Мәдениет
Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарының тұрғындары ұсыныс-пікірлерін жеткізді 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Сұлтанбек Тәуіпбаев Сырдария ауданының Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен және аудан активімен кездесті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды.Жақында ауданда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды инвестициялық жоба – жүгері дақылын терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Алда бұдан да басқа жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, салық базасын ұлғайту міндеті тұр. Аймақ басшысы шаруашылық каналдарын бетондау жобасын жедел әзірлеуді, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайтуды тапсырды. Құрылыс сапасын бақылаудағы кейбір мәселелерге тоқталып, болашақта салынатын нысандарды бастан-аяқ қатаң бақылауды жауапты мамандарға жүктеді. Бүгінде Сырдария ауданын газдандыру деңгейі 67 пайыз, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына табиғи газ жеткізуге қаржы бөлінді. Бұл жұмыс мерзімінде әрі сапалы атқарылуы тиіс. Бесарық ауылын газдандыру жобасы дайын. Ендігікезекте демеушілерді тарта отырып, қалған ауылдардың жобасы әзірленуі керек. Кездесуде электр желілеріндегі апаттың алдын алу, жедел шара қабылдау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыруға қатысты тапсырмалар берілді. Сырдария ауданындағы 2024 жылы пайдалануға берілген полигонда қалдықты қабылдау, сұрыптау және залалсыздандыру процестері талапқа сәйкес болуы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп назардан тыс қалмауы қажет.Биылғы төрт айда аудан экономикасында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 4,6 млрд теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 2,2 млрд теңгеге жетіп, өсім көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21,3 млрд теңге, жыл басынан бері 6 732 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да тұрақты дамып келеді, ауданда 2 368 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 98,3 пайызы белсенді жұмыс істейді.Кездесуде ақсақалдар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық ұсыныс назарға алынатынын және көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235037?lang=ru
Жалағаш ауданының негізгі көрсеткіштері талқыланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, М.Шәменов, Қаракеткен, Аққұм ауылдарының тұрғындарымен және аудан активімен кездесті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, бағдарланған ауқымды жобалар талқыланды. Қаракеткен ауылында іске қосылған «Харвест Агро» агроиндустриалды кластерінің алғашқы кезеңі – аудан экономикасына айрықша серпін беретін жоба. Аймақ басшысы аудан әкімдігіне қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды, инвестицияның басқа да көздерін іздестіруді, салық базасын ұлғайтуды тапсырды. Шаруашылық құрылымдарымен бірге каналдарды бетондау жобаларын әзірлеу, оларды тез арада қаржыландыруға ұсыну, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайту да назардан тыс қалмауы тиіс.Соңғы төрт жылда Жалағаш ауданында 192 пәтер салынды. Салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын қатаң бақылауы керек.Жалағаш ауданында газдандыру деңгейі 53 пайыз, Қаракеткен және Бұқарбай батыр ауылдарына газ тарту жобасы әзірленген, Аққұм және Мәдениет бағытындағы ауылдарға жоба дайындауға демеушілерді тарту тапсырылды.Мәжілісте электр желілеріндегі апатты болдырмаудың жедел шараларын қабылдау, тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де талқыланып, тиісті тапсырма берілді.Аймақ басшысы «Руханият» орталығында ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобалары таныстырылды. Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 120,0 пайызға орындалып, 12 млрд 269 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ал инвестиция көлемі 8 млрд 290 млн теңге болып, есепті кезеңмен салыстырғанда 122,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Нақтырақ айтсақ, биыл жалағаштық шаруалар 42 178 гектарға егін екті, күріш көлемі 16 800 гектар.Ауданда 2 531 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 97,3 пайызы тұрақты жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235092?lang=ru
Аймақтың көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысан 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалындағы жұмыс барысымен танысты.Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылуда. Осы қатарға былтыр Нұрлыбек Машбекұлы аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы, яғни аймақтағы барлық вокзалдарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Құрылысы өткен жылы басталған Жалағаш вокзалына 755,7 млн теңге бөлінген. Жобаның бас мердігері «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, жолаушылар алаңына төсеніш тас төсеу және ғимараттың шатырын жабу толық аяқталған. Қазір нысанның ішкі қабырғаларын әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал ететін нысан болмақ. Сондай-ақ, заманауи талаптарға сай салынып жатқан вокзал Жалағаштың сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттардың біріне айналмақ. Осы ретте аймақ басшысы жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше назар аударуды, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235111?lang=ru
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235466?lang=ru
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235471?lang=ru
Дәстүрлі өнердің тарихы мен тағылымы терең 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті.Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбиелеген еңбегін ерекше атап өтті.Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына насихаттауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады.Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235479?lang=ru
Эколог сағаты: тәжірибе мен игі бастамалар алаңы 30.06.2026
