Мәдениет
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасына елді мекен тұрғындары ерекше белсенділік танытуда 05.12.2024
Бүгін Арал ауданында жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында «Ардағым ардагерім» акциясы өтуде. Жастар ресурстық орталығының мүшелері еңбек ардагерлері мен қарттарға қолдау көрсетіп, олардың үй ауласын тазалаумен айналысуда. Жастар аумақты қоқыстан, құрғақ бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартып, ретке келтіруде. Сонымен қатар, олар ауладағы ағаштарды әктеп, қоршауларды бояп жатыр.Мұндай акциялар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды, - дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязов. - Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, оларға көмек көрсету-біздің халқымыздың қанында әрқашан болған. Ақсақалдар алғысын білдіріп, батасын берді. Сонымен қатар, бұл экологиялық тәрбие, тазалыққа деген сүйіспеншілікті ояту, қоршаған ортаға қамқорлық жасау.Осы күні Арал ауданының барлық мектептерінде «Табиғатты аялайық!» тақырыбында сынып сағаттары өтті. Аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Шыңғыс Нұрбайдың айтуынша, оқушыларға табиғатты қорғау туралы ақпарат беріліп, планетамыздың экологиясын жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі түсіндірілді. Бұл суды және электр қуатын үнемдеу, қоқысты сұрыптау, табиғатта демалғаннан кейін қоқысты жинау және басқа да көптеген шаралар.Ауданда «Таза өлке-таза аудан» акциясы да өтті. Ауыл тұрғындарына туған өлкесінде тазалықты сақтау бойынша буклеттер мен брошюралар таратылды.Қазалы ауданының тұрғындары да «Таза Қазақстан» жобасын ілгерілетуге өз үлестерін қосуда. Бүгін мұнда «Табиғатты аялайық!» тақырыбында мектепішілік сынып сағаттары өтті.Сонымен қатар, «Таза қала өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.– Тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Менің ойымша, тазалық – тек тазалауда емес, оны ластамауда. Семинарда біз барлық жерлестерімізді, туған өлкеміздің тазалығын және сұлулығын сақтауға шақырамыз, – деді Әйтеке би кентінің әкімі Алиби Абиев.Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы оған 678 137 облыс тұрғыны қатысты. 25 074 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 505 алаңдар мен саябақтар, 225 тарихи ескерткіштер аумақтары, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 322 су айдындары, 47 451 аулалар мен көшелер тазартылды.548 арнайы техника қолданылып, 176 814 ағаш көшеттері отырғызылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/896797
Ұлттық музей базасында итальяндық сарапшылардың қатысуымен Реставрация орталығы құрылады 04.12.2024
Бүгін, 4 желтоқсанда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италия делегациясымен кездесу өткізді. Делегация құрамында Италия Мәдениет министрлігінің Орталық реставрация институтының директоры Олива Луиджи, Қазақстан Республикасындағы Италия елшісі Альберти Марко және Италияның мәдени-ағартушылық мекемелерінің өкілдері болды.Кездесуде тараптар мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.Атап айтқанда, ҚР Ұлттық музейі базасында Реставрация орталығын құру жайы айтылды. Министр бұл орталықтың реставрациялық қызметтің дамуы мен ұлттық мұраны сақтауға ықпал ететін ынтымақтастықтың негізгі бағыты болатынын атап өтті.Аида Балаева осы саладағы тәжірибе алмасудың маңызына тоқталып, Италияның тәжірибесі музей ісін, әсіресе реставрация бағытын дамытуға елеулі үлес қосатынын айтты.«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас жаңа жоғары деңгейге көтерілді. Бірлесіп атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіремін. Бұл екі ел арасындағы берік байланысты көрсетеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – ҚР Ұлттық музейінің базасында Реставрация орталығын құру. Бұл осы саланың дамуына жасалған маңызды қадам деп білеміз. Еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтау – біздің борышымыз. Реставрация біз үшін барлық бағытта маңызды. Қазақстанда Реставрация орталығының табысты жұмыс істеуі үшін тиісті нормативтік-құқықтық база жасау қажет. Ұлттық музей практикалық дағдылардың орталығына айналуы тиіс. Музейде қалпына келтіруді қажет ететін қызықты артефактілер мен экспонаттар бар. Біз бұл іспен кәсіби мамандар айналысуын және өз тәжірибелерін шәкірттерге жеткізгенін қалаймыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз Қазақстандағы музей ісінің дамуына үлкен әсер етеді. Осы бағытта Қазақстанға шын ниетпен көмектесуге деген қызығушылықтарыңыз бен ұмтылыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл жоба біздің ортақ тарихымыздың келесі беті болатынына сенемін», – деді Аида Балаева.