Экономика
Алматы облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда 06.08.2025
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Қонаев» ӘКК» АҚ кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, Алматы облысы аумағында әлеуметтік дүкендер мен сауда нүктелерін ашу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.Аталған жұмыс үшжақты агенттік келісімшарттар негізінде жүзеге асырылып, сауда орындары халыққа күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерін нарық бағасынан 10–15% төмен белгіленген тұрақты бағамен ұсынады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың негізгі азық-түлікке қолжетімділігін арттырады.Бүгінгі күні белгіленген бағалар төмендегідей:күріш — 320 тг/кг,1-сортты бидай ұны — 175 тг/кг,қарақұмық жармасы — 200 тг/кг,құмшекер — 382 тг/кг,макарон өнімдері (құрыш) — 250 тг/кг,ас тұзы — 65 тг/кг,күнбағыс майы — 578 тг/л (5 литрі — 2890 тг).Облыс көлемінде сауда субъектілерімен жалпы 58 агенттік келісімшарт жасалған. Сауда нүктелеріне тауарлар Қонаев, Алатау қалалары мен Іле, Талғар, Райымбек және Кеген аудандарынан келіп түскен өтінімдер негізінде тұрақтандыру қорынан жеткізіледі.Бұл бастама нарықтағы баға тұрақсыздығы жағдайында халықты қолдауға бағытталған және алдағы уақытта өңірдің басқа да елді мекендерін қамти отырып жалғасын табатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1046590?lang=kk
Қонаев қаласында үшжақты меморандумға қол қойылды 06.08.2025
Қонаев қаласында Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, қалалық әкімдік және білім бөлімі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.Құжатқа қала әкімі Асхат Бердіханов, университет ректоры Дархан Ақпанбетов және қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Қойшыбаева қол қойды.Меморандум аясында Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мамандарды даярлау, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, дуалды оқытуды ұйымдастыру және басқа да маңызды шараларды жүзеге асыру жоспарланған.Университет тарапынан қала мектептерінің үш түлегіне білім гранттары табысталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1046608?lang=kk
Қостанай облысында ұлттық жадыны ұлықтаған ескерткіш ашылды 06.08.2025
Амангелді ауданында әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени оқиға өтті2025 жылдың 5 тамызында Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы «Тәж Торғай» туристік кешенінде Қазақстан тарихында айрықша орын алатын айтулы жоба – «Ұлттық жады қабырғасының» ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысан халықаралық деңгейде мойындалып, Global Book of Records әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді.Жобаның басты мақсаты – халқымыздың тарихи жадын жаңғырту, ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғалар мен тағдырлы оқиғалар жайлы мәліметтерді жас ұрпақтың санасына сіңіру. Қабырғадан қазақ халқының азаттық жолындағы күрестері, ұлттық рухты көтерген тарихи кезеңдер, сондай-ақ шетелде билік етіп, сол жерде мәңгілік тыныс тапқан бабалардың есімдері көрініс тапқан.Қабырғаның ұзындығы – 35 метр, биіктігі – 3 метр 80 сантиметр. Бұл тек сәулет өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық сананы тәрбиелейтін рухани орталыққа айналды.Жобаның авторы әрі демеушісі – белгілі қоғам қайраткері, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, Амангелді ауданының Құрметті азаматы Сапар Ысқақұлы Ысқақов. Елдің руханияты мен тарихи танымына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтың бастамасымен бұл бірегей ескерткіш өмірге келді.Ашылу салтанатына республикалық және халықаралық деңгейдегі құрметті қонақтар, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері мен блогерлер қатысты. Жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, танымал сарапшылар сөз сөйлеп, бұл жобаның ел үшін маңыздылығына тоқталды.Атап айтқанда, халықаралық талаптарға сай сараптама жүргізу үшін келесі беделді мамандар арнайы шақырылды:Дерех Самир Али – Сирия Араб Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Құрметті консулы (2010–2017);Орденбек Блесбекұлы Мазбаев – география ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры;Жеңіс Жомарт Жеңісұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары;Күзембаев Аманжол – тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.Салтанатты рәсім барысында Global Book of Records ұйымының Азия мен Африка аймағы бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов сөз сөйлеп, «Ұлттық жады қабырғасының» әлемдік рекордтар қатарына енгенін ресми түрде жариялады.Осы тарихи сәтке орай ұлттық киім киген жастар 34 елдің туын көтеріп, бейбітшілік пен достықты, болашаққа деген сенімді білдірді. Сахнада туған жер мен ел тарихына арналған әндер шырқалып, этноауыл, ұлттық өнер мен қолөнер көрмелері, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.Амангелді ауданы осындай ауқымды әрі мазмұнды жобаның арқасында халықаралық деңгейде танылып, мәдени туризм саласына жаңа серпін берді. Бұл оқиға – тек аудан үшін ғана емес, тұтас Қостанай облысы мен Қазақстанның рухани әлеуетін әлемге паш еткен маңызды қадам.«Ұлттық жады қабырғасы» – халқымыздың өткені мен бүгіні арасын жалғайтын, келер ұрпақ бойына отансүйгіштік пен тарихи сананы сіңіруге бағытталған тағылымды ескерткіш.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1046327?lang=kk
