Қуқық
Алматы облысының кәсіпорындары Бейжіңдегі халықаралық көрмеде өз өнімдерін таныстырды 29.05.2025
2025 жылғы 21 мамырда Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында халықаралық көрме өтті. Көрме аясында Алматы облысының кәсіпорындары қазақстандық өнімдердің кең ассортиментін ұсынды. Іс-шара өңірдің экспорттық әлеуетін ілгерілетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және отандық брендтерді Қытай нарығында танымал етуге бағытталған. Өңір атынан 12 кәсіпорын қатысып, 150-ден астам өнім түрін – азық-түліктен бастап, биоқоспалар, ұн, құрама жем және шарапқа дейін – ұсынды. Таныстырылған өнімдердің жалпы көлемі 250 келіден астам және 1000-нан аса қаптама бірлігін құрады. Алматы облысынан көрмеге қатысушылар:«Даулет-Бекет» ЖШС – түйе сүтінен жасалған құрғақ өнімдер;«Сары-Бұлақ компаниясы» ЖШС – тауық жұмыртқасы мен құс еті;«NEO MILK» ЖШС – бие, ешкі және түйе сүтінен жасалған биоқоспалар;«GALANZ Bottlers» ЖШС – шай негізіндегі сусындар, алкогольсіз сусындар және квас (300-ден астам бөтелке);«Цесна» ЖШС – ұн және макарон өнімдері; «АзияАгроФуд» АҚ (AAFD) – ұн, құрама жем, дәнді дақылдар, патока, глютен, кебек және таныстырылым материалдары;«Алматинский продукт» ЖШС – кондитерлік өнімдер (93 қаптама, 17 кг);«Arba Wine» ЖШС – ақ, қызыл, газдалған және раушан түсті шараптардың 18 үлгісі;«Gold Product» ЖШС – 14 бөтелке шарап және бренди;«Байсерке Агро» ЖШС – компанияның қызметі мен ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша таныстырылым. Көрме қытайлық дистрибьюторлар, сауда желілері және HoReCa секторы өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Табиғи әрі сапалы отандық өнімдер келушілердің жоғары бағасына ие болды. «Халықаралық көрмелерге қатысу – біз үшін жаңа серіктестер табуға, өнімге деген сұранысты тексеруге және сыртқы нарықтағы орнымызды нығайтуға үлкен мүмкіндік. Қытай нарығы өзінің ауқымы мен экологиялық таза өнімге деген жоғары сұранысымен ерекше маңызды», – деді көрме қатысушысы, «NEO MILK» ЖШС директоры Аманбаев Болат Бейсенғалиұлы. «Біз бейтарап (шикізаттық емес) экспортты дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларымызға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мұндай іс-шараларға қатысу – өнім жеткізу географиясын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар өңірдің сапалы аграрлық және қайта өңдеу өнімдері орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы. Алматы облысының кәсіпорындарының Пекин қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысуы айтарлықтай нәтижелер берді: қазақстандық өнімдердің кең ассортименті қытайлық аудиторияға таныстырылып, тікелей байланыстар орнатылды, дистрибьюторлармен, сауда желілері мен HoReCa секторының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді, нақты ынтымақтастық ұсыныстары алынды. Көрме табиғи және экологиялық таза өнімдерге жоғары сұраныстың бар екенін көрсетіп, өңірдің сапалы аграрлық және өңдеу өнімдерін жеткізуші ретінде имиджін нығайтты, сонымен қатар Алматы облысының экспорттық мүмкіндіктерін Қытай нарығында кеңейтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003215?lang=kk
Астанада әскери міндеттілер жиынына қатысушылар маңызды нысанға жасалған шабуылға тойтарыс берді 29.05.2025
Жоспарлы он күндік жиынның соңғы кезеңінде запастағы әскери міндеттілермен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті.Оның барысын Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының, Қарулы күштер Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаментінің және Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қадағалады.– Жиынды өткізу кезінде қойылған міндеттер кешені толық көлемде орындалды. Теориялық және практикалық сабақтарда әскери міндеттілер атқаратын лауазымына сәйкес білімдері мен дағдыларын жетілдірді. Сонымен қоса жұмылдырылған ресурстарды хабардар ету, шақыру, қабылдау және жеткізу бойынша үйлестіру мәселелері мен іс-шаралары пысықталды, – деді Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаев.Оқу-жаттығуда Астана қаласындағы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері маңызды объектіні күзету және қорғау жөніндегі тактикалық эпизодты пысықтады. Жауынгерлік жағдайды имитациялайтын құрал ретінде жарылыс пакеттері қолданылды.– Әскери жиынға шақырылғанымды білгенде жігерлендім. Мен жастарды қолдау орталығында жұмыс істеймін және тәрбиенің ең жақсы құралы – өзіңе үлгі болу деп білемін. Шынында да, нағыз патриотизм елге қызмет етуге және оның мүдделерін қорғауға дайын болуымен көрінеді, – деді запастағы лейтенант Бейбарыс Айса.Бас штаб Аумақтық қорғаныс департаментінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар Астана және Шымкент қалаларындағы әскери жиындар аяқталғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында және Тараздағы «Айша-бибі» полигонында осындай іс-шаралар өтеді.Запастағы әскери міндеттілерді даярлау және қайта даярлау әскери-оқытылған резервті қалыптастыруға және мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1003040?lang=kk