Бүгін Атырау облысы бойынша Экология департаментінде 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күніне орай «Эколог сағаты» атты танымдық-тәжірибелік шара өтті.Іс-шараға өңірдің экобелсенділері, тәуелсіз экологтары, жас мамандар мен студенттер қатысып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады.Жиын барысында өңірге белгілі экологиялық жоба авторлары мен тәуелсіз экологтар Күләш Амандықова, Сұлтан Ахмет, Дмитрий Ургачев және Жансая Нәкімжанова сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.Баяндамашылар қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, еріктілер қозғалысын дамыту, экологиялық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыру, табиғатқа жанашырлық таныту, сондай-ақ күнделікті өмірдегі қарапайым экологиялық әдеттердің маңызы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы табысты жобалармен танысып, экологиялық бастамаларды жүзеге асырудағы тәжірибелер мен тың идеялар жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, табиғатты сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екені және үлкен өзгерістердің шағын қадамдардан басталатыны ерекше атап өтілді.Экология сағатының басты мақсаты – жас сала мамандары мен студенттерге экобелсенділер мен тәуелсіз экологтардың тәжірибесін насихаттау, олардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларға қызығушылығын ояту және табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру.«Эколог сағаты» қатысушылар үшін пайдалы ақпарат пен жаңа идеялар алаңына айналып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.#ӨзіңненБаста #ТазаҚазақстан #Экологкүні #ДеньэкологаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235720?lang=ru
Махамбет аудандық ауруханасы жаңа жабдықтармен толықты 30.06.2026
Атырау облысында медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобаларда да басымдыққа ие.Осы бағдарлама аясында Махамбет аудандық ауруханасына Теңізшевройл компаниясы жалпы құны 660 миллион теңге тұратын заманауи медициналық жабдықтар алып берді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Қайырымдылық көмектің нәтижесінде ауданда алғаш рет компьютерлік томография жүйесі іске қосылған.-Құрылғы 24 сәуірден бастап пайдалануға берілді. Содан бері 160 науқас тексеруден өтіп, олардың арасынан бір онкологиялық ауру дерегі анықталды. КТ аппаратының орнатылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе науқастардың диагнозын уақытылы әрі ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр, – деді аурухана дәрігері Айжан Романова.Бұдан бөлек, мекемеге науқас жағдайын бақылау аппараты, тіс емдеуге арналған рентген құрылғысы, операциялық шамдар, стоматологиялық қондырғы, ультрадыбыстық тексеру аппараты, көзді тексеру аппараты және өзге де медициналық техникалар берілген.Жаңа медициналық құрылғылар салтанатты түрде табысталды. Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев демеуші компанияға алғыс айтып, бұл бастама тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау екенін атап өтті.Айта кетейік, соңғы алты айда Теңізшевройл компаниясы Атырау облысындағы 14 медициналық ұйымға жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдық тарту еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235926?lang=ru
Агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны тұрақты бақылауда 30.06.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егін егу жұмыстарының қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.–Соңғы жылдары аймағымызда вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға егілді. Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары дақылдар егу қолға алынды.Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 10 млрд теңгеге жуығы биыл бөлінді. Осыған байланысты 2028 жылға дейін егіс алқаптарын әртараптандырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Биыл облыста 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 70 мың гектарға күріш егіліп, суға бастырылды. Сондай-ақ 10 мың гектарға жүгері, 9,7 мың гектарға басқа да дәнді дақылдар себілді.Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 14 200 гектарға жетті. Егістіктердегі су шығынын азайту үшін 65 мың гектар күріш алқабы лазерьмен тегістелді.Облыстың мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім қалыптасып, өндірілген өнім көлемі артып келеді. Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.Жыл басынан бері өңірде 11,7 мың тонна ет және 13,4 мың тонна сүт өндірілді. Бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, жылына 3 500 тонна ет өндіретін құс фермасы мен сүт өндіретін ферма пайдалануға беріледі.Жалпы, аймақта асыл тұқымды ірі қара саны 18,1 мың, асыл тұқымды қой саны 252, 7 мың, жылқы саны 3,3 мың, ал түйе саны 700 басқа жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236050?lang=ru
Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Арал ауданына жұмыс сапары барысында Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары, ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.Өңірде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып пайдалануға берілді. Оның ішінде 22 мәдениет нысаны ел игілігіне қызмет етуде.Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінде Арал ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ертең Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланады. Сонымен қатар, Шижаға ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Абай елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады.Аймақ басшысы мәдениет ел руханиятының тірегі екенін атап өтіп, жаңа мәдениет үйі ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретініне тоқталды.«Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын. Мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Жаңа мәдениет үйінде дәріптелген ұлттық құндылықтарымыз арқылы рухани қазынамызтолығады деп сенемін. Жаңа нысан жастарымыздың талантын ұштауға қызмет ете берсін! Ауыл тұрғындарына жаңа тыныс сыйлап, мәдени жаңғырудың орталығына айналсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жаңа нысанды салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов батасын берді.Кейінгі жылдары Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңашылдықтар ауыл клубтарын, облыс орталығындағы мәдениет мекемелерін түгел қамтыды. Төрт жылда 55 млрд. теңгеге жуық, биыл 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» бой көтерді.Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Тарихи-өлкетану музейі, «Достық үйі» пайдалануға берілді. Балалардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды.Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жаңа драма театрдың, Президенттік кітапхананың құрылысы басталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236062?lang=ru