Миллиондаған табыс құлпынайдан: Алматы облысының жас фермері жеңілдетілген несиені тиімді игерді 05.08.2025
Ынтымақ ауылының тұрғыны Ерадил Құмарбек ауыл шаруашылығының заманауи, табысты әрі экологиялық таза сала бола алатынын өз тәжірибесі арқылы дәлелдеді.«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, ол 600 шаршы метрлік жылыжай тұрғызып, құлпынай өсіру ісін жолға қойды. Жобаны іске асыру үшін жас фермер 2,5% жылдық мөлшерлемемен 9,1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алған.– Мені әрдайым жерге деген сүйіспеншілік жетелейтін. Жай ғана жұмыс істеп қоймай, өз ісімді бастағым келді. Құлпынай менің алғашқы қадамым болды – бұл маған еңбекке деген ынтамен қатар, ертеңгі күнге деген сенімді де сыйлады, – дейді Ерадил Құмарбек.Жылыжай заманауи тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған, бұл су ресурстарын үнемдеп, тұрақты әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Табиғи әрі хош иісті құлпынай бүгінде жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие. Фермердің айтуынша, оның бастамасы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға шабыт беріп, олар агробизнеске белсенді түрде қызығушылық таныта бастаған.– Су – өмір. Бүгіннен бастап үнемдеуді үйренсек, болашағымызды жарқын ете аламыз, – дейді ол табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығына назар аударып.Бүгінде Ерадилдің жылыжайы – тек тұрақты табыс көзі ғана емес, сонымен қатар бастамашылдық, мемлекеттік қолдау мен еңбекқорлық ауыл өмірін түбегейлі өзгерте алатынының жарқын үлгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1046139?lang=kk
ҚР СІМ-де Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды 05.08.2025
Астана, 2025 жылғы 4 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Елшісі Салман Балмен кездесу өткізді.Министрдің орынбасары Швейцария Қазақстанның Еуропалық серіктестері арасында маңызды орын алатынын және дәстүрлі түрде ел экономикасындағы ірі инвесторлардың қатарына кіретінін атап өтті. Ол тұрақты іскерлік диалогтың, оның ішінде Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясы аясындағы қызметінің маңыздылығын атап, сондай-ақ экология, «жасыл» энергетика және медициналық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды жандандыруға қызығушылық білдірді.Тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейіне жоғары баға беріп, екіжақты форматта және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі саяси диалогты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1046137?lang=kk
Алматы облысында жастар саясаты қарқынды жүзеге асырылып жатыр 05.08.2025
Алматы облысында мемлекеттік жастар саясаты бірізді әрі белсенді түрде іске асырылуда. Тек өткен аптада өңірде 3000-ға жуық жасты қамтыған 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды.Жұмысшы мамандықтар жылы: еңбекші жастарды қолдауЖұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбекші жастар арасында мини-футболдан аудандық іріктеу турнирлері аяқталды. Финалдық ойындар тамыз айының ортасында өтеді деп жоспарлануда.Экологиялық тәрбие – басты назарда«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыста 7000-ға жуық жастың қатысуымен 60-қа жуық экологиялық акция өткізілді. Бұл шаралар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған.«Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмысқа кірісті1 тамыздан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы аясында облыстың барлық қала-аудандарында 1000 жас маусымдық еңбекке тартылды. Жоба жастардың еңбек дағдыларын дамытуға және қоғамдық өмірге белсене қатысуына септігін тигізуде.Әскери-патриоттық тәрбиеЖас буын арасында патриоттық сана қалыптастыру мақсатында шекара заставаларында және әскери бөлімдерде ашық есік күндері ұйымдастырылды. Жастар үшін экскурсиялар мен әскери қызметшілермен кездесулер өтті.Жастардың еңбек құқықтарын қорғауСауда орындары мен базарларда ресми емес түрде жұмыс істейтін жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 112 жас ресми түрде еңбек келісімшарттарын жасап, заңды түрде жұмысқа орналастырылды.