Бизнес
ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ 02.12.2024
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Сауран ауданында күзгі көшет егу жұмыстары аяқталды. Бұл акцияның негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсарту, жасыл желектерді көбейту және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды нығайту.Сауран ауданына күзгі көшет егу жоспарына сәйкес, 26300 көшет берілді. Оның ішінде 24300 қараағаш және 2000 өрік көшеті дайындалып, ауданның барлық ауыл округтері мен мемлекеттік мекемелеріне бөлініп үлестірілді. Көшеттерді дұрыс егу, оларды күтіп-баптау арқылы ауданның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жергілікті тұрғындар мен мекемелер белсенді түрде атсалысты.Берілген көшеттердің басым бөлігі – қараағаш тұқымдары. Бұл ағаш түрі ауа тазартуға, топырақтың құнарлылығын арттыруға және климаттық жағдайларды жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар қараағаштың көлеңкесі жаз айларында тұрғындарға қолайлы жайлылықты қамтамасыз етеді.Өрік көшеттері де ауданның ауыл шаруашылығында маңызды рөл атқармақ. Өрік ағашы – ауданның климатына жақсы бейімделіп, жеміс беретін ағаш түрі. Осылайша, күзгі көшет егу жоспары тек экологиялық ахуалды жақсартуды ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытуға да оң ықпал етеді.Қоршаған ортаны қорғау және жасыл желек аймақтарын көбейту мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шаралардың болашақта аудан экологиясына үлкен пайда әкелетіні сөзсіз. Жасыл желектерді көбейту, ауаның тазалығын сақтау және табиғатқа деген қамқорлықты арттыру маңызды қадамдар болып саналады. Сонымен қатар бұл бағдарлама халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге, қоғамда табиғат қорғау мәселесіне деген жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894699
«ҚЫЛУЕТ» РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ІШКІ ӘРЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ 02.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралады. Жұмыс барысында рухани-мәдени орталықтан бой көтерген «Қылует» рухани орталығына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде рухани орталықтың ішкі әрлеу жұмыстары жүзгізілуде. Өңір басшысы халық қаражатына салынып жатқан рухани нысанның маңыздылығын атап өтіп, жауаптыларға құрылыс жұмыстарын күшейтуді және сапаны бақылауда ұстауды тапсырды.Алғашқы кезеңнің жұмыстары толық аяқталған. Екінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда. Мешіттің жалпы ауданы – 3,54 га. Мұнда көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, дәрісхана, кітапхана және жатақхана болады. Сондай-ақ мешіт аумағында заманауи оқу орны – медресе, яғни, қарилар дайындау орталығы болады.Құрылысқа барша қазақстандықтар үлес қоса алады.Мешіттің тарихы тереңде жатыр. Түркістанда XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған «Қылует» мешіті болған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт бой көтерген. Кейін келушілердің көбеюіне байланысты 1980 жылы толық сүріліп, қайта салынған. 2020 жылы мешіт жарамсыз деп танылып, бұзылған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894672
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫТАЙДА ӨТКЕН CISCE ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ 02.12.2024
Түркістан облысына инвестиция тарту, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстар Қытай елінде жалғасты. Іссапардың алғашқы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған делегация ҚХР-ның Бейжің қаласында өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.Бұл бизнес шараға ғылым және технология салаларының жетекші өкілдер қатысып, жеткізу тізбегінің алты негізгі бағыты бойынша жетістіктерін көрсетті. Нақтырақ айтқанда, озық өндіріс, экологиялық таза энергия, ақылды көліктер, цифрлық технологиялар, салауатты өмір салты және жасыл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жеткізу тізбегі қызметтерінің жетістіктерін ұсынды.Көрмеде тұрақты даму мен жаһандық жеткізу тізбегін жетілдіруге бағытталған ең озық, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды.Маңызды шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесіп, экологиялық таза технологиялар, ақылды көлік шешімдері және жасыл ауыл шаруашылығын дамыту салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ірі компания өкілдерін Түркістан облысына инвестиция тартуға шақырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894695