Кездесу барысында теориялық және практикалық дайындықты қамтитын бағдарламалар әзірлеу мүмкіндігі де қарастырылды. Қазақстандық реставраторларды итальян орталықтарында оқытуға баса назар аударылды. Бұл тәжірибе алмасу мен тағылымдамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.Луиджи Олива Италияның реставрация саласындағы жетістіктерін таныстырып, қазақстандық мамандарды даярлау ісінде ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.«Біз түрлі бағыттарды дамытып, Қазақстанмен тығыз ынтымақтасқымыз келеді. Италиядағы Орталық реставрация институты 80 жылдан бері жұмыс істеп келеді және көптеген бағытты қамтиды. Қазақстанда толық жабдықталған реставрация орталығын құру қажет. Біздің институт үш негізгі бағытқа баса назар аударады: мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандарды оқыту. Біз Ұлттық музейді және ондағы зертханаларды аралап көрдік. Консервация және қалпына келтіру қызметімен, шеберханалармен және музей экспозициясымен таныстық. Сіздерде жұмыс үшін кең ғимараттардың болуы – үлкен артықшылық. Біз бұл саланы дамытуға, курстар мен тәжірибелер ұйымдастыруға, сондай-ақ жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуге әрдайым көмектесуге дайынбыз», – деді ол.Тараптар мәдени мұраны сақтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылап, орталық үшін нормативтік база құру және реставраторларды оқытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаласты.Аида Балаева мен Луиджи Олива бірлескен ынтымақтастық ұзақ мерзімді нәтижелер беріп, Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/896019
Ислам ынтымақтастығы ұйымының жастары Әзербайжандағы жылды қорытындылады 04.12.2024
Әзербайжанда «Шуша – Ислам ынтымақтастығы ұйымының жастар астанасы 2024» бағдарламасының жабылу салтанаты өтіп жатыр. Іс-шараға ИЫҰ-ға мүше елдерден 300-ге жуық делегат, оның ішінде креативті жастар, ғалымдар мен Қазақстанның жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда.Кездесудің мақсаты – ислам әлемі жастарының дипломатиялық дағдылары мен ынтымақтастығын дамытуға ықпал ету.Бағдарламада іскерлік және шығармашылық алаңдар: SINA – жас ғалымдар форумы, жастар фестивалі, шығармашылық шеберхана, классикалық музыка бағытындағы жас орындаушыларының фестиваль-байқауы, шығармашылық марафон, ойын технологиялары бойынша G-Hub саммиті.Басты отырыста қатысушылар 2024 жылғы ынтымақтастықты қорытындылады. Сондай-ақ Әзербайжан эстафетаны Мароккоға тапсырды. 2025 жылы ИЫҰ-ның жастар астанасы осы елде болады.Айта кетейік, ИЫҰ елдері арасында қарар мен ұйым жастарын дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/896344
Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды 04.12.2024
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде Қазақстандағы Польша Елшілігінің өкілімен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізілді.Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова мен Польша мемлекетінің Уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда қатысты.Кездесу барысында екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.Айзада Құрманова өз сөзінде Қазақстан мен Польша мемлекеттері арасында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру бойынша қажетті шаралардың іске асырылып жатқананын атап өтті.Сонымен қатар, вице-министр тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, кинематография, бейнелеу, эстрадалық, музыкалық және театр өнері мен мәдени қызметтің басқа да салалары бойынша бірлесіп өткізілген іс-шаралар туралы айтты.Өз кезегінде Михал Лабенда 2027 жылы пианиношылардың Фредерик Шопен атындағы халықаралық байқауына 100 жыл толатынын атап өтті. Осы орайда конкурс қорытындысы бойынша Қазақстанда гала-концерт өткізу ұсынылды.Сонымен қатар, екі елдің Мәдениет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде мәдениет бағыты бойынша бірқатар іс-шаралар іске асыру жоспарланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/896367
Астанада Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған халықаралық форум өтті 04.12.2024