Құқық бұзушылықтың және тәуелділіктің алдын алуЖастар арасындағы құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, құмар ойындарға тәуелділік пен суицидтік көңіл-күйдің алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Атап айтқанда:еріктілер мен Полиция департаментімен бірлесіп 500-ден астам заңсыз граффити жойылды;1000-нан астам ақпараттық парақша таратылды;1200 қатысушыны қамтыған 10 тақырыптық семинар өтті;шілде айында түнгі рейдтер ұйымдастырылып, 118 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды;жастармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Халықаралық жастар күніне дайындықБіріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 1999 жылғы 17 желтоқсандағы шешіміне сәйкес, жыл сайын 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Осыған орай, Алматы облысында бұл датаға арналған арнайы іс-шаралар өткізілетін болады.Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов атқарылған жұмыстарға тоқталып:«Жастар – елдің болашағы. Біздің басты міндетіміз – олардың әлеуетін ашу, еңбекқорлыққа, білімге құштарлық пен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Біз жастардың әр бастамасын қолдауға дайынбыз және бұл бағыттағы жүйелі жұмысымызды жалғастырамыз», – деп атап өтті.Мемлекеттік жастар саясаты – елдің стратегиялық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Алматы облысында бұл саясат жастарды жан-жақты қолдау, олардың әлеуметтік-экономикалық үдерістерге белсенді араласуы мен жеке әрі кәсіби қабілеттерін дамытуға басымдық бере отырып жүзеге асырылып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1045742?lang=kk
Қостанай облысының әкімі «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарында құрылыс барысымен танысты 04.08.2025
Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарында салынып жатқан тұрғын үйлер және инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысымен танысты.Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы: «Қолжетімді баспана — арман емес, азаматтар алдындағы біздің міндетіміз», - деген болатын. Осы тапсырманы басшылыққа ала отырып, аймақта соңғы екі жылда 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.«Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары облыс орталығындағы ең ірі тұрғын алаптардың бірі болмақ. Мұнда барлығы 154 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр, ал бұл -14 мыңнан астам жаңа пәтер.Бүгінгі таңда бес қабатты 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын – яғни жұмыс 95% орындалды. Сонымен қатар, тағы 13 осындай ғимараттың құрылысы басталды.Жобада тұрғын үйлерден бөлек, заманауи инфрақұрылымды құру қарастырылған. Мұнда «ақылды» аялдамалар, бейнебақылау жүйелері, балалар және спорт алаңдары орнатылатын болады. Тұрғын үйлерден жаяу қашықтықта мектептер, балабақша, көпсалалы аурухана, демалыс орталықтары мен спорт сарайы орналасады.Жаңа тұрғын алабын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 49,5 Гкал газ қазандығы салынып жатыр. Нысанда құрылыс-монтаждау және іске қосу жұмыстары жалғасып, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.«Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру – тұрғын үй жағдайын жақсарту ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру. Халықты баспанамен, толыққанды өмір сүруге қолайлы ортамен қамтамасыз ету маңызды», - деді Құмар Ақсақалов.Осы ретте, жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде «Қостанай жастары» бағдарламасы жалғасуда, оның аясында үш жылда 340-тан астам жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бағдарлама 2025 жылы жалғасатын болады. Ағымдағы жылы оны қаржыландыру «Отбасы Банк» АҚ қаражатын қоса алғанда, 938 млн теңгені құрап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1045397?lang=kk
Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрлері ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты 03.08.2025
Шолпан-Ата, 2025 жылғы 2 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға жасаған ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесу өткізді.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті, ол саяси диалогтың тұрақты нығаюымен және жан-жақты өзара іс-қимылдың кеңеюімен сипатталады.ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне көтерілгенін атап өтті.«Қазақстан бауырлас Қырғызстанмен өзара құрмет, сенім және мүдделерді ескеру қағидаттарына негізделген одақтастық қатынастарды тереңдетуге берік бейілді. Біз ұзақ мерзімді серіктестікті құруда осы мақсаттарды басшылыққа аламыз», – деді М.Нұртілеу.Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары соңғы жылдары жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын жан-жақты талқылады, сондай-ақ парламентаралық, үкіметаралық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарына және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысын өткізуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективалары жеке қаралды. Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына тұрақты түрде кіреді.Мемлекет басшыларының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында министрлер экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге, өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға жан-жақты жәрдемдесуге уағдаласты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд АҚШ долларын құрады.2026 жылы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасының іске қосылуы, бірлескен инвестициялық жобаларды пысықтау маңызды екені аталып өтті.