Қуқық
KT&G компаниясының Алматы облысындағы жаңа зауыты: 70 млрд теңге инвестиция және жылына 25 млрд теңге салық 25.04.2025
Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылында «KT&G Kazakhstan» ЖШС зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл — Оңтүстік Кореяның KT&G корпорациясының Қазақстандағы алғашқы жобасы және ол толығымен жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылды.Жаңа кәсіпорын өңірдегі ең ірі өндірістік нысандардың бірі болмақ. Жалпы инвестиция көлемі — 70 миллиард теңге, бұл қаржының барлығы компанияның жеке капиталы есебінен құйылған. Зауыт жобалық қуатына шыққан соң Еуразия мен ТМД нарығына сапалы өнім жеткізуді қолға алады. Зауыт арқылы Қазақстан бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде.Қазіргі таңда зауытта 130 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын кеңейген сайын жұмыс орындарының саны артады.«Бұл зауыт — біз үшін маңызды қадам. Қазақстан — зор әлеуетке ие болашағы бар нарық. Біз бұл серіктестіктің табысты болатынына сенімдіміз», — деді «KT&G Kazakhstan» ЖШС бас директоры Пак Хён Ук.Зауыттағы өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған және халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Шикізатты сатып алудан бастап, дайын өнімді орауға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүйесі жұмыс істейді.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:«KT&G зауытының ашылуы — бұл тек жаңа өндірісті іске қосу емес. Бұл — Қазақстан мен Корея арасындағы 33 жылдық серіктестіктің нәтижесі және Алматы облысының инвестициялық тартымдылығының жарқын дәлелі. Біз халықаралық серіктестік үшін барлық жағдайды жасап, біздің өңірді таңдайтын компанияларды әрдайым қолдаймыз», — деді әкім.Ашылу рәсіміне 100-ден астам құрметті қонақ қатысты. Олардың арасында Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик пен KT&G корпорациясының бас директоры Банг Кёнг Ман болды. Қонақтар үшін қазақ-корей мәдени бағдарламасы ұйымдастырылып, өндіріс цехтарына экскурсия өткізілді.Жаңа зауыттың іске қосылуымен KT&G Еуразия нарығындағы өз позициясын күшейтіп, Қазақстан экономикасына қомақты үлес қосуда — жұмыс орындарын ашып, экспортты қолдап, жергілікті өндірісті дамытуға атсалысуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/981386?lang=kk
ҰЭМ жанындағы Қоғамдық кеңеске жаңа мүшелер сайланды 25.04.2025
Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңестің төртінші жаңа құрамы бекітілді. Оған азаматтық қоғамнан 10 өкіл – экономика, құқық, кәсіпкерлік және қоғамдық сектор сарапшылары кірді.Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамында AERC бас директоры Жәнібек Айғазин, «Қазақстан Республикасының аудиторлар палатасы» ЖАҚ вице-президенті Арыстан Ақан, «DASCO Consulting Group» ЖШС әріптесі Эльдар Бейсімбеков, «Қазақстан теміржол тасымалдаушылары қауымдастығы» ЗТБ бас директорының орынбасары Асхат Жапсарбай, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының директоры Асқар Қысықов, «Оңалту және банкроттық рәсімдердегі басқарушылардың қазақстандық одағы» РҚБ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Мұстафина, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС Бас директоры, Ұлттық факторингтік қауымдастықтың төрағасы Руслан Омаров, «Fortune Partners» ЖШС бас директоры, MNU салық құқығы мектебінің басшысы Дана Токмурзина, «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС әріптесі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Ербол Төлегенов, «Комментарий» талдау тобының жетекшісі, экономист Эльдар Шамсутдинов бар.Кеңестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қазіргі адамдар мүшеліктен шыққан жағдайда азаматтық қоғам кандидаттарының резервтік тізімі де құрылды.Еске салсақ, Қоғамдық кеңес үш жыл мерзімге сайланады. Оның өкілеттігіне министрліктің бюджеттік бағдарламалары мен стратегиялық жоспарларының жобасын талқылау, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен сараптамасына қатысу, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді.Жаңа құрамның бірінші отырысында ашық дауыс беру арқылы кеңестің төрағасы болып «Комментарий» талдау тобының жетекшісі, экономист Эльдар Шамсутдинов сайланды. Бұған қоса, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Басым тақырыптардың қатарында кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, энергетиканы жаңғырту мен жаңа Бюджет кодексін іске асыру бар.Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес төралқасы құрылып, оның құрамына: ҰЭМ аппаратының басшысы Олжас Сыздықов, кеңес төрағасы Эльдар Шамсутдинов, «ҚР аудиторлар палатасы» ЖАҚ вице-президенті Арыстан Ақан, «TALAP» ҚЗО директоры Асқар Кысықов, MNU салық құқығы мектебінің басшысы Дана Токмурзина кірді.Отырыс соңында аппарат басшысы Олжас Сыздықов Эльдар Шамсутдиновты Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының төрағасы болып сайлануымен құттықтады.«Сіздің басшылығыңызбен Қоғамдық кеңес Министрлік қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға елеулі үлес қоса отырып, сындарлы диалог үшін маңызды платформа ретінде өз рөлін күшейтуді жалғастыратынына сенімдімін», - деп атап өтті ол. Аппарат басшысы Кеңестің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізілетінін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/981394?lang=kk
Қазақстан СІМ-де еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Алжир Елшісін қабылдады 25.04.2025
Астана, 2025 жылғы 22 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстандағы миссиясының аяқталуына орай Алжир Халық Демократиялық Республикасының Елшісі Камаль Финништі қабылдады.Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге ортақ мүдделілік бар екенін растады.Елші Қазақстанда іске асырылып жатқан жүйелі саяси реформаларды атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстан халқының әділетті, ашық әрі тұрақты мемлекет құруға деген ұмтылысын көрсетеді.Өз кезегінде, министрдің орынбасары Астана мен Алжир арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға алжирлік дипломаттың қосқан үлесін ерекше атап өтті.Қазақ дипломаты Алжирдың Елшісіне алдағы кәсіби қызметіне табыс тілеп, Қазақстан мен Алжир арасындағы достық қарым-қатынастардың бұдан әрі де табысты дамитынына сенім білдірді.Кездесу соңында Алжир дипломатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хат пен естелік кәдесый табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/981456?lang=kk
Алматының оқушылары Мәңгілік алаудың алдына құрмет көрсету күзетіне шықты 25.04.2025
Алматы қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған жыл сайынғы еске алу вахтасы басталды. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері кезекті мәрте 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Даңқ Мемориалының алдына құрмет қарауылы құрамында күзетке шықты.Мәңгілік алаудың №1 бекетінде құрмет қарауылында тұру дәстүрі биыл алтыншы жыл өткізіліп келеді. Бұл жолы оны бірінші болып №95 мектептің «Жас сарбаз» кадет сыныптарының оқушылары ашты. Алматының әртүрлі білім беру мекемелерінің оқушыларынан құралатын біріккен жасақ құрамында олар үш күн бойы күзетте тұрады.Құрмет қарауылы күн сайын сағат 9-дан 16-ға дейін қойылады. Қарауылды ауыстыру алдын ала бекітілген кестеге сай жүргізіледі. Әр ауысымның құрамына қарауыл бастығы, оның көмекшісі және ауысатындар кіреді.– Мәңгілік алаудың жанында құрмет қарауылы болу біз үшін үлкен мәртебе. Осылайша бейбіт өмір сүру мүмкіндігін сыйлағандарға тағзым етеміз. Болашаққа жауапкершілікпен қарауды сезініп, өткенімізді мақтан етеміз, – деді біріккен жасақ командирі, №102 мектептің 10 сынып оқушысы Лейла Пирматова.7 мамырға дейін құрмет күзетіне қаланың 12 мектебінен келген жассарбаздар қатысады. Балалар үшін бұл Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігіне құрмет көрсету ғана емес, әскери-патриоттық тәрбиенің, азаматтық жауапкершілік пен батылдықты қалыптастырудың маңызды кезеңі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/981638?lang=kk
Абай облысындағы мәдениет 25.04.2025
2025 жылғы 1 қаңтарда Абай облысында: 137 қоғамдық кітапхана, 123 мәдени-демалыс ұйымдары,10 музей, 5 ойын-сауық және демалыс саябағы, 2 концерттік ұйым, 1 театр жұмыс істеді.2025 жылы кітапханаларда (2059,9 мың бару), музейлерде (265,3мың бару), мәдени-демалыс мекемелерінде (940,1 мың бару) келушілер көп болды. Бұл ретте мәдени іс-шараларды ең көбі мәдени-демалыс ұйымдары (6 мың бірлік), кітапханалар(6 мың бірлік),музейлер(1 мың бірлік), театрлар (757 бірлік), ойын-сауық және демалыс саябақтары (84 бірлік) және концерттік ұйымдарында (394 бірлік) өтті.