Enbekshi QazaQ

Бизнес

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТЫ ТАЗАЛАУ, КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ 18.11.2024
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізілуде. Келесі жылы да облыс көлемінде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасып, жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы саладағы мәселелер талқыланды. Маңызды жиында өңір басшысы тазалық пен абаттандыру шараларын тек сенбілікпен шектемей, осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырды.– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын келесі жылы да жалғастырып, апта сайын пысықтап отырамыз. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек. Әсіресе, облыс орталығы – Түркістан өзгелерге үлгі болуы тиіс. Бұл ретте полицияның да белсенділігі талап етіледі. Индустриалды аймақтарды тазалап, көгалдандыруды тапсырғанмын. Инвесторлар тарту үшін тазалық маңызды. Жұмысты ширатыңыздар. Күзгі ағаш егу науқанын сапалы атқару да маңызды. Осы аймаққа жерсінетін, өсетін ағаштар отырғызылуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.Мәжілісте Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалығына жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы баяндады.Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 732 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жылға бағдарлама аясында барлық мемлекеттік және жеке секторды қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара тек сенбілікпен шектелмей, бағдарламаны жаңа үлгіде өткізу бойынша Жол картасы әзірленуде.Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда, 546 өтінім түскен. Оның ішінде: 529 өтінім орындалған, 1 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылды.Облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістан қаласындағы индустриалды аймақты секторларға бөліп, ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңға 60 гектардан астам аумақ ретке келтірілді. Сондай-ақ бұл аймақта сенбі күні бекітілген басқармалар бірлесіп, жүмыс істеді. 880 ағаш отырғызылды және 2 шақырым жол бойы тазаланып, 1 шақырымнан астам жол жиегі әктелді. Бұл сенбілікке 9 басқарма немесе 315 мемлекеттік қызметшілер атсалысты.Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 113 мыңнан астам хаттама толтырылып 305,7 млн. теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1 381 ескерту және 647 айыппұл салынған. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда.Жиында облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/885306
«АЛМАТЫ-ТҮРКІСТАН-ТАШКЕНТ» ТУРИСТІК ПОЙЫЗЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ 18.11.2024
Елімізде «Жібек жолы» туристік теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша жүреді. 16-20 қараша күндері өтетін алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды. Енді туристік пойыз ай сайын қатынайтын болады.Жолаушыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, қала ішіндегі саяхат ұсынылады. Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Саяхат - туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Туристер Түркістанды бір күн, Ташкентті екі күн аралайды.Саяхат барысында туристер Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесіне, Керуен Сарай кешені мен Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат жасайды. Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы Хазірет Имам кешенін, Төле Би кесенесін, Әмір Темір және Тәуелсіздік алаңдарын аралайды. Одан бөлек, Ташкент қаласындағы көрікті жерлерге барады.Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін пойызда фильм көруге, ән тыңдауға және кітап оқуға арналған vputi.kz мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады.Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/885258
ТӨЛЕБИ АУДАНЫ: КҮЗГІ МАУСЫМДА 28 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ 18.11.2024
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында Төлеби ауданында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен төлебиліктер кезекті сенбілікте белсенділік танытып, күзгі тал көшеттерін екті. Аудан көлемінде жүргізілген тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері атсалысып, әрбір ұжым өздеріне бөлінген аумақтарды қоқыстан тазартты.Күзгі маусымда ауданда 28 мыңға жуық тал көшеті егілуде. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен алынған айлант, үйеңкі, шаған, қарағаш, терек, арша көшеттерін егуге аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, ерікті жастар жұмылдырылды.Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/885261
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 52 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ 18.11.2024
Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, пайдаланып жатқан жерлерді қайтару бойынша ведомствоаралық кіші топтың құрамы жүйелі жұмыстар атқаруда. Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2024 жылға облыс бойынша 60 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 51,3 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің баяндауынша, өткен жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жайылым тапшылығы 608 мың гектарға дейін төмендеді.Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе отырып, жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруды тапсырды. Жерді тиімді пайдалану керектігін ескертті.Биыл өңірдегі қоғамдық жайылым көлемін екі бағыт бойынша 304,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша жалпы 64 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, есепті мерзімге 49,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 10 айда жоспар 70 пайызға орындалды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Келес, Созақ, Отырар аудандарында төмен деңгейде.Екінші бағытта жалпы қоғамдық жайылым қажеттілігін 240 мың гектарға төмендету бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру, мал бордақылау алаңдарын ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шалғайдағы маусымдық жайылымды ұйымдастыру арқылы қоғамдық жайылым қажеттілігі 95,5 мың гектарға төмендетілді.Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ тарапынан Ордабасы, Отырар, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді.Елді мекендерді дамыту бағытында Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекеніндегі мал бордақылау алаңдарын елді мекеннің сыртына көшіру бойынша жалпы 587 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару қарастырылған. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан 255 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/885267
Бұқар жырау ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 медициналық нысан салынады 18.11.2024
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында жеті ФАП, төрт дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт ашылады. Құрылыс жұмыстары басталды. Биыл Самарқанд ауылында дәрігерлік амбулатория мен Тасауыл ауылында медициналық пункт іске қосылады.2025 жылы Ақбел, Байқадам, Белағаш, Құрылыс, Сарыарқа, Сарытөбе, Тұзды ауылдарында жаңа ФАПтар пайда болады. Гагаринское, Тоғызқұдық және Центральное ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар пайда болады. Ақөре, Красная Нива, Ынтымық ауылдарында медициналық пункттер жұмыс істей бастайды.Медициналық мекемелерде физиотерапия кабинеті мен дәріхана болады және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Олар шалғай ауылдардың тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында Новоузенка ауылында дәрігерлік амбулатория мен Ақтөбе, Қарақұдық ауылдарындағы фельдшерлік пункттер пайдалануға берілген болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/885014
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласына бағытталған инвестиция көлемі 5 есеге артты 18.11.2024
Ағымдағы жылдың тоғыз айында ауылшаруашылығы машиналарын жасау секторындағы кәсіпорындардың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 есе артып, шамамен 5,5 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.Инвестициялардың негізгі бөлігі Түркістан облысына (2,3 млрд теңге немесе жалпы республикалық деңгейдің 42%) және Қостанай облысына (1,9 млрд теңге, 35%) тиесілі болды.Биыл Түркістан облысында «BNK Group Ltd» ЖШС-нің 1 450 млн теңге инвестиция көлемімен және 20 жаңа жұмыс орнын құра отырып жаңбырлату жабдықтарын өндіру (екінші кезең) жобасы іске асырылды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 960 машинаны құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/885060
ТҮРКІСТАНДА ХХVI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ РОМАНСИАДАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ 18.11.2024
Түркістанда халықаралық ХХVI «Қазақ романсиадасы» жас орындаушыларының байқауы өз мәресіне жетті. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мұндай халықаралық байқаулардың маңызы жоғары екеніне тоқталып, желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына жолдама алған Гран-при иегеріне табыс тіледі.Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ауызбіршілікті сақтау, ұлтаралық достықты нығайту мақсатындағы бастамалары аясында ұйымдастырылып отыр.Түркістан облыстық әкімдігі мен «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен 60 үміткер қатысып, байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынады. Қазақ және орыс тілінде романс орындаған үміткерлердің өнеріне Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауы идеясының авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенская, Өзбекстанның халық әртісі, Науаи атындағы мемлекеттік академиялық үлкен театрдың жетекші солисі Аваз Раджабов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Игорь Воронцов, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Қазақтың кәсіптік өнері кафедрасының доценті Гүлзат Бейсенқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана опера» жетекші солисі Талғат Мұсабаев, сонымен қатар гала-концерт қонағы «Романсиада-2018» орыс романсиадасы жас орындаушылар байқауының бірінші сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Николай Землянских төрелік етті.