Enbekshi QazaQ

Мәдениет

Автожол саласын дамыту мәселесі талқыланды 14.02.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде автожол саласын дамыту және салаға цифрлық технологияларды енгізу мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте мәселелер кеңінен талқыланып, қала, аудан әкімдері мен сала жетекшілеріне тапсырма жүктелді.«Биылғы меже – жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу. Өткен жылы жөндеуден өткен жолдардан анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріп, қаржының толық игерілуін қамтамасыз етіңіздер. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Жобалардың мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Айта кетейік, облыс аумағынан 3545 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарыы өтеді, оның 1024,5 шақырымы –республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965,5 шақырымы –аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға 44 млрд. 700 млн. теңге бөлініп, 300 шақырымнан асатын автомобиль жолдары, елді мекен көшелері мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Бұл арқылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 33 млрд. 500 млн. теңге бөлінді. Оған 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткіш 95 пайызға жеткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/931733
Еңбек ардагерлерін облыс әкімі құттықтады 14.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев адал еңбектің үлгісін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген ардақты ардагерлерді мерейтойларымен құттықтады. Осы жолғы басқосу құрылыс саласының ардагері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Жәнәбіл Нұрқыштың 90 жасқа, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Садық Әлиевтың 85 жасқа және Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Нәжмедин Мұсабаевтың 75 жасқа толған мерейтойларының құрметіне арналды.Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан құттықтау лебізін жеткізді.«Біз Сырдың қасиетті топырағында дүниеге келіп, елге қалтқысыз қызмет еткен аға буын өкілдерін ұлықтауды, олардың жүріп өткен жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуді дәстүрге айналдырдық.Үлкендеріміз ел іргесінің сөгілмеуін, өскелең ұрпақ жолының ашық болуын тілеп, тұтас қауымды бірлікке үндеп келеді. Ағаларымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.Сіздердің парасат-пайымдарыңыз, тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін құнды! Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.Жәнәбіл Нұрқыш еңбек жолын 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам аудандық су шаруашылығы басқармасында бастаған. Әр жылдары «Қызылорда құрылыс» тресінде, Тасбөгет кентіндегі темір-бетон зауытында, Қазалы ауданының ПМК мекемесінде, «Агропромстрой» тресінде басшылық қызметтер атқарған. Қазалы аудандық кеңесінің депутаты, партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланған. Қазалы ауданында қызмет еткен жылдары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің салынуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан.Садық Әлиевтің еңбек жолы 1961 жылы Қызылорда қаласындағы «Авто трактор деталь» зауытында басталған. Жалағаш аудандық кәсіптік-техникалық училищесінде, аудандық комсомол комитетінде, «Каз сельхоз техника» бірлестігінде, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық қызметтер атқарған. Жалағаш ауданында кеңес төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің бірінші орынбасары, «Қазақстан күріші» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін абыроймен атқарған. Жалағаш аудандық кеңесінің және облыстық кеңестің депутаты болып сайланған. Садық Әлиұлы зейнетке шықса да, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, бүгінде Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде елді бірлікке үндеп келеді.Нәжмедин Мұсабаевтың 1971 жылы ғылыми қызметкерліктен басталған еңбек жолы «Қызылорда жөндеу су құрылыс» тресінде жалғасты. Қазақстан Компартиясының Қазалы аудандық комитетінде, Қазалы аудандық Халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. Әр жылдары Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қазалы, Жаңақорған және Арал аудандарының әкімі, облыстық экономика басқармасының басшысы, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.Басқосуда Сыр өңірінің дамуына қосқан үлестері үшін мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай шапан жабылды.Жәнәбіл Нұрқышұлы «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат бұған дейін Садық Әлиұлы мен Нәжмедин Түрікбенұлына берілген болатын.Мерекелік жиында еңбек ардагері Жақай Бодықбаев, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов мерейтой иелерінің еңбек жолына тоқталып, құттықтау лебіздерін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/931911
