Enbekshi QazaQ

Мәдениет

Парламент депутаттары Атырау облысының тұрғындарымен Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін талқылады 30.06.2026
Бүгін Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшылығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюі ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша халықаралық күн тәртібін ілгерілету мақсатымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада Су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткілдерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылыми негізделген шешімдер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.Кездесуде Каспий теңізіне қатысты мәселеде жүйелі тәсілдің жеткіліксіз екені де айтылды. Жайық өзенінің атырауы мен Маңғыстау облысының жағалауы маңында теңіз 30-35 шақырымға дейін шегініп, соның салдарынан топырақтың тұздануы, экожүйелердің тозуы және балықтардың уылдырық шашу орындарының қысқаруы байқалып отыр. Құрамында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың туындау қаупі артып отырғанына да мән берілді. Парламенттік комиссияның Төрағасы Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтау мәселесі ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздіктің, азаматтардың өмір сүру сапасының және бүкіл Каспий маңы өңірінің орнықты дамуының кепілі екенін тілге тиек етіп, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мемлекет, ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық серіктестердің алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді.Парламенттік комиссияның отырысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысты.Іс-шарада БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин, өңір әкімдіктерінің басшылығы, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.Мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен бастамаларын ортаға салды. Сенат Төрағасы олардың іске асырылу барысы қоғамның және барлық мүдделі тараптың бақылауында болатынын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236361?lang=ru
Мәулен Әшімбаев Атырау жастарымен кездесті 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында жастармен кездесті. Жиында Сенат Спикері жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, оны мемлекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақмерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат деп атады. Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулардың қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Ата Заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенділігіне, біліміне және жауапкершілігіне де байланысты екеніне тоқталды.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда республикалық референдум өтті. Нәтижесінде халық Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата Заң биылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Шын мәнінде, бұл – нағыз Халық Конституциясы. Ол Тәуелсіздік, Мемлекеттілік және азаматтардың құқықтары мен мүдделері ең жоғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жаңартылған институционалдық ортаның барлығы өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр. Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндіктер береді әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жас буын осы реформалардың тарихи маңызын терең түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді қатысуы қажет, – деді Сенат Төрағасы.Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құруда жастардың белсенді рөлі ерекше мәнге ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына және ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын құндылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Аталған тұжырымдамада еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық әр азамат үшін басты құндылықтар ретінде айқындалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236369?lang=ru
Әріптестері Ардақ Зебешевті жаңа қызметке шығарып салды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Онда әріптестері осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ардақ Темірханұлы Зебешевті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты құрметпен шығарып салды.Аймақ басшысы Ардақ Темірханұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.«Ардақ Темірханұлы 2024 жылдың ақпан айынан бері облыс әкімінің орынбасары ретінде инвестиция тарту және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етті. Оның үйлестіруімен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп, Мемлекет басшысының инвестициялық экожүйені қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жетті.