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында аса көрнекті жазушы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған «Кемел тұлға келбеті» атты халықаралық форум өтті.Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.ҚР МАМ қолдауымен ұйымдастырылған форум қатысушыларына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.«Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі тек жазушылықпен шектелмейді. Ол – мемлекетшіл қайраткер, ел болашағына адал қызмет еткен саясаткер, парасаттылық пен жауапкершіліктің символы. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың қатарында тұрып, ол өз бойындағы асқақ рух пен терең білімді ел игілігі үшін сарп етті. Әбіш Кекілбаев бізге болмысы биік тұлғаның қандай болуы керектігін көрсетті. Оның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру», – делінген құттықтау хатта.Халықаралық форум аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш Кекілбаев әлемі» атты фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының қолжазбалары, публицистикалық мақалалары, кітаптарынан 150-ге жуық еңбек, шығармашылық жолын бейнелейтін 20-дан астам фотосурет қойылды.Іс-шара барысында қаламгердің «Дәурен кешкен» кітабының және түрік тіліне аударылған «KUY» кітабының таныстырылымы өтті.Форум соңында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгімесінің желісімен қойылған спектакльді тамашалады.Айта кетсек, биыл еліміздің әр түкпірінде заңғар жазушының мерейтойына арналған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр.Кейінгі төрт айдың өзінде әдеби кештер, кеңейтілген кітап көрмесі, әдеби сағаттар, т.б. сияқты 40-тан астам іс-шара өткізілген.Айталық, 27 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен Халықаралық «Әбіш оқулары» конференциясы, «III Халықаралық Әбіш Әлемі театр фестивалі» өтті. Театр фестиваліне отандық 5 театр мен шетелдік 5 театр ұжымы қатысып, Әбіш Кекілбаев шығармаларының сахналық нұсқасын қала тұрғындарына ұсынды.Сондай-ақ, 6 желтоқсанда «Qazaqstan» телеарнасында Әбіш Кекілбаевтың өміріне арналған «Дәуір даналары» бағдарламасы, «Abai TV» «Жәдігер» бағдарламасы эфирге шығады.8 желтоқсанда «Хабар» телеарнасында «Әбіш Кекілбаевтың замана лебі» атты деректі фильм көрсетіледі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/896386
Сыр өңірінің делегациясы Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты 04.12.2024
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының Италиядағы жұмыс сапары жалғасуда.Бүгін делегация Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқ киім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды.Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқ киім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін.Қызылорда облысы экономикасының ауқымды бөлігін тау-кен саласы құрайды. Негізінен мұнай өндіріледі, сонымен бірге, агроиндустриалды аймақ. Өңірде атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша республикада бірінші орындамыз.Елімізде және өңірімізде мал басы жыл сайын артып келеді. Кейінгі жылдары біздің облыстың өзінде екі миллионнан астам мал тіркелген. Осы ретте тері және жүн өңдейтін кәсіпорындарды дамыту керек. Жалпы алғанда, аймақ нарығын қамтуға және алыс-жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік бар.Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, тері, жүн өңдеу саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.Серіктес қажет болған жағдайда, өз салаларында жетістікке жеткен кәсіпкерлер сіздермен келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді», – деді Н. Нәлібаев.Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған. Жобаларды іске асыруға шикізат қоры жеткілікті. Облыс бойынша өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген.Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.Өз кезегінде Эцио Кастеллани екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.Аймақ басшысы әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімі берілетінін, Қазақстандағы түрлі даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжаттар сүйемелденетінін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/895860
Алматыда «Оқуға құштар ұлттың қайта жаңғыруы» атты VI халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті 03.12.2024