Аймақ басшысы «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты 14.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты.Қыркүйек айында 60 орындық жаңа нысан ашылғанша шәкірттер бастауыш мектепке бейімделген ғимаратта оқып келген болатын. Енді ауыл балалары бастауыш сыныпты аяқтаған соң аудан орталығына бармай-ақ, өз үйлерінде, ата-аналарының қасында оқуын жалғастырады. Білім ордасы спорт, акт залдарымен, асхана, кітапханамен және жекелеген пәндік кабинеттермен жабдықталған.Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектептің құрылысы басталып, алғашқы 900 орындық мектеп өткен жылдың қазан айында облыс орталығында ашылды.Жыл басынан бері Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында, Арал қаласында 300 орындық, Жаңақорған кентінің «Саяжай» шағын ауданында, Қызылорда қаласында 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Жыл ішінде тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталады деп күтілуде.Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты наурыз айында аяқталмақ.Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.Мемлекет басшысы алдағы уақытта 1 300 мектепті жаңғыртуды тапсырғаны белгілі. Осы ретте 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектепке, биыл оның 9-ына күрделі жөндеу жасалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933323
Аймақ басшысы Арал ауданының тұрғындарын қабылдады 14.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде жұртшылықпен кездесіп, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтарға көтерген мәселелерінің шешіміне қатысты заң аясында тиісті түсіндірме берілді.«Оқушылар үйінде» өткен жеке қабылдауға 91 азамат келді. Олар тұрғын үй, жолды асфальттау, балабақша салу, салық, декларация тапсыру, жұмысқа орналасу, мектеп салу, сор көлдерді көму, тағы басқа мәселелерді көтерді.«Мергенсай» ауылының тұрғынын «Арал-Жалаңаш» автожолын асфальттау мәселесі толғандырады. Аймақ басшысы аталған автомобиль жолына қаржы бөлінгенін, жөндеу жұмыстары сәуір айында басталатынын айтты.Арал қаласының тұрғыны «Шаруашылыққа қажетті ұнтақтар шығару» жобасын таныстырып, кәсібіне қолдау сұрады. Облыс әкімі тың жобаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.Сонымен қатар, аймақ басшысы ауданда құрылыс салатын мердігер мекемелердің басшыларын қабылдап, нысандардың сапасына баса мән беруді, жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды.Қабылдауда тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларына өз сауалдарын қойып, заңдық тұрғыда кеңес алды. Көтерілген мәселелер заңда белгіленген тәртіппен, кезең-кезеңімен шешіледі. Аймақ басшысы осы орайда жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.Сондай-ақ,облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кейбір мәселелерді талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933336
Аймақ басшысы Қармақшы ауданының тұрғындарын қабылдады 14.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге «Руханият орталығының" жұмысымен танысты, тұрғындарды жеке қабылдады.Жеке қабылдауға келген 78 азамат электр желілерін жаңғырту,айналма жол салу, көшелерге жөндеу жүргізу, теміржол үстінен көпір салу, газ сапасын тексеру, жарық бағаналарын орнату, балалар ойын алаңын салу, тағы басқа мәселелерді көтерді.Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны клуб үйін жаңадан салып беруді сұрады. Аймақ басшысы бұл нысанға 6,9 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынғанын атап өтті.Кент тұрғыны аудан орталығының көшелерін асфальттау мәселесін көтерді.Жосалы кентінің 11 көшесін жөндеуге қаржы бөлінгені, жақын арада мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталатыны айтылды.Тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларынан өз сұрақтарының заң аясындағы шешімі туралы маман кеңесін алды. Жұртшылық сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Кейінгі жылдары дәстүрге айналған бұл бастама ел арасында үлкен қолдауға ие болды және алдын ала хабарланған жеке қабылдауға келушілер саны артып келеді.Сапар барысында облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың, ауданның даму бағыты, түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933761
Республикалық флешмоб аясында қазақстандықтар 300-ден астам қайырымдылық шара ұйымдастырды 14.02.2025
«Игі істі бөліс» республикалық флешмобының алғашқы аптасында 300-ден астам қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланды.Акцияға елдің түкпір-түкпірінен еріктілер топтары мен ұйымдары белсенді түрде қосылды. Алматыда жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері өз өнімдерін ұсынған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеден түскен барлық қаражат балалар үйлеріне көмекке жұмсалды.«Jaiyk Jastary» (Орал) еріктілері коммуналдық сала қызметкерлеріне ыстық шай мен тамақ таратып, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазалауға көмектесті. Астана мен Шымкент жастары қарттар үйінде арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырды.Флешмобты «Jastar Oskemen» (Шығыс Қазақстан облысы), «Zheltorangy_zhastary» (Алматы облысы) және «Biz_birgemiz_dulaty» (Тараз) еріктілер ұйымдары да қолдады.Айта кетейік, флешмобқа қатысу үшін игі іс жасау сәтін фото немесе видеоға түсіріп, #ИгіІстіБөліс және #ПоделисьДобром хэштегтерімен әлеуметтік желілерде бөлісу жеткілікті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/931481