Теміртау қаласындағы Дағдарыс орталығынан бір жылда 56 отбасы көмек алды 02.12.2024
Теміртаудың әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік дағдарыс орталығына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде 111 бала тәрбиелеп отырған 56 отбасы баспана мен қолдау алды. Тоғыз адам жұмыс тауып, содан кейін күштерімен пәтер жалдай алды, екі әйел жаңа отбасы құра отырып, жаңа өмір бастады.Орталық зорлық-зомбылық қаупіне тап болған адамдар мен отбасыларға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Көмек алушылардың арасында өмірлік қиын жағдайға тап болған, оның ішінде қатыгездіктен, төтенше жағдайлардан зардап шеккен немесе кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда есепте тұрған отбасылар бар.Орталық 50 орынға есептелген. Ол мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимаратта орналасқан, оған 16 қонақ бөлмесі, демалыс бөлмесі және сәбилерге арналған ойын алаңы, асхана, ас үй және медициналық бөлме кіреді. Қамқорлыққа алынғандарға күніне бес рет тамақтану және білікті мамандардың: психологтардың, заңгерлердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің және еңбек терапиясы бойынша нұсқаушылардың көмегі ұсынылады.— Біз екі маңызды бағытты іске қосқанымызды мақтан тұтамыз, — дейді дағдарыс орталығының директоры Әсел Нәбиева. — Қазан айында отбасын қолдау орталығы жұмысын бастады, оның басты міндеті — қиын жағдайлардың алдын алу, оларды ерте кезеңдерде анықтау. Қараша айынан бастап бізде қоңырауларға жедел жауап беретін мобильді топ пайда болды. Бұл бастамалар отбасыларға тұрақты өмірге тезірек оралуға көмектесу арқылы атаулы және тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894447
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ КӨТЕРУ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ 02.12.2024
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарлама басталғаннан бері сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 1 милионға жуық ағаш отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.Аймақ басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған аудан, қала әкімдерін сынға алды. Тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Оның мәлімдеуінше, бағдарлама аясында сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Арнайы бекітілген кестеге сәйкес аудан, қала аумағында сенбіліктер өткен. Жергілікті әкімдіктер, коммуналдық мекемелер мен өңір тұрғындары бірлесе отырып, өңірдің тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсаруына үлкен үлес қосты.Бүгінгі таңда осы бағдарламаның өңірдегі «телеграмм бот» платформасына 820 өтінім түскен. Оның ішінде, 800 өтінім орындалған. 13 өтінім орындалу барысында болса, 7 өтінім тестілеу режимінен өткен.Биыл қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып, жалпы 305,7 млн теңге айыппұл салынды. Алдағы уақытта да экологиялық заңнамаларды сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайту мақсатында жүйелі шаралар жалғасын табады.Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сәуір айынан бастап жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижелерінде 2 880 қоқыс үйіндісі анықталып, толық ретке келтірілді. Дегенмен кейбір қоқыс жиналатын «ыстық нүктелерде» әлі де қоқыстар тасталуда. Бақылауға алынды.«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іс-шаралардың ұйымдастыру деңгейі жөнінде аудан, қала әкімдерінің рейтингі жаңартылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласы және Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, аудандарының көрсеткіштері жоғары болса, Шардара, Отырар аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Келес, Ордабасы аудандарының көрсеткіштері төмен деңгейде.Қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру бойынша тиімді шаралар қолға алынып, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасады.Сондай-ақ мәжілісте 2024-2025 жылдарға қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық пысықталды. Қазіргі уақытта 6 400-ге жуық шақырым жолға 259 арнайы техника, 655 жұмысшы және 9 мың текше метрден астам құм мен 5 800 тонна тұз дайын. Қыс мезгілінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мен аяқжолдарды қардан тазарту жұмыстарының орындалу барысы қатаң бақылауда болады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894595