Өңірлік бөліністе 2025 жылы кітапханаларға барушылар саны Семей қаласы (921 мың бару), Аягөз ауданы (202 мың бару), Абайауданы (114 мың бару) ,Ақсуат ауданында (119,1 мың бару), Бесқарағай ауданы (164,9 мың бару), Бородулиха ауданы (168,3 мың бару) ,Жарма ауданы (102,4 мың бару) көп болды. Музейлерге ең көп барушылар саны Семей қаласы (240,2 мың адам) болған. 2026 жылғы 1 қаңтарға арналған мәдениет мекемелерінің желісібірлік ТеатрларМузейлерМәдени-демалысмекемелеріКітапханаларКонцерттікұйымдарСаябақтарХайуанаттар бағыОблыс бойынша барлығы 110123 13725x Семей Қ.Ә. 1 4 3 13 2 3x Курчатов Қ.Ә.- - 1 1---Абай ауданы-x 9 10-1-Ақсуат ауданы-2 x 11---Аягөз ауданы-x x 23---Бесқарағай ауданы-- 4 19---Бородулиха ауданы- - 9 22---Жаңасемей ауданы-- 14 5---Жарма ауданы-- 18 13---Көкпекті ауданы-- 13 x---Мақаншы ауданы-x 8x-1-Үржар ауданы-x 11 5--- Әдістемелік түсініктемелерКітапхана - ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, ұйымдастырылған баспа және қолжазба құжаттары қоры, графикалық, аудиовизуалды материалдар, электрондық жеткізгіштердегі құжаттар бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мәдениет ұйымы.Концерттік ұйымдар - әдебиет пен өнер туындыларын көпшілік алдында орындауға жағдай жасау және көркем ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды танымал ету үшін шаралар кешенін іске асыратын ойын-сауық ұйымдары.Музейлер - музей экспонаттары мен музей коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілік алдында ұсыну үшін құрылған, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын танымал етуді қамтамасыз етуге арналған мәдениет ұйымдар.Театрлар - әдебиет пен өнер туындыларының сахналық қойылымдарын жүзеге асыратын ойын-сауық ұйымдары (драмалық, музыкалық-драмалық, музыкалық, хореографиялық, қуыршақ, пантомималар, балалар мен жасөспірімдерге арналған сатиралар мен әзілдер, жастар, эксперименттік). www.stat.gov.kz/ ҚР өңірлерінің статистикасы/Абай облысы/Электрондық кестелер/Ішкі сауда статистикасы Орындаушы: Сауда және қызмет көрсету статистикасы бөлімінің басшысы: Г.Т.ТолегеноваТел. +7 7222 362612Адрес:180000, Cемей қаласыМәңгілік ел көшесі, 25 © Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1206555?lang=kk
Әскери полиция қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті 25.04.2025
Әскери полиция күніне орай Қорғаныс министрлігінде басшылық пен жеке құрамның қатысуымен салтанатты жиын өтті. Әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Руслан Құлымбетов құттықтау сөзінде ардагерлердің Қазақстан әскеріндегі құқық қорғау құрылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті.– Биылғы жылы кәсіби мереке Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындықпен тұспа-тұс келді. Сондықтан қазір әскери полицияның құрама жасағы өздеріне жүктелген кәсіби міндеттерін орындайды, көлік лектеріне ілесіп жүреді, далалық лагерь аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді, – деді полковник Р.Құлымбетов. Басқарма басшысы Жеңіс парадына жалпы 300-ден аса әскери полиция қызметкері қатысатынын атап өтті. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, салтанатты есептоп құрамында да адымдап өтеді. Мерекелік шарада ерекше көзге түскен әскери қызметшілер Әскери полиция бас басқармасы бастығының атынан грамоталармен, алғыс хаттармен және ведомстволық төсбелгілермен марапатталды. Бірқатар әскери қызметшілерге кезекті әскери атақ мерзімінен бұрын берілді. Шараның соңы ҚР Қарулы күштері Әскери полиция органдарының құрылғанына 28 жыл толуына арналған мерекелік концертпен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/981345?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрлігіне Руанда дипломаты келді 25.04.2025
Астанада Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Руанданың Түркиядағы және Қазақстандағы қоса атқарушы Елшісі Чарльз Кайонгпен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың сондай-ақ, бітімгерлік қызметтің ықтимал бағыттарын талқылады.Сапар аясында шетелдік мейман өзге де министрліктер мен ведомстволарда, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарында болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/981225?lang=kk
Әскери колледжге экскурсия: оқушылар Отан қорғаушы мамандығымен танысты 25.04.2025