Алматыда «Оқуға құштар ұлттың қайта жаңғыруы» тақырыбында VI халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы ТҮРІКСОЙ Жазушылар одағы және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп ұйымдастырды.Конференция мақсаты – әлемдік мәдениеттердің диалогы мен жақындасуы арқылы ұлттық әдебиеттің даму факторын зерттеу, бұл процестің ХХІ ғасырдағы оқырманның жандануына әсерін және әлемде осы процесті бөгейтін факторларға қарсы тұру.Конференцияға оқырманның азайып кетуіне алаңдайтын отандық және шетел жазушылары мен ғалымдары қатысты.Басты назарда ХХ ғасырда әлеуметтік субъектіге айналған «ұлы оқырман» құбылысы болды. Секцияларда қатысушылар Олжас Сүлейменовтің мұрасы, тарихи әдебиеттің ұлттық сана-сезімге әсері және XXI ғасырдағы кітап мәдениетін жаңғырту мәселелерін қозғады.Іс-шара әлемдік әдеби дәстүрді дамытып, халықты кітап оқуға қайта баулу үшін мәдениеттерді жақындастыру және ғылыми диалог орнатудың маңызын айшықтады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/895572
«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі мерейлі белес»: Президент Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады 03.12.2024
Еліміздегі музыка саласының мамандарын даярлайтын білім ордасы өз мерейтойын атап өтуде.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымына құттықтау хат жолдады. Хатты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі мерейлі белес. Іргелі білім ордасы осы кезеңде төл мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналды. Ұлттық музыкамыздың бірегей дәстүрі бар ұстаханасы ретінде танылды. Қазақтың ән-күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми негізін қалыптастырды. Консерватория – дарынды жастарға классикалық музыканың қыр-сырын үйретіп, кәсіби музыканттар даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны. Өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман мамандарымыз осы қара шаңырақтан қанат қақты. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығармашылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда, ұлттық өнерімізді жан-жақты дәріптеп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосқаны үшін консерватория ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!» – делінген Президенттің хатында.23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық марафон аясында концерттер, шеберлік сабақтар, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференция, көрмелер және басқа да іс-шаралар өтті.Салтанатты іс-шараға еліміздің мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында Әлібек Дінішев, Жәмиля Баспақова, Роза Рымбаева, Үмітжан Жұмақова, Марьям Қожамқұлова, Алмас Алматов, Серік Еркімбеков, Карима Сахарбаева, Дүйсен Қасейінов, Алтынбек Қоразбаев және басқа да өнер қайраткерлері бар. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/895560
«Қазақконцерт» солисті Италияда өткен халықаралық байқауда бірінші орын иеленді 03.12.2024
«Қазақконцерт» солисті Айгерім Алтынбек Италияда өткен опера әншілері арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.Композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға әлемнің әр түкпірінен, соның ішінде Қазақстан, Жапония, Қытай, Корея, Ресей және Ираннан 70 өнерпаз қатысты.Марапаттау рәсімі Аркоредегі беделді Борромео вилласында өтті.Айгерім финалистер арасында үздік деп танылып, Аркоре муниципалитетінің стипендиясын, сондай-ақ 2025 жылы Италияда өтетін ауқымды концертке қатысу құқығын жеңіп алды.Айта кету керек, Айгерім Алтынбек Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы опера әншілерінің халықаралық байқауында да үшінші орынды иеленді. Отандасымыз әйгілі итальян опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығына ие болып, Болгарияның Варна қаласындағы театрда «Сестра Анджелика» операсындағы рөлді орындау құқығына ие болды.Осылайша, өнер иесі әлемдік сахналардағы жетістіктерімен тыңдарманын қуантып жүр.Айгерім Алтынбек Қазақ ұлттық өнер университетін «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша, доцент Татьяна Николаевна Руднева сыныбында тәмамдаған. Опера әншісі бірнеше рет халықаралық (Италия, Финляндия, Литва, Ресей, Германия және т.б.) және республикалық байқаулардың лауреаты атанған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/895556
Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады 03.12.2024
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті. Өңір басшысының айтуынша, Атырау облысы республика бойынша инвестиция тартудан көш бастап тұр.- Тұтастай алғанда, елімізге тартылған инвестицияның 13%-ы Атырау облысына тиесілі. Ал биыл 6 айда шетелдік тікелей инвестиция 1,1 млрд АҚШ долларын құрады. Баршыңызға белгілі Теңіз кен орнында «Келешек кеңею» жобасы аяқталуда. Осы жоба аясында өңірге биыл 840 млрд. теңге инвестиция құйылды. Дегенмен, аймақта өзге салаларды дамытуға бағытталған инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді,- деді С.Шәпкенов.Жыл басынан бері Атырауда жалпы құны 46,1 миллиардтан асатын 8 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 24,2 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жұмысын басталады деп күтіліп отыр.Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің батысындағы мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауыты мен жылына 1 млрд. текше метр газ өндіретін Ескенедегі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылдары бутадиен, синтетикалық каучук шығаратын «Бутадиен» зауытының және газ бөлу кешенінің құрылысы басталады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895324