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗАҚ-КОРЕЙ БІРЛЕСКЕН БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДА БОЛДЫ 02.12.2024
Түркістан облысында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақ-корей бірлескен білім ордасы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасады. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын бақылады. Өңір басшысы 18 қабатты ғимараттағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты басшылармен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпараттық технологиялар университетінің ашылуы келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған.Жоба «Түркістан» ӘКК» АҚ мен серіктес «BOLD Construction Group» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт негізінде іске асырылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.Айта кету керек, Woosong University – Оңтүстік Кореяда Теджон қаласында орналасқан және әйгілі WOOSONG білім беру қорына тиесілі университет. 70 жылдық тарихы бар ЖОО-да 12 000-нан астам студент білім алуда, 780 профессор біліктілігін арттыруда. Woosong кәсіби және оқу базасын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен ынтымақтасады.Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша да мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894599
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ұлытау облысына келді 02.12.2024
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ұлытау облысына келді. Жұмыс сапарының аясында халықпен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Кездесуге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар өңірдегі экология мәселесін көтерді. Кездесуден кейін Экология және табиғи ресурстар министрі мен Ұлытау облысының әкімі Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, күкірт қышқыл цехын жаңғырту үшін қолға алынған жобамен танысты. Ол ауаға таралатын залалды қышқылдың көлемін азайтуға ықпал етпек. Келесі кезекте министр Ұлытау облысының орталығындағы ботаникалық бақтың жайын бақылады. Бақылау барысында аумағы 70 га-ға жуық орынды тиімді пайдалану, жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жолдары талқыланды. Мақсат – облыс орталығын көгалдандыру жобасын қолға алу. Жұмыс сапарының соңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған салада жұмыс атқаратын мекемелер мен ұйымдардың өкілдеріне жиын өткізді. Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының облыста жалғасып жатқанын және келер жылы облыстың абаттандырылу мен көгалдандырылуына арналатын жобаларға басымдық берілетінін жеткізді. Экология және табиғи ресурстар министрі өз кезегінде полигондардың жұмысын реттеу, өндіріс орындарындағы зиянды қалдықтардың ауаға таралуымен күресу, контейнерлер мен техникалар санын көбейту және Жезқазғанда жасыл белдеу қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Айта кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында өңірдегі экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру үшін Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/894500
Марат Қарабаев тұрғындарды онлайн форматта жеке қабылдады 02.12.2024
Көлік министрлігінің басшысымен ZOOM интернет-платформасы арқылы онлайн форматтағы қабылдауға Астана қаласы, Абай, Қарағанды, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының 12 тұрғыны жазылды.Жеке қабылдауда тұрғындар жол жөндеу мен қаржыландыру, жеке тасымалдаушыларға субсидия беру, елорданың айналма темір жолын салу, сондай-ақ Абай өңіріндегі көліктік бақылау инспекциясының жұмысы туралы сауалдар қойды.Барлық өтініш білдірушілерге толық жауаптар мен түсініктемелер берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/894485
Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік: «ҚазҚСҒЗИ» АҚ тұрғын үйді 9 баллға дейінгі жүктемеге сынайды 02.12.2024