Осы кезеңде өңірге 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, соңғы екі жылда жалпы құны 339 млрд теңгеден асатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықаралық әріптестік байланыстар аясы кеңейді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, испаниялық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыты мен швейцариялық «Harvest Group» компаниясының агроиндустриялық кластер құру жобалары бастау алды.Қытай Халық Республикасымен ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына озық технологиялар енгізуге бағытталған 9 келісімшартқа қол қойылды. Энергия үнемдейтін шыны өндірісі, заманауи кірпіш зауыты, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешендер іске қосылды.Бұдан бөлек, Сыр өңірінің мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және ынтымақтастықты дамыту бағытында Финляндия, Эстония, Испания, Швейцария және Франция мемлекеттерінде өткен өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.Ардақ Темірханұлына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының Алғыс хаты, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.Сонымен қатар, мәжілісте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегеновтің құрметті зейнет демалысына шығуына орай, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дүйсенбаев Нұрболат Серікұлы таныстырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236743?lang=ru
Туризмді дамыту мәселелері қаралды 30.06.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.Аймақ басшысы туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылау, туристік аймақтарды байланыс арналарымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек.Қауіпсіздік шараларын кеңінен насихаттау үшін телеарналарда, әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу маңызды.Жиында су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да сараланды. Өткен қыс-көктем кезеңінде облыстағы ахуал тұрақты болды. 2024 жылы өңірде 27 нысанда қорғаныс бөгеті қалпына келтірілсе, өткен жылы 13 нысан жөнделді. Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіруді қажет ететін 12 нысан анықталған.Осыған байланысты «Құмсай», «Көлтоған», «Қыраш», «Манап» су қоймаларын жөндеу, «Жиделі» су қоймасын қайта жаңғырту, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек-Шаған» көпірі тұсындағы қорғаныс нысандарын қалпына келтіру қажет.Жауапты мамандарға «Ақшақыз» каналының су тоспасы мен қорғаныс бөгетін, «Қалғандария» учаскесіндегі су тоспасының қақпақтары мен бөгеттерін жөндеу, Сырдария өзенінің «Қорқыт Ата» учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жүктелді.Бұдан бөлек, «Келінтөбе» магистральді каналына су жеткізетін каналға су тоспасын салу, «Рисмаш» учаскесіндегі, «Болашақ» университеті маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.Бүгінде облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қала және аудан әкімдеріне отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістік жобаларды орналастыру тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237430?lang=ru
«Сыр суы» филиалының директоры тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бұйрығымен «Сыр суы» филиалының директоры лауазымына тағайындалған Әмиша Ержан Шынтемірұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етудің қажетті шараларын қабылдауды жүктеді. Өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, ауызсу жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етіп, су жеткізу қызметінің сапасын арттыруды тапсырды.Ержан Шынтемірұлы 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Құрылыс», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын «СМП-Қызылорда» серіктестігінде инженер ретінде бастаған.Әр жылдары жеке секторда, мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет істеген.Кейінгі жылдары «Қазсушар» мекемесінің «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237442?lang=ru
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина»,«Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық № 3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған. 2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237447?lang=ru
Аймақта 10 мыңнан астам түлек мектеп бітірді 25.05.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев оқу жылының аяқталуына орай Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі түлектерінің салтанатты шарасына қатысты. Алтын ұядан ұшқалы тұрған мектеп бітірушілерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.Биыл аймақта 10 мыңнан астам жас түлек он бір жыл бойы білім алған мектебімен қоштасып, жаңа өмірге жолдама алды.«Шын мәнінде, ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім. Тек білім ғана кез келген адам үшін өмір жолын дұрыс таңдауға, өзіне деген сенімділік пен табысқа жетуге зор мүмкіндік береді.Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет», – деген болатын.Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде білім беру саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, 45 жаңа заманауи білім беру нысаны ел игілігіне берілді.Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Соның бірі – өздеріңіз алғашқы түлегі атанып отырған Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің жаңа ғимараты. Бұл мектеп ашылған соң, «Арай» шағын ауданындағы мемлекеттік мектеп мәселесі толық шешімін тапты.Еліміздегі әрбір игілікті іс сіздердің кемел келешектеріңізге арналуда. Сіздер білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен табанды іс-әрекет арқылы елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады деп сенемін. Қанаттарыңыз талмасын! Бейбіт еліміздің көгінде самғап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар! Әрдайым жолдарыңыз ашық болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер!», – деді Мұрат Ергешбаев.Аймақ басшысы осы оқу жылында 100-ге жуық сырбойылық оқушы республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып, жүлделі орын иеленгені ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі екенін ерекше атап өтті.Биылғы оқу жылын өңірдің 320 мектебінде 1-11 сынып оқитын 189 288 оқушы аяқтады, 987 оқушы «Алтын белгіге», 1 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңі 10 мамыр-10 шілде аралығында Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу орталықтарында өтеді. Оған 11-сыныпты бітіруші 10 317 түлектің 9 250-і қатысады.Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жоспарланған. Биыл 170 мыңнан астам оқушы жазғы тынығу лагерьлерінде, 150 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Жақында Президент саябағы аумағынан Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығы ашылды.Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев білім ұясынан қанат қаққан жастарға ақ жол тілеп, ізгі лебізін білдірсе, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Мұхит Төребаев ұстаздарға ризашылығын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1227598?lang=ru
Облыс делегациясы World Urban Forum-13 халықаралық форумына қатысты 22.05.2026
Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен Дүниежүзілік урбан форумның 13-сессиясына Сыр өңірінің делегациясы қатысты. Аталған халықаралық алаң БҰҰ-Хабитат ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, урбанизация, қала құрылысы, климат тұрақтылығы және заманауи инфрақұрылым мәселелерін талқылауға арналды.Форумға әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңнан аса делегат жиналды. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен урбанистика саласының мамандары бар.Қазақстан делегациясы құрамына Қызылорда облысының өкілдері де енген. Олар өңірдің тұрақты дамуы, қала инфрақұрылымын жаңғырту және экологиялық бастамалар бағытында тәжірибе алмасты.Форумда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған урбанистикалық даму саясатының негізгі басымдықтарына тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, су қауіпсіздігі және климат тұрақтылығы мәселелері кеңінен талқыланды.Сонымен қатар Urban Expo көрмесі өтуде, онда қатысушылар назарына Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды. Экспозиция қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, инфрақұрылымдық шешімдер және жаңа қала құрылысы жобалары арқылы елдің тұрақты, жайлы әрі экологиялық таза қалаларды дамытуға заманауи көзқарасын көрсетеді. Green ID жобасына ерекше назар аударылды, бұл – көгалдандыруға, климат тұрақтылығы мен қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған бастама.Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында тұңғыш Ұлттық урбан форум ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері бас қосты. Іс-шара өңірдегі тұрақты қалалық даму, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және урбанистика бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1226575?lang=ru
Авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері талқыланды 21.05.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері, өңірлердегі нысандар құрылысының сапасы талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, «Қорқыт ата әуежайының» қазіргі жұмысы туралы баяндама жасады.Еске салсақ, 2024 жылы Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген еді. Бір мезетте 250-ден астам жолаушыға сапалы қызмет көрсететін заманауи әуежай арқылы бүгінде аптасына 28 рейс қатынайды.«Облыста жолаушылар тасымалын дамыту – басты міндеттің бірі. Осы жылдың сәуір айына дейін «Қорқыт ата әуежайынан» 63 мыңнан астам жолаушы жөнелтіліп, былтырмен салыстырғанда 58,9 пайызға артқан. Бұдан бөлек, терминалда цифрлық басқару жүйесі енгізілген, яғни барлық операциялар мен процестерді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік бар. Жақында ғана «Вана холдинг» компаниясымен «Қорқыт Ата әуежайын» сенімгерлік басқаруға беру туралы меморандумға қол қойдық. Осылайша халықаралық стандарттарға сай логистикалық хаб қалыптасады.