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледжде болды. Балаларды оқу орнының бастығы полковник Мақсат Ақшалов қарсы алды, колледждің тарихы, оқу жағдайы, бағдарламасы және әскери қызметші болудың перспективалары туралы айтты. – Біздің оқу орнына қабылдау 15 жастан басталады. Бірінші курста оқушылар 10-11 сынып бағдарламасының жалпы білім беру пәндері бойынша білім алады. Оқытумен қатар спортқа, дене шынықтыруға көп көңіл бөлінеді, – деп атап өтті полковник М. Ақшалов.Ол сондай-ақ екінші курстан бастап терең әскери дайындық жүріп жатқанын түсіндірді. Онда тактикалық, атыс, саптық, жарғылар мен әскери топография зерделенеді. Үшінші курста колледж тәрбиеленушілері таңдаған әскери мамандықты игеріп, әскери бөлімдерде оқу-далалық жиындар мен тағылымдамадан өтеді.Колледж түлектері техникалық және кәсіптік білім туралы диплом, жүргізушілерді даярлау туралы куәлік, кіші сержант атағы берілген әскери билет алады. Бұл ретте озаттар қызмет орнын таңдау құқығын пайдалана алады, сондай-ақ жоғары әскери оқу орнының екінші курсына емтихансыз қабылдану мүмкіндігі бар.Колледж басшылығымен кездесуден кейін тәрбиеленушілер оқу роталарының командирлерімен бірге оқу сыныптарын, казармаларды, асхананы және басқа да инфрақұрылым нысандарын аралады.– Біздің тәрбиеленушілердің арасында өз өмірін әскермен байланыстыруды көптен армандайтындар бар. Колледжге барғаннан кейін балалар осы оқу орнына түсуге ниет білдірді, – деді өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары Сәрсенбек Алтенбаев.Кездесу соңында орталық басшылығы мен тәрбиеленушілері осындай іс-шаралар Отан қорғаушы мамандығына деген құрметті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтіп, жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980991?lang=kk
Қазақстан мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуда: гуманитарлық көмек, сауда, геологиялық барлау және бірлескен жобалар 25.04.2025
Қазақстандық делегацияның Кабулға сапары барысында делегация басшысы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан халқынан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмектің екінші жартысын ауған тарапына тапсырды, сондай-ақ осы елдің Премьер-министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадармен кездесті. Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмектің ОА-дағы ірі жеткізушісі2021 жылдан бері Қазақстан Ауғанстанға ондаған мың тонна ұн, азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық зат пен жылы киім жіберген. Сонымен қатар биыл наурыз айында Алматыда Орнықты даму мақсаттары бойынша Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне арналған БҰҰ аймақтық орталығы ашылды. Серік Жұманғарин Абдул Ғани Барадармен кездесуде атап өткендей, аймақтық орталықты құрудағы негізгі мақсат – ОА елдерінің Ауғанстанмен әлеуметтік-экономикалық және іскерлік ынтымақтастығын жандандыру. Орталық Азия елдері қазақстандық бастамаға қолдау білдірді.Әртараптандыру есебінен тауар айналымы $3 млрд-ты құрадыҚазақстан Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Астық пен ұн қазақстандық дәстүрлі тауарлар саналады. 2024 жылы Ауғанстан нарығына қазақстандық қант экспортының айтарлықтай өсуі байқалды – 143 мың тонна. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп (19,1 мың тонна). Ауғанстан нарығына кондитерлік және ұн өнімін жеткізу көрсеткіші артып келеді. Қазақстан сондай-ақ ерте пісетін ауған көкөнісін елорда базарына жеткізуге мүдделі.Өткен жылдың соңында екі ел тауар айналымын $3 млрд-қа ұлғайту жөніндегі жол картасына қол қойды. Ауғанстан аумағында түрлі пайдалы қазба өндірудің орасан зор әлеуетін ескере отырып, өзара инвестицияның мәлімделген көлеміне Ауғанстан кен орнының ресурсын барлау мен өндіру есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр. Қазақстандық бизнес жер қойнауының перспективалы учаскелерін іздеуге қаражат салуға үлкен қызығушылық білдіріп отыр.14 сәуірде Ауғанстанға Қазақстаннан барған геолог-мамандар, инженерлер тобы Ауғанстанның тау-кен өнеркәсібі және мұнай министрлігінің қолдауымен бірқатар кен орнын аралады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан атап өткендей, мамандар Нұрстан провинциясында бериллий, қорғасын және мырыш табылып отырған кен орындарынан 130 келі кен сынамасын алды. Енді зертханада неғұрлым егжей-тегжейлі талдау үшін сынамалар Қазақстанға жіберіледі. Нәтиже алынғаннан кейін қазақстандық тарап кен орнын одан әрі игеру үшін неғұрлым ауқымды келіссөз форматына кірісуге дайын.