Enbekshi QazaQ

Экономика

Қостанайда Машина жасау саласы күні мен Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай марапаттау өтті 14.10.2025
Саланың үздік өкілдеріне марапаттарды Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов табыстады.Машина жасау – өңір экономикасының негізгі салаларының бірі және өңдеу өнеркәсібінде жетекші орын алады. Машина жасау үлесі өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 55 пайызын құрайды. Кәсіпорындарда 8 мыңнан астам адам еңбек етіп, отандық өндірісті дамытуға айтарлықтай үлес қосуда.Ағымдағы жылдың сегіз айында сала кәсіпорындары 800 миллиард теңгеден астам өнім өндірді. Бұл – автомобильдер, комбайндар, тракторлар, тіркемелі және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы, құрал-жабдықтар және басқа да өнім түрлері.- Сіздердің еңбектеріңіз – жай ғана өндіріс емес, бұл – өңірдің экономикалық дамуының негізі, инновациялардың қозғаушы күші және прогрестің тірегі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен ісіңізге деген адалдықтарыңыз ең жоғары бағаға лайық, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.Өңір басшысы атап өткендей, облыста машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылуда.2024 жылы облыста жалпы құны 50 миллиард теңге болатын бес инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 312 миллиард теңге болатын тағы бес жоба іске қосылмақ, бұл өз кезегінде 3,2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.Ірі жобалардың бірі – KIA маркалы автомобильдерді толық циклмен өндіретін зауыттың құрылысы. Мұнда шамамен 1500 жаңа жұмыс орны ашылады.- Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің отандық автомобиль жасау орталығы ретіндегі беделін одан әрі арттыра түседі. Негізгі басымдық жергілікті кадрларды даярлауға, инженерлер мен жұмысшылардың кәсіби және технологиялық біліктілігін арттыруға бағытталады, – деді облыс әкімі.Құмар Ақсақаловтың айтуынша, барлық жобалардың жүзеге асырылуы Қостанай облысын индустриялық дамудың жаңа деңгейіне шығарып, елдегі жетекші машина жасау орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.Салтанатты рәсім барысында мемлекеттік және мерейтойлық марапаттар табысталды.«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталғандар:Майконов Арғұлан Салтанатұлы, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС атқарушы директоры;Шмелюк Иван Васильевич, «Астык» элеватор жабдықтары зауыты» ЖШС газоэлектрдәнекерлеушісі.«Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталғандар:Қуанышбаев Сейтбек Бекенұлы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры;Дарменов Ағынғали Дәутбайұлы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1083144?lang=kk
Қазақстан мен Молдованың сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесті 14.10.2025
Астана, 2025 жылғы 8 қазан – Молдова тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшой арасында телефон арқылы сөйлесу өтті.М.Попшой әріптесін тағайындалуымен жылы құттықтап, жаңа қызметінде табыс тіледі. Қазақстан СІМ басшысы құттықтауы үшін алғысын білдіріп, Астана мен Кишинёв арасындағы достық қатынастарды жан-жақты тереңдетуге қазақ тарапының бейілді екенін атап өтті.Сұхбат барысында екіжақты және көпжақты форматтардағы Қазақстан-Молдова ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды.Тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында сыртқы саяси ведомстволар арасындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға өзара дайындығын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1083188?lang=kk
Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастама бойынша өңірлік конференция өткізді 14.10.2025
Астана, 2025 жылғы 7 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қорғаныс министрлігімен және Халықаралық Қызыл Крест комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, Халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастама бойынша Орталық Азия елдері үшін өңірлік конференция ұйымдастырды.Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы 2024 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының аясында 6 ел – Бразилия, Иордания, Қазақстан, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Халықаралық Қызыл Крест комитетімен бірлесіп іске қосты.Конференцияның негізгі спикерлері болып Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Бурамбаев, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко, сондай-ақ Орталық Азиядағы ХҚКК өңірлік делегациясының басшысы Биляна Милошевич және ХҚКК жаһандық бастамасы бойынша басшысы Анн Кентен сөз сөйледі.Конференцияға Орталық Азия және жаһандық бастаманың бастамашы елдері елшіліктерінің жетекші сарапшы-заңгерлері мен дипломаттары қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1082922?lang=kk
Алматы облысы жылыту маусымына дайын 14.10.2025