Қазақстандық делегация БРИКС елдерінің креативті индустриялар саммитіне қатысты 14.02.2025
Бүгін, 5 ақпанда, Қазақстан делегациясы Мәскеуде өткен БРИКС елдерінің креативті индустриялар саммитіне қатысты.Алаң Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка және 2025 жылдан бастап ұйымның серіктес елдерінің бірі болатын Қазақстан өкілдерін біріктірді.Саммит аясында «Жаһандық трансформация кезеңіндегі креативті индустриялар» атты пленарлық отырыс өтті, оған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты.Ол әріптестеріне Қазақстанда креативті индустриялардың дамуы мен бұл секторды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол БРИКС аясындағы ынтымақтастық креативті экономиканы одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.Қазақстандық делегация құрамында креативті секторды қадағалайтын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен креативті хабтардың басшылары да болды.Халықаралық кездесудің мақсаты – креативті сектордың экономикалық әлеуетін талқылау және дамыту, нетворкинг пен тәжірибе алмасу. Бұл бағыттарға сәулет және урбанистика, IT, кино, видео және фотография, музыка, дизайн және сән, заманауи өнер кіреді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/931797
Бейжің декларациясының 30 жылдығы: Астанада жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу өтті 14.02.2025
Астанада Бейжің декларациясының 30 жылдығына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» 1325-қаулысының 25 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу өтті. Бұл –әйелдердің құқықтарын кеңейтуге және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі халықаралық құжаттар.Кездесуге Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары басшылары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша «БҰҰ-әйелдер» кеңсесінің өңірлік директоры Белен Санс Луке және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.Кездесуде Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева сөз сөйлеп, Қазақстанның 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылған сәттен бастап, ұлттық және халықаралық басымдықтарды ұштастырып, тұрақты гендерлік саясат қалыптастыру бағытын берік ұстанғанын атап өтті.«Бұл процесс ең алдымен нақты құрылған институционал тетіктердің жүйесіне негізделеді. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан ауқымды конституциялық реформа Конституциялық сотты қайта қалпына келтіріп, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын бекітті. Мен бұл өзгерістердің маңызын ерекше атап өткім келеді, өйткені құқық қорғау институттарының күшеюі гендерлік теңдікті ілгерілетіп, қорғау үшін сенімді жағдай жасайды», – деді Айда Балаева.Осы мақсатта Қазақстанда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2023 жылы өңір басшылары жанынан гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесші институты құрылды. Ал Қазақстандағы гендерлік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыруға жауапты негізгі мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Министрлік құрамында арнайы комитет жұмыс істейді.Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша «БҰҰ-әйелдер» кеңсесінің өңірлік директоры Белен Санс Луке Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің гендерлік саясатын жоғары бағалады. Ол оң өзгерісті атап өтіп, Бейжің декларациясының мақсаттары әлемде толық жүзеге асатынына сенім білдірді.«Елдегі әйелдер мен қыз балалардың құқығын кеңейту бойынша қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін қуаныштымын. Біз барлық әйелдер мен қыз балалар еркін, мүмкіндіктері мен құқықтарының бар болуы үшін күш саламыз. Үкіметаралық деңгейде келісілген уағдаластықтар аясында жеткен жетістіктеріңізді жоғары бағалаймыз», – деді Белен Санс Луке.Бейжің декларациясы 1995 жылы Әйелдер жағдайы жөніндегітөртінші Дүниежүзілік конференцияда қабылданды. Құжатта әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын кеңейту бойынша 12 негізгі салада стратегиялық іс-қимылдар белгіленген. «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» 1325-қаулысы 2000 жылы қабылданып, әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне қатысты тиімді шешімдер қабылдауын қамтамасыз етуге бағытталған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/932536
Аида Балаева: 2025 – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл 14.02.2025