Министрлер ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап, энергетика, көлік, логистика, су қатынастары және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді іс-қимылды дамытуға дайын екенін білдірді.Екі мемлекет арасындағы берік және ұзақ мерзімді қатынастардың негізі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері жеке қаралды. Өткен жылы Қазақстанда Қырғызстан мәдениетінің күндері және ауқымды іс-шаралар сәтті өтті.Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының Қырғызстанға ресми сапары қарсаңында Қазақстан киносы күндерін, үшінші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу, сондай-ақ Бішкекте «Алтын достық көпірі» ескерткішін салтанатты ашу жоспарланып отыр.Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді». БҰҰ аясындағы тығыз өзара іс-қимылға, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетуге бейілділік расталды.Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысының «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспарын бекіту туралы» шешімін және Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын дәйектеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1044812?lang=kk
«Абай мұрасы – халық ұлағаты: сөз өнері мен рухтың үндестігі» 03.08.2025
Қостанай облыстық Л. Н. Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты ашық микрофон кеші өтті.Бұл іс-шара ұлы ойшылдың мерейтойына арналған онкүндік аясында ұйымдастырылып, ақын шығармашылығына бейжай қарамайтын қостанайлықтар мен қонақтарды бір арнаға тоғыстырды. Кеш барысында «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты кең көлемді кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған сирек кездесетін және заманауи басылымдар қойылды.Әдеби кештің әсерлі сәттерінің бірі — «Қазына» және «Өркен» клубтарының мүшелері дайындаған «Оқудан қайтқан Абай» атты әдеби-музыкалық композиция болды. Көрермендер Абайдың терең ойға толы өлеңдерін, «Қара сөздерінен» үзінділерді тыңдап, сонымен қатар «Желсіз түнде жарық ай» мен «Көзімнің қарасы» сынды жүректерге жол тапқан әндерін тамашалады.Ашық микрофон алаңында Абай мұрасына құрметпен қарайтын кез келген қатысушы өз өнерін ортаға салды. Ақынға арналған өлеңдер оқылып, Абай дүниетанымының бүгінгі күнмен үндестігі жайлы ойлар айтылды. Жеке естеліктер мен шабытты сөздер кештің шынайы әрі жылы атмосферасын қалыптастырды.Бұл кеш тек Абайдың рухына тағзым ғана емес, сонымен қатар оның адамгершілік, білімге құштарлық және рухани кемелдік жайлы ойларының қазіргі қоғамда да өзектілігін айқындап берді. Абай мұрасы — ұлттың ұлағаты, өшпес өнегесі екені тағы бір мәрте дәлелденді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1044821?lang=kk
LAYS чипстеріне арналған картоп Райымбек ауданында өсіріледі 03.08.2025
Райымбек ауданының аңғарында енді LAYS чипстерін өндіруге арналған арнайы картоп өсірілмек. Бұл жұмыспен 2023 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен сервистік орталық ретінде құрылған «Алтын Дән» ЖШС айналысады. Қазіргі таңда кәсіпорын өңірдегі аграрлық саланың дамуына жаңа серпін беріп отыр.Бүгінде серіктестік 150 гектар алқапқа картоп егіп, суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару технологиясын қолдануда. Сонымен қатар, Қарой жазығында 1500 гектар жерге дәнді дақылдар себілген.Кәсіпорында 20-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Егіс науқаны кезінде жұмыс орындарының саны арта түседі.Маңызды жетістіктердің бірі — халықаралық PEPSICO компаниясымен әріптестік орнатылып, чипске арналған арнайы тұқымдарды сынақтан өткізу. Бұл тұқымдар шетелден жеткізіліп, Райымбек ауданының аңғарында өсіріледі. Өнім сапасы білікті агрономдар мен сала мамандарының тұрақты бақылауында.Картоп пен дәнді дақылдарды өңдеуге арналған заманауи 20-ға жуық техника іске қосылған. Өнім Алматы облысы мен Алматы қаласына жеткізіледі, ал арнайы тұқымнан алынған картоп PEPSICO компаниясына жөнелтіледі.Жалпы, Райымбек ауданында биыл 13 200 гектар жерге дәнді дақылдар, 2 500 гектарға картоп егу жоспарланған.Бұл – өңір ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық нарыққа шығуға бағытталған нақты қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044825?lang=kk
Балқаш ауданында 3,4 мың тоннадан астам астық жиналды 02.08.2025