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы 30.06.2026
2026 жылғы 5–6 маусымда Рига қаласында Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (бұдан әрі – ЕҚДБ) Басқарушылар кеңесіндегі Қазақстан атынан Баламалы басқарушы Дәурен Кеңбеил бастаған қазақстандық делегация ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы мен Бизнес-форумына қатысты.Іс-шара аясында Қаржы вице-министрі Д. Кеңбеилдің, Ұлттық экономика вице-министрі А. Дарбаевтың және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы М. Елібаевтың қатысуымен «Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбында Қазақстан бойынша инвестициялық сессия өтті.Д. Кеңбеил өз баяндамасында мемлекеттік борышты басқару саясаты, Қазақстанның қор нарығына шетелдік қатысушыларды тарту тетіктері, сондай-ақ жүргізіліп жатқан бюджет-салық саясатының негізгі басымдықтары туралы айтты.Сессияға трансұлттық корпорациялардың, халықаралық қаржы институттары мен банктердің өкілдері, экономика, инвестициялар, қаржы және технологиялар саласындағы сарапшыларды қоса алғанда, 200-ден астам қатысушы қатысты.Жыл сайынғы отырыс алаңында ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен, Австрия/Израиль/Кипр/Мальта/Қазақстан/Босния және Герцеговина бойынша директоры Элизабет Вихтуммен, сондай-ақ ЕҚДБ-ның Еуразия елдері бойынша инфрақұрылым департаментінің директоры Екатерина Мирошникпен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен экономикалық өсіміне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Негіздемелік әріптестік туралы келісімге, сондай-ақ 2013 жылғы 1 шілдедегі Техникалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы техникалық ынтымақтастық шоты туралы келісімге Қосымша келісімге қол қойылды.Аталған құжаттар жобаларды қаржыландыру, техникалық көмек көрсету, талдамалық зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдардың институционалдық әлеуетін нығайту, озық халықаралық тәжірибені енгізу, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, жеке сектор мен «жасыл» экономиканы қолдауға жәрдемдесу арқылы құрылымдық реформалар мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыруды қолдауды көздейді. Бұл шаралар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1236065?lang=ru
Аралдың туристік әлеуетін және жол инфрақұрылымын дамытудың маңызды жобалары таныстырылды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Арал ауданындағы жұмыс сапары кезінде Қамыстыбас ауылдық округіне барып, ондағы «Аққұмшық» жағажайының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірдегі туризмді дамытуда ерекше маңызға ие демалыс аймағы «Арал геопаркі» жобасына енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы екі гектар демалыс аймағында бүгінде 21 кәсіпкер келушілерге сапалы қызмет көрсетуде, 110 демалыс үйі қамтылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған. Демалушыларға арнайы орындар мен үш волейбол алаңы да жасалған. Облыс әкімі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуді тапсырды.Бұдан кейін Мұрат Нәлқожаұлы «Самара-Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Өткен жылы «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін орташа жөндеу қажеттігі туындаған болатын. Осыған байланысты биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 9,5 шақырым жолды қолға алды. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.Жөндеу барысымен танысқан аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді қатаң тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236076?lang=ru
«Арал теңізі» теміржол вокзалы жолаушылар үшін жайлы нысанға айналады 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Арал қаласында салынып жатқан жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңына барды.Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғыртудан өтіп жатқан еліміздегі 124 вокзалдың қатарында Қызылорда облысының барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы вокзалдар, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасы бар. Былтыр сол кезде аймақты басқарған Нұрлыбек Машбекұлы бұл тізімге облыстағы барлық вокзалды енгізу үшін тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар беріп, ескі ғимараттардың уақыт күттірмей жаңғыртылу керектігін дәлелдеді. Өйткені өңірдегі вокзалдардың ең ескілерінің салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болған.«Арал теңізі» теміржол вокзалының құрылысы өткен жылы басталып, жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Құрылыстың бас мердігері – «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 459,47 шаршы метр, ал биіктігі 4,2 метр.Қазір мұнда металл конструкцияларын монтаждау, ішкі бөлігін сылау және әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы еңбек етеді.Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы, қолайлы қызмет көрсететін, Арал қаласының сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттың біріне айналмақ.Нысанды аралаған кезде облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына қатысты міндеттер жүктеп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды, уақытылы пайдалануға беруді ескертті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236080?lang=ru
Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағдары пысықталды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында «Руханият орталығында» аудан активімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы міндеттер талқыланды.Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда жылдар бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын айрықша атап өтті. Сонымен бірге «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жол құрылысының биыл басталатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту жобасы қолға алынатынын айтты.Ерекше атап өту қажет, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының жалпы ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.Аймақ басшысы ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны нақты жобаға айналдыру қажеттігіне тоқталды. Туристерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, кәсіпкерлерді осы салаға тарту және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.Соңғы төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.Аймақ басшысы актив отырысынан кейін аудан тұрғындарын жеке қабылдады.Қабылдауда Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұтынушылар наразылығын туғызған.Аталған мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері түсіндірме берді. Олардың айтуынша, газ төлемі есептегіш құралдардың нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі. Ал көрсеткіштер уақытылы ұсынылмаған немесе есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, төлем қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіледі.Сондай-ақ тұрғындарға есептегіш құралдарының тексеру мерзімін бақылауда ұстап, көрсеткіштерді уақытылы жолдау қажеттігі түсіндірілді. Есептегіш тексеріліп, нәтижесі дұрыс болса заңнамаға сәйкес қайта есептелуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236094?lang=ru
Сексеуілде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Сексеуіл кентіндегі 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсіміне қатысып, тұрғындармен кездесті.Аймақта 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Білім беру саласында, жеткіншектерге қосымша білім беру инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмысатқарылып, 46 заманауи білім беру нысаны ел игілігіне табысталды.Бүгін іргетасы қаланған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылысына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы демеушілік етеді.Еске салайық, жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға маманданған мұндай орталықтар кейінгі жылдары Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында салынып, жас ұрпақ игілігіне айналған болатын. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игілікті істің басталуымен құттықтады.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы:«Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау –мемлекетіміздің басты міндеті», – деп атап өтті.Бүгін іргетасы қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол.Бұл – балаларымызға заманға сай жаңа дағдыларды үйрететін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын бірегей нысан болмақ. Санасы сергек, ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Шарада ел ағасы Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ардагер Қази Әйімбетов батасын берді.Президент бастамасымен өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді.«Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы бой көтерді. Қызылорда қаласында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи лагерь,Ботаникалық білім беру орталығы ашылды.Рәсімнен кейін облыс әкімі тұрғындармен кездесті.Онда өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы басталатындығы айтылды. Жол Бейнеуден емес, Сексеуілден басталады.Бұдан бөлек, тұрғындар ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолының жай-күйі де сөз болды. Халықтың ұсыныс-тілегіне сәйкес, бұл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралып, тиісті шара қабылданатын болды.Кездесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236110?lang=ru
Сексеуіл вокзалында құрылыс жұмыстары жалғасуда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Сексеуіл теміржол вокзалы құрылысының барысымен танысты.Жоба «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі қолға алған жобаға 700 млн теңге бөлінген.Қазір құрылыс алаңында 15 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның сырты қапталып, ішкі әрлеуі біткен, есік орнатылған. Бүгінде аумағын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру және инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылуда.Жаңа вокзалда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады, қызмет көрсету сапасы артады.Нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңірдің көлік-логистикалық әлеуетіне, жолаушы тасымалына оң әсерін тигізеді.Айта кетейік, облыс аумағынан ұзындығы 1051,7 шақырым магистральдық теміржол желісі өтеді. Теміржол инфрақұрылымында 8 вокзал мен 2 қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. Тәулігіне 15 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушылар пойызы ұйымдастырылған.Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда – Бесарық – Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекен тұрғындарын көлік қызметімен қамтамасыз етіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236118?lang=ru
