Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қазақстан мен Пәкістан өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін арттырып , 40 түрлі тауар жеткізуге дайын 10.09.2025
8 қыркүйекте Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Пәкістан Ислам Республикасының Федералды сауда министрі Джам Камал Хан арасында кездесу өтті. Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қараша айында Исламабадқа жасайтын ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады. 2025 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзара сауда көлемі 89,6 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары (36,3 млн АҚШ доллары). Қазақстан экспорты 7,2 есе өсіп, 55,5 млн АҚШ долларын құрады, ал импорт 19,3%-ға өсіп, 34,1 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан Пәкістанға экспортталатын негізгі тауарларға шикі мұнай, кептірілген бұршақ дақылдары, дәнді дақылдар, сондай-ақ машиналар мен жабдықтар жатады. Пәкістаннан Қазақстанға импорттың негізгі бөлігін азық-түлік өнімдері (картоп – 27,1%, цитрус жемістері – 18,8%), киім және тоқыма бұйымдары (25%), дәрі-дәрмектер (11,3%) құрайды. Министр Арман Шаққалиев Қазақстан мен Пәкістан өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде биік мақсат қойып отырғанын атап өтіп, мұнай-химия, металлургия, машина жасау және фармацевтика салаларын қоса алғанда, 40 тауар позициясы бойынша жеткізілімдерін арттыруға дайын екенін білдірді. 2025–2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл құжат биылғы сәуір айында қол қойылған. Қазақстандық тарап әріптестерді құжаттағы іс-шараларды нақты жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ тараптар электронды сауда саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыт айтарлықтай өсім әлеуетіне ие. ҚР Президентінің Исламабадқа сапары қарсаңында "Made in Kazakhstan and Pakistan" тауар өндірушілер көрмесін және Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумын өткізу жоспарланып отыр. Тараптар іс-шара бағдарламасы, кездесулер форматы және қатысушылар құрамы бойынша бірлескен дайындықты бастап кетті. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты - транзиттік сауда туралы келісімге қол қою. Бұл келісімнің жобасы қазірдің өзінде келісіліп, қараша айында қол қоюға дайындалуда. Өз кезегінде Пәкістан тарапы Карачи қаласындағы көрмеде қазақстандық делегацияның жетістіктерін жоғары бағалап, іскер топтар арасындағы байланыстарды дамыту және ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, денсаулық сақтау, білім беру, аккредиттеу және сертификаттау салаларында ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Министр Джам Камал Хан Пәкістанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар туралы айтып өтті. Олардың қатарында қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің төмендеуі, өнеркәсіптік өндірістің өсуі, арнайы экономикалық аймақтардың дамуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығында технологияларды енгізу бар.Геологиялық барлау және тау-кен өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, IT және жасанды интеллект салаларында, сондай-ақ кадр даярлау бағытында ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Президентінің Исламабадқа алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1065278?lang=kk
Алматы облысында жасанды интеллектті сынақтан өткізу – цифрландырудың жаңа қадамы 10.09.2025
Алматы облысында өңірлік Alatau Hub базасында жасанды интеллект жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub бірлесіп жүзеге асыруда. Экожүйені дамытуға және цифрлық шешімдерді құруға хабтың резиденттері де қатысуда.Жасанды интеллект жүйесі (шартты атауы - Qonaev AI) сынақтық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі кезеңде модельдер мен алгоритмдер Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде пилотты режимде жұмыс жасауда. Жоба дамуына қарай басқа басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктердің ақпараттық базаларын интеграциялау арқылы функционалды біртіндеп кеңейту жоспарлануда.Барлық деректерді өңдеу және сақтау үдерістері Alatau Hub базасында орналасқан жергілікті инфрақұрылымда жүзеге асырылады. Бұл жүйенің сенімділігін, бақылануын және ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта серверлік қуаттарды ұлғайту және қосымша дереккөздерді біріктіру, сондай-ақ ақпаратты қорғаудың барлық талаптарын сақтау қарастырылған.Жобаның жеке даму бағыты - жасанды интеллект технологияларын қолдану болып табылады. Бұл жобалық есептеулерді жеделдетуге, ресурстарды тиімді пайдалануға, сапаны бақылауға және инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бірыңғай деректер базасын құру өңірдің инфрақұрылымдық дамуының тиімділігін арттыруға маңызды қадам болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1065223?lang=kk
