Қуқық
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Атырау облысының халқымен кездесу өткізеді 24.12.2024
2024 жылғы 19 желтоқсанда орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулері аясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Атырау облысының тұрғындарымен, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізеді.Күн тәртібінде – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты қабылданған шаралар.Кездесу сағат 11.00-де Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Бірлік ауылы, Қаби Оқаев көшесі, 17Б мекенжайы бойынша «Каспий балық» ЖШС ғимаратында өтеді.БАҚ өкілдерін кездесуге қатысуға шақырамыз.Толық ақпарат үшін телефон: +7 7054406424 – Дана Әрін.Өңірдің АӨК-ін дамыту бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды dossov.t@minagri.gov.kz электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/905028
Әділет министрі Азамат Есқараев «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдады 24.12.2024
Қабылдау барысында министр атқарушылық өндіріске және сот-медициналық сараптама жүргізуге қатысты мәселелерді қарады.Сонымен қатар азаматтар жеке сот орындаушысы тарапынан болған заң бұзушылықтарға қатысты шағымдарын жеткізді.Азамат Есқараев азаматтардың шағымдарын тыңдағаннан кейін қойылған сұрақтар бойынша түсіндірме беріп, өтініштер негізінде жеке сот орындаушысының іс-әрекетін тексеру туралықұрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.Министр қабылдау барысында түскен өтініштердің барлығы бақылауға алынғанын баса айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/905233
СҚО әкімі энергетиктерді кәсіби мерекемен құттықтады 24.12.2024
Бүгін салтанатты жиналыста СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті.Бұл жыл энергетиктер үшін де үлкен сынақ болды. Көктемгі су тасқыны кезінде олар батылдық пен жанқиярлық танытып, өңірдің энергетика жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті, зардап шеккен инфрақұрылымды қалыпқа келтірді. Өткен жылдың қараша айында табиғи апаттың салдарынан жүздеген ауыл электр жарығынсыз қалған кезде апаттық бригадалар жедел жұмыс істеп, міндеттерін сәтті атқарды.Бүгінде «Севказэнерго» және «Көкшетау Энерго» кәсіпорындары өңірді электр және жылумен тұрақты қамтамасыз етіп, жабдықтарын жаңартуда. Биыл 2-ші ЖЭО-да жаңа мұржаның құрылысы уақытында аяқталып, келесі жылғы жылыту маусымында іске қосылады. Мемлекетпен бірге ауылдардағы электр желілерін жаңғырту жобалары бірлесіп жүзеге асуда. "Осы жұмыстар энергетика саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, оның әлеуетін арттырып, өңіріміздің әрбір тұрғынына пайда әкелетініне сенімдімін. Барша энергетиктерді кәсіби мерекемен құттықтаймын!", - деп атап өтті өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/905070
СҚО-да балаларға арналған оңалту орталығы ашылды 24.12.2024
Облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды, оның ашылу рәсіміне "Қазақстан халқына" қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Орталықта бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп, ал материалдық-техникалық жабдықтау «Қазақстан халқына» қорының тарапынан қаржыландырылды.Орталық нейро-ортопедиялық ақаулары бар балаларға кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетеді. Мұнда тиімді оңалту үшін әлемдік брендтердің заманауи қондырғылары орнатылған. Балалармен реабилитолог, невролог, логопед, дефектолог, эрготерапевт және психолог жұмыс істейді."Өңірде 2,3 мыңға жуық ерекше сұранысқа ие бала бар. Жаңа орталық жыл сайын 2 мыңға жуық баланы оңалту курсынан өткізуге мүмкіндік береді. Маңыздысы, әр бала бірнеше курстан өтеді, бұл оң нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді. Жалпы оңалту орталығының ашылуы емге мұқтаж балаларды көптеп қамтуға мүмкіндік береді", - деді өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/905095
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансындағы активтер 24.12.2024
Ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын ТОО ретінде таңдау Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызмет ерекшеліктерімен байланысты. Бұл нысан басқару және активтерді жүзеге асыру процестерінде барынша икемділік пен тиімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бұл қайтарылатын активтердің әр түрлі болуымен байланысты, оған зергерлік бұйымдардан бастап жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға дейінгі объектілер кіреді. Әрбір активті тиімді басқару және жүзеге асыру үшін жеке тәсіл қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/904873
«Таза Қазақстан»: астаналық робот Темірбек экологиялық іс-шараға қатысты 24.12.2024
