Қуқық
Алматы облысының инженерлік инфрақұрылымы: орнықты даму мен жайлы өмірдің негізі 24.07.2025
Алматы облысында инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен қамту және газдандыру жүйелерін жаңғырту мен салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – тек техникалық міндеттер ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттыруға, кәсіпкерлік, туризм мен әлеуметтік саланың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған стратегиялық қадамдар.Бүгінде Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп 127 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның ішінде: 15 жоба – жылумен қамту, 25 – электрмен жабдықтау, 13 – газдандыру, 54 – сумен жабдықтау және 20 жоба – су бұру саласына тиесілі. Бұл бағыттардың әрқайсысы өңірдің орнықты дамуына үлес қосатын маңызды тетік саналады.Жылумен қамту мәселесі – басты назарда. Биыл Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында 15 модульдік қазандықтың құрылысы басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,08 млрд теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес, алдағы жылыту маусымында 52 көпқабатты үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде толық аяқталады деп күтілуде.Электрмен қамту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылуда. Оның 18-і – алдыңғы жылдан өтпелі жобалар болса, 7 жоба – жаңадан басталған. Көптеген нысандар биылғы күзде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, халық пен кәсіпкерліктің өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін жаңа қосалқы станциялар салу көзделуде.2025 жылы 13 елді мекенді газдандыру үшін 11 млрд теңге бөлінді. Бұған дейінгі кейбір жобаларда техникалық қиындықтар мен мердігерлер тарапынан жіберілген кемшіліктерге қарамастан, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Кіші Байсерке, Еламан және Шілібастау ауылдарындағы жобалар жоспарға сай іске асуда. Сондай-ақ, Қонаев, Алатау қалаларында және Қарасай, Жамбыл, Балқаш аудандарында жаңа құрылыс жұмыстары басталды.Жобалардың бірқатары инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуда. Матибұлақ, Достық және Тереңқара ауылдарындағы инфрақұрылым нысандары сәтті аяқталды. Бұл – ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында тиімді жұмыстың нақты нәтижесі.2024 жылы сумен жабдықтау бойынша 43, ал су бұру бағытында 20 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын желілердің құрылысына 28,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 19 жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, тағы 66 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.Бұл жұмыстар аяқталған соң, өңірдегі су жүйелерінің тозу деңгейі едәуір төмендеп, халық сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіледі.Айта кету керек, жылу тұтынушыларының 98%-ын халық құрайды. Олар үшін төмендетілген тарифтер қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты жылу жеткізуші мекемелердің қаржылық тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған. 2025–2026 жылдары тұрақты жылыту маусымын қамтамасыз ету үшін 2,5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1,7 млрд теңгесі — облыстық бюджеттен.Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбетовтің айтуынша:«Біздің басты міндетіміз – облыс тұрғындарын сапалы және тұрақты коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Біз инженерлік инфрақұрылым мәселелерін кешенді түрде шешіп жатырмыз: тозған желілерді жаңғыртамыз, заманауи технологияларды енгіземіз, жеке инвестицияларды тартамыз және жобалардың орындалу мерзімі мен сапасына бақылауды күшейтеміз. Бұл – өңірдің орнықты дамуына берік негіз».Инженерлік инфрақұрылымды дамыту – бұл тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық өсуіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және инвестициялық тартымдылыққа жол ашатын қуатты серпін. Әрбір іске асырылған жоба – халықтың жайлы әрі қауіпсіз өміріне қосылған үлес, болашақтың берік іргетасы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1039687?lang=kk
Алматы облысында қолжетімді тұрғын үй жобасы іске асты 24.07.2025
«Қонаев» ӘКК» АҚ серіктесі «DEL Construction» ЖШС-мен бірлесіп, Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде жаңа «Galamat» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Бұл – Боралдайдағы алғашқы заманауи тұрғын үй кешені.Кешен төрт мансардалы бес қабатты тұрғын үйден тұрады. Жалпы ауданы 9 909 ш.м. болатын 220 пәтер пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны — 3,29 млрд теңге.– Жоба тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асырылды. ӘКК-нің қаржылық үлесі 1,5 млрд теңгені (45,6%) құрады, қалғанын инвестор салды, – деді «Қонаев» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Абдыгулов.Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылды: сантехника орнатылып, линолеум төселген. Жаңа үйлердегі бір шаршы метрдің құны – 380 мың теңге.Жоба аясында инженерлік инфрақұрылым мен ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығына ерекше назар аударылды. Тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін тереңдігі 200 метрден асатын екі ұңғыма (негізгі және резервтік) бұрғыланды. Бұл көлем барлық тұрғындардың қажеттілігін толық жабуға жеткілікті. Сонымен қатар, кешенге автономды газ қазандығы орнатылып, ол орталық жүйеге тәуелсіз жылу мен ыстық су береді.Аула аумағы абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс урналары орнатылып, асфальт төселді. Жақын арада балалар алаңы да орнатылады.Конкурстық рәсімдер негізінде жергілікті атқарушы орган кешеннің үш блогынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған пәтерлер сатып алды. Төртінші блок бойынша конкурстық рәсімдер әлі жүріп жатыр.«Қонаев» ӘКК өкілдерінің айтуынша, бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді үлгісіне айналды. Ол тұрғын үй құрылысын жеделдетіп қана қоймай, сапасын да қамтамасыз етті.– Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ӘКК қолдауды қажет ететін облыс тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырды, – деп қорытындылады Мұрат Абдыгулов. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1039651?lang=kk