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталды.«2025 жыл – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл», – деді министр.Биыл бірқатар атаулы мерейтойлар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтпек.Аталған мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралармен қатар, белгілі тұлғалардың мерейтойларын да жоғары деңгейде өткізу міндеті тұр.«Бұл іс-шараларға қатысты кешенді жоспар бекітілді. Дегенмен атқарылар жұмыстар формальды түрде өтпеуі керек. Әр іс-шараның мәні мен мазмұны, тағылымы терең болуға тиіс», – деді Аида Балаева.Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарлануда. Сондай-ақ, «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы іске қосылады. Порталға 1 млн-ға жуық қазақстандық жауынгердің есімі бойынша мәліметтер, сондай-ақ жеке құжаттары мен фотосуреттері енгізілді.Аида Балаева саланы цифрландыру мәселесіне де жіті назар аудару қажетін айтты. Цифрландыру – мәдениет пен ақпарат саласындағы тың мүмкіндіктер алаңы.Министрлік мәдени мұраларды сақтау және қолжетімді ету үшін цифрландыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. «E-museum» веб-порталы іске қосылып, Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталмақ. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді.Кино саласына қатысты өзекті мәселелер де ұдайы назарда. Солардың бірі – «Қазақфильмді» дамыту. Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады.«Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді», – деді Аида Балаева.2024 жылы алғаш рет ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жаңа форматтағы конкурс өткізілді. Былтыр 16 ұлттық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы 14 жаңа кинотуынды жарық көреді.Сондай-ақ, анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады.Телеарналардағы сериалдардың да сапасы артып келеді. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал дайындалып, көрсетілді.Министрлік ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау мәселесіне де назар аударып, ұлттық стриминг платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.Бұдан бөлек, кинопрокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдердің мазмұнына байланысты прокаттау куәлігін беру бойынша заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізілуде.Кино саласын бұдан әрі кезең-кезеңмен жетілдіру жұмыстары жалғасады.Бүгінде жалпы мәдениет саласында 8 мыңға тарта мәдениет ұйымында 58 мыңнан астам адам қызмет етеді. Былтыр театрларда өткен 16 мыңға жуық іс-шараға 3 млн-ға жуық көрермен келсе, музейлерде ұйымдастарылған іс-шараға 2 млн-нан аса адам қатысқан.Бұл ретте министр мәдени ұйымдарда өтетін коммерциялық іс-шаралардың да мазмұнына мән беру керек екенін айтты.«Өйткені киелі сахна – талғам мен тағылымның ордасы. Сол себепті де мәртебелі өнердің қадір-қасиетін түсірмей, бәріміз де жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Мәдениет ошақтары саяси лозунгтар мен ұрандардан ада болып, нағыз өнердің кең қанат жаюына жағдай жасауы керек», – деді Аида Балаева.Сонымен қатар, министр ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін де атап өтті. Қазіргі кезде елімізде 18 конфессияны білдіретін 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Сондықтан, қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеу орынды.Сондай-ақ этномәдени бірлестіктерді гранттық қолдау этносаралық келісім мен бірлікті дамытуға ықпал етеді. Аида Балаева осы мәселенің құқықтық қамтамасыз етілуін пысықтау қажетін айтты.Жалған ақпаратпен күресу және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру үшін «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданды. Өткен жылы онлайн-платформаларда заңнаманы бұзған 67 мыңнан астам факті анықталып, 18 мыңнан астам материал жойылды. Министрлік журналистердің біліктілігін арттыру, медиа сауаттылықты көтеру және фактчекинг бойынша тренингтер ұйымдастыруды қолға алды.2025 жылы Орталық Азия медиафорумы өтеді, онда медиа саласының өзекті мәселелері талқыланбақ.Тағы бір маңызды бағыт – креативті индустрияларды дамыту. Мемлекет басшысы таяуда креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Енді креативті индустрияларды дамыту қоры жұмысын бастайды. Әр өңірде креативті хабтар ашылуда. Бүгінде республика бойынша 12 креативті орталық жұмыс істейді, ал 2025 жылы тағы 8 орталық ашу жоспарланған.Министрлік мәдениет саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы ел өңірлерінде мәдениет нысандарына қатысты 255 жөндеу және 45 құрылыс жұмыстары аяқталды.Ұлттық музей, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры, Наталья Сац атындағы театр және басқа да мәдениет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Сөз соңында, министр 2025 жылға арналған ауқымды жоспарларды іске асыруда барлық сала мамандарын, қоғамдық кеңестер мен журналистерді белсенді қатысуға шақырды.«Халықтың бірлігін нығайтып, еліміздің тұрақты дамыту –баршамызға ортақ мүдде. Ендеше, ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ете берейік», – деді Аида Балаева. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/932846
Астанада Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің ІІ отырысы өтті 14.02.2025