Цифрландыру және жасанды интеллект: Қорғаныс министрі Президент Жолдауын іске асырудың басымдықтарын белгіледі 10.09.2025
Астанада авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес қорғаныс ведомствосының даму басымдықтары айқындалды. Кеңес жұмысына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, сондай-ақ департаменттердің, бас басқармалар мен әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.Министр Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген ел дамуының негізгі бағдарларына тоқталып, цифрландыру құралдары мен жасанды интеллект технологияларын жедел енгізу стратегиялық міндет екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қарулы күштер технологиялық жаңғырудың белсенді қатысушысына айналуы тиіс.– Қорғаныс министрлігінің алдында цифрлық шешімдерді, жасанды интеллект технологияларын, автономды басқару жүйелерін кеңінен енгізу, сондай-ақ ұлттық қорғаныстың киберқұрамдасын дамыту міндеті тұр. Болашақта әскеріміз күрделі гибридтік қатерлерге жауап бере алатын, шапшаң, дәл әрі жоғары технологиялы армия болуы қажет, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.Қорғаныс ведомствосының басшысы биылғы жылдың соңына дейін әрбір әскери бөлімде жергілікті желі құрылысын аяқтауды, ал барлық әскери оқу орындарында оқу үдерісін толық цифрландыруды және жасанды интеллектті оқыту курстарын білім беру бағдарламаларына енгізуді тапсырды. Министр көлік-логистика және құрылыс салаларында жұмыстың сапасын арттыру және 3D-модельдеуді кеңінен қолдану қажеттілігіне назар аударды.Әскери медицинаны дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Жасанды интеллект технологияларын әскери медицина саласына да енгізу қажет. Әскери медицина қызметшілеріне медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылаудың жаңа жүйесін құру тапсырылды.Кеңесте тәрбие және идеологиялық жұмыс мәселелері де маңызды орын алды. Қоғамның армияға деген сенімін нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және әскери қызметшілердің заманауи құндылық бағдарларын қалыптастыруға ерекше назар аударылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1065213?lang=kk
Алматы облысында шипалы ыстық су көздеріне апаратын жол жөнделіп жатыр 10.09.2025
Алматы облысында шекара маңындағы аудандарды қоса алғанда, туристік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Мұнда күн сайын мыңдаған көлік қатынайтын республикалық маңызы бар «Көкпек – Шонжы» автожолы жөнделіп жатыр. Бұл жол танымал ыстық су көздеріне апарады, сондықтан оның қайта жаңғыртылуы өңірдің туризмді дамыту жөніндегі кешенді жоспарына енгізілген.Ұйғыр ауданында ұзындығы 85 шақырымдық жол учаскесін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл трасса Арасан ауылдық округін туристік нысандармен байланыстырады және ішкі туризм үшін маңызды рөл атқарады. Мұнда соңғы күрделі жөндеу жұмыстары жиырмадан астам жыл бұрын жүргізілген. Қазір «Көкпек – Шонжы» жолының ыстық су көздеріне апаратын екі бөлігі қайта жөнделуде.Көп жылдар бойы жолдың жағдайы қанағаттанарлықсыз болып, тұрғындар бірнеше рет әкімдікке оны ретке келтіруді сұрап жүгінген.Ұйғыр ауданының тұрғыны Құрметхан Жидебаев атап өтті:– Шарын шатқалы маңындағы бұл бөлік ең қиын учаскелердің бірі саналды. Біз үшін бұл жолдың маңызы зор – ол Қытай шекарасына апарады. Енді туристерге де, кәсіпкерлерге де қатынау жеңілдейді. Бұл жол баршаға қажет.Жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге бөлінген. Биыл мердігерлер ресайклинг жасап, инертті материал төсеп, асфальттың алғашқы қабатын салады. Жобаны толық аяқтау келесі жылға жоспарланған.«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы бөлімінің басшысы Досбол Тепкішовтың айтуынша, бұл жол 1980–1990 жылдары салынған, ал оның жабыны әбден тозған. Жергілікті тұрғындар жолдың жағдайына жиі шағымданып, мұнда апатты жағдайлар көп болған. 2000-жылдардың басында тек үстіңгі қабаты ауыстырылған, одан кейін тек шұңқырларды жамау жұмыстары ғана жүргізілген. Қазір орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда, ал биылдың өзінде қозғалыс бір қабат асфальтпен ашылады.Жалпы, 2025 жылы Алматы облысында республикалық маңызы бар 247 шақырым жол жаңартылады, оның шамамен 200 шақырымы Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарына тиесілі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1064937?lang=kk
