Enbekshi QazaQ

Қуқық

Көктемгі шақыру қорытындысы: Қазақстан әскері 21 мыңнан астам азаматпен толықты 13.07.2026
 Көктемгі шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды.Олардың ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта – Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.Шақыру науқаны барысында Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру мәселелері бойынша жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етіп, олардың тиімді қызметі үшін қажетті жағдай жасады.Бүгінде Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдында міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі. Ал әскери қызметін аяқтағаннан кейін жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады. Қалғандары ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251881?lang=ru
Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық серіктестікті нығайтуды жалғастыруда 13.07.2026
Ашхабад, 2026 жылғы 1 шілде – Түрікменстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Президент Сердар Бердімұхамедов қабылдады.Кездесу барысында ҚР СІМ басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізді.Е.Көшербаев Астанада тату көршілік, өзара құрмет және стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан қазақ-түрікмен ынтымақтастығына ерекше мән берілетінін атап өтті.Өз кезегінде С.Бердімұхамедов екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.Қазақстанның Сыртқы істер министрі биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін де талқылады. Көпжақты форматтар аясындағы екі елдің өзара іс-қимылының жоғары деңгейі аталып өтіп, сондай-ақ Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды екені айтылды.Кездесудің маңызды қорытындыларының бірі – XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылуы болды. Бұл тарихи қадам өңірлік ынтымақтастық пен орнықты дамудың жаңа кезеңіне жол ашты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1251864?lang=ru
Қорғаныс министрінің орынбасары «Қазақстан темір жолы» басшылығымен кездесті 13.07.2026
Астанада Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Джумакеев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың қатысуымен кеңес өтті.Оған Қорғаныс министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері қатысты.Тараптар әскери-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Қарулы күштерінің құрамында мамандандырылған бөлімше құру мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимаратынан қызметтік кабинет бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл шешім ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Кеңеске қатысушылар бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың жүктерін теміржол көлігімен тасымалдауды реттейтін қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл шешім «Көлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданды. Тараптар Қорғаныс министрлігі үшін орындарға алдын ала бронь бөлу тәртібін, сондай-ақ нақты пайдаланылған орындардың ақысын төлеу тетігін айқындайтын қосымша келісім жасасуға келісті.Қаралған барлық мәселеге қатысты Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қатынастар органдарының басшылығына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі. Мұндай қабылданып жатқан шаралар ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, әскери тасымалдар жүйесінің сенімділігін арттыруға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251619?lang=ru
Қазақстан Құрылтайына сайлау күні белгіленді 13.07.2026
Қазақстан Құрылтайы депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.«Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-бабының 3) тармақшасына және 95-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:1. Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалсын.2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеуді және өткізуді ұйымдастырсын.3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын», – делінген құжат мәтінінде.Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1251391?lang=ru
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар» «Ең төменгі жеткіліктілік шектері (ТЖШ) – оларды есептеудің ашықтығы және оларды пайдалану мүмкіндігі сақтала ма?» 13.07.2026
. Жеткіліктілік шегінің мөлшеріне салымшының жасы әсер ете ме және қолданыстағы Әдістеме бойынша ТЖШ қалай есептеледі? Ең төменгі жеткіліктілік шегінің (ТЖШ) мөлшері салымшының жасына байланысты айқындалады. Салымшы неғұрлым егде тартып, зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын, оның болашақ зейнетақы төлеміне қойылатын талаптар да арта түседі. Себебі, оның еңбек қызметі аяқталғаннан кейін алатын зейнетақы табысы халықаралық стандарттарға барынша жақын деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс.  ТЖШ мөлшерін айқындау кезінде болашақтағы зейнетақы төлемдерінің келтірілген құнын есептеудің классикалық формуласы қолданылады. Басқаша айтқанда, жаңа формула арқылы салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) дәл қазіргі уақытта болуы тиіс зейнетақы жинағының ең төменгі мөлшері, яғни ТЖШ көлемі есептеледі. Бұл жинақ болашақтағы зейнетақы төлемдерін мақсатты деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Келтірілген құн формуласының қолданылуы өмір бойына төленетін зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті жинақ көлемін есептеудің халықаралық тәжірибесіне негізделген.  Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қалай өзгерді? ТЖШ-ны есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер болашақтағы жинақтаушы зейнетақының жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ең төменгі зейнетақы жинақтарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер болашақтағы зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары деңгейін қалыптастыруды көздейді.Енді ТЖШ мөлшері әрбір салымшының жасына қарай келтірілген құнды есептеудің стандартты формуласы негізінде және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің мақсатты көрсеткіштерін ескере отырып айқындалады. Нақтыласақ, жаңа әдістеме «Болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақы табысын алу үшін бүгін жеке зейнетақы шотында қандай ең төменгі сома қалуы тиіс?» деген сұраққа жауап береді.Формула ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер), қаржылық (табыстылық мөлшерлемелері мен зейнетақы төлемдерін индекстеу) факторларды, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді – жасына байланысты ең төменгі зейнетақы мөлшерін және ең төменгі жалақыны ескереді. Бұл болашақтағы зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, енді ТЖШ есептеу кезінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейін түсетін болашақ міндетті зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Өйткені өмірлік жағдайларға байланысты жарналар толық көлемде аударылмауы немесе белгілі бір кезеңдерде мүлде түспеуі мүмкін. Мұндай тәсіл азаматтардың жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.  Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі неге өзгертілді? 2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу сияқты заңнамада көзделген балама мақсаттарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнеткерлік жасқа дейін мерзімінен бұрын пайдалану құқығы берілді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін[1] әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітті.Алайда кейінгі жылдары салымшылардың ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтарын жеке зейнетақы шоттарынан жиі алуы олардың болашақта БЖЗҚ-дан алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің төмендеуіне себеп болу қаупі туындады. Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мәндерін қайта қарау туралы шешім қабылданды.Бұл өзгерістер халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес болашақтағы зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Сондықтан болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының сомасына және зейнетақы жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының еңбек табысын алмастыру коэффициентінің өсуіне қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа модельдің енгізілуі зейнетақы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға және азаматтарды болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақымен қамтамасыз етуге бағытталған.  Зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі сақтала ма? Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін заңнамада көзделген баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар үшін сақталады.Сондай-ақ жоғалтқан еңбек табысының кемінде 40 пайызы мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткерлер, зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушылар да бұрынғыдай өз жинақтарын пайдалана алады. Бұл – өзін зейнетақымен қамсыздандыруды белгілі бір деңгейде қамтамасыз еткен азаматтар санаты.Десек те, зейнетақы жинақтарын пайдалану тәсілдері азаматтарды болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақымен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып одан әрі жетілдіріле береді.  Көптеген азаматтар зейнеткерлік жасқа жетпей өмірден өтетінін ескерсек, ТЖШ-ны болашақтағы зейнетақыға сүйене отырып есептеу қаншалықты әділ? 2025 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 76 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі демографиялық деректер халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық деңгейінің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 67,6 жасты құраса, 2001 жылы – 65,6 жас, 2011 жылы – 68,98 жас, 2021 жылы – 70,23 жас болды.Осылайша, соңғы үш жарым онжылдықта Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды. Өмір сүру ұзақтығының артуы азаматтардың зейнеткерлік кезеңде бұрынғыдан да ұзақ уақыт өмір сүретінін білдіреді. Сондықтан еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қалыптасқан өмір сүру деңгейін сақтау үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың маңызы арта түседі.Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің ұлғайтылуы азаматтардың болашақта неғұрлым лайықты деңгейдегі зейнетақы алуына және зейнеткерлік кезеңде ұзақ уақыт бойы қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған. [1] "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Үкімет қаулысы  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1251397?lang=ru
Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу 13.07.2026
Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Онда өңірлерді жедел дамытудың заманауи тетігі белгіленген. «Жедел дамитын қала» мәртебесін де, арнайы құқықтық режимді енгізу де маңызды жаңалық болып отыр.Еліміздің экономикалық өсуінің алғашқы осындай бірегей алаңы мен жаңа орны Алатау қаласы болмақ. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық Заң ауқымды жобаның құқықтық негізін қалайды. Жаңа мәртебенің арқасында Алатау өзінің институционалдық құрылымы бар дербес экономикалық экожүйеге ие болады. Ол 12 ай ішінде кезең-кезеңмен енгізіледі. 1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік органға айналады. Ал қаланың дамуын стратегиялық басқару Премьер-министрдің тікелей төрағалығымен Кеңеске өтеді.Алатауда халықаралық инвесторлар үшін түбегейлі жаңа орта құрылады. Қаланың арнайы режимі бойынша бизнесті жүргізуде орнықты жағдай, жеке лицензиялау тәртібі, «бір терезе» қағидатымен тәуелсіз реттеу және капиталды қорғаудың халықаралық тетігі қолданылады. Қала аумағында үздік әлемдік стандарттармен толықтырылған арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим де жұмыс істей бастайды. Жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қолдауымен жыл соңына дейін сәулет, құрылыс және қадағалау жөніндегі нормативтік база қалыптастырылады.Алатауды стратегиялық жоспарлау алдағы онжылдықтарға есептелген. Қазір 30 жылдық ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспар және 2040 жылға дейінгі стратегия әзірленіп жатыр. Қаланың өзі ақылды және технологиялық тұрғыда болады: Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы жобаланып жатыр. Оның құрылысын корейлік әзірлеушілер 2027 жылы бастайды. Процестерді басқаруда Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы шеңберінде жасанды интеллектке толықтай сенім беріледі. Ол қаланың толыққанды цифрлық егізін құруға арналған.Мегаполистің экономикалық іргетасы үдемелі қарқынмен қалануда. Қолданыстағы жол картасында қазірдің өзінде 36 ауқымды инфрақұрылымдық жоба қамтылған. Сонымен қатар, жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық 53 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Бұл шамамен 51 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251373?lang=ru
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай құттықтауы 13.07.2026
Құрметті солтүстікқазақстандықтар!Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – жалпыхалықтық референдумда азаматтардың еркімен қабылданған Халық Конституциясы заңды күшіне енеді. Бұл – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатын, мемлекетіміздің тарихындағы айрықша маңызы бар оқиға.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Ал жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтардың ерік-жігері мен Әділетті Қазақстан құруға деген ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді.Жаңа Конституция – жаңартылған Ата Заң ғана емес. Бұл – мемлекеттілікті нығайтуға, Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыруға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және әрбір адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына кең мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырулардың берік негізі.Алдымызда мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен міндеттері тұр. Бірлік пен өзара сенімге, ортақ жауапкершілікке сүйене отырып қана біз қуатты, қауіпсіз әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.Осы маңызды тарихи оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!Халық Конституциясы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен әрбір отбасының бақ-берекесінің берік кепілі болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1251193?lang=ru
Қарулы күштер қатары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің 100 түлегімен толықты 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінде оқуды аяқтауға арналған салтанатты рәсімі өтті. Биыл әскери оқу орнын 100 кадет тәмамдап, кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды.Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.Дәстүрге сай оқу бітірушілер Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт мақтанышына тағзым етті.Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков  жас түлектерді құттықтап, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.- Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы білім ордасы үшін - бүгін ерекше күн. Бұл жаңа буынның сапқа қосылу күні. Бүгін түлектеріміздің ішінен оқуда, әскери-тәртіпте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп , колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс, - генерал-майор Асқар Мұстабеков.Салтанатты рәсім аясында жас сержанттар Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылдау рәсімінен өтті. Бұл – әскери қызметке адалдықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби міндетке беріктікті айқындайтын маңызды әскери дәстүр.- Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлектер атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалык көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік ұлы қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Біз Қарулы күштердің жаңа буынымыз, Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, - деді  оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.Бұл күні жас сержанттардың ата-аналары да толқыныстарын жасыра алмай, перзенттерінің жетістігіне шын қуанды.- Бауыр еті балаларымыз бүгін сержант атанып жатыр. Үлкен жолға қадам басқан барлық түлектерге сәттілік серік болсын. Отан қорғау сәтінде абыройлары биік болсын, - деді ата-ана Нұрсұлу Өтеуліқызы.Саптық дефиле көрсету барысында әскери қызметшілер қимылдарының дәлдігімен және қаруды мінсіз меңгеруімен көрермендерді тәнті етті.Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде өтті. Мерекенің шырайын дәстүрлі  мерекелік  вальс аша түсті. Жас сержанттар бал көйлектерін киген арулармен вальс билеп, гүл шоқтарын тарту етті.Іс-шара Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының орындауындағы әсерлі әнмен және суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251078?lang=ru
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтауы 13.07.2026
Құрметті жерлестер! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн – Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Тәуелсіз мемлекетіміз дамудың жаңа көкжиегіне қадам басты.Жаңа Ата Заң – халықтың еркімен қабылданған мемлекетіміздің басты төлқұжаты. Ел азаматтары бүкілхалықтық референдумда белсенділік танытып, тарихтың жаңа парағын ашу жолында дауыс берді. Осы арқылы қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші екенін көрсетті.Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға» деп атап өтті. Сол себепті, Конституциямызды халықтық деп атауға толық негіз бар.Бүгінде «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа мәдени ұстаным қалыптастырды. Осы арқылы Әділетті Қазақстан идеясы орнығып, азаматтардың тең мүмкіндіктеріне бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдар айқындалды.Жаңа Ата Заңымыз елімізді жарқын болашаққа бастайтын, өркениетті мемлекет құру жолында халықтың сенімді кепілі болатынына сенімдімін.Баршаңызды жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1251066?lang=ru
Қазақстан Қарулы күштерінің сержанттар корпусына – 30 жыл 13.07.2026
1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі әскери қызметшілерді даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті сақтаудағы маңызды буын саналатын сержанттар күні атап өтіледі.Бұл мерекенің тарихы 1996 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының құрылуымен байланысты. Аталған шешім тәуелсіз Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастырудың негізіне айналып, кіші командирлерді даярлаудың заманауи үлгісін қалады.2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып бекітілді. Биыл Қарулы күштердің кәсіби сержанттар корпусының құрылғанына 30 жыл толып отыр.Осы жылдар ішінде Қазақстанда Қарулы күштердің даму талаптарына сай кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде сержанттар армияның ажырамас бөлігіне айналып, жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, сержанттар құрамының атқаратын міндеттері ауқымды әрі жауапты. Олар сарбаздардың тікелей командирлері ретінде әскери тәртіптің жоғары деңгейін сақтап, жеке құрамды оқытып-тәрбиелейді және офицерлерге жүктелген міндеттерді орындауда жан-жақты қолдау көрсетеді.– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына және бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді шебер-сержант Темірбек Халықов.Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік сержант» жалпыәскерлік байқауы өткізіледі. Байқауға қатысушылар өздерінің теориялық дайындығы мен қызметтік міндеттерін орындауға қажетті практикалық дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар жеңімпаздар Қазақстан Қарулы күштерінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады.Сонымен бірге Қарулы күштердің оқу-әдістемелік базасы да жетілдірілуде. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріле отырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қолданылатын нормативтер жинағы қайта әзірленді.Сержант кадрларын даярлау еліміздің бес әскери колледжінде он түрлі мамандық бойынша жүзеге асырылады. Олардың түлектері Қарулы күштердің әртүрлі түрлері мен әскер тектерінде қызмет атқарады.Сержанттар корпусы кәсіби Қазақстан армиясының берік негізі саналады. Кіші командирлердің кәсібилігі мен әскери борышқа адалдығы Қарулы күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды факторларының бірі екені анық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251020?lang=ru