Бүгін Астана қаласындағы Білім беру ұйымдарына «Таза Қазақстан» акциясы аясында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.«Жасыл клуб» жобасы аясында №103 орта мектебінде өткен экологиялық іс-шараға астаналық оқушылар құрастырған робот Темірбек те қатысты.Іс-шараға келуші қонақтарды қарсы алған Темірбек оларға Астананың экологиялық жағынан таза қала болуының пайдасын түсіндіріп, қатысушыларды қоршаған ортаны қорғауға ат салысуға шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/905003
Елордада «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды 24.12.2024
«Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында өткен «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Байқаудың мақсаты – «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында Астана қаласының, оның маңындағы елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету, қоқыстарды жинау және кәдеге жарату; су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу; «Таза Қазақстан» мемлекеттік экологиялық бағдарламасы шеңберінде «Астана Тазалық» қызметінің қалыптасуы, дамуы, жетістіктері мен келешегі туралы айту.«Байқауға 60-тан астам журналист пен блогер қатысып, 100-ден астам материал келіп түсті. «Астана Тазалық» ұйымы бірінші рет өткізіп отырған байқау үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында түрлі материал жарияланды. Бұл – үлкен шара. Біз мұндай байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді «Астана Тазалық» ЖШС директоры Замир Сагинов.Байқау 4 номинация бойынша өткізілді: «Үздік телевизиялық материал», «Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым», «Баспа басылымындағы үздік мақала», «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым».«Үздік телевизиялық материал» номинациясы бойынша жеңімпаздар:1 орын – Томирис Біләл, «24KZ» телеарнасы;2 орын – Карима Садуақас, «QAZAQSTAN» телеарнасы;3 орын – Мөлдір Сыздықбаева, «Хабар» телеарнасы;3 орын – Дильназ Ерланова, «Астана» телеарнасы.«Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым» номинациясы бойынша жеңімпаздар:1 орын – Тимур Асылханов, блогер;2 орын – Назым Бөлесова, Baq.kz;3 орын – Данияр Сейсенбаев, блогер;3 орын – Аршат Оразов, блогер;«Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы бойынша жеңімпаздар:1 орын – Райхан Рахметова, «Астана ақшамы» газеті;2 орын – Кәмила Дүйсенова, «Айқын» газеті;3 орын – Шернияз Жалғасбекұлы, «Заң» газеті;3 орын – Бақытбек Қадыр, «Егемен Қазақстан» газеті;«Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша жеңімпаздар:1 орын – Мақпал Орынбекқызы, Baq.kz сайты;2 орын – Сабина Кәкімжан, Elordainfo.kz сайты;3 орын – Ләззат Салимова, Nur.kz сайты;Сондай-ақ, бірнеше БАҚ өкілі «Астана Тазалық» компаниясының арнайы сыйлығымен марапатталды:Мөлдір Молдағали, «24KZ» телеарнасы;Ажар Лаубаева, El.kz;Қалмахан Құрманғали, «Turaninform.kz»;Мария Конюхова, «Elordainfo.kz» сайты;Даля Насипова, «Алматы» телеарнасы;Екатерина Тыщенко, «Вечерняя Астана» газеті;Оксана Даирова, «Комсомольская правда» газеті;Лаура Түсіпбекова, «Казахстанская правда» газеті.БАҚ өкілдері «Таза Қазақстан» экоакциясының Астанада жүзеге асырылуын материалдарында жан-жақты насихаттаған.Айта кетейік, байқауға қатысу үшін биыл 7 қазан мен 10 желтоқсан аралығында шыққан мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі материалдар қабылданды.Биыл сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында елорда тұрғындары жалпықалалық сенбіліктерге қатысты. Олардың әрқайсысы бекітілген аумақты қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін қопсытып, жасыл желектер отырғызды. Мұндағы мақсат – көпшілік арасында тазалық мәдениетін дәріптеу.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/905033
Қазақстанда су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған екі жаңа жүйені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын 24.12.2024
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқынын болжау және модельдеуге арналған Tasqyn.gov.kz, Talsim және Delft-FEWS жүйелерін көрді. Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығының базасында жаңа ақпараттық жүйелердің таныстырылымы өтті.Tasqyn.gov.kz жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін болжам жасауға мүмкіндік береді. Жүйені «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мен «Қазгидромет» мамандары көрсетті.Бүгінгі таңда су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге су қоймаларындағы су көлемі, су жіберу және гидрометеоболжам секілді деректерді енгізеді. Жүйе жинақталған мәліметтер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді.Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдеріне оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр.TalsimNG бағдарламасы – голландиялық DELFT-FEWS платформасына біріктірілген неміс әзірлемесі. Жүйе су ресурстарын болжау және басқару модельдерін жетілдіруге, су қоймаларына ағын көлемін болжауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарламаны Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының төрағасы Хайрулла Қайратғали көрсетті.DELFT-FEWS платформасын пайдалану ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерландының IHE Delft су білім беру институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.Жобалармен танысқаннан кейін Нұржан Нұржігітов әзірлеушілерге сұрақтарын қойып, болжау жүйелері арасында тұрақты деректер алмасу мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.«Қазіргі заманғы болжау және модельдеу жүйелерін енгізу – су тасқыны тәуекелдерін басқарудағы маңызды қадам. Дұрыс болжам су тасқынына жан-жақты дайындалып, басқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп маңызды шешімдерді уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/904988
Ақтауда 1400-ге жуық теңіз жаяу әскері мамандық бойынша дайындықтан өтуде 24.12.2024
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасы әскери қызметшілерінің жеке дайындық сабақтары 25744 әскери бөлімінде және «Оймаша» оқу полигонында ұйымдастырылды.Қысқы оқу кезеңі аясында 1400-ге жуық маман даярланады. Ол үшін 79 оқу тобы құрылып, оған 160-тан астам үздік нұсқаушы тартылды.Олардың басшылығымен әскери қызметшілер тактикалық, инженерлік, атыс, саптық, арнайы, медициналық, сондай-ақ радиациялық, биологиялық және химиялық қатерлерден қорғауды қоса алғанда, дайындықтың әртүрлі бағыттары бойынша нормативтерді пысықтайды. – Теориялық бөлімнен кейін қару қолдану мен әскери техниканы пайдаланудың практикалық дағдыларын пысықтауға кірісеміз, – деп нақтылады бригада командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы жөніндегі орынбасары гвардия майоры Берік Алманиязов.Арнайы жабдықталған сыныптарда әскери қызметшілер функционалдық міндеттерді меңгеріп, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібін зерделейді. Оқытудың маңызды аспектісі қаруды жауынгерлік дайындыққа келтіру және штаттық қару мен жауынгерлік машиналардың қару-жарағын ату дағдыларын жетілдіру болмақ.Дайындықтың келесі кезеңі – оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтау кезінде бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру. Бұл тәсіл жеке құрамның бейбіт уақытта да, мүмкін әскери қақтығыс жағдайында да тапсырмаларды тиімді орындауға дайындығына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/904582
Жыл қорытындысы: Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердің үздік әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді 24.12.2024
Астанада қызметте үздік нәтиже көрсеткен Қарулы күштердегі жауынгерлік жарыс жеңімпаздары Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың қолынан марапатқа ие болды.Жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауы әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, жауынгерлік тәжірибені таратуға және армияның имиджін арттыруға бағытталған. Марапаттау рәсімінде генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштер үшін 2024 жыл көптеген маңызды оқиғалармен ерекшеленгенін атап өтті. Олардың қатарында министр БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын өз бетінше орналастыруға және орындауға мандат алуын, сондай-ақ әскери қызметшілердің көктемгі су тасқынына қарсы күреске қатысуын бөліп атады. – Бүгін біз дәстүрлі «Әскер тарланы» байқауының қорытындысы бойынша үздік мамандарды марапаттап отырмыз. Әскери шеберлік флагмандарын бағалау кезінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша ай сайынғы сабақтардың нәтижелері, бақылау және қорытынды тексерулердің қорытындылары, оқу-жаттығуларға, түрлі конкурстарға қатысу, әскери тәртіп және моральдық-іскерлік қасиеттері ескерілді, – деп толықтырды Қорғаныс министрі.Жарыс қорытындысы бойынша Десанттық-шабуылдау әскерлері командалық пунктінің қызмет бастығы подполковник Нұржан Құлманжанов «Үздік жедел кезекші» атанды. Аталған офицер жүктелген тапсырмаларды орындауға жауаптылығымен өз ісінің үздігі деп танылып отыр.27943 әскери бөлімі барлау ротасының бөлімше командирі сержант Руслан Мақсұт «Жауынгерлік машинаның үздік командирі» атанды. Ол басқарған экипаж «Айбалта-2024», «Достарым-2023» оқу-жаттығуларында үйлесімді әрі нәтижелі қимыл жасай алды.