Қазақстан мен Дания ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлауда 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 23 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Дания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі (резиденциясы Мәскеуде орналасқан) Йеспер Вармен кездесті.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілету мәселелерін талқылады.Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы, энергетика, «жасыл» технологиялар, көлік және логистика сияқты салалардағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.Р.Василенко дат компанияларын Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.Анықтама: 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Дания арасындағы тауар айналымы 161 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 34,9 млн, импорт – 126,1 млн). 2005 жылдан бастап Даниядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 300 млн доллардан асты. Қазақстанда дат капиталының қатысуымен 30 кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың қатарында «Carlsberg Group», «Maersk Oil» және «Novo Nordisk» сияқты компаниялар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1003053?lang=kk
Жасыл болашақ: Қостанай облысында 14 миллионнан астам көшет отырғызылды 29.05.2025
Қостанай облысында көктемгі орман отырғызу науқаны сәтті аяқталды. Ауқымды жұмыстар Қазақстан Республикасы Президентінің экологиялық жағдайды жақсарту және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Биыл 2 мың гектардан астам аумаққа 14,4 миллион қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Аймақты көгалдандыру 592 адам, 100 трактор және 75 орман отырғызу техникасының үйлесімді жұмысының нәтижесі болды.Орман отырғызу жұмыстары 2021–2027 жылдарға арналған орманды молайту және орман өсірудің кешенді жоспары аясында жыл сайын өткізіледі. Көктем мезгілі мұндай жұмыстар үшін ең қолайлы уақыт болып саналады — жылы ауа райы мен топырақ ылғалы көшеттердің жақсы тамырлануына септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, биылғы маусымның ауа райы ерекше қолайлы болды, бұл жоғары тіршілік ету көрсеткішіне үміт береді.Көктемгі кезеңнің маңызды оқиғасына айналған «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» экологиялық акциясына орман шаруашылығы қызметкерлері, еріктілер, мектеп оқушылары мен кәсіпорын өкілдері қатысты. Қатысушылардың бірлескен еңбегімен мыңдаған ағаштар отырғызылып, әрбір көшет өңірдің экологиялық таза болашағына қосылған үлеске айналды.«Орманды қалпына келтіру — тек мамандардың ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының ортақ ісі. Әрбір отырғызылған көшет — экологияны жақсартуға, табиғи тепе-теңдікті сақтауға және келешек ұрпақтың қамын ойлауға қосқан үлес», — деп атап өтті облыстық табиғи ресурстар басқармасында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002809?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Түркияға сапармен барды 29.05.2025
Қазақстан Қарулы күштерінің делегациясы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Анкараға барды.Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен және Түркия Қарулы күштері Бас штабының бастығы армия генералы Метин Гюракпен кездесті.Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен перспективалық бағыттарын, өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, әскери оқу-жаттығуларды өткізу, білім беру, тілдік дайындық және бітімгерлік қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы сөз болды. Сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу және өндіру бойынша бірлескен жобаларға қатысты мәселелер қозғалды.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде серіктестіктің жоғары деңгейін куәландыратын өзара сапарлардың оң динамикасын атап өтті.Сапар барысында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Түркияның жоғары әскери оқу орындарында оқитын қазақстандық курсанттармен кездесті.Қазақстандық делегация Түркияның әскери нысандары мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1002944?lang=kk
Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығына – 30 жыл 29.05.2025
Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы 30 жылдығын атап өтті.Салтанатты шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының міндетін уақытша атқарушы Юрий Фенопетов, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің әскери-саяси өлшемдер жөніндегі сарапшысы – Елші Дулат Қуанышев, елімізде тіркелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдері, орталықтың жеке құрамы және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен құрылған орталық алғашқы күннен стратегиялық және әдеттегі қару-жарақты шектеу мен қысқарту, қару-жарақты бақылау, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту шеңберіндегі халықаралық шарттар мен келісімдер аясындағы міндеттемелерді орындау жөніндегі жұмысты үйлестіріп келеді. Бөлімше сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы шетелдік инспекциялық топтардың қызметін қамтамасыз етумен айналысады, бірқатар халықаралық шарттар мен келісімдерге қатысушы елдерде инспекциялар жүргізеді.Орталық ұжымы мен іс-шараға қатысушыларды мерейтоймен құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қару-жарақты бақылау шеңберінде еліміздің халықаралық міндеттемелерді сенімді орындап келе жатқанына тоқталып өтті. – Осы жылдар ішінде Орталық Қазақстан Республикасының аумағында 150-ден астам, одан тыс жерлерде 80-нен астам шетелдік инспекциялар жүргізуді қамтамасыз етті, – деді ол. – Бүгінде орталықтың жоғары кадрлық әлеуеті зор құрметке ие. Ұжым нағыз кәсіпқойлар мектебіне айналды. Мұнда кез келген халықаралық ортада сауатты келіссөздер жүргізіп, аналитикалық жұмыстармен айналысуға және қысқа мерзімде күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлар тәрбиеленіп шықты.Мерекелік жиында орталықтың әскери қызметшілерін марапаттау рәсімі өтті. Қорғаныс министрінің бұйрығымен полковник Нұржан Смағұлов «Ел қорғаны» медалімен, капитан Мұрат Смағұлов «Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Майор Дәурен Сәдуақасовқа подполковник әскери атағы мерзімінен бұрын берілді.Мерекелі шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарының концертімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1002605?lang=kk
Ғылым – білім – өндіріс: Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Новосібір облысындағы (РФ) ғылыми қалашыққа барды 29.05.2025
Мемлекет басшысы наурыздағы Ұлттық құрылтайда Қазақстанда егжей-тегжейлі пысықтай әрі есеп-қисабын жүргізе отырып, ғылыми қалашықтар құруды міндеттеген болатын. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Новосібір облысында құрылған Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің (РҒА СБ) базасындағы Ресейдегі ең ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталықта болды.Делегация құрамына Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, ҰЭМ жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының басшылары, бизнес өкілдері кірді.РҒА Сібір бөлімшесі – Академияның ең ірі өңірлік бөлімшесі. Оның айрықша ерекшелігі, ғылыми-зерттеу қызметін қолданбалы және мемлекеттік міндеттерді шешуге арнаған. РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон атап өткендей, экожүйе дәйекті интеграция принципі бойынша жұмыс істейді: ғылым білімді қалыптастырады, содан кейін оларды білім беру жүйесіне енгізу мен практикалық іске асыру жүреді.Новосібір ғылыми орталығының аумағында үш академиялық қалашық, РҒА СБ 53 ғылыми-зерттеу институты, Новосібір мемлекеттік университеті, Академиялық парк, медбиотехнопарк, «Кольцово» ғылыми қалашығы және ғылыми-инновациялық кластердің басқа да негізгі объектілері жұмыс істейді. 2003 жылы ғылыми қалашық ретінде ресми мәртебеге ие болған Кольцово бүгінде Ресейдегі ең ірі биотехнологиялық кластердің бірі. Мұнда Эбола, А гепатиті және COVID-19 вакциналарын жасаған «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығы орналасқан. Кластерде 30-дан астам шағын инновациялық компания жұмыс істейді.Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников, РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон, ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысқан жұмыс жиналысында Лаврентьевтің «ғылым – білім – өндіріс» үштағаны қағидаты бойынша құрылған экожүйенің технологиялық және инновациялық артықшылықтары айтылды.Андрей Травников атап өткендей, академиялық қалашық, ғылыми қалашық, атом қалашығы сияқты әртүрлі форматтағы ғылым мен технология көп шоғырланған аумақ құру тәжірибесі өткен ғасырда өзін сан мәрте ақтаған. Ол ХХІ ғасырда қолдануға да, қайталауға да лайық. Егер тәжірибе пайдалы болып, Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға ықпал етіп жатса, ол қуанарлық жағдай.Кездесуде экономикалық көрсеткіштер де айтылды: Академиялық парк резиденттерінің 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі жиынтық кірісі екі есе: сәйкесінше 31,8 млрд рубльден 60,5 млрд рубльге дейін өскен. Төленген салық мөлшері 2021 жылы 2,9 млрд рубльден 2024 жылы 6,7 млрд рубльге дейін артқан. «Біз ШОБ-ты дамытуды көздейміз, технологиялық орталықтарды кеңейтуге көп көңіл бөлеміз. Біздің бағалауымыз бойынша, Академпарктің 253 резиденті Новосібір облысының жалпы өңірлік өнімінің шамамен 1,5%-ын қамтамасыз етеді. Салыстырар болсақ, өңірдің барлық аграрлық секторының үлесі ЖӨӨ-нің шамамен 5%-ы», — деп атап өтті «Новосібір Академиялық қалашығы технопаркі» АҚ бас директоры Дмитрий Верховод.Қазақстандық делегация Ресейдегі алғашқы 4+буынды синхротрондық сәулелену көзі – «Сібір айналмалы фотон көзі» (САФК) ұжымдық пайдалану орталығының құрылыс алаңына барды. 2025 жылдың соңында іске қосылатын орталық еуропалық және оңтүстік америкалық технологиямен салыстыруға болатын әлемдегі ең озық ғылыми қондырғының бірі.Сапар соңында Серік Жұманғарин РҒА Сібір бөлімшесіне және Новосібір облысы әкімшілігіне ғылыми-инновациялық кластер құру тәжірибесімен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Тараптар ғылым қалашығының жұмыс істеу моделін тереңірек зерделеп, оны Қазақстанда қолданудың болашағын бағалау үшін бейінді мамандармен тәжірибе алмасуды жолға қоюға уәделесті. https://primeminister.kz/news/gylym-bilim-ondiris-serik-zhumangarin-bastagan-kazakstandyk-delegatsiya-novosibir-oblysyndagy-rf-gylymi-kalashykka-bardy-30076 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1002699?lang=kk