Алматы облысы жылыту маусымына толық дайын. Өңірдің бірнеше ауданында жылу беру жұмыстары басталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылды, оның 2,0 шақырымына күрделі жөндеу, 0,7 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл шаралар желілердің тозу деңгейін 42%-дан 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандықта дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, олардың жалпы дайындығы 71%-ды құрайды. Барлығы 30 қазан жөнделді, оның 5-і күрделі, 25-і ағымдағы жөндеуден өтті.Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 148 қосалқы станцияда жұмыстар толық аяқталды, 1 626 шақырым электр беру желісі жаңартылуда. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет қаражаты есебінен (орындау – 92%), ал 1 235 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ инвестициялары есебінен (орындау – 100%) жөнделуде. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72%-дан 66%-ға дейін төмендейді.Халықты отынмен қамтамасыз ету үшін 696 мың тонна көмір қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірге 187 мың тонна (2 710 вагон) көмір жеткізілді.Ауа райы жағдайларын ескере отырып, жылыту маусымы келесі аудандарда басталды:Кеген ауданында – 24 қыркүйектен бастап;Жамбыл ауданында – 1 қазаннан бастап;Талғар, Іле аудандарында және Қонаев қаласында – 6 қазаннан бастап.Қалған аудандар мен қалаларда жылу беру кезең-кезеңімен 15 қазанға дейін жүзеге асырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1082347?lang=kk
Алматы облысында ауызсумен қамту инфрақұрылымы жаңартылып, қамту деңгейі 99,6%-ға дейін өседі 14.10.2025
Алматы облысында облыстық маңызы бар 2 қала (Алатау, Қонаев) және аудандық маңызы бар 3 қала (Қаскелең, Есік, Талғар) толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылған (100%). 368 ауылдық елді мекеннің 344-і немесе 93,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 24 ауылда (6%) жағдай келесідей: 2 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 3 ауылдың тұрғындары жеке ұңғымаларды пайдаланып, орталық жүйеден бас тартқан.11 ауылда бақылау-баланс тетіктерін (КБМ) орнату жоспарлануда. Оның ішінде 4 нысан бойынша келісімшарттар жасалып, жұмыстар басталды, 7 нысан бойынша конкурс жүргізілуде. Тұрғындардың бас тартуы немесе халық санының аздығына байланысты 8 ауыл бағдарлама тізімінен шығарылған.Өңірдегі су құбырларының жалпы ұзындығы – 5 520 шақырым, олардың тозу деңгейі 52,2%-ды құрайды. 2 886 шақырым желіні жаңарту қажет. Судың сапасы санитарлық нормаларға сай, оған санитариялық-эпидемиологиялық департамент тұрақты бақылау жүргізеді.2024 жылы ауызсумен қамту және су бұру жобаларына 28,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі нысандарды толық аяқтау үшін қосымша 24,1 млрд теңге қажет. 34 млрд теңгеге 18 жобалық-сметалық құжат әзірленген, сондай-ақ су бұру бойынша 1,4 млрд теңгеге жобалар дайындалуда. Облыстық бюджет есебінен тағы 66 жобалық құжат әзірлеуге 2 млрд теңге қарастырылған.Аталған жобалар аяқталған соң 898 шақырым су желісі салынып, жаңартылады, тозу деңгейі 47%-ға дейін төмендейді. Нәтижесінде 2026 жылға қарай ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 99,6%-ға жеткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1082358?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Габалада ТМҰ Саммиті аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді 14.10.2025
Габала, 2025 жылғы 7 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті аясында Әзербайжан Республикасы мен Мажарстанның сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов және Петер Сийяртомен екіжақты кездесулер өткізді.Әзербайжан СІМ басшысымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен оның одан әрі даму перспективалары, сондай-ақ биік және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды.Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстан Республикасына алдағы мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.Е.Көшербаев аталған сапар аясында цифрландыру саласындағы Астана мен Баку байланыстарына қосымша серпін беру үшін IT мамандарының форумын өткізуді ұсынды.Мажарстан сыртқы саяси ведомствосының басшысымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашадағы Мажарстанға мемлекеттік сапарының, сондай-ақ Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок пен Парламент Спикері Ласло Кевердің 2025 жылғы қыркүйек-қазанда Қазақстанға жасаған сапарларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды.Сұхбаттастар ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейту мәселелеріне тоқталды. Жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог екі ел арасындағы сенімді нығайтуға және стратегиялық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ықпал ететіні аталып өтті.Қазақстанның IT және цифрландыру саласындағы жетістіктерін ескере отырып, Е.Көшербаев елдер арасындағы серіктестікті осы перспективалық бағытта, оның ішінде «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында кеңейтуді ұсынды.Сонымен қатар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар көпжақты құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз ынтымақтастыққа бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1082385?lang=kk