Алматы мен Мәскеу облыстары ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады 10.09.2025
Мәскеу облысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв кездесіп, екі өңір арасындағы басым бағыттағы әріптестікті талқылады. Жиын Алматы және Мәскеу облыстарының кәсіпкерлеріне арналған бизнес-форум қарсаңында өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев та қатысты.Андрей Воробьёв Қазақстаннан келген делегацияға алғысын білдіріп, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән берілетінін атап өтті.«Сіздердің Мәскеу облысына келіп, әртүрлі саладағы ынтымақтастықты талқылауға уақыт бөлгендеріңізге қуаныштымыз. Қазақстандық кәсіпкерлердің жобалары Подмосковьеде іске асса, ал біздің бизнес өкілдері Қазақстанда еркін жұмыс істей алса, бұл екі жақ үшін де тиімді болмақ. Бүгінгі форум осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі», – деді ол.Алматы облысының делегациясы Солнечногорск қаласындағы «Есипово» индустриалды паркін аралап, «Лайт индустриал» үлгісімен танысты. Бұл жоба өндірісті небәрі үш айда іске қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін тиімді шешім саналуда.Марат Сұлтанғазиев те Мәскеу облысымен ұқсастықтарды атап өтті: «Біздің аймақтың даму бағыты да, орналасуы да ұқсас – біз Алматыны қоршасақ, сіздер Мәскеудің айналасындасыздар. Экономикалық құрылым да сәйкес келеді. Қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысында жұмыс істеуге қызығушылығы бар, сондай-ақ Мәскеу облысының бизнесі Алматы облысына келуге ниетті. Бұл – өндіріс пен логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады», – деді ол.Сондай-ақ, Сұлтанғазиев ресейлік әріптесін Алматы облысына ресми сапармен келуін ұсынды.Соңғы бес жылда Мәскеу облысының Қазақстанмен тауар айналымы 1,8 есеге артқан. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта Подмосковьеде өндірілетін косметика, химия, фармацевтика, полимерлер, машина жасау өнімдері, металл және автокомпоненттерге сұраныс жоғары.Өткен жылы Мәскеу облысының бірқатар өндірушілері – Серпухов, Лосино-Петровский, Раменск, Люберцы, Сергиево-Посад округтерінің кәсіпорындары Қазақстанмен 177 экспорттық келісімшарт жасасып, өз өнімдерін жеткізе бастады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1064813?lang=kk
Автомобильдерді сынау кезінде заң бұзған зертханаға 1,5 миллион теңге айыппұл салынды. 09.09.2025
Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «PLANK» ЖШС-не 1 533 480 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, сот шешімімен зертхананы аккредиттеу аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартуға Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарын бұза отырып, көлік құралдарына сынақтар жүргізу бойынша жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері негіз болды. Атап айтқанда, сынақтарды жүргізудегі бұзушылықтар. Зертхана шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғыларына нақты сынақ жүргізген жоқ. Сондай-ақ, белгілі бір көлік құралын сынау үшін қолданылмайтын тежегіш стендті қолдану дәлелденді. Зертхана Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде әрекет етуге және оның сәйкестігіне аккредиттелген нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға міндетті. Оның қызметі белгіленген аккредиттеу саласымен қатаң шектелуі керек. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ҚР СжИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Департаменті әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғап, сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берді. Бүгінгі күні зертхана аталған нұсқамаларды толық көлемде орындады, заңбұзушылықпен берілген көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктердің күші жойылды, қызметкерлерге заңнаманы сақтау бойынша техникалық оқу өткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1064486?lang=kk
«Таза ел – қуатты өңір: «Таза Қазақстан» Қостанай облысында» 09.09.2025