1 ГВт жел энергиясы: Қостанай облысында ең ірі ЖЭК-жобасы салынып жатыр 29.05.2025
Қостанай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы орнықты дамыту және «жасыл» трансформациялау мәселелеріндегі саясаты белсенді жүзеге асырылуда.Өткен аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Күн тәртібінде талқыланған басты мәселелердің бірі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық және экономикалық саясаты аясындағы басымдық ретінде белгілеген стратегиялық бағыт – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту болды.Олжас Бектеновтің айтуынша, Қостанай облысы жаңартылатын энергетика технологияларын тиімді енгізудің үлгісін көрсетіп отыр.2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.2023 жылы Арқалық қаласында қуаттылығы 48 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Жоба құны 20,3 млрд теңгені құрады.Ауқымды инвестициялар - өңірдің болашағы 2025-2026 жылдары өңірде ЖЭК саласында жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 580 млрд теңгені құрайды.Жобалардың ішінде Бейімбет Майлин ауданындағы күн және газ поршенді электр станциялары, сондай-ақ Арқалық және Қостанай ауданындағы жел станциялары бар.Ерекше жоба - қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы, оның аясында 165 жел генераторын салу жоспарланып отыр.Энергетика саласындағы төңкеріс: өндіріс 10 есе өсті Барлық жобаларды іске асыру Қостанай облысында электр энергиясын өндіру көлемін 10 есеге - қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл аймақтың өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, артық электр энергиясын көрші өңірлер мен елдерге экспорттауды мүмкін етеді.Таза энергия – болашаққа қадамӨңір әкімі Құмар Ақсақалов: «Облыс экономикасын дамыту, инвестиция тарту үшін, ең алдымен, электр энергиясы мен газ бойынша қуаттар қорын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті.ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 2027 жылдың соңына дейін Қостанай облысы баламалы энергияны барынша өндіретін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002311?lang=kk
Балуан Шолақтың ізбасарлары 29.05.2025
Алматы облысында қазақ күресінен «Алатау арланы» облыстық турнирі аяқталды. Қарасай ауданы «Үшқоңыр» спорт кешенінде аудандық және қалалық сайыстарда топ жарған балуандар күш сынасты. Жарыс жеңімпаздары «Қазақстан барысы» республикалық чемпионатына жолдама алды. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде елімізге белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті. Жарысты ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қазақ күресі отандық спорттың брендіне айналды. Елімізде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Алматы облысының өзінде 2000-нан астам адам қазақ күресімен шұғылдануда. «Казақстан барысы» республикалық турнирі қазақ күресінің әлемдік аренаға шығуына жол ашты. Бұл спорт жастар арасында отаншылдық рухты оятып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті еселей түседі», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жеребе арқылы балуандар кім мықтыны анықтау үшін бозкілемде белдесті. «Жарысқа аудандық және қалалық сайыстардан үздік шыққан, 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары 32 балуан бақ сынауға келді. Олардың арасында 9 балуан ҚР спорт шебері және бір халықаралық спорт шебері бар. Биылғы бәсекеге қатысушылардың арасында жастардың көп болғаны қуантады. Турнир жеңімпазына «Алтын белбеу» мен 2 000 000 теңге, екінші орынға – 1 000 000 тенге, ал үшінші орынға 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады», - деді турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов.Жарыс қорытындысы бойынша, үшінші орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген балуан Нұрғали Жолтаевқа бұйырды. Екінші орынды Балқаш ауданының балуаны Әлімжан Жұмахметов иеленді. Ілелік Жігер Сәкенұлы қарсылас шақ келтірмей «Алатау арланы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды. «Күреспен мектепте оқып жүргенде айналыстым. Спорт менің серігіме айналды. Қызметіме де көп пайдасын тигізіп келеді. Қазір жасым 34-те. Осы жылдар ішінде көптеген жетістікке жеттім. Қазақ күресі, самбо және дзюдодан спорт шеберімін. Республикалық жарыстардың жеңімпазы атандым. Самбодан Азия чемпионатында топ жардым. Өткен жылы дайындығым дұрыс болмай, жақсы нәтиже көрсете алмадым. Ал биыл облыстық полиция департаменті жарысқа тыңғылықты дайындалуыма жағдай жасады. Соның арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Ендігі кезекте «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындықты бастаймын». – деді Жігер Сәкенұлы. Облыстық турнир жеңімпазына «Алтын белбеумен» қатар ақшалай сыйлық табысталды. Күміс және қола жүлдегер атанғандар да ақшалай сыйлыққа ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1002326?lang=kk
