Бизнес
Қарағандылықтар грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен ҚР кубогында бес медаль жеңіп алды 22.11.2024
Таразда күрестің үш түрінен ауқымды чемпионат өтті. Қарағанды облысынан 29 спортшы қатысты.Біздің өңірден әйелдер күресінде 10 қыз өнер көрсетті. Олардың үшеуі медаль жеңіп алды. 59 келі салмақ дәрежесінде Гүлдана Бекеш алтынға ие болды. 59 және 75 келі салмақ дәрежесінде Зульфия Яхьярова мен Эльмира Сыздықова екі қола медаль жеңіп алды.Грек-рим күресінде аймақтың намысын 11 спортшы қорғады. Ибрагим Магомадов 77 кг салмақ дәрежесінде алтынға ие болды. Қарағандылық сегіз палуанның екеуі бесінші орынға ие болды.– Біз бұл нәтижені қанағаттанарлық деп санаймыз. Әрине, одан да жоғары нәтиже күттік, бірақ бұл кубокқа елдегі ең мықты спортшылар қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Қазақстан мен Азия чемпиондары да болды. Олимпиада чемпиондары мен Әлем чемпиондары ғана болған жоқ, – дейді "Дәулет" күрес түрлері бойынша ОРОБЖСМ басшысының міндетін атқарушы Сағадат Әбдікәрімов. Қазір Кубокта медаль жеңіп алған спортшылар қалпына келуі керек. Осыдан кейін оларды одан да қиын жаттығулар күтеді.– Алда 2025 жылы Қазақстан, одан кейін Азия және әлем чемпионаттары тұр. Біз дайындалып, жаңа жеңістерді күтеміз, – деді Сағадат Әбдікәрімов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/886920
Қарағанды облысында жаңа спорт кешендері мен стадиондар салынады 22.11.2024
Қарағанды облысында спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Қарағанды қаласының Көгілдір тоғандар ауданында 67 гектар аумақта ірі спорт кластері құрылатын болады. Мұнда 10 мың орындық жабық стадион мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді бассейні бар әмбебап спорт кешенін салу жоспарлануда.Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 9 айдағы жұмыс қорытындылары және одан әрі жоспарлары туралы басшының м. а. Рустам Қожабеков айтып берді.– Сегіз ірі спорт нысаны салынуда. Оның ішінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені – Абай ауданының Топар кентінде және Бұқар Жырау ауданының Қарақұдық ауылында пайдалануға берілді. Бірден бірнеше елді мекендерде: Ақтас, Сарышаған, Ғ. Мұстафин атындағы кентте, Приозерск қаласында. Қарқаралыда стадион салынуда, – деді Рустам Қожабеков.Инфрақұрылымды жақсарту үшін "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша Қарағайлы кентінде 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.Биыл облыста жасанды жабыны бар 42 спорт алаңы және 8 көпфункционалды хоккей корты орнатылды.Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жүзу, жеңіл атлетика, боча, арба теннисі, 5x5 футбол және бадминтон секциялары ашылды."Арт-спорт" бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Биыл оған спорттың 23 түрінен 9 мыңға жуық бала қатысты. 2025 жылы қаржыландыруды ұлғайту жоспарлануда, бұл бағдарламаны кеңейтуге және 10 200 баланы қамтуға мүмкіндік береді.Рустам Қожабеков қарағандылық спортшылардың жетістіктері туралы да хабарлады. Бүгінгі таңда ұлттық құраманың құрамына 1145 адам кіреді. Жарысқа қатысу қорытындысы бойынша спортшылар 14 687 медаль жеңіп алды, оның 4693-і алтын.– Облыстың жетекші спортшыларын ынталандыру үшін ай сайынғы ақшалай қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл қолдауды спорттың 30 түрінен 178 спортшы алады. Сондай-ақ спортшыларға жоғары спорттық жетістіктері үшін облыс әкімінің сыйлығы төленеді, – деді Рустам Қожабеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/886770
Иран Шархан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді 22.11.2024
Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкіметтің Азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.Қатысушылар арасында «Nova Цинк» ЖШС және «Экспресс Трейд» ЖШС өкілдері, сондай-ақ «Aurum International Holdings Ltd.» шетелдік инвесторлары болды. Азаматтар минералдық-шикізат базасын дамыту, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алу және келісім-шарттар бойынша сұрақтар қойды.Вице-министр қатысушылардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді, сондай-ақ қатысқандары мен айтқан ұсыныстары үшін алғысын білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/887171
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨЗІНДІК КІРІСТЕР МЕН САЛЫҚТЫҚ ТҮСІМДЕР КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ 22.11.2024
