Қуқық
Қазақстан Сыртқы істер министрі Италия СІМ басшысымен кездесу өткізді 16.10.2025
Рим, 2025 жылғы 15 қазан – Батыс Африка мәселелеріне арналған Акаба процесі саммиті аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Италия Республикасының Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Антонио Таянимен кездесу өткізді.Е.Көшербаев Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктесі болып табылатын Италиямен көпжылдық қатынастарға зор мән беретінін атап өтті. Энергетика, «жасыл» технологиялар, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, білім және ғылым, сондай-ақ инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығына назар аударылды.Өз кезегінде А.Таяни итальян тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.Кездесу барысында Италияның Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі және Оңтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екені аталып өтті (2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 20 млрд АҚШ долларын құрады). Өз кезегінде Қазақстан да Орталық Азиядағы Италияның маңызды серіктесі болып қала береді және айтарлықтай энергетикалық әрі инвестициялық әлеуетке ие.Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған сындарлы диалог пен бірлескен күш-жігерді жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1087273?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы Акаба процесінің отырысына қатысып, Иордания және Италия басшыларымен кездесті 16.10.2025
Рим, 2025 жылғы 15 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Батыс Африка жөніндегі Акаба процесі аясындағы мемлекет және үкімет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Италияға жасаған сапары барысында Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің қабылдауында болды.Кездесу барысында Е.Көшербаев Иордания Короліне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын және ізгі сәлемін жеткізді, сондай-ақ терроризммен, экстремизммен және трансұлттық қылмыспен күрес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң ретінде Акаба процесін жан-жақты қолдайтынын білдірді. Тараптар сондай-ақ жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты.Сұхбаттастар екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, биік және жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың дамуын, сонымен қатар екіжақты және халықаралық құрылымдар аясындағы тиімді ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі сондай-ақ Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен кездесу өткізді. Сұхбат барысында Министр Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауын табыстап, 2025 жылы Италия Премьер-министрі және Президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға жасаған сапарларының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.Италия Үкіметінің басшысы жолдау үшін алғыс білдіріп, елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты, соның ішінде «Орталық Азия – Италия» форматындағы серіктестікті одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу соңында тараптар халықаралық деңгейде бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті қолдауға бағытталған өзара күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1087271?lang=kk
Қонаевтан Токиоға дейін: қазақстандық хирургтар Жапонияда тағылымдамадан өтеді 15.10.2025
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында Жапонияның жетекші мамандарының қатысуымен операциялық эндоскопия бойынша халықаралық мастер-класс басталды. Бұл шара — еліміздегі медицинаны дамыту мен заманауи халықаралық стандарттарды енгізудегі маңызды қадам.Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, мастер-класс тек тәжірибе алмасу емес, аймақтың медицина жүйесін дамытуға нақты үлес болып табылады.«Қазір жапондық ғылыми орталықпен келісімге келу жұмыстарының соңғы кезеңіне жеттік. 2026 жылдан бастап облыс дәрігерлері мен эндоскопистері Жапонияда тегін оқып, тағылымдамадан өте алады. Негізгі талаптардың бірі – ағылшын тілін білу. Бұл жас мамандар үшін қосымша ынталандыру болмақ», – деді Ержан Сүлейменов.Оның сөзінше, аймақ дәрігерлері Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталықта да кәсіби біліктілігін арттырады.«Басты мақсат – медициналық кадрлардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету және озық технологияларды енгізу», – деп атап өтті ол.Мастер-класқа Жапониядан келген екі жетекші хирург пен еліміздің бас эндоскописті, профессор Қанат Батырбеков қатысып жатыр. Екі күн бойы шеберлік сабақтары, клиникалық жағдайларды талдау және нақты операциялар көрсетілуде.