Қарағанды облысына Жасыл климат қорының делегациясы келді 29.05.2025
Қарағанды облысына GCF (Жасыл климат қоры) атқарушы директоры Мафальда Дуарте бастаған делегация келді. Халықаралық қаржы институты Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктестікте Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасын инвестициялады. Ең ірі жобалардың бірі – Сарандағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы, ол 2019 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.GCF басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен және ЕҚДБ өкілдерімен бірге нысанда болып, күн станциясының жұмысын бағалады.Күн паркінің ауданы – 160 га, онда 300 мыңнан астам фотоэлектрлік модуль орнатылған. Бұл жерде негізгі қосалқы станция мен энергия жинақтағыш орналасқан. Бұл кешенге 11 адамнан тұратын ұжым қызмет көрсетеді – штатта көбінесе жергілікті тұрғындар.Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, электр энергиясының орташа жылдық өндірісі 120 млн киловатт-сағатты құрайды. ЖЭК-ті қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен жасалған келісімшартқа сәйкес қуат толық көлемде іске асырылып, KEGOC желісіне беріледі.Жобаның тарихы, қазіргі жағдайы мен келешегі туралы «SES Saran» ЖШС бас директоры Евгений Гребенников баяндады. Ол мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың рөлін атап өтті.– Жасыл экономика туралы заң инвестициялық шешімге қатысты негізгі құжатқа айналды. Жоба басында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Нақты уақыт режимінде ашық терезе қағидаты бойынша аталған жер учаскесін бөлуге, ТЭН әзірлеуге, барлық қажетті материалдарды алуға байланысты біздің барлық бастамаларымыз қолдауға ие болды, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.Ол ЕҚО-мен жасалған келісімшарт қатал және өзгертуге жатпайтынын, бұл инвесторға кепілдік беретінін айтты.Саран күн электр станциясы – таза технологияларды енгізудің және тұрақты энергетикаға халықаралық инвестицияларды тартудың табысты мысалы.Ол экологиялық тұрғыдан көмірқышқыл газын, CO2 шығарындыларын азайтуға көмектеседі.– Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Біз осында келдік, себебі ЕҚДБ-мен бірге осы станция сияқты пилоттық жобаларға көп қаражат инвестицияладық. Нысандарды аралап, олардың дамуын көруге келдім. Қазақстан үкіметімен болашақ жобаларда қандай басымдықтарды белгілеу керектігін талқылағым келеді. Бұл менің сапарымның негізгі мақсаты, – деді Мафальда Дуарте ханым. – Бұл стансаның маңызы зор: атап айтқанда, барлық бағдарламаның 40%-ы дәл осы жобаға тиесілі. Стансаның жұмыс істеп тұрғаны қуантады, біз өз мақсатымызға жеттік.Делегация сондай-ақ Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде болды.Мұнда түрлі салалардағы, соның ішінде жасыл энергетикаға қатысты ғылыми жобалардың көрмесі ұсынылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1002344?lang=kk
Алматыдағы әскери жоғары оқу орнында болашақ офицерлердің көшбасшылық курсы өтуде 29.05.2025
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу полигонында түрлі мамандықтағы екі жүз курсантқа арналған «Сардар» командирлік даярлық курсы ұйымдастырылды.Бағдарлама көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, бағыныстылар үшін жауапкершілікті қалыптастыруға және ұрыс қимылдарына жақын жағдайларда жедел шешімдер қабылдау дағдыларын пысықтауға бағытталған. – «Сардар» курсының негізгі мақсаты – білімді бекіту, жалпы әскери ұрысты жүргізудің жаңа тәсілдерімен таныстыру және бөлімшені тиімді басқаруды үйрету, – деп атап өтті Құрлық әскерлері әскери институты бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Нұрлан Айтжанов.Курс тактикалық, атыс, инженерлік және дене шынықтыру сабақтарын қарастырады. Төртінші курс курсанттары жергілікті жерлерде практикалық тапсырмаларды, оның ішінде түнгі марштар, барлау операциялары және бөлім құрамындағы іс-әрекеттер бар.– Оқытушылардың тәжірибесі, олардың білімі мен кеңестері бізге кәсіби дағдыларды жетілдіруге және командирлік қызметке дайындалуға көмектеседі, – деді курсант Ерназар Елесов. Оқыту барысында моральдық-психологиялық тұрақтылықты дамытуға және жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде командирлік дағдыларды жетілдіруге ерекше назар аударылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1002257?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің алқасы: ведомство басшысы әскерлерді дамытудың басым міндеттерін айқындады 28.05.2025