Балқаш ауданының диқандары 1900 гектарға жуық астық алқабын орып бітірді. Орташа өнімділік — гектарынан 18 центнер. Бүгінгі таңда 3400 тоннадан астам астық жиналып, бұл өңір үшін жақсы нәтиже саналады.«Биыл алғаш рет тыңайтқыш шашуға дрон қолдандық — бірден әсері білінді», — деп бөлісті ауданның бас агрономы Бекболат Қалдыбаев.Аудан заманауи агротехнологияларға басымдық беріп отыр. Қазірдің өзінде өнімділікті арттырып, климатқа төзімділікті күшейту үшін цифрлық шешімдерді кеңейту мәселесі қарастырылуда.Қысқа 6 мың тоннаға жуық шөп дайындалдыБалқаш ауданында мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда шамамен 6 мың тонна шөп жиналған. Биыл мал азығы дақылдарына 16 мың гектар жер бөлінді — бұл егістік көлемінің жартысынан астамы.«Қыс маусымын қиындықсыз өткізу үшін бәрін алдын ала есептеп, жоспарлаймыз», — деді аудан әкімінің орынбасары Алмас Есенов.Қысқа дайындық — ауыл тұрғындары үшін басты міндеттердің бірі. Билік өкілдері фермерлерге субсидия мен техника арқылы қолдау көрсетілетінін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044790?lang=kk
Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті 02.08.2025
2025 жылғы 2 тамызда Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтып, қоршаған ортаны қорғау ісіне бейжай қарамайтын мыңдаған азаматты біріктірді.Сенбілікке барлығы 28 977 адам қатысты. Оның ішінде 5 437 мемлекеттік қызметші, 8 006 ерікті және 15 534 жергілікті тұрғын жұмылдырылды. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарына 28 арнайы техника бірлігі тартылды.Экологиялық акция барысында қатысушылар 95 гектар аумақты тазалап, 108 тонна қоқыс жинады. Барлық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.Аталған шара халықтың экологиялық мәдениетінің жоғары екенін және жергілікті билік, еріктілер мен тұрғындардың үйлесімді әрекет етуінің тиімділігін көрсетті. Мұндай сенбіліктер тек аумақтың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілік көзқарастың қалыптасуына да оң әсерін тигізеді.Алдағы уақытта да Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жалғасып, бұл іске одан да көп тұрғындар мен ұйымдар тартылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044785?lang=kk
Алматы облысы шетелдік БАҚ арасында тұрақты қызығушылық тудыруда 01.08.2025
Тек 2025 жылдың шілдесінде ғана аймаққа Ресей, Италия және Оңтүстік Кореяның түсірілім топтары келді. Журналистер мен тележүргізушілер Шарын каньоны, Қайыңды көлі, Көлсай көлдері, "Nomad" этноорталығы және "Oi-Qaragai" барлық маусымдық курорты сияқты жерлерде жұмыс істеді. Барлық сапарлар Мұқият ұйымдастырылды: көлік, эскорт, логистика және туристік орындарға қол жетімділік қамтамасыз етілді.Түсірілім топтары ұйымның деңгейіне толығымен риза болды. Аймақ туралы эпизодтар осы күзде және қыста Ресейде, Италияда және Оңтүстік Кореяда көрсетіледі, бұл Алматы облысының туристік әлеуетін халықаралық ілгерілетуге ықпал ететіні сөзсіз, — деп хабарлады өңірдің Туризм басқармасы.Оңтүстік Кореяның түсірілім тобы Алматы облысының ең көрікті жерлерін аралады. Екі күннің ішінде команда каньондардан өтіп, тауларға көтеріліп, ауыл өмірінің атмосферасына түсті. Мұның бәрі Оңтүстік Кореяның миллиондаған көрермендері осы күзде көретін танымал реалити-шоудың бөлігі.2025 жылғы 26-27 шілдеде Channel s телеарнасының түсірілім тобы Алматы облысында болды, онда "достарының көмегінсіз өз есебінен сапар" жобасының эпизодтарын түсірді. Шоуға қатысушылар Шарын каньонына, Көлсай көлдеріне, Қайыңды көліне және Саты ауылына барып, көрермендерге қазақстандық табиғаттың барлық күші мен сұлулығын көрсетті.Түсірілімге Оңтүстік Кореяның режиссері, операторы, үйлестірушісі және актерлері қатысты. Қонақтарды қабылдау және маршрутты ұйымдастыру жоғары деңгейде болды: өңірдің туристік ақпараттық орталығы ыңғайлы көлік, сүйемелдеу және толық логистикалық қолдау көрсетті. Сапардың барлық кезеңдері кесте бойынша өтті.Түсірілім Шарын қаласындағы Қамал алқабында серуендеуден басталды, содан кейін команда Саты ауылында түнеп, жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен дәстүрлерімен танысты. Келесі күні қонақтар Көлсай мен Қайыңдыға барып, бірегей табиғи ландшафттар мен туристік инфрақұрылымды түсірді.Ұйымдастырушылардың айтуынша, Оңтүстік Корея жағы сапарға толығымен риза болды. Кадрлар 2025 жылдың күзінде Channel s арнасында көрсетіледі. Қазақстандық табиғатты шетелде миллиондаған көрермендер көреді-бұл Алматы облысын халықаралық экологиялық және этномәдени туризм орталығы ретінде ілгерілетудегі маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044699?lang=kk
Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды нығайтып, стратегиялық диалогты жалғастыруда 01.08.2025
Чолпон-Ата, 2025 жылғы 1 шілде – Қырғыз тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға ресми сапармен барды.Сапар аясында М.Нұртілеуді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.Қырғыз басшысы екіжақты форматтағы одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестіктің тереңдеп келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, көпжақты алаңдардағы қазақ-қырғыз ынтымақтастығының дәстүрлі жоғары деңгейін ерекше атап өтті.Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді.Тараптар екі ел арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылап, Қазақстанның бауырлас Қырғызстанмен жан-жақты одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.Келешекте Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасайтын ресми сапарына дайындық жұмыстарының негізгі аспектілері талқыланды.Кездесу соңында Қырғызстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін оң бағалап, олардың мазмұндық тұрғыда одан әрі дамуына мүдделілік білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1044664?lang=kk