Қостанай облысында «Всемирный день чистоты – World Cleanup Day» халықаралық бастамасына орай кең ауқымды экологиялық акция өтті. Осы күні мыңдаған тұрғындар қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі бірлігін және азаматтық белсенділігін танытып, аумақтарды тазалауға шықты. Негізгі жұмыстар Фёдоров тас жолынан «Северный» қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына дейінгі аумақта ұйымдастырылды.Акция шынымен де жаппай сипат алды. Ұқсас іс-шаралар өңірдің барлық қала және аудандарында өтті. Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары көшелерді, аулаларды, жағалауларды және саябақтарды тазартуға қатысты. Бірыңғай бастаманың арқасында облыстың барша аумағы қамтылып, қостанайлықтардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және ортақ мақсат жолында бірігуге дайын екені айқындалды — өз өлкесін таза әрі жайлы ету.Акцияға барлығы 6980 адам қатысты. Оның ішінде – 2560 мемлекеттік орган қызметкері, 520 волонтер және 3900 облыс тұрғыны. Бірлескен еңбектің нәтижесінде 755 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде 0,5 тонна шыны, 0,8 тонна пластик, 0,6 тонна резеңке және 0,3 тонна қағаз қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы тазартылған аумақтың көлемі 150 гектарды құрады.Қостанай облысы дәстүрлі түрде бұл бастаманы белсенді қолдайды. Өңірлік акциялар тазалық пен абаттандыру ісі билік өкілдері, волонтерлер және қарапайым тұрғындардың ортақ ісіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай тәсіл жергілікті жерлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, халық арасында табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.Өткен іс-шара «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі болды. Бағдарламаның мақсаты – экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаны сауықтыру. Акцияның табысты өтуі қоғам мен билік күш-жігерінің бірігуі нақты нәтижелерге жеткізетінін дәлелдеді: таза көшелер, абаттандырылған саябақтар және сақталған табиғи аумақтар – өңірдің жарқын болашағына қосылған үлес.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1072636?lang=kk
Тауарды қайтару және несиені жою: Ақтөбе қаласындағы тұтынушының оқиғасы 09.09.2025
Тұтынушы банк арқылы 1 320 000 теңге сомасына Kirby Avalier шаңсорғышын несиеге сатып алған. Алдымен компания өкілдері тұтынушылар санын көбейту мақсатында оларға хабарласып, кілемдерін тегін тазалап беруді ұсынған. Алайда олардың негізгі мақсаты Kirby Avalier шаңсорғышын сату болған.Тұтынушының айтуынша, компания менеджерлері шаңсорғыштың жұмысын көрсетіп, бағасын басқа дүкендердегі ұқсас тауарлармен салыстырып, жедел шешім қабылдауға ықпал еткен. Сонымен қатар бонус ретінде тұтынушыдан пайдаланылған шаңсорғышын қабылдап, құны 1 900 000 теңге болатын жаңа шаңсорғышты 1 320 000 теңгеге сатып алуды ұсынған. Алайда тұтынушы бұрынғы шаңсорғышын беруден бас тартқан. Соған қарамастан, тауар үшін төлем банк арқылы несиеге рәсімделген. Кейін тұтынушы тауардан бас тартып, қаражатты қайтаруды талап еткен. Дегенмен сатушы заңмен белгіленген мерзімде пайдаланылмаған тауар үшін қаражатты қайтарудан бас тартқан. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы. Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. Егер шартта өзгеше шара көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады. Сонымен қатар, Заңның 30-шы бабында тұтынушылардың белгіленген мерзімде қайтаратын тауары пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаты сақталуы қажет екендігі көрсетілген. Жоғарыда аталған Заңға сәйкес тұтынушыға құқықтық түсіндірме жұмысы жүргізіліп, наразылық парағын жазуға көмек көрсетілді, сондай-ақ орындаушы тарапқа сатушының міндеттері бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Осының нәтижесінде тұтынушы мен сатушы арасындағы сатып алу-сату шарты бұзылып, 1 320 000 теңге сомасындағы рәсімделген несие жойылды. Егер тауарды еркін таңдау құқығы бұзылса, тұтынушы Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Әбілқайыр хан даңғылы, 25, 54-46-49, 54-81-20, 54-81-26 телефондары бойынша жүгінуге құқылы. Сондай-ақ, тұтынушы өтінішін онлайн режимде Е-өтініш, @kzpp_bot телеграм-бот арқылы жібере алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1064351?lang=kk
Педагогтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер; Астанада 90 әскери міндетті әскери жиынға шақырылды 09.09.2025