Шағын өнеркәсіпті дамыту – аймақ экономикасының маңызды бағыты 13.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сол жағалаудағы шағын өнеркәсіп нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.Алдымен өткен жылы ашылған «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағына барды. Мұнда ет, сүт, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар өндіретін 7 өндірістік цех жұмыс істейді. Шығарылатын өнімдер жергілікті тұрғындардың сұранысына, азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай.«Syr Darya» коммуналдық базары қаладағы сауда инфрақұрылымын дамыту мақсатында ашылған. Базарда сапалы азық-түлік өнімдерін сатуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне қолайлы жағдай жасалған. Аумағында азық-түлік, киім-кешек дүкендері мен тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар. Қазіргі уақытта көтерме сауда орындарын орналастыру үшін ғимарат қайта жаңғыртылып бейімделуде.Келесі нысан – өткен жылы іске қосылған «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің шағын өнеркәсіп аймағы. Мұнда тәулігіне 15 сантехникалық бұйым өндіретін, темір тор шығаратын өндірістік цехтар бар.Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне шағын өнеркәсіпті, ондағы өндіріс ауқымын кеңейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1251023?lang=ru
Қазақстан мен АҚШ іскерлік әріптестікті кеңейтуде: инвесторларға Алатау қаласы мен АХҚО мүмкіндіктері, «Бәйтерек» АҚ қолдау тетіктері ұсынылды 13.07.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан-Америка» іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара екі елдің бизнес-қауымдастығы арасындағы байланысты жандандыруға бағытталған. АҚШ-пен өзара іс-қимылды нығайту Қазақстан Үкіметінің негізгі сыртқы экономикалық басымдығының бірі болып қала береді.Ынтымақтастықтағы өзекті мәселелерді талқылауға ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда Палатасының аға вице-президенті Куш Чокси және т. б. қатысты.Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин әріптестеріне осындай жоғары мәртебелі делегацияны қалыптастырғаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ауқымды ұлттық жаңғырту бағдарламасын дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті.«Ұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Бұл реформалар орнықты экономикалық өсу мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін берік негіз жасайды. Заң мен тәртіптің конституциялық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз елдегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән береміз. 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде сапалы инвестиция тарту жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда. Республиканың халықаралық қатысуы басым инвестициялық нарықтарда Kazakh Invest толыққанды кеңселерін құру есебінен күшейтілетін болады. Бас прокуратура жанынан бизнестің заңды мүдделерін қорғауды және тең жағдайларды қамтамасыз етуге арналған инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ жаңа арнайы визалық режим – Altyn Visa енгізіледі. Оның иелері кірістер мен мүліктерді декларациялаудан, сондай-ақ салық төлеуден босатылады», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.  Серік Жұманғарин бірегей іскерлік ортаны құру аясында ағылшын жалпы құқық қағидатында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктерін атап өтіп, жаңа ауқымды жобаны таныстырды.«Қазақстанның инвестициялық күн тәртібінде Алатау қаласы ерекше орын алады. Ол болашақтың мегаполисі және жаңа бизнес, инновация және инвестиция орталығы ретінде ойластырылған. Оның дамуын қолдау үшін салықтық жеңілдіктерді, бизнесті жүргізудің оңайлатылған ережелерін және цифрлық активтерді бөлек реттеуді көздейтін арнайы құқықтық режим енгізілді. Бұл шаралар Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және жоғары технологиялық салалардың жаңа буынын жедел дамытуға бағытталған», — деді Серік Жұманғарин.Қазақстан вице-премьері ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың төрт перспективалық бағытын атап өтті. Бірінші вектор – мыс, алюминий, сирек жер металдары, мұнай-химия және бидай өңдеу секілді шикізатты терең өңдеу. Жобалардың әлеуетті портфелі $95 млрд көлемінде. Екінші бағыт импорт үлесі 50%-дан жоғары салаларда өндірістерді жергіліктендіруді көздейтін импортты алмастыру болмақ. Мұндағы коммерциялық перспективалы жобалар пулы қазірдің өзінде $20 млрд-тан асып отыр. Үшінші маңызды бағыт – $80 млрд көлеміндегі ұлттық инвестициялық жоспардың жобаларын және тағы $25 млрд көлеміндегі энергетикалық секторды жаңғырту бағдарламасын біріктіретін инфрақұрылым мен энергетика. Төртіншіден, Қазақстан жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік бастамаларды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қаржыландыруға келсек, Қазақстанның даму институттары борыштық қаржыландырудың 80%-на дейін қамтамасыз ете алады. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰИХ АҚ холдингі де жоба капиталында бірлескен инвестор бола алады. Бұл дегеніміз, стратегиялық инвесторлар икемді меншік құрылымын сақтай отырып, жоба құнының 10-20%-ын ғана инвестициялай алады.АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон өз тарапынан тауар айналымының өсуі аясында елдер технологиялық алмасуға баса назар аудара отырып, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып жатқанын айтты.