Қуқық
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін алуға уақытылы өтініш беру қажеттілігін еске салады 30.06.2026
БЖЗҚ салымшылардың (төлем алушылардың), сондай-ақ БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтысболған адамдар мұрагерлерінің зейнетақы төлемдерін алуға уақтылы өтініш беруі қажеттілігітуралы тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл сайын БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірігіп БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ олар бойынша зейнетақы төлемін алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген зейнет жасына толған тұлғалар бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығына салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шара аталған азаматтардың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты, еңбек өтілі үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің бар-жоғын анықтау үшін жасалады. Биылғы наурыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақтары бар, соның ішінде 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алуға БЖЗҚ-ға өтініш жасамаған тұлғаларға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз (проактивті) тағайындау тәртібі енгізілді. Бұл тәртіп те «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен жыл сайын осындай салыстырып тексеруді көздейді. Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижелері бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорация арқылы алушыларға зейнетақы төлемдерін проактивті форматта жүзеге асырады. Яғни, мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алатын зейнеткерлердің БЖЗҚ-да МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары болса, олар БЖЗҚ-дан да төлемдерді автоматты түрде ала бастайды. Статистика 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен 279 041 адамның МЗЖ-ны есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 45 млрд теңгені құрайды. БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтерге сәйкес, олардың ішінде:- 155 217 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлері талап ете алады;- 61 459 адам заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға (ТТЖ) кетуді ресімдеген;- 62 365 адам жасына байланысты зейнетақысын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі жүгінбеген. Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады? Еске сала кетейік, зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дағы салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сында есепке алынады, инвестициялануын жалғастыра береді және оларды алушылар немесе олардың мұрагерлері (алушы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін шотта сақталады. Жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде Жасына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет. Бұл ретте егер алушының БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары болып, бірақ оларды алуға бұрын (50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты) өтініш бермеген болса, оған БЖЗҚ-дан ЕЗЖ есебінен де зейнетақы төлемдері бірге тағайындалады. Тұрақты тұруға (ТТЖ) шетелге кеткенде Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ТТЖ-ға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын пайдалана алады. Жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне БЖЗҚ қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарының есебінен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегінде, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-сында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады. Сондай-ақ, зейнетақы және нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Жинағы бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті рәсімдеу және мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін нотариусқа жүгінуі тиіс. Егер өтініш беру мерзімін өткізіп алса, мұраға құқықты қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.Зейнетақы төлемдерінің түріне және өтініш беру тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізімі enpf.kz сайтының «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде орналастырылған.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1241780?lang=ru
«Балдаурен» орталығында Қарулы күштер әскери қызметшілерінің балалары үшін жазғы маусым ашылды 30.06.2026