Елорданың аумақтық қорғаныс бригадасында запастағы 17 офицер, 73 сержант және қатардағы жауынгерлер он күн бойы қарқынды дайындықтан өтеді.Бағдарламаға тактикалық, атыс, саптық, медициналық және инженерлік дайындық сабақтары кіреді. Взводтар мен роталар құрамындағы іс-қимылдарды үйлестіруге, төтенше жағдайлар кезінде міндеттерді орындауға, одан басқа инфрақұрылымның маңызды объектілерін қорғауға ерекше назар аударылады.– Әскери жиындар – ұлттық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі. Біз әскери міндеттілердің қызмет барысында алған білімдері мен дағдыларын өзектендіріп қана қоймай, оларды аумақтық қорғаныстың заманауи талаптарына сәйкес әрекет етуге үйретеміз, – деп атап өтті Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов.Жиынға қатысушылар түрлі маман өкілдері: инженерлер, жүргізушілер, педагогтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер. Олардың бәрі дайындықтан өту және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосу үшін жұмыс орындарын уақытша тастады.Қатысушылар арасында квазимемлекеттік сектордың қызметкері, запастағы аға лейтенант Бауыржан Тәттімбеков те бар. Ол үшін бұл екінші жиын – алғаш рет 2018 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында өткен жиынға қатысқан.– Жиын – дағдыларды қалпына келтіруге және жаңа білім алуға тамаша мүмкіндік. Мұндай шара мен үшін елдің қауіпсіздігіне нақты үлес қосудың тәсілі. Біз Отанды кез келген уақытта қорғауға дайын болуымыз керек, – деді Б.Тәттімбеков.Жиын 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери міндеттілер үшін әскери жиындардан өту кезеңінде жұмыс орны мен орташа жалақы сақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1064272?lang=kk
Халықаралық бизнес-миссия: Мәскеу облысы мен Қазақстан іскерлік байланыстарды нығайтады 09.09.2025
2025 жылғы 9–10 қыркүйекте Мәскеу облысының Красногорск қаласында Алматы облысы Әкімдігі делегациясының қатысуымен Халықаралық реверстік көпсалалы бизнес-миссия өтеді.Негізгі алаң Мәскеу облысы Үкімет үйі (Құрылысшылар бульвары, 1) болады. Мұнда екі өңірдің кәсіпкерлері арасында сатып алу сессиялары мен B2B-кездесулер ұйымдастырылады.Бизнеске жаңа мүмкіндіктерІс-шара аясында Мәскеу облысының компаниялары өз өнімдерін қазақстандық сатып алушыларға тікелей ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламада келіссөздер мен презентациялар қарастырылған, бұл тараптарға ынтымақтастық шарттарын талқылап, жаңа экспорттық келісімдер жасауға жол ашады.Кемінде 12 қазақстандық сатып алушының қатысуы күтілуде. Тікелей пікір алмасу форматы ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға қолайлы жағдай жасайды.Жоғары деңгейдегі қолдауБизнес-миссияның іскерлік бағдарламасына Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёвтың қатысуымен бірқатар іс-шаралар кіреді. Бұл Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын көрсетеді.Қазақстан – негізгі әріптесҚазақстан Республикасы тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, экспорт үшін перспективалы бағыт болып табылады. Инвестициялық климаттың қолайлылығы, мәдени жақындық және орыс тілінің кеңінен қолданылуы бизнесті дамытуға тиімді жағдай туғызады.Қатысу шарттарыҰйымдастырушылар экспортқа жұмыс істеп жүрген немесе шетелдік нарыққа шығуды жоспарлап отырған Мәскеу облысының компанияларын қатысуға шақырады. Ол үшін өнім мен компанияға қатысты презентация дайындау қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1064045?lang=kk
Қарулы күштерде «Мектепке жол» акциясымен 1700-ден астам әскери қызметшінің баласы қамтылды 09.09.2025
Аягөз қаласындағы №4 орта мектепте көп балалы отбасылардан шыққан әскери қызметшілердің балаларына мектеп керек-жарақтарын тапсырған Қорғаныс министрінің бастамасын Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, әскери бөлімдердің, мекемелер мен оқу орындарының жеке құрамы қолдады.Барлық гарнизондардағы іс-шаралармен көп балалы отбасылар, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар, ата-аналары қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан балалар, жалғызбасты аналар және басқа да санаттағы мұқтаж жандар қамтылды. Бірінші сынып оқушыларына да ерекше назар аударылды. Оларға рюкзактар, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті оқу құралдары берілді.– Жалпы қайырымдылық шаралары 1749 баланы қамтыды. Мұндай шараларды өткізуге демеушілер: банк басшылары, жеке кәсіпкерлер, партия қайраткерлері және әскери зейнеткерлер едәуір көмек көрсетті. Әрбір баланың және әрбір отбасының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын білетін отбасымен жұмыс істейтін қызмет басшылары, сондай-ақ әскери қызметшілер де шетте қалмады, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Тәттігүл Смағұлова.Одан бөлек оқу жылы қарсаңында қызметтер балаларға арнап экскурсиялар, кинотеатрларға, мұражайларға және спорттық іс-шараларға бару ұйымдастырды. Астанада әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі бөлім 300-ден астам әскери қызметшінің балаларын қуыршақ театрына және елордалық циркке тегін апарды.Іс-шаралар әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау, жеке құрамның моральдық жағдайын нығайту және ата-аналары Отан қорғау міндеттерін орындайтын балалардың оқуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1064035?lang=kk