Әуежай маңынан арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл маңызды жоба облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек», – деді облыс әкімі.Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жолаушылар тасымалы саласына жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, жиында төрт айдың қорытындысымен өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланып, экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек баяндама жасады. Мұрат Нәлқожаұлы өнеркәсіп және өндеу өнеркәсібі көлемі бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан әкімдеріне қатаң тапсырма берді.Мәжілісте оқу жылын қорытындылау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223558?lang=ru
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы тағайындалды 21.05.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Кенесары Бағбанұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.«Департамент алдында Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі орындау, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, қоғам мен бизнестің заңды мүдделерін қорғау, өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі саладағы Кенесары Бағбанұлының терең білімі мен мол тәжірибесі экономикалық қылмыстарды анықтауға зор үлес қосады деп сенеміз!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кенесары Бағбанұлы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2015 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында түрлі жауапты қызметтер атқарған.2021 жылдан осы уақытқа дейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары лауазымында абыройлы қызмет атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223564?lang=ru
Балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы тағайындалды 21.05.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жаңадан құрылған балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Бәкіров Ерлан Әмірханұлы таныстырылды.Облыс әкімі Мемлекет басшысының қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын реформалау туралы тапсырмасын орындау мақсатында балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылғанын атап өтті. Жаңа салаға, оның басшысына бірқатар маңызды міндет жүктеді.«Балалардың мүдделерін қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруда тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Ерлан Әмірханұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Заңтану», «Болашақ» университетінде «Экономика» және «Құрылыс» мамандықтары бойынша білім алған.Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты кадр жұмысы бөлімінің басшысы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары болған. 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223580?lang=ru
Туризм басқармасының басшысы тағайындалды 21.05.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жаңадан құрылған туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы таныстырылды.Жаңа басшыға өңірдегі туризм саласын дамытуға қатысты маңызды міндеттер жүктелді.​«Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлардан ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық туризм басқармасы құрылды. Жаңа басқармаға өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты үйлестіруді тапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.​Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» және «Қаржы» мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің «Іскерлік әкімшілік» докторы.Әр жылдары Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде, Премьер-министр кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. ​2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық дін істері басқармасының басшысы болған.​2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223592?lang=ru
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы тағайындалды 21.05.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Нұрлыбек Бимурзаев таныстырылды. Осыған дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметін атқарған Сүлейменов Ерқасым Жайбергенұлына зейнетке шығуына орай, облыстың Құрмет грамотасы табысталды.Облыс әкімі жаңа басшыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты бақылау жүргізуді, негізсіз қымбаттауына жол бермеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.Нұрлыбек Шонжарұлы 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтында «Есеп және аудит», «Болашақ» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде инспектор қызметінен бастап, әр жылдары түрлі лауазымдарда еңбек етті.2018–2023 жылдары Қызылорда, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болған.2023 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223601?lang=ru
«ҚазақГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалының директоры тағайындалды 21.05.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «ҚазақГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалының директоры қызметіне тағайындалған Шаухаманов Нұрлан Сейілбекұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшыға өңірді табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуді және газдандырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруды тапсырды.Нұрлан Сейілбекұлы 1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша білім алған.Әр жылдары «Тұран-Петролеум», «Харрикейн Құмкөл мұнай» компанияларында түрлі лауазымдарда болған. 2004-2020 жылдары «Қызылорда Қаз Транс Газ», «Қызылорда газ шаруашылығы басқармасы», «Қаз Транс Газ Аймақ», «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» газ тарату мекемелерінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.2022 жылдан осы кезге дейін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мемлекеттік кәсіпорнының директоры лауазымында абыройлы еңбек етті.Жиында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы жаңадан тағайындалған басшыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1223611?lang=ru
Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңесте апелляциялық комиссиялардың жұмыс қорытындылары мен бағалау қызметіне қатысты заң жобасы талқыланды 14.05.2026
ҚР Қаржы министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында апелляциялық бөлімшелердің қызметі мен «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруларды жетілдіру мәселелері пысықталды. Отырысқа қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ министрлікке қарасты құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.Оның барысында Ішкі мемлекеттік аудит апелляциясы департаментінің 2025 жылдағы қызмет нәтижелері қаралды. Айталық, былтыр 100 отырыс өткізіліп, камералды бақылауға байланысты 621 қарсылық және аудиторлық есептерге қатысты 139 қарсылық берілді.Комиссия жұмысының басты назары аудит нысандарының өтініштері мен қарсы шағымдарды объективті және ашық қарауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот дауларының санын азайтуға бағытталғанын айта кеткен орынды. Жыл қорытындысы бойынша даулы мәселелердің дені сотқа дейінгі кезеңде реттеліп, бұл 229 жағдайда жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.Бұған қоса апелляциялық қарау процестерін цифрландыру, апелляциялық комиссияның құзыреттерін жетілдіру мен ішкі мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру шаралары талқыланды.Апелляциялық департамент директоры 2024-2025 және 2026 жылдың 1 тоқсанындағы салық және кеден дауларына қатысты жұмыс қорытындыларын таныстырды. Мәселен, ашықтықты нығайту мақсатында Қаржы министрлігінің ресми сайтында 1 116 шешім, сондай-ақ «Қазақстандағы салықтар» бизнес қауымдастығының интернет-ресурстарында, «Учет KZ», «Параграф» ақпараттық жүйесінде және Қазақстандық кеден брокерлері (өкілдері) қауымдастығында 732 шешім орналастырылды. Ал отырыстарда салық төлеушілердің 377 өкілі мен СЭҚ қатысушылары тікелей өздері болған.Қолға алынған кешенді шаралар аясында мәмілелерді салықтық тексерулер үшін дәрменсіз деп тануға байланысты өлшемшарттардың тізбесі әзірленді. Бұдан басқа салық және кеден тексерулерін жүргізу кезінде жіберілген кемшіліктер үшін 35 лауазымды тұлға, оның ішінде тексеру жүргізген 19 маман, басқармалардың 5 басшысы және бөлімдердің 11 басшысы жауапқа тартылды. Одан бөлек заңнамадағы кереғарлықтың алдын алуды көздейтін ҚҚС қайтару ережелері мен тұтастай ҚҚС қайтару мәселелеріне қатысты Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де қаралғанын атап өткен жөн.Сонымен қатар «Бағалау қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы да таныстырылды. Заң жобасы кедергісіз, тәркілеусіз, шектеулерсіз, қосымша талаптар мен шарттарсыз қызметтердің бірыңғай нарығының жұмысын қамтамасыз ететін жалпы тәсілдер нормаларын имплементациялауға, сондай-ақ бағалау қызметі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.Маңызды құжат заңнаманы жақсартуға бағытталған құқық қолдану практикасына сәйкестендіруді қамтамасыз ететін нормаларды нақтылау мен оңтайландыру бөлігіндегі басқа да түзетулерді қамтиды.Мүлікті бағалау жөніндегі қызметтердің бірыңғай нарығына байланысты түзетулерді қабылдау отандық бағалаушылардың халықаралық нарыққа шығуына, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеңістігінде кәсіби қызмет мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ отандық мамандардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1220464?lang=kk
Қазақстан болашақ технологияларды қаржыландыруды ілгерілетіп, ШЫҰ Даму банкі аясында инвестицияларға қолжетімділікті кеңейтуде 30.04.2026