Қазақстанның ОДМ бойынша үшінші Ерікті ұлттық шолуы БҰҰ алаңында ұсынылған 24.07.2025
Нью-Йорк, АҚШ-Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум шеңберінде БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қолдауымен Қазақстан Республикасының үшінші Ерікті ұлттық шолуының тұсаукесері өткізілді. Баяндаманы делегация басшысы – Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев таныстырды. Құжат әріптестердің оң бағасына ие болды. Оның аналитикалық толықтығы, дайындықтың ашық және инклюзивті сипаты, сондай-ақ Қазақстанның ашықтық және көптеген мүдделі тараптардың қатысуы негізінде орнықты даму саясатын құруға ұмтылысы атап өтілді.Ерікті ұлттық шолу-бұл түрлі мемлекеттің орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізудегі прогресі туралы өз еркімен есеп беретін формат. Қазақстан 2030 Күн тәртібін енгізу басталған сәттен бастап оны іске асыру жөніндегі ұлттық күш-жігерді көрсететін үшінші шолуын ұсынып отыр.Ұлттық шолудың ерекшелігі ОДМ-ны жергіліктендіруге-жаһандық міндеттерді өңірлер мен қауымдастықтар деңгейіне көшіруге назар аудару. Азаматтық қоғамның, депутаттық корпустың, сарапшылардың, жастардың, бизнес және ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен өткізілген консультациялар басым мақсаттарды айқындауға және халықтың пікірін ескеретін ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.Шолудың негізгі элементі қазақстандық жастардың орнықты даму саласындағы көзқарасы мен бастамаларын көрсететін "ОДМ буыны" бөлімі. Бұл блок үкіметтік емес ұйымдармен және белсенділермен әріптестікте дайындалды.Талдау орнықты дамудың барлық 17 мақсатын қамтып, оның сегізіне терең назар аударылады. Бес басым мақсат БҰҰ ұсынымы бойынша, тағы үшеуі қоғамдық сауалнама нәтижесін ескере отырып айқындалды.Алдыңғы шолу сәтінен бастап Қазақстан ОДМ -ны институционалдық бекіту бойынша бірқатар қадам жасады. Жетекші стратегиялық құжаттар-2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы 2030 Күн тәртібін ескере отырып құрылымдалған. Әлеуметтік және Су кодекстерін қоса алғанда, жаңа заңнамалық бастамалар қабылданды.2023 жылы елімізде ОДМ іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Ол негізгі мәселелерді қарап, мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлейді.Халықаралық алаңда ұсынылған үшінші Ерікті ұлттық шолу Қазақстанның орнықты даму қағидаттарына бейілділігін, сондай-ақ ұлттық және жаһандық мақсатқа қол жеткізуге жүйелі, инклюзивті және әріптестік көзқарас қалыптастыру жөніндегі күш-жігерін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1039490?lang=kk
Алматы облысы инвестициялық әлеуетін арттыруда: жарты жылда 420 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды 23.07.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен өңірлік әкімдік отырысында инвестиция тарту бойынша бірінші жартыжылдықтың қорытындылары қаралып, екінші жартыжылдыққа арналған басым бағыттар белгіленді.Облыс тұрақты өсім қарқынын көрсетуде: негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 айда 421,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,7%-ға артты. Оның ішінде жекеменшік инвестициялар көлемі 288,6 млрд теңгені құрады, ал облыстың республикадағы инвестициялар үлесі 5,2%-ға жетті.Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті – I тоқсанның қорытындысы бойынша өңірге 210,7 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 есе көп.Марат Сұлтанғазиев инвестициялардың тұрақты экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыста проактивті тәсіл қолданылады: цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған, өңірлік штаб жұмыс істейді, нақты жобалар портфелі қалыптастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1039195?lang=kk
ТЕМІР ЖҮРЕКТІ ТІРІЛТЕТІН ШЕБЕР 23.07.2025
Автомеханик — бұл жай ғана көлік жөндеуші емес. Бұл — темірдің тілін ұғып, мотордың даусынан ақауды аңғаратын нағыз маман. Ол күнделікті тынымсыз еңбегімен мыңдаған адамның жол үстіндегі қауіпсіздігіне кепіл болады.Көлік — тек жүріп-тұру құралы емес, бұл — адамның серігі, уақыты мен еңбегінің үнемдеушісі. Ал оны сенімді ету — автомеханиктің қолында. Жаңашылдықты меңгеріп, әр бөлшекті жетік білетін шебер ғана бұл мамандықтың ауыртпалығын арқалай алады.Биыл – жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып, бағаланатын жыл. Осындай сәтте автомеханик сынды нағыз еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу — біздің ортақ парызымыз.Кез келген жетістік — елеусіз қалған еңбекпен басталады. Сол еңбектің иесі – автомеханик.#ЖұмысшыМамандықтарЖылы#ГодРабочихПрофессий