Биыл әскери қызметшілердің 1100-ден астам баласы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында жазғы демалыстарын өткізеді.Алғашқылардың бірі болып орталықтың Щучинск қаласындағы филиалына Ақмола өңірлік гарнизоны әскери қызметшілерінің 5-9-сыныптарда оқитын 15 баласы келді. Олар мұнда екі апта демалады.Балалар үшін бүкіл ауысым бойы серуендер, экскурсиялар, шығармашылық және спорттық үйірмелердегі сабақтар, байқаулар, зияткерлік ойындар, би үйірмелері және басқа да көптеген қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ ағзаны шынықтырып, иммунитетті нығайтуға ықпал ететін сауықтыру процедуралары мен суға жүзу де қарастырылған.Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы жанындағы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы Жазира Жұмабаева атап өткендей, өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету Қарулы күштердегі әлеуметтік жұмыстың басым бағыттарының бірі болып қала береді.– Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы келісім аясында әскери қызметшілердің балалары еліміздің әр өңірінде орналасқан орталық филиалдарында демалыстарын өткізу мүмкіндігіне ие. Оқу жылы барысында олар үшін мектеп бағдарламасы бойынша оқыту да ұйымдастырылады. «Балдауренде» өткізген уақыт балаларға жарқын әсерлер мен жаңа достар сыйлайтынына сенімдімін, – деді ол.Көпбалалы ана Гүлнұр Әбдікәрімова мұндай қолдау әскери қызметшілердің отбасылары үшін аса маңызды екенін айтады.– Менің ұлым алғаш рет «Балдауренге» барғалы отыр. Лагерьде болу оның денсаулығына оң әсер етіп, құрдастарымен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және ұжымда жұмыс істеуге үйретеді деп сенемін. Балаларымыздың пайдалы әрі мазмұнды демалысын ұйымдастырғаны үшін Қорғаныс министрлігіне алғысымызды білдіреміз, – деді Г. Әбдікәрімова.Құрлық әскерлері әскери қызметшісінің ұлы Ерасыл Рақымбеков те алдағы ауысымнан көп жаңалық күтетінін жеткізді.– Мен «Балдаурен» лагеріне алғаш рет бара жатырмын және бұл үшін өте қуаныштымын. Жаңа достар тауып, түрлі іс-шараларға қатысатын боламын , – деді оқушы. «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы көптеген жылдар бойы еліміздегі жетекші балалар орталықтарының бірі болып келеді. Жыл басынан бері орталықтың сауықтыру және білім беру бағдарламаларынан Қарулы күштер әскери қызметшілерінің 504 баласы өтті.Олардың ішінде Щучинск қаласындағы филиалда – 105 бала, Түркістан қаласында – 91 бала, Қонаев қаласында – 196 бала, ал Балқаш қаласында – 112 бала демалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233298?lang=ru
Ұлытау төрінде «КӨКМАЙСА – ДАЛАНЫҢ ТІРІ ТАРИХЫ» республикалық этномәдени фестивалі өтеді! 30.06.2026
Құрметті, Ұлытау облысының тұрғындары мен қонақтары!⚜️Ұлытау төрінде «КӨКМАЙСА – ДАЛАНЫҢ ТІРІ ТАРИХЫ» республикалық этномәдени фестивалі өтеді!📍 Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылы📅 27 маусым 2026 жыл🕙 Сағат 10:00Бағдарламада:▪️ Этноауылдар мен ұлттық салт-дәстүрлер▪️ Қымызмұрындық рәсімі▪️ Ұлттық спорт ойындары▪️ Қолөнер көрмелері▪️ 500 бие сауылатын тарихи көрініс▪️ Танымал өнер жұлдыздарының концерті«Көкмайса» — қазақ даласының рухын сезінетін, дәстүр мен мәдениет тоғысқан ерекше фестиваль!Келіңіздер! Ұлт рухын бірге ұлықтайық!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/1232947?lang=ru
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мүмкіндіктері сараланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «China State Construction Engineering Corporation» компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл – әлемдегі жетекші құрылыс және инфрақұрылымдық компаниялардың бірі.Кездесуде өңірдің инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Айта кетейік, өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Қазір экономикалық қызметтің 18 басым түрі айқындалған. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, электр жабдықтарын шығару, логистика және қоймалау, химия өнеркәсібі, автокөлік және авиациялық техника өндірісі сияқты бағыттар бар.Сонымен қатар Қызылорда облысында индустриялық инфрақұрылымды дамытуда нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыста жалпы көлемі 515 гектардан асатын 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді, оларда 112 млрд теңгенің 37 жобасы іске қосылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. «Өндіріс» индустриялық аймағында құрылыс материалдары, шыны өндірісі, керамика және өнеркәсіптік өнім шығару жобалары нәтижелі жүзеге асуда.Кездесуде тараптар индустриялық парктер салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өндірістік және логистикалық нысандарды жандандыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Өзара тиімді әріптестікті дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі жалғастыру жоспары нақтыланып, аталған компания өкілдері Сыр өңіріне іссапармен келуге ниет білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233360?lang=ru
Мақсаттардан нақты іс-қимылға: орнықты даму және климаттық саясат 30.06.2026