Түркістан облысында өзіндік кіріс көздерін артыру, «көлеңкелі экономикамен» күрес, қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары нәтижесінде өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер көлемі ұлғайды. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.– Бірінші кезекте өзіндік кіріс көздерін арттыру маңызды. Зауыттар, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары осы бағыттағы жұмысты күшейтсін. Екіншіден, салық органдарына тіркелмей жүрген кәсіпкерлерді анықтап, заң шеңберінде тіркеу шарт. Бұл ретте жауапты департамент пен мекемелердің жүйелі әрі табанды жұмысы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаевтың айтуынша, Түркістан облысы бойынша жергілікті бюджеттің салықтық түсімдердің биылға бекітілген жоспары – 162 млрд. теңге. Ал 15 қарашада нақты түскені – 150,6 млрд. теңге. Жылдық жоспардың орындалуы 92,9%-ды құрап, 122,5% немесе 27,6 млрд. теңгеге өскен. Салықтық түсімдерге талдау жүргізу нәтижесінде 15 қарашадағы нақты түсім сомасы 150,6 млрд. теңгені құрады немесе 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 27,6 млрд. теңгеге өсіп отыр.Аймақта корпоративтік табыс салығы бойынша 15.11.2024 жылға бекітілген жоспар 14,6 млрд. теңге болса, нақты түсім 15,4 млрд. теңгені құрап, жоспар 105,3% пайызға орындалды. Ал жеке табыс салығы бойынша жылға бекітілген жоспар 56,3 млрд. теңге болса, нақты түсім 51,6 млрд. теңгені құрап, жосапар 91,6% пайызға орындалды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,9 млрд. теңгеге артқан. 2024 жылға 11,8 млрд. теңгені құрайтын қосымша кіріс көздері болжамдалып, бүгінде 7,2 млрд. теңге өндірілген. Жыл соңына дейін 4,6 млрд өндіріледі деп күтілуде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/887224
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ЖОСПАРЛАНҒАН 23 ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛДЫ 22.11.2024
Түркістан облысында су тасқынының алдын алу барысы тұрақты бақылауға алынған. Арнайы жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгін бұл мәселе облыс әкімдігінде кезекті рет талқыланып, дайындық пысықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға қауіпсіздік шараларын толық атқарып, каналдар мен су көздерін бақылауда ұстауды тапсырды.– Түркістан облысына көктем ерте түседі. Тау қары еріп, суы таситын аймақтарда қазірден дайындықты күшейтіп, арықтар мен атыздарды уақтылы тазалау керек. Каналдардың бәрі тексеріліп, аудан, қала әкімдіктері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Жоспарға енгізілген су нысандары мен су қоймалары жөнделіп, қорғаныс дамбалары реттелуі тиіс. Қолда бар арнайы техниканы қолданып, су тасқыны қауіпсіздігін нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.Мәжілісте ТО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Әскер Сарбатов атқарылған жұмыстарды баяндады. Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарындағы 39 іс-шараның 23-і толығымен аяқталып, 5 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде 66,1 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өтті. 14 шақырым қашыртқы арна күл-қоқыстан тазартылса, 350 метр канал бетондалған. 1,9 шақырым арна түзетіліп, қазылды. Оған қоса 3 дана тоспа орнатылып, 4 жол асты құбыры ауыстырылған.Жалпы облыста инженерлік жоспардан тыс 461 шақырым арық (саны –1203), 654 шақырымды құрайтын каналдар (саны –165), 30 шақырым өткелдер тазалаудан өткізілді. Аталған жұмыстарды жүргізуге 263 техника жұмылдырылған. Су тақыны кезеңіне 109 мың дана қап, 1416 тонна инертті материал дайындалды және төтенше жағдай қауіпі туындағанда тамақ мен тиісті қажеттіліктер үшін ірі кәсіпкерлермен 67 меморандум түзіліп, 141 тонна жанар - жағармай дайындалған.Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен су тасқынына қарсы 23 іс-шара толығымен аяқталған. Аудандарды техникамен қамту, өзен арналарын бұру, реттеу, тереңдету жұмыстары жүрген. Су басу қаупі бар аймақтар түгел бақылауға алынып, тиісті қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылған. Кейбір су нысандарын жөндеу, реттеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған.Су тасқынының алдын алу шаралары жыл бойы жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/887130
Veolia және «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ семинарында Қазақстанның су арналары Су дайындау мен тазарту құрылыстарын басқарудың озық технологияларын талқылады 22.11.2024
Бүгін Астана қ. «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ мен «Veolia» компаниясының су дайындау, су тазарту және кәріз-тазарту құрылыстарын басқарудың заманауи технологияларына арналған бірлескен семинары өтті. Іс-шара әкімдіктердің, су арналарының, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктіріп, тәжірибе алмасу және су технологиялары саласындағы инновациялық шешімдерді талқылау алаңына айналды.«Су ресурстары – тұрақты дамудың негізгі факторы. Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер жағдайында біздің еліміз сапалы сумен жабдықтауды және суды тазартуды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар осы процестерді тиімдірек, экологиялық таза және халықаралық стандарттарға сай етуге ұмтылып отыр. «Veolia» компаниясымен өзара іс-қимыл бізге әлемдік озық тәжірибелер мен технологияларды қабылдауға, сондай-ақ осы маңызды саладағы кадрлық әлеуетімізді нығайтуға бірегей мүмкіндік береді», – деді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы Нурлан Солтамбеков.