Таза Қазақстан: Қостанай облысында «Ресайклинг шеберханасы» пилоттық жобасы іске қосылды 14.10.2025
Қостанай ауданында халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.Аудан тұрғындары арасында экологиялық жауапкершілікті насихаттау мақсатында 2025 жылы Қостанай ауданының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Қостанай ауданында “Таза Қазақстан” жалпыұлттық бағдарламасын ұйымдастыру және идеологиялық сүйемелдеу» жобасын іске асыруда.Аталған жоба аясында 2025 жылғы 7 қазанда Октябрь ауылындағы С. Кубеев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Ресайклинг шеберханасы» пилоттық жобасының іске қосылуы өтті. Жоба аясында интерактивті экологиялық кеңістік — «ЭкоКабинет» орнатылды.Бұл бастаманың мақсаты — оқушылар мен ауыл тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениетін дамыту, сондай-ақ материалдарды қайта пайдалану мүмкіндіктері туралы хабардарлықты күшейту.«ЭкоКабинет» — қалдықтарды жинауға, сұрыптауға және қайта өңдеуге арналған интерактивті алаң. Мұнда ауыл тұрғындары мен оқушылар тұрмыстық қалдықтарды тапсырып қана қоймай, олардың қайта өңделіп, жаңа бұйымдарға — мысалы, 3D-баспаға арналған жіптер мен өзге де пайдалы материалдарға айналу үдерісін бақылай алады.Жоба «Neco» экологиялық клубы» қоғамдық қорының қолдауымен, білім беру мекемесі мен мемлекеттік органдардың ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастама заманауи экологиялық тәжірибелерді енгізуге, экологиялық еріктілік қозғалысын дамытуға және жас ұрпақ арасында табиғатты ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.«Ресайклинг шеберханасы» жобасының іске қосылуы — «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады және Қостанай облысында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған.#ТазаҚазақстан #тазаел #экология #ресайклинг #TazaChallenge #тұрақтыдаму @TazaQazaqstanАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1082092?lang=kk
Алматы облысы туристік рекорд орнатты 14.10.2025
Алматы облысында туристік ағымның рекордтық өсімі тіркелді. 2025 жылы өңірге 2,5 миллионнан астам адам келді — бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40%-ға көп.Демалушылар арасында ең танымал бағыттардың бірі дәстүрлі түрде Қапшағай су қоймасы болып отыр: биылғы жазда мұнда шамамен 1 миллион 800 мың турист тынықты. Қалғандары өңірдің табиғи інжу-маржандарын — Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағын таңдады.Алматы облысы туризм саласында жоғары әлеуеті бар аймақтардың бірі ретінде өз мәртебесін тұрақты түрде сақтап келеді. Мұнда туристік ағым маусымға қарамастан бәсеңдемейді. Биыл шетелдік туристер саны 12%-ға, ал ішкі туризм 25%-ға артқан.Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, биыл өңірдегі үш ұлттық саябақ — «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» — 700 мыңнан астам адамды қабылдаған.Қапшағай су қоймасының жағалауы — Қонаев қаласы үлкен сұранысқа ие. Жазғы маусымда мұнда 1,8 миллионнан астам турист келіп, жағажайлық демалыстың рақатын көрді. Сондай-ақ биыл оқиғалы туризм белсенді дамып, жақсы нәтижелер көрсетті.Шетелдік қонақтар арасында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағы ерекше танымал. 2025 жылдың тоғыз айында бұл үш нысанға 700 мыңнан астам адам барып, олардың 530 мыңы Көлсай көлдеріне келген. Әр үшінші келуші — шетелдік турист.Биыл аймаққа Үндістаннан, Парсы шығанағы елдерінен және Ресейден көптеген қонақ келді. Түркиядан келген турист Мерт Фуркан өз әсерімен бөлісті: — Мұнда өте әдемі, маған ұнады. Біздің Түркияда ұқсас жер бар — Узынкөл, бірақ мұндағы табиғат байырақ: жасыл желек көп, суы таза әрі мөлдір. Мен бұл жерлерді көптен көргім келген — бұл ата-бабамыздың жері. Түркі халықтарына осы өңірге келіп, өз көздерімен көруді кеңес беремін.Туристік ағымның өсуіне инфрақұрылымды дәйекті дамыту ықпал етті. 2025 жылы туристік бағыттарды абаттандыруға 171 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау» ұлттық саябақтарында және Қонаев қаласында жүргізілуде.Бұл жерлерде пирстер, экосатылар, кіреберіс топтар мен от жағу аймақтары орнатылып, металл қаңқалы жаңа серуендеу соқпақтары салынды. Бұл шаралар демалушыларға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081776?lang=kk
«Ақ бидай» ойындарында Алматы облысының спортшылары күміс жүлдегер атанды 14.10.2025