Ал «Артиллериялық есептоптың үздік командирі» атағына 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Еркебұлан Тілеукен ие болды. Ол басқарған әскери бөлімше атыс кезінде әрқашан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 31775 әскери бөлімі жаяу әскер жауынгерлік машинасының механигі сержант Дидар Мусин «Темір тұлпар жүргізуші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Екі жақты штабтық оқу-жаттығуда ол жауынгерлік машинаны мінсіз ұстағаны және мотоатқыштар батальонының құрамында тапсырмаларды сауатты орындағаны үшін ерекше атап өтілді. Республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларда ерекшеленген 44736 әскери бөлімінің аға барлаушы-атқышы ефрейтор Ерасыл Тілеуханов «Мерген» номинациясын иеленді50185 әскери бөлімі авиациялық буынының ұшқыш-штурманы лейтенант Нұрболат Молдабек жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін «Көк қыраны» номинациясының иегері болды. Жас ұшқыштар арасында экипаж командирі Н. Молдабек бірінші болып Су-30 СМ ұшағын өз бетінше басқару құқығына ие болған.Еліміздің әуе шебін қорғауды ұйымдастыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 31767 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Евгений Спижарский «Аспан қорғаны» атағының жеңімпазы атандыАрмия халықаралық ойындарының «Теңіз кубогы» конкурсына және «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына белсенді қатысқаны үшін 21814 әскери бөлімі «Орал» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3 дәрежелі капитан Шахрух Абдуразаков «Теңіз тарланы» номинациясының жеңімпазы деп танылды.22750 әскери бөлімінің қару-жарақ жөніндегі маманы аға лейтенант Ақжол Молдақаш «Жаужүрек» аталымының жеңімпазы атанды. Қорғаныс министрлігі командасының құрамында ол 100 Sarbaz әскери-патриоттық реалити-жобасында бірінші орынға ие болды, онда ол тек күш-қуат жағынан ғана емес, сонымен бірге рухтың күшін де көрсете білді.Үздіктердің қатарында жөндеу цехының технигі 3-сыныпты сержант Ералы Әйнекбаев, госпиталь медбикесі 2-сыныпты сержант Аймира Шалабаева, әскери-спорт кешенінің көпсайыс және әскери үшсайыс бойынша ҚР Қарулы күштері спартакиадасының чемпионы аға сержант Асылбек Қарабай, Бітімгерлік операциялар орталығының нұсқаушысы 2-сыныпты сержант Дінмұхамед Байдуллаев, Қасым Қайсенов атындағы механикаландырылған бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев бар.Жарыс жеңімпаздарының сапында Қарасай батыр атындағы оқу орталығының взвод командирі 2-сыныпты сержант Марат Тоғызбаев «Үлгілі отбасы» номинациясын иеленді. Ерлі-зайыптылар бүгінде үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.Әскери жарыстың жеңімпаздары қатарында 3-сыныпты сержант Дархан Аслан, оқытушы полковник Кирилл Ложкин, байланысшы сержант Алмаз Тәшкенбаев, сапер-маман кіші сержант Мұхамедияр Бөтенбаев, әскери полиция майоры Ержан Диханбаев, барлау бөлімшесінің командирі 3-сыныпты сержант Думан Қожанов, заңгер әділет полковнигі Вячеслав Краснов, аға лейтенант Жеңісбек Данебеков және подполковник Назар Бозабаевтар да бар.Жалпы іріктеу 24 номинация бойынша өтті. Кәсіби байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/904832
Қазақстан мен Сербия ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, Белград ЭКСПО-2027 дайындалуда 24.12.2024
Астана, 2024 жылғы 18 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сербия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Владимир Йовичичті қабылдады.Сербияның Елшісі Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған 2027 жылғы 15 мамыр мен 15 тамыз аралығында Белградта өтетін ЭКСПО-2027 мамандандырылған халықаралық көрмесіне ресми шақыруын тапсырды. Аталған көрме «Адамзат үшін ойна: спорт пен музыка барлығы үшін» тақырыбында өтеді. Серб дипломаты Қазақстанның бұл маңызды іс-шараға жоғары деңгейде қатысатынына және оның ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ықпал ететініне үміт білдірді.Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко шақыру үшін алғысын білдіріп, Сербияның Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуының маңыздылығын атап өтті және негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды тереңдетуге дайындығын растады.Оған қоса, кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың ағымдағы жай-күйін талқылап, екі ел арасындағы алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.Сұхбаттастар Президент Қ.Тоқаевтың Сербияға ресми сапары (2024 ж. 18-19 қараша) және екі елдің сыртқы істер министрлері Мұрат Нұртілеу мен Марко Джуричтің Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы (2024 ж. 24 қыркүйек) алаңындағы кездесуінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударды.Дипломаттар экономикалық байланыстарды нығайтудың, әсіресе сауда, инвестиция және экономиканың негізгі секторларында бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұста 2025 жылы Астанада өтетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындықты жалғастыруға келісті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/905032
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҚАЗАҚСТАНДА 162 МЛН ПАКЕТ ДӘРІЛІК ЗАТ ТАҢБАЛАНДЫ 24.12.2024