Қонаев қалалық ауруханасының эндоскопия орталығының меңгерушісі Тахир Шүкірәлиев жапондық эндоскопия мектебі дәлдік пен ұқыптылыққа негізделгенін айтты.«Біз тек технологияны емес, дәрігердің ойлау жүйесін, пациентке деген қатынасты да үйреніп жатырмыз. Бұл – өңірдегі эндоскопия қызметі үшін жаңа кезең», – деді ол.Ал профессор Қанат Батырбеков шетелдік мамандармен бірлесіп өткізілетін осындай «тірі» операциялар мен клиникалық талқылаулар медициналық көмектің сапасын арттыратынын айтты.Мастер-класс аясында екінші күні қосымша хирургиялық демонстрациялар мен пациенттерге кеңес беру жоспарланған. Осындай деңгейдегі халықаралық іс-шараның Қонаевта өткізілуі — отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби дайындығы мен қазақстандық медицинаның ашықтығын айқын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1087225?lang=kk
Алматы облысында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар азайды 15.10.2025
Алматы облысында құрылыс нысандарының саласында анықталған заңбұзушылықтар санының едәуір азайғаны байқалады. Ведомство мәліметінше, күшейтілген мониторинг пен кешенді бақылау шараларының арқасында рұқсат беру құжаттарынсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаудың фактілері айтарлықтай қысқарған.– Жүйелі тәсіл мен инспекторлардың мұқият жұмысы өз бетінше салынған нысандар мен рұқсатсыз жүргізіліп жатқан құрылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік нормалар бұзылған және жобадан ауытқу жағдайлары тіркелген кезде, заңбұзушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Әуесбай.Биылғы жылы құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 127 материал жолданған. Тексеру нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты.Заңсыз (рұқсатсыз) салынған нысандарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Мәселен, Қонаев қаласында құрылыс нормалары бұзылып салынған коммерциялық нысан бұзылды. Осындай шаралар Талғар (2 нысан), Райымбек (1 нысан), Жамбыл (1 нысан) және Қарасай (2 нысан) аудандарында да қабылданды.Сонымен қатар, облыстың аудандық соттарында өз бетінше салынған құрылыстарды бұзу жөніндегі 14 талап арыз қаралу үстінде.Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысы барысына ерекше бақылау жүргізілуде. Бұл бағытта құрылыс сапасына тұрақты мониторинг жасалып отыр.Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және рұқсатсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1087201?lang=kk
«Бітімгер» оқу орталығында бітімгерлердің халықаралық миссияға дайындық барысы тексерілді 15.10.2025
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында "Бітімгер" оқу орталығы мен Қорғаныс министрлігіне қарасты білім беру мекемелерінде болды.Сапар аясында вице-адмирал Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясы аясында тапсырмаларды орындауға дайындалып жатқан үшінші қазақстандық біріккен бітімгершілік контингентінің даярлық барысымен танысты.Қорғаныс министрлігінің өкілі оқу орталығының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ бітімгерлердің сапалы дайындық жүргізуіне арналған тұрмыстық жағдайларды аралап көрді.«Бітімгер» оқу орталығындағы салтанатты сап түзеу барысында Серік Борамбаев қазақстандық бітімгерлердің халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы және елдің әлемдік аренадағы беделін арттырудағы маңызды рөлін атап өтті.– Біріккен Ұлттар Ұйымы туы астындағы бітімгершілік операцияларға қатысу – бұл жаһандық тұрақтылыққа қосылған үлес қана емес, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы жауапты әрі сенімді серіктес екенін дәлелдейді, – деді вице-адмирал.Сол күні Қорғаныс министрінің орынбасары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде болды. Ол оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен, оқу процесін ұйымдастыру және курсанттар мен сарбаздардың казармадағы тұрмыс жағдайларымен танысты.Институтта Серік Борамбаев академиялық ұтқырлық бөлімі мен конструкторлық бюроның жұмысымен танысып, профессор-оқытушылар құрамы мен курсанттардың бірлесіп жүзеге асырып жатқан ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарын көрді. Кейбір ғылыми әзірлемелер қазірдің өзінде Қарулы Күштердің бөлімшелерінде қолданылуда.Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, әскери-патриоттық тәрбие мен мәдени-демалыс жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1087194?lang=kk
Парламент Мәжілісінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері талқыланды 15.10.2025