Қонаевта республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының үздіктері марапатталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың табандылығын атап өтіп, 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілдері Алғыс хаттарға ие болды.Алматы облысында өткен республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Өңір спортшылары мен сала мамандарына марапаттарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстады.Елдің түкпір-түкпірінен келген екі мыңға жуық спортшы футбол, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика секілді классикалық спорт түрлерімен қатар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысы бірінші орынға ие болса, Алматы облысының құрама командасы күміс жүлдені жеңіп алды. Ал үшінші орын Батыс Қазақстан облысына бұйырды.Облыс әкімі 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілін алғыс хатпен марапаттап, олардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Жүлдегерлер қатарында ұлттық спорт шеберлері мен спорт мектептерінің жетекшілері бар.Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаровтың айтуынша:«Сол жерде атсалысқан федерациялар мен ұйымдастырушылар бар, спортшыларды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттадық. Жалпы 17 адам марапатталды. Федерация президенттері де бар. Қалған спортшыларымыз басқарманың алғыс хатымен тағы да марапатталады. Алматы облысы жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Келесі төртжылдықта Солтүстік Қазақстанда өтетін додада бірінші орын аламыз деген сенімдеміз».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081777?lang=kk
Алматы облысында газдандыру ауқымы кеңеюде: 1,2 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылған 14.10.2025
Алматы облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 1,2 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Соңғы жылдары ондаған елді мекендер орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.2024 жылы 17 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде Жамбыл ауданын тұрақты түрде газбен қамтамасыз ететін «Қазыбек бек» автоматтандырылған газ тарату станциясы бар. Облыс аумағындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 4,8 мың шақырымнан асты, ал тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді.Биылғы жылы газдандыру жобаларына шамамен 11 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат Конаев қаласының бес шағын ауданын және 13 елді мекенді газбен қамтуға бағытталды. Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «Даулет» шағын ауданында, Жамбыл ауданының Танбалытас ауылында, Балқаш ауданының Ақжар ауылында және Бақанас жаңа шағын ауданында құрылыс жұмыстары басталды.«Талғар ауданының Еламан және Кіші Байсерке ауылдарының тұрғындары газға қосылды. Қабылдау актілері рәсімделіп, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Отбасылар көптен күткен жылуға қол жеткізді. Бұл — өңір халқының барлығына көгілдір отынды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам», — деді Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081927?lang=kk
QITFest-2025: Қостанайдағы халықаралық театрлар фестивалі 14.10.2025
2025 жылы 1-6 қазан аралығында Қостанай қаласында І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының 25 жылдығына орай, «QITFest» халықаралық театр фестивалі өтуде. Фестивальдің басты мақсаты – театр өнері арқылы халықаралық байланыстарды дамыту, шет елдермен мәдени тәжірибе алмасу және жаңа шығармашылық тұрғыда ынтымақтастықты орнату.Фестивальге Қазақстан, Түркия, Армения, Грузия, Иран, Қырғызстан, Ресей театр ұжымдары қатысуда. Фестивальге қазақ өнерінің тарландары, КСРО және Қазақстанның Халық әртістері, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, белгілі театр және кино актерлері Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР мәдениет және ақпарат министірлігінің мәдениет комитеті театр өнері басқарма басшысы Алтынгүл Нұрбекова құрметті қонақ ретінде қатысты. Қазылар алқасының құрамында Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры, театртанушы, өнертану кандидаты, ҚР театр сыншылар бірлестігінің төрағасы – Еркебай Анар Сайымжанқызы; театртанушы, өнертану кандидаты, Қауымдастырылған профессор, ҚР театр сыншылар бірлестігінің төрағасы – Мұқан Амангелді Оразбайұлы; профессор, театртанушы, өнертану доктор, ҚР театр сыншылар бірлестігінің мүшесі – Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы; ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Бахтыгереев Бейбіт Салауатұлы; театр сыншысы. Ресей Федерациясының мәдениет қайраткері –.Кузнецова Евгения Борисовна бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1081593?lang=kk
Жамбыл ауданында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті 14.10.2025