Бүгінгі таңда Қазақстанда 162 миллион дәрілік зат таңбаланды, оның 152 миллионы Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін таңбаланды. Бұл ретте дәрілік заттардың 16 млн қаптамасы таңбаланып, дәріханалардың бөлшек сауда желісіне енгізілді, бұл ақпараттық жүйеде препараттардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл қозғалыс жолын бақылауға мүмкіндік береді.Бірегей Data Matrix кодын қолданатын цифрлық таңбалау препараттың бүкіл өмірлік циклін — өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.Кодта маңызды ақпарат бар: препараттың атауы, сериясы, өндіруші туралы деректер, жарамдылық мерзімі және басқа мәліметтер. Бұл заңсыз айналым мүмкіндігін жояды және тұтынушыларды сапасыз және жалған дәрі-дәрмектерден қорғауды қамтамасыз етеді.Бүгінгі таңда дәрілік заттар айналымының барлық қатысушылары таңбалауды енгізу бойынша жұмысты аяқтады, атап айтқанда:● 19 отандық өндіруші;● 278 көтерме сауда субъектісі;● 3 169 дәріхана және бөлшек сауда нүктесі.Денсаулық сақтау министрлігі таңбаланған препараттардың қозғалысын бақылауды жалғастыруда, олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бақылауды қамтамасыз етеді.2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бұл шара контрафактілік өнімдермен күресуге және дәрі-дәрмектер нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған.Цифрлық таңбалау - бұл азаматтардың денсаулығын сақтауға және Қазақстан нарығында дәрілік заттардың сапасына деген сенімді арттыруға жасалған маңызды қадам.Қазақстанда дәріханаларға көмек көрсету үшін NS Pharm тегін мобилдік қосымшасы әзірленгенін естеріңізге сала кетейік. Бұл таңбаланған тауармен жұмыс істеуді жеңілдетеді және процесті тіпті шағын дәріханалар, соның ішінде ауылдық және шалғай аудандар үшін де қолжетімді етеді. Фармацевтикалық бизнеске арналған бұл заманауи цифрлық шешім барлық заңнамалық талаптарға сәйкес келеді, жабдыққа арналған шығыстарды азайтады және күрделі IT-қолдаудың қажеттілігін жояды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/904984
ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ МЕН СТАТИ ТАРАПТАРЫ ДАУДЫ РЕТТЕУ ҮДЕРІСІН АЯҚТАДЫ 24.12.2024
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Стати тараптары, Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауымен және келісімімен, Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақ мерзімді дауды реттеу үдерісін сәтті аяқтады.Қол қойылған Түпкілікті реттеу туралы келісім барлық ағымдағы дауларды болашақта оларды қайта бастау құқығынсыз тоқтату үшін негіз болып табылады. Келісімнің нақты шарттары құпия болып табылады. Дэниел Чапман, CEO Argentem Creek Partners*:«Бұл реттеу және барлық тараптар үшін әділ шешу жолын іздеу мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған тәсіл, бұл ел инвестордың құқықтары сақталатын орын болып табылатынын атап көрсетеді. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік инвесторлардың Қазақстан туралы түсінігін өзгертудегі көшбасшылығы үшін алғыс айтамыз. Біз болашақта жаңа жобалармен жұмыс істеуді асыға күтеміз.»*Argentem Creek Partners – Стати тараптарының инвестициялық құралы Tristan Oil Limited-тің кредиторлары болып табылатын нақты қорлардың инвестициялық басқарушысы. Азамат Есқараев, Қазақстан Республикасының Әділет министрі:« Ұзақ дау аяқталғаннан кейін Қазақстанда экономиканы дамыту үшін, оның ішінде инвестициялар тарту арқылы, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте, мен бұрын атап өткендей, республикалық бюджеттен реттеу шеңберінде қаражат пайдаланылмады. »Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/904917
Қазақстандық авиаторлар Оманда өткен ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығына қатысты 24.12.2024
Маскатта (Оман) «Авиациялық қауіпсіздік» 17-қосымшасының 50 жылдығына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Чикаго конвенциясының 80 жылдығына арналған ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы өтті.Іс-шара ИКАО және Оман Сұлтанатының ұлттық билігімен серіктестікте ұйымдастырылып, оған әлемнің 78 елінен авиациялық билік өкілдері, әлемнің 800-ден астам сарапшылары мен сала мамандары жиналды.Құрамында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік сарапшылары бар қазақстандық делегацияны ҚАӘ бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов басқарды.Шараның мақсаты авиациялық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлерді талқылау, соңғы ИКАО стандарттарын енгізу және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.Форум аясында тәуекелдерді басқарудағы инновациялық тәсілдер мен авиациялық қауіпсіздікте жаңа технологияларды енгізу талқыланған конференциялар мен семинарлар өтті. Мамандардың біліктілігін арттыруға және халықаралық стандарттарды енгізуге бағытталған практикалық тренингтер, азаматтық авиациядағы жаңа қауіптермен күресудегі мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өткізілді.