Қазылар алқасының шешімімен Гран-при Нұрсұлтан Ануарбекке (Астана) бұйырды. Сондай-ақ «Қазақ романсы» бағытында 1-орынды Алижан Қазбеков (Павлодар), Саят Сақитжан (Астана), 2-орынды Ораз Мұхамедияр (Шымкент), 3-орынды Акобиржон Собиржонов (Наманған), Назым Дәулетқызы (Алматы), «Орыс романсы» бағытында бойынша 1-орынды Асқат Байышов (Бішкек), Алтынбек Арыстанбек (Астана), 2-орынды Ахрорбек Абдукаххоров (Ташкент), Жаннұр Бердібекова (Астана), Роман Чеснов (Бішкек) 3-орынды Симак Сатыбалдиев (Бішкек), Данияр Айткужинов (Алматы) иеленді.«Романсиада аруы» номинациясымен Жанель Мұратбек (Шымкент), «Романсиада үміті» номинациясымен Нұрсәндібек Жақсылық (Қызылорда), Аружан Ишанбек (Қызылорда), Айжан Пернехан (Шымкент), Мағжан Өмірбеков (Алматы), «Әртістік шеберлігі мен жарқындығы» номинациясымен Ұлан Асеков (Бішкек), «Романтикаға адалдығы үшін» номинацисымен Жәнібек Болатов, (Астана), Бақыт Қыдырбаев (Нүкіс), Әзизбек Усмонов (Ташкент) марапатталды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884979
Қарағанды облысының ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету көлемі артып келеді 18.11.2024
Қарағанды облысының ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жалғасуда. Бүгінгі таңда ауылдықтардың 93,6% орталық сумен жабдықталған. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.– Биыл 38 жоба жүзеге асты. Жыл қорытындысына сай, "құрылыс" бағыты бойынша 14 нысанды және 26 кешенді блок-модульді пайдалануға береміз. Бұл 95,8%-ға жетеді. Барлық ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобаны аяқтау келесі жылға жоспарланған, – деп хабарлады облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Саттыбаев.Халықтың 100% ауыз сумен қамтамасыз етілуі келесі жылдың соңына дейін ерекше бақылауда болады, деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.– Алда азаматтардың, әсіресе ауылдық жерлерде өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін су құбыры желілерін салу және қайта құру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Мақсаты айқын, міндеттері анықталған, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Бұл бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілуі тиіс басым міндет. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру және жауапкершілігімізді есте сақтауымыз маңызды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884916
Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау барысы 18.11.2024
Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлер 1,5 млрд теңгеге дейін жеңілдікті несиелер, айналым қаражатын толықтыруға 500 млн теңге және өтеусіз гранттар ала алады. Биыл 10 әлеуметтік кәсіпкерге 50 млн теңгеге мемлекеттік гранттар берілді.Әлеуметтік кәсіпкерлер әртүрлі салаларда жұмыс істейді – психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс және сауда.– Әлеуметтік кәсіпкерлікте 136 адам жұмыспен қамтылған. Өнім мен көрсетілген қызметтердің орташа жылдық көлемі шамамен миллиард теңгені құрайды, – деп хабарлады облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте кәсіпкерлік басқармасы басшысының м. а. Абзал Рахымбаев.Жеңілдетілген несиелер мен гранттардан басқа, кәсіпкерлік басқармасы әлеуметтік кәсіпкерлерге кеңес, әдістемелік ұсыныстар береді және іскери серіктестерді іздеуге көмектеседі.Әлеуметтік кәсіпкерлерге барынша жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс, деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.– Мемлекеттік органдар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қабылданған қолданыстағы заңнамалар мен құқықтық актілердің толық және тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Кәсіпкерлік басқармасы қажет болған жағдайда кейбір нормаларды жетілдіру үшін орталық мемлекеттік органға ұсыныстар жіберуге тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдері ресми веб-ресурстарға ақпаратты, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды тіркеу, қаржылық қолдау алу, серіктестер іздеу және жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін әлеуметтік бизнесті жүргізу бойынша қадамдық нұсқаулықты дайындауға және орналастыруға міндетті, – деді өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884929
Қарағандылық жанкүйерлерді бокстан халықаралық турнирді тамашалауға шақырады 18.11.2024
Қарағандыда 18–22 қараша аралығында ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XII ашық республикалық турнир өтеді. Жарысқа Қазақстанның барлық облыстарынан 200-ден астам боксшы, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия өкілдері қатысады. Жанкүйерлер үшін кіру тегін.Жарыс 2009–2010 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында өтеді.Турнирдің ашылуы 18 қараша күні сағат 15:00-де Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында өтеді (Республика даңғылы, 11/3).Негізгі ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде: krg_boxing_federation.Ұйымдастырушылар: Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Sport Qory спортты қолдау қоры, бас серіктес "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884978