Алматы облысында 31 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері Ұлттық санақтан өтеді 01.08.2025
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – он жылда бір рет өткізілетін маңызды мемлекеттік науқан. Санақ барысында ауыл шаруашылығы саласындағы нақты жағдайға қатысты маңызды деректер жиналады: өндіріс көлемі, техникамен қамтамасыз етілуі, мал басы, жер пайдалануы және тағы басқа көрсеткіштер.– Ауыл шаруашылығы санағы – елдің аграрлық саясатын дұрыс жоспарлау үшін қажет. Әрбір фермердің жауабы субсидиялар, техника және инфрақұрылым бөлу сияқты нақты шешімдерге ықпал етеді, – дейді Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Бағлан Қарғұлов.Санақ 31 тамызға дейін sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде өтеді. Қатысу үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Онлайн формат – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады.Алматы облысында 1700-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен 29 мыңға жуық шаруа қожалығы және жеке кәсіпкер қамтылады.Спикердің айтуынша, онлайн форматта өтпеген респонденттерді 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайтын болады. Интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін облыс аумағында 151 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті жұмыс істеп тұр.Сауалнамада берілген барлық ақпарат құпия сақталады және тек статистикалық мақсатта пайдаланылады. Техникалық немесе мазмұндық сұрақтар туындаған жағдайда 1446 нөміріне хабарласуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044402?lang=kk
Алматы облысында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының үздігі анықталды 01.08.2025
Облыстық кезеңнің жеңімпазы республикалық додаға жолдама алды2025 жылғы 31 шілдеде Алматы облысында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары атынан барлық қатысушы отбасыларға Алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.Биылғы байқау туралы ақпарат 15 мамырда өңірлік БАҚ пен жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған болатын. Алғашқы кезеңде аудандық және қалалық деңгейде іріктеу жұмыстары жүргізіліп, 87 өтінім қабылданды. Нәтижесінде, комиссиялар 15 отбасын облыстық кезеңге ұсынды.Облыстық комиссия 15 шілдеде байқау талаптарына сай отбасыларды жан-жақты саралап, жеңімпаздарды анықтады. Байқау қорытындысы бойынша:• III орын – Қондыбаевтар (Жамбыл ауданы) және Телтаевтар (Балқаш ауданы),• II орын – Шолпанбай отбасы (Еңбекшіқазақ ауданы),• I орын – Бекдайыр отбасы (Қарасай ауданы), республикалық кезеңге жолдама алды.Бекдайырлар отбасы 12 қыркүйек күні Отбасы күніне орай өтетін республикалық марапаттау рәсіміне қатысады.Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп, қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайту мен үлгілі отбасыларды насихаттауға зор үлес қосып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044344?lang=kk
Қонаевта жазғы маусым қорытындыланды: екі айда 1,5 миллионнан астам турист келген 01.08.2025
Қонаев қаласында жазғы туристік маусымның аралық қорытындысы жарияланды. 2025 жылдың маусым-шілде айларында Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,5 миллионнан астам адам келіп, қала еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Бүгінде шаһар аумағында екі негізгі рекреациялық аймақ жұмыс істейді: Алматы және солтүстік жағалауы. Алматы жағалауында ірі қонақ үй кешендері мен жеке жағажайлар орналасса, солтүстік бөлігі заманауи инфрақұрылымы бар қолжетімді қоғамдық аймақ ретінде дамып келеді.Негізгі жүктеме абаттандырылған №5, №6 және №7 жағажайларға түсті. Мұнда санитарлық және сервистік талаптарға сай жағдай жасалған: 75 әжетхана, 170-тен астам қоқыс жәшігі мен контейнер орнатылып, құтқарушылар, медицина және техникалық қызметкерлер кезекшілік етеді.№5 жағажайда күн сайын 20 қызметкер жұмыс істейді, демалыс күндері мұнда 2,5 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Ал №6 және №7 жағажайларында 10 құтқарушы мен медицина қызметкерін қоса есептегенде 30 қызметкер бар, демалушылар көп күндері шығарылатын қоқыс көлемі 3 тоннаға жетеді.Қауіпсіздікті бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі бейнабақылау жүйелері орнатылған. Жағажайдағы жалпы жағдайлы полиция, төтенше жағдайлар қызметі және жеке күзет мекемелері қадағалайды.Әкімдік дерегінше, жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген орындарда орын алады. Сондықтан тұрғындар мен қонақтарға тек ресми бекітілген жағажайларда демалуға кеңес беріледі.Қалада 140-қа жуық туристік нысан жұмыс істеп тұр. Маусым аяқталғаннан кейін №6 және №7 жағажайларын қайта жаңғырту және жеке инвестиция есебінен №8 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады. Жалпы жағалау ұзындығы 6,1 шақырымды құрап, бірыңғай сәулеттік жоспарға сай жасалады деп жоспарлануда.Сондай-ақ 2028 жылға дейін Қонаевта жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын 11 ірі туристік жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында қонақ үй кешендері, ойын-сауық орталықтары, гольф-клубтар мен отбасылық демалыс орындары бар.Қонаев қаласының әкімдігі заманауи, қауіпсіз және қолжетімді туристік ортаны дамыту – шаһарды өркендетудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1044276?lang=kk
