Enbekshi QazaQ

Қуқық

Облыс әкімі өз міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге қатысты шара қолдануды тапсырды 09.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс және мердігерлік жұмыстардың сапасыз орындалуына қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Мұндай шешімге маслихат депутаттарының Кеген ауданында жүргізген мониторингінің нәтижелері негіз болды.Естеріңізге сала кетейік, депутаттар құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық-сметалық құжаттаманың сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың ұйымдастырылуына қатысты бірқатар сұрақтар көтерді.– Атап айтқанда, екі нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс кезінде орын алған бұзушылықтарға байланысты олар белгіленген талаптарға сай емес: Кіші Қарқара ауылындағы медициналық пункт апатты деп танылды, ал Кеген ауылындағы «Балауса» балабақшасы тек 50 % қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр, – деді Алматы облыстық маслихатының төрағасы Қуат Байғожаев.Мониторинг нәтижесі 2013 жылы пайдалануға берілген 280 орындық балабақшаның бүгінгі күні толыққанды жұмыс істемейтінін көрсетті. Топырақтың қозғалуына байланысты нысанның бір блогы жарамсыз деп танылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлену сатысында, алайда жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған.Депутаттар сұрақтары 2018 жылы салынған Шырғанақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке де қатысты. Бұл ФАП пайдалануға берілгенімен, қабылдау актісінің болмауына байланысты әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінде тіркелмеген. Ғимараттың қабырғаларында жарықтар анықталған. Аталған мәселені шешу үшін техникалық сараптама жүргізу қажет.Сондай-ақ депутаттар Жалаңаш ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы, өрт сөндіру депосының құрылыс кестесінен кешігуі, аудандағы суару жүйелерін қайта жаңарту жұмыстарының баяу жүруі бойынша да проблемаларды тіркеді.– Төрт инфрақұрылымдық нысанда мердігерлер тарапынан жұмыстар өте баяу жүргізілуде, әрі олардың сапасы талаптарға сай емес екені анықталды. Олардың қатарында Кеген ауданындағы Торайғыр және Көпалы арналары бар, – деп мәлімдеді Қуат Байғожаев.Белгілі болғандай, Жалаңаш ауылдық округінде 12 құдықты қайта жаңғырту және құбырлар тарту жобасы аясында жоспарланған жұмыстың тек 25 % ғана орындалған. Қазіргі уақытта жоба жүзеге асыру тоқтатылған. Жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, қайта сараптамадан өтуде. Инспекция құбырлар жобадан ауытқумен төселгенін, гидрооқшаулаудың жоқтығын және техникалық әрі авторлық қадағалаудың іс жүзінде жүргізілмегенін анықтады.Кеген ауданында қайта жаңғыртуға жоспарланған жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын магистральды суару арналарының тек 31 шақырымы ғана салынған. Қарқара ауылынан басталатын «Мөнкебай» каналының құрылысы қаржыландыру тапшылығына байланысты айтарлықтай кешігіп жатыр. Мердігер ұйым жұмысын өз қаражаты есебінен жалғастыруда.Мониторинг қорытындысы бойынша маслихат депутаттары бұл мәселелерді облыстық деңгейде қарастырып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан нақты шаралар қабылдауды ұсынды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев маслихат депутаттары ұсынған сапасыз құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысты материалдарды жан-жақты зерделеп, оларды тиісті құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандарға тиісті бақылау жүргізбегені үшін Құрылыс басқармасының басшысына тәртіптік шара қолдануды тапсырды.– Маслихат депутаттарының жұмыс сапарлары барысында түскен материалдар құрылыс нысандарындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл – халықтың пікірін ескеріп, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін кері байланыстың маңызды тетігі, – деді Сұлтанғазиев.Ол «азаматтар сапасыз құрылыс немесе жауапсыз мердігерлер туралы алдын ала білуі керек. Бұл – тек ашықтық мәселесі емес, бұл – қоғам алдындағы сенім мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі. Бюджеттен бөлінген әрбір теңге сапалы нәтижемен дәлелденуі тиіс, ал азаматтар өз пікірлерінің ескерілетініне және құрметтелетініне көз жеткізуі қажет. Тек осы жолмен ғана қоғамдық бақылау жүйесін тиімді құрып, барлық қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға болады», – деп атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013490?lang=kk
Райымбек ауданындағы бөгет құрылыстарындағы заңбұзушылықтарды тексеру тапсырылды 09.06.2025