«Осы залда отырғандардың ішінен таныс жүздерді көргенде сауда-экономикалық әріптестігіміздің қандай деңгейге жеткені туралы зор мақтанышты сезінбеу мүмкін емес. Біз бұрынғы бизнес миссиялар кезіндегі қол жеткен нәтижелердің күшті серпінін әлі де сақтаймыз әрі бұрынғы келісімдердің қол қойылған келісімдер мен жаңа іскерлік қатынастарға қалай айналғанын көру де аса қуаныш. Бұл әсер тек статистика емес. Олардың артында мыңдаған жұмыс орындары, маңызды технологиялар мен біздің мемлекеттер арасында қалыптасқан терең, ұзақ мерзімді сенім бар», — деп атап өтті Дебора Робинсон.Дебора Робинсон сондай-ақ Қазақстанның Pax Silica халықаралық бастамасына, яғни жасанды интеллектіні дамыту мен аса маңызды технологияларды жеткізудің сенімді тізбегін қалыптастыру үшін АҚШ құрған технологиялық альянсқа қосылған Орталық Азияның бірінші елі болғанын атап өтті.Қазақстан өзінің сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін дәлелдеуде: еліміздегі ЖІӨ $300 млрд-тан асады. Ал өткен жылы экономикалық өсім жыл сайын 5-6% болжаммен 6,5% болды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20,5 млрд-қа  жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251007?lang=ru
Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту қарқыны артып келеді 13.07.2026
Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Өңірде өндірістік қуаттарды арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған.Соңғы жылдары облыстың агросекторына инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 144 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 980 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың өзінде 26,2 млрд теңге көлеміндегі 33 жоба пайдалануға берілді.Іске қосылған жобалардың негізгі бағыттары – өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Әрбір ірі жобаның құны 1 млрд теңгеден асады.Сүтті мал шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 3,3 мың басқа арналған заманауи мал шаруашылығы кешендері іске қосылып, шамамен 140 жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 27,2 мың тонна сүтті құрайды. Бұл өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Суармалы егіншілікті дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын екі жоба аясында 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашты.Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған өндірістер дамуда. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрайтын ет-сүйек ұнын өндіру цехы іске қосылды. Бұл саладағы қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.Сүт өндірісін дамытуға басымдық берілудеҚостанай облысында сүтті мал шаруашылығын дамыту негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 49 млрд теңге қарастырылып, оның 37,8 млрд теңгесі жылына 80 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 13 сүт-тауар фермасын салуға бағытталды.Қазіргі уақытта жылдық қуаты 46 мың тонна сүт өндіруге жететін жеті ферма іске қосылды. Бұл кешендерде 5,7 мың бас ірі қара мал өсірілуде. Жобалар кезең-кезеңімен толық қуатына шығарылады.Бағдарлама аясында биыл тағы да бірқатар жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Оның ішінде «Халық Агро KST» серіктестігінің 5,2 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы бар. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.Сондай-ақ «Қостанай Осетр» серіктестігі форель өсіру және өңдеу цехын салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 50 тонна өнім өндіруге мүмкіндік алады.Жаңа өндірістер мен ірі жобалар жүзеге асырыладыАлдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес, 2026–2028 жылдары облыста жалпы құны 553 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.2026 жылы құны 35 млрд теңге болатын алты жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде бес сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, өңірдегі сүт өндірісінің көлемі артады. Сонымен қатар «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының «Кондитерлік астана» жобасы жүзеге асырылмақ.Жоба аясында кәсіпорынның кондитерлік өнім шығару көлемі жылына қосымша 16 мың тоннаға ұлғайып, 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі жылына 68 мың тоннаға жетеді.Келер жылы облыста жалпы құны 49,1 млрд теңге болатын екі ірі өңдеу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бейімбет Майлин ауданында астық пен майлы дақылдарды сақтау және өңдеу кешені, сондай-ақ көкөніс қоймасы бар көлік-логистикалық орталық салынады. Жобаның құны – 10 млрд теңге.Лисаков қаласында құны 39,1 млрд теңге болатын май экстракциялау зауыты бой көтереді. Кәсіпорын күнбағыс пен рапсты өңдеп, жылына 174 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу күшейедіӨңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған стратегиялық жобалар да жүзеге асырылуда.Бейімбет Майлин ауданында «Qostanai Grain Industry» серіктестігі астықты терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 187 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын іске қосылған кезде 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 415 мың тонна астық өңдеп, глютен, крахмал, аминқышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіреді.Сонымен қатар Рудный қаласында құны 100,5 млрд теңге болатын қант зауытын салу жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.Федоров ауданында жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасын салу көзделген. Жобаның инвестициялық құны – 66,3 млрд теңге. Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.Осылайша Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған кешенді инвестициялық саясат жүзеге асырылуда. Жаңа өндірістердің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1251012?lang=ru