Қазақстан құрылып жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкі аясында болашақ технологияларды қаржыландырудың басым бағыттарын ілгерілетуде. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің экономикалары мен инфрақұрылымдық жобалары үшін қосымша қаржыландыру көздері 2026 жылғы 29–30 сәуірде Сиань қаласында (ҚХР) өткен кездесуде талқыланды. Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің қаржы министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысып, ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі екінші консультативтік кездесуге қатысты. Кездесу барысында болашақ қаржы ұйымының негізгі параметрлері, соның ішінде қаржыландырудың басым бағыттары мен капиталдандыру тетіктері талқыланды. Өз сөзінде Дәурен Кеңбеил ШЫҰ Даму банкі жаңа буын технологияларын қолдауға бағытталған институт болуы тиіс екенін атап өтті. Басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, биотехнология салаларындағы жобалар, сондай-ақ өнеркәсіптік және «жасыл» технологияларды, оның ішінде Қытай Халық Республикасынан трансферттеуді дамыту атап өтілді. Сондай-ақ егемен емес қаржыландыру мәселелеріне, жергілікті валюталарды және баламалы қаржы құралдарын пайдалана отырып жарғылық капиталды қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде консультацияларды жалғастыруға келісті. Келесі кездесу 2026 жылғы 28–29 мамырда Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өтеді деп жоспарланған. Іс-шара аясында ҚХР Қаржы министрінің орынбасары Ляо Миньмен кездесу өтті. Онда Қытай нарығында панда-облигацияларды шығару бойынша соңғы рәсімдер, сондай-ақ Астана қаласында сорғы-сүзгілеу станциясын салу жобасын қаржыландыру мәселелері талқыланды. Аталған бастамаларды іске асыру:• Қазақстанның жаңа қаржыландыру көздеріне, соның ішінде ҚХР-дың ірі нарығына және болашақ ШЫҰ Даму банкіне қолжетімділігін кеңейтуге;• өнеркәсіп, инновациялар және «жасыл» технологиялар салаларындағы жобаларға бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға;• капитал көздерін әртараптандыруға және экономиканың технологиялық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1212831?lang=kk
Минскіде қаржылық сауықтыру мен банкрот мәселелеріне арналған дағдарысқа қарсы халықаралық конгресс өтті 16.04.2026
Таяуда Минск (Беларусь Республикасы) қаласында «Парад Ассамблеясы» атауымен дағдарысқа қарсы (арбитражды) басқарушыларды, мемлекеттік органдардың өкілдері мен төлем қабілетсіздігін реттеу саласындағы өзге де қатысушылардың басын қосқан дағдарысқа қарсы халықаралық конгресі болып өтті. Маңызды жиынға еліміздің банкрот саласындағы уәкілетті органның өкілдері, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзырлы орган мамандары мен кәсіби сарапшылар қауымдастығы қатысты.Конгрестің негізгі мақсаты – ұйымдарды қаржылық тұрғыда сауықтырудың заманауи тәсілдерін пысықтау, банкрот рәсімдерін жетілдіру, трансшекаралық банкрот тетіктерін дамыту ментөлем қабілетсіздігін реттеу процестеріне цифрлы технологияларды енгізу.Арнайы сессияларда банкрот саласындағы заңнаманы үйлестіру, оның ішінде түрлі құқықтық кеңістіктің аясында активтері мен кредиторлары бар жағдайларда тиісті рәсімдерді бірізді түрде реттеуге бағытталған трансшекаралық банкрот жөніндегі үлгілі заңды әзірлеу мәселелері қаралды.Сондай-ақ аталған бағытта цифрлы шешімдерді дамытуға ерекше мән берілді. Айталық, төлем қабілетсіздігі істерін электронды форматта жүргізу мен қажетті процедураларды қағазсыз рәсімдеуге көшу жолдары қарастырылып, бұл тиісті процестердің ашықтығын арттырып, әкімшілік жүктемені азайтуға септесетіні айтылды.Алқалы бас қосудың қорытындысы бойынша Беларусь тарапынан ұсынылған кәсіпорындарды санациялау мен қаржылық сауықтыру саласындағы тәжірибесі қаралып, оны ұлттық тәсілдерді жетілдіру кезінде одан әрі зерделеп, қолдану бойынша практикалық үлгі ретінде қарастырып көруге болатыны жөнінде атап өтілді.Осы жиын төлем қабілетсіздігін реттеу саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтып, бірыңғай тәсілдерді дамыту мен дағдарысқа қарсы басқару саласына озық шешімдерді енгізудің маңыздылығын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1202402?lang=kk
Павлодар облысы тұрғындарымен аудит саласындағы ІМАК төрағасының ашық диалогы 31.03.2026
 «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Павлодар облысының жұртшылығымен онлайн кездесу өткізді. Кездесу барысында ведомство басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен мемлекеттік аудит саласындағы жаңа тәсілдерді баяндады және өңір тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.Ашық диалог форматында өткен шарада тұрғындар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарға, соның ішінде қашықтан тексеру жүргізу тәртібіне қатысты сауалдарын қойды.2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,6 трлн теңге көлеміндегі қаражат аудитпен қамтылып, 462,4 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары мен 4,4 мыңнан астам процедуралық кемшіліктер анықталды. Бұл ретте тексерістер саны 22%-ға азайғанымен, анықталған заңсыздықтардың көлемі 36%-ға артқан. Бұған тәуекелдерді басқару жүйесін күшейту мен аудиттің дәлдігін арттырған цифрлық құралдарды қолдану арқылы қол жеткізілді.