,1%) құрады. 1 апта ішінде кейбір тауар түрлерінің бағасы арзандаған. Мысалы сиыр еті 0,1, қарақұмық жармасы 0,7, күріш 0,8, қант 1,0, сәбіз 0,1 пайызға арзандаған. Ұн мен айранның бағасы тұрақты. Картоп (1,4%) пен пияз(1,2%) бағасының аздаған қымбаттауы байқалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/904813
ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ТӨМЕНАРЫҚ АУЫЛЫНДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫ БАР ЖАҢА АУРУХАНА АШЫЛДЫ 24.12.2024
Қызылорда обылысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар 15 төсектік жаңа ауылдық аурухана ашылды.«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде өңірдің барлық аудандарында 27 медициналық нысан салу жоспарланған, өткен жылы 16 нысан пайдалануға берілді.Оның ішінде Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында бір дәрігерлік амбулатория ашылды. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Алдағы күндері Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріледі.Өңірдің картасында «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасының шеңберінде салынған жаңа медициналық нысандардың қатарына медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория қосылды.Облыс орталығында жобалық қуаты жылына 10 мың адамды қабылдайтын «Қан орталығы» пайдалануға берілді.Ана мен баланың денсаулығын нығайту мақсатында көпбейінді облыстық аурухананың базасында 70 төсектік перинаталдық бөлімше ашылды, ол жаңа жабдықтармен жабдықталған.Облыс орталығында емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, Арал ауданының Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухана пайдалануға беріледі деп күтілуде.Биыл Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы іске қосылды, жақын арада Арал ауданында да осындай орталық ашылады.Сонымен қатар, ұлттық жобаның шеңберінде 4 көпбейінді аудандық орталық аурухананың жанынан қосымша құрылыстар салу жоспарлануда.Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд.100 млн. теңге болатын скрининг жүргізу үшін жылжымалы медициналық кешен берілді. Мұндай кешендер республика бойынша тек 3 облыста бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/904912
Қызылордада бюджет ақшасын игеру мәселелері талқыланды 24.12.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен бюджет қаржысын игеру, құрылыс нысандарындағы жұмыс қарқыны, жылу маусымының барысы, коммуналдық қызметтердің көрсетілуі талқыланған жиын өтті. Басқосуға қала, аудан әкімдері, жауапты сала басшылары қатысты.Аймақ басшысы осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалуына тоқталып, межелі көрсеткішке қол жетпеген жағдайда жауапкершілік бірінші басшылардан сұралатынын ескертті.«Жыл соңына дейін бюджет қаражатын тиімді игеріп, нақты бағыттарға жұмсау қажет.Биыл аяқталатын құрылыс нысандарындағы жұмысты бақылауға алыңыздар. Мердігер мекемелермен ұдайы байланыста болып, құрылыстың басына барып тексеріңіздер. Бірінші әрі басты талап - сапа, сосын жұмысты мерзімінде аяқтау керек.Жылу беруде ешқандай кедергі туындамауы тиіс. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қамтамасыз етіңіздер. Аудан, ауылдарда көмір тапшылығы болмасын.Мереке күндері коммуналдық қызметтердің жұмысы үздіксіз болуы қажет», - деді Н.Нәлібаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/904557
Қызылордада мәдениет қызметкерлері баспаналы болды 24.12.2024
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстады. Рәсімге зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы баспана бақытына кенелген қоныстанушыларды құттықтады.«Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген ең қымбат қазынамыз. Қастерлі қазынаны қорғау, сақтау, оны мәңгі ету – баршамыздың парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз біркісідей атсалысты» деген болатын.Қыркүйек айында Алматы қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндерін өткізуге атсалысқан өнерпаздармен, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуде сала мамандарына қызметтік пәтерлер берілетіні айтылған болатын. Міне, араға ұзақ уақыт салмай, «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет 40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстаудамыз», – деді Н.Нәлібаев.Айта кетейік, 2024 жыл өңірде «Руханият жылы» деп жарияланып, тек мәдени-көпшілік шараларға ғана емес, ауқымды жобаларға баса мән берілді. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау үшін «Шығармашылық академиясы» салынуда. Жаңа нысандар келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Беларусь елдерінде, еліміздегі белгілі өнер ұжымдарында біліктілігін арттырды. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде табысталуда.«Руханият жылы» аясында барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынуда. Алғашқы орталық Қармақшы ауданында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта басқа аудандардағы орталықтар да іске қосылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/904445
Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушыларына үй берілді 24.12.2024
Бүгін Тәуелсіздік күні аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушыларына 40 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады.Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен қала тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.«Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін мерейлі мереке аясында аймақ жастарына бес қабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі» деп атап өтті.Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасын несиелендіру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді.«Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба.«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» 500 млн теңге қаржы бөлді. Мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болды. Бүгін міне 40 пәтердің кілтін табыстаймыз. Бұл қоныстой – басталған жұмыстың жалғасы. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды.Шаңырақтарыңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын!», – деді Н.Нәлібаев.Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Каюпов батасын беріп, жаңа пәтер иесі, көпбейінді қалалық аурухананың жас маманы Салтанат Сейіткамал көрсетілген қолдауға алғысын жеткізді.Бүгін пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/904446
Комиссиялардың бірлескен отырысы өтті 24.12.2024
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық және төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.Бірлескен отырысқа қала әкімі Азамат Бекет, құзырлы және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты, 12 ауданның әкімдері бейнеконференц байланыс арқылы қосылды.Жиынның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар және мониторинг нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға енгізілген ұсынымдардың орындалуы, Ақтөбе қаласын абаттандыру, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп-ұстау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері.Отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет және Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин баяндама оқыды.Облыс әкімі басқосу қорытындысына сәйкес лауазымды тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/904438
«Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті 24.12.2024
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық, қалалық мәслихаттың, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым, ардагерлер және белсенді жастардың қатысуымен «Тәуелсіздік» монументі мен Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Бұл күні жиналған көпшілік ел азаттығы үшін күрескен ата-бабалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/903436
Шу ауданындағы екі ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды 24.12.2024
Тәуелсіздік күніне орай Шу ауданындағы Төле би және Жаңақоғам ауылдық округтерінде ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты пайдалануға берілді. Осылайша, қос елді мекен тұрғындарының көптен күткен тілектері орындалды.– Ауыз су – ауылдықтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Алайда, дәл осы мәселе Төле би ауылының батыс бөлігінде көптен бері шешілмей келе жатқан түйткіл еді. Бұдан былай мұндағы тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынбақ. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс. Бұл ауылдықтардың сапалы ауыз су тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болады, — дейді құттықтау сөзінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.Мерейлі мерекеде Жаңақоғам ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі де шешімін тапты.Айта кетейік, Жамбыл облысында өткен жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 94,9 пайызды құраса, биыл жыл қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 98,1 пайызға жетеді. Ағымдағы жылы 37 ауылдық елді мекенге тіршілік нәрін тарту көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/903687
Жамбыл облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімін бұзу фактілері екі есеге азайған 24.12.2024