Жамбыл ауданында қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтой ел руханияты мен өнерін ұлықтаған үлкен мереке болды.Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, қонақтар ақынның кесенесіне зиярат етті. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалды. Айта кетейік, композитордың аманаты бойынша ол Жамбыл Жабаевтың жанына жерленген.Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде директор Салтанат Тезекбаева қонақтарға экскурсия өткізіп, ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады.Негізгі мерекелік жиын «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды. Мұнда бес мыңнан астам адам жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері — халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.Шарада қоғам және мәдениет қайраткерлері Нұрлан Оразалин мен Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың адамдық болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өтті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алды.Мерейтой аясында өткен концертте қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсетті. Орталық сахнада «Отырар сазы» оркестрі орындаған күйлер көрермендерді даланың әуезді үніне бөледі.Кеш соңында қонақтар дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерге шақырылды. Ал мерекенің спорттық бөлігі бәйгемен жалғасты. «Көкбастау» ипподромында өткен аламан жарыста түрлі өңірлерден келген шабандоздар бақ сынады. Нәтижесінде «Аламан бәйге» бойынша Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтың «Жұмыртұяқ» атты тұлпары бірінші келді.Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой — ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Бұл күн қазақ музыкасының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080838?lang=kk
Білім беру жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыты 14.10.2025
Білім беру саласын жетілдіру, оқушылардың қабілеттерін ашуға толыққанды жағдай жасау, ғылымға, соның ішінде жасанды интеллектке деген қызығушылықты арттыру – Қостанай облысы саясатының басты басымдықтарының бірі.Соңғы үш жылда өңірде 23 білім нысаны бой көтеріп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 5,5 млрд теңге бөлінді.Ерекше назар, ең алдымен, тұлғаның болашақ дамуын айқындайтын негіз – мектепке дейінгі білім беру сапасына аударылып отыр.Қазіргі таңда облыста 486 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 174 балабақша бар, оларда 23 мыңнан астам бала тәрбиеленуде, соның 61-і – жекеменшік. Сонымен қатар 312 шағын орталықта 5 мыңға жуық бүлдіршін білім алуда. 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі – 92,4%.Соңғы екі жылда жаңа балабақшалар мен қосымша топтардың ашылуы нәтижесінде 1717 орын пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.Мектептердегі білім сапасы мен қолайлы, қауіпсіз орта құру – басты назарда.Қостанай облысында 4860 орынға арналған 7 жаңа мектеп салынды. Олардың бесеуі «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылды. Заманауи жабдықтармен қамтылған бұл мектептер әлемдік үрдістерге сай ойластырылған дизайнға ие. Әрқайсысында пәндік кабинеттер мен зертханалар бар, оқушылардың талантын шыңдауға, ғылыми ізденіске мол мүмкіндік жасалған. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп пайдалануға берілмек.Ауылдағы білім сапасын көтеру үшін «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда. Бұл бастама аясында 21 тірек және 63 шағын мектеп қамтылған. 2022–2024 жылдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 12 мектепке 3 млрд теңгенің заманауи жабдығы жеткізілді. Әр мектепте 25 мамандандырылған кабинет ашылды: STEM-зертханалар, робототехника және жаратылыстану пәндері кабинеттері, жаңа кітапханалар, арт-студиялар мен телестудиялар. Биыл тағы 7 мектеп жаңғыртудан өтеді.Сонымен қатар шағын мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды: 1,3 млрд теңгеге 106 кабинет жөнделді. Бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттің орындалуына жол ашып отыр.Мұндай инвестициялар алғашқы жемісін беруде.2024–2025 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық олимпиадаларда 9 жүлде, ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадада 26 орын (оның ішінде 3-орындық командалық жүлде), пәндік республикалық олимпиадада 23 медаль иеленді.Облыстың 5 мектебі Қазақстанның ТОП-100 үздік білім ұйымдары қатарына кірді: «Білім-Инновация» лицейі, Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицей, Рудный қаласындағы №10 мектеп-гимназия, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат және «Озат» ақпараттық технологиялар лицейі.Ғылыми жобалар конкурстарында – 16 жүлде, халықаралық ғылыми сайыстарда – 4 медаль алынды.Оқушылардың жетістіктері – тек сапалы білімнің емес, жүйелі тәрбиелік жұмыстың да нәтижесі.Жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» бағдарламасы негізінде тәрбие жұмысы жүргізіледі. «Мектеп–отбасы–қоғам» үштігін қалыптастыруда ата-аналармен байланыс маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта 399 Педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр.Білім беру саласында отбасыларды қолдау шаралары да жүзеге асуда.Маңызды міндеттердің бірі – балаларды сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бастауыш сыныптың барлық оқушылары, яғни 45 019 бала, тегін тамақпен қамтылған. Бұған қоса, «Всеобуч» қоры есебінен 5–11 сыныптағы 7 222 оқушыға ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді.Тегін әрі жеңілдетілген тамақтануды ұйымдастырудың айқындылығын қамтамасыз ету үшін 123 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі енгізілді, ал оқушы саны 700-ден аспайтын 305 мектепте «Бизнес әмиян» сервисі қолданылады.Жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 3,5 мыңнан астам оқушы инклюзия қолдауымен қамтылмақ. Инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны артып келеді: қазіргі таңда 41 кабинет жұмыс істейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында Рудный қаласындағы №1 мектеп пен №2 балабақшада жаңа кабинеттер ашылды. Алдағы уақытта Сарыкөл, Меңдіқара, Наурызым аудандарында осындай кабинеттер іске қосылып, балалар өз өңірлерінде сапалы түзету көмегін ала алады.«Еңбек адамын» дәріптеу идеологиясын енгізуде техникалық және кәсіптік білімнің маңызы зор. Бүгінде облыстағы 33 колледжде 21 694 студент оқиды, олардың 87%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша. Индустриалды кластерді дамыту аясында жаңа мамандықтар ашылуда: соңғы жылдары 21 жаңа мамандық енгізілді, тағы 14-і лицензиялану кезеңінде.Кәсіпорындардың сұранысына сәйкес мақсатты дайындық жүргізілуде: соңғы үш жылда студенттердің саны екі есеге жуық өсті (687-ден 1 237-ге дейін). Қазір 853 кәсіпорынмен әріптестік орнатылған, олардың қатарында «KamLitKZ», «СарыарқаАвтоПром», «АгромашХолдинг KZ», «Баян Сұлу», ССГПО, «ERG Service», «Қостанай минералдары» сияқты ірі компаниялар бар. Тәлімгер кәсіпорындардың саны 250-ге жетті.Дуалды оқыту жүйесі дамуда – 7 мыңнан астам студент қамтылған. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі – 91%, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 10%-ға жоғары.Колледж студенттерінің жетістіктері де жүйенің тиімділігін дәлелдейді. Өткен оқу жылында 8 студент елдің ТОП-100 үздік жастары қатарына кірді, 5 студент ұлттық деңгейде медаль иеленді. Өңірлік деңгейде 60 құзыреттілік бағыты бойынша жарыстар өткізіліп келеді.Халықаралық чемпионаттарда да жетістіктер бар: биыл Глеб Сауленко Данияда өткен EuroSkills-2025 чемпионатында кәсіби шеберлігі үшін медальон жеңіп алды.Осылайша, облыс білім саласында адам капиталын дамыту жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Бұл үдерістің ортасында – шәкірт пен оның болашақта елінің нағыз азаматы болып қалыптасуы тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1080686?lang=kk
Қазақстан мен Бахрейн СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі туралы 14.10.2025
Астана, 2025 жылғы 4 қазан – Бахрейн тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид Әл-Заянимен телефон арқылы сөйлесті.А.Әл-Заяни әріптесін жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметіне мол табыс тіледі. Өз кезегінде Қазақстан СІМ басшысы алғысын білдіріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге бейілділігін атап өтті.Сұхбат барысында екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы қазақ-бахрейн ынтымақтастығын нығайтуға өзара дайындығын растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1080688?lang=kk
Қонаев қаласының рәміздерін жасауға байқау жарияланды 14.10.2025
Облыс орталығында қаланың ресми рәміздерін әзірлеуге арналған байқау басталды. Өтінімдер 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады.Байқау шарттарына сәйкес, рәміз жобасын әзірлеуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ діни, рулық және тайпалық белгілерді қолдануға тыйым салынады.Жобалар қоғамдық келісім мен бірлікті бейнелеуі, геральдикалық нормаларға, ұлттық дәстүрлерге, өңірдің тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Байқауға ұсынылған жұмыстар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы қажет.Эскиздер бейне, көлемді модель немесе айқын бедері бар макет түрінде ұсынылуы тиіс. Барлық атаулар мен жазбалар міндетті түрде қазақ тілінде берілуі қажет. Авторлық құқықты бұзу мен плагиатқа жол берілмейді.Байқауға Қазақстан азаматтары жеке немесе шығармашылық топпен қатыса алады. Ұлттық ою-өрнек пен этнографиялық элементтерді қолдануға рұқсат етіледі. Өтінімдер қазақ немесе орыс тілінде, жоба сипаттамасымен бірге қабылданады.Құжаттар қағаз және электронды нұсқада Қонаев қаласының ішкі саясат бөліміне тапсырылуы тиіс (электронды мекенжай: ovp_qonaev@mail.ru).Қосымша ақпарат алу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 705 543 54 77 (Төребеков Жеңіс Еркімбекұлы).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080401?lang=kk