Қазіргі таңда бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән берілуде. Камералдық бақылаудың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу келісімшарттарының құнын 57,5 млрд теңгеге негізсіз өсіру әрекеттері тоқтатылды. Сонымен қатар, атқарылған жұмыс актілерін төлем жасалғанға дейін камералдық тексеруден өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.Бюджетті онлайн мониторингілеу жоспарланған мемлекеттік шығындарды 1,5 трлн теңгеге асыра көрсетудің жолын кесуге және 1,5 млрд теңгеге жуық соманы құрайтын алаяқтық схемаларды әшкерелеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бұған дейін білім беру саласында жиі кездесетін заң бұзушылықтар айтарлықтай азайды.Көп жағдайда кемшіліктер ерікті түрде жойылып, қаражат сотқа жетпей-ақ бюджетке қайтарылуда.Комитет төрағасы бүгінгі таңдағы басты міндет — тек заңсыздықтарды әшкерелеу ғана емес, цифрландыру мен талдаудың көмегімен олардың ерте кезеңде алдын алу екенін атап өтті.Кездесу соңында Комитеттің заманауи аудит құралдарын дамытуды жалғастыратыны, сондай-ақ бюджет қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етуде маңызды кері байланыс көзі болып табылатын азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге баса назар аударылатындығын жеткізді.                                            Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1190736?lang=kk
ҚР Қаржы министрлігі орнықты дамудың халықаралық стандарттарын енгізуді қолға алды 19.03.2026
Қазақстанның Қаржы министрлігі орнықты даму саласындағы ақпарат ашықтығының халықаралық стандарттары – S1 және S2 ХҚЕС (IFRS) енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Атап айтқанда, видеоконференция форматында өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында осы бағыттағы өзекті мәселелер пысықталды.S1 және S2 IFRS стандарттары халықаралық есеп берудің жаңа ережелері болып саналады. Жаңа талаптар арқылы кез келген компания өз қызметінің экология мен қоғамға қалай әсер ететіні жайлы, сондай-ақ ұйымның жұмысына қандай климаттық сын-қатер төнуі мүмкін екенін айтуға міндетті болады.Кеңестің күн тәртібінде Қазақстанда 2027-2028 жылдарға арналған S1 және S2 ХҚЕС стандарттарын кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. Аталған құжат БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп дайындалған әрі онда 37 іс-шара қамтылып, бұл стандарттарды елімізде енгізу үшін нормативті, институционалды және әдіснамалық негізді қалыптастыруға байланысты бірізді қадамдар айқындалған.Жұмыс тобы аталған стандарттар қай уақыттан бастап міндетті түрде қолданылатынын анықтауды, осы бағыттағы тиісті ұйымдарды іріктеу үшін өлшемшарттар мен шектерді белгілеуді, S1 және S2 ХҚЕС сәйкес дайындалған есептілік аудитіне тәсілдерді қалыптастыруды, сондай-ақ бұл талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуді қоса алғанда, оның болашақтағы қолдану өлшемдерін пысықтап шықты.«S1 және S2 ҚЕХС енгізу Қазақстанның корпоративті есептілік жүйесін дамытудағы маңызды кезең. Бұл ақпарат ашықтығының сапасын арттыруға, орнықты даму мәселелеріне назар аударуды күшейтуге және еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Біз практикалық шешімдер ұсыну үшін бизнеспен тығыз ведомствоаралық байланыс жасауға дайынбыз», деді отырыс соңында ҚР Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1184782?lang=kk
Бағалаудың жаңа қағидалары Қазақстанға инвестицияларды қалай арттырады 27.02.2026
Қазақстанда бағалау қызметі саласында маңызды өзгерістер дайындалуда. Қаржы министрлігі бағалау қызметі туралы заңнамаға бағалау қызметтерінің сапасын арттыруға, ЕАЭО кеңістігінде қазақстандық бағалаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, экономикалық өсім мен инвестицияларды ынталандыра отырып, азаматтар мен бизнес үшін қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге тиіс түзетулерге бастамашылық жасады. Реформа не үшін қажет екені, нарықты қандай жаңалықтар күтіп тұрғаны және олар елдің инвестициялық ахуалына қалай әсер ететіні туралы ҚР Қаржы министрлігі Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаментінің директоры Қалиева Анар Нұрдыбайқызы айтып берді.  - Бағалау қызметіндегі заңнаманы неге өзгертуіміз керек?Бүгінде мүлікті бағалау сатып алу-сату мәмілелерінде, кредит беруде, инвестициялар мен сот процестерінде негізгі рөлдердің бірін атқарады. Сондықтан рәсімдердің барынша ашық, болжамды болуы және бизнестің де, азаматтардың да мүдделерін қорғауы маңызды.