Алматы облысында инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен орындалу мерзіміне бақылау күшейтіледі.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасы бойынша «Қабанды» және «Шибут» бөгеттерінің құрылысы кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты материалдар қосымша сараптамаға жіберіліп, құқық қорғау органдарына құқықтық баға беру үшін жолданатын болады.Бақылауды күшейтуге облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі мониторингі барысында анықталған фактілер себеп болды. 2022 жылдан бері салынып жатқан және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз етуге тиіс нысандар бүгінде небәрі 73 пайызға ғана дайын.— "Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер мен мәселелер мерзімнің бұзылуына және құрылыс сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қаражатты тиімді игеруге кері әсерін тигізеді", — деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.Инспекция барысында депутаттар «Қабанды» нысанында мердігер мекеме құрылысқа жарамсыз сары топырақты пайдаланғанын тіркеді. Құрылыс алаңында небәрі үш адам мен екі техника ғана жұмыс істеген. Ал «Шибут» бөгетінде тереңдігі 12 метрден асатын резервуардың айналасында қоршау болмаған, бұл қауіпсіздікке қатер төндіреді.Қосымша міндеттемелер аясында мердігер ұйым Шалкөде ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2200 метрлік су құбырын тартуға келісім берді.Мониторинг барысында жиналған мәліметтер талдау жүргізу үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша материалдар ресімделіп, уәкілетті органдарға жолданады.— "Су шаруашылығы инфрақұрылымының құрылысы — бұл ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмейді. Барлық фактілер мұқият зерделеніп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады", — деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Жобалардың жүзеге асырылуына бақылау анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013493?lang=kk
Ұйғыр ауданында медициналық нысандар құрылысына бақылау күшейтілді 09.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданындағы медициналық мекемелер құрылысы барысында мониторинг кезінде тіркелген фактілерге жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Зерделеу нәтижелері бойынша материалдар тиісті органдарға жолданатын болады. Өңір басшысы әлеуметтік жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс стандарттарын қатаң сақтау мен ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.Мониторинг Алматы облыстық мәслихатының депутаттары тарапынан Кіші Дихан, Дардамты, Ақтам, Тиірмен және Ават ауылдарында жүргізілді. Бұл елді мекендерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаториялар салынуда.— "Нысандарда жұмыс өте баяу жүріп жатыр, ал сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Соның ішінде – Ұйғыр ауданындағы Ақтам ауылындағы дәрігерлік амбулатория", – деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.Ақтам ауылында құрылыс кестеден едәуір артта қалуда. Жобалық шешімдерден ауытқушылықтар анықталған: терезелер дұрыс орнатылмаған, сыртқы сылақтың қалыңдығы нормадан асып кеткен, жер үсті суларымен және септикке жақын орналасуымен байланысты қауіптер бар. Сонымен қатар, нысан әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінің балансына берілмеген, бұл оның толық пайдаланылуына кедергі келтіруде.Кіші Дихан ауылында амбулатория ғимараты бұрынғы нысаннан төмен деңгейде салынған, бұл еріген және жауын-шашын суларымен басып қалу қаупін тудырады. Су бұру жүйесі бұзылған, тротуар плиткасы жобадан жоғары төселген, бұл іргетастың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Дардамтыда ішкі және сыртқы әрлеуде көптеген ақаулар, инженерлік желілердегі кемшіліктер мен іргетасты толық жылытпау фактілері тіркелген.Тиірменде әрлеу жұмыстары сапасыз материалдармен жүргізілген, линолеум мен плитканың төсеу деңгейі бұзылған, баспалдақтарда тұтқалар жоқ. Ават ауылында абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, кәріз жүйесі желдеткішпен жабдықталмаған, электрмен және сумен жабдықтау бойынша заңбұзушылықтар анықталған.Тексеру қорытындысы бойынша депутаттар салалық басқармалар мен мердігер ұйымдарға нақты ұсынымдар берді. Ерекше назар жобалық-сметалық құжаттаманы жетілдіруге, заңбұзушылықтарды жоюға және сапаны бақылауды күшейтуге аударылды.Ұйғыр ауданының әкімдігі жағдайды ерекше бақылауға алды. Қазіргі таңда құрылыс мерзімдерін нақтылау, инженерлік шешімдерді қайта қарау және нысандардың қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде."Медициналық нысандардың құрылыс сапасын және аяқталу мерзімін қамтамасыз ету – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігімен тікелей байланысты басты міндет. Барлық жауапты тараптар заңнама мен стандарттар аясында қатаң жұмыс істеуі тиіс", – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013498?lang=kk
Қонаев қаласы – Алматы облысының даму символына айналды 08.06.2025