«Бизнестің жол картасы – 2025»: Атырау облысында 1000-ға жуық кәсіпкердің жобасы қолдау тапты 03.12.2024
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 41,6 млрд. теңге құрайтын 1000-ға жуық шағын және орта бизнес субъекті қолдау тапты. Оның ішінде несие сомасы 31,4 млрд. теңге құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, 318 кәсіпкердің жобасы 10,2 млрд. теңгеге кепілдендірілді. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аймақтағы шағын және орта бизнес иелерінің тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Биыл оған облыстық бюджеттен 761 миллион теңге бөлініп, 83 жоба іске асып жатыр.- Жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың табысын арттыруға және өңір экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Жобалардың 50-і мал шаруашылығын дамытуға, 30-ы шағын және орта бизнесті қолдауға және үшеуі егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар биыл жүзеге асырылған 3 ірі инвестициялық жобаның нәтижесінде жаңадан 90 жұмыс орны құрылды,-деді С.Шәпкенов.Келер жылы жалпы құны 26,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның аясында тағы да 187 жұмыс орны құрылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895327
Биыл Атырау облысында 22 мыңғы жуық тұрақты жұмыс орны ашылды 03.12.2024
Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте мәлім етті.Өңірде 49 мыңнан аса азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 31 374 жұмыс орны ашылды. Оның 22 мыңға жуығы– тұрақты. 1637 азамат «Бастау-бизнес» жобасы аясында оқытылып, 822 отбасы әлеуметтік көмек алды. 291 облыс тұрғынына жалпы сомасы 428,1 млн. теңге қайтарымсыз грант берілді.- Бұл шаралар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін азайтуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізді. Биыл 18 713 азамат «Болашақ» кеңею жобасынан босатылады деп болжанған еді. 1 қарашадағы жағдай бойынша 11 155 адам жұмысынан босатылды, оның 4104-і (37%) – Атырау облысының тұрғыны. Жобаның аяқталуына байланысты жұмыстан босатылған атыраулықтардың 90%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды,-деді С.Шәпкенов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895332
«Жайлы мектеп»: Атырау облысында 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр 03.12.2024
Оның алтауы келер жылы, үшеуі 2026 жылға қарай пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.Биыл өңірде 1200 және 300 орындық екі жайлы мектеп ашылды. Жыл аяғына дейін Водников ауылындағы 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Қазір облыста 20 мектеп пен 6 балабақша салынып жатыр.- Атырауда үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі өзекті. Оны шешу жоспарына сәйкес, өңірде биыл 4200 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы екі жылда 27 мектептің құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде өңіріміздегі 9 үш ауысымдық 4 апатты мектептің мәселесі түбегейлі шешіледі.-деді С.Шәпкенов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895341
Атырауда дәрігерлерді қолдауға арналған кешенді іс- шаралардың нәтижесінде 140 маман жұмыс істеуде 03.12.2024
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде облысқа білікті мамандарды шақыру мақсатында бірқатар ынталандыру шарасы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бір реттік үстемақы беру арқылы өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарғаа 140 дәрігер тартылды.- Осы жылы өзге өңірден келген және оқуын жаңа аяқтаған жас мамандарға бір реттік берілетін көмектің көлемін шамамен 2 есеге арттырдық. Ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен ақхалаттыларға 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге төледік. Ал облыс орталығында еңбек етемін дәрігерге 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Медицина қызметкерлеріне арналған бірегей тұрғын үй бағдарламасы аясында 42 дәрігер баспаналы болды. Бұл бағдарлама ипотеканы алғашқы жарна салмай-ақ, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен, 25 жылға дейін рәсімдеуге мүмкіндік берді.Қосымша 105 қызметтік пәтер сатып алынды. Халықтың денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында қолға алынған жұмыстар жалғасады,-деп атап өтті С.Шәпкенов.Биыл денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінді. Медициналық ұйымдарға 45 жаңа санитарлық көлік сатып алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895344