Шижағада дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Шижаға елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 25-і - спорт нысаны. Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.«Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды.Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда.Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық.Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд. теңгеге салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық.Сонымен қатар, Абай елді мекенін орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосамыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимарат құрылысын сапалы салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Айта кетейік, өткен жылы Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық стадион, «Теннис орталығы» және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды.Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылған 80 спорт-ойын алаңы балалар игілігіне айналды. Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қайсар» футбол клубының академиясы салынуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236161?lang=ru
«Қарлаң» көпірінің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Қазалы ауданындағы «Қарлаң» көпірінің құрылысымен танысты.«Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан Қарлаң учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.Жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.«Нұрлы-Тау ЛТД» серіктестігі салып жатқан көпірдің ұзындығы – 248,29 метр, 6,3 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Толық аяқталғаннан кейін ауданаралық көлік қатынасы тұрақтанып, логистикалық байланыс едәуір жақсарады.Облыс әкімі құрылыс сапасын назарда ұстап, белгіленген кестеге сәйкес аяқтаудың маңызын атап өтті. Мердігер мекемеге барлық талапты қатаң сақтай отырып, көпірді уақытылы пайдалануға беру міндеті жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236178?lang=ru
Қазалы ауданындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқыны сараланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Қазалы ауданына жұмыс сапары аясында Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, «Руханият орталығында» аудан активін өткізді.Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы негізгі міндеттер талқыланды.Аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалануды, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды, инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.Соңғы төрт жылда Қазалы ауданында 280 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Осы ретте салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше назар аударып, тұрақты бақылауы қажет.Қазалы ауданын газдандыру деңгейі бүгінде 75 пайызға жеткен. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 680 млн теңге бөлініп, жұмыс басталды. Сонымен қатар құжаттары дайын алты ауылды газдандыру жобасын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, салалық министрліктермен бірлесіп үйлестіру тапсырылды.Аудандағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Қарлаң» көпірінің құрылысы. Былтыр оған 6,3 млрд теңге, биыл облыстық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларына жұмыс барысын тұрақты бақылауды, белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.Әрі қарай аймақ басшысы «Руханият орталығында» ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236198?lang=ru
Әлемге танымал блогерлер Қызылордадағы Президент саябағымен танысты 30.06.2026
Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласына арнайы келген әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттабқа (HATAB JEHAD JAMAL TAWFIQ) қайта жаңғыртылған Президент саябағын таныстырды. Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Президент саябағының аумағында заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, би және шахмат аймақтары, баскетбол мен футбол алаңдары орналасқан. Сондай-ақ мұнда биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер салынған.Жалпы аумағы 31 гектар саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 300 орындық заманауи балалар лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы пайдалануға берілген. Сонымен қатар 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық, жаңа драма театр және заманауи Президенттік кітапхана бой көтеруде.Кездесуде қонақтарға өңірдің туристік әлеуеті, Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және қаладағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.Айта кетейік, Джо Хаттаб – халықаралық деңгейде кеңінен танылған араб тревел-документалисі, режиссер, бейнеграф және YouTube блогері. Қазіргі уақытта оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асады.Ол жай ғана туристік орындарды таныстыратын блогер емес, деректі фильмдер түсіретін контент авторы ретінде танымал. Шығармашылығының негізгі бағыты – сирек мәдениеттер мен әлемнің шалғай өңірлеріндегі адамдардың өмірін көрсету. Джо Хаттаб Эверест тауларындағы шерпалардың тұрмысы, Амазонка джунглилеріндегі тайпалардың өмір салты, сондай-ақ әлемдегі ең оқшауланған мемлекеттердің бірі саналатын Солтүстік Корея мен Куба туралы бірегей жобалар әзірлеген.Сонымен қатар ол түрлі елдердегі ерекше кәсіп иелерінің өмірін, тағдырлы адамдардың оқиғаларын және экология, кедейлік секілді жаһандық мәселелерді арқау еткен деректі фильмдерімен танылған. Блогердің Joe Hattab Production жеке медиа өндірістік компаниясы жұмыс істейді. Ол түсірілім барысында ең заманауи техникалар мен дрондарды пайдаланып, бейнематериалдарына кинематографиялық стиль береді.Джо Хаттаб халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі компаниялардың, атап айтқанда Sony, Emirates, Samsung, Facebook және Google брендтерінің ресми амбассадоры болған. Оның Қазақстан, Сауд Арабиясы және Жапония туралы түсірген бейнежобалары халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып, аталған елдерге шетелдік туристер ағынының көбеюіне ықпал еткен.Алдағы екі күнде танымал блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне бармақ. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағында деректі фильм түсіруді жоспарлауда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236234?lang=ru