Alatau Public Utilities: Талғар ауданындағы сумен жабдықтау жүйесін кешенді жаңғырту 31.07.2025
Алматы облысында, соның ішінде Талғар ауданында сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуда жаңа кезең басталды. Бұрынғы коммуналдық кәсіпорын «Талғар су» қайта ұйымдастырылып, Алматы облысы әкімдігі 100% қатысатын Alatau Public Utilities бірыңғай операторы болып құрылды. Бұл шешім Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы бастаған жергілікті атқарушы органның бастамасымен қабылданды.Компания 2024 жылдан бастап саланы жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыруға кірісті. Аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауысу арқылы компания даму стратегиясын түбегейлі өзгертті. Бас директор Асқар Тұтұбаев кәсіпорын қызметін ашықтық, айқындық және инвестициялық тиімділік қағидаттарына негізделе отырып кешенді түрде қайта құруға бағытталғанын мәлімдеді. Компания стратегиясының негізінде Мемлекет басшысының тарифтік саясатты реформалау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігі туралы Жолдауында айтылған ережелер жатыр.Компания тек жекелеген жақсартулармен шектелмей, инженерлік және технологиялық базаны жүйелі түрде жаңартуға бағытталған. Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаға және 2029 жылға дейінгі ТКШ дамыту тұжырымдамасына сәйкес, кәсіпорын ресурстарды басқару мен инфрақұрылымды күтіп-ұстаудың озық тәсілдерін енгізуде.Алғашқы қадам ретінде толық түгендеу жүргізілді: 7,5 млрд теңге сомасындағы мүлік Alatau Public Utilities балансына берілді. Арнайы су пайдалану, оның ішінде жерасты және жерүсті су көздерін пайдалануға қажетті рұқсаттар алынды. Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді, компанияда 329 қызметкер жұмыс істейді.Инженерлік желілерге алдын ала техникалық тексеру жүргізілді, келесі кезеңдерге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы кезеңнің өзінде оң өзгерістер байқалуда: абоненттік базаны қайта қарау нәтижесінде қызмет көрсетілетін тұтынушылар саны 3700-ге, яғни 7,2%-ға артты.30 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет бірыңғай төлем құжаты және тұтынушылармен есеп айырысу жүйесі енгізілді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап компания «Алсеко» АҚ-мен әріптестік орнатты, бұл цифрлық қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік берді. Енді тұрғындар көрсеткіштерді онлайн беріп, төлемдерді мобильді қосымшалар арқылы жүргізе алады. Бұл қызмет көрсету айқындығы мен ыңғайлылығын арттырды. Уақтылы төлем жасау деңгейі 52%-дан 93%-ға дейін өсті, ал түсім 563 млн теңгеден 634 млн теңгеге дейін, яғни 71 млн теңгеге артты.Алматы қаласының «Алматы су» ШЖҚ МКК және бірыңғай оператор арасында ағынды сулардың есеп жүйесі толық автоматтандырылып, цифрландырылды. Бұл қашықтан бақылауға, ағынды сулар көлемін нақты есепке алуға және көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға бағытталған шараларды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.Алты ай ішінде 1500-ден астам апатты жағдай жойылды. Техникалық қызметтер проактивті жұмыс режиміне көшіп, жүйенің тұрақтылығын арттырды. Өндірістік қызметкерлердің жалақысы көтерілді — бұл кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған шара.Алайда автопарктің жағдайы әлі де күрделі: 35 техниканың тек 12-сі ғана жұмысқа жарамды. Тракторлар мен экскаваторларға арналған төрт жаңа қозғалтқыш сатып алынды, олардың бірі орнатылды. Сонымен қатар, жаңа суасты сорғылар алынды, бұл Талғар ауданында сумен жабдықтауда үзілістердің алдын алуға мүмкіндік берді.2025 жылғы 1 маусымнан бастап Талғар және Еңбекшіқазақ (батыс бөлігі) аудандарының тұтынушылары үшін жаңа су тарифтері бекітілді. ҚҚС-мен бірге су текше метрінің орташа құны 85,97 теңгені құрап, 2021 жылдан бері қолданылып келген тарифпен салыстырғанда 36%-ға артты.Асқар Тұтұбаевтың айтуынша, облыс аудандарындағы тарифтердің әркелкілігі жоспарлау мен дамуды қиындатады:— Әр ауданда өз құрылымы, өз су бағасы бар. Бұл – жүйесіздікке әкеледі. Су ресурстарын тұрақты басқару үшін бірыңғай жүйе мен бірыңғай оператор қажет, — деді ол.Республикалық меншіктегі Топтық су құбырлары мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл ұйымдар су көздері мен халық арасындағы делдал ретінде жұмыс істеп, суды қымбат бағамен өткізеді. Мұндай тәжірибе жүйені интеграциялауға және дамытуға кедергі келтіреді.