29 мамырда Астанадағы Президенттік орталықта «Еуразиядағы орнықты даму мақсаттары» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен бірлесіп, Қазақстандағы БҰҰ Өңірлік өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.Пленарлық сессияға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі және ОДМ-ға қол жеткізу мәселелері бойынша арнайы өкілі Борис Титов және дипломатиялық, ғылыми және бизнес қауымдастықтың басқа да жоғары лауазымды өкілдері қатысты.Өз сөзінде Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев климаттың өзгеруі, әлемдік экономиканың трансформациясы және трансшекаралық сын-қатерлер жағдайында халықаралық диалогты нығайту және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлескен тәсілдерді әзірлеу аса маңызды екенін атап өтті.Асан Дарбаев сондай-ақ Қазақстанда климаттың өзгеруіне төзімді жаңа экономикалық даму моделі қалыптасып жатқанын айтты. Төмен көміртекті даму орнықты дамудың маңызды шарты болып табылады және жаһандық климаттың өзгеруінің апатты салдарының алдын алуға бағытталған.Сөзін қорытындылай келе, Вице-министр тек бірлескен және уақтылы қабылданған шешімдер ғана болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға мүмкіндік беретінін жеткізді.Сонымен қатар конференция аясында Вице-министр мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы Атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясиннің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және интеграциялық үдерістерді тереңдету мәселелерін талқылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1233371?lang=ru
Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарын табысты іске асыру тәжірибесі жоғары деңгейдегі конференция алаңында баяндалды 30.06.2026
29 мамырда «Еуразиядағы орнықты даму мақсаттары» атты конференцияның бірінші сессиясында Нұргүл Жанназарова Қазақстандағы Орнықты даму мақсаттарының жүзеге асырылуы туралы ақпаратты көпшілік назарына ұсынды.Бірінші сессия отырысында сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Орнықты даму орталығының директоры Игорь Юргенс, БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясының төрағасы, 2009–2010 және 2012–2020 жылдары Словакия Республикасының Сыртқы істер министрі болған Мирослав Лайчак, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы Атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин, Ресей Ғылым қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дмитрий Конов, БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының хатшысы Анна Жубан-Бре (Франция), Үндістан Сыртқы сауда институты жанындағы ДСҰ зерттеу орталығының доценті Анимеш Кумар (Үндістан), Нью-Йорк университетінің Халықаралық ынтымақтастық орталығының ғылыми қызметкері, БҰҰ «Бір планета» желісінің жетекшісі Хорхе Лагуна-Селис (Мексика) сөз сөйледі.Нұргүл Жанназарова өз сөзінде 2019, 2022 және 2025 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі форумында ұсынылған ерікті ұлттық шолулардың негізгі басым бағыттары туралы айтып өтті.Департамент директорының айтуынша, биыл сәуір айында Қазақстан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Женевада өткен Орнықты даму жөніндегі Өңірлік форумына белсенді түрде қатысты.ЕЭК форумы ОДМ-ға қол жеткізу, цифрлық трансформация, жасыл өсу және халықтың өмір сапасын арттыру мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты үйлестіру, келісілген шешімдер әзірлеу және кеңейту алаңы болды.Спикер сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарының қазіргі таңда ұлттық саясаттың ажырамас бөлігіне айналып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа реформалар мен шараларды әзірлеудің негізі болып отырғанын жеткізді.Жалпы, конференцияға қатысушылар жаһандық күн тәртібіндегі міндеттерге қол жеткізу елдердің серіктестік қағидаттарына негізделген бірлескен күш-жігерін талап етеді деген ортақ пікірге келді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1233374?lang=ru
Қазақстанда Азияның жетекші университеттерінің президенттері жоғары білімнің болашағын талқылау үшін бас қосты 30.06.2026
Қазақстанда Азияның жетекші университеттерінің президенттері жоғары білімнің болашағын талқылау үшін бас қостыЖоғары оқу орындары технологиялық өзгерістердің жеделдеуі, еңбек нарығы талаптарының трансформациясы және қоғам талаптарының өсуі жағдайында жаңа даму модельдерін іздеп жатыр. Осы орайда Азия елдерінің академиялық көшбасшылары Астанада өткен Asian Universities Alliance (AUA) Presidents Forum 2026 шарасында бас қосты.Форумға Азия және өзге де өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Tsinghua University, The Hong Kong University of Science and Technology, Nazarbayev University, United Arab Emirates University, Chulalongkorn University, The University of Tokyo, Vietnam National University және Seoul National University бар.Форум қатысушыларын құттықтаған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің болашаққа бағдарланған жоғары білім жүйесін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.«Қазақстан үшін жоғары білім мен ғылымды дамыту – ұлттық орнықтылық пен экономикалық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі мәселесі. Біз болашақ университеттері жасанды интеллектіні тек оқытумен шектелмеуі керек деп санаймыз – олардың қызметі осы технологияларға негізделуі тиіс. ЖИ жабдықталған университет үлгісі бүгінде Қазақстанда нақты жүзеге асып келеді. Төрт ұлттық университетті біріктіретін үлестірілген академиялық кластер Nazarbayev University экожүйесіне сүйене отырып дамуда», – деп атап өтті министр.