Ақтау гарнизонында запастағы офицерлер қарқынды дайындықтан өтті 08.09.2025
Қазақстанның Әскери-теңіз күштері тарихында алғаш рет запастағы офицерлер қатысқан оқу-жаттығу ұйымдастырылды.Ақтау гарнизонында өткен бұл шараға Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженерлік университетінің әскери-теңіз кафедрасын бітірген 30 әскери міндетті қатысты. Олардың арасында кеме штурмандық қызметі, радиотехникалық байланыс жабдықтарын пайдалану мен жөндеу, дизельдік энергетикалық жүйелер бойынша мамандар бар.Бір ай ішінде офицерлер теориялық сабақтар мен кең практикалық бөлімді қамтитын қарқынды дайындықтан өтті.Жаттығу тәжірибелі флагмандық мамандар мен жауынгерлік бөлім командирлерінің қатысуымен тікелей әскери кемелерде жүргізілді. Негізгі назар штурмандық дайындыққа, зымыран-артиллерия мен теңіз суасты қару-жарағын, байланыс құралдарын және автоматтандырылған басқару жүйелерін игеруге аударылды. – Жиын шеңберінде офицерлер Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз туы көтерілуінің 29 жылдығына орайластырылған оқу-жаттығуларға және кемелердің салтанатты шеруіне қатысты, – деп нақтылады 2-дәрежелі капитан Руслан Яхьяров.Жиын аяқталғаннан кейін өткен салтанатты митингте Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының атынан запастағы әскери міндеттілерге грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.Сондай-ақ, екі офицер Әскери-теңіз күштері құрамында қызметін жалғастыруға ниет білдірді. Бұл оқу-жаттығу резервке деген сенімді нығайтып, елдің теңіз шекарасын қорғауда резервтегі офицерлердің дайындығын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы маңызды қадам болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1063201?lang=kk
Агросектор сделал шаг вперёд, строительство набрало темпы 07.09.2025
Агросектор алға басты, құрылыс қарқыны күшейдіАлматы облысында ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы қатар дамып келеді.Бұл өңірдің экономикасының бір салаға ғана емес, бірнеше бағытқа негізделіп, тұрақты өркендеп жатқанын көрсетеді.2024 жылы облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 682,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығару мүмкіндігін де кеңейтті. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 751 миллиард теңгеге ұлғаймақ. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Алматы облысы осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуде.Облыс республикада ет, өрік және құс етін өндіру бойынша алдыңғы орында тұр. Табиғи өнімге сұраныс өсіп жатқан шақта мұндай көрсеткіш айрықша маңызға ие. Соңғы үш жылдың ішінде облыстың аграрлық өнімдері шетел нарығына да кеңінен шығарылып, экспорт көлемі 1,5 есеге өсті. Бұл 850,9 миллион АҚШ долларын құрады. Мұның артында жергілікті шаруалардың еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жатыр.Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге көмек көрсету мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. Соның аясында жалпы сомасы 10,8 миллиард теңге болатын 1 360 шағын несие берілді. Бұл бастама шалғай ауылдардағы кәсіпті дамытуға және тұрғындардың өз ісін бастауы үшін мүмкіндік туғызды. Қарапайым тұрғындарға нақты қаржылай көмек көрсету – қолдаудың тиімді тәсілі.Ауылмен бірге қала да қарқынды дамып келеді.. Құрылыс саласындағы өсім – осының айқын дәлелі. 2022–2024 жылдары облыста 2,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл мыңдаған отбасының жаңа пәтерге ие болғанын білдіреді. 2025 жылы тағы 960 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.Құрылыс саласының жандануы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да септігін тигізеді. Жұмыс орындары көбейеді, инфрақұрылым кеңейеді, жергілікті өнімге сұраныс артады.– Құрылыс саласындағы өсім – тұрғындардың баспаналы болуына жол ашатын басты фактор. Бұл әлеуметтік тұрақтылықтың негізі, – деді өңірлік конференцияда облыстық құрылыс басқармасының өкілі.Алматы облысының ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында қол жеткізген жетістіктері – жай статистика емес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтижелер. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатыны анық, себебі тұрақты даму бүгін ғана емес, ертең үшін де маңызды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063152?lang=kk