«Таза Қазақстан»: Алматы облысының тұрғындары тазалық пен экологияны қолдайды 23.07.2025
Алматы облысында қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді жүзеге асырылуда.Жыл басынан бері бұл акция аясындағы шараларға 220,8 мың адам мен 8 836 кәсіпорын және ұйым қатысты. Нәтижесінде 6,6 мың тонна қоқыс жиналып, 76 702 түп ағаш пен 14 мың келі түрлі ағаш тұқымдары егілді. Әсіресе, мектеп оқушылары белсенділік танытты: облыстың 429 мектебінде 11,2 мың ағаш отырғызылды.Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың айналасын абаттандыру мен тазалау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Атап айтқанда, 3 048 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 55 саябақ пен сквер, 781 тарихи-мәдени нысан және 1 055 әлеуметтік нысан тазаланды. Бұл жұмыстарға 2 395 арнайы техника тартылды.Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы медиажоспар бекітіліп, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 21 мыңнан астам материал жарияланды.Сондай-ақ, экологиялық заңбұзушылықтарды анықтауға арналған телеграм-бот туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, жергілікті тұрғындардың ПИК чаттарында, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмыс чаттарында, «Жетісу» телеарнасында, облыстық сайттар мен баспа басылымдарда 200-ден астам мақала жарық көрді.Бұған қоса, облыс бойынша 43 тақырыптық баннер орнатылып, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеді.«Таза Қазақстан» акциясы — бұл табиғатты қорғауға немқұрайлы қарамайтын мыңдаған адамның ортақ мақсаты мен күш-жігерін біріктірген кең ауқымды бастама. Бұл жұмыс келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1039081?lang=kk
Ықылас, қамқорлық және патриотизм: әскери қызметшілердің балалары «Балдәуренде» демалыста 23.07.2025
Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспарын іске асыру шеңберінде әскери қызметшілердің балаларына жыл сайын жазғы демалыс ұйымдастырылады.Биыл ата-анасы Алматы гарнизонында қызмет өткеріп жатқан Қонаев қаласының мектептерінен 9-10 сынып оқушыларының үлкен тобы Қапшағай су қоймасындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды. Үш апта ішінде көп балалы, толық емес отбасылардан шыққан 28 бала, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балалар өсіріп отырған отбасылар денсаулығын нығайтып, күш-қуат ала алады.Таза ауада демалудан басқа, балаларға арналған тамаша бағдарламалар да бар: түрлі үйірмелердегі сабақтар (музыка, театр, сурет салу), оған қоса әскери-патриоттық іс-шаралар. Балаларға әскери бөлімдерде ашық есік күндері үнемі өткізіліп тұрады, онда оқушылар әскери техникамен, қару-жарақпен танысады, тіпті қолдарында шынайы автоматты ұстап көреді. Парашютпен секіруге арналған тренажерді сынап көруге болатын әуе-десанттық кешенге бару және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсету де балалардың ерекше қызығушылығын тудырады.Алматы гарнизоны әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Адалят Насырованың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың патриоттық тәрбиесіне де ықпал етеді.- Жыл сайын балаларымыздың үйге біраз нәрсе үйреніп оралғанын көреміз. Олар жаңа достар тауып, уақытты тиімді өткізеді, ең бастысы – ата-аналарының қызметі туралы мақтанышпен айтады. Бұл біздің әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу жөніндегі жұмысымыздың маңызды бөлігі, – деп атап өтті ол.Жыл сайын «Балдәурен» орталығында және оның филиалдарында мыңнан аса әскери қызметшінің балалары демалады, бұл Қорғаныс министрлігінің өз қызметкерлерінің отбасыларын қолдауға жүйелі көзқарасын көрсетеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1039055?lang=kk
Ауыл мектебі — жаңа келбет, жаңа мүмкіндіктер 23.07.2025
Талғар ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Кайнар ауылдық округіне қарасты Жалғамыс ауылында 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, алғашқы оқушыларын қабылдады. Ал «Айғаным» шағын ауданындағы Көктал ауылында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы да мәреге таяп қалды – білім ордасының есігі жаңа оқу жылының басында ашылады деп жоспарланып отыр.Аудандық білім бөлімі таратқан мәліметке сәйкес, осыған дейін мыңнан астам бала көрші ауылдар мен Іле ауданына қатынап оқуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, олар Қызыл-Ту ауылындағы №24 мектепке және Іле ауданындағы №7, 13, 24, 38 мектептерге барып жүрген. Бұл ата-аналар мен балалар үшін үлкен қиындық туғызды. Тұрғындар бірнеше рет Білім министрлігіне өз ауылдарында мектеп салу туралы өтініш жолдаған.Мәселе «Жайлы мектеп» жобасына енгізілуінің арқасында шешімін тапты. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бір жылға жуық уақытты алды. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына» қоры, мердігер ұйым – «KazSMU» ЖШС. Нысанды биылғы қазан айында тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90% орындалды: қаңқасы толық аяқталған, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.Жаңа мектепте кітапхана, спорт залы және кең асхана қарастырылған. Ғимарат қазіргі заманның барлық талаптарына толық сәйкес келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1039014?lang=kk
Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» қанатқақты жобасын қолға алды 23.07.2025
Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығын нығайту шеңберінде «Бақты (ҚР) - Покиту» (ҚХР) шекаралық өткізу пункттерінде «ақылды кеден» қанатқақты жобасын іске асыру басталды. Аталған бастаманың маңызды элементтерінің бірі кедендік логистиканың тиімділігін арттырып, цифрландыруға бағытталған автономды (пилотсыз) жүк тасымалдарын жүзеге асыру саналады.Бұл жоба ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Тачэн қаласының (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен болған кездесуде келісілген еді.Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Соған сәйкес осы жобаны бірлесіп іске асыру, сондай-ақ кедендік және логистикалық процестерді цифрландыру саласындағы іс-қимылдарды үйлестіріп, тәжірибе алысу көзделген.«Ақылды кеден» – шекарадан жылдам әрі жайлы өтуге септесетін бірнеше заманауи шешімді қамтиды. Жүктер шекарадан жүргізушісіз автоматты түрде машиналармен тасымалданатын болады.Сонымен қоса екі елмен расталатын бірыңғай электронды декларация іске қосылғанын айта кетейік. Құжаттарды рәсімдеу мен жүктерді алып жүру толығымен цифрлы форматта болады. Осы жұмыс табысты іске асырылған соң жүктер тәулік бойы автоматты навигация мен бақылау жүйелері (көлік жүргізушілерісіз) арқылы жөнелтілетін болады.Болжанып отырған нәтиже:жүк көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту;кедендік рәсімдеу уақытын едәуір азайту;көлік шығындарын төмендету;логистикалық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру;автомобиль инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, логистикалық хабтарды дамыту;астық, майлы дақылдар, ет және өңделген тауарларды қоса алғанда, аграрлық өнімнің экспортын ынталандыру.«Ақылды кеден» шекарадағы инфрақұрылымды жаңартып, жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар бұл ҚХР-мен арадағы сауданы ұлғайтуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзитті орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1038766?lang=kk
ДӘНЕКЕРЛЕУШІ – ДӘРЕЖЕЛІ МАМАНДЫҚ 22.07.2025
Дәнекерлеуші – темір мен оттың тілін таба білген, еңбегімен елдің іргесін бекемдеген нағыз шебер. Бұл кәсіп – қарапайым жұмыс емес, үлкен дәлдік пен шеберлікті, төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін дәрежелі мамандық.Көпшілігіміз ғимараттың биіктігіне, көпірдің мықтылығына немесе зауыт құралдарының қуатына таңданамыз. Бірақ оның артында темірді темірге жалғаған, әрбір жікті жүрегімен жіксіз қылған дәнекерлеушінің ерен еңбегі жатыр.Дәнекерлеуші – құрылыс пен өндірістің тірегі. Оның қолынан шыққан жұмыс ғасырларға қалатын із қалдырады. Бұл кәсіп – терең білім мен үздіксіз тәжірибені қажет ететін шынайы өнер.Қазіргі таңда заманауи технологиялар дамығанымен, дәнекерлеушінің орнын ештеңе баса алмайды. Себебі кез келген өндірістік жүйе адам еңбегімен ғана өркендейді.Егер сен нақты іс пен тұрақты табысты қалайтын болсаң – дәнекерлеуші болу абырой! Бұл – еңбекке адал, шеберлігімен сыйлы болудың жолы.Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ, тек шын шебер мен адал еңбек бар!#ЖұмысшыМамандықтарЖылы#ГодРабочихПрофессий
Судағы сынақ: десантшылар парашютпен секіру машығын жетілдіруде 22.07.2025
Талдықорғанда 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері әуе-десанттық дайындықтың ең күрделі элементтерінің бірі — суға парашютпен секіруді меңгеруге кірісті.Жаттығулар шұғыл жағдайда суға қону кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған арнайы бағдарлама аясында өтуде. Сабақтар барысында әскери қызметшілер суда тез бағдар алуға, өзін-өзі құтқару құралдарын қолдануға, сүңгуге, жабдықтардан арылуға және жағаға шығуға үйренуде. Мұндай тәжірибе таулы, орманды жерлер мен ашық су айдындарында әрекет етуге тиіс десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлері үшін аса маңызды.— Суға түсу — бұл жоғары физикалық дайындық пен психологиялық төзімділікті талап ететін күрделі сынақ. Біздің міндетіміз — әскери қызметшілерді кез келген жағдайда сенімді әрі үйлесімді әрекет етуге үйрету, — деді әуе-десанттық техника бойынша аға офицер-нұсқаушы, майор Нұржан Тантабаев.Дайындықтың соңғы кезеңі —Капшағай су қоймасына практикалық десант түсіру болады. Онда десантшылар жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада ашық суға секіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтайды.Парашютпен дайындық «қанатты жаяу әскердің» жауынгерлік машығының негізгі бөлігі болып қала береді, ол әрбір сарбаздың төзімділігін, шапшаңдығы мен өз күшіне деген сенімділігін қалыптастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1038173?lang=kk
Армия резерві: 300-ден аса запастағы әскери қызметші әскери жиынға қатысып жатыр 22.07.2025