8 маусым күні Қонаев қаласының Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алғанына үш жыл толды. 2022 жылы дәл осы күні бұрынғы Капшагай қаласы облыс орталығы болып жарияланған болатын.Сол уақыттан бері қалада және облыс аумағында ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды. Үш жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 109,6%-ға артып, 5,9 трлн теңгені құрады. Шикізаттық емес сектордағы өсім қарқыны бойынша Алматы облысы республикада алғашқы бес өңірдің қатарында.Облысқа 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Халықаралық деңгейдегі PepsiCo, LC Waikiki, KT&G, Qazaq Global Food компаниялары өз өндіріс орындарын ашты. Сонымен қатар, Қытаймен жалпы құны 7 млрд АҚШ долларына жуық келісімдер жасалып, нәтижесінде шамамен 6 мың жұмыс орны құрылды.Инфрақұрылымдық салада да бірқатар жұмыстар атқарылды. 1000 шақырымнан астам автожол жөнделіп немесе жаңадан салынды. Газбен қамту деңгейі 58,1%-ды құрады, ал ауылдық елді мекендердің 99,5%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Үш жылда шамамен 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Адам капиталы мен цифрландыру саласында да нәтижелер бар. 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. «Цифрлық отбасы картасы» мен білім беру платформалары секілді заманауи сервистер енгізілді.Қонаев қаласы Smart Qonaev жобасы аясында дамып келеді. Қаржыландыру көлемі төрт есеге артты. Қалада қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, туристік инфрақұрылым жетілдірілуде. 2025 жылы қалаға 1,6 млн турист келеді деп күтілуде.Сонымен қатар, Қонаев қаласының маңында еркін экономикалық аймақ мәртебесімен жаңа Алатау қаласының құрылысы басталды. 2025 жылы бұл жобаның инфрақұрылымына 100,7 млрд теңге бағытталады.Қазіргі уақытта Алматы облысы – тұрақты дамып келе жатқан өңір. Өңірде өмір сүруге, жұмыс істеуге және кәсіби тұрғыда өсуге барлық жағдайлар жасалуда. Ал Қонаев қаласы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының орталығына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013465?lang=kk
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі футбол академиясы салынуда 08.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы болашақ «Атлетико де Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.Жоба Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. 2024 жылдың қыркүйек айында «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық «Атлетико де Мадрид» футбол клубымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру жоспарланған.Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең – балалар академиясының нысандарын салу – 2025 жылдың мамырында басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның пайдалануға берілу мерзімі – 30 маусым.Қазіргі уақытта келесі нысандар бойынша жобалық құжаттамаларды келісу жұмыстары жүргізілуде:– 20 киім ауыстыратын бөлмесі, душ кабиналары, медициналық пункттері, жаттығу және конференц-залдары, көрермендерге арналған алаңдары бар әкімшілік-тұрмыстық кешен;– қыс мезгілінде жаттығуға арналған жасанды жабыны бар жабық каркасты футбол залы;– жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы;– қақпашыларға арналған жаттығу алаңы;– бұрынғы садақ ату ғимаратын заманауи өткізу пунктіне айналдыру (кіру аймағы, санитарлық тораптар, күту залы және кафетерий қарастырылған).Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым құрылмақ: табиғи шөп төселген екі ашық алаң, жасанды жабыны бар бір алаң және толық жабдықталған әкімшілік кешен.Ал үшінші кезеңде 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр.Академия тек спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.Аталған жобаға Алматы облысы әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетеді. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қажетті рұқсат құжаттарын жеделдету және құрылыс барысын үйлестіру – өңір басшылығының тұрақты бақылауында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013400?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Иранға ресми сапармен келді 08.06.2025
Тегеран, 2025 жылғы 7 маусым – Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасына ресми сапармен келді.Сапар бағдарламасы Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуден басталып, тараптар қазақ-иран ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады және екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниеттерін растады. ҚР Сыртқы істер министрі Иран басшысына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен Құрбан айт мерекесіне орай жолдаған құттықтауларын жеткізді.Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының 50 пайызға артқанын атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға өзара мүдделілікті білдірді. Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін пайдалану және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін қоса алғанда, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс перспективалары қарастырылды.Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екенін растады.Кездесу нәтижесінде Президент М.Пезешкиан қазақ-иран қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, оларды мазмұнды түрде одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013423?lang=kk