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Айгүл Құспанның төрағалығымен өткен отырысына Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев, сондай-ақ отставкадағы генерал-лейтенанттар Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов қатысты.Кездесу барысында елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған шараларға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені үшін мамандар даярлау және әскери қызметшілердің жаңа еңбекақы жүйесі сөз болды.Мәжілістің салалық комитетінің төрағасы Айгүл Құспан өткен сессия барысында Парламент қабылдаған маңызды заңнамалық шешімдерді еске салды. Олар аумақтық қорғаныс, резервтегі қызмет және азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелерін қамтыған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде әскери қызметшілердің азық-түлік үлесі артты. Сондай-ақ депутаттар Қорғаныс министрлігінің мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға білім беру және басқа да жеңілдіктер беру тетігін енгізу жөніндегі бастамасын қолдады.Отырыста V және VI шақырылымда Мәжіліс депутаты болған Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов заң шығару саласындағы тәжірибелерін ортаға салды.Қарулы күштердің ардагерлері әскери қызметшілерді тұрғын үймен, азық-түлікпен қамтамасыз ету және өзін-өзі қамтамасыз ету моделіне көшу мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.Отырыста айтылған ұсыныстарға сараптамалық баға беріліп, заң жобалары бойынша одан арғы жұмыс барысында қаралатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1087040?lang=kk
Алматы облысында 7 ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілуде 15.10.2025
2025 жылы Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында 7 ветеринариялық пункттің құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 147 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.Бүгінгі күнге дейін 3 объектінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 ветеринариялық пункттің құрылысы жалғасуда. Олар:• Еңбекшіқазақ ауданы – Малыбай ауылдық округі,• Қарасай ауданы – Әйтей ауылдық округі,• Жамбыл ауданы – Шолаққарғалы ауылдық округі.Ветеринариялық пункттер – жергілікті деңгейде жануарлар мен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін маңызды буын. Мұнда ветеринар мамандар аурулардың алдын алу, диагностика және емдеу, вакцинация жүргізу, сондай-ақ эпизоотиялық жағдайды бақылау жұмыстарын атқарады.Жаңа пункттердің іске қосылуы өңірдің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауға және мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1087000?lang=kk
Алматы әлем назарында: қалада инклюзивті білім берудің WIC 2025 Дүниежүзілік конгресі өтіп жатыр 15.10.2025
Бүгін Алматыда 15-17 қазан аралығында өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі бірінші Дүниежүзілік конгресс — World Inclusion Congress (WIC 2025) басталды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан) және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания) бірігіп ұйымдастырды.Конгресс аясында әлемнің 40 елінен келген 1200-ден астам қатысушы, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және ғылыми ұйымдар, педагогтер мен сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар бас қосты.Қатысушылар арасында Азия, Африка, Еуропа, Солтүстік Америка және Австралия елдерінің делегаттары бар. 100-ден астам шетелдік және отандық сарапшы пленарлық және панельдік сессияларда баяндама жасайды.Конгрестің құрметті қонақтары қатарында IFIP ұйымының негізін қалаушы, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшы Даниэль Собель, Ноттингем университетінің проректоры, инклюзивті білім бойынша жетекші ғалым Умеш Шарма, сондай-ақ әйгілі Fuji Kindergarten балабақшасының авторы, жапон сәулетшісі Такакура Тезука бар.Конгрестің негізгі тақырыбы білім берудегі инновация, цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті дамытуға баса мән берілді. Конгресс аясында Innovation Expo атты инновациялар көрмесі ашылды. Көрмеде цифрлық технология, білім беру және қолжетімді ортаға арналған шешімдер ұсынылған. Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысып жатыр. Көрме үш күн бойы Grand Hall қонақүйінде және ашық павильондарда өтеді.Конгрестің алғашқы күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-тегеуріндер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел және балалардың психикалық әл-ауқаты, ерекше білім беру қажеттілігін бағалау сынды 15 тақырып бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды.16-17 қазан күндері де конгресс жалғасады. Осы күндері инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ұйымдар мен серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.