Қазақстан мен Ауғанстандағы жаңа сауда үйлеріЖол картасында белгіленген іс-шараларды жандандыру үшін Серік Жұманғарин Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасарына Қазақстанның Кабулдағы сауда үйін ашуды ұсынды. Абдул Ғани Барадар бұл ұсынысты қолдап, ауған тарапы да Қазақстанда өзінің сауда базарын ашқысы келетінін атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық тараптан ауған тарапы мүдделі болған жағдайда «QazTehna» ЖШС өндіретін қазақстандық автобустарды жеткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Жаңа сауда үйлері ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бойынша өзара инвестицияларды жандандыруға ықпал етеді.Сонымен қатар Серік Жұманғарин Ауғанстанның байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Наджибулла Хакканимен кездесті. Ол қазақстандық компаниялар Ауғанстандағы инфрақұрылымдық және телекоммуникациялық жобалардың құрылысына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Тургунди – Герат жаңа теміржол телімін салу кезінде оптикалық кабель төсеу жұмысына бірлесіп қатысуды ұсынды.Сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизимен кездесуде екі елдің өзара тауар айналымын әртараптандыру мүмкіндігі талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/980930?lang=kk
Жеңіс парадына қатысушылардың отбасылары далалық лагерьде болды 24.04.2025
«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің ата-аналары, жұбайлары мен балалары, бауырлары мен әпке-қарындастары елорда шетіндегі далалық лагерге барды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге санаулы ғана күн қалды. Бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі. Оған төрт мыңнан астам әскери қызметші қатысады.Парадта ең лайықты, күшті әрі төзімді деген жауынгерлер ғана салтанатты сап түземек. Жеңіс шеруі ұрпақтар сабақтастығының символына айналып отыр.31775 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны командирінің орынбасары майор Дәулет Қаракесековтің зайыбы кездесуден алған әсерін жасыра алмады. – Жұбайым үшін мүндай тарихи оқиғаға қатысудың маңызды екенін түсінемін. Әскери адамға әрдайым отбасының қолдауы қажет. Біз мүнда сол мақсатпен келіп отырмыз. Жолдың қашықтығы еш кедергі емес, – деді Айдана Қаракесекова.Жақындарының далалық лагерьге келуі жауынгерлер үшін тосынсый болды. Дәл осындай сәттерде армияның тек әскери форма мен қатаң тәртіптен тұрмайтынын сезінесің.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980749?lang=kk
Көпірлер қалпына келтірілуде 24.04.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Шіркейлі», «Жаңадария», Сыздық каналдарындағы көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.«Шіркейлі» каналындағы көпірді жөндеуді қолға алған бас мердігер «Жылу 21» ЖШС 24 аралық балка және 250 аралық плита орнатты, 4 аралықтың беті бетондалды. Арнасы тазартылып, бетон конструкциялары сырлануда. Жиектегі тіреулерге плита орнату және кірме жолды жөндеу қарқын алған. Құрылыс материалдары толық жеткізіліп, жұмысқа 20 адам мен 5 техника жұмылдырылған.Сыздық каналындағы жұмысты да аталған серіктестік жүргізуде. Каналдың табаны мен жиектері тегістеліп, бетондалды. Құрылыс материалдары жеткілікті, көпір басында 12 адам, 3 техника жұмыс істеуде.Жаңадария каналындағы көпірге «Best Stroi Grup инжиниринг» ЖШС құрылыс материалдарын жеткізіп, бетондап, сырлауда. Кірме жолға топырақ төселген. Қалпына келтіру жұмыстарын 26 адам, 4 техника атқаруда.Аймақ басшысы ең бастысы сапаға мән беріп, жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/980604?lang=kk
Қостанай қаласында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр 24.04.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында жұмыс қарқынына, мерзімдердің сақталуына және жөндеу сапасына ерекше назар аударылды.2025 жылы Қостанайда жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 91 көше жөнделеді. Оның ішінде үш көше толық реконструкциядан өтеді. Жөндеу жұмыстары қолайлы ауа райымен бірге басталып кетті.Негізгі нысандардың қатарында Сьянова, Қайырбеков, Назарбаев, Баймағамбетов, Гоголь, Мәуленов, Герасимов, Маяковский, Әл-Фараби, Перронная көшелері және басқалары бар. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру бағдарламасы аясында 49 аула жөнделетін болады.Биыл жолдарды жөндеуге 9 миллиард теңге бөлінді — бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.Ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасы – барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, сапалы жол жабындысын қамтамасыз ету. Қала көшелерінде шұңқырлар болмауы тиіс, ал жұмыстар тұрғындардың күткен талабына сай жүргізілуі қажет.Жөндеу жұмыстарының орындалуы тұрақты бақылауда болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/980614?lang=kk