Мәселен, 2021 жылғы 10 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің № 23 шешімімен Қызметтердің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі шеңберінде бағалау қызметін жүзеге асыру шарттарына жалпы тәсілдер (бұдан әрі – Жалпы тәсілдер) бекітілді.Осы тәсілдерге сәйкес ЕАЭО-ның әрбір елі бағалау қызметі туралы өз заңнамасына өзгерістер енгізуге міндетті. Тараптар тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін ғана мүлікті бағалау бойынша Қызметтердің бірыңғай нарығын ашу жоспарлануда.Осыған байланысты біз «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңға қазақстандық бағалаушылардың да, сол сияқты ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің бағалаушыларының да ЕАЭО аясында мүлікті бағалау бойынша қызметтер көрсетуі бөлігінде өзгерістер енгізудеміз.ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің бағалаушылары өз қызметін ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында кедергісіз, алып қоюсыз, шектеулерсіз, қосымша талаптар мен шарттарсыз жүзеге асыра алады.Бұл біздің елімізде жүргізілген бағалау Одақтың басқа елдерінде де қайта рәсімдеу қажеттілігінсіз мойындалатынын білдіреді. Мұндай қадам трансшекаралық ынтымақтастықты едәуір жеңілдетеді, бизнеске бағалауда қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді, нарықты инвесторлар үшін анағұрлым тартымды етеді және капиталдың еркін қозғалысы үшін жағдай жасайды. Нәтижесінде нарықтың барлық қатысушылары: шағын бизнестен бастап ірі халықаралық компанияларға дейін ұтады.- Бағалау қызметі туралы заңға өзгерістер енгізудегі басты мақсат не?- Негізгі міндет жүйені анағұрлым заманауи және түсінікті ету. Заңға енгізілетін өзгерістер бағалаушыларға өз қызметін ЕАЭО елдерінің аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.- Бұл іс жүзінде қалай жұмыс істейді? - Бағалау қызметі туралы заңға енгізілетін өзгерістер бизнестің де, жеке тұлғалардың да өмірін жеңілдетеді. Жағдайды елестетіңіз: қазақстандық бағалаушы жылжымайтын мүлік объектісін кепіл немесе сату үшін бағалады. Енді бұл баға автоматты түрде ЕАЭО-ның басқа елдерінде танылатын болады. Мысалы, Арменияда немесе Ресейде. Яғни, бір баға - бүкіл Одақ үшін бір нәтиже. Бұл шығындарды азайтып қана қоймай, бизнес-процестерді жылдам және болжамды етеді.ЕАЭО шеңберінде мүлікті бағалау бойынша Қызметтердің бірыңғай нарығының ашылуына байланысты Заң «Қызметтердің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі шеңберіндегі қызмет» деген жаңа тараумен толықтырылды. Бұл тарауда қазақстандық бағалаушылардың, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттер бағалаушыларының және тиісінше бағалаушылар палатасының міндеттері мен жауапкершілігі регламенттелген.Бұл өзгерістер біздің бағалаушыларымызға және бейрезидент бағалаушыларға өз қызметін Одақ аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.- Заңға енгізілетін түзетулер ішкі нарыққа қалай әсер етеді? Әрбір бағалаушылар палатасы тағылымдамалар мен тұрақты оқыту жүйесін енгізетін болады. Бұл жас мамандарға нарық талаптарына тез бейімделуге, ал тәжірибелі мамандарға ұлттық бағалау стандарттарына сәйкес білімдерін үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.Бұдан басқа, ұсынылып отырған өзгерістер қызмет көрсету сапасын арттыруды да білдіреді. Нәтижесінде, бұл жылжымайтын мүліктің, кредит беру мен инвестициялардың неғұрлым тұрақты нарығына негіз болады. - Бағалаушылардың өздері өзгерістерге қалай қарайды?- Жалпы жақсы қабылдады. ЕАЭО аясында бағалау қызметін жүзеге асыру бөлігіндегі өзгерістер қазақстандық бағалаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, экономикалық өсім мен инвестицияларды ынталандыра отырып, азаматтар мен бизнес үшін қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді.- Бұл өзгерістер Қазақстанға инвестицияларға қалай әсер етеді?- Кез келген инвестор үшін ашықтық, болжамдылық және активтерді бағалау жүйесіне деген сенім маңызды, өйткені есеп айырысу дәлдігі, мәмілелердің негізділігі және тәуекелдерді азайту осыған байланысты.Бағалау қызметі туралы заңнамадағы өзгерістер Қазақстанның сенімді юрисдикция ретіндегі имиджін нығайтады, онда заңдар ашық жұмыс істейді, мамандар құзыретті, ал бағалау жүйесі халықаралық талаптарға жауап береді. Осының бәрі экономикаға деген сенімді арттырады және ұзақ мерзімді капиталды тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Мүлікті бағалау бойынша ҚБН енгізу жөніндегі Заң жобасын қабылдау қазақстандық бағалаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, экономикалық өсім мен инвестицияларды ынталандыра отырып, азаматтар мен бизнес үшін көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді.Сондай-ақ, Заң жобасы қолданыстағы нормаларды жетілдіруді, артық талаптар мен қайшылықтарды жоюды көздейді, бұл бағалау қызметі туралы ҚР заңнамасын жақсартуға және саланы неғұрлым тиімді реттеуге алып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1171599?lang=kk