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жай-күйі қаралды.Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек баяндама жасады.Жамбыл облысында жергілікті атқарушы органдар халыққа 286 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.Ағымдағы жылдың 9 айында 9 млн 656 мың 949 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 98,3 пайызы электронды түрде ұсынылған.Бекжан Кеңесбектің айтуынша, мемлекеттік қызметтердің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз ету үшін облыс әкімі аппараты күнделікті мониторинг жүргізеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қызметті көрсету мерзімін бұзу фактілері өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайып отыр.Өңірде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 93,1 пайызы цифрландырудан өткен. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған 26 ақпараттық жүйе жұмыс істейді.Өз кезегінде облыс әкімі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.Атап айтқанда, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына заң талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін қамтамасыз етуді, бұзушылықтарды анықтау, жою және жол бермеу мақсатында мемлекеттік қызметтер көрсету саласында жүргізілетін ішкі бақылау жұмыстарын сапалы атқаруды, сондай-ақ жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыруды міндеттеді.Аппараттық кеңесте Өңірлік жастар кадр резерві жобасының іске асырылу барысы талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/904247
Жамбыл облысындағы шалғай ауылда мәдениет үйі пайдалануға берілді 24.12.2024
Қордай ауданы Қарасай ауылында 180 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді.Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.- Қарасай ауылының жаңа мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналатынына сеніміміз зор, – деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ-кабинет бар, сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.- Бұл мәдениет үйі ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор мүмкіндік береді. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырады деп сенемін. Ауылдың гүлденуіне қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға қариялардың атынан алғысымды білдіремін! – деген ауыл ақсақалы Жұмабек Тоқаев көпшілікке ақ батасын берді.Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады.Ағымдағы жылы 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті.2024 жылдың қортындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызды құрайды (2023 ж. - 82,0%) деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/904311
Уәлиханов ауданында жуырда жаңа емхана ашылады 24.12.2024
Жуырда Уәлиханов ауданының орталығы - Кішкенекөлде жаңа емхана ашылады. Құрылыстың аяқталуын Уәлиханов ауданына жұмыс сапары барысында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тексерді. "Жаңа нысанды шалғайдағы аудан тұрғындары көптен күтті. Осы күнге дейін емхана жарты ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта орналасты, медициналық қызмет тар жағдайда көрсетілетін. Жаңа емханада тіркелген 11 мың адам үшін қолайлы жағдай жасалды. Заманауи қондырғылар – цифрлы рентген, маммограф, УЗИ және басқа аппараттар орнатылды", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.Сондай-ақ ауданға сапар кезінде өңір басшысы әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды, ұн тарту комбинатын аралап, жергілікті шаруалармен кездесу өткізді. Салынып жатқан жабық бассейнінің құрылысын да тексерді. Ғауез Нұрмұхамбетов «Еңбек» бағдарламасы бойынша облысымызға қоныс аударған Рауан Шалқаровтың отбасына қонаққа барды. Келген отбасыға Кішкенекөлде үй сатып алынды. Ал кәсіпкер Зәуреш Сәниева мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасын пайдаланып, аудан орталығында отбасылық дәмхана ашты. Аудан тұрғындарымен кездесуде жыл қорытындысы талқыланып, 2025 жылға арналған жоспарлар белгіленді.Сондай-ақ СҚО әкімі шалғайдағы Қулыкөл ауылында болып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысып, ауыл маңындағы қорғанның дайындығын тексерді. Ауылдықтармен өткен кездесуде сауалдар мен ұсыныстар айтылды, барлық мәселелер бақылауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/903728
Ақжар ауданында медициналық пункт пен ауыл клубы ашылды 24.12.2024
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың Ақжар ауданына жұмыс сапары инфрақұрылымның жағдайын зерделеуге және ауданның даму перспективаларын талқылауға бағытталды. Өңір басшысы республикалық маңызы бар Дәуіт пен Кішкенекөл арасындағы автожолды жөндеу бойынша есепті тыңдады, бұл Ақжар және Уәлиханов аудандарының көлік инфрақұрылымын жақсартпақ. Жоба келесі жылы жалғасады. Жалпы ауданда жол саласында 8 жоба жүзеге асты, жетеуі жалғасуда.Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, астық қабылдау пунктінде аудан диқандарымен кездесті. Маншүк Сеитова Талшықта жол бойындағы кешен ашып, 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның екеуі балалар үйінен келіп, еңбек етіп жүрген жетімдер, олар тамақ пен жатын орнымен қамтылды. Восходское ауылында «Эрсалды» шаруа қожалығының асыл тұқымды репродукторы, «Даньяров» шағын наубайханасы мен жеке кәсіпкер "Анеля" ЖК шағын-маркеті табысты жұмыс істеуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындары үшін медициналық пункт салынып, мәдениет ошағы да толық жөндеуден өтті.Горьковское ауылында да оң өзгерістер орын алуда. «Ақниет Агро и К» серіктестігі әлеуметтік жауапты бизнестің үлгісін көрсетіп отыр. Шаруашылық ауылдықтар үшін 18 үй салып берді. Бюджет есебінен орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ауыл клубы салынды. Аудан тұрғындарымен кездесу өткізіліп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/903792