Семинар Ұлттық жобада көзделген негізгі бастамаларды іске асыруға дайындықтың бір бөлігіне айналды. Жоба аясында өңірлерді олардың ерекшеліктерін ескере отырып дамытуға көп көңіл бөлінеді. Сумен жабдықтау және су тазарту инфрақұрылымын жаңғыртудың тиімді стратегиясын бірлесіп құру үшін әрбір өңірдің мүмкіндіктері егжей тегжейлі талданатын болады.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап өтілгендей, негізгі басымдықтар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті арттыру және жоғары кәсіби кадрлық әлеуетті қалыптастыру болып табылады. Бұл міндеттер ТКШ жүйесін жаңғырту бойынша ұзақ мерзімді жұмыстың негізін құрайды.«Өңірлермен бірге біз объектілерді жаңғыртуға ғана емес, сондай ақ пайдалану процестерін басқаруға да назар аудара отырып, олардың дамуының жолдарын қарастыратын боламыз. Бұл жұмысқа аналитиканы, әсіресе тазарту қондырғыларына кіретін көрсеткіштерді қосу маңызды. Бұл олардың жұмысының тиімділігін едәуір арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», – «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы атап өтті.Veolia компаниясы семинар қатысушыларына су дайындау, ағынды суларды тазарту және су шаруашылығы объектілерін басқару саласындағы озық технологияларын ұсынды. Мамандар шығындарды оңтайландыру әдістері, цифрлық шешімдерді енгізу және әлемнің түрлі елдеріндегі су объектілерін басқару тәжірибесі туралы айтып берді.Негізгі тақырыптардың бірі ағынды сулардың параметрлерін мониторингілеу үшін аналитикалық жүйені қалыптастыру болды. Бұл тәсіл тазарту қондырғыларына жүктемені дәлірек бағалауға, процестерді оңтайландыруға және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Семинар аясында мамандарды даярлау мәселелеріне көп көңіл бөлінді. «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Назарбаев Университеті, ЕҰУ, ҚазБСҚА, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және басқа да білім беру мекемелерімен белсенді ынтымақтасады. Бұл ынтымақтастық заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, қажетті біліктіліктерге ие болатын ТКШ саласындағы мамандардың жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.Сондай-ақ талантты студенттерді практикалық жобаларға қатысуға тарту мүмкіндігі қарастырылуда, бұл оларға құнды тәжірибе алуға және саланың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.Семинар қорытындысы бойынша Қазақстанның су шаруашылығын дамытуда жүйелі тәсілдің қажеттілігі атап өтілді. Мұндай форматтағы іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуі жоспарланып отыр және олар инновацияларды енгізуге, экологиялық жағдайды жақсартуға және және кәсіби кадр резервін қалыптастыруға ықпал ететін болады.«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және «Veolia» сумен жабдықтау және су тазарту инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ оның тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған әрі қарайғы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін мәлімдеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/887016
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде этика мәселелері бойынша семинар өтті 22.11.2024
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кәсіби және іскерлік этика мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шара барысында аппарат басшысының биылғы жылдың 1 қазанында бекіткен Кәсіби мінез-құлық және этика қағидалары талқыланды.Қатысушылар этикалық нормаларды сақтау тәжірибесін, мүдделер қақтығысының алдын алу мәселелерін және азаматтардың сенімін нығайту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, кәсіби және іскерлік этиканың министрліктің оң имиджін қалыптастырудағы рөлі атап өтілді.Семинар министрлік ішіндегі этикалық мәдениетті нығайтуға және кәсіби ортаны жетілдіруге бағытталған өзара ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеумен аяқталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/887080
85 тонна артық жүк: Жамбыл облысында салмақ бақылау тәртібін бұзушыға айыппұл салынды 22.11.2024