Бүгін, 7 ақпанда Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің ІІ отырысы өтті. ҚР Ұлттық музейінде өткен жиынға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлері қатысты. Кеңес отырысында «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатындағы түркі мемлекеттері басшыларының тапсырмаларына сәйкес түркі мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және оны халықаралық аренада насихаттау бойынша стратегиялық қадамдар талқыланды. Аида Балаева Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры аса құнды мәдени және тарихи ескерткіштерді сақтаудың маңызды миссиясын атқарып келе жатқанын атап өтті. «Бүгінде біздің елдер үшін тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі өзекті. Ежелгі ескерткіштер мен артефактілердің жағдайына уақыт, климаттың өзгеруі және өкінішке қарай антропогендік фактор әсер етуде. Сондықтан қазір мұндай нысандарды консервациялау және реставрациялау саласындағы білікті мамандарға қажеттілік өсуде», – деді министр. Сондай-ақ, Аида Балаева Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын іске асыруды ұсынды. Семинар әртүрлі елдер реставраторларының тәжірибе алмасуына және бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, түркі өркениеті дамуының түрлі тарихи кезеңдерін қайта жаңғырту мақсатында биыл «Ботай және Тұран – түркі әлемінің негіздері» тақырыбында семинар-тимбилдинг ұйымдастырылатынын айтты. Жиында Ақтоты Райымқұлова қордың 2024 жылы атқарған қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ, 2025-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды. Іс-шара түркі елдерінің мәдени ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды. Аталған кездесу мәдени мұраны сақтау саласындағы өзара байланысты нығайтып, халықаралық жобаларға жаңа серпін берді. Сонымен қатар, кеңес отырысы аясында ҚР Ұлттық музейінде ҚР МАМ қолдауымен «Тіл – ізгіліктің бастауы: Диуан луғат әт-түрк» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Диуан луғат әт-түрк» энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығына орай ашылған көрме түркілердің өркениет құрушы қырына баса назар аудара отырып, бүгінге жеткен бірегей қазынаны таныстыруды мақсат етеді. Айта кетейік, 2025 жылы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесіне Қазақстан Республикасы төрағалық етеді.   ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/933895
«Ашық НҚА» порталында НҚА жобасын орналастыру туралы хабарлау 14.02.2025
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ережені бекіту туралы» бұйрық жобасын қоғамдық талқылау бастау алғандығын хабарлайды.Аталған бұйрық жобасы https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15430946 сілтемесі бойынша қолжетімді.Сізден жобаны талқылауға қатысуды сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/933987
Астанада Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары талқыланды 14.02.2025
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрілігінің қолдауымен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің кеңейтілген төралқа отырысы өтті.Іс-шарада Үкімет қаулысымен қабылданған 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына дайындалу және оны мерекелеу бойынша «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты республикалық іс-шаралар жоспарын бірлесіп жүзеге асыру мәселесі талқыланды.Отырысқа ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысты. Ол қатысушыларды Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге байланысты атқарылатын идеологиялық жұмыс туралы хабардар етті.Министрлік жыл сайын ардагерлер ұйымымен бірлесіп ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, тарихқа құрметпен қарауға, патриоттық сезім мен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізуде.Айта кетейік, өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру аясында өңірлерде 260 мыңнан астам жасты қамтитын 9 мыңға жуық ұйым қызмет етеді. Өткен жылдың өзінде 2 млн-нан астам бала мен жас қатысқан 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/934036
Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақынның өлеңіне жазылған жаңа ән радиодан шырқалды 14.02.2025
Қазақтың көрнекті қаламгері Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Қазақстан радио арналарының эфирінде ақынның «Махаббатым өзімде» өлеңіне жазылған әннің тұсаукесері өтті.Әннің музыкасын композитор Қадылбек Жағыпаров жазса, оны Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, жас көрермен музыкалық театрының актрисасы Мақпал Дүйсен орындады.Музыкалық туындының жарыққа шығуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті.Әннің премьерасы «Qazaq Radiosy» және «Shalqar Radiosy» радиостанцияларының эфирінде орындалды.Айта кетейік, биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына 94 жыл толып отыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/934272
Бюрократиядан қолайлылыққа: цифрландыру мемлекеттік қызметтерді қалай жақсартады 12.02.2025
«Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз», - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.2024 жылы Қазақстан Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері әзірленді, сараптамалық база қалыптастырылды және түрлі салаларда ауқымды реформалар іске қосылды.Цифрлық трансформацияның негізгі құралдарының бірі бизнес-процестерді қайта құру болды. 1200-ден астам мемлекеттік үдерістерді қайта қарау нәтижесінде 23 мемлекеттік органда 468 бизнес-үдеріс оңтайландырылды, бұл олардың орындалу мерзімін орта есеппен 45%-ке қысқартуға мүмкіндік берді.Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 98 процестің реинжинирингі қызмет көрсету мерзімінің 55%-ке қысқаруына әкелді. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 55% және 85%-ды құрады.Жылдың басты жетістігі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыру болды. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орынды иеленді.Бүгінгі таңда халықтың 93%-тен астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8%-і смартфондар арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті — бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойды.Қазақстандағы цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтерді неғұрлым қолайлы, қолжетімді және тиімді етуге бағытталған.Қазақстандықтар үшін нақты пайдасын көрсеткен бірнеше цифрлық шешімдерге тоқталғымыз келеді.Азаматтардың өмірін жақсартқан цифрлық шешімдердің мысалдары:• Сандық әскери билет қағаз құжаттарын толығымен ауыстырды.• Балабақшаларға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында процесті ашық етті.• "Еуропалық хаттаманы" енгізу сақтандыру төлемдерін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартып, полицияның қатысуынсыз ЖКА ресімдеуге мүмкіндік берді.• Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру азаматтарға қаржылық жүктемені азайта отырып, жеке сот орындаушыларының қатысуын болдырмады.• Цифрландыру балабақшаларға, мектептерге, жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетті, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландырды.2025 жылы 44 мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқарту, 20 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру, сондай-ақ 35 мемлекеттік қызметті трансформациялау жоспарланған.Цифрлық трансформацияның нәтижелері бүгінде миллиондаған қазақстандықтар үшін айқын. Әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің ыңғайлылығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру деңгейін арттыру білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсартады, оларды ыңғайлы және әділ етеді. Қазір көптеген мемлекеттік қызмет онлайн-форматта, кезексіз және қосымша бюрократиялық рәсімдерсіз қолжетімді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/934672
Қызылорда облысында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында іс-шаралар жалғасуда 12.02.2025
Бүгін Шиелі ауданында жас ауыл тұрғындары арасында «Таза аудан өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Абдешовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жергілікті жас жігіттер мен қыздар белсене қатысуда.- Семинарда жастар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға, экологияны сақтау мен табиғатты қорғауға ерекше назар аударылды, - деп атап өтті Е. Абдешов. – Себебі, белгілі бір сөз бар: «Тазалық – ластамайтын жерде болады». Әрбір адам осы жалпы іске өзінен бастап үлес қосуы керек.Мектеп оқушылары арасында үлкен тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Осы күні барлық оқу орындарында «Таза Қазақстан – Таза Табиғат» тақырыбында сынып сағаттары мен көрмелер өткізілді. Оқушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы, қоқысты дұрыс сұрыптау, көшеттерді ұқыпты күту және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы көп пайдалы ақпарат алды.Экологиялық тәрбиеге бағытталған ашық сабақтар мен сынып сағаттары балалармен жұмыс істеудегі маңызды бағыттардың бірі болып табылады.- Мұндай іс-шаралар балаларда табиғатқа деген қамқорлық, еңбекқорлық, қоршаған ортаға деген қамқорлық сияқты құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді №244 мектеп директоры Жеңіскүл Рыспанбетова.Іс-шаралар бүгін Жанақорған ауданында да өтті. Мұнда жастарға арналған «Қоғамдағы экологиялық сауаттылық және экологиялық мәдениет» тақырыбында семинар, сондай-ақ «ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда» тақырыбында дебаттар ұйымдастырылды.- Жастар – еліміздің болашағы. Бүгін Жанақорғанның жас жігіттері мен қыздары – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық бағдарламаның негізгі қозғаушы күші. Ауданның елді мекендерінің тазалық және абаттандыру мәселелері біздің ерекше бақылауымызда, - деп атап өтті аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Наурызбай Орынбасаров.Айта кету керек, облыс бойынша "Таза Қазақстан" экологиялық іс-шарасы басталғаннан бері облыстың 730 000-ға жуық тұрғыны қатысты. 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи мәдениет ескерткішінің аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше тазартылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/935544
Облыстық мәслихат депутаттары Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барды 12.02.2025