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары Алматы қаласында орналасқан 13 қабатты тұрғын үйге вибродинамикалық сынақтар жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл зерттеулер «РАМС Қазақстан» ЖШС құрылыс компаниясының тапсырысы бойынша орындалады.Қазіргі уақытта ғимаратта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары сынақтарды өткізу үшін дайындық іс-шараларын орындауда.Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің негізгі мақсаты-сейсмикалық жүктемелерге ұқсас жүктемелер кезінде тұрғын үй ғимаратының қабырғалық құрылымдық жүйелерінің өзгеріс ерекшеліктерін зерттеу, сондай-ақ оны жобалау кезінде қабылданған есептік алғышарттардың дұрыстығын тексеру.Жер сілкінісіне төзімділікті сынау барысында тұрғын үйдің конструктивтік схемасы тексеріледі, сынақ процесінде объектінің деформациясының ерекшеліктері мен динамикалық параметрлері анықталады, сондай-ақ әр кезеңнен кейін визуалды тексеру жүргізіледі.Ғимаратты сынау мерзімі-2024 жылдың 26 қарашасынан 6 желтоқсанына дейін. Сынақ нәтижелері бойынша тапсырыс беруші ғимараттың сипаттамаларын талдап және пайдалануға берер алдында анықталған кемшіліктерді жою үшін ғылыми-техникалық есепті қолдана алады.Вибродинамикалық сынақтар (вибро және сейсмикалық платформалардағы шағын ғимараттарды сынауды қоспағанда) қолданыстағы құрылыс жағдайында табиғи ғимараттарды сынауға және нақты жер сілкіністерінен кейін объектілердің жай-күйін теориялық болжау үшін қажетті деректерді алуға мүмкіндік беретін іс жүзінде жалғыз әдіс болып табылады.«ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғимараттар мен құрылыстарға осындай табиғи сынақтар жүргізетін ТМД-да жалғыз институт болып табылады. Институттың қызметі құрылыс объектілерінің сенімділігі мен сейсмикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған, бұл сейсмикалық белсенділігі жоғары өңірлер үшін ерекше маңызға ие.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/894421
«Жаңа формация басшысы» жоба қатысушылары ӨҚМ Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты 02.12.2024
2 желтоқсанда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Nazarbayev Uiversity бірлесіп ұйымдастырған «Жаңа формация басшысы» жоғары лауазымды жетекшілердің қайта даярлау бағдарламасының қатысушылары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты.Бағдарламаның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық құзыреттіліктерін және ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру.Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттық технологияларды енгізу процесімен таныстырды. Өңір аппарат басшылары мен аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру бойынша Ахуалдық орталығының оң тәжірибесі баяндалды. Еске салсақ, су тасқынынан 10 облыс, 47 аудан, 5 облыс орталығы және 224 елді мекен зардап шеккен болатын. 11 987 тұрғын үй мен 5 616 саяжайларға зиян келтірілді. Зардап шеккен аймақтармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2 680 жаңа үй салынды, 5 767 тұрғын үй мен пәтер сатып алынды, 9 156 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді.Одан бөлек, Жәннат Дүбірова «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры», «ТКШ бірыңғай платформасы» және «ТКШ бірыңғай деректер бұлты» жобаларын таныстырды.Вице-министр бақылау, ашықтық, процесстердің оңтайландыруын жақсартудағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландырудың маңызды рөлін атап өтті. Бұл бюрократиялық рәсімдерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге көмектеседі.Сондай-ақ, қатысушылар министрлік жүзеге асырып жатқан жобалар, соның ішінде үлестік құрылыс мониторингі, Бірыңғай төлем құжатын аудан мен ауыл деңгейінде кеңейту мәселелері туралы ақпарат алды.Іс-шара соңында қатысушылар көтерілген мәселелерді талқылап, пікір алмаса отырып, тәжірибелік кейстерімен бөлісті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/894532
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДА ЖАҢА ІСКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ 02.12.2024
Түркістан облыс мен Корея Республикасының арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті. «Korea International Trade Association» қауымдастығының қатысуымен өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы және кореялық 50-ден астам кәсіпкер мен іскерлік және дипломатиялық орта өкілдері, оның ішінде KITA басқарма төрағасы мырза Юн Джин Сик, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов және Қазақстан мен Кореяның түрлі экономика салаларының делегациялары қатысты.Форумның мақсаты – екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, энергетика, инновациялар мен технологиялар сияқты экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау және қазақстандық және корей компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату.Кездесуде Нұралхан Көшеров екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялар мен бизнестің негізгі аймағы ретінде зор әлеуетін ие екенін атап өтті. Өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы мәлімет беріп, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы қолданыстағы жобалар туралы кеңінен баяндады.«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сияқты салаларда Корея елімен ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз инвесторларға ашықпыз және өңір экономикасын дамытуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.Форум аясында G2B және B2B кездесулері де өтіп, нақты жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.Шара Түркістан облысы мен Корея Республикасының экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Өзара пайдалы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894356
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 107 БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІНІҢ ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛДЫ 02.12.2024
Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.– Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатынмын. Мектептердің оқу кабинеттерін жабдықтау, құрылысын уақтылы жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылсын. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Біз бұл саладағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд. теңге (79 мектепке – 1,85 млрд. теңге, 28 балабақшаға – 350 млн. теңге) қаржы қаралған. Қазіргі таңда 107 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 800-ге жетті. Бұл жұмыстар көмірге деген сұранысты 79 мың тоннаға дейін төмендетіп отыр. Ал 2025 жылы тағы 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Оған болжаммен 2 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл жұмыстарды білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен шешу жоспарланып отыр.Облыста балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған.Балалар үшін 30 жазғы сауықтыру лагері (9 мемлекеттік, 21 жекеменшік) қызмет көрсетті. Жазғы сауықтыру жұмыстарын жүйелеу, лагерлерді орталықтандыру арқылы мемлекеттік лагерлерде жаз маусымында қосымша 9 мыңнан аса баланы қабылдау көзделуде.Жыл басында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 1432 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілді. Жалпы облыстағы балабақшаларда 155 992 бала тәрбиеленуде. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар есебіне алынған кейбір балалардың балабақшаларға мүлдем келмейтіні және оған білім бөлімдері арқылы төлем жүргізілгені анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия мақсатсыз 7422 мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған.Мәжілісте мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/894358
Түс пен әсер: Қарағандыда Виктор Аренттің жеке көрмесі өтеді 02.12.2024
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 3 желтоқсан күні сағат 16:00-де суретші Виктор Аренттің жеке көрмесі ашылады. "Палитра нені жасырады" экспозициясында шебердің 120-дан астам жұмысы ұсынылады.Жобаның басты мақсаты – суретші шығармашылығының жасырын жағын көрсету. Әр кенеп бір қарағанда бояғыштағы кездейсоқ түс комбинациялары толыққанды өнер туындысына айналуынан басталады."Осы кішкентай туындыларды қарап отырып, көрермен бояу түске, ал түс эмоцияға айналған кезде түстерді араластыру рәсіміне қатысады. Түс терапиясының көмегімен жағымды көңіл-күйдің жақсы энергиясын шығаратын реңктермен жарқыраған әдемі өнер әлеміне енуге шақырамыз", – дейді ұйымдастырушылар.Көрме 11 желтоқсанға дейін жалғасады.Мұражайдың мекен-жайы: Бұқар жырау даңғылы, 76.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/893884
Желтоқсан айындағы мереке күндері қосымша пойыздар жүреді 02.12.2024