Саран қаласы тұрғындарының назарына! 24.12.2024
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының тұрғындарымен кездесу өткізеді.Халықпен кездесу 2024 жылғы 18 желтоқсан күні сағат 15.00-де Саран қаласының мәдениет үйінде өтеді.Халықтан сұрақтар мен ұсыныстар жинау үшін жұмыс тобы құрылды. Өтініштеріңізді жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін) (8-72137) 7-40-16 телефоны арқылы қалдыруға немесе sar_apparat@krg.gov.kz электрондық поштасы бойынша жіберуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/903509
Жыл қорытындысы: Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда 24.12.2024
Primeminister.kz редакциясы 2024 жыл қорытындысын жариялауды жалғастырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді тәсілі – маңызды бағыттардың бірі.Әр міндетке басымдық беру2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету, сондай-ақ мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.Негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі айқындалды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыруға, оларды жүзеге асыру мерзімдерін сақтауға және қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауға баса назар аударды.Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеп, бекітті. Құжаттың стратегиялық міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу.Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды:Энергетикалық инфрақұрылым (46 жоба) – жаңа нысандарды жаңғырту және салу, тұрғындарды газбен қамту деңгейін арттыру арқылы сенімді энергиямен қамтамасыз ету.Көлік инфрақұрылымы (59 жоба) – көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту.Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы (89 жоба) – сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту.Цифрлық инфрақұрылым (10 жоба) – инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу.Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және «жасыл» технологияларға көшу2024 жыл Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы маңызды кезеңі болды. Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылды.Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға, 52,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 6 жоба жылумен қамтуға, 8 жоба электрмен жабдықтауға қатысты. Қазіргі уақытта осы жобалардың екеуі – «Ақжайық» ЕТЖК және Орал қаласының ГТС-54 аудандарындағы 110/10 кВ қосалқы стансалары пайдалануға берілді, бұл өңірді энергиямен қамту сенімділігін едәуір арттырды.Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандыру үшін Қазақстан қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықтарды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жөніндегі жобалар пулын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Инвестициялық келісімдер шеңберінде жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданыста, оның ішінде қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайғаннан кейін 13 келісім (жиынтық қуаты 1,4 ГВт) жасалды. Бұл еліміздің энергия жүйесінің қуатын едәуір арттыруға және оның тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.2024 жылы Жүйелік оператор ірі энергетикалық нысандарда бірқатар күрделі жөндеу жұмысын жоспарлады. Жөндеу бағдарламасы аясында электр стансаларында 10 энергия блокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бүгінгі таңда 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 39 турбинада жұмыс аяқталды. 1 энергия блогында, 2 қазандықта және 6 турбинада жұмыс түрлі аяқталу сатысында.2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы жылумен жабдықтау саласында жинақталған кешенді проблемаларды шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық Заңға қол қойды. Заң жылу жүйесі мен жылу энергетикасы объектілері жұмысының тиімділігін арттыруға, халық үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және жылумен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге арналған. Заң шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту және салаға инвестициялар тарту жөніндегі шаралар да көзделген.Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық Қазақстанның экологиялық орнықты энергетика жолындағы ұстанымын нығайтты. 