Көкшетауда «ҚЫС-2024» Республикалық командалық - штабтық оқу-жаттығулары өтеді 18.11.2024
Құрметті Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтары!21-22 қараша аралығында Көкшетау қаласының аумағында «ҚЫС-2024» Республикалық командалық - штабтық оқу-жаттығулары өтеді. Іс-шаралардың мақсаты-мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерін даярлау.Оқу-жаттығулар азаматтық қорғау қызметтерінің және Республика мен облыстың жергілікті атқарушы органдарының қатысуымен өтеді. Қыс мезгіліндегі іс-шаралар пысықталатын болады.«ҚЫС-2024» барысында авариялық-құтқару жұмыстарын пысықтау, коммуналдық кәсіпорындардағы аварияларды жою жүргізілетін болады. Көптеген құтқару және арнайы техника тартылатын болады.Осыған байланысты Ақмола облысының ТЖ Департаменті Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарынан осы іс-шараларға түсіністікпен қарауды және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауды сұрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/884961
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫНЫ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА АТСАЛЫСТЫ 18.11.2024
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен, аудан аумағында күзгі тал егу, сенбілік жұмыстары қарқынды жалғасуда. Айналаны абаттандыру шарасына бюджеттік мекеме, білім беру ұйымдары, «Көрікті Сайрам» мекемесі қызметкерлері және аудан тұрғындары, жалпы 9440 адам белсене атсалысты.Қоғамда экологиялық мәдениеттті қалыптастыруға бағытталған шара барысында 125 шақырым көше бойлары мен 13 шақырым аяқжолдары ретке келтіріліп, 2.2 шақырым арық-атыздары мен ирригациялық жүйелері қоқыстардан тазаланды.Бұдан бөлек, аудан аумағындағы 14 спорт және балалар алаңшалары мен 8 аялдама ретке келтіріліп, көшелердің көркін кіргізді. Жалпы 4500-ден аса түп күзгі көшеттер егіліп, көше бойының көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.Сайрам ауданында бекітілген жоспар бойынша биылғы жылдың күз айларында 23300 түп ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Бүгінгі таңда аудан аумағында 2500 түп терек көшеті, 10 000 түп қарағаш көшеттері, 5000 түп лигуструм, 250 түп раушан гүлі, 250 түп бозарша, 1000 түп сирия раушан гүлі, 1000 түп айлант, 3050 түп шаған, 250 түп арша көшеті отырғызылды.Аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға 36 техника жұмылдырылды. Полигон аумақтарына 16,6 тонна қоқыс тасымалданды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884701
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ 55 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ 18.11.2024
Жетісай ауданының орталығында Жетісай қаласының 55 жылдығы аясында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға арнайы аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, аймақтағы үздік шаруаларды марапаттады. «Жеңіс» алаңында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің өндірген өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ, алаңда ұлттық тағамдар дайындалып, аудан тұрғындарына ұсынылды. Қаланың 55 жылдығына орай, 55 метрлік кәуап пен 55 сантиметрлік самса дайындалып, шаһар тұрғындары мен қонақтарына таратылды.Сонымен қатар, ауданда «JETISAI KITAPFest – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкеде «QAZYNA», «ОТБАСЫ хрестоматиясы», «Olja Peak», «MARFU book», «MAZMUNDAMA», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «KAZAKH CONTENT» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа 15 мыңнан астам түрлі жанрларда жазылған кітаптарды көпшілік назарына ұсынды. Бұдан бөлек, ұлттық спортты дәріптеу және бұқаралық спортқа деген жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, садақ ату, қошқар көтеру сынды спорт түрлерінен жарыс өтті.Бұдан өзге, орталық саябақта жасөспірімдер арасында кіші футболдан ауданның ашық біріншілігі мен «Алыптар сайысы» өтті. Ауданда тұңғыш рет өткізілген байрақты бәсекеге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Азамат Мақұлбеков қонақ ретінде арнайы қатысты.Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884704
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ 18.11.2024