"Жолаушылар тасымалы" АҚ Қазақстанның Тәуелсіздік күніне және жаңа жылға қосымша пойыздарды іске қосады.Қосымша рейстер келесі бағыттар бойынша жүреді:№ 201/202 Астана – Алматы пойызы:- Астанадан осы жылғы 13, 16, 19, 22, 25, 28 желтоқсанында, сондай-ақ 2025 жылдың 1 және 4 қаңтарында;- Алматыдан 2024 жылдың 14, 17, 20, 23, 26, 29 желтоқсанында, сондай-ақ 2025 жылдың 2 және 5 қаңтарында.№ 203/204 Астана – Шымкент пойызы:- Астанадан 2024 жылғы 13, 17, 20, 23, 26, 29 желтоқсан, сондай-ақ 2025 жылғы 1 және 4 қаңтар;- Шымкенттен 2024 жылғы 14, 18, 21, 24, 27, 30 желтоқсан және 2025 жылғы 2, 5 қаңтар.№ 205/206 Ақтөбе – Астана пойызы:- Ақтөбеден ағымдағы жылғы 13, 16, 19, 22, 25, 28 желтоқсан, сондай-ақ 2025 жылғы 1 және 4 қаңтар;- Астанадан 2024 жылғы 14, 18, 21, 24, 27, 30 желтоқсан және 2025 жылғы 3, 6 қаңтарда аттанады.2024 жылғы 13 желтоқсаннан бастап электр пойыздарының қосымша рейстері іске қосылады:- № 7553/6811-6812/7556 Қарағанды – Астана – Бурабай шипажайы жұма, сенбі және жексенбі күндері қатынайды;- № 7509/6805 – 6806/7510 Павлодар – Астана – Бурабай шипажайы – жұма және жексенбі күндері.Анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша, сондай-ақ "Жолаушылар тасымалы" АҚ Instagram – @jolaushylar_tasymaly арқылы тегін алуға болады."Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/893922
Қарағандылық ата-аналар мен балаларға психологтың көмегі тегін көрсетіледі 02.12.2024
Қарағандыда білім басқармасының жанынан ашылған психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда мамандар балалар мен олардың ата-аналарына тегін көмек көрсетеді.Орталық төртінші жыл жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу зертханасының негізінде құрылды. Бастапқыда мамандар педагогтар мен психологтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін аудандар мен білім беру ұйымдарына барды, сондай-ақ бала және ата-ана құқықтары жөніндегі уәкіл білім басқармасының сұрауы бойынша қолдау көрсетті.Психологиялық қолдау орталығында көмек ең алдымен балалар мен ата-аналарға бағытталған, олардың эмоционалды және психологиялық мәселелерін шешуге көмектеседі.– Біз білім беру процесінің барлық қатысушыларына қызмет көрсетеміз. Басты міндет – психологиялық сүйемелдеу жүйесін талдау және білім беру ұйымдарында психологиялық көмек көрсету сапасын арттыру. Біз психологтармен, әлеуметтік педагогтармен, тәрбие жұмысы жөніндегі директорлардың орынбасарларымен, сынып жетекшілерімен тікелей жұмыс істейміз. Енді балаларға, ата-аналарға және педагогтарға арналған арнайы кеңес беру кабинеттері ашылды. Егер бала немесе ата-ана әртүрлі себептермен өз мектебінде психологпен байланысқысы келмесе немесе мүмкін болмаса, бізге тікелей келуге болады, –дейді психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Татьяна Любчанская.Орталықтың ашылуы штатты кеңейтуге мүмкіндік берді, қазір онда бай тәжірибесі мол 11 маман жұмыс істейді. Консультациялар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді шешу үшін кеңістік құруға көмектесетін диалог алаңдары мен форум-театрлары үнемі өткізіліп тұрады.– Бізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кабинет бар. Баланың дамуы туралы кеңес алғысы келетін немесе білгісі келетін ата-аналар хабарласа алады. Біз ПМПК функцияларын орындамаймыз, бірақ диагностикалық көмек пен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Татьяна Любчанская.Орталық сенбі мен жексенбіден басқа күндері сағат 08:30-дан 18:30-ға дейін жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда (шұғыл жағдайларда) психологтар сенбі күндері кеңес бере алады.Келесі телефон нөмірі арқылы жазылу қажет: (8-7212) 60-44-25.Орталықтың мекенжайы: Әлиханов көшесі, 19, 2-қабат.Instagram: @cppkobb. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894135
Қарағанды облысында газға қосылу: қандай жаңа аудандар табиғи газға қосылады 02.12.2024
Қарағанды мен Теміртауда ортақ газға 7621 үй қосылды. Бұл абоненттердің шамамен 60%-ы. Аймақты газдандыру жалғасуда. Облыс орталығында келесі жылы "Күнгей" және "Таугүл" шағын аудандарын газдандыру жұмыстары басталады.Аппараттық кеңесте газ саласының дамуы туралы айтылды.– Қарағанды бойынша 4, 5, 6 іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Теміртау бойынша ІІ кезектің 1 және 2 іске қосу кешендері және І кезектің 4 іске қосу кешендері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шахтинск қаласында АГТЖ және жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды, Северо-Западный кентінде төмен қысымды газ құбыры мен шығу тораптары салынуда, – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м. а. Ұлан Ермеков.Оның айтуынша, Ақтау және Мұстафин кенттерін, сондай-ақ Шет ауданын газдандыру бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жобалар бар. Құрылысты 2025 жылы бастау жоспарлануда.Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов келесі жылы орталық газ қайда тартылатынын хабарлады. Бұл жаңа қаладағы жеке сектордың бірқатар көшелері, атап айтқанда: Космонавт, Пищевая, Гончарная, Кондитерская, Кирпичная, Балқаш, Четская, Рахымов және т. б. Сонымен қатар ескі әуежай ауданында: Шектібаев, Ғабдулла Құлқыбаев, Хайрулла Қабжанов көшелерін газдандыратын болады.