Көлік министрлігінің Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ауыр салмақты жел генераторларының бөлшектерін тасымалдайтын «М нефтьСервис» ЖШС-нің көлік құралдарын өлшеді. Өлшеу нәтижесі бойынша орта есеппен алғанда көлікке тиелген артық жүк мөлшері 85 тоннаны көрсетті. Осылайша, ел бюджетіне түсетін қосымша қаражат 26 млн 850 мың теңгені құрады «ҰССО» АҚ геодезисті мен мамандары өлшеу рәсімінде қолданылған таразы жабдығы мен алаңға қойылатын талаптардың сәйкестігін растады. Ауыр жүкті өлшеу тасымалдаушы «М нефтьСервис» ЖШС директорының және Бас көлік прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды.Көліктік бақылау нәтижесі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 22 хаттама толтырылды:1) арнайы рұқсаттағы салмақ параметрлері 85 тоннаға асқаны;2) жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзуы;3) лауазымды адамдарға жұмыс барысында кедергі жасау;4) халықаралық тасымалдауға рұқсат картасының болмауы.Бұған дейін бұл тасымалдаушы өлшеу рәсімінен бас тартып, БАҚ арқылы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты.Естеріңізге сала кетейік, көлік құралдарының салмағын дер кезінде өлшемеу жолдың мерзімінен бұрын тозуына әкеледі. Көлік министрлігі ауыр жүк көліктеріне көліктік бақылауды күшейтеді. Барлық жүк тасымалдаушыларды көлік заңнамасының талаптарын қатаң сақтап, салмақтық және габариттік параметрлерді нормадан асырмауға шақырамыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/887001
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ 22.11.2024
Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.Конференцияның ашылуында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді.Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен конференцияда мәслихаттың рөлі, депутаттардың белсенділігін арттыру және өзге де мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, ұтымды ойлар айтылды.Спикерлер қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркияның Мемлекеттік басқару профессоры Харун Кырылмаз баяндама жасап, келелі ойларын айтты. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мәслихаттардың қазіргі жай-күйі мен атқарған жұмыстарына тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады.Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мазмұнды ойларын бөлісіп, депутаттарға жүктелген жауапкершілік жоғары екенін жеткізді. Аудан, қалалардан келген жергілікті мәслихат депутаттарына жігер беретін және тәжірибесін шыңдайтын ойлар айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.30 жылдық құрметіне арналған жиында бір топ азаматқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағының куәліктері тапсырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары тапсырылды.Конференция соңында осы жиынға қатысқан мәртебелі меймандар мен ел ағалары, депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» аллеясына шынар ағашының көшеттерін отырғызды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886829
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ «АЛТЫН КҮЗ - 2024» МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ 22.11.2024
Келес ауданы, Абай ауылында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Алтын күз - 2024» мерекесі атап өтілді. Жәрмеңкеде шаруалар, саланың үздік кәсіпкерлері өздерінің азық-түлік өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.Жәрмеңкеге аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.Салтанатты жиында аудан әкімі жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, ауыл округ әкімдіктері мен үздік шаруаларды марапаттады. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 46 млрд 925,3 млн.тг құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 30 758,3 млн.тг құраса, мал шаруашылығының үлесі 15 687,8 млн.тг болды. Сондай-ақ, биыл Келес ауданы бойынша жалпы 22 871,5 га егіс егілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886899
ТҮРКІСТАН: «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ ЖӘНЕ ТӘУЕЛДІЛІКПЕН КҮРЕС» ТАҚЫРЫБЫНДА ФОРУМ ӨТУДЕ 22.11.2024
Түркістанда Қаржылық мониторинг агенттігінің үйлестіруімен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп. Экономикалық қауіпсіздік: «Қаржылық сауаттылықты арттыру және тәуелділікпен күрес» республикалық форумы өтіп жатыр.Форумның мақсаты – халық арасында қаржылық мониторинг органдарының оң имиджін қалыптастыру, «AML ACADEMY» қаржылық мониторинг академиясының әлеуетін көтеру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастар арасында құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетін қалыптастыру, ойынқұмарлықпен қаржылық пирамидалардың алдын-алу және кибергигиенаны сақтау әдетін қалыптастыру.Форумға қала әкімі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, қоғамдық пікір көшбасшылары, спортшылар, «Жастар ресурстық орталықтары», Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлары, ҚР Мәдениет қайраткерлері, танымал кино және театр жұлдыздары, медиа тұлғалар, оқытушы-профессорлар, дін өкілдері қатысты.Аталған форум аясында флэшмоб, панельдік сессиялар интеллектуалды ойын және Гала-концерт өткізіледі. Флэшмоб Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығы, О.Жарылқапов атындағы орталық стадион, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және Халықаралық туризм және меймандостық университеттерінде ұйымдастырылды.Форумда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды жат әдеттерден аулақ болуға шақырды.Түркістан облысы аумағында орналасқан 1000 мектеп және 50 колледждің 500 мыңнан астам шәкірті бір мезетте өздерінің лудомания және синтетикалық есірткіге қарсы екендерін жеткізіп, челленджді еліміздің өзге өңірлеріне жолдады.Форум соңында Түркістан облысының экономикалық қауіпсіздігін сақтауда елеулі еңбек еткен азаматтарға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886903