Бүгінгі таңда Alatau Public Utilities Талғар ауданының 47 елді мекенінің 33-іне (шамамен 70% аумаққа) қызмет көрсетеді. Сумен жабдықтау 48 ұңғыма және үш жерүсті су көзі — Талғар өзені (екі учаскеде) және Қотырбұлақ бұлағы арқылы жүзеге асырылады. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асады, абоненттер саны – 57,5 мың адам.2024 жылы сумен жабдықтау және су бұруға арналған шығындар 1 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат ағымдағы қызмет көрсету, жөндеу және нысандарды жаңғыртуға бағытталды.Ұқсас жұмыс Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында да жүргізілді — бұрынғы «Есік су» коммуналдық кәсіпорны да Alatau Public Utilities бірыңғай операторы болып қайта құрылды.— Егер бүгін инфрақұрылымға инвестиция салмасақ — ертең краннан су ағуы екіталай. Тариф — тек шығынды жабу әдісі ғана емес, тұрақты дамудың құралы, — деп атап өтті бас директор.Alatau Public Utilities трансформация бағытын жалғастырып, өз алдына заманауи, технологиялық және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйым құруды мақсат етіп отыр. Компания қызметінің орталығында — қызмет сапасы мен әрбір абоненттің мүддесі тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1043242?lang=kk
Мәулен Әшімбаев Алатау қаласының даму жоспарымен танысты 30.07.2025
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы облысында Мемлекет басшысының өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысымен танысты. Сапар аясында еліміздің оңтүстік-шығысындағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі – Алатау қаласын салу жоспарына баса мән берілді.Палата Спикері қаланың Бас жоспарымен танысып, алдағы уақытта қолға алынатын іргелі жобаларға назар аударды. Алатауда төрт салалық кластерді қамтитын арнайы экономикалық аймақ құрылған. Олар: мәдениет және туризм орталығы, білім және медицина аймағы, іскерлік және қаржы орталығы, сондай-ақ, индустриялық-логистикалық аудан. Жоспарға сәйкес 2050 жылға қарай жаңа қаланың тұрғындары 2 миллионға жетуі мүмкін. Мұнда 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып, жыл сайынғы туристік ағын 4 миллион адамнан аспақ.Мәулен Әшімбаев Алатауды дамыту ауқымды қала салумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын сапалы іске асыру бүкіл өңірдің өркендеуіне оң әсерін тигізеді.«Алатау қаласы былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен құрылды. Бұл – Алматы агломерациясына ғана емес, бүкіл елдің дамуына тың серпін беретін перспективасы зор маңызды бастамалардың бірі. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде аймақтардың дамуына белсенді ықпал етіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта Алатау инновация, инвестиция және талантты жандарды тартатын озық дамыған шаһарға айналуға тиіс деп есептейміз. Осы маңызды жобаның сапалы және уақытылы жүзеге асырылуы үшін бәріміз күш салуымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.Сонымен қатар Сенат Төрағасы Alatau арнайы экономикалық аймағында орналасқан ірі нысандардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, ол үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз ету және өңірлік сауданы дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын «Исткомтранс» көлік-логистикалық орталығына арнайы барды, Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «FRUIT ART» ЖШС жеміс-жидек комбинатының жұмысшыларымен кездесті. Серіктестіктің құрамында жыл бойы құлпынай өсіретін жылыжай кешені, сыйымдылығы 15 мың тоннаға жететін жеміс қоймасы және неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтін сублимация комбинаты бар. Бұл кәсіпорынға жалпы көлемі 44 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Сенат Төрағасы агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі өркендетудің және осы бағыттағы кәсіпорындарды қолдаудың маңызды екенін айтып, олардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тигізетін әсері зор екенін тілге тиек етті. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1043124?lang=kk
Алматы облысының әкімі азаматтарды жеке қабылдады: 15 мәселе көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді 30.07.2025
29 шілде күні облыс тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді тікелей әкімге жеткізу мүмкіндігіне ие болды.2025 жылғы 29 шілдеде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелер тыңдалып, жедел шешім қабылдау үшін жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.Жеке қабылдауға келген 11 азамат тарапынан барлығы 15 түрлі сұрақ қойылды. Атап айтқанда, апатты үйлердің жағдайы, әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үй кешендеріндегі құрылыс ақаулары, сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері кеңінен қозғалды.Қабылдау қорытындысы бойынша облыс басшысы тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1042594?lang=kk