Алматыда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды 13.07.2026
Алматыдв 60-тан астам отандық өндірушінің басын қосқан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Іс-шара қазақстандық кәсіпорындардың жетістіктерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.Байқаудың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов пен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» директоры Шыңғысхан Маманов қатысты. Олар отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың, өнім сапасын арттырудың және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті.Күні бойы қатысушылар Алматыда өндірілген түрлі өнімдерді көпшілік назарына ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды.«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында I орын – «Qulpynai Production» ЖШС, II орын – «Компания «Камертон» ЖШС, ал III орын – «ЛОТТЕ Рахат» АҚ алды.«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында I орын – «БСФ» ЖШС, II орын – «Концерн Bakarassov» ЖШС, ал III орын – «СК Рахат» ЖШС иеленді.«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында I орын – «Қазақстандық Құбыр Жүйелері» ЖШС, II орын – «Жигалма» ЖШС, ал III орын – «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-не бұйырды.Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары енді Алматының атынан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауына қатысып, еліміздің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250923?lang=ru
Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі Almaty TechCup XII технологиялық чемпионаты басталды 13.07.2026
Алматыда қала әкімі кубогы үшін робот техникасы, бағдарламалау және инновациялық технология бойынша XII ашық Almaty TechCup XII чемпионаты басталды. Биыл өңірдегі ең ірі технологиялық дода Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі») атауымен өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.Чемпионатқа Орталық Азияның бес елінен 3 мыңнан астам мектеп оқушысы, студент және жас инженер, яғни 400-ге жуық команда қатысып отыр. Екі күн бойы қатысушылар робот техникасы, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, автономды жүйелерді әзірлеу және өзге де инженерлік бағыттар бойынша бақ сынайды.Чемпионаттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев, goBILDA робототехникалық платформасының зерттеуші-инженері әрі стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Итан Доуг (АҚШ), сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.Биылғы бағдарлама 14 бағытты қамтиды, оның төртеуі алғаш рет енгізіліп отыр. Атап айтқанда, адам тәрізді роботтарға арналған шешімдерді әзірлеу бойынша хакатон, автономды көліктер жарысы, аэроғарыш технологиясы саласындағы инженерлік жобалар, робот техникасы турнирлері, дрондар жарысы, киберқауіпсіздік сайыстары және жасанды интеллектке арналған интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.Ресми ашылу рәсімінен кейін қонақтарға чемпионаттың жарыс және көрме алаңдары таныстырылды.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогын, білім грантын, ақшалай сыйлығын иеленіп, Қазақстан атынан АҚШ, Қытай және Гонконгта өтетін халықаралық инженерлік жарыстар мен чемпионаттарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250916?lang=ru
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты 13.07.2026
Заманауи өнер музейінде Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джули Стаффт және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін қатысты.Салтанатты рәсім Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Қонақтарды АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт құттықтады.Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін айтты.«Биыл Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі елдің өзара байланысы берік әрі сенімді кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», – деді Дархан Сатыбалды.Шаһар басшысы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың арқасында екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Алматының Қазақстан мен Орталық Азияға шығатын америкалық бизнес үшін табиғи қақпа ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.Қазіргі уақытта Алматыда америкалық капитал бар 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты.Дархан Сатыбалды Алматыда АҚШ Бас консулдығының жаңа кешенін салу жобасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қаланың өңірлік дипломатиялық, іскерлік, гуманитарлық және қаржы орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.Әңгіме арасында туристік және көлік байланысын дамытуға да мән берілді. 2025 жылы Алматыға АҚШ-тан 24 мыңнан астам турист келген. Ал 2027 жылға жоспарланған «Алматы – Нью-Йорк» тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екіжақты байланыстың дамуына жаңа серпін бермек.Ресми бөлімнің шарықтау шегі ретінде іс-шараның «Let freedom ring» («Азаттық үні асқақтай берсін») тақырыбы аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ Елшісі Джули Стаффт және Бас консул Мишель Еркин символикалық қоңырау соқты.Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың қаңтарында орнатылды. Бүгінде екі ел өзара құрметке, ортақ мүддеге және болашаққа деген сенімге негізделген кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250894?lang=ru