Түлкібаста орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі бүгін бірқатар құнды жәдігерлермен толықты. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 130 жылдық мерейтойының қонақтары мәдени ошаққа ат басын бұрып, аудан тарихы мен жетістіктерінен, біртуар тұлғаның еңбек жолынан махлұмат алды. Кітап көрмесімен танысты.Белгілі зерттеуші-ғалым, жазушы, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек 100 жыл бұрын басылып шыққан көне кітаптың түпнұсқасын тапсырды. Ұлы тұлғаның немересі Аделя Рысқұлова атасының шағатай тілінде жазған екі хаты мен «АЛЖИР» лагеріне қатысты кітапты табыстады. Сонымен қатар Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ерекше картинаны сыйға тар тты.Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты мәдениет ошағы 1963 жылы қоғамдық негізде құрылған. 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. 1983 жылы облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлімшесі болып қайта құрылды. Қазіргі таңда музей қорында 7 мыңға жуық экспонат бар. Оның ішінде негізгі қор 5 мыңнан асса, қалған экспонат ғылыми-көмекші қорға тиесілі.1994 жылы ірі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай музейге есімі берілді. Музей екі қабатты жалпы көлемі 753,3 шаршы метрді құрайтын ғимараттан тұрады. Оның ішінде экспозиция залдары мен қор қоймасы бар.Айта кетейік, арда азаматтың ата-бабаларының ата қонысы – мекені болған Түлкібас ауданында тұлғаның 95, 100, 110, 120 жылдық мерейтойлары ерекше салтанатты жағдайларда атап өтілді. Игі дәстүрге айналған қоғам қайраткерінің биыл 130 жылдығы облыс, аудан көлемінде жалғасын тауып, жоғарғы деңгейде аталып өтуде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884707
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ РОМАНСТАРЫН ОРЫНДАУШЫЛАР АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТІП ЖАТЫР 18.11.2024
Бүгін Түркістанда ХХVI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының байқауы басталды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен 60 үміткер қатысып жатыр. Олар байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынайды. Қазақ және орыс тілінде романс орындайды.Байқауға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауы идеясының авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенская, Өзбекстан Республикасының халық әртісі Аваз Раджабов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Игорь Воронцов, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Қазақтың кәсіптік өнері кафедрасының доценті Гүлзат Даурбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана опера» жетекші солисі Талғат Мұсабаев, гала-концерт қонағы «Романсиада-2018» халықаралық байқауының лауреаты, опера әншісі Николай Землянских қазылық етуде.Осы байқау аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қазылар алқасымен кездесті. Кездесу барысында мәдениетті дамыту бағытындағы ұсыныстарын тыңдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.Айта кетейік, 17 қараша күні сағат 19:00-де «Фараб» кітапханасының залында Гала-концерті мен марапаттау рәсімі өтеді. Байқау жеңімпазы желтоқсан айында Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884710
Қарағандылықтар тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды 18.11.2024
Қарағандылық Асылхан Қожанәсіп Түркияда тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатында алтын алды, ал Аңсаған Қожанәсіп пен Жақсылық Рахымжан қола жүлдегер атанды. Зияткерлік ойынға 14 елден – Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Испания, Франция, Чехия, Украина, Грузия, Венгрия және АҚШ-тан 100-ге жуық спортшы қатысты.Жарыс тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц сияқты түрлері бойынша өтті.Асылхан Қожанәсіп классикада бірінші болды,Аңсаған Қожанәсіп блицте үшінші орын алды. Жақсылық Рахымжан мангала түрік зияткерлік ойынында қола жүлдеге ие болды.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884690
ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВИАДИСПЕТЧЕРЛЕРІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ БАР ЖАТТЫҒУ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫНДА ДАЯРЛАУДАН ӨТЕДІ 18.11.2024
«Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығында 15 қарашада жаңа оқу-жаттығу құрылғысы кешені іске қосылды. Ол әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерінің алғашқы дайындығы мен жаттығуларын өткізуге арналған.АҚШ өндірісінің «Air Traffic Simulation and Voice Technologies» жаттығу кешенін «Қазаэронавигация» РМК тапсырысы бойынша әуе қозғалысын басқаруды модельдеу жүйесін әлемдік әзірлеуші UFA Inc. құрған.Ол болашақ диспетчерлердің бастапқы даярлаудан өтіп қана қоймай, жұмыс істейтін диспетчерлердің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.Кешеннің техникалық мүмкіндіктері әуеайлақтағы әуе трафигі мен жердегі жағдайды имитация жасауға мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект оқу барысында пилотты алмастыра алады және радиобайланысқа ЖИ шығады. Сондай-ақ кешеннің функциясына виртуалды шынайылықты модельдеу кіреді, бұл авиадиспетчердің шынайы жұмыс орнын барынша қайталауға мүмкіндік береді.Жаңа оқу-жаттығу құрылғысы кешені жүйесіне жүктелген аэронавигациялық карталар Республиканың қолданыстағы әуеайлақтары мен әуе кеңістігін имитациялайды. Қазіргі таңда бұл жабдыққа Қазақстанда да, Орта Азияда да балама жоқ.2023 жылдың қорытындысы бойынша «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығында 291 адам жаттығу кешенінде даярлаудан өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында осындай дайындықтан 192 адам өтті. Жаңа тренажер Орталық нұсқаушыларына болашақ және жұмыс істеп тұрған әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін екі есе көп оқытуға мүмкіндік береді.Айталық, Кәсіби дайындау орталығы ИКАО TRAINAIR PLUS Gold бағдарламасының толыққанды қатысушысы мәртебесіне ие Қазақстан Республикасындағы жалғыз авиациялық оқу орталығы. Бүгінде КДО басшылығы өз алдына ИКАО TRAINAIR PLUS Platinum мәртебесіне қол жеткізу және Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия мен ТМД-ның авиация секторындағы жетекші оқу орталығына айналу міндетін қойып отырАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/884720