"Мәтібұлақ" полигонында әскери міндеттілермен жиын өтуде. Іс-шаралар Гвардейск гарнизоны 22326 әскери бөлімінің базасында Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан келген әскери міндеттілерге ұйымдастырылды. Жиынға бұрын мерзімді әскери қызмет өткерген 370-тен астам қазақстандық қатысып жатыр. Іс-шаралар әскери дайындалған ресурстарды дайындауға және жинақтауға, әскери дайындықтан өткен қажетті резервті әзір ұстауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауынгерлік қолдануға дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған. – Оқу жиыны бір айға созылады. Оқытудағы басты назар практикалық сабақтарға аударылады. Әскери міндеттілер тактикалық, атыс және саптық дайындық дағдыларын жетілдіріп, бөлімшелер құрамында іс-қимылдарды пысықтап, бірыңғай сапта жұмыс істеуді үйренеді, – деп түсіндірді жиын жетекшісі, Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Файзулла Досанов. Барлық қатысушылар бақылау сынақтары мен емтихандардан өтеді. Бағдарламаны өзінің әскери-есептік мамандығы бойынша сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақ берілетін болады. – Әскерде борышымды өтегенмін, бірақ уақыт өте келе дағдылар ұмытылады, ал мұндай жиындар машықты қалпына келтіруге және жетілдіруге көмектеседі. Жиынға еш ойланбастан келдім. Отан алдындағы борышым – оны қорғауға дайын болу деп санаймын, – деді жиынға қатысушы Ернар Маутханов. Жиынға қатысушылар барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы уақытпен қоса, жиын өтетін барлық кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымдары сақталады. Сонымен қатар, оларға республикалық бюджет есебінен орташа айлық жалақы төленеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1037945?lang=kk
Қостанай облысының ормандары мен жасыл желектері: көгалдандыру мен тұрақтылық бағыты 21.07.2025
Қостанай облысының ормандары экологиялық, климаттық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан зор маңызға ие.Бүгінгі таңда Қостанай облысы әкімдігінің қарамағында 462,0 мың гектар мемлекеттік орман қоры бар, оның 207,5 мың гектарын орманмен көмкерілген алқаптар құрайды. Соңғы үш жыл ішінде орман қорына жатқызылған жерлер көлемі 4,3 мың гектарға (457 718 гектардан 462 009 гектарға дейін) артты. Бұл өсім қордағы бос жатқан жерлерді орман қорына ауыстырып, орман отырғызу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде орын алды.Қостанай қаласының маңында орналасқан мемлекеттік орман қорының "елді мекендердің жасыл белдеуі мен сауықтыру мақсатындағы аймақтар" санатына жататын 6188 гектар жер бар. Соның ішінде 4502 гектар жер орманмен көмкерілген.2021–2024 жылдар аралығында орман қоры жерлерінде 8,7 мың гектар аумақта 55,4 миллион түп көшет отырғызылды. Бұл 2021–2027 жылдарға арналған Орманды молықтырудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылға белгіленген жоспар бойынша 2,9 мың гектарға 19,2 миллион көшет отырғызу көзделген. Ағымдағы жылдың көктемінде 2,9 мың гектар аумаққа 14,5 миллион көшет отырғызылды. Күз мезгілінде 0,8 мың гектарға 4,7 миллион көшет отырғызу жоспарлануда.2022 жылы Аманқарағай өңірінде орын алған ірі орман өрті салдарын жою жұмыстары жалғасуда. 2022 жылғы қарашадан 2025 жылғы шілде айына дейін өртенген аумақтың 61,7%-ына ағаш кесу жұмыстары жүргізілді, орманмен жабылған өртенген жерлердің 34,8%-ы толық өңделді.Жалпы, өртенген аумақта 432 гектар жерге 2,9 миллион қарағай көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, табиғи орман қалпына келуі де байқалады: қайың мен көктеректің жас өркендері өсіп шыға бастады, көптеген жерде қарағайдың өздігінен көбеюі тіркелуде.Орман қоры жерлеріндегі орманды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл жұмыстар орманмен көмкерілген аумақты ұлғайтуға және облыстың ормандылығын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1037701?lang=kk
Кешегі сарбаздар жоғары оқу орындарының грантын иеленді 21.07.2025
Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолданыстағы заң нормалары жауынгерлік оқуда жақсы нәтиже көрсеткен мерзімді қызмет сарбаздарына мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік береді. 2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 сарбаз еліміздің жоғары білім ордаларында оқуға мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері атанды. Сондай жандардың бірі қатардағы жауынгер Жанболат Еспен болды. Армияға дейін ол жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеді. ЖОО-ға ҰБТ балдарын есепке алмай және жақсы мінездеме арқылы түсу мүмкіндігі туралы білген Жанболат грантқа оқуға түсем, жоғары білім алам деп алдына мақсат қойды. Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде борышын өтеген ол өзін жақсы жағынан көрсетті, жүктелген міндеттерін адал орындады, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық бағдарламасын сәтті игерді. Оның мақсатқа ұмтылысы мен жауапкершілігін командирлері де байқады. 12 ай әскери борышын өтегеннен соң былтыр көктемде әскерге шақырылған үздік әскери қызметшілердің қатарында Жанболат Еспен де мемлекеттік грантқа ие болды. Анасы Сәрсембаева Гүлжаухар оны мақтан тұтады. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары майор Ердәулет Темірбаев та жерлесі үшін қуанышты екенін айтты. – Ол армия тек өмір мектебі ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіби мансап құрудың негізі бола алатындығының айқын көрсетті, – деді Е. Темірбаев.Жанболат Еспен туған жері Шымкентке оралып, құжаттарды рәсімдеп, Мирас университетінде оқуға дайындалып жатыр. Запасқа шығарылғаннан кейін ол қызмет туралы алған әсерін бөлісіп, өзінің грантқа түссем деген арманының қалай орындалғанын айту үшін Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарының өзі істеген қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқармасына барды. Жанболаттың бұл ісі Шымкент жастарын саналы таңдау жасауға және қызметті адал атқаруға үлгі боларлық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1037567?lang=kk
138 кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көмегімен бизнесін дамытуда 21.07.2025