Талғар ауданында жасөспірімдер қылмысының алдын алу жолдары талқыланды 14.10.2025
Талғар ауданында өткен жиынға жүздеген ата-ана, мұғалімдер, билік пен полиция өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты себебі – жасөспірімдер қылмысының және қоғамға жат қылықтардың көбеюі болды.Жиналыстың модераторы, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ата-аналарға ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беруді мақсат еткенін атап өтті. Атап айтқанда, буллинг пен суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылық пен қараусыздықты болдырмау мәселелері қозғалды.Шара театрландырылған «Менің әлемім» қойылымымен басталды. Көріністе өмірден алынған қарапайым оқиғалар арқылы отбасы ішіндегі жағдайдың бала болашағына тікелей әсер ететіні көрсетілді.Аудан әкімі Танат Айдарбеков сөзінде: «Тұлғаның қалыптасуы отбасынан басталады. Ешбір мектеп те, мемлекет те ата-ананың қамқорлығын алмастыра алмайды. Балаларға дұрыс бағыт беру үшін отбасы, мұғалімдер мен қоғамның бірлескен еңбегі қажет», – деп атап өтті.Құқық қорғау органдарының өкілдері алаңдатарлық статистиканы ұсынды. Биыл жасөспірімдер 18 қылмыс жасаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, 600-ден астам бала түнде көшеде немесе ойын-сауық орындарында ұсталған.Мамандардың пікірінше, қылмыстың көбеюіне ата-аналардың назарсыздығы себеп. Мектеп пен құқық қорғау органдары шара қолданғанымен, отбасының қолдауынсыз нәтиже толық болмайды.Мұғалімдер, билік өкілдері, ақсақалдар мен ата-аналардың айтқандары бір арнаға тоғысты: дені сау әрі жауапты ұрпақты тәрбиелеу үшін бәріміздің күш біріктіруіміз қажет.Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулер жүйелі түрде өтуі тиіс деген пікірге келді. Өйткені балалардың болашағы ең алдымен отбасының жауапкершілігіне байланысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080429?lang=kk
4 500 жұмыс орны және 70 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында ең ірі логистикалық парк ашылды 14.10.2025
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту, заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгін Алматы облысында осы міндеттердің нақты іске асуына айқын үлгі болған маңызды оқиға орын алды – Focus Logistics (BAZIS компаниялар тобы) компаниясының «Focus Aksengir» логистикалық паркі ашылды.Жобаға жалпы инвестиция көлемі 70 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылы 13 млрд теңге игерілді. Бірінші кезекте Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метрді қамтитын заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта оффтейк-келісім жасалған.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа парк өңірдің экономикалық өсуіне серпін беретініне назар аударды: «Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады».Бүгінгі күні жалпы аумағы 64 545 шаршы метр қоймалар пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 000 шаршы метр қойма іске қосылады. Болашақта А+ санатындағы 300 000 шаршы метрге дейін қойма орындарын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланған.Жоба тікелей жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне әсер етеді. Тек Ozon компаниясымен серіктестіктің өзі 4 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал өңір бюджетіне жыл сайынғы қосымша түсім 5 млрд теңгеден асады.«Бұл нысанды біз жай ғана қойма кешені емес, сауда, инвестиция және бизнестің жаңа мүмкіндіктері шоғырланатын орталық ретінде қарастырамыз. Мұнда мемлекет те, инвесторлар да, жергілікті кәсіпкерлер де ұтады», – деді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.Логистикалық парк БАКАД, Аксенгир теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәліздерімен интеграцияланған.Сонымен қатар, BAZIS компаниясы 50 000 шаршы метр аумақтағы көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды, сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080445?lang=kk
Ысқақовтар әулеті: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұстаздық дәстүр 14.10.2025
Жамбыл ауданында Ысқақовтар әулеті ерекше орынға ие. Оларды көпшілік нағыз ұстаздар әулеті деп атайды. Себебі бірнеше буын өкілдері өмірін өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруге арнаған. Кәсібіне адалдығы мен мектеп білімін дамытудағы зор еңбегі үшін халық арасында Ысқақовтарды «ұстаздар әулеті» деп құрметтейді.Ысқақовтар әулетінің педагогикалық дәстүрі өткен ғасырдың орта шенінде бастау алды. Нұржан Жораханұлы Ысқақовтың атасы Сейдахмет ауылдағы алғашқы мектептің негізін қалаушылардың бірі болса, әкесі Жорахан Ысқақов ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, бүкіл ғұмырын балалар тәрбиесіне арнады.