Киберқауіпсіздік, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды бақылау және азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласудың алдын алу шараларына ерекше назар аударылды.Іс-шараға қатысушылар талқылау нәтижелері жаһандық авиациялық қауіпсіздікті дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тұрақты ынтымақтастық барлығына халықаралық стандарттар мен технологиялардың алдыңғы қатарында дамуға мүмкіндік береді.Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибені енгізуге бағытталған стратегиялық құжат – авиациялық қауіпсіздік және авиациялық киберқауіпсіздік бойынша Маскат декларациясына жоғары деңгейде қол қою ИКАО апталығының нәтижесі болды.Декларация сарапшылардың талқылауы мен ұсынымдарына негізделген және қатысушылардың, соның ішінде ИКАО-ға мүше мемлекеттердің, авиация саласының және халықаралық ұйымдардың өкілдерінен кең қолдау тапты. Маскат декларациясының негізгі ережелері:Жаһандық ынтымақтастықты нығайту: қатысушылар азаматтық авиациядағы заманауи қауіптермен күресу үшін ақпаратпен, технологиялармен және озық тәжірибемен белсенді алмасу қажеттілігін қуаттады;ИКАО стандарттарын енгізу: мүше елдер қауіпсіздік талаптарының жаһандық үйлесімін қамтамасыз ету үшін ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибелерді (SARPs) енгізуді жеделдетуге міндеттеме алды;Жаңа қауіптерге қарсы тұру: декларация киберқауіптермен, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланумен және басқа да заманауи сын-қатерлермен байланысты тәуекелдердің алдын алу бойынша бірлескен шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға шақырады;Мамандардың біліктілігін арттыру: авиациялық қауіпсіздік саласындағы персоналды оқыту және сертификаттау бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуды арттыру бойынша шаралар қабылданды;Экологиялық тұрақтылықты сақтау: декларацияның маңызды аспектісі азаматтық авиацияның көміртегі ізін азайту бастамаларымен қауіпсіздік шараларын біріктіруге ұмтылу болды.Декларация жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде танылды және оның ережелері ИКАО Ассамблеясының келесі отырысында қаралатын болады.Форум аясында ИКАО Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету департаментінің басшылығымен, Парсы шығанағы елдерінің авиациялық билік органдарының АҚ секторларының өкілдерімен аймақтағы жаңа қауіптер ескере отыра авиациялық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өтті.ИКАО қабылдаған құжатты іске асыру аясында қазақстандық сарапшылар декларацияның негізгі ережелерін ұлттық заңнамаға енгізеді, бұл заманауи қауіптерге қарсы тұру және қауіпсіздіктің жаңа технологияларын енгізу бойынша шараларды күшейтеді. Бұл қадамдар түптеп келгенде ұлттық авиация қауіпсіздігінің беделі мен тиімділігін арттыратын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/904812
«Таза Қазақстан»: Астаналық отбасылар эстафеталық сайыста бақ сынасты 24.12.2024
Орталық саябақ аумағындағы шаңғы тасжолында отбасылық эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Эстафеталық жүгіру, доппен жүгіру, шайба таяғымен допты межеге жеткізу, допты қоқыс жәшігіне дәл түсіру сияқты сайыстарда 15 отбасы бақ сынады.«Отбасылық эстафета Президентіміздің бастауымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында өткізілді. Отан – отбасыдан басталады. Әрбір жас бала өзінің ата-анасына қарап үлгі алатындықтан, іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Осы эстафетаның арқасында қатысушылар тазалық сақтаудың маңыздылығын түсінеді деп ойлаймын. Қыс мезгілінде осындай эстафеталарды өткізудің өзіндік ерекшелігі бар. Таза ауада қыстың суығына қарамастан, спорттық іс-шараға қатысудың өзі ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан «Шаңғы роллер» тасжолын таңдадық. Бұл жердің орналасқан жері де өте керемет. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де көптеген турнир мен жарыстар өткізіп, Астанамыздың спорт мәдениетін көтеруге атсалысамыз» - деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.Эстафетадан бөлек, қатысушыларға қоқысты өңдеу, қоршаған айналаны таза ұстау бойынша өзекті мәселелерді түсіндіруге қатысты арнайы шеберлік дәрісі де өткізілді.«Отбасымызбен бірге осындай эстафетаға бірінші рет қатыстым. Көңіл күй тамаша. Спортпен күнделікті айналыссақ та, жарыстағы атмосфераның орны бөлек. Бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Бос уақытымызды тиімді өткізіп, бала-шағамызбен жақсы эмоция алдық», - деді отбасылық эстафетаның қатысушысы Серікбай Әлімханов.Іс-шара соңында барлық отбасы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, қоқыстарды арнайы жәшіктерге жинады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/904854