Атырау облысында бір жылда спорттық секциямен қамтылған бала саны 75,7%-ға артты 03.12.2024
Аймақта балаларды спортқа баулу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 17 спорттық секциямен 22 мыңнан астам бала шұғылданады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 75,7%-ға өсті. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.- Дені сау ұрпақ қалыптастыру және балалардың спортта айтарлықтай жетістікке жетуіне жағдай жасау үшін спорттық нысандардың санын арттырып жатырмыз. Жыл басынан бері аймақта 5 спорттық нысан ашылды. Қазіргі уақытта 14 нысанның құрылысы жүруде. Өңірде спортпен шұғылданатын бала саны 20 358-ге жеткен. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтануға тырыс жүргендері қуантады, -деді Серік Шәпкенов.Сонымен қатар Серік Шәпкенов 2025 жылы саланы цифрландыру жұмысы басталатыны туралы айтты. Бұл бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалауға, кәсіби спортшылар мен спорт саласы қызметкерлерінің деректерін жинауға, спортшыларды іріктеу процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстан бөлек келер жылы 12 мың адамға арналған стадионның және ұлттық спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы аталған жобалар спорт саласының дамуына серпін беріп, өңірдегі жас спортшылардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895347
Атырау облысында ауыз сумен қамту және су бұру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр 03.12.2024
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында іске асып жатқан жобалар туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтты.Жалпы өңір халқының 99,8%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Қызылқоға ауданының Қоңыраулы, Аққора ауылы мен Махамбет ауданының Бала Ораз елді мекеніне 18,9 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар Махамбет ауданына қарасты Атамбаев, Көздіқара, Есмахан елді мекендеріне жалпы ұзындығы 61,7 км болатын су құбырын тарту жұмыстары аяқталып келеді. Қос жобаның нәтижесінде 600 адам таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту станциясы жаңғыртылып жатыр.- Тасқынның салдарына қарамастан халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында жұмыстар жүйелі жүруде. Мәселен, қалада тәулігіне 50 мың текше метр су тазалайтын №5 сүзгі станциясын жаңғырту жұмысын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосамыз. Сондай-ақ келер жылы тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі станциясының құрылысы басталады. Биыл қала аумағында 60 шақырым су желісінің жаңғырту жұмысын бастадық. Оның 30 шақырым су құбыры темірден пластикке ауыстырылды. Қалған 30 шақырымдағы жұмысты келер жылы аяқтаймыз. Бұған қоса қаладағы 1950 жылдан бері жөндеу көрмеген, ұзындығы 40 км болатын кәріз желісін жаңартып жатырмыз. Бүгінде бұл жұмыстың 17 шақырымында жұмыс аяқталды , - деді С.Шәпкенов.Сондай-ақ Атырауда 1945 жылдан бері жөнделмеген кәріз сорғы станцияларын жаңғырту,күрделі жөндеу жұмысын басталған. 9 кәріз сорғы станциясы жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін бесеуіндегі жұмыс аяқталады. Оған қоса 36 станцияны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал Құлсары қаласында 14 кәріз сорғы станциясы күрделі жөндеуден өтті. Исатай ауданы Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы жүрде.– Атырау халқын алаңдатқан басты мәселенің бірі – ықшам аудандардағы кәріз жүйесі. Жауын-шашын кезінде тұрғындардан түсетін шағым көбейеді. Жердің тұздылығы тағы бар. Мәселені шешіп, Атырау қаласындағы бірнеше ықшам ауданды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін бүгінде 22 учаскеге жүргізілетін кәріз желісінің жобалық сметалық құжаты жасақталды. 2026 жылдан бастап жүргізілген кәріз желісі қаланың оң жағалауындағы кәріздік-тазарту ғимаратына қосылатын болады. Жалпы бұл жұмыс 5 жылды алатындықтан, кезең-кезеңімен істеледі, - деді өңір басшысы Серік Шәпкенов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895352