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы өтті. Онда 2024-2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындысы шығарылып, жазғы оқу кезеңіне арналған қызметтің басым бағыттары айқындалды.Алқа жұмысына Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, сондай-ақ әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.Қорғаныс ведомствосының басшысы геосаяси жағдайдағы өзгерістерге назар аударды. Қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің шетелдік тәжірибесін талдауды ескере отырып, ол қазақстандық армияны даярлаудағы басымдықтарды белгіледі.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйі туралы, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Қарулы күштердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы баяндамалары тыңдалды.Қорғаныс министрінің орынбасарлары жұмылдыру резервін дайындау, әскери міндеттілердің жиынын жоспарлау, резервтегі қызмет жүйесін дамыту, әскери бөлімдерде қатаң жарғылық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды.Әскерлерді даярлау деңгейін, кадрлық әлеуетті, тылдық және техникалық қамтамасыз етуді арттырудың жекелеген мәселелері талқыланды.Алқа отырысын қорытындылаған Қорғаныс министрі командалық құрамға бірқатар басым міндеттер қойды. Олардың қатарында тактикалық барлау міндеттерін пысықтай отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша практикалық сабақтарды ұйымдастыру, инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлау, қауіпсіздік шараларын күшейту, қарумен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды сақтау және т. б. тапсырмалар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001993?lang=kk
Қостанай облысында Байланыс қызметкерлері күні аталып өтті 28.05.2025
2025 жылғы Қостанай облысы әкімдігінің мәжіліс залында кәсіби мереке — Байланыс қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.Бұл күн инженерлер, техниктер, операторлар, диспетчерлер және елімізде сенімді әрі үздіксіз байланысты қамтамасыз етіп жүрген барлық мамандарды біріктіреді.Қостанай облысында телекоммуникация саласында шамамен 3,5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың қажырлы жұмысының арқасында тұрғындарға қашықтықтан байланысу, ақпарат алмасу және маңызды оқиғалармен бөлісу мүмкіндігі туып отыр.Облыс әкімдігі ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиев мамандарға адал еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, тұрақты байланысты қамтамасыз ету мен қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап беру жолындағы еңбектерін ерекше атап өтті.Салтанатты жиын барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің Алғыс хаттары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және басқарма басшысының алғыс хаттары табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1001791?lang=kk
Бейжің төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті 28.05.2025
Аспан асты елінің астанасында қазақ саз өнерінің сайыпқыраны, композитор, дирижер, Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті.Мерейтой аясында Бейжіңнің орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, кеш барысында қазақтың біртуар сазгерінің өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.Салтанатты іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.«Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері — халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстардың биік көрінісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.Ресми бөлімнен кейін шығармашылық кеш жалғасып, көрермен назарына Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы шығармалар ұсынылды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.Сонымен қатар сахна төрінде дәулескер күйші, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова, сондай-ақ Алматы облысының өнерпаздары өнер көрсетті. Шара аясында қазақтың дәстүрлі қолөнері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.Концертке қатысқан Бейжің қаласының тұрғыны Қаламқас Серікқызы өз әсерімен бөлісті:«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы – жүрекке жететін шын өнер. Күй мен әуен арқылы туған елдің рухы мен болмысы сезілді. Қытайда туып-өссем де, қазақ болып туғаныма тағы бір мәрте мақтандым», – деді ол.Айта кетейік, ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға бағытталған халықаралық шаралар жыл бойы жалғасады. Алматы облысы бұл бастаманың бел ортасында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1001849?lang=kk
Алматы облысы мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық артуда: Марат Сұлтанғазиев Қытай астанасында маңызды кездесу өткізді 28.05.2025