«Таза Қазақстан»: Астананың 20 білім ошағындағы жылыжайда жемістер мен көкөністер өсіріледі 24.12.2024
Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары «Жасыл клуб» жобасы аясында «Жасыл мектеп» жылыжайында екі жылдан бері баптап келе жатқан лимон ағашы жемісін берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Лимон ағашымен қатар жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк көкөністері мен құлпынай, жидектер және жалбыз да өсіріліп жатыр. Жоба жетекшілері оқушылармен бірге бос уақыттарын пайдалана отырып, өсімдіктерге күтім жасайды.Жалпы Астана қаласындағы 19 мектеп пен 1 колледжде, атап айтқанда Б №8, 20, 37, 42, 43, 49, 58, 61, 67, 68, 69, 80, 83, 88, 78, 90, 87, 82, 79 және Сервис және туризм колледжінеде . Б Өтемұратов қорының қорымен жылыжай ашылған.Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана мектептерінде экологиялық тәрбие мен қоршаған ортаны қорғау бойынша көптеген маңызды іс-шаралар жүргізілуде.1-11 сынып оқушылары жасыл экология мәселелеріне белсенді қатысып, табиғатты сақтап, оны қорғау үшін түрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда.Оқушылардың қатысуымен өткізілген іс-шаралар:«Таза аула», «Жасыл Қазақстан» және «Жерімізді сақтайық» сияқты Табиғатты қорғау экологиялық акциялар аясында оқушылар мектеп ауласында ағаш отырғызып, қоршаған ортаны тазарту жұмыстарын жүргізеді.Табиғатқа саяхат бойынша оқушылар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйреніп, экологиялық тақырыптарға арналған экскурсияларға қатысады.Жасыл жобалар мен стартаптар бойынша оқушылар мектеп ішінде және сыртында экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған шығармашылық жұмыстар мен жобалар әзірлейді.Экологиялық білім беру сабақтары негізінде мектепте экологияны түсіндіруге арналған арнайы сабақтар, тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Бұл сабақтар оқушыларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын және экологиялық өмір салтының қажеттілігін түсіндіруге бағытталған.Қаладағы жиырма меткепте қоршаған ортаны қорғау және тазалықты сақтау мақсатында жаңа қоқыс жәшіктері қойылды. Олар мектептің әр қабатында және әртүрлі орындарда орналасқан. Қоқыс жәшіктері органикалық және қайта өңделетін материалдарды бөлек жинауға арналған. Барлық оқушы мен қызметкерден осы жаңа жүйеге жауапкершілікпен қарап, қоқыстарды дұрыс орналастырады.Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жас ұрпақты экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін ояту. Мектептердегі экологиялық жобалар мен іс-шаралар арқылы оқушылар табиғатқа деген құрметті арттырып, жасыл экономика мен тұрақты даму принциптерін меңгеруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/904877
Биыл 470 мың гектарға жуық егіс алқабы су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып суарылды 24.12.2024
Биыл 470 мың гектарға жуық егіс алқабы су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып суарылды. Бұдан бөлек, 58 мың гектарға жуық жер лазерлік жоспарлаушы арқылы тегістелді. Бұл іс-шаралар суармалы су шығынын азайтуға мүмкіндік берді.Еске салсақ, Су ресурстары және ирригация министрлігі «2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын» әзірлеген болатын. Жоспарда 39 іс-шара қарастырылған.Министрлік су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру мақсатында су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты.«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, кезеңдік жоспар әзірледі. Осылайша, министрлік 2030 жылдың соңына қарай жылына 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге ниетті», - деді ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/904763
Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жәрмеңкелерде сатыла бастады 24.12.2024
Өткен демалыс күндері өңірлерде 20-дан астам азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкелерде жалпы көлемі 1 600 тоннадан астам тағам саудаланды. Мысалы, Шымкент қаласының өзінде жәрмеңкеге шығарылған 150 тоннаға жуық азық-түлік өніміның, 126 тоннасын жергілікті жұрт сатып алды. Одан бөлек С1 санатындағы жұмыртқа 52-57 теңгеден саудаланып, 105 000 данасы сатылған. Ал 26 тонна пияздың келісін шымкенттіктер 80 теңгеден сатып алған. Одан бөлек шымкенттіктер күнбағыс майының литрін 620 теңгеден, сиыр етінің келісін 2400-2600 теңге аралығында сатып алған.Алматыда 865 тонна өнім жәрмеңкеге шығарылса, соның 806 тоннасы сатылған. Алматыда өткен жәрмеңкелерге 300-ге жуық отандық тауар өндіруші мен кәсіпкер қатысқан. Алматыда қанттың 1 келісі 370 теңгеден, С1 санаттағы жұмыртқаның данасын 52 теңгеден, күнбағыс майының литрі 650 теңгеден сатылды.Ал Астанада дәстүрлі түрде «Соғым Fest» жәрмеңкесі өтті. Осының алдындағы жәрмеңкеде 100 тонна ет өнімі сатылса, бұл жолғы жәрмеңкеде 150 тонна ірі қара еті сатылды. Баға әдеттегідей арзан. Жылқы еті 2300-2500 теңге, сиыр еті 2100-2300 теңгеден. Одан бөлек 11 тонна көкөніс, 800 келі ұн (келісі 186 теңгеден басталады), 200 келі қант (келісі 350 теңгеден) сатылған.Жалпы жәрмеңкелерде тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ғана емес, халық арасында сұранысқа ие жеміс-жидек, бал, құрт, қаймақ секілді өнімдер сатылады.Өткен аптадағы жәрмеңкелердің ерекшелігі – бірнеше өңірде тұрақтандыру қорындағы өнімдер жәрмеңкелерде саудаланды. Мысалы, Абай облысында тұрақтандыру қорындағы 5 тонна картоп,сәбіз, пияз бен орамжапырақ жәрмеңкеде келісі 115 теңгеден сатылды. Ақтөбеде тұрақтандыру қорындағы картоп (2,8т) 116 теңгеден, пияз (1,9т) 170 теңгеден, орамжапырақ 160 теңгеден, сәбіз 110 теңгеден(1-1 тоннадан), қант 350 теңгеден (200 кг) сатылған. Ал Қостанайда өткен жәрмеңкелерге тұрақтандыру қорынан 11 тонна өнім шығарылса, оның 8 тоннасы сатылған. Атап айтар болсам, 1 тонна тауық еті (1000 тг), 2 тонна қарақұмық жармасы (135 тг), 1 тонна рожки (250 тг), 72 000 дана С санаттағы жұмыртқа (450-480 тг), 1 тонна сәбіз (140 тг), 3 тонна картоп (140 тг).Бұдан өзге тұрақтандыру қорындағы азық-түлік Алматы, ШҚО, Қызылорда, Павлодар, Орал, Жетісу, Ақмола облыстарында өткен жәрмеңкелерде сатылды.Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сай өткен аптадағы ӘМАТ тауарларының баға индексі 100,1% (+0,1%) құрады. 1 апта ішінде кейбір тауар түрлерінің бағасы арзандаған. Мысалы сиыр еті 0,1, қарақұмық жармасы 0,7, күріш 0,8, қант 1,0, сәбіз 0,1 пайызға арзандаған. Ұн мен айранның бағасы тұрақты. Картоп (1,4%) пен пияз(1,2%) бағасының аздаған қымбаттауы байқалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/904813
ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ТӨМЕНАРЫҚ АУЫЛЫНДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫ БАР ЖАҢА АУРУХАНА АШЫЛДЫ 24.12.2024
Қызылорда обылысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар 15 төсектік жаңа ауылдық аурухана ашылды.«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде өңірдің барлық аудандарында 27 медициналық нысан салу жоспарланған, өткен жылы 16 нысан пайдалануға берілді.Оның ішінде Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында бір дәрігерлік амбулатория ашылды. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Алдағы күндері Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріледі.Өңірдің картасында «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасының шеңберінде салынған жаңа медициналық нысандардың қатарына медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория қосылды.Облыс орталығында жобалық қуаты жылына 10 мың адамды қабылдайтын «Қан орталығы» пайдалануға берілді.Ана мен баланың денсаулығын нығайту мақсатында көпбейінді облыстық аурухананың базасында 70 төсектік перинаталдық бөлімше ашылды, ол жаңа жабдықтармен жабдықталған.Облыс орталығында емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, Арал ауданының Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухана пайдалануға беріледі деп күтілуде.Биыл Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы іске қосылды, жақын арада Арал ауданында да осындай орталық ашылады.Сонымен қатар, ұлттық жобаның шеңберінде 4 көпбейінді аудандық орталық аурухананың жанынан қосымша құрылыстар салу жоспарлануда.Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд.100 млн. теңге болатын скрининг жүргізу үшін жылжымалы медициналық кешен берілді. Мұндай кешендер республика бойынша тек 3 облыста бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/904912
Жарқайың ауданының әкімі тағайындалды 24.12.2024
Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша 2024 жылғы 18 желтоқсандағы өкіммен Ербол Жүсіпбеков Жарқайың ауданының әкімі болып тағайындалды.Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан таныстырды.Жүсіпбеков Ербол Кәрімұлы 1965 жылы Көкшетау қаласының Красный яр ауылында дүниеге келген. Целиноград ауылшаруашылық институтын бітірген.Еңбек жолын 1989 жылы Көкшетау облысы Чистополь ауданы «Чистопольский» совхозында зоотехник-селекционер болып бастаған. Әр жылдары Көкшетау жылқы зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, «Шоқан» шаруа қожалығының басшысы болып жұмыс істеді.2003-2009 жылдары Зеренді ауданының Садовое ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бастығы болды. 2009-2011 жылдары Зеренді ауданында «Қылшақты» ЖШС директоры болып жұмыс істеді.2011-2020 жылдары Зеренді ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.2020-2021 жылдары Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет етті.2021 жылдың ақпан айынан бастап Сандықтау ауданының әкімі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/904671