7 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында 1 ГВт жел электр стансасының жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба Жетісу облысында іске асырылады, инвестор халықаралық компания – Acwa Power.2024 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Qazaq Wind Power» ЖШС арасында Жамбыл облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Жобаның негізгі инвесторы – Masdar компаниясы, ал ЖЭС қуаты 1 ГВт құрайды. Бұл келісім Қазақстанның ЖЭК дамыту және көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ қараша айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу жоспарлануда, бұл еліміздегі энергия көздерін әртараптандыру үшін маңызды қадам болмақ. ЖЭК объектілерін салу Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі жасыл технологиялардың рөлін нығайтудағы негізгі кезең болады, бұл еліміздің орнықты дамуына және көміртегі ізін төмендетуге ықпал етеді.Сонымен қатар Қазақстан Катардың қатысуымен жобаларды белсенді дамытуда. 20 наурызда Қызылорда облысында қуаты 1,1 ГВт бу-газ қондырғысы мен Абай облысында қуаты шамамен 350 МВт су электр стансасының құрылысын қосқанда, бірлескен жобаларды іске асыру туралы Катар мемлекетімен үкіметаралық келісімге қол қойылды. 17 сәуірде Ресей Федерациясымен тағы бір Үкіметаралық келісімге қол қойылды, ол Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жиынтық қуаты шамамен 1 ГВт болатын үш жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл ЖЭО еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін жақсарта отырып, Қазақстанның түрлі өңірлерінде сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.Көлік инфрақұрылымы: маңызды нысандарды дамыту2024 жыл Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жөндеу, реконструкциялау және салу жөніндегі ауқымды жобаларды іске асырудағы маңызды кезең болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды, оның 7 мың шақырымы жыл соңына дейін аяқталады. Еліміздің негізгі өңірлері мен халықаралық көлік бағыттарын байланыстыратын төрт маңызды автожол дәлізін реконструкциялаудың аяқталуы жылдың басты жетістіктері ішінде ерекше көзге түседі.Еліміздің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды буын саналатын Қарағанды – Алматы (879 км) автожолын ресонструкциялау аяқталды;Қазақстанның шығысы мен оңтүстігі арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін Талдықорған – Өскемен (768 км) тас жолын рекнострукциялау аяқталды;Батыс Қазақстанда көлік қатынасын жақсартуға ықпал ететін Ақтөбе – Қандыағаш (96 км) учаскесінде жұмыстар аяқталды;Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын Атырау – Астрахан (212 км) автомобиль жолын реконструкциялаудың аяқталуы арқылы халықаралық көлік дәлізінің дамуына үлес қосылды.Жалпы, 2024 жылы жол құрылысының басқа салаларында да айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Жөндеу және реконструкциялау жұмыстары күрделі және орташа жөндеулерді, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардағы жұмыстарды қосқанда, 7,5 мың шақырымнан астам жолды қамтыды.Темір жол көлігі саласында магистралды теміржол желісін жөндеу жұмыстары жалғасуда, 2024 жылы 1401 шақырымға жөндеу жүргізілді (оның ішінде күрделі жөндеу – 570 км, компоненттік жөндеу – 187 км және алдын ала жоспарлы жөндеу – 644 км). Сонымен қатар биыл 143 жолаушылар вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. 2024 жылдың 10 айында Қазақстанға жаңа 113 жолаушылар вагоны жеткізілді, ал жыл соңына дейін тағы 30 вагон жеткізіледі деп күтілуде. Бұл теміржолдардағы жайлылық пен қауіпсіздікті айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 19,2 млн жолаушы және 390,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жолаушылар тасымалы 2023 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсті. Бұл теміржол қызметтеріне деген сенімнің артқанын көрсетеді.2024 жылы туристік сегментті дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» жаңа бағыты іске қосылды. Ол туристерді тартуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени алмасуды популяризациялауға ықпал етеді. Барлық экскурсияны кәсіби гидтер жүргізеді, ал жолаушылардың жайлылығы үшін заманауи автобустар қарастырылған. Бұл жоба ішкі және халықаралық туризмді дамытудағы, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды ынталандырудағы маңызды қадам болды.Өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалы үшін жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың шақырым болатын төрт ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасуда.Олардың ішінде:● «Достық – Мойынты» (жұмыстар 75% аяқталды);● «Алматы айналма желісі»;● «Дарбаза – Мақтаарал»;● «Бақты – Аягөз».