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы (БАБӨ) кәсіпкерге жергілікті тауарды экспорттық әлеуеті бар танымал брендке айналдыруға көмектесе отырып, ауылдағы шағын бизнесті дамытудың драйверіне айналуда. Финалистер маркетингтік қолдау мен 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантқа ие болады.БАБӨ жобасын ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Жергілікті және локальды ресурстардан өнім өндірушілерді қолдау» бағыты шеңберінде іске асыруда. Оның басты мақсаты – жергілікті шикізаттан әр өңірдің ерекшелігін көрсететін сапалы өнім шығаратын ауылдық өндірушілерді анықтау және қолдау.2023 жылдың басынан бері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған өңірлік көрмелерге қатысуға 2500-ден астам кәсіпкер өтінім беріп, 2000-нан астамы өз өнімін ұсынған екен. 138 финалист таңдалған. Бұлар 700-ден астам өнім түрін шығаруда. 78-іне қаржы бөлінген. Жобаның финалистері үшін 100-ден аса орау және логотип брендінің дизайны жасалды. 2025 жылғы 17 шілдедегі өңірлік көрмелер 14 облысты қамтыған. 140 жартылай финалист оқудан өтіп, әр өңірдің жеңімпаздары анықталатын соңғы кезеңге дайындалуда. Жыл соңына дейін Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Жамбыл мен Батыс Қазақстан облысында бірқатар көрме өтпек.БАБӨ жобасы қалай жұмыс істейді:өңірлерде өтінімдер қабылданып, көрмелер өткізіледі, онда жергілікті өнімдер таныстырылады;көрмеде жобаның критерийіне ең сай келетін 10 қатысушы (жартылай финалистер) таңдалып, бұдан әрі өңірлік бренд-комитеттер финалистерді іріктейді;жобаның финалистеріне оқыту және маркетингтік қолдау көрсетіліп, брендингке: логотипті, қаптаманы және тауарлық белгіні әзірлеуге көмектеседі;жобаның финалистері өнімдерді республикалық және халықаралық көрме/жәрмеңкелерде ұсынуға мүмкіндік алып, сондай-ақ 5 млн теңгеге дейін гранттық қаржы конкурсына қатысады.Өнімдерге қарапайым, бірақ маңызды талап қойылады:Жергілікті шикізатты пайдалану;Қарапайым өндіріс технологиясы;Өңірге тән ерекшелік (дәмі, пішіні, тарихы);Құрамының қауіпсіздігі;Кейбір сырттан әкелінген компоненттерді пайдалануға жол беріледі.Финалға өңірлік көрмеге қатысқаннан кейін өте алады. Онда өнім 10 балдық шкала бойынша бағаланады. Содан кейін бренд комитеті үздіктердің үздігін анықтайды. Жеңімпаздар тек грант иесі болып қана қоймай, сонымен қатар өз өнімін өңірден халықаралық нарыққа дейін жеткізетін жаңа деңгейге көтеріле алады.«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жай ғана байқау емес. Бұл жергілікті кәсіпкерге, өңір экономикасына, өңірлік ерекшелікті нығайтуға қосылған үлес.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1037519?lang=kk
Алматы облысының әкімі Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапары: өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдар 20.07.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылым, білім беру, сумен жабдықтау және жол құрылысы салаларындағы өзекті жобалардың іске асырылу барысымен танысты.Талғар ауданы: ауызсу мен жол мәселесі – басты назардаСапар Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтау жүйесінің құрылысымен танысудан басталды. Жобаның жалпы құны – 5,2 млрд теңге, ұзындығы – 31,3 км. Құрылыс жұмыстарын «Аскади» мердігер компаниясы «Бесағаш-юг» су құбыры бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Жоба 2024 жылы басталған, аяқталуы биыл жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сыйымдылығы 1 мың текше метрлік резервуар салынып біткен.Облыс әкімі ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жедел әрі сапалы жүргізу қажеттігін атап өтті.Келесі нысан – «Атлетико де Мадрид» футбол академиясына кіреберіс жол. Ұзындығы 3,3 км болатын жолға, тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Асфальт жабыны екі қабатпен төселуде. Жұмыстар тамыз айында басталып, аяқталуы қараша айына жоспарланған.Еңбекшіқазақ ауданы: мектептер, көпірлер және инфрақұрылымЕңбекшіқазақ ауданына сапар Азат ауылындағы негізгі орта мектепке барудан басталды. 1923 жылы салынған, 140 орынға арналған ғимаратта бүгінде 395 оқушы білім алуда. Мектеп апатты жағдайда. Жаңа 300 орындық мектептің құрылысына арналған жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда құрылысқа қаржы бөлінбеген. Облыс әкімі бұл жобаны қаржыландыру мәселесін жедел түрде шешуді тапсырды.Сапар барысында, сондай-ақ, Азат ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мәселесі қаралды. 85 пайызы тозған желілерді қайта жаңарту жобасының құны – 2,15 млрд теңге. Ауылда 3519 адам тұрады.Ауылдың тағы бір өзекті мәселесі – саяжайлар мәртебесінің болмауы. Азат ауылы маңындағы 19 саяжайда шамамен 3 мың адам тұрады. Алайда бұл учаскелерге елді мекен мәртебесі берілмегендіктен, инфрақұрылымдық қызметтерге мемлекеттік қаржы қарастырылмайды. Осыған байланысты әкімдік аталған саяжайларды Талғар ауданының құрамына қосу мүмкіндігін қарастыруда.Апатты көпірлерді қалпына келтіру – жол қауіпсіздігінің маңызды бөлігіСапар аясында облыс әкімі Үлкен Алматы каналы бойындағы апатты көпірлердің жағдайымен танысты. Балтабай және Бәйтерек ауылдық округтеріндегі екі көпір де әбден тозған.• Талғар өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жобасының құны – 1,41 млрд теңге, ұзындығы – 65,2 метр.• Түрген өзені үстіндегі көпір жобасы 674 млн теңгеге бағаланған, ұзындығы – 48,95 метр.Аймақ басшысы аталған көпірлердің құрылысын кешіктірмей бастауды тапсырды, себебі көктемгі тасқындар салдарынан олардың құрылымдары айтарлықтай зақымданған.