Қазақстан мен Үндістан экономикалық серіктестікті нығайтуда: «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесінің қорытындылары 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 5 маусым – Үндістан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесіне қатысты.Өз сөзінде ол Үндістанның Оңтүстік Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауданың 2024 жылғы 1 млрд АҚШ долларынан алдағы уақытта 3 млрд долларға дейін өсу әлеуетінің бар екенін айтты. Сонымен қатар Үндістанның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 41%-ға артып, 525 млн доллардан асқанына назар аударды.«Біз бұл көрсеткіштерді тек бастама деп санаймыз. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік торап ретінде Үндістанмен сауда, цифрлық трансформация, аса маңызды минералдар, энергетикалық қауіпсіздік және гуманитарлық байланыстар салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын», – деді Министр.Көлік және логистика саласындағы байланысты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. М.Нұртілеу «Солтүстік – Оңтүстік» және Орта дәліз бағыттары сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызын атап өтіп, үнді тарапын мультимодальды бағыттар, талшықты-оптикалық желілер және өңірлік энергетикалық желілерді қамтитын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.Қазақстан сонымен қатар стратегиялық ресурстарды, соның ішінде энергетикалық ресурстарды, сирек кездесетін жер металдарын және агроөнеркәсіптік өнімдерді Үндістанның «Viksit Bharat» («Дамыған Үндістан») бастамасы аясында сенімді жеткізуші болуға дайын екенін мәлімдеді.Тараптар цифрлық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді қарастырды: соңғы үш жылда Қазақстаннан цифрлық шешімдер экспорты 12 есеге жуық өсіп, 690 млн долларға жетті. Қазақстан СІМ басшысы IT, стартаптар, зерттеулер және білім алмасу салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстанның аграрлық әлеуетін Үндістанның өңдеу технологияларымен ұштастыру ұсынылды.Болашағы зор бағыттар қатарында Үндістаннан келетін туристер ағынының артуы аталып өтті: 2024 жылы бұл көрсеткіш 150 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Мұндай өсімге 14 күндік визасыз режимнің енгізілуі және Алматы мен Нью-Дели арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы ықпал етті. Қазақстан өз тарапынан елдің негізгі қалаларында үнді асханасы бар қонақүйлер мен мейрамханалар ашуға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.Инвестиция тарту саласында ҚР Сыртқы істер министрі қолайлы ахуалдың бар екенін атап өтті: 2025 жылғы мамырдан бастап шетел азаматтарына 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған жағдайда 10 жыл мерзімге берілетін инвестициялық визаның («алтын визаның») енгізілуі және Астана халықаралық қаржы орталығының Үндістандағы «GIFT City», Лондон және Дубай үлгісінде өңірлік қаржы хабы ретіндегі белсенді рөлі.Қорытындылай келе, қазақ тарапы кеңестің келесі сессиясын Қазақстанда өткізуді ұсынып, өткен кездесулер нақты іскерлік нәтижелерге жол ашады деген сенім білдірді.«Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесі көпжақты серіктестікті тереңдетуге және жаһандық экономикалық трансформация жағдайында жаңа өсу жолдарын құруға деген ортақ ұмтылысты растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013243?lang=kk
Шалқар-Имантау аймағының туристік әлеуеті 08.06.2025
Имантау-Шалқар курорттық аймағы  өңірдің негізгі туристік орталығы болып табылады. Мұнда тәулігіне 3962 турист қабылдай алатын 46 туризм нысаны жұмыс істейді, оның ішінде Айыртавчик көліндегі 3 балалар сауықтыру орталығы: «Сокол» БСО, «Чайка» және «Олимпиец» СҚКО. Оның ішінде 9 демалыс аймағы жыл бойы жұмыс істейді: «Изумруд», «Адель», «Дом у озера», «Адам», «Имантау», «Қазығұрт», «Солнечное Вип», «Тұрпан», «Заря».Имантау және Шалқар көлдерінің жағасында көптеген маусымдық демалыс базалары орналасқан. Жыл сайын демалыс аймақтарын абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жүргізіледі: Нысандар жаңғыртылуда, қызметтер спектрі кеңейтілуде, туристерді қабылдау дайындалуда.Медициналық туризмді дамыту үшін «Шалқар су» шипажайын қайта жаңарту жалғасуда, оның дайындығы 80% құрайды. Пилоттық режимде іске қосу 2025 жылға жоспарланған.Демалыс базалары моншаларды, көл жағасындағы үйлерді, кафелер мен мейрамханаларды, су және спорттық жабдықтарды жалға алуды, жабдықталған жағажайларды, пикник алаңдарын және мәдени-ойын-сауық шараларын ұсынады. Велосипед және жаяу жүру маршруттары, Кемпингтер, беседкалар, сондай-ақ табиғи және мәдени-тарихи нысандар бойынша 13 туристік маршрут бар. Әр түрлі ұзындықтағы жаяу, атпен және велосипедпен жүру жолдары, сондай-ақ аймақтың көрікті жерлеріне экскурсиялар ұсынылады.Жазда туристер мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен спорттық фестивальдар, анимациялық бағдарламалар және экологиялық акциялар өтеді. Қызметтер тізімін үнемі кеңейту аймақтың туристік тартымдылығының артуына және келушілер ағынының артуына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1013299?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы «Орталық Азия – Үндістан» диалогының министрлік кездесуіне қатысты 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» диалогының 4-ші министрлік кездесуіне қатысты.Кездесу барысында Орталық Азия елдері мен Үндістан Республикасы арасындағы көлік және логистика, өңірлік ынтымақтастық, терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ озық технологияларды дамыту сияқты салаларды қамтитын серіктестіктің басты бағыттары қаралды.Өз сөзінде М.