Аталған жобалар ішкі теміржол қатынасын дамытуға және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл тауар тасымалдау және логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.2024 жылы елімізде теңіз инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды. Ақтау портында жылына 300 мың ЖФБ өткізу қабілеті бар контейнерлік хаб салынуда. Құрық портында жаңа астық терминалы мен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы басталды. Бұл, өз кезегінде, транзиттік әлеуетті кеңейтіп, Қазақстан порттарының өткізу қабілетін жылына 30 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл жобалардың барлығы мультимодальды логистиканы айтарлықтай жақсартып, дәліздің барлық қатысушыларының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.Жылына 1 млн тонна қуаттылығы бар жаңа астық терминалының ашылуы Қазақстанда транзит пен логистиканы дамытудағы маңызды оқиға болды. Жоба аясында бір уақытта 28 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 18 силос салынды. Терминалдың конвейерлерінің өнімділігі сағатына 300 тонна. Бұл терминал астық экспортын, оның ішінде Қазақстан – Иран бағыты және Кавказ аймағы елдеріне жеткізу көлемін арттыруды қамтамасыз етеді. Жоба логистикалық инфрақұрылымның маңызды элементіне айналып, Қазақстанның сыртқы саудасын кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.2024 жылы Қазақстан әуе көлігін дамытуда маңызды қадамдар жасады. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есе артты (жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін), ал Қызылордада 7 есе өсті (жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін).Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өткізу қабілетін 7,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл инфрақұрылымдық жобалар жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды.Биыл еліміздегі 8 әуежайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау және Павлодар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жөнделді, сондай-ақ Балқаш қаласы әуежайында рулеж жолы мен перрон реконструкцияланды.Аталған жұмыстар ұшу рейстерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.Сонымен қатар жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, еліміздің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.2024 жылы ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба аяқталды:● Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы. Бұл жыл бойы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстанның оңтүстік аймақтары арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартты. ● Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нысанға айналып, өңірдегі елді мекендер арасындағы сенімді қатынасты қамтамасыз етті.● Шамалған стансасындағы жолайырығы теміржол мен автомобиль көлігінің қиылысын алып тастауға мүмкіндік беріп, қозғалыс қауіпсіздігін арттырды.ТХКБ өсуі және дамуыТранскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) тұрақты өсуді жалғастырып келеді. Өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға, оның ішінде 100 мың ЖФБ контейнерлік тасымалдарға дейін ұлғаюда. 2024 жылдың 11 айында жүк тасымалының көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге артып, 50,5 мың ЖФБ құрады. Бұл көрсеткіштер бағыттың айтарлықтай өскенін дәлелдейді.2024 жылы Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Ол инфрақұрылымды дамытуға және бағыттың функционалын кеңейтуге бағытталған. Жаңа платформа ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жұмыс істейтін болады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай сияқты негізгі елдер мен компаниялар белсенді қатысуда. Бұл ТХКБ-ның жаһандық сауда үшін маңыздылығын айқындайды.Өткізу қабілетін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.Интеллектуалды көлік жүйелеріБүгінгі күні Қазақстанда 450 мыңнан астам жүк автокөлігі тіркелген, олар күнелікті ел аумағы бойынша жүк тасымалдайды. Бұл көлік құралдары, әсіресе олардың салмақтық және көлемдік сипаттамаларын ескере отырып, жол жамылғысының жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктемені болдырмау үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдерін тиімді бақылау қажет.Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарлануда. Стансалар тәулік бойы жұмыс істейді және автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл көлік ағынын тиімді бақылауға, шамадан тыс жүктемелердің алдын алуға және республикалық жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта елде 45 АӨС орнатылған, олардың ішінде:● 25 станса «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатылған;● 7 - Астанада;● 1 - Қостанай облысында;● 12 - Үлкен Алматы айналма автожолында (ҮАААЖ) орналасқан.Бұл стансалар ауыр автокөлік құралдарының қозғалысын бақылауға және салмақ-габариттік нормалардың бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс тиімділігін едәуір арттырып, адами факторды азайтады.Қазақстанда бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қозғалыс барысында автокөлік құралдарын автоматты түрде өлшеуге арналған «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер енгізілді. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процессинг орталығымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл әкімшілік процестерді толық автоматтандыруға, оларды барынша ашық әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.primeminister.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/903534