Алматы облысы бюджеттік түсімде рекорд жасады 07.09.2025
2025 жылы бюджет алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Алматы облысының бюджеттік түсімі 2025 жылы алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – өңірдің экономикалық өсімінің нақты көрінісі. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік саланы дамыту мен инфрақұрылым жобаларына бөлінген.Облыстың меншікті кірісі де айтарлықтай артты. 2022–2024 жылдары бұл көрсеткіш екі есеге жуық өсіп, 630 миллиард теңгеге жетті. Түсімнің негізгі бөлігі акциздік салықтардан жиналған.Соңғы үш жылда облыста 696,5 шақырым жол жөнделді. Жол сапасының жақсаруы көлік қатынасының жеңілдеуіне әсер етті. Сонымен бірге, 18 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Бұл – тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадам.Бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік салаға бөлінді. Қаржы білім беру, медицина және әлеуметтік қорғау бағытындағы жобаларға қарастырылған.Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз бұл көрсеткіштерді халықтың әл-ауқатын көтеруге жасалған жүйелі әрекет деп бағалады.Алматы облысының бюджеттегі бұл жетістігі – өңірдің даму қарқынының күшейгенін, тұрғындардың жағдайы біртіндеп жақсарып жатқанын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063153?lang=kk
Агроөнім экспорты 1,5 еседен астам өсті 07.09.2025
Алматы облысы шетел нарығында сұранысқа ие өнім көлемін арттырды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жылдан-жылға артып келеді.Бұл — өңір агросекторының әлеуеті өсіп, сыртқы нарықта сұранысқа ие бола бастағанының көрсеткіші.Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыстың агроөнім экспорты 249,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 397,2 миллион долларға жетіп, 1,5 еседен астам ұлғайған. Яғни небәрі екі жылдың ішінде экспорт көлемі 147,6 миллион долларға артқан.2025 жылдың алғашқы алты айында шетелге 226,3 миллион доллардың өнімі жөнелтілді. Бұл — жыл соңына дейін өткен жылғы көрсеткіштен де асып түсуі мүмкін екенін аңғартады.Экспорт көлемінің ұлғаюына бірнеше фактор ықпал етті: сапалы өнім өндіру, қайта өңдеу кәсіпорындарының дамуы және шетелдік нарықпен тиімді байланыс орнату. Сонымен қатар, мемлекеттің ауыл шаруашылығына бағытталған қолдау бағдарламалары да өз әсерін тигізіп отыр.Алматы облысы бүгінде ет, құс еті, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатарға шықты. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен еңбекқор шаруалары сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр.Агроэкспорттың артуы — тек экономикалық пайда ғана емес, бұл – ауылда жұмыс орындарының көбеюі, фермерлердің табысының артуы және өңірлік экономиканың нығаюы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063154?lang=kk
Кендала ауылында жаңа автобус бағыты іске қосылды 07.09.2025
Талғар ауданының Кендала ауылында тұрғындар үшін маңызды жаңалық – жаңа автобус бағыты іске қосылды. Бұған дейін дачалық массив тұрғындары балалардың мектепке, ал ересектердің аудан орталығына жетуінде қиындықтар туындап келген еді.Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша автокөлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары, бөлім басшысы Асқат Досжановтың жетекшілігімен, №4 маршрут қозғалысын түзетіп, жаңа бағыт енгізді. Енді «Тегістік» бау-бақша серіктестігін Талғар қаласымен байланыстыратын автобус 13 көшені қамтиды.Маршрут саяжайларға кіріп, Сейфуллин атындағы №2 мектептің, аудандық аурухананың, әкімдіктің, орталық базардың жанынан өтіп, қала орталығына шығады. Бірден төрт автобус жолға шығарылып, ауыл тұрғындарының қатынауына едәуір жеңілдік жасалды.Жолақы Alempay картасымен – 120 теңге, балаларға – 60 теңге, қолма-қол – 200 теңге болып белгіленді. Асқат Досжановтың айтуынша, жаңа бағыттың ашылуы тұрғындардың көпшілік өтініштеріне тікелей жауап болды.Бұл өзгеріс Кендала ауылдық округінің тұрғындары үшін оқу, жұмыс және медициналық мекемелерге тез әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік беріп, олардың өмір сапасын арттыра түседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063155?lang=kk
Инвестиция көбейді: Алматы облысына 1,35 триллион теңге 07.09.2025