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және облыстық мәслихат депутаттары Жанкелді Ысқақ, Ерлан Қалиев, Орынбасар Төлепов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Елді мекендердегі өзекті мәселелер талқыланған кездесулер III Интернационал, Дүр Оңғар, Иіркөл ауылдары мен Жосалы кентінде өтті.Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған іргелі істер, алда жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың алдағы жоспарына, депутаттармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Халықтың тұрмысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды атап өтті.Кездесуге келген тұрғындар газдандыру, балабақша ашу, кітапхана ахуалы, ауыл көшелерін асфальттау, шлюз салу, кәріз жүйесі, жайылымдық жер, азық-түлік бағасының қымбаттауы, туризмді дамыту және білім саласына қатысты, басқа да мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, осындай ашық диалогтың маңызын атап өтіп, ризашылық білдірді.Айта кетейік, ауыл тұрғындарымен кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ауыл әкімдері мен тиісті сала мамандары қатысты.Сапар барысында облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттар III Интернационал ауылындағы «Достық» бөбекжай-бақшасының жұмысымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/935550
Гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып қала береді және оларды кешенді түрде қарастыру қажет – Аида Балаева 09.02.2025
Бүгін, 4 ақпанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева «Талдау мектебі» жобасының IV легінің қатысушыларымен кездесу өткізді.Аида Балаева министрлік пен Ұлттық комиссияның гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары мен жобалары туралы кеңінен айтып берді.Министр оң өзгерістерге қарамастан, гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып қала беретінін, оларды кешенді түрде қарастыру қажет екенін атап өтті.Іс-шара сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар министрден Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарды орындау үшін әйелдердің басшылық лауазымдардағы үлесін арттыру, еңбекақыдағы гендерлік алшақтықты жою мәселесі бойынша бірқатар сұрақтар қойды. Сонымен қатар көпшілік министрдің жеке тәжірибесі мен кәсіби қалыптасу жолы туралы да сұрады.«Ең бастысы – өз ісіңді сүю. Еңбекқорлық пен жауапкершілік міндетті түрде өз нәтижесін береді», – деп жауап берді. Аида Балаева басшылық лауазымдарға тағайындау кезінде негізгі фактор кандидаттардың кәсіби біліктілігі болуы керек екенін атап өтті. Министр әйелдердің мансаптық өсуіне тең мүмкіндіктері болуы керегін, ешқандай кедергілер мен стереотиптерге жол берілмеуі тиіс екенін және осындай жағдай жасау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.Кездесу соңында министр қатысушылардың белсенділігі мен конструктивті сұрақтары үшін алғыс айтып, көтерілген мәселелердің ескерілетінін және алдағы жұмыста қолданылатынын айтты.«Талдау мектебі» – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен іске асырылатын қоғамдық жоба. Мектеп мемлекеттік басқару, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, азаматтық сектор мен БАҚ қызметіндегі талдамалық тәсілдердің сапасын арттыру ісіне үлес қосуға бағытталған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/931104
Облыстың су басу қаупі бар 51 елді мекенге маусымдық гидробекеттер орнатылады 09.02.2025
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өңірде су тасқынының алдын алу туралы әкімдік отырысы өтті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленов аймақтың гидрометеорологиялық жағдайы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Ресей Федерациясынан үлкен көлемде су келуі мүмкін деген болжам бар. - Облыс аумағында «Қазгидрометтің» 12 гидробекеті орналасқан. Мұнда күніне екі рет су деңгейі, температурасы, мұз жағдайы өлшеніп, айына үш рет су өтімі тексеріліп, стандартты бақылау жүргізіледі. Қазір облыстың барлық су объектісінде тұрақты гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз қату кезеңі жүруде. Өзендерде қысқы кезеңге тән деңгейлер жүруде. 28 желтоқсаннан бүгінге дейін Иректі су қоймасының су төгіндісі секундына 60 текше метрді құрады. Өткен ақпанда су жіберу секундына 25 текше метр болған. Кеше Иректі су қоймасының жұмыс көлемі - 2 624 млн, судың келуі 19,1 текше метр/сек болды,-деді Салауат Төленов. Серік Шәпкенов тек шекті деңгейлерді емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажетін айтты. Бұл ретте көпжылдық орташа көрсеткішке, өткен жылғы мәліметтер мен жоспарланған көлемдерге сүйену маңызды. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгіленген деңгейге ғана жетіп қоймай, барлық каналға тарап, қосымша қауіп төндіреді. Осыған байланысты Ақтөбе және БҚО шекарасына жақын жерге су келу көлемін бақылау үшін бекеттер ашу, сондай-ақ су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде маусымдық гидробекеттер орнату керек. Бұдан бөлек, «Қазгидрометке» шекаралас аймақтардағы гидрологиялық жағдай бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесіне көшу тапсырылды. Тарих көрсеткендей, су тасқыны екі жыл қатарынан қайталануы мүмкін, сондықтан дайындық пен уақытылы ақпараттандыру басты назарда болуы тиіс. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, өңірде су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын күшейту жұмыстары жүруде. Былтыр Жайық өзені бойында 590 км бөгет, 20 км канал қазылды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 8 су өткізгіш қондырғы орнатылды. Өзен учаскелерінде 7 км жағалау нығайтылып, 121 км түп тереңдетіліп, 90 км жаға бекітіліп, тазартылды. - Тасқынға қарсы іс-шаралар әлі де жүргізілуде,наурызда толық аяқтау жоспарланды. ТЖ резервінде жанар-жағармай, инертті материалдар мен қапшықтар қоры құрылды. Нөпір судың салдарымен күреске 1510 адам, 244 техника, соның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын. Одан бөлек, қажеттілік болған жағдайда басқа өңірлердің күштері мен құралдарын жұмылдыру қарастырылды,-деді Н.Жаңабаев. Бұдан бөлек, Серік Шәпкенов қала,аудандардың дайындық шараларын тыңдады. Әкімдер өз аймақтарындағы қауіп-қатер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аймақ басшысы салынған бөгеттерді тексеріп, қажет болса нығайтуды, сондай-ақ қар суы келетін аумақтардағы гидрологиялық жағдайды бақылауды тапсырды. - Былтыр бізге үлкен сынақ болды. Өзіміздің осал жерімізді байқадық, енді барлық техника әр елді мекенде дайын болуы керек. Сонымен қатар, эвакуацияны тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Су басу қаупі жоғары аймақтардағы шаруақожалықтарға алдын ала ескертіп, малды уақытша орналастыратын орындар дайындалуы қажет. Барлық су өткізу нысандары мен салынған бөгеттер жан-жақты тексеріліп, жедел штабқа нақты ақпарат ұсынылуы тиіс. Былтыр қомақты қаржы бөліп, материалдық-техникалық базамызды жаңарттық. Біз ең нашар жағдайға дайын болуымыз керек, босаңсуға болмайды,-деді С.Шәпкенов. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/930851
Мәдени және демалыс паркіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде 09.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық мәдени және демалыс паркін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді. Жалпы аумағы 6 гектар паркке ғимараттар мен аттракциондар, бетонды скейтпарк салу жоспарланған.Бүгінде «Bi Global» серіктестігі кең көлемді абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Демонтаж жұмыстары толық аяқталып, субұрқақтардың орны дайындалуда. Қайта жаңғыртуды парктің ашылу маусымына, яғни мамыр айына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру межеленген.Аймақ басшысы құрылысқа сапалы материалдар пайдалануды, атракциондардың қауіпсіз болуын, жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/930692
Мемлекет қаржысы мақсатты жұмсалуы тиіс 09.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвестициялық жобалар және күн тәртібіндегі негізгі мәселелер талқыланған жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына, аудан әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты екенін, су тапшылығына қарамастан күріштен мол өнім жиналғанын атап өтіп, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Биыл да барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімді қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту керек. Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының соңғы жылдардағы төмендеу тенденциясын ескеріп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Инвестиция көлемін 10 пайыздық өсіммен меже бекітіңіздер.Жоспарланған жобалардың барлығын мерзімінде жүзеге асыруды және іске қосуды қамтамасыз етіңіздер. Өңірдің шикізаттық қорын, қолда бар ресурстарды, инженерлік-инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейту қажет.Кәсіпкерлік басқармасының басшысы, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуын үйлестіріңіз. Мәселені қатаң бақылауға алыңыз.Облыс көлеміндегі мектепке дейінгі ұйымдардың барлығында цифрландыру бағытындағы мобильді қосымшаны қолдануды жалғастырыңыздар. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың жобалық қуатына сәйкес толымдылығын қамтамасыз етіңіздер.Балабақшалардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қаржысы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес игерілуі керек. Мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс.Заң бұзушылықтарға жол беріп, шарт талаптарын орындамаған өнім берушілермен прокуратура органдарының ұсынымдарын негізге алып келісім-шарттарды бұзу қажет ”,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.Айта кетейік, 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 87 инвестициялық жоба жүзеге асып, 8 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 275,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаның іске қосылуы, 1 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Өткен жылы Қытай, Ресей, Италия, Испания, Голландия, Корея, Өзбекстан, Түркия елдерінің өкілдерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімге қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/930701