Алматы декларациясының жобасын талқылауға баса назар аударылады. Оның қабылдануы инклюзия саласында цифрлық технология мен жасанды интеллектті қолдануда бірыңғай халықаралық тәсілдерді қалыптастыру мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болмақ.Конгресс 17 қазанда салтанатты түрде жабылады. WIC 2025 инклюзия мәдениетін дамытуға, білімге тең қолжетімділікті ілгерілетуге, жаңа технология мен үздік халықаралық тәжірибе енгізуге және халықаралық серіктестікті нығайтуға серпін береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1086841?lang=kk
Жергілікті өндірушілерді қолдау және бірыңғай көріктендіру стилі – Алматы әкімі Жетісу ауданындағы кәсіпорындар мен нысандарды аралады 15.10.2025
Бірінші нысан – Алматы жол-құрылыс компаниясы (АЖҚК). Мұнда асфальт, кеспе тас және жиектас өндіріледі. Бір ауысымда зауыт 8 640 метр жол және магистраль жиектастарын, 15 840 метр бақ жиектастарын, сондай-ақ 1 800 шаршы метрден астам кеспе тас шығарады. Асфальт өндіру қуаттылығы – сағатына 980 тонна.Компанияның өз автопаркі бар: асфальт төсегіштер, таптағыштар, экскаваторлар және басқа да арнайы техникамен толық қамтылған. Бұл жол құрылысының толық циклін орындауға мүмкіндік береді.Келесі нысан – Concrete Products зауыты. Мұнда темірбетон құрылымдары, қасбеттік панельдер және көріктендіру элементтері шығарылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 450 мың шаршы метр өнімге жетеді.Сондай-ақ, қала басшысы ARIBA жиһаз фабрикасына барды. Мұнда 140-тан астам қызметкер еңбек етеді, кәсіпорынның жұмсақ жиһаз өнімдері халықаралық көрмелерде бірнеше рет жеңімпаз атанған.Дархан Сатыбалды жергілікті өндірісті қолдаудың маңыздылығын атап өтті:«Өз өндірісімізді дамытып, өнім сапасына және “Алматыда жасалған” брендіне баса мән беру қажет. Қала ең алдымен өзіміздің кәсіпорындарды қолдап, алматылық өнімді сатып алуға басымдық беруі керек», – деді әкім.Жұмыс сапары Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан жаңартылған аумақта аяқталды. Нысан қала күніне орай ашылған. Мұнда кең көлемде көгалдандыру жүргізіліп, сәулеттік жарықтандыру, бейнебақылау камералары және балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті элементтер орнатылған.Қала басшысы Алматыны көріктендіру кезінде бірыңғай сәулеттік стиль мен қалалық кодты сақтау қажеттігін атап өтті. Бұл әрбір жаңа нысанның мегаполис келбетіне үйлесімді енуіне мүмкіндік береді.Өнеркәсіпті дамыту мен қалалық ортаны жақсарту – Алматы әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Бұл бастамалар экономиканың өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1086836?lang=kk
Астанада «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі» әскери-патриоттық акциясы өтті 15.10.2025
Республика күні қарсаңында елордадағы «Жастар» сарайында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі» атты әскери-патриоттық акция өтті. Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, әскери колледждің ұландары, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының әскери кафедра курсанттары қатысты. Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықовтың айтуынша, бұл жолы 50 әскерге шақырылушы Жамбыл облысының Гвардейский кентінде орналасқан әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтейді. Жас сарбаздарға жылы лебізін білдірген «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары запастағы генерал-майор Марат Нағұманов әскери қызметтің жастарды ерлік пен жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. – Дәл 57 жыл бұрын мені де осындай салтанатты жағдайда Целиноградтан әскерге шығарып салған еді. Сол кезден бері әскер – менің өмірімнің басты ісіне айналды. Бүгінгі күн де сіздер үшін ерекше. Әскер – ерлік мектебі әрі болашақ дамуға берік негіз болсын, – деді ардагер. Акцияның арнайы қонағы – белгілі қоғам белсендісі, блогер әрі жаттықтырушы, JanaMen жобасының авторы Айтым Жақыпов болды. Ол жас сарбаздарға шыдамдылық пен тәртіптің өмірде де, әскерде де табысқа жеткізетін басты қасиеттер екенін атап өтті. – Әрқайсыңызға тек дене күшін ғана емес, мінез-құлықты да шыңдауды тілеймін. Тәртіп пен табандылық – әрқашан өз жемісін береді, – деді ол. Шара барысында жас сарбаздың әжесі, зейнеткер Наталья Шубенок өзінің әскери өмірмен байланысты естеліктерімен бөлісіп, немересінің және барлық жас сарбаздардың Отан алдындағы борышын абыроймен өтейтініне сенім білдірді. Акция аясында қатысушылар назарына әскери техника үлгілері, қару-жарақ және әскери киім көрмесі ұсынылды. Іс-шара Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1086476?lang=kk