Бұл дәстүрді лайықты жалғастырған Нұржан Жораханұлы 1959 жылдың 3 ақпанында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №9 интернатты аяқтап, Мәскеу қаласында әскер қатарында борышын өтегеннен кейін, Қазақ дене шынықтыру институтына түсіп, оны 1983 жылы үздік бітірді. Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастады.1985–2002 жылдар аралығында ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, осы кезеңде білім ошағы елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен қайтадан ұстаздыққа оралып, 2023 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін дене шынықтыру пәнінен дәріс берді.Нұржан Жораханұлы өмірлік серігі Бибігүл Аспандиярқызымен Қазақ дене шынықтыру институтында танысып, 1983 жылы шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсірді.Бүгінде олардың үш баласы ата-анасының жолын жалғап, педагогикалық дәстүрді өрбітіп отыр. Үлкен ұлы Думан Алматы қаласында тарих пәнінен сабақ береді, қызы Айгүл Арайымқызы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагог-психолог болып еңбек етеді. Кенже ұлы Елдар Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдап, Сұраншы батыр ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ортаншы ұлы Дастан энергетика саласында қызмет атқарып жүр, дегенмен отбасының еңбекқорлық пен қоғамға адал қызмет ету дәстүрін жалғастыруда.Ұзақ жылғы еңбегі үшін Нұржан Жораханұлы мемлекеттік марапаттарға ие болып, әріптестерінің құрметіне, шәкірттерінің алғысына бөленді. Зейнет демалысына шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.Ысқақовтар әулеті – Жамбыл ауданының мақтанышы. Бұл әулеттің өнегелі тарихы ұстаздық мамандыққа адалдықтың және білім саласындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080151?lang=kk
Ағылшын тілін рэп арқылы үйреткен ұстаз 14.10.2025
Қазіргі цифрландыру дәуірінде және ақпарат ағыны мол заманда мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тың әдістерді қолдануы қажет.Осындай жаңашыл ұстаздардың бірі – әлеуметтік желілерде «Мистер Омирбек» атымен танымал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Өмірбек Жанқуатов. Жас педагог TikTok желісінде жариялаған бейнероликтері арқылы кеңінен танымал болды. Ол бейнематериалдарда мектеп оқушыларын ағылшын тілін музыкалық композициялар арқылы үйретеді.34 жастағы Өмірбек Жанқуатов бұған дейін Алматы облысы Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Қазіргі таңда ол Іле ауданы Қосөзен ауылындағы мектепте сабақ береді. Оның оқыту тәсілі шығармашылыққа негізделген: сабақ барысында оқушылар ағылшын сөздері мен сөз тіркестерін рэп ырғақтарына қосып жаттайды. Мұндай әдіс білім алу процесін қызықты әрі жеңіл етеді.Өмірбек Жанқуатовтың кәсіби жетістіктері өңірлік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Жақын арада ұстаз жаңа авторлық бағдарламасын ұсынбақ, оны оқушылар асыға күтуде.Ұстаздық – үздіксіз ізденісті, кәсіби дамуды талап ететін абыройлы мамандық. Өмірбек Жанқуатовтың тәжірибесі шығармашылық пен кәсібилікті ұштастыру арқылы заманауи білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға болатынын дәлелдеп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080154?lang=kk
Алматы облысында робототехниканы дамытқан жаңашыл ұстаз 14.10.2025
Алматы облысының мектептерінде заманауи білім беру әдістері сәтті жүзеге асырылуда. Соның жарқын үлгісінің бірі – педагог Даулешьяр Бақытәлінің еңбегі. Ол арнайы жабдықтары жоқ мектепте өз күшімен робототехника кабинетін ашып, оқушыларды ғылымға баулыды.Ұстаздың бастамасымен «Өнертапқыштар әлемі» клубы құрылды. Клубтың алғашқы ірі жобаларының бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыға қол протезін жасау болды. Кейіннен бірнеше қол және аяқ протездерінің үлгілері дайындалды.Білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін Даулешьяр Бақытәлі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен марапатқа ие болды.Оқушылардың шығармашылық ізденістері нәтижесінде көптеген бірегей жобалар дүниеге келді. Атап айтқанда: «Автоматты қоқыс жинағыш», «Еден жууға арналған робот», «Робо-күнбағыс», «Көрмейтіндерге арналған көзілдірік», «Бөтелке қайта өңдеу құрылғысы», «Жеткізу дроны», «Робо-дәрігер», «Қазақы стильдегі автокөлік макеті» және басқа да жобалар жасалды.Сонымен қатар, педагог мектептен тыс үйірмелерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеп, мұғалімдер мен оқушыларға арналған физика пәні бойынша мобильді қосымша ойлап тапты. Балалармен бірлесіп жасалған жобалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тек өңірде ғана емес, бүкіл ел көлемінде оң пікірге ие болды.Мұндай бастамалар оқушылардың әлеуетін ашуға, олардың ғылыми ізденістерге құштарлығын арттыруға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың ата-аналары да педагогтың еңбегін жоғары бағалап, оның білімді қызықты әрі түсінікті түрде жеткізе білетінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080159?lang=kk