Сонымен қатар министр Қазақстанның Азия университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуге және болашақтың ортақ қиындықтарын бірлесіп еңсеруге ашық екенін де ерекше атап өтті.Форум жоғары оқу орындарының президенттері, провосттары мен аға басшыларын біріктіріп, онда университеттердің күрделі әрі жылдам өзгеріп жатқан әлемде қалайша тұрақты, инновациялық және өзекті болып қалу керектігін талқылауға арналды. Бағдарлама аясында AUA-ның қаржылық тұрақтылығы мен үш жылдық стратегиялық жоспарын әзірлеуге арналған жұмыс сессиялары өтті. Қатысушылар альянстың осы уақытқа дейінгі жетістіктерін, болашақ бастамалардың мерзімдерін және келесі кезеңдегі ынтымақтастықтың стратегиялық басымдықтарын қарастырды. Саммит барысында Альянс төрағалығы United Arab Emirates University-ден Chulalongkorn University-ге өтті.«Болашақтың университеттерін қалыптастыру: индустриямен ықпалдастық және басқару инновациялары» тақырыбымен өткен форум бүгінгі жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған екі негізгі мәселеге арналды: институционалдық икемділікті қамтамасыз ету үшін басқару модельдері қалай өзгеруі тиіс және университеттер мен индустрия арасындағы әріптестікті күшейту студенттерді болашаққа қалай тиімді дайындай алады.«Бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан әрі халықаралық деңгейде ықпалып бар зерттеу университеттерінің бірқатары Азияда орналасқан. Asian Universities Alliance құрамына Tsinghua University, Peking University, University of Tokyo, Seoul National University және Hong Kong University of Science and Technology секілді ірі университеттермен қатар, Indian Institute of Technology Bombay және Nazarbayev University сияқты ықшам әрі жоғары маманданған білім және ғылым орталықтары кіреді. Бізді біріктіретін негізгі құндылық – зерттеу мен білім беру арқылы жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге деген ұмтылыс», – деді NU президенті профессор Вакар Ахмад.Форум аясында екі тақырыптық сессия ұйымдастырылды. «Болашақтың университеттерін басқару модельдері» атты сессияда цифрлық трансформация, қаржылық қысым және стейкхолдерлердің жаңа талаптары жағдайында университеттердің басқару және шешім қабылдау құрылымдарын қалай қайта қалыптастырып жатқаны талқыланды. Пікірталастар институционалдық икемділікке, академиялық автономияға, басқарудағы инновацияларға және болашаққа бейімделген университеттердің көшбасшылық модельдеріне арналды.Екінші сессия – «Университеттегі білім берудегі индустрияның рөлі: тәжірибе мен сын-қатерлер» тақырыбында өтті. Қатысушылар университеттер мен индустрия арасындағы әріптестіктің оқыту сапасын арттыруға, тәжірибеге негізделген білім беруді дамытуға және академиялық бағдарламаларды еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіруге қалай ықпал ететінін талқылады. Сондай-ақ академиялық адалдық пен ұзақмерзімді тұрақтылық мәселелері де көтерілді.Форум соңында Asian Universities Alliance мүшелері арасындағы ынтымақтастық нығайып, тәжірибелік маңызы бар бірқатар ұсыныс қалыптасты. Кездесу университеттердің өздерінің негізгі академиялық миссиясын сақтай отырып, өзгермелі әлемге бейімделу жолдары жөніндегі халықаралық диалогтың маңызды бөлігіне айналды.Asian Universities Alliance туралыAsian Universities Alliance 2017 жылы Бейжіңдегі Tsinghua University базасында құрылып, Азияның жетекші 15 университетін біріктірді. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде 401–500 аралығында орналасқан әрі Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі үздік университет ретінде танылған Nazarbayev University – альянстың негізін қалаушы мүшелерінің бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1233412?lang=ru
Мәжіліс электрондық сауданы кедендік реттеу бойынша түзетулерді мақұлдады 30.06.2026
Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат электрондық сауда тауарының кейбір санатын, жаңа декларация түрін және электрондық сауда операторын енгізуді көздейді.Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, түзетулер шетелдік интернет-алаңдардағы үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына халықаралық почта арқылы жіберілетін тауарларды «электрондық сауда тауары» деген жеке санатқа бөлуді қарастырады.Бұдан басқа, заңнамаға «электрондық сауда операторы» ұғымы, сондай-ақ электрондық сауда декларациясы сияқты кедендік құжаттың жаңа түрі енгізіледі.Азамат Әмриннің айтуынша, қазір шетелдік интернет-алаңнан сатып алынатын зат жеке пайдалануға арналған тауарға жатады. Оған бажсыз әкелу нормасынан асып кеткен жағдайда ғана декларация жасалып жүр.«Бұл ретте электрондық сауда тауары жеке тұлғаның пайдