Қуқық
Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті 30.06.2026
Армия орталық спорт клубында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған XXIX халықаралық бокс турнирі аяқталды.Чемпиондық белбеу сынға түскен шаршы алаңда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 130 былғары қолғап шебері бақ сынасты. Турнирдің құрметті қонақтары қатарында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан, Nomad Wrestling ұйымының президенті Мақсат Қиқымов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қанат Ислам болды. Жарыстың жабылу рәсімінде турнирге қатысушыларды ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов құттықтады. – Халықаралық бокс турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтей көрнекті қолбасшыны жадымызда сақтап, еске алуға арналған сайыс. Жекпе-жек барысында сіздер нағыз жауынгерге тән күш-жігерді, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңіздер. Турнир спорттық дәстүрлерді нығайтып, шеберлікті шыңдауға ықпал еткен маңызды шара болды, – деп атап өтті ол.Командалық есепте Қазақстан құрамасы 9 алтын, 9 күміс және 17 қола медаль олжалап, бірінші орын еншіледі. Өзбекстан құрамасының қоржынында бір алтын және бір күміс медаль болса, Тәжікстан спортшылары екі қола жүлде, ал Қырғызстан құрамасы бір қола медаль иеленді. Сайыстың қорытындысы бойынша АОСК өкілдері Сәкен Бибосынов (55 келіге дейін) пен Бекнұр Батырбек (85 келіге дейін), сондай-ақ еліміздің атынан сынға түскен Ернар Қарап (50 келіге дейін), Асылжан Серікбай (60 келіге дейін), Абзал Серік (65 келіге дейін), Ернұр Сүйінбай (70 келіге дейін), Еркебұлан Шайкенов (75 келіге дейін), Нұрқанат Райыс (80 келіге дейін) және Думан Нұржан (90 келіге дейін) чемпион атанды. Ал 90 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Мадияр Сайдрахимов жеңіске жетті. Турнир шаршы алаң шеберлеріне қарсыластарының техникасын бағалап, тактикалық дайындық деңгейін арттыруға және спорттық рухты нығайтуға мүмкіндік берді. Аталмыш шара қазақ халқының дара перзенті Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ұлықтауға, спортты насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1231051?lang=ru
Бішкекте ШЫҰ Даму банкін құру мен қаржылық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды 30.06.2026
Таяуда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының іс-шаралары өтті, оның шеңберінде ШЫҰ Даму баннкін құру, мүше мемлекеттердің қаржылық өзара іс-қимылын кеңейту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бұл басқосуға Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысты. Қатысушылар болашақ қаржы институтын қалыптастыру, сондай-ақ қаржы саласын қаржыландыру мен цифрландырудың заманауи құралдарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.Атап айтқанда, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған үшінші консультативті кездесу өтіп, оның барысында Дәурен Маратұлы тәуелді қаржыландыру, жергілікті валюталар мен балама құралдарды пайдалану арқылы жарғылық капиталды қалыптастыру, сондай-ақ штаб-пәтерді орналастыру бағытында талаптарды айқындаудың маңыздылығын атап өтті.Өз кезегінде қатысушылар ШЫҰ Даму банкін құрудың мән-маңыздылығы мен көпжақты консультациялық процесті ілгерілетуге бейіл екендерін тағы да растады. Бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуі де өткенін айта кетейік. Оның барысында қаржылық өзара іс-қимылды кеңейту мен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Сонымен бірге басқосуда заманауи халықаралық қаржы жүйесінің, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны цифрландырудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды.Осы орайда Д.Кеңбеил технологиялық тұрғыда дербес әрі инновациялық мемлекет моделіне көшуге бет Қазақстанның қаржы жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарын таныстырды. Әсіресе мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен тұңғыш рет Қытай қор нарығына панда-облигацияларының сәтті шығарылымына ерекше назар аударылды.Кездесудің қорытындысына сәйкес ұйымға кіретін мемлекеттердің өкілдері серіктестікті одан әрі дамытып, өзара тиімді мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1231052?lang=ru
Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты. Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бұл «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін қара шаңыраққа айналмақ. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. «Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден астам этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізеді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», – деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы болған кәсіпкерлерге алғыс айтты.Нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыр орнатылады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231057?lang=ru
ЕАЭО елдерінің басшылары ЖИ-ды жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады 30.06.2026
Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады.Аталған құжатты әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 21 желтоқсанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында көтерген болатын. Бұл ұсыныс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы тарапынан қолдау тапты.Бірлескен мәлімдеме ЕАЭО елдерінің жасанды интеллект саласындағы практикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, озық практикалар мен технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экономика салаларында өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған. Бүгінде ЖИ тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы болып отыр. Құжатта елдердің ұлттық цифрлық егемендігін ескере отырып, экономикалық және технологиялық әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылған.Қазақстан цифрлық дамуды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылады.Елде цифрлық технологияларды жан-жақты дамыту саясаты және жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, Астанада ЕАЭО шеңберінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы Қазақстан Республикасының ілгерілетіп жүрген цифрлық күн тәртібінің өзектілігін көрсетеді.Жалпы, құжат ЕАЭО аясында ЖИ технологияларын жауапты пайдалану қағидаттарын айқындайды. Бірлескен мәлімдеменің негізгі міндеттеріне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасының негізгі салаларын цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні кемсітусіз әрі этикалық тұрғыдан қолдану, сондай-ақ мүше мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231070?lang=ru
Астанада ЕАЭО мен Орталық Азия елдері аккредиттеуді цифрландыру мәселесін талқылады 30.06.2026
Қазақстан астанасында Дүниежүзілік аккредиттеу күніне орай «Инновациялар, сенім және тұрақтылық: аккредиттеудің ықпалы» атты халықаралық форум өтті.Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытайдан келген делегаттар қатысты.Форумда сәйкестікті бағалау үдерістерін цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Еуразияның ортақ нарығындағы өнім сапасын бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова сөз сөйлеп, аккредиттеудің бүгінде техникалық рәсім шеңберінен шығып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, халықаралық сауданы дамытудың және тұтынушылар құқығын қорғаудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.«Аккредиттеу бұрыннан бері сәйкестікті бағалаудың техникалық құралы ғана емес. Ол халықаралық сауданың, инвестициялық тартымдылықтың және мемлекеттің экономикалық орнықтылығының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Әрбір сертификаттың, сынақ хаттамасының және стандарттың артында адамдардың қауіпсіздігі, өмір сапасы мен тұтынушының сатып алған өніміне деген сенімі тұр. Халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, біз бақылаудан тәуекелдерді басқаруға және цифрлық қадағалауға негізделген жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшіп келеміз», – деді Айжан Бижанова.Қазіргі таңда Қазақстанда 1700-ден астам аккредиттелген субъект жұмыс істейді. Ұлттық аккредиттеу жүйесі тұрақты түрде дамып, ауқымын кеңейтіп келеді.Биыл Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшылары кеңесіне төрағалық етіп, өзара сенімге негізделген бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру бастамаларын ілгерілетуде.Форум барысында жабдықтары цифрлық жүйемен біріктірілген Smart Labs зертханаларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Заманауи технологиялар сынақ нәтижелерін автоматты түрде жіберуге, көрсеткіштерді оператордың қатысуынсыз тіркеуге, барлық әрекеттің цифрлық ізін сақтауға және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Искандер Хамитов өңір елдері сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану мен сенім қалыптастыру бағытында ортақ ұстанымдарға бет бұрып отырғанын айтты.«Қазақстан ұлттық аккредиттеу жүйесін дамыту, үдерістерді цифрландыру және халықаралық деңгейдегі сенімді нығайту жөнінде ауқымды міндеттер қойып қана қоймай, оларды нақты іске асырып келеді. Ашық ынтымақтастық пен сәйкестікті бағалаудағы бірыңғай тәсілдер ғана ЕАЭО кеңістігінде тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ортақ нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», – деді Искандер Хамитов.Форум соңында отандық сапа инфрақұрылымының халықаралық деңгейде танылуына және қазақстандық сертификаттарға деген сенімнің артуына үлес қосқан сала мамандары марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231075?lang=ru
Атырау облысында 12 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр 30.06.2026
Жаңа мәдениет үйлері Құрманғазы ауданындағы Көптоғай, Бірлік, Азғыр, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Миялы, Жангелдин, Мұқыр, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай, Қосшағыл және Исатай ауданындағы Нарын ауылдарында салынып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Соңғы жылдары өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылдан бері облыста 14 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, 54 мекеме күрделі және орташа жөндеуден өтті.Өңірдегі ірі жобалардың қатарында Атырау қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орындық концерт залы мен жаңа тарихи музей ғимараты бар. Сондай-ақ бұрынғы «Неке сарайы» ғимараты қайта жаңғыртылып, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің иелігіне беріледі.Қазір облыста 242 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Салада 3 мыңнан астам маман еңбек етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231143?lang=ru
Шет мемлекеттердің әскери қызметшілері тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификаттар алды 30.06.2026
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті шетелдік тыңдаушылар үшін қазақ және орыс тілдері бойынша қарқынды курстар ұйымдастырды.Курсты тәмамдаған түлектерге сертификаттар табыстау рәсіміне АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт, Францияның Қазақстандағы елшілігі жанындағы әскери атташе полковник Робер Аземан және Түркияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Муждат Бекташ шақырылды. Салтанатты іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов қарсы алды. Ол оқытушылар құрамына кәсібилігі мен оқыту әдістемесін терең меңгергені үшін шынайы алғысын білдірді. Соның арқасында тыңдаушылар оқу бағдарламасын табысты игергенін атап өтті.– Тілдік даярлық – заманауи әскери қызметшіні қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Тілдік курс олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге халықаралық деңгейде тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өзара құрмет пен сенімге негізделген сындарлы диалог орнатуға ықпал етеді, – деп атап өтті ол.Өз кезегінде АҚШ Елшісі Джули Стаффт университет басшылығына оқытуды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол майор Эбигейл Блаунт Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде тілдік бағдарламаны меңгерген АҚШ Қарулы күштерінің алғашқы әскери қызметшісі екенін атап өтті. Елшінің пікірінше, бұл оқиға әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілі бойынша қарқынды курстардан Түркияның әскери қызметшілері – аға лейтенанттар Демир Каан, Нусрет Кодор, шебер-сержант Сердар Бинзеофицер және Франция Қарулы күштерінің офицері майор Фредерик Галлуа білім алды. Сонымен қатар Түркияның үш әскери қызметшісі қазақ тілі бойынша курстық бағдарламаны меңгерді. Олар – аға лейтенанттар Вахит Эльалмыш, Мелих Балкаш және аға сержант Хусейн Эфе.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1231148?lang=ru
Аймақ басшысы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарымен кездесті 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашевамен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің өнеркәсіп саласын дамыту, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы қормен бірлескен жобаларды жалғастырудың маңызын атап өтті.Өз кезегінде Жанар Шатырханқызы қор алдағы уақытта да кәсіпорындарды жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы қолдай беретінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын іске қосу және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жандандыру жайы да қарастырылды. Әріптестік байланысты одан әрі нығайтудың, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.Айта кетейік, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен және қаржыландыруымен өңірде бірқатар ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ayna Glass» ЖШС айна шығару зауыты, «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, сол жағалаудағы «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС екі шағын өнеркәсіптік аймағы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы инвестициялық жобалар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231212?lang=ru
Тарихи алтын: қарағандылық спортшы АҚШ-та өткен IBJJF әлем чемпионатында жеңімпаз атанды 30.06.2026
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан IBJJF Worlds әлем чемпионатының 30-шы турнирі өтті. Бұл жарыс — әлемдегі ең беделді әрі бәсекелестігі жоғары додалардың бірі, жыл сайын барлық құрлықтан келген үздік спортшыларды жинайды. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді.Ересектер құрамасы қоңыр белбеу дәрежесінде екі бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаз атанғандар — Алинұр Қуатұлы мен Сейілхан Болат. Ал Батыр Теңізбай қола жүлдені иеленді.Ерекше мақтаныш — қарағандылық жас спортшы Асанәлі Абаевтың жетістігі. Ол Қазақстан тарихында IBJJF бойынша алғашқы әлем чемпиондарының қатарына еніп, отандық спорт шежіресіне есімін қалдырды.Асанәлі Juvenile 1 санатында, 53,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, көк белбеу бойынша сынға түсті. Чемпиондық атаққа жету жолында ол төрт ауыр белдесуді өткізді. Финалда қазақстандық спортшы Бразилиядан келген мықты қарсыласымен кездесіп, тартысты жекпе-жектен кейін төрешілер жеңісті Абаевқа берді. Осылайша ол әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1231268?lang=ru
Құрылыс барысы тұрақты бақылауда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылыс алаңдарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен сол жағалауда салынып жатқан, құрылысына 14 млрд 780 млн теңге бөлінген, тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емханаға барды. Көпсалалы медициналық мекеме 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған.Бұдан кейін облыс әкімі Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады.Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231297?lang=ru
Алматы облысының жедел жәрдем автопаркі 90 жаңа көлікпен толықты 30.06.2026
Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі ауқымды жаңартудан өтуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталады. Қазіргі уақытта автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген.Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылса, қалған 70 көлік жақын күндері қызметке кіріседі.Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.«Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», — деді Ержан Сүлейменов.Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға бизнес өкілдері де қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында «Mareven Food» ЖШС жедел медициналық жәрдем қызметіне гуманитарлық көмек ретінде «В» класындағы 10 Foton маркалы санитариялық автокөлікті табыстаған болатын.Қазіргі таңда Алматы облысында жедел медициналық көмекті 1 станция, 12 қосалқы станция, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокациялық пункт және 1 санитариялық авиация бөлімшесі көрсетеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231456?lang=ru
Қазақстан мен Польша әуе қатынасын кеңейтуде: Варшавада Алматыға жаңа тікелей рейстің тұсаукесері өтті 30.06.2026
Фредерик Шопен атындағы халықаралық әуежайда Польшаның LOT Polish Airlines әуекомпаниясы жүзеге асыратын Варшава - Алматы - Варшава бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсінің ресми тұсаукесері өтті.Іс-шараға Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігі, мемлекеттік органдар, іскер топтардың және туристік саланың өкілдері, сондай-ақ LOT әуекомпаниясының басшылығы қатысты.Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілі жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.LOT әуекомпаниясының 2017 жылдан бері Астана мен Варшава арасында тікелей рейстерді табысты орындап келе жатқаны және Қазақстан мен Польша арасындағы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның ең ірі қаржы, мәдени және туристік орталығы болып саналатын Алматы қаласына жаңа рейстің ашылуы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Сонымен қатар, жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланыстарын дамытуға және еліміздің Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық әрі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі стратегиялық бағытына да толық сәйкес келеді.Іс-шараға қатысушылар жаңа бағыт жолаушылар ағынының артуына, іскерлік және туристік алмасулардың жандануына, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.Варшава - Алматы бағыты бойынша рейстер Boeing 737 MAX 8 әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1231542?lang=ru
Әскери-теңіз күштерінің кемелерінде әскери қызметшілердің отбасылары үшін Балаларды қорғау күні атап өтілді 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әртекті кемелер дивизионының теңізшілері өз отбасыларын әскери-теңіз базасына шақырды. Олар 300-ден астам қонақты сап түзеп қарсы алды.Мерекелік бағдарлама Әскери-теңіз күштері шығармашылық ұжымының концертімен басталды. Балалар сүйікті кейіпкерлерінің бейнесіндегі аниматорлармен бірге ойындар мен байқауларға қатысып, ән айтып, би биледі. Олардың шат күлкісі мен қуанышы мерекені ерекше көңіл-күйге бөледі.Мереке аясында «Менің әкем – батыр» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қатысушылардың жұмысы Отан күзетінде тұрған әкелеріне деген сүйіспеншілік пен құрметтің шынайы көрінісіне айналды. Жеңімпаздарға әскери-теңіз базасының командирі 1-дәрежелі капитан Есенғали Байботаевтың атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.Балалардың есінде ерекше қалған сәттердің бірі – кемемен теңізге шығу болды. Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторына «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесі мен «Алатау» мина-трал кемесі сапарға шықты. Теңіз серуені барысында балалар қаланың теңіз жақтан көрінетін әсем көрінісін тамашалап, әскери теңізшілер қызметінің ерекшеліктерімен танысты.– Мен алғаш рет осындай үлкен кемеге мініп, әскери теңізшілермен бірге теңізге шығып тұрмын. Қуанышым мен алған әсерімде шек жоқ. Ата-аналарымызға және мерекені ұйымдастырған барлық азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Бұл күн менің есімде мәңгі сақталады, – деді сурет байқауының жеңімпазы Альтаир Тағайбекұлы.Кемелер тұрақты орналасқан орынға оралғаннан кейін де мереке өз жалғасын тапты. Балаларға арнайы швед үстелі ұйымдастырылып, түрлі дәмді тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ оларға тәтті сыйлықтар табысталды. Балалар кемелердің аясында естелік суретке түсті.Іс-шара әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілген қамқорлық пен құрметтің жарқын үлгісіне айналып, балалардың әскери теңізші мамандығы мен теңіз шебін қорғайтын жауынгерлердің қызметі туралы түсінігін кеңейтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1231577?lang=ru
СҚО әкімінің Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Балалар – отбасының қуанышы, өмірдің жалғасы, тәуелсіз еліміздің келешегі. Сондықтан олардың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, бойындағы қабілеттерін дамытуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына, білім алуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Осы жарқын мерекеде барлық бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттық пен қуаныш, жаңа жетістіктер мен биік армандар тілеймін. Ал ата-аналарға, ұстаздарға және бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін.Әр шаңырақтан бала күлкісі естіліп, әр отбасының бақыты арта берсін! Балаларымыздың болашағы жарқын, армандары асқақ болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1231607?lang=ru
Балаларға базарлық: Қызылордада Ботаникалық бақ пайдалануға берілді 30.06.2026
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақтың ашылу рәсіміне қатысты.Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген Ботаникалық бақ Президент саябағы аумағында орналасқан. Бас мердігер - «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген, нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын.Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын.Бүгін Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Балаларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйледі. Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ботаникалық бақ – экологиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған заманауи көпфункционалды кешен. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағынан 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады.Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.Ботаникалық бақ өсімдіктердің бірегей түрлері өсетін орын ғана емес, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналады.Мұнда студенттер, мектеп оқушыларының, табиғат жанашырларының танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ботаникалық бақтың ерекше атмосферасы келушілерге жайлылық сыйлайды. Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Сыр өңірінде кейінгі төрт жылда 46 заманауи білім беру нысаны табысталды.«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» жас жеткіншектердің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етуде. Жақында ғана жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231666?lang=ru
Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 33 солтүстікқазақстандық оқушыға құрмет көрсетілді 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті.«Өңірдің ең басты байлығы – балаларымыз. Білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінде біздің оқушыларымыз өз жетістіктерімен Солтүстік Қазақстанның абыройын асқақтатып, өңірімізді республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танытып келеді. Балалардың қабілетін шыңдап, олардың білімге деген құштарлығын қолдап жүрген ұстаздар мен ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Жас дарындардың алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.Бүгінде өңірде 73 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 2,5 мыңнан астамы түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып, облыс пен елдің мерейін абыроймен қорғап келеді.Биыл 33 жоғары сынып оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз және жүлдегер атанды. Жас дарындардың жетістіктерін бағалап, олардың еңбегі мен білімге деген ұмтылысын қолдау мақсатында облыс әкімі арнайы сыйақылар табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1231714?lang=ru
Атырауда «Алмалы» заманауи оңалту орталығы ашылды 30.06.2026
Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы зор нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмасы негізінде пайдалануға берілді.Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар өкілдері, ардагерлер мен өңір тұрғындары қатысты.Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдай алатын мекеме балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде өңірде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артпақ. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар азамат оңалту көмегін алса, енді олардың саны 2300 адамға дейін көбейеді.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, – деді Серік Шәпкенов.Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқулары бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.Ересектерге, оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.«Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту жұмыстары.– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушыға жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандарды қоса алғанда, 189 қызметкер еңбек етеді, – деді Анар Қаюпова.Қазіргі таңда Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. «Алмалы» орталығының ашылуы — әлеуметтік саладағы елеулі жаңалық және ерекше қажеттілігі бар жандарға жайлы орта құру бағытындағы кезекті бір маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231802?lang=ru