Алматыда бөлмеаралық есік шығаратын зауыт салынады 15.10.2025
Алматының индустриялық аймағында бөлмеаралық есік өндіретін өнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталады. Зауытты іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланған.Кәсіпорын 0,84 гектар аумақта орналасады. Мұнда жалпы ауданы 2,4 мың шаршы метрден асатын өндірістік цехтар, дайын және шикізат қоймалары, әкімшілік ғимарат және инфрақұрылым нысандары салынады.Зауыт іске қосылған соң нарықта сұранысқа ие 120 мың есікке дейін өнім шығара алады. Олардың қатарында царгалы, боялған, сондай-ақ заманауи қаптамалары бар үлгілер – ламинат, ПВХ, шпон, эмаль және вандалға төзімді пленкалар болады.Өндіріс үдерістері Еуропаның «жасыл» стандарттарына (EU Green Standards) сай ұйымдастырылады. Шығарылатын өнім құрамында канцерогендік заттар жоқ экологиялық материалдардан жасалады. Есік мектептерде, балабақшаларда және медициналық мекемелерде орнатуға жарамды, толықтай қауіпсіз.Дайын өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге және Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдеріне экспорттауға бағытталған.Жоба аясында кемінде 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Қала бюджетіне түсетін салық түсімдері бес жыл ішінде 70 млн теңгеден аспақ.Жобаны «Le porte M» ЖШС жүзеге асырады. Қаржы жағын «Almaty Finance» ЖШС – «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымы қамтамасыз етеді. 280 млн теңге мөлшеріндегі қаржы 7 жыл мерзімге жылдық 6% мөлшерлемемен берілген. Негізгі кепілгер – «Абсолют Флор» ЖШС, ол «Le porte M» компаниясының серіктесі әрі өнім дистрибьюторы. Елдің 16 облысы мен қалаларындағы ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істейді.«Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және есік өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар зауыт жаңа жұмыс орындарын ашып, Алматының өнеркәсіптік инфрақұрылымының дамуына серпін береді», – деді «Almaty Finance» басқарма төрағасы Берік Құсайынов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1086484?lang=kk
ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Maqsut Narikbayev University-де дәріс өткізді 15.10.2025
«Цифрландыру дәуіріндегі Әділет министрлігі» тақырыбындағы кездесу болашақ заңгерлер арасында үлкен қызығушылық пен қызу пікірталас тудырды.Дәріс барысында вице-министр Әділет министрлігінің негізгі жұмыс бағыттары туралы айтып, ведомствоның бизнес-процестеріне жасанды интеллектті енгізу және цифрлық трансформацияға ерекше назар аударды.Сонымен қатар, технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда зияткерлік меншік мәселелеріне баса мән берілді. Ботагөз Жақселекова студенттерге авторлық құқықтарды басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп, авторларға әділ сыйақы төлеуге мүмкіндік беретін жаңа QazCopyright цифрлық платформасын таныстырды.Алайда бұл кездесудің ең құнды нәтижесі – берілген ақпараттан бұрын шабыт болды. Көптеген студенттер дәрістен кейін әділет жүйесіне мүлде жаңа көзқараспен қарап, оны жай ғана мемлекеттік қызмет емес, нақты өзгерістерге ықпал етуге, заң шығару процесіне араласуға және болашақтың құқықтық мемлекетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін сала ретінде қабылдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1086503?lang=kk
Әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары талқыланды 15.10.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде еліміздің қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, Үкімет қаулылары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.«Бюджетті толық әрі уақытылы игеруіміз, өңірімізге қатысты нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертемін.Қазіргі өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Бағаны күнделікті қатаң бақылауда ұстаңыздар. Өнімдерді тиімді өткізу үшін әлеуметтік дүкендер қызметін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныс беріңіздер.Одан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК АҚ өңірлік тұрақтандыру қорына арзан бағамен өнімдер сатып алуда. Қала, аудан әкімдіктері, кестеге сәйкес әр айға бөлінген өнімді жеткізіп, тұрғындарға белгіленген бағамен сатуды ұйымдастырыңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақ басшысы алдағы күндері қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар өтетінін атап өтті. Осыған орай, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Адам көп шоғырланатын орындарда кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын күшейту керек.Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, газ, су, электр желілері жұмысының тұрақтылығын, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылудың толық берілуін бақылауда ұстау қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1086321?lang=kk