Қарулы күштер әскери полициясының әскери қызметшілері кәсіби мерекесін атап өтуде 24.04.2025
ҚР Қарулы күштері Әскери полиция органдарының құрылуы 1997 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығына қол қоюмен байланысты.Қарулы күштер құқық қорғау құрылымының қағидаттары, міндеттері мен жүйесі, құқықтық негіздері, «Әскери полиция органдары туралы» ҚР Заңында бекітілген. 2023 жылғы 14 наурыздағы заңның жаңа редакциясы оның өкілеттіктерін кеңейтті. Әскери полиция органдарына әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруда ведомстволық бақылау функциясы берілді. Сол сияқты әскери полиция органдарының әскери қызметшілерін әлеуметтік және құқықтық қорғау және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне де толықтырулар енгізілді.Әскери полиция ұйымдық тұрғыдан Қарулы күштердің құрамына кіреді. Бүгінде оның құрылымына қылмысты азайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және әскери қызметшілердің құқықтық деңгейін арттыруға бағытталған жаңа бөлімшелер енгізілген. Әскери полиция құрамындағы кинологиялық қызмет те оның жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді.«Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасына сәйкес әскери полицияның әскери қызметшілері құқықтық тәртіп пен ішкі тәртіпті қолдауға, қару мен оқ-дәрілерді сақтауға, қауіпсіздік шараларын орындауға және ЖКО алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырады. Әскери бөлімдерде құқық бұзушылықтарды азайту үшін тәулік бойы арнайы алдын алу кабинеттері жұмыс істейді.2019 жылдан бастап әскери полиция органдары БҰҰ қолдауымен бітімгерлік миссияларға ұдайы қатысып келеді. Мемлекеттік күзет қызметімен және ІІМ-мен ынтымақтастықта әскери полицияның әскери қызметшілері ШЫҰ саммиттерінің, ҰҚШҰ-ның және басқа да халықаралық форумдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.Тәжірибе алмасу және қызметтік модельдерді зерттеу мақсатында АҚШ, Ресей, Әзербайжан және Армениядан келген әріптестерімен кездесулер өткізіледі.Кәсіби дайындалған мамандармен жасақталған, заманауи қару-жарақ пен техникамен жарақталған әскери полиция елдің қорғанысы мен қауіпсіздік жүйесінде тәртіп пен заңдылықты сақтауда шешуші рөл атқарады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980683?lang=kk
Құрметті Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери полиция қызметкерлері мен ардагерлері! 24.04.2025
Сіздерді әскери полицияның құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын!1997 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ бірегей құрылым – әскери полиция органдары құрылды. Алғашқы күннен әскери полиция Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті, сондай-ақ заңдылықты қамтамасыз ету жүйесінің ажырамас маңызды бөлігіне айналды.Әскери полиция органдары жоғары кәсібилікті, жауапкершілік пен борышқа берілгендікті көрсетіп келеді. Сіздердің күш-жігерлеріңіз құқық бұзушылықтардың алдын алуға, еліміздің заңнамасында белгіленген құзырет шегінде анықтау жүргізуге бағытталған. Әскери көлік құралдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмыстарыңыз ерекше маңызға ие. Бұл біріншден әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жеке құрамның өмірін сақтаудың маңызды аспектісі.Әскери полиция қызметкерлері тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқарады. Бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік рухы мен бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Сіздердің үйлесімді қызметтеріңіздің арқасында мемлекеттің мүддесі мен әрбір әскери қызметшінің құқығы сенімді қорғалуда.Осы қызметтің басында тұрған әскери полиция ардагерлеріне ерекше алғыс айтамын. Сіздердің тәжірибелеріңіз әскери полицияның қазіргі буыны үшін берік негіз, әрі үлгі.Бүгінгі таңда әскери полиция органдары жетілдіруді, заманауи жұмыс әдістері мен технологияларын енгізуді жалғастыруда. Бұл уақыттың қиындықтарына тиімді қарсы тұруға және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Барлық әскери қызметшілер мен әскери полиция ардагерлеріне зор денсаулық, амандық, сарқылмас қуат және кәсіби шыңдалуды тілеймін!Бейбіт уақыттағы әр күндеріңіз Отан қорғауға қосқан үлестеріңіз үшін мақтанышқа толы болсын.Антқа адал болып, қызметтік міндеттеріңізді мінсіз орындағандарыңыз үшін рахмет! Құрметпен,Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрігенерал-полковник Р. Жақсылықов Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980685?lang=kk
Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасы дағдарыс жағдайының сценарийлерін пысықтады 24.04.2025
Әкімдік пен республикалық маңызы бар қаланың аумақтық қорғаныс бригадасында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың басшылығымен командалық-штабтық жұмылдыру жаттығулары өтті. Аталмыш шараны Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды. Машықтану барысында қаланың стратегиялық маңызды объектілерін күзету және қорғау мәселелері жөнінде бригаданың басшылық құрамының білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіруге жіті назар аударылды. Жаттығу басшылығы аумақтық әскерлердің дағдарыстық жағдай туындаған кезде шапшаң әрекет етуде дайындықтың маңызды екенін атап өтті. – Жаттығу екі кезеңде өткізілді. Біріншісінде бригаданы жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру және қорғаныс істері жөніндегі департаментімен үйлестіру мәселелеріне қатысты іс-қимылдар пысықталды. Екіншісінде – әскери жағдай енгізілгенде күш құрылымдарымен бірге стратегиялық маңызы бар объектілерді қорғау жүзеге асырылды, – деп түсіндіріп өтті аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов. Шараның қорытындысы бойынша Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеке құрам жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлықтың жоғары деңгейін көрсетіп, берілген тапсырманы толық орындағанын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980307?lang=kk
Қонаевта жаңғыртылған қалалық кітапхана ашылды 24.04.2025
Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана пайдалануға берілді. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақтар, шығармашылық кеңістіктер мен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған.Ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков бұл жобаның өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызына тоқталды:– Бұл жай ғана жаңартылған ғимарат емес, білімге, оқуға және дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың бір қадамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісінің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ол.Айта кетейік, Үкімет қаулысымен Қазақстанда "23 сәуір – Ұлттық кітап күні" ретінде бекітілген. Бұл – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.Болат Күренбековтің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары Ұйғыр ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы және Қарасай ауданының Жандосов ауылындағы кітапханаларда да жүргізіледі.Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Кұлкенов, жазушы Сауле Досжан, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева және мәдениет саласының өкілдері қатысты.Рәсімнен кейін қонақтар жаңартылған кітапхананың жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, бұл мекеме енді тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, даму мен жаңа идеялардың орталығына айналып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/980325?lang=kk
Қарағандылық оқушылар АҚШ-та робототехника бойынша чемпионатта жүлдеге ие болды 24.04.2025
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship 2025 мектеп инженериясы чемпионатында қарағандылық екі команда жоғары нәтиже көрсетті. Қарағандылықтар Core Values Coopertition Winner номинациясында үздік атанды.Үш жас санаты мен түрлі номинациялар бойынша әлемнің 50 елінің 1058 командасының құрамында 110 мың қатысушы бақ сынасты. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қарағандылық Jeltoqsun командасы 258 команда арасында роботтар ойыны бойынша топ-20-ға енді. Осы мектептен Rasslexx Core Values Coopertition Winner номинациясында чемпион атанды.Біздің еліміздің намысын Хьюстонда бар-жоғы жеті команда қорғады. Қазақстан құрамасы барлық үш жас санатында рекордтық жетістіктерге жетті. Осындай деңгейдегі нәтижелер – Қазақстан тарихындағы алғашқы жетістік. Құрама барлығы алты марапатқа ие болды. Қарағандылықтардан басқа Астана, Алматы және Павлодардан жинақталған жас инженерлер жеңіске жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/979913?lang=kk
Қарағанды облысы үш айда 1 трлн теңгенің өнеркәсіптік өнімін өндірді 24.04.2025
Қарағанды облысы экономика дамуының оң динамикасын сақтап отыр. Жыл басынан бері өсім шамамен 13%-ды құрады. Өсім барлық негізгі көрсеткіштер бойынша байқалады: өнеркәсіп және аграрлық өнім өндірісі, инвестициялар, құрылыс, сауда және т. б.Аймақтың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы аппараттық кеңесте баяндалды.– Облыс экономикасының өсу қарқыны 12,9% деңгейінде қалыптасты. Өнеркәсіп өнімдері 1 088,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артық. Өсім машина жасау, қара және түсті металлургия, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісінде қамтамасыз етілген. Тау-кен өнеркәсібінде көлем 12,7%-ға өсті, өсім көмір және металл кендерін өндіруде де қамтамасыз етілді, – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.Үш айда 165 млрд теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығындағы, өңдеуші өнеркәсіптегі, құрылыстағы, саудадағы, білім берудегі салымдардың өсуі тіркелді.Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша 30-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 17-сі өнеркәсіпте, онда 2,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарлары мен кір жуу машиналары шығарыла бастайды. Осакаров ауданында «Гиперборей» компаниясы қуаты 150 МВт болатын алғашқы жел электр станциясын іске қосады.Кеңесте тұрғын үй құрылысы туралы да баяндалды. Жыл басынан бері 54 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін бастапқы нарықта пәтерлер сатып алынады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/980061?lang=kk
Қорғаныс министрлігінде Шекара қызметіне көктемгі шақырудың қорытынды бойынша кеңес өтті 24.04.2025
Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің және Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.ҰҚК Шекара қызметіне көктемгі шақыру нәтижелері туралы Бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Нұрмахан Дүйсебаев пен ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Серік Рахимов баяндады.Кеңесте Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев пен Қостанай облысы әкімдігі жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасының бастығы Диас Қабдышев тыңдалды.– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері Үкіметтің бақылауында. Сондықтан әскерге шақыру қорытындыларын мұқият талдап, әскерге шақырылған жастармен жұмыс сапасына назар аудару қажет, – деп атап өтті Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант С. Қамалетдинов.Кеңес қорытындысы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне шақыру пунктерін қажетті мүлікпен, медициналық құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді. Кейбір аудандық шақыру пунктері үшін медициналық ақпараттық жүйелерге қосу және медициналық комиссияларды маман дәрігерлермен жасақтау мәселесі өзекті болып қала береді.Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтарының назары әскери бөлімдер мен мекемелерді жасақтау үшін есепке алу-шақыру жұмыстарын жүргізу және әскерге шақырылушылардың командаларын уақтылы қалыптастыру мәселелерінде заңнаманы қатаң сақтау қажеттігіне аударылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980064?lang=kk
Қазақстан мен Әзербайжанның авиация қызметтері шұғыл ұшуларды үйлестіру мәселелерін талқылады 24.04.2025
Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас басқару пунктінің бастығы полковник Сапарғали Төлегенов жетекшілік еткен әскери делегация Бакуде Әзербайжанның қорғаныс ведомствосына барды.Қабылдаушы тараптың Әскери-әуе күштерінің штабында шұғыл ұшуларды орындау кезінде бірлескен іс-әрекетті қамтамасыз ету және үйлестіру мәселелері бойынша келіссөздер өтті.Ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты түрлі аспектілерді ескере отырып, іс-шараға Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің, Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттіктің, Сыртқы барлау қызметінің, «Азераэронавигация» әуе қозғалысын басқару басқармасының және «Әзербайжан әуе жолдары» АҚ өкілдері қатысты.Іс-шара аясында іздестіру-құтқару, апаттық-құтқару жұмыстары және басқа да шараларды орындау кезінде шұғыл ұшуларды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға байланысты бірқатар өзекті мәселелерге қатысты жан-жақты пікір алмасу болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/980072?lang=kk