– Бұл ұзақ уақыт бойы пешпен жылытуды қолданатын көшелер. Бұл бізге қала орталығында экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Мейрам Кожухов.Сонымен қатар, Кирзавод пен Федоровка аудандарын газдандыру жалғасады."Күнгей" және "Таугүл" шағын аудандарында 133 км газбен жабдықтау желілері салынатын болады. Бұл шамамен 3300 абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Теміртауда тағы бір нысан жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс, деп хабарлады қала әкімі Ғалым Әшімов. Бұл табиғи газды ескі қала мен оң жағалаудағы 1727 үйге жеткізуге мүмкіндік береді. Келесі жылы АБВ кварталының мыңға жуық үйі мен "Горка Дружбы" шағын ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін газ құбырының құрылысы жалғасады.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірді одан әрі газдандыру және тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқынын арттыру жөнінде тапсырма берді.– Тұрғындарға тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіру қажет. Газ тарату желілерін салу бойынша жобалардың сапалы іске асырылуын және уақтылы орындалуын бақылауда ұстау керек, – деп атап өтті өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894169
Қарағанды облысындағы NEET-жастарға арналған мүмкіндіктер 02.12.2024
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында NEET-жастарды жұмысқа орналастыру жалғасуда. Қысқа мерзімді кәсіптік курстар, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады, бос орындар жәрмеңкелері және тағы басқалар өткізіледі.Өз ісін ашуға мүдделі адамдар үшін Қарағанды облысы әкімінің және Шахтинск әкімінің гранттары көзделген. Осының арқасында қалада бірнеше жаңа кәсіпорындар, соның ішінде логопедиялық орталық, шаштараз, сүт өнімдерін өндіру іске қосылды.Мемлекеттік қолдауды сәтті пайдаланудың бір мысалы - Шахтинск тұрғыны Мария Шувурталованың босануға дайындық кабинетін ашуы. Эпидемиолог дәрігер ретінде ол доул курсын оқыған. Сондай-ақ, "Бастау бизнес" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті. Бизнес-жоспар құрған.– Өткен жылдың қараша айында мен миллион теңгеге грант алып, жобаны іске асыруға бірден кірісіп кеттім. Мен жұмыс үшін қажет нәрсенің бәріне тапсырыс бердім және бірнеше айдан кейін кабинет аштым. Ақша барлығына жеткілікті болды. Тіпті өзім күткеннен де көп зат сатып алдым. Басында қиын болды, бірақ мен бас тартқан жоқпын. Қазір менің жобам сұранысқа ие болғанына қуаныштымын, менің білімім босану кезінде әйелдерге көмектесіп, олардан алғыс аламын, – дейді Мария Шувурталова.Шахтинск жастар ресурстық орталығы жұмыспен қамту мәселесін шешуге кешенді қадамды қамтамасыз ете отырып, мансап орталығымен тығыз жұмыс істейді.– 1-ші қарашаға дейінгі жағдайда облыс бойынша Жастар ресурстық орталығына 13 215 жас азаматтар жүгінген, оның ішінде 673 Шахтинск тұрғыны. 11 950 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың әрқайсысы бойынша тегін заңгерлік және психологиялық консультацияларды қоса алғанда, жеке жұмыс жүргізіледі, – дейді Шахтинск Жастар ресурстық орталығы басшысының м.а. Алексей Варзаев. – Биыл біз жұмыссыз жастар санының айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз. Бұл аулаларды аралау, қоңырау шалу, қол жетімді бағдарламаларды түсіндіру нәтижесі. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында оң динамика бар. Біз еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарды мансап орталығына жібереміз. Мұнда олар жұмысқа орналасумен тікелей айналысады.Шахтинск Мансап орталығының директоры Рүстем Манаповтың айтуынша, бос жұмыс орындары жеткілікті, бастысы – жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Қалада "Бірінші жұмыс орны", "Жастар практикасы", "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары табысты іске асырылуда. Осы бастамалардың арқасында көптеген жұмыссыздар, соның ішінде ЖЭО және "Шахтинскводоканал" сияқты кәсіпорындарда жұмыс тапты.Кәсіптік бағдар беру жұмысы үшін балалар үйінде де кездесулер жүргізіледі. Колледж студенттерімен кездесулер өтеді, онда олар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы уақтылы ақпарат алады.NEET-жастармен әлеуметтендіру мен жұмысқа орналасуға бағытталған "Мүмкіндіктер марафоны" жобасы бойынша атаулы жұмыс одан әрі жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894191