Нұртілеу «ОА-Үндістан» көпжақты форматын нығайтудың маңыздылығын атап, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін негізгі салаларда өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің қажеттілігіне назар аударды.ҚР СІМ басшысы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында көлік байланысының маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Азиядан Еуропаға жүк тасымалын қауіпсіз және тиімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып жатыр. Министр үнді компанияларын осы бағыттың өткізу қабілетін кеңейту үшін ірі жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.«Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналуда», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.Қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлесіп әрекет етудің маңыздылығын атады. Өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдары, трансұлттық қауіптердің алдын алу, сондай-ақ мәдени алмасуды нығайту мәселелері талқыланды.Орталық Азия өңіріндегі бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды және «ОА-Үндістан» диалогының басым бағыттары айқындалды.Қазақ тарапы осы форматтың институционалдық механизмдерін жетілдіруге, өңіраралық сауданы әртараптандыруға, транзиттік бағыттарды және жасыл энергетиканы дамытуға, сондай-ақ қаржылық технологиялар, цифрландыру және IT индустриясы сияқты перспективалы салаларда бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.Форум қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» форматы аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге ортақ бейілділікті білдіретін сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013321?lang=kk
Атырауда жыл басынан бері тазалық рейді барысында 8340 құқықбұзушылық анықталды 08.06.2025
Қала көркі тазалықтан басталады. Осы орайда Атырау қаласында рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстарға Полиция департаментінің қызметкерлері мен әкімдік мамандары бірлесіп қатысуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.- Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы (қоғамдық орындарды ластау), 505-бабы (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу), 386-бабы (жасыл екпелерді жою және бүлдіру) бойынша 8340 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркеліп, 2795 ескерту, 3045 айыппұл түрінде хаттама толтырылған,- деді Атырау қаласы полиция басқармасының бөлім бастығы Қаршыға Дүйсенғалиев.Мақсат – қала аумағын таза ұстау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету.Рейд барысында тұрғындарға өз ауласынан тыс 5 метрлік аумақты таза ұстау қажеттігі ескертілуде. Рұқсатсыз қоқыс тастау жағдайлары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болғанда әкімшілік шаралар қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1012991?lang=kk
Саясат Нұрбек Марокко Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанинумен кездесу өткізді 08.06.2025
Саясат Нұрбек Марокко Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанинумен кездесу өткізді4 маусым күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбектің Марокко Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанинумен кездесуі өтті.Кездесу барысында тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әсіресе, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.Тараптар екі ел азаматтарына 20 білім беру гранты көлемінде өзара баламалы гранттар ұсынуға мүдделі екендерін растады. Бұл бастама Қазақстан мен Марокко арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ шетелдік студенттердің қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – марокколық жастар арасында қазақстандық жоғары білімді танытуға арналған ақпараттық-ағартушылық жұмыстар болды. Осы мақсатта Қазақстанда оқу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру деңгейін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Марокко Корольдігінің Политехникалық университетімен ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1012993?lang=kk
Облыс әкімі: Ауыл дамуы – ортақ әрі маңызды іс 08.06.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Новонежин, Озерное және Аманқарағай ауылдарын аралады. Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, абаттандыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бизнесті тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Туған жер алдындағы жауапкершілік Ауыл тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының сөзіне тоқталды: «Үлкен жетістіктерге жеткен әрбір азамат туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс. Нағыз патриотизм — осы». — Бүгінде көктемгі егіс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл — техника, ресурстар мен мамандардың босап, күш-жігерді ауылдарды абаттандыруға бағыттайтын уақыт, — деді облыс әкімі. Ол әрбір кәсіпкердің өзі өмір сүріп, еңбек етіп жатқан өңірінің дамуына жауапты екенін ерекше атап өтті. Әулиекөл ауданындағы спорт кешені Әулиекөл ауданының Новонежин ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.Бұл заманауи нысан облыстағы спорттық инфрақұрылымды дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Кешен бір ауысымда 48 адамды қабылдай алады. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және шахматпен айналысуға жағдай жасалған. — Соңғы екі жылда облыста 17 спорт нысаны салынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Ең бастысы — жастар мен балаларды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, — деді Құмар Ақсақалов. Аманқарағайдағы жаңа балабақша Жұмыс сапары аясында ашылған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі — Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылындағы «Айналайын» балабақшасы.145 орынға арналған бұл мекемеде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 6 топ қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Балабақшада балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылған. «Жастар» сквері: бизнестің ауылға үлесі Әулиекөл ауданына қарасты Озерное ауылында облыс әкімі орман шаруашылығы мекемесінің жұмысымен танысып, Новонежин ауылында салынып жатқан «Жастар» скверінің құрылыс алаңын аралады.Бұл бастама — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нақты көрінісі. Жоба жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қолдауымен, «Тaза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. — Ауылдарды абаттандыру — тек мемлекеттің ғана емес, әрбір жанашыр азаматтың міндеті. Кәсіпкерлердің туған ауылдарына қамқорлық танытып, игі бастамаларға ұйытқы болуы — нағыз туған жерге деген жанашырлықтың белгісі, — деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1012895?lang=kk
Қазақстан мен Еуропалық комиссия маңызды шикізат пен орнықты даму жобаларын жүзеге асыруды талқылады 08.06.2025
Астана, 2025 жылғы 5 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директоратындағы (DG GROW) Мобильділік және энергияны көп қажет ететін салалар жөніндегі директоры Жоаким Нунес де Алмейдамен кездесу өткізді.Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық минералдар, орнықты жеткізу тізбектері және технологиялық ынтымақтастық салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақстан ЕО үшін басым болып танылған стратегиялық минералдық ресурстарды бірлесіп барлау және өңдеу, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттау бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін растады.Инвестицияларды геологиялық барлауға тарту тетіктеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестицияларды қорғау кепілдіктері және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.Ә.Қуантыров Еуроодақпен стратегиялық шикізат саласындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы экономикалық күн тәртібінің маңызды элементі екенін атап өтті: «Қазақстан өзін еуропалық өндірістер үшін сенімді серіктес ретінде таныта білді. Біз инвесторлар үшін барынша ашық әрі болжамды жағдай ұсынамыз, оған заңнамалық тұрақтылық, салық жеңілдіктері және рәсімдердің жеңілдетілуі кіреді. Бүгінгі диалог Еуропалық комиссия өкілдерімен геологиялық барлаудан бастап орнықты жеткізу тізбектері мен ғылыми алмасуға дейінгі бағыттар бойынша ұзақ мерзімді және прагматикалық ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін тағы бір мәрте көрсетті».Қазақстанмен серіктестіктің маңыздылығын атап өткен Жоаким Нунес де Алмейда екіжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатына тоқталды: «Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және оны Еуропалық одақ үшін жеткізу тізбектерінің орнықтылығын қамтамасыз етудегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. Өңіріңіз осы ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиямызда маңызды рөл атқарады. Ортақ күш-жігеріміз тұрақты, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастық алаңын құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін».Сұхбаттастар сондай-ақ «Global Gateway» бастамасы аясындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін және Қазақстанның орнықты даму жобаларына, соның ішінде Еуропаның «жасыл өтпелі кезеңі» аясындағы жобаларға қатысуын талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды қолдау, технологиялар алмасу және академиялық әріптестік бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012924?lang=kk
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы тағайындалды 08.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжілісте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Айтымбетова Ләззат Қанибайқызы таныстырылды. Осыған дейін аталған департамент басшысы болған Байменова Ғалия Абсадыққызы зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықты.Облыс әкімі Ләззат Қанибайқызының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.«Жаңа басшыға медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау функцияларын атқаруды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысын қатаң бақылауды тапсырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Айтымбетова Ләззат Қанибайқызы 1974 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген.Шымкент мемлекеттік фармацевтикалық институтында «Провизор», Орталық Азия университетінде «Қаржы және несие» мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда қалалық перзентханасында дәріхана провизоры ретінде бастаған.Әр жылдары Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінде, облыстық денсаулық сақтау басқармасында, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жауапты қызметтер атқарған. 2024 жылдан осы күнге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде басшылық лауазымдарда абыройлы еңбек етті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1012586?lang=kk