Жол инфрақұрылымын дамыту – ауылдармен байланысты нығайтуАлмалы ауылына кіреберіс жол – Р-17 «Алматы – Талғар – Евгеньевка» автожолының 3,8 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстары тамыз айында жоспарлануда. Жоба құны – 270 млн теңге.Сонымен қатар, Көктөбе ауылдық округіндегі Төле би ауылында 450 орындық жаңа мектептің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Нысан 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп күтілуде.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жасаған жұмыс сапары – өңірдегі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдардың көрінісі. Аймақ басшысы барлық жобалар мен бастамаларды уақтылы қаржыландыру және тиімді бақылау қажеттігін атап өтті. Бұл өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1037328?lang=kk
Алматы облысының әкімі «Ел бірлігі» орденінің иегері Людмила Хисаеваны арнайы барып құттықтады 19.07.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ел бірлігі» орденімен марапатталған көрнекті қоғам қайраткері Людмила Хисаевна Хочиеваны арнайы барып құттықтады. Аймақ басшысы орден иесіне Ел Президентінің атынан құттықтау лебізін жеткізіп, еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жолындағы сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.Бұл марапат – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға зор үлес қосқан тұлғаларға көрсетілген жоғары құрметтің жарқын көрінісі.Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы — елдегі этносаралық келісім мен бірліктің қалыптасуына ықпал еткен бұл бірегей құрылымның үш онжылдық жолын қайта саралап, оның маңызын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл дата әр азаматқа Ассамблеяның дамуына өз қатыстылығын сезініп, бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан үлесін түйсінуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл мерейтой достық пен ынтымақтастықты нығайтуда Ассамблеяның әлеуеті әлі де зор екенін көрсететін маңызды кезең болмақ.Айта кетейік, Людмила Хисаевна Хочиева – Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері. 1959 жылы Жамбыл облысында туған. 1996 жылы «Минги-Тау» ұлттық-мәдени орталығын құрып, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен кеңестерде қызмет етті. 2007 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, жастар саясаты мен әлеуметтік жобаларды қолдауға белсенді атсалысты. ҚР Президенті Жолдауын насихаттап, заң жобаларын жетілдіруге қатысты. Еңбек сіңірген қайраткер, «Құрмет» ордені мен бірнеше медаль иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Людмила Хисаеваның қоғамдық қызметі мен азаматтық ұстанымын ерекше атап өтіп, оның өмір жолы – өскелең ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті.Бұл кездесу – өңір басшылығының ардагерлерге, қоғам белсенділеріне деген құрметінің, сондай-ақ ел бірлігі мен татулығын сақтау жолындағы еңбекті бағалаудың айқын белгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1037322?lang=kk
50-ден аса спортшы Арнайы операциялар күштері қолбасшысының кубогын алу үшін сынға түсті 19.07.2025
Жарысқа Арнайы операциялар күштерінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларының парашюттік және авиациялық спорт түрлері федерациялары атынан 18 командадан тұратын 50-ден аса парашютші қатысты.Жарыс 22750 әскери бөлімінің базасында "Жоламан-солтүстік" әуеайлағында өтті. Олар арнайы мақсаттағы парашют жүйелерімен екі жаттығуды "қанат:" "жеке дәл қону" және "командалық дәл қону" орындауды қамтыды.Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары подполковник Саят Исанов парашютшілер жарысының аяқталуымен құттықтады. – Бұл чемпионат өз ісінің мамандарын, рухы мықты, бітімі шымыр адамдарды біріктіретін нағыз жарқын оқиға болды. Арнайы операциялар күштері қолбасшылығының атынан барлық қатысушыларға қарқынды дайындық деңгейі, жауынгерлік көңіл-күй және әділ спорттық күрес үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Сендердің әрқайсың тек шеберлік пен кәсібилікті көрсетіп қана қоймай, кез-келген қиындыққа дайын, тәртіпті команданың бір бөлігі қандай болу керектігін көрсеттіңдер, – деді ол.Жарыс қорытындысы бойынша Арнайы операциялар күштері қолбасшысының ауыспалы кубогымен, Семей қ. 74884 әскери бөлімінің құрамасы марапатталып, үздік команда болып танылды."ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері командалары арасында сынақ" тобында командалық жаттығуда 74884 әскери бөлімінің парашютшілері чемпион атанды, екінші орында – 22750 әскери бөлімінің 2-ші құрамасы, үшінші орында – сол әскери бөлімнің 1-ші командасы."Жеке дәл қону" жаттығуында 22750 әскери бөлімінің майоры Асқар Тәкіров жеңді, екінші орынды 74884 әскери бөлімінің лейтенанты Аслан Тасимов, үшінші орынды оның әріптесі сержант Жайдар Сембаев иеленді. АОК құрамына кірмейтін құрамалар арасында бірінші орынды Қарағанды облысы Қазақстан авиациялық спорт федерациясының өкілдері, екінші орынды Астана қаласы парашюттік спорт федерациясының "Астана-1" құрамасы, үшінші орынды ҚР Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері "ДШВ-5" командасының спортшылары иеленді.Жеке біріншілікте Алмас Рахымжанов (Қарағанды облысының Қазақстан авиациялық спорт федерациясы, екіншісі – Геннадий Васильев, үшіншісі – Михаил Латышев (екеуі де Астана қаласының Парашюттік спорт федерациясынан) үздік нәтиже көрсетті.Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1037293?lang=kk