Алматыда бизнесті қолдау бағдарламасы аясында 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды 15.10.2025
«Almaty Business–2025» бағдарламасының орындалу нәтижелері туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасы Берік Құсайынов мәлімдеді.«2025 жылы тоғыз айда «Almaty Finance» және «Almaty» микроқаржы ұйымы жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 70 жобаны қаржыландырды. Бұл 793 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қолдау өндіріс пен қайта өңдеу, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік, креативті экономика, туризм, спорт және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлерге көрсетілді», – деді Берік Құсайынов.Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап «Алматы» ӘКК-ның еншілес және тәуелді компаниялары 52,7 млрд теңге сомасына 774 жобаны қаржыландырып, 6 168 жұмыс орнын құрды. Әсіресе, өндіріс және қайта өңдеу (32%), денсаулық сақтау (14%), әлеуметтік кәсіпкерлік (9%), туризм (7%), креативті индустрия (7%), қызмет көрсету саласы (6%) және білім беру (5%) салаларындағы жобаларға көп қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында 18 шағын өнеркәсіптік парк құрылысы да қаржыландырылды.Бюджеттен бөлінген 25,6 млрд теңге қайтарымды-револьверлік қаржыландыру тетігі арқылы жалпы 52,7 млрд теңге көлемінде жобаларды қолдауға мүмкіндік берді. Бостандық және Алатау аудандары қаржыландырылған жобалар саны бойынша көш бастады.Айта кетейік, Almaty Business-2025 бағдарламасын 2019 жылы Алматы қаласының мәслихаты бекіткен еді. Бағдарлама кәсіпкерлікті дамытуға және бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Оны іске асыру үшін «Almaty Finance» ЖШС және «Almaty» МҚҰ еншілес компаниясы құрылды, олар «Алматы» ӘКК компаниялар тобына кірді.Бағдарлама бойынша шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Несие 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2% және 6% мөлшерлемемен беріледі. 2% мөлшерлеме көпбалалы аз қамтылған отбасыларға, I және II топтағы мүгедектерге, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ, шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне ұсынылады. 6% мөлшерлеме Алматыдағы шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған және немесе ісін енді бастаған субъектілерге беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1086329?lang=kk
Әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтар мен халықтың осал топтарына көрсетілетін қолдау шаралары: 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша нәтижелер 15.10.2025
Әлеуметтік қорғау органдары жұмысының маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету болып табылады. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 1 677 отбасына тағайындалды (2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АӘК алушылар саны 533 отбасына немесе 24,1%-ға азайған). Сондай-ақ, АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 2 119 балаға ай сайынғы қосымша төлемдер тағайындалды. Еңбекке қабілетті АӘК алушылардың ішінен жұмысқа мұқтаж 361 адам (100%) белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды.Сонымен қатар, аудандық және қалалық мәслихаттардың шешімдері негізінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек көрсетілуде. Жалпы, әлеуметтік қолдау шараларымен 11 000-нан астам адам қамтылды. Оның ішінде: мүгедектігі бар адамдар, аз қамтылған отбасылар, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыстарға қатысқан ардагерлер, тыл еңбеккерлері және ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1086349?lang=kk
Қазақстан дипломатиялық корпусты адам құқықтары жөніндегі баяндамалардың нәтижелерімен таныстырды 15.10.2025