Астанада Қазақстан мен Грекия арасындағы кезекті сімаралық консультациялар өтті 08.06.2025
Астана, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы мен Грек Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың екінші раунды өтті. Қазақ делегациясын СІМ Еуропа департаментінің директоры Данияр Сейдәлиев, грек делегациясын СІМ А5 департаментінің директоры Димитриос Михалопулос басқарды.Тараптар Астана мен Афина арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады.Парламентаралық ынтымақтастық пен екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері жеке аталды. Екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытудағы диаспоралардың оң рөлі аталып өтті.Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Энергетика, көлік, логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі сияқты перспективалы салалардағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.Дипломаттар Еуропа одағы, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көзқарасымен бөлісті.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы сындарлы серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.Сапар барысында грек делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да жылы қарсы алып, қазақ тарапының екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша белсенді диалог жүргізуге дайындығын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012591?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы Үндістанға ресми сапармен барды 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 5 маусым – Үнді тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Республикасына ресми сапармен барды.Сапар аясында Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен кездесу өтті. Тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және екі елдің іскерлік топтары үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.ҚР СІМ басшысы екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрағанын, ал соңғы 20 жылда Үндістаннан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 450 млн АҚШ долларынан асқанын атап өтті.Осыған байланысты М.Нұртілеу экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында іскерлік байланыстарды жандандыруды ұсынды, сондай-ақ Үндістанның жетекші компанияларын өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.Екі елдің бизнес қауымдастықтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңыздылығы аталып өтті. Бүгінде Қазақстан аумағында фармацевтика, пайдалы қазбалар өндіру және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді.«Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі, біздің байланыстарымыз сындарлы арнада тұрақты дамуда», – деді М.Нұртілеу.Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестіріп», БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.Қазақ тарапы «Орталық Азия + Үндістан» диалогын өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформа ретінде одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қолдағаны және оның тең авторы болғаны үшін үнді тарапына алғыс білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, онда өзара іс-қимылдың болашағы бар бағыттары айқындалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012708?lang=kk
Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасы салынуда 08.06.2025
Қарағанды облысында Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде Eurasia Invest компаниясы салып жатқан 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы пайда болады. Бұл еліміздегі сүтті мал шаруашылығы саласындағы құны 30 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобалардың бірі. СТФ-ның қуаты – жылына 9 мың тонна сүт. Оның іске қосылуы 180 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты. Компания басшысымен бірге ол болашақ ірі нысанның негізін қалау құрметіне ескерткіш тас салды.«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтты. Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды.– Жоба бірегей, бір кешенде бірінші кезеңде 1200 бас, содан кейін екі есе көп болады. Жем-шөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді, – дейді Иван Георгиади. – Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы танысу болды. Техника сатып алдық, бізде жабдықтарымыз ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық – біз Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, нәтижесін көріп отырмыз. 2024 жыл озық жыл болды, себебі өзіміз үшін ірі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жеңілдікті несиелендіруге өтініммен шықтық. Бізді қолдады. Ел мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді.Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ.– Бұл өте қажетті және маңызды жоба, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту.Биыл Осакаров ауданында егістік алқабы 450 мың гектарға дейін ұлғайды – өткен жылмен салыстырғанда 34,5 мың гектарға артық.Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де өсуде. Ірі қара мал, қой мен ешкі, жылқы басы көбейді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Оған Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауылдық округтерінде және Молодежный кентінде іске асырылған «Жайлау» жобасы көмектесті. Биыл Есіл ауылдық округі қосылады.Суретті түсірген: Жангелді ӘбдіғалымАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1012442?lang=kk