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДА КӨШЕ БОЙЫНА 2 ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҒЫН ТАСТАҒАН ТҰРҒЫН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ 22.11.2024
Түркістан қаласының полицейлері 2 күн бойы «Тазалық» рейдтік іс-шарасын өткізіп, 168 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 146 жайт тіркелді. Абаттандыру қағидасын бұзған 3 тұрғынға айыппұл салынса, 12 тұрғынға ескерту берілді. Ал жолдарды және жол жабындыларын ластаған 7 тұлғаға айыппұл салынды.Мәселен полиция 18 қараша күні облыс орталығы көшелерінің бірінен құрылыс қалдықтарын байқады. Бірден тексеру шараларын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын бұзған жергілікті тұрғынды анықтады. Ол үйіне жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін 2 тоннаға жуық қалдықты көше бойына тастай салған. Қала тазалығына нұқсан келтірген тұрғынға заң талаптарына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өткізілді. Мақсат – қала аумағында абаттандыру және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың алдына алу, нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Іс-шараға поициямен қатар әкімшілік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер, көпқабатты тұрғын үй тұрғындары мен кәсіпкерлік нысан иелері және еріктілер қатысты. Бұл бағыттағы шаралар өз жалғасын таба бермек.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886906
«Субконтракт биржасы-2024»: тау-кен металлургия машина жасау орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды 22.11.2024
Астанада «Субконтракт биржасы – 2024» іс-шарасы өтті. Биржа алаңында ірі жер қойнауын пайдаланушылар, отандық тауар өндірушілер, жүйе құраушы кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.Іс-шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ұйымдастыруымен өтті. Биржаның басты мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдерінің ірі отандық компаниялармен тиімді байланыс орнатуына арналған B2B алаңын құру болып табылады. Мұндай ынтымақтастық өнім өндіру мен жеткізу саласында кооперациялық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.Биржаның ашылуына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ермек Маканов және ТМК саласының ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты.Вице-министр Олжас Сапарбеков өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік сатып алуда жергілікті үлесті арттыру мен оффтейк келісімшарттарын толыққанды іске қосу маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, елде ірі бизнес төңірегінде шағын және орта кәсіпорындарды дамытуға зор әлеует бар. Ұзақ мерзімді келісімшарттар жергілікті тауар өндірушілерге өндірісін жоспарлауға, жаңғыртуға инвестиция салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, О.Сапарбекова министрлік тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, жергілікті үлесті дамыту бағдарламаларын әзірлеуді және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған келісімшарттар жасауды қарастыратын түзетулер дайындалған. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін кепілдендірілген түрде сатуға және ішкі нарықтағы тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Өз кезегінде, отандық өндірушілерге өндіріс көлемін ұлғайту, жоғары сапалы және нарық талаптарына сай өнім шығару міндеттері қойылады.Субконтрактілер биржасының негізгі тақырыбы – ірі тау-кен өндіру кәсіпорындары мен қазақстандық тауар өндірушілер арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері болды. Мұндай ынтымақтастық металлургия, машина жасау, химия, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп сияқты өңдеу салаларының жүктемесін арттыруға көмектеседі.Биылғы жылы ТМК кәсіпорындары мен отандық өндірушілер арасында 108 миллиард теңгеден астам сомаға 246 ұзақ мерзімді келісімшарт және 25 миллиард теңгеге жуық 39 оффтейк келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіштер негізінен ГМК кәсіпорындарының есебінен қалыптасқан.«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының басқарма төрағасы Берік Бекенов мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, олардың отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін таныстыруға және тиімді өндірістік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.