Астана, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап мерзімді шолуы шеңберіндегі және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша еліміздің міндеттемелерін орындау туралы ұлттық баяндамаларды қарау нәтижелерін ұсынды. Іс-шараға 50-ден астам дипломатиялық өкілдіктер мен 12 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов сөз сөйледі.Б.Жақселекова заңнамадағы және құқық қолдану практикасындағы кешенді өзгерістер енгізу, оның ішінде саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету; сайланбалы органдарда әйелдер, жастар және мүгедектер үшін 30% квота енгізу; Омбудсменнің өкілеттігін кеңейту және тәуелсіздігін нығайту; бейбіт жиналыстар туралы заң қабылдау; петициялар институтын іске қосу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату және азаптау мен адам саудасына қарсы шаралар қабылдау туралы хабардар етті.Д.Теменов БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдеріне Қазақстанның саяси және демократиялық реформаларын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті сарапшыларының елдің адам құқықтары туралы заңнамасындағы оң өзгерістер мен адам құқықтары институттарын жетілдіру шаралары туралы пікірін ерекше атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық дипломат БҰҰ және ЕҚЫҰ-мен осы саладағы ынтымақтастықтың деңгейін жоғары бағалады.БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы/Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдегі кеңсесінің директоры Скендер Сыла және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов Қазақстанмен адам құқықтарын ілгерілету мен қорғауда одан әрі ынтымақтасуға дайын екендіктерін растады.Брифингке қатысушылар Қазақстанның баяндамаларды қорғау нәтижесінде алынған ұсынымдарды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары туралы ақпаратқа қызығушылық танытты және еліміздің халықаралық адам құқықтары тетіктерімен сындарлы диалогын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.2025 жылғы 23 қаңтарда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Жаһандық мерзімді шолуы Жұмыс тобының 48-ші сессиясы барысында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындауы және алдыңғы шолудан алынған ұсынымдар туралы Төртінші мерзімді баяндамасы ұсынылды. Талқылауға 100-ден астам мемлекеттің делегациялары қатысып, демократиялық реформаларды жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды толық қолдайтынын білдіріп, Қазақстанда адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын нығайту бойынша нақты қадамдардың қабылдануын құптады.2025 жылғы 25 маусымда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясы барысында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бойынша өз міндеттемелерін орындауы туралы Үшінші кезеңдік баяндамасы ұсынылды. Баяндаманы қарау қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшелері сындарлы диалогты жоғары бағалап, Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады, атап айтқанда, өлім жазасын жою, омбудсмен институты мен ұлттық алдын алу тетігін нығайту, гендерлік теңдікті ілгерілету және сот билігінің тәуелсіздігін нығайту шараларын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1086370?lang=kk
Қаулы жобасын орналастыру туралы 15.10.2025
2025 жылдың 27 маусымында бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ пен оның мүше мемлекеттері мен екінші жағынан Біріккен Араб Әмірліктері арасында экономикалық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Келісім тауар позицияларының едәуір саны бойынша импорттық кедендік баждарды өзара төмендетуді немесе нөлге жеткізуді көздейді. Шын мәнінде бұл салалық ынтымақтастықты дамыту, шағын және орта бизнестің, электрондық сауданың өзара іс-қимылын жандандыру және т. б. бойынша қосымша ережелермен еркін сауда туралы классикалық толыққанды келісім болып табылады. Қазіргі уақытта Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ратификациялау рәсімінен өтіп жатыр.Осыған байланысты Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі "бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ пен оның мүше мемлекеттері мен екінші жағынан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы "Қазақстан Республикасы Үкіметінің" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы " қаулысының жобасын ресми интернет-ресурста және "Ашық НҚА" интернет-порталында жариялайды"Ашық НҚА" интернет-порталында осы жоба бойынша 2025 жылдың 13 қазанынан 29 қазанына дейін жария талқылау өтеді. (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15625102 )Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1086223?lang=kk
ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингке қатысты 15.10.2025