Атырау облысында инвестициялық жоба аясында 742 шақырым электр желісі жөнделді 03.12.2024
Өңір басшысы Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде Атырау облысын электр желісімен жабдықтау мәселесіне тоқталды.Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 160,9 шақырым электр желісі ауыстырылып, нәтижесінде 54 000 адам тұрақты электр энергиясымен қамтылды. «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық жобасы аясында 742 шақырым желі жөнделді. Сондай-ақ қалада ықшам аудандардағы жарықтың жиі сөну мәселесі жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен шешілуде.- Жиі көтерілетін өзекті мәселенің бірі «Нұрсая» ықшам ауданындағы электр желісі мен қуатына байланысты. Оған осыдан 16 жыл бұрын жүргізілген электр желісінің жағдайы себеп. Қазір ескі желі заманауи кабельдерге ауыстырылды. Осы жұмыстың арқасында аталған ықшам ауданға қатысты тұрғындардан жарықтың өшуі туралы түсетін шағым саны соңғы 3 айда 4 есеге дейін азайған,-деп атап өтті С.Шәпкенов.Жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын жерасты кабелін ауыстыру жоспарланып отыр. Қазір 20 шақырым жерасты кабелі жаңасына ауыстырылған.Жоба аясында жыл соңына дейін «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Водников» ықшам ауданы және Берқайыр Аманшин, Бақтыкерей Құлманов көшесі мен Қаныш Сәтпаев даңғылындағы электр желісі ауыстырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895364
Биыл экологиялық талаптарды бұзған мекемелерге барлығы 32 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды 03.12.2024
Биыл облыстық экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 149 әкімшілік іс қозғады. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов баспасөз брифингінде мәлім етті. - Ереже бұзған сегіз мекемеге сот шешімімен 12 млрд 193 млн теңге айыппұл салынды. Ал 129 әкімшілік іс бойынша 19 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарылды.Атмосфералық ауаға тарайтын газдардың, басқа да зиянды заттардың мөлшерін азайту мақсатында биыл 419,5 га орман алқабына 965,7 мың көшет отырғызылды. Сондай-ақ қала мен елді мекендер ішіндегі 52,3 га жерге 78,9 мың тал егілді. Сонымен қатар аймақта ауаға шығарылатын эмиссия көлемі де азайып келеді,-деді С.Шәпкенов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895376
В Атырауской области для обслуживания дамб и каналов создано предприятие «Табиғат» 03.12.2024
Предприятие «Табиғат» занимается обслуживанием дамб, возведенных в области, а также каналов и других гидрологических объектов. Об этом рассказал аким Атырауской области Серик Шапкенов на пресс-конференции в Службе центральных коммуникаций при Президенте РК.– До весны мы проверим качество этих дамб и при необходимости дополнительно укрепим их. В целях предупреждения паводков в Жылыойском районе проводится ряд работ. В частности, дноуглубительные работы будут проведены на 95 километрах канала Курсай и реки Жем. На сегодня расчищено и углублено 43 километра. Эта работа будет продолжена, – сказал глава региона Серик Шапкенов.В Жылыойском районе будут построены дамбы для защиты города Кульсары, сел Шокпартогай, Тургызба и Аккиизтогай. Планируется очистить канал Куржем протяженностью 6,6 км, Камысколь и другие озера. Кроме того, будут реконструированы водопропускные сооружения в каналах.В своем выступлении глава региона Серик Шапкенов отметил, что с нового года возобновит свою работу областной оперативный штаб по организации противопаводковых мероприятий.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/895382
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақының жеңімпаздары анықталды 03.12.2024
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыны табыстау бойынша жыл сайынғы байқау аяқталды. Қоғам қайраткерлері мен сарапшылардан құрылған конкурстық комиссия 135 ұйымның өтінімін қарады.Нәтижесінде 15 номинация бойынша 66 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы иегері атанды.Лауреаттардың жұмысы жоғары әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді. Сыйлықақы жеңімпаздары 5 мыңнан астам арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп, 8 мыңнан астам адамға оңалту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 60-тан астам адам жұмысқа орналастырылды.Айта кетейік, кейінгі сегіз жыл ішінде бұл беделді марапат 486 үкіметтік емес ұйымға табысталған.Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы жеңімпаздарының тізімі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/894999