Атырау облысында битум зауытының құрылысы талқыланды 08.06.2025
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инвесторлар өкілдері – Serbi Technologies компаниясының басшысы Йоссеф Бокрис және «Atyrau-Bitum» ЖШС бас директоры Қайырбек Олдағалиевпен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Serbi Technologies пен «Atyrau-Bitum» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру және өңір аумағында жаңа битум зауытын салу бағыттарын талқылады. Бастама жол құрылысы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті битумға деген сұраныстың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Өндірісті жолға қою логистикалық шығындарды азайтып, бағаны тұрақтандыруға және құрылысшыларды қажетті ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Битум өндірісін қосымша өңдеуді қажет етпейтін табиғи битумды кир жыныстары негізінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өндіріс шығындарын азайтуға, экологиялық тұрақтылықты арттыруға және мұнай битумына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.Жобаның үшінші кезеңінде жол құрылысына арналған кироминералды қоспалар, жол битумы мен мастика, лак-бояу өнімдері, сондай-ақ рулонды гидрооқшаулағыш материалдар сияқты кең ауқымды өнім шығару көзделген.Кездесу барысында тараптар болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жобаны іске асыру жөніндегі ортақ көзқарастарын ортаға сала отырып, бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді. Бастама өңірдің құрылыс саласын дамытуға, өндірісті әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1012494?lang=kk
Өнеркәсіптік кооперация: Теміртау металлургтері машина жасаушыларға болат жеткізе бастады 08.06.2025
Отандық машина жасау тарихында тұңғыш рет автобустардың шанақ элементтері халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификатталған қазақстандық металды пайдалана отырып шығарылатын болады. Qarmet металлургиялық комбинаты Саранда орналасқан QazTehna зауытында шанақ бөлшектерін жаңа штампылау өндірісі үшін 08КП маркалы мырышталған болат жеткізуге кірісті.Бұл туралы Qarmet компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.QazTehna инвестициялық бағдарлама аясында Қазақстанда ауданы 10 000 шаршы метрден асатын алғашқы мамандандырылған штампылау корпусын құру жобасын іске асыруда. Өндіріс күрделі шанақ компоненттерін дайындауға арналған бірегей гидравликалық престермен жарақтандырылатын болады. Жобаның құны 20 млрд теңгеден асады, қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен QazTehna-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Пайдалануға беру 2025 жылдың тамызына жоспарланған.Бірінші кезеңде Yutong қалалық, туристік және мектеп автобустары үшін, ал кейіннен HOWO коммерциялық техникасы үшін шанақ бөлшектерін шығару жоспарланған."Машина жасау сегментіне шығу – бұл Qarmet үшін стратегиялық маңызды қадам. Біз қазақстандық металлургия ірі инвестициялық жобаларды ескере отырып, отандық өндірісті қолдау және ел ішінде қосымша құн жасау жөніндегі барлық міндеттерді орындауға қабілетті екенін растаймыз", – деп түсінік берді Qarmet баспасөз қызметінде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1012518?lang=kk
Алматы облысында Құрбан айт кезінде құрбандық шалу үшін 25 арнайы орын белгіленді — әкімдік тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады 08.06.2025
Алматы облысында 2025 жылғы 6-8 маусым аралығында қасиетті Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. Осыған орай өңірде құрбандық шалу рәсімін ұйымдастыру үшін 25 арнайы орын белгіленді.Әкімдіктің мәліметінше, бұл орындар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай инфрақұрылыммен жабдықталған. Онда жануарларды тексеру, құрбандық шалу және қалдықтарды залалсыздандыру процестері белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.Құрбандық шалу тек арнайы бекітілген орындарда өткізілуі тиіс. Бұл – адам мен жануарлар денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін маңызды. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.Әкімдік өкілдері рұқсат етілмеген жерлерде құрбандық шалу және заңсыз мал саудасымен айналысуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды Құрбан айт мерекесін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, арнайы белгіленген орындарда өткізуге шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1012216?lang=kk