Аталған шара Әмбебап мерзімдік шолу (ӘМШ) және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (АСҚХП) шеңберінде Қазақстанның ұлттық баяндамаларын қорғау қорытындыларына арналды.Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ҚР БҰҰ алаңында екі ұлттық баяндаманы қорғау рәсімдерінен сәтті өтуі туралы ақпарат ұсынды. Алынған ұсынымдарды орындау мақсатында азаматтық қоғам мен халықаралық серіктестердің қатысуымен қабылданған міндеттемелерді кезең-кезеңімен және жүйелі түрде іске асыру бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.Вице-министр Президенттің реформаларына БҰҰ-ның мүше мемлекеттері мен сарапшылары тарапынан көрсетілген қолдауды атап өтті. Бұл реформалар заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және демократиялық институттарды дамытуға бағытталған.Іс-шараны қорытындылай келе, Ботагөз Жақселекова дипломатиялық корпус өкілдеріне адам құқықтарын қорғау мәселелеріне ұдайы көңіл бөлгендері үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін іске асыру саласында одан әрі сындарлы өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасуға дайын екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1086237?lang=kk
Елордалық журналистер Ақтау мен Бейнеудегі әскери бөлімдерде болды 15.10.2025
Қорғаныс министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.Бейнеу гарнизонында журналистерді Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев пен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов қарсы алды. БАҚ өкілдері сарбаздардың оқу процесі, жауынгерлік және дене дайындығы, сондай-ақ ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды қолдау шараларымен танысты.Журналистер казармалар мен асхананы, оқу сыныптарын, психологиялық жеңілдеу бөлмелерін аралап көрді. Сондай-ақ монша-кір жуу кешені, азық-түлік және заттай мүлік қоймалары көрсетілді. Әскери қызметшілердің тұрмыстық және материалдық қамтамасыз етілу тәртібі таныстырылды.Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника үлгілері ұсынылып, әскери бөлім аумағында экскурсия ұйымдастырылды. Онда олар жеке құрамның жауынгерлік дайындық бойынша өткізетін сабақтарына қатысып, оның ұйымдастырылу барысымен танысты.Бөлімде журналистер сарбаздармен, олардың ата-аналарымен және бөлімше командирлерімен сұхбаттасты. Ашық пікір алмасу барысында БАҚ өкілдері қоғамды толғандырып жүрген бірқатар маңызды сауалдарға нақты жауап алды. Кездесу соңында қонақтар әскери қызметшілермен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.Баспасөз туры Ақтау гарнизонында жалғасын тапты. Мұнда елордалық делегацияны Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков қарсы алды.Журналистер кемелердің техникалық жарақтандырылуымен, теңізшілердің кәсіби даярлық жүйесімен, сүңгуірлердің жабдықтарымен және экипаждың күнделікті қызметімен танысты. Қонақтар кеме құрамын аралап, матростармен және олардың командирлерімен пікір алмасты.Әскери-теңіз күштері қызметінің ашықтығы, командалық құрамның сұхбаттасуға дайындығы, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби біліктілігі мен қазіргі заманға сай жабдықталуы БАҚ өкілдерінің оң бағасын алды.Баспасөз туры Қарулы күштердің қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен таныстыруға және қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1086258?lang=kk
Шымкенттен әскерге шақырылғандардың кезекті командасы аттанды 15.10.2025
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пунктінде 56 азаматты әскер қатарына шығарып салуға арналған салтанатты рәсімі өтті. Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 240 әскерге шақырылушы жас жауынгер курсынан өтуге әскери бөлімдерге барды. Бұл жолы 21 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне, ал 35 жігіт Талдықорғандағы Десанттық-шабуылдау бригадасына жіберілді.Іс-шараға қалалық әкімдіктің, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, ардагерлер мен әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты. Салтанатты рәсімге қатысушылар болашақ Отан қорғаушыларға зор денсаулық, әскери істі меңгеруде табандылық және қызметте жетістік тіледі.Оларға арнап Шымкент қаласындағы соғыс ардагерлері мен Ауған соғысы мүгедектері кеңесінің төрағасы Серғали Рысбеков, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері капитан Көпбай Темірбеков, 18404 әскери бөлімінің өкілдері майор Нұрлан Толдыбаев, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары сөз сөйледі.Іс-шараның ресми бөлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шығару рәсімімен аяқталған соң қатысушылар мен қонақтарға арналған концерттік бағдарлама қойылды.Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен мерзімді әскери қызметке 1500-ге жуық азамат әскерге жіберілетінін айта кеткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1085755?lang=kk