Алматы облысы соңғы жылдары қаржы тарту жағынан үлкен серпіліс жасап келеді. 2024 жылы өңірге 1 триллион 17,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 триллион 352 миллиард теңгеге жетуі ықтимал.2022–2024 жылдар аралығында облыста 724 миллиард теңгеге жуық қаржыға 98 жоба жүзеге асты. Соның арқасында 11 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Биыл тағы 35 ірі жоба қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында "PepsiCo" зауыты мен "LC Waikiki" компаниясының қойма кешені бар.— Алматы облысы қазір шетелдік және отандық кәсіпкерлер үшін қолайлы аймаққа айналды. Алдағы жобалар өңірдің дамуына тың серпін береді, — деді облыстық экономика және жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз.Тартылған әр теңге — жаңа жұмыс орындары, заманауи өндіріс пен тұрақты табыс көзі. Бұл — облыстың жарқын болашағына жасалған нық қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063151?lang=kk
Экономикалық серпін: Алматы облысы алдыңғы қатарда 07.09.2025
Алматы облысы – бүгінде тек табиғаты көркем өңір ғана емес, экономикалық қуаты артып келе жатқан алдыңғы қатарлы аймақ. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 6 триллион теңгеге жетіп, 104,8 пайыздық өсімді көрсетті. Бұл – жай ғана статистика емес, нақты істер мен терең өзгерістердің көрінісі.Республика бойынша үздік бес өңірдің қатарынан табылу – кез келген аймақ үшін үлкен жетістік. Ал бұл көрсеткішке жету үшін Алматы облысы соңғы үш жылда тың серпінмен дамып, 2021 жылы республика бойынша 10-орында, 2022 9-шы орынды көрсетсе, бүгінде 5-орынға орнықты. Мұндай өрлеу – кездейсоқтық емес, жүйелі саясат пен батыл шешімдердің жемісі.Облыс бұрын аграрлық аймақ ретінде танылса, қазір өндіріс пен инвестицияның жаңа белесіне көтеріліп келеді. Мысалы, 2022 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп саласының өсімі 16,9 пайызды құрап, өндіріс көлемі 1 трлн 930 млрд теңгеге жетті. Бұл – отандық өнімнің үлесі артып, жаңа жұмыс орындарының құрылып, өңір халқының тұрмысы жақсаруда деген сөз. Сарапшылар 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 трлн 210 млрд теңгеге жетеді деп болжап отыр.Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз да осы бағыттағы міндеттерді айқындап берді:
– Біздің басты мақсатымыз – тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында.Алматы облысының бүгінгі экономикалық қарқыны – нақты көрсеткіштермен дәлелденген табыс жолы. Бұл – жергілікті билік пен халықтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ал алдағы уақыттың еншісінде – өндірісті әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау міндеті тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063150?lang=kk
Қазақстан мен Украина СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті 06.09.2025
Астана, 2025 жылғы 6 қыркүйек – Украина тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірді.М.Нұртілеу өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін халықаралық құқық қағидаттарына негізделген берік бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы дипломатиялық күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1063074?lang=kk
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Ұлт қорғау» командасының тәрбиеленушілері марапатталды 06.09.2025
Астанада «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында нәтижелі өнер көрсеткен ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің «Ұлт қорғау» командасына құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, №3, №60 және №79 қалалық мектептердің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.– «Айбын» жиыны – нағыз патриоттар мектебі. Жиында жыл сайын мектеп оқушыларының білімі, әскери және спорттық дағдылары тексеріледі. Біздің балалар 19 ұжым арасында 6-орын иеленді. Бұл жауынгерлік үйлесімді іс-әрекеттің көрсеткіші. Біз мұны үлкен жетістік деп санаймыз, өйткені университет командасы биыл ғана құрылды, – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.№79 мектеп-лицейінің оныншы сынып оқушысы Айбол Нұрбай жеке есепте пневматикалық мылтықтан оқ атудан екінші орын алды. Алғашқы әскери және технологиялық даярлық оқытушыларына және халықаралық жастар жиынына қатысушыларға алғысын білдіре отырып, жоғары оқу орнының бастығы оларға Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальдарды, грамоталарды, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.Естеріңізге сала кетсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны маусым айында Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының оқу-жаттығу орталығында өтті. Оған Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысты. Бақылаушы ретінде іс-шараға Қытай Халық Республикасының делегациясы қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1063057?lang=kk