«Субконтрактілер биржасы отандық өндірушілердің ірі тапсырыс берушілермен байланысын нығайтуға, тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді», – деді орталық басшысы.Іс-шара барысында QazIndustry мен жер қойнауын пайдаланушылар («Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG) арасында өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті үлесті арттыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, бұл құжат QazIndustry базасында бірыңғай аналитикалық орталық құруды көздейді. Орталық жүйелі шараларды әзірлеп, барлық жер қойнауын пайдаланушыларды осы жұмысқа жұмылдырумен айналысады.Биржа барысында жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асатын ұзақ мерзімді және оффтейк келісімшарттарға қол қойылды. Олар тау-кен техникасына қосалқы бөлшектер, панельдер, түрлі құбырлар, сондай-ақ тоқыма бұйымдары, төсек-жабдықтар мен эмаль сымдарын жеткізуді қамтиды.Сондай-ақ, Биржаның іскерлік алаңында B2B-кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде шағын және орта бизнес өкілдері тапсырыс берушілермен өнім өндіру және жеткізу мәселелерін талқылап, байланыстар орнатып, өзара ақпарат алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/886805
Ақтөбеден Атырауға күн сайын ұшақ қатынайтын болды 22.11.2024
QAZAR AIR әуекомпаниясы 1 желтоқсаннан бастап Ақтөбеден Атырауға күнделікті тұрақты рейстерді келесі кесте бойынша орындайтын болады: Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері: IQ 395 Ақтөбе (17:50) – Атырау (19:10)IQ 396 Атырау (19:50) – Ақтөбе (21:10) Сейсенбі, бейсенбі сенбі және жексенбі күндері: IQ 395 Ақтөбе (09:10) – Атырау (10:40)IQ 396 Атырау (14:50) – Ақтөбе (15:50) Әуебилеттің құны бір бағытқа 13 000 теңгеден басталадыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/886754
Бұқар Жырау ауданында кезекте тұрғандарға жаңа пәтер кілті табысталды 22.11.2024
Бұқар Жырау ауданы Ақбел ауылында төрт отбасы пәтер кілтін алды. Бақытты жандардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан, көпбалалы отбасылар мен кезекте тұрғандар бар.Ауыл тұрғындары үшін заманауи жартылай жеке үйлер салынды. Әрқайсысында үш бөлме және жуынатын бөлме бар. Жалпы ауданы – 80 ш. м.– Пәтер бала кезінен мүгедек қарындасыма бұйырды. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен бақыт. Енді оның өз баспанасы бар. Бұл қолдау үшін мемлекетке рахмет! – дейді Ғабиден Әуеспеков.Көп балалы ана Мәншүк Сайкенова жеті жыл кезекте тұрған.– Менің үмітім ақталды. Балалармен біздің қазір өз үйіміз бар екеніне өте қуаныштымыз. Кең бөлмелер, барлығы дайын, тіпті жуынатын бөлме де үйдің ішінде, – деп бөлісті ол.Тұрғын үй құрылысын "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ қаржыландырды. Мұндай үйлер Ботақара кентінде, сондай-ақ Үміткер және Жаңақала ауылдарында берілген. Жыл соңына дейін Көкпекті ауылы мен Ботақара кентінде әр ауылда 10 жанұядан тағы 20 отбасына кілттерді тапсыру жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/886502
Қарағандыда тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін тағы бір орталық ашылды 22.11.2024
Қарағандының Оңтүстік-Шығысында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін орталық ашылды. Бұл ҮЕҰ мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік жобасы.Басқарманың мәліметінше, қараша айынан бастап "Қамқорлық орталығы” ҚБ-мен шарт жасалды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қоғамдық бірлестік өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету бойынша қызметтер көрсететін болады."Қамқорлық орталығы" ҚБ директоры Дархан Әбдірахманның айтуынша, қызметкерлер күн сайын Қарағанды көшелерімен жүріп, үйсіздерді іздейді. Деректер тіркеледі, қажет болған жағдайда сауалнама жасайды, учаскелік кеңсеге жүгінеді. Сондай-ақ оларға жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге көмек көрсетеді, тамақ және киіммен қамтамасыз етеді, орталықта орын береді.– Біз көбінесе келіп түскен адамдарды емдейміз, содан кейін жұмысқа орналастырамыз. Мысалы, олар теміржол вокзалынан ер адамды әкелді. Ол өмір сүретін жері жоқ екенін, ешқандай туыстары жоқ екенін түсіндірді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, құрылысшылар даңғылында екі жыл бойы ер адамның қаңғы жүргенін білдік. Ол түрмеде жазасын өтеп жатқанда, ағасы отбасымен бірге ата-анасының пәтерін алып қойған. Жазасын өтеп, босаған кезде оның өмір сүретін жері болмаған. Ол бізге жеткізілді, жуындырып, шашын қиып, таза киім берілді, енді оны емдеу керек, өйткені оның аяқтарында проблемалар бар. Кейінірек, егер денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, біз оған жұмыс беруші баспана беретін жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Бізге тағдырлары түрлі адамдар келеді.Дархан Әбдірахман атап өткендей, қазір орталықта 20-дан астам адам тұрады. Олардың саны үнемі өзгеріп отырады, кейбіреулері әлеуметтік емес өмір салтын ұстануға дағдыланғандықтан кетіп қалады. Содан кейін өз бетінше бас тарту туралы акт жасалады. Бірден түзу жолға түскісі келетін және өмір сүргісі келетін адамдар бар. Бұл негізінен әйелдер. Жобада барлығы 100 адамға көмек қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/886556