2025 жылы Қарағанды облысында алғашқы жел электр станциясы іске қосылады 24.12.2024
Қарағанды облысы, Осакаров ауданында жел генераторлары бар діңгектерді көруге болады. Өңірдегі алғашқы жел электр станциясын "Гиберборей" компаниясы салып жатыр. Оның қуаты 150 МВт болады. Алдымен жыл бойы қатты жел соғатын орынды таңдау үшін уақыт қажет болды. Биыл жасыл энергетика объектісінің құрылысы басталды, оны 2025 жылы қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Болашақта олардың қатары толуы мүмкін: жел электр станцияларының тағы екі жобасы әзірленуде.Жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін дамыту туралы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов "Әкімдік қайда қарап отыр" youtube-арнасында айтып берді.Аймақта қазіргі таңда бес қондырғы таза энергия өндіріп жатыр. Жел электр станциялары жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларына қосылады.– Осакаров ауданында қуаты 150 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда. Нысан 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Пайдалануға берілгеннен кейін қондырғыға қызмет көрсету үшін 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Жобалар әзірлеу барысында, – деді Азамат Тайжанов. – Әрбір инвестор жобаны іске асырар алдында өлшемдерін жинақтайды. Яғни, бір-екі жыл зерттеуге кетеді. Осыдан кейін ғана жұмысқа кіріседі.Облыс әкімінің бірінші орынбасары жалпы энергетика мен ТКШ-ға қатысты сұрақтарға жауап берді.Инфрақұрылымның тозуын азайту үшін желілерді жаңғырту және жаңаларын салынуда. Биыл жылумен жабдықтауды жақсарту үшін 17 жоба, сумен жабдықтауды жақсарту үшін 40 жоба іске асырылды.– Келесі жылы да бұл қарқынды төмендетпейміз. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы әзірленді. Міндет – 2030 жылға дейін қолданыстағы активтердің тозуын 40%-ға дейін төмендету. Бұл бағытта үлкен жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Азамат Тайжанов.Биыл Қарағандыда үшінші жылу шығарғыш пайдалануға берілді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл алдағы 5–7 жылда қаланың оңтүстік-шығыс бөлігін, оның ішінде жаңа ғимараттарды тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. 20 мыңға жуық жаңа пәтерді жылытуға жеткілікті қуат бар.Сонымен қатар, облыста тұрғын үй құрылысы өсуде. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 500 мың шаршы метр енгізіледі. Қосымша қуаттар үшін энергия көздерін жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жоспарланған. Инвестициялық келісімдер шеңберінде 2028 жылға дейін компаниялар Қарағанды ЖЭО-3, Балқаш ЖЭО және Топар ГРЭС үш станциясында екі жаңа қазандық пен төрт турбина салу бойынша міндеттемелер алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/903601
Қарағандылықтардың халықаралық аренадағы спорттық жетістіктері: ауыр атлет алтын алды және ережесіз жекпе-жек шебері екінші мәрте чемпион атанды 24.12.2024
Қарағандылық Артем Антропов ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол қоссайыс сомасында 400 келі (серпілісте 170 келі және итере көтеруде 230 келі) көтеріп, әсерлі нәтиже көрсетті.Халықаралық біріншілік Манамада (Бахрейн) өтті. 24 жастағы Артем Антропов үшін бұл жеңіс аса маңызды болды, өйткені спортшыны Париж Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігінен айырған өте күмәнді допинг жанжалына байланысты 16 айлық дисквалификациядан кейін ол халықаралық сахнаға оралды.Қарқынды күресте Антропов 399 кг (174+225) нәтиже көрсеткен Катарц Фарес Эльбахты және 395 кг (183+212) нәтижесімен жарысты аяқтаған испандық Маркос Руисті асып өтті.Спортшыны Иван Снегуров жаттықтырады.Ал қарағандылық жас ММА жауынгері Егор Желтов екінші рет Азия чемпионы атанды. Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Манамада (Бахрейн) өткен құрлық біріншілігіне қатысты. 2023 жылғы Азия чемпионы, 2022–2024 жылдардағы Қазақстан чемпионы, 2023 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Егор Желтов Тәжікстаннан келген жауынгерді жеңді. 16-17 жас аралығындағы топта Қазақстан командасы бірінші жалпы командалық орынға ие болды.Болашақ жауынгерді Дмитрий Ермолаев жаттықтырады.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаФото Olympic.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/903696