Қарағанды облысында 111 ауыл мектебі жаңғыртылды 02.12.2024
Қарағанды облысында 222 ауылдық мектепте 34 мыңнан астам бала оқиды. Желтоқсан айында Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына салынып жатқан жаңа білім ордасы тапсырылуы тиіс. "Ауыл – ел бесігі" жобасы бойынша үш мектепке: Гагаринск ауылына, Ағадыр және Шұбаркөл кенттеріне қосымша ғимараттар салу аяқталуда. Шет және Бұқар Жырау аудандарында ауыл тұрғындары үшін бес жайлы мектеп салынуда.Ауылдық мектептердің дамуы туралы аппараттық кеңесте білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.– Бүгінгі таңда 111 ауылдық мектеп жаңғыртылды, оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық ауылдық мектептер интернетке қосылған, 106-да Starlink спутниктік технологиясы арқылы қосылу жылдамдығы артқан. Қазіргі заманғы жабдықтарға назар аударылады: биыл біз жаңа модификациядағы 48 кабинет сатып аламыз, келесі жылға тағы 42 кабинет жабдықтаймыз, – деді спикер.Үш жылдық қайта қалыпқа келтіру жоспарына 34 ауылдық мектеп енгізілді. Олардың тоғызында жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталады.Гүлбақыт Жүнісова тірек мектептердің тиімділігін атап өтті. Облыс бойынша қазір 130 магниттік мектепті біріктіретін 32 мектеп бар. "Қазақстан халқына" қорымен бірлесіп іске асырылатын тірек мектептерді дамыту жөніндегі жоба жалғастырылатын болады.Бұдан басқа, "Елдің нысаналы мектептерін дамыту", "Мың мектеп", "Қала-ауыл" сияқты республикалық жобалар көмектеседі.Оқушылардың аграрлық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін 65 мектепте "Ауыл шаруашылығына қадам" жобасы жүзеге асырылуда.Ал жеке академия бастамашы болған "Репетитор" жобасы бойынша ауыл мектептерінің түлектеріне ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі.Басқарма басшысы ауыл оқушыларының жетістіктері туралы да айтып берді. Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 9 медаль жеңіп алынды, оның үшеуі алтын.Кадрларға келетін болсақ, биыл "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа 51 жас мұғалім келді.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл мектептеріне жас мамандарды тартуға көп көңіл бөлуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894268
Қарағанды қаласы тұрғындарының назарына! 02.12.2024
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қараганды қаласының тұрғындарымен кездесу өткізеді.Халықпен кездесу 2024 жылы 4 желтоқсанда сағат 15.00-де Кеншілер мәдениет сарайында өтеді.Халықтан сұрақтар мен ұсыныстар жинау үшін жұмыс тобы құрылды. Өтініштеріңізді жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін) (8-7212) 42-36-58, 42-57-09 телефоны арқылы және o.tusupbekov@karaganda-region.gov.kz электрондық поштасы арқылы қалдыруға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894270
Теңіз порттары арқылы дәнді дақылдардың экспортын үздіксіз қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды 02.12.2024
Көлік министрлігіне қарасты теміржол және су көлігі комитеті Ақтау қаласында дәнді дақылдардың экспортын қамтамасыз ету бойынша көшпелі кеңес өткізді. Кеңеске теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, ҚР порттарының теңіз әкімшілігінің, Қазақстан темір жолы, теңіз порттарының, астық терминалдарының өкілдері мен экспорттаушылар, трейдерлер, жүк жөнелтушілер қатысты. Кеңес барысында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы дәнді дақылдарды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және экспорт әлеуетін арттыру, оның ішінде ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттарды беруді жеңілдету жолдары қаралды. Сондай-ақ, тасымалдаушылардың жедел штаб отырысында айтқан фитосанитариялық қызмет регламентін өзгерту және астықты экспорттауға рұқсат беру мәселелері қозғалды. Кеңес қорытындысы бойынша ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттарды беру рәсімін оңайлату бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына жолданды. Бұл тұрғыда Көлік министрлігі апта сайын астық дақылдарының экспортын қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізеді. Айта кетейік, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша дәнді дақылдар экспортының көлемі шамамен 6 млн тоннаны құрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/894360