Атырауда алғаш рет таңдай жырығы бар балаға күрделі пластикалық ота жасалды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Атырау облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы Medical Park орталығынан жоғары санатты бет-жақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов арнайы шақырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.Маманның қатысуымен өңір дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларға күрделі операциялар жасау тәсілдері көрсетілді.Алғашқы операция бүгін 1 жас 9 айлық балаға жасалды. Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтып, мұндай тәжірибе алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.-Қазір облыста бет-жақ сүйектерінде түрлі ауытқуы бар 300-ге жуық бала есепте тұр. Соның ішінде таңдай жырығы диагнозы қойылған балаларға дер кезінде ота жасау олардың дұрыс тамақтануы мен сөйлеу қабілетінің қалыптасуына оң әсер етеді.28-30 мамыр аралығында өтетін шеберлік сабағы аясында жалпы саны 12 операция жасау жоспарланған. Күніне төрт ота жасалады. Сонымен қатар, 28-29 мамыр күндері профессор Серік Нұрмағанов пациенттерді қабылдап, кеңес береді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.Айта кетейік, бұл бастама Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында былтыр басталып, дәстүрлі жобаға айналуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231859?lang=ru
Алматы облысында құны 22 млрд теңгеден асатын жаңа экопарктер салынады 30.06.2026
Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында бірнеше ірі экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысандарға тартылатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгеден асады.Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа демалыс және рекреациялық аймақтармен толықпақ.Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен тағы екі ірі жоба іске асырылуда. Аумағы 5,5 гектар болатын «Tal Resort» экопаркінің құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңында аяқтау, ал нысанды толық пайдалануға беруді 2027 жылға жоспарланған.Сондай-ақ құны 5 млрд теңге болатын «Aykan Resort» экопаркінің құрылысы да жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайды. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары облыста тағы екі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 млн теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жасыл аймақтарды кеңейтуге және халық үшін қолайлы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231982?lang=ru
Балаларды қорғау күні: «Отан отбасынан басталады» шығармашылық байқауының үздіктері анықталды 30.06.2026
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің бастамасымен өткен «Отан отбасынан басталады» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.Іс-шара орталықтың фойесінде «Менің әкем қаһарман» тақырыбында балалар салған суреттер көрмесінің ашылуынан басталды. Көрмеге еліміздің әр өңірінен қатысқан балалардың шығармашылық жұмыстары қойылды.Шығармашылық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтап сөз сөйледі.– Қорғаныс министрінің атынан барша бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтаймын. Бүгін «Отан отбасынан басталады» байқауының үздіктерін марапаттағалы тұрмыз. Таланттар осылайша бала кезден танылады. Сендерге әрі қарай да шығармашылық шабыт пен жетістіктер тілеймін. Сендер елдің болашағысыңдар, – деді Арман Әсенов.Байқау бірнеше жас санаты бойынша өтті. 4 жастан 9 жасқа дейінгі балалар арасында «Менің әкем – қаһарман» тақырыбында салынған суреттер бағаланса, 10-13 жас аралығындағы қатысушылар «Менің Отаным» тақырыбында өлең жазудан бақ сынады. Ал 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» тақырыбында бейнероликтер дайындады.Дүбірлі доданың жеңімпаздары төмендегідей орындарды еншіледі. «Менің әкем қаһарман» байқауы бойынша 4 жастағылар арасында жеңіске жеткен Мадияр Аянұлы (ҚӘ ӘИ, Алматы қ.), 5 жас – Айару Байтас (68665 ә/б Астана қ), 6 жас – Асқар Арлан (21751 ә/б Талдықорған қ.), 7 жас – Айсұлу Хасен (32363 ә/б Қонаев қ.), 8 жас – Ералы Ернұрұлы (18404 ә/б Талдықорған қ.), 9 жас – Айдария Русланқызы (18404 ә/б Талдықорған қ.), «Менің отаным» тақырыбына өлең шығару байқауында 10 жастағы балалар арасында бірінші орын Айдын Нұрмаханға (85395 ә/б Тараз қ.), 11 жастағы Ибрахим Асқарұлына (55765 ә/б Астана қ.), 12-дегі Заңғар Асанға (83205 ә/б Астана қ.), 13 жастағы Жанель Тоқтасынға (ҚӘ ӘИ Алматы қ.) бұйырды. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалар арасында өткен «Ешкімде, еш нәрсе де ұмытылмайды» тақырыбында түсірген бейнероликтер бойынша жеңіске 16 жастағы Ақмарал Бақыт (68665 ә/б Астана қ.) жетті.– Осы байқауға үш балам қатысты. Екеуі әр жас ерекшеліктеріне қарай «Менің Отаным» тақырыбында өлең жазудан жүлделі орындар алды. Қуаныштымыз. Былтыр бір балам «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып келген. Әскери қызметшілердің балаларына жасалып жатқан шаралар үшін Қорғаныс министрлігіне алғысымды айтамын, – деді қатысушылардың анасы Гүлнұр Кемелова. «Шығармашылық байқаудың жеңімпаздары дипломдармен, грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін аниматорлар шоуы, «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының бүлдіршіндері концерті мен «Алтын адам» мультфильмі балалардың мерекелік көңіл-күйін көтере түсті. Шара соңы тәтті балмұздақ үлестірумен аяқталды.Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, патриоттық тәрбие беруге және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1232059?lang=ru