Қазақстан мен Әзербайжан Сыртқы істер министрлері стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады 13.07.2026
Астана, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясындағы ынтымақтастықты және 2026 жылғы қазанда Баку қаласында өтетін АӨСШК Саммитіне дайындық барысын талқылады.Министрлер саяси диалогты кеңейтуге және сауда мен инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ басқа да басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1250870?lang=ru
Әскери жоғары оқу орнының 160-тан астам түлегі офицерлік қызметке кіріседі 13.07.2026
Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында жас офицерлердің салтанатты оқу бітіру рәсімі өтті.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, институт басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрам, Қарулы күштер ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.Жас лейтенанттарды Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтап, оларға Отанға адал қызмет ету, әскери антқа берік болу және Қазақстан армиясының үздік дәстүрлерін жалғастыру міндетін жүктеді.Салтанатты рәсім барысында 163 түлекке алғашқы офицерлік погон табысталды. Олардың ішінде ҰҚШҰ желісі бойынша білім алған үш түлек оқуын аяқтаған соң Қырғыз Республикасының Қарулы күштерінде қызметін жалғастырады.Биылғы жылдан бастап заңнамаға сәйкес, үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» әскери шені беріледі. Бұл атаққа Құрлық әскерлері әскери институтының үш түлегі – Ернар Әшімханов, Нұрдәулет Мұрат және Арман Ұндасынов ие болды. Оларға погондарды Астанада өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада Президент табыстады.Шараның көркін 100 домбырашыдан құралған ансамбльдің орындауындағы ұлттық күйлер аша түсті. Ал жас түлектердің офицерлік вальсі салтанатқа ерекше көңіл-күй сыйлады.Алдағы уақытта әскери институт түлектері Қазақстан Қарулы күштерінің бөлімдерінде қызмет атқарып, бөлімшелерді басқарып, жеке құрамды даярлау және жауынгерлік дайындықты жетілдіру ісіне өз үлесін қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250784?lang=ru
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды 13.07.2026
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады.Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген басқа да заңды тұлғалар іріктейді. Үміткерлер мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жіберуі қажет:1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттың қағаз нұсқасын мына мекенжай бойынша тапсыру қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі. Электронды нұсқа daryn2026kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін). «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының қағидасыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1250698?lang=ru
Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Қытайда өткен турнирде қола жүлдеге ие болды 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі лейтенант Аян Тұрсын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасында ушу-саньдадан өткен халықаралық турнирде қола жүлдені жеңіп алды. Жарыс Қытай Халық Республикасының Аньлу қаласында өтті.Турнир қорытындысы бойынша лейтенант Аян Тұрсын үшінші орынға ие болып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің намысын лайықты қорғап, қазақстандық әскери спортшылардың жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.Аян Тұрсын спорттық жолын олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондомен айналысудан бастады. Кейін аралас жекпе-жекке ауысып, өз мүмкіндігін толықтай жүзеге асыра білді.Лейтенант Аян Тұрсын – «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Спорттық мансабы барысында республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.Оның жетістіктері қатарында әуесқойлар арасындағы ММА бойынша Қазақстанның VI чемпионатындағы жеңісі, ММА-дан Азия чемпионатының күміс жүлдесі, ушу-саньдадан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы атақтары бар. Сонымен қатар, ол таэквондо, ушу және жекпе-жек түрлері бойынша спорт шебері.Он жылдан астам уақытқа созылған спорттық мансабында Аян Тұрсын түрлі деңгейдегі 56 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 25 алтын, 16 күміс және 15 қола медаль бар. Бұл жетістіктер – көп жылғы табанды еңбектің, жоғары тәртіптің және спорт пен әскери борышқа деген адалдықтың нәтижесі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250674?lang=ru