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасы дрон рейсинг чемпионатының жеңімпазы атанды 19.07.2025
Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының базасында дрон сайысынан Қазақстанның алғашқы ашық чемпионаты өтті. Оны өткізуге еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Satbayev University бастамашы болды. Жарысқа бес аймақтан 14 ұшқыш, оның ішінде күш құрылымдарының өкілдері қатысты. Бұл отандық дрон спорты үшін маңызды оқиға болды, алғаш рет бір алаңда кәсіпқойларды да, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың әуесқойларын да біріктірді. Сайысқа қатысушылар арнайы дайындалған тас жолда дрон басқарудағы жоғары жылдамдықты, дәлдікті және техникалық шеберлікті көрсетті.Күштік ведомстволар арасында командалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Құрлық әскерлерінің өкілдері иеленсе, ал Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің командасы үшінші тұғырдан көрінді.Күш құрылымдарының мамандары арасында жеке есепте бірінші орынды Ерсайын Майданқан (Десанттық-шабуылдау әскерлері), екінші орынды Рүстем Сейітжанов, үшінші орынды Ілияс Әбілқасов (екеуі де Құрлық әскерлері) алды.Абсолютті жеке санатта Василий Райков үздік деп танылып, екінші орынды Илья Трофимов, үшінші орынды Ерсайын Майданқан олжалады.– Мұндай чемпионат өткізу – Қазақстанда жоғары технологиялық спорт түрлерін дамытудағы маңызды қадам. Ол әскери және азаматтық құрылымдардағы кәсіби дайындық пен бәсекелестік тәжірибенің элементі ретінде дрон сайысты интеграциялау перспективаларын көрсетті, – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер қызметінің бастығы подполковник Серік Қалтарбаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1037278?lang=kk
KIA АВТОЗАУЫТЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСУҒА ДАЙЫН 18.07.2025
KIA ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ: KIA CORPORATION БІРІНШІ АТҚАРУШЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІЖаңа KIA автозауыты — Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі, отандық машина жасау саласындағы ең ауқымды құрылыс.Бүгін Қостанайдағы KIA зауыты шешуші тексерістен өтті. Оны арнайы келіп, әлем бойынша KIA зауыттарының жұмысына жетекшілік ететін KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль тексеріп шықты.KIA Corporation вице-президентінің Қостанай облысына сапары бұл кезеңнің маңыздылығын айқындады: ол кәсіпорынның толық дайындығына жеке өзі көз жеткізді.Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – 2023 жылдың күзі мен 2025 жылдың жазы аралығында аяқталды. KIA Corporation тарапынан жобаға 117 млрд теңге тікелей инвестиция салынды. Бұл – Оңтүстік Кореядан тыс жерде автомобиль өнеркәсібіне құйылған ең ірі шетелдік капиталдардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге.«Бұл – өңір тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының және барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында зауыт небәрі бір жарым жылда салынды», — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.Жоба мемлекеттік деңгейде толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді: жолдар, теміржол тармақтары, инженерлік желілер салынды.Жаңа өндірістің іске қосылуы – инвестициялық көлемі жағынан ғана емес, әлеуметтік әсері тұрғысынан да маңызды. Алғашқы кезеңде 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл – аймақтағы еңбек нарығын күшейтіп, қостанайлық жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын ең ірі жобалардың бірі.Сонымен қатар, автозауыт маңында Локализациялау орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде тағы 800 адам жұмыспен қамтылады. Орталықта автомобильге арналған орындықтар, шығатын газ жүйесінің бөлшектері және пластикалық элементтер шығарылады.Жаңа зауыттың ерекшелігі – автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістік процестер. Кәсіпорын озық автоматтандырылған желілермен жабдықталған, бүгінде онда 67 робот іске қосылған. Бұл зауытты өңірдегі ең заманауи өндіріс орындарының біріне айналдырады.Жоғары технологиялы өндіріс үшін кадрларды дайындау корейлік Dong-Eui университетімен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен және жергілікті колледждермен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл зауыт іске қосылмай тұрып-ақ кәсіби мамандардың командасын жасақтауға мүмкіндік берді. Негізгі басымдық – жергілікті мамандарға беріліп отыр.«Біз Орталық Азияда инвестиция салатын елді таңдаған кезде, таңдауымыз Қазақстанға түсті — бұл Еуразияның қақ ортасында орналасқан ел. KIA үшін бұл – өте маңызды әрі стратегиялық жоба, — деді KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль. — Қазақстан тарапынан, әсіресе зауыт пен локализациялау орталығының инфрақұрылымын дамытуда көрсетілген қуатты қолдаудың арқасында біз жобаны белгіленген мерзімде іске асыра алдық.Қазір біз автокомпоненттер жеткізушілерін анықтау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз — негізгі бөлшектерді тікелей Қазақстанда өндіру. Бұл жобаның болашағына сенеміз және Қазақстанмен, Қостанай облысымен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға ниеттіміз. Жергілікті мамандардың кәсібилігіне ерекше алғыс айтқым келеді – қостанайлық мамандардың дайындығы бізді шынымен таңғалдырды».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1037237?lang=kk