Қарағанды облысы әкімінің грант иегерлері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда 22.11.2024
Жыл сайын конкурс қорытындысы бойынша жастарға бизнес-бастамаларын іске асыруға Қарағанды облысы әкімінің гранттары беріледі. Өткен жылы 50 бинесін жаңа бастаған кәсіпкер қолдау алды. Грант иегерлерінің арасында әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындар және ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмектесетіндер бар.Қарағандылық Гүлшат Әлімжанова мамандығы бойынша логопед. Гранттар туралы біліп, конкурсқа қатысуға шешім қабылдап, жеңіске жетті. Алған 2 млн теңгені Майқұдықта түзету кабинетін ашуға жұмсаған. Қазір онда үш маман жұмыс істейді: логопед, дефектолог, АВА-терапевт. Олар балалармен сабақты қазақ тілінде өткізеді.– Әлеуметтік желілерде гранттар беруге арналған конкурс туралы хабарландыруды көрдім. Мен “Неге тырыспасқа?” деп ойладым. Кабинет ашу идеясы болды. Менің тәжірибем бар, балабақшада 12 жыл жұмыс істедім. Талдау жасадым. Майқұдықта дамыту орталықтар бар, бірақ мемлекеттік тілде мамандардың жетіспеушілігі зор. Мұны қолжетімді ету үшін өз орталығымды ашқым келді, – деді Гүлшат Әлімжанова.Қазір кабинетке екі жастан асқан 30 бала келеді.Рымжан Аринова бірінші сыныпта оқитын ұлын алып келді.– Қыркүйектен бастап барамыз. Өте ризамын. Кейбір дыбыстарды айтуында проблемалар болды. Қазірдің өзінде прогресс көріп отырмын, қиындықтар жойылды, – дейді баланың анасы.Болашақта әлеуметтік бизнестің негізін қалаушы кеңейіп, физиотерапия мен сенсорлық терапияны қосқысы келеді.Тағы бір әлеуметтік кәсіпкер – Саран қаласының тұрғыны Анар Гизатулина. Ол да "Уникум" даму ерекшеліктері бар балаларға арналған түзету кабинетіне гранттық қаражат салды. Күн сайын он балаға дейін келеді. Олармен логопед-дефектолог, психолог, сенсорлық терапевт жұмыс істейді.– Мен білім беру мұғалімімін және ерекше баланың анасымын. Мен инклюзия мен түзету әдістерінің бүге-шігесін жақсы білемін. Сондықтан мен мұндай жобаны іске асырамын деп шештім. Біз қазірдің өзінде нәтиже көріп отырмыз. Балалардың даму және әлеуметтену тұрғысынан өте жақсы оң динамикасы байқалады. Біз әр балаға жеке көзқарас табуға тырысамыз, – деп атап өтті Анар Гизатулина. – Біз сондай-ақ ата-аналармен жұмыс істейміз, оларға көптеген мәселелер бойынша кеңес береміз. Оларға бұл өте қажет, өйткені көп жағдайда білім жетіспейді.Қазір Қарағанды облысы әкімінің кезекті гранттарына өтінімдер қабылдау жүріп жатыр. Ол 29 қарашаға дейін жалғасады. 18–34 жас аралығындағы облыс тұрғындары қатыса алады.– Биыл конкурс жаңартылған форматта өткізіледі. Гранттар мәдениет, ғылым, ақпараттық технологиялар, бизнес сияқты бағыттар бойынша берілетін болады. Қатысушылар арнайы конкурстық комиссия алдында бизнес-жобаларды қорғауы тиіс. Жобаларды іріктеу, бағалау кезінде өзектілігі, сұранысы, әлеуметтік әсері ескеріледі, – дейді Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Ұлан Омаров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/886649
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ 22.11.2024
2024 жылғы 19 қараша күні Мәскеуде Көлік апталығы аясында Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Тілеубекұлы Ластаев өңірлік және халықаралық көлік ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар негізгі іс-шараға қатысты.«ТМД плюс «Көлік ынтымақтастығы: өзара байланыс, тұрақтылық, тиімділік» пленарлық талқылау аясында ТМД мемлекеттері мен көршілес өңірлер арасындағы көлік байланыстарын нығайтудың негізгі мәселелері талқыланды. Талғат Ластаев сөзінде жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға, елдердің транзиттік әлеуетін дамытуға және экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал ететін тұрақты және тиімді көлік жүйесін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Үйлестіру көлік кеңесінің (ҮКК) 44-ші отырысында халықаралық логистиканы дамытуға атсалысу, көлік саласын цифрландыру, жолаушылар тасымалы перспективалары, ТМД елдері арасындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелері қаралды.Жиындағы негізгі мәселе — ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің Көлік үйлестіру кеңесінің (КҮК) өкілетін кеңейту.Бұдан басқа, Вице-министр ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің Көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің 8-ші отырысына қатысты. Қатысушылар Одақтың көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін, соның ішінде көлік дәліздерін дамытуды, инфрақұрылым жобаларды іске асыруды, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бастамаларды талқылады.Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасының интеграциялық процестерін нығайтуға және көлік саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Қазақстан өңірдің орнықты экономикалық өсуіне ықпал ететін бірыңғай көлік кеңістігін құруға бағытталған Стратегиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/886692