2025 жылғы 21 мамырда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Бейжің қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қытай Халық саяси консультативтік кеңесінің Бейжің қалалық комитеті төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестікті нығайту және негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.– Қытай – бай тарихи мұрасы мен зор қазіргі заманғы әлеуеті бар ел. Оның жүрегінде орналасқан Бейжіңде болу – мен үшін үлкен мәртебе, – деді өңір басшысы.Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы, Қытаймен серіктестікті стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.– Қытаймен ынтымақтастық – жай дипломатиялық қадам емес. Бұл – өзара сенімге, прагматизм мен ортақ мүддеге негізделген жол, – деп атап өтті әкім Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып.Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешен, логистика, шекара маңы саудасы, жаңартылатын энергетика және мәдени байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл салалар Қытаймен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.Әкім «Бір белдеу – бір жол» бастамасына Алматы облысының белсенді қатысуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда өңір экономикасы айтарлықтай серпіліс жасап, жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада 10-орыннан 5-орынға көтерілді.Кездесу барысында мәдени байланыстар да ерекше назарда болды.– Біздің қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейді. Біз мәдени жақындасуға үлкен мән береміз. Жуырда Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті. Бұл – халықтарымыздың рухани үндестігінің жарқын белгісі, – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1001860?lang=kk
Әскери теңізші Астанада Night Run марафонының жүлдегері атанды 28.05.2025
Әскери-теңіз күштерінің теңізшісі «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кораблі жауынгерлік байланыс және радиотехникалық қызмет командасының старшинасы 2-ші сатылы старшина Әзімхан Әмірханов 10 шақырымға жүгіруде жүлделі екінші орын алды.Дәстүрлі республикалық Night Run марафоны жыл сайын елордада түнгі уақытта өтеді. Әзімхан 15 жасынан бастап жеңіл атлетикамен белсенді айналысады. Қазіргі кезде ол әскери қызмет пен спортты сәтті үйлестіріп келеді. Оның спорттық мансабында бұл 12-ші марафон. Жыл сайын Ақтау қаласында өткен Каспий марафонына қатыса отырып, ол жоғары нәтиже көрсетуде.– Мен үшін жүгіру тек спорт емес, өмір салты. Ол мені шынықтырып, ерік-жігерімді және беріктігімді шыңдады, – деп атап өтті Ә. Әмірханов.Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының аға офицері үшінші дәрежелі капитан Бекзат Берікқазинов табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесінде келген Әзімханның марафондағы жүлделі орыны жас әскери қызметшілерге үлгі екеніне сенімді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001585?lang=kk
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы орнықты даму мен цифрландыруға қосқан үлесі үшін халықаралық марапатқа ие болды 28.05.2025
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы (МЖӘ) БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) қолдауымен Сербия астанасы Белград қаласында өткен ІХ Халықаралық МЖӘ форумында халықаралық марапатқа ие болды. Халықаралық қазылар алқасы Орталықтың орнықты даму мақсаттары мен цифрлық трансформация қағидаттарына сәйкес келетін МЖӘ жобаларын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.«Бұл марапат – бүкіл кәсіби ортаның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақстан МЖӘ тетіктерін халықаралық стандарттарға сай жетілдірумен қатар, цифрлық технологияларды тиімді енгізу арқылы саланың сапалы дамуына жол ашып отыр», – деді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.Орталықтың мәліметінше, 2006 жылдан бері елімізде жалпы 2,6 трлн теңге сомасына 1100-ден астам келісімшарт жасалған. Жобалардың негізгі бағыттары – білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы болып табылады. Бұл ретте рәсімдердің ашықтығына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға баса назар аударылып отыр. Жобаларды конкурстық іріктеу үшін веб-портал іске қосылып, тікелей келіссөздер жүргізу тәжірибесіне шектеу қойылды, МЖӘ және концессиялар туралы заңдар біріктірілді. Жобаларды жүзеге асыру саны бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары көш бастап тұр.МЖӘ саласындағы негізгі бағыттардың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. 2023 жылғы қарашада Үкімет 2024-2028 жылдарға арналған МЖӘ дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау салаларындағы 43 жобаны қамтиды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1001685?lang=kk
Астанада Мәжіліс депутаттары аумақтық қорғаныс бригадасының қызметімен танысты 28.05.2025