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫС» ЖӘНЕ «ПАРАСАТ» САЯБАҚТАРЫН КӨГАЛДАНДЫРУ БАРЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ 18.11.2024
Түркістан облысында құрылыс, абаттандыру жұмыстары бір сәтке тоқтаған емес. Әсіресе, облыс орталығында белсенділік өте жоғары. Жексенбі күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы бірнеше құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен ботаникалық бағы бар «Белсенді демалыс» және «Парасат» саябақтарын абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс барысын қадағалады.– Әрбір отырғызылған көшет өсуі тиіс. Осы аймақтың ауа райы мен топырағына шыдамды ағаштарды ғана егіңіздер. Күйіп немесе қурап кеткен көшеттердің орнына қайтадан көшет отырғызу керек. Бұған жауапты мердігер жұмысын жүйелі атқарсын, – деген Дархан Сатыбалды қала әкімі мен мердігерге тиісті тапсырмалар берді.«Белсенді демалыс» саябағында тропикалық өсімдіктер өсетін ботаникалық бағы бар. Бүгінде үлкен жылыжай ішінде Түркістан өңіріне таңсық ағаштар мен өсімдіктер өсіріліп, балықтар мен құстың бір түрі әкелінген. Сахна, мінбер, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынған. Құрылыс жұмысы 95 пайызға аяқталған.Ал «Парасат» саябағының құрылыс және абаттандыру жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Саябақтың іші ретке келтіріліп, жаңа көшеттермен толықтырылған. Жұмыстар жалғасады.Қос саябақ та шаһардың туристік әлеуетін көтеріп, жасыл алқабының ұлғаюына үлес қосады деп күтіліп отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884677
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ 18.11.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралап, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Алдымен қалалық Мәдениет үйінің құрылысын көрді. Нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.– Анықталған кемшіліктер мен сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Тапсырыс алған соң оны сапалы атқару керек. Мәдениет үйінің іші мен қасбетіне дейін жоспардағыдай болуы қадағаланады. Жиһаздарын жергілікті өндірушілерден алып, отандық өндіріске қолдау көрсеткен жөн, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Тиісті тапсырмалар берді.Бүгінде Мәдениет үйінің құрылыс барысы 75 пайызға аяқталған. Түркістан қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанда мәдениетті дамытуға жағдай жасалмақ. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, вестбюль-фойе, әртістер бөлмесі, қызметшілер бөлмесі, асхана, режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан.Одан кейін облыс әкіміне «Сельмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Бұл стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдықтармен, қондырғылармен қамтылған. Суды тазартып, тұрғындарға жолдайды. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағына үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Жалпы 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді.Дархан Сатыбалды Әлқожа ата көшесін аралап, осында салынатын әлеуметтік нысандардың жобасын көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Мұнда тұрғын үй, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған.Өңір басшысы бұл жобаларды мұқият зерделеп, халыққа қажетті әрі шаһардың сәулетіне сән қосатын нысандарды ғана салу керектігін айтты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884683
Қарағандыда Гүлзар Ғабдрахманмен бірге джаз және эстрада шығармашылық кеші өтеді 18.11.2024
Қарағанды циркінде 28 қарашада Қазақстандық эстрада-джаз әншісі Гүлзар Ғабдрахманның концерті өтеді. Осы кеште ол әлемдік және қазақстандық эстраданың үздік хиттерін ерекше джаз аранжировкаларында орындайды.Гүлзар Ғабдрахман Қарағандыда өнер жолын бастады. Мұнда ол Қасым Аманжолов атындағы музыкалық мектепті фортепиано сыныбы бойынша бітірген. Астанаға кетіп, Қазақ ұлттық өнер университетіне "эстрада вокалисті" мамандығына түсті. Бүгін ол Мәскеуде, Лондонда, Нью-Йоркте танымал халықаралық вокалдық байқаулардың жеңімпазы.Музыкалық шығармалар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченконың жетекшілігімен Қарағанды Джаз оркестрінің сүйемелдеуімен орындалады.Басталуы 18: 30.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884592