ТҮРКІСТАНДА ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫНЫҢ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ 22.11.2024
Түркістанда ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» әдеби-сазды кеші өтті. Шығармашылық кешті жүргізу үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов жүргізді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады.– Қасиетті Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары, қаламгерлер аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Ханбибі апамыздың орны ерекше. Өздеріңізге белгілі, қазір Түркістанда руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа өнер ұжымдары құрылып, өңірімізден шыққан тұлғалардың шығармашылық кештері өткізіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – бүгінгі өнер мерекесі. Сіздің қазақ өнеріне, ел руханиятына береріңіз мол. Шығармашылық қуатыңыз артып, елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген Ертай Кенжебекұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстап, құрмет көрсетті.Алдымен қатысушылар арнайы жасақталған кітап және фото көрмеден Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығымен танысты. Содан соң үлкен сахнадан «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Жаңа леп» ұжымы сахналаған «Өмірге ғашық жүрекпен» сазды-поэтикалық қойылымды тамашалады. Кеш иесі өлең оқып, оқырман қауымға алғысын білдірді.Кеш барысында қаламгерлер мен аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, «Құрмет» орденінің иегері Хадиша Шалабаева, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Қалыбекова ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Поэтикалық қойылымдар да көптің көңілінен шықты.Айта кетейік, әдебиет – ұлттың жаны, рухы, бар бітім-болмысын айшықтап тұратын ерекше құбылыс екені белгілі. Ханбибі Есенқарақызы – қаламның қуаты арқылы қазақ әдебиетінің маңдайалды қаламгеріне айналып үлгерді. Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнап, қазақ әдебиетінің қайталанбас туындыларын жарыққа шығарды. «Нурикамал», «Алтынай» сияқты туындылары талай жалынды жастың сезімін тербеп, ел жүрегінің төрінен орын алған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886517
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 48 000 ЖАСТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ДӘРІСТЕР ӨТКІЗІЛГЕН 22.11.2024
Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында есірткінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді талқылау мақсатында Үйлестіру кеңесі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, СЖҚІҚД бастығы Мұрат Төлеубаев және басқа да құзырлы орган басшылары қатысты.Кездесу барысында есірткіге қарсы іс-қимыл, алдын алу мәселелері қаралды. Есірткі, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстар мен атқарылған жұмыстар талқыланды. Орган басшылары тарапынан баяндамалар оқылып, жұмысты ширату жолдары айтылды.Прокоратура тарапынан есірткіге қарсы күресті күшейту бойынша тиісті ескертпелер мен ұсыныстар берілді. Облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов полицияның жұмысы нәтижесінде жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 650-ден астам дерек тіркеліп, 330 келіден астам есірткі тәркіленгенін және есірткі қылмыстарын болдырмау мақсатында 48 000-ға жуық оқушы мен студенттің қатысуымен профилактикалық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.Жалпы Түркістан облысының полициясымен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында телеграм каналда анықталған 34 интернет дүкеннің қызметі тоқтатылды. Ал киберқадағалау бағдарламасы арқылы 104 сайт бұғатталған.Кеңесте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әкімдік тарапынан есірткінің таралуын шектеу және алдын алу бағытындағы идеологиялық және түсіндіру жұмыстары, өңірде атқарылған іс-шаралар туралы баяндады. Жастар арасында түрлі форматтағы жиындар, іс-шаралар өткізілгенін, есірткіге қарсы ақпараттық жұмыс тұрақты жүріп жатқанын мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау, Білім басқармаларының басшылығы тарапынан да тиісті мәліметтер беріліп, ұсыныстар қаралды.Үйлестіру кеңесінің мүшелері жиын барысында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды, жастар мен оқушылар арасында тәрбие жұмыстарын және дәрістерді күшейтіп, бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886522