Іс-шара «Теміржол» тұрғын алабындағы дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің аумағында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан әскери міндеттілердің әскери жиынымен тұспа-тұс келді. Сапар барысында Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Максим Рожин мен Самат Нұртаза әскери міндеттілердің тұрмысы, олардың орналасқан жері және тамақтандыруды ұйымдастырумен танысты. Парламентшілер оқу сыныптарына барып, жиынға шақырылған астаналықтармен әңгімелесті. Елордалық аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаев келгендерге бригаданың қызметі және оның мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Бөлім қонақтарына әскери нысанды күзету бойынша тактикалық эпизод та көрсетілді. – Біз өз азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын орындауға саналы және үлкен жауапкершілікпен қарайтынына көз жеткіздік. Бүгінде Парламентте аумақтық қорғаныс туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң жобасына енгізілген нормалар армиямыздың жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін нығайтуға жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтті депутат М. Рожин.Бұдан бөлек ол заңның жаңа редакциясы «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру», «ерікті» және «аумақтық қорғаныс объектісі» сияқты ұғымдармен толықтырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенатта қаралуда. Құжат елдімекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау, қорғаныс құрылыстарын салу, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу және басқа да міндеттерді орындауға еріктілерді тартуды көздейді.Кездесу соңында депутаттар оқу үдерісін жоғары ұйымдастырғаны және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бригада басшылығына, нұсқаушылар мен жиынға қатысушыларға алғыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001742?lang=kk
Псков облысында соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды 28.05.2025
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің армия генералы А.В. Хрулев атындағы әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясында оқитын қазақстандық офицерлер Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған қазақстандық қаза тапқан Псков облысындағы Жауынгерлік Даңқ орындарына барды. Әскери қызметшілер Кеңес Одағының Батырлары – мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Ыбырайым Сүлейменов және 400-ге жуық фашистің көзін жойған аты аңызға айналған мерген, Халық қаһарманы Төлеуғали Әбдібеков жерленген Монаково, Заиванье ауылдары мен Невель қаласындағы бауырластар зиратында болды.-Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Невельде қазақстандық іздеушілердің күш-жігерімен осы қаланы фашистік басқыншылардан азат еткен аталарымызды еске алатын тағы бір ескерткіш пайда болды, – деді подполковник Асылан Қитарбаев. Олар бейбіт өмір үшін жандарын қиды. Майдан даласында құрбан болған ерлерді ұмытпауымыз керек.Батыс Қазақстан облысының іздеушілері невельдік «Гвоздика» іздеу жасағымен бірінші жылдан бері байланыс жасап келеді. Жеңіс күні қарсаңында «Парыз» іздеу жасағы мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің «Жігер» әскери-патриоттық клубының басшысы Марат Аққалиев бастаған топ қазақстандықтардың қатысуымен ашылған ескерткішке армия генералы А. В. Хрулев атындағы әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясының қавзақстандық тыңдаушылары алғашқы болып тағзым етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1001539?lang=kk
Қазіргі заманғы жел қозғалтқыштары Қарағанды облысын жасыл энергиямен қамтамасыз етеді 28.05.2025
Осакаров ауданында Қарағанды облысында қуаттылығы 150 МВт болатын бірінші жел электр станциясы құрылысының екінші кезеңі жүріп жатыр. Жобаны аяқтау осы жылға жоспарланған. Нысанда 20 жаңа жұмыс орны ашылады.Осакаровка, Сарыөзек және Тельман елді мекендерінің арасындағы учаскеде 21 жел генераторының жетеуі орнатылған. Қалақтары бар әрбір діңгектің биіктігі 200 метрден асады. Қуаты 7,7 мегаватт сертификатталған турбиналар – бүгінгі таңда ТМД-дағы ең жаңа және қуатты турбиналардың бірі. Осындай бір жел станогы тұтас елді мекенді энергиямен қамтамасыз ете алады.Осакаров ауданы құрылыс үшін кездейсоқ таңдалмаған: бірнеше айлық өлшемдердің деректері бойынша мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы 8,5 м/с құрайды.– Бір жылдық өлшем мұнда жағдай қолайлы – қатты және тұрақты жел тұратынын, ашық қыратты жер бар екенін растады. Бізге Қытайдан, Германиядан, Франциядан мамандар келді, олардың барлығы орнатылған генераторлардың орналасу әлеуеті мен биіктігін атап өтті, – дейді «Гиперборея» мердігер компаниясының техникалық директоры Дмитрий Силантьев. – Мұнда өндірілген энергия Қазақстанның жалпы желісі - КЕГОК-қа келіп, содан кейін өңірлерге бөлінетін болады.Қазір нысанның құрылысында 150-ге жуық маман жұмыс істейді, ал пайдалануға берілгеннен кейін автоматтандырылған стансаға қызмет көрсетуді барлығы 20 адам қамтамасыз ететін болады.Басқару және мониторинг толығымен орталықтандырылған: барлық процестер арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы қосалқы станция аумағынан бақыланады.Осакаровкада бұл жоба жалғыз емес. Ауданда 500 МВт-тық 65 жел генераторының құрылысы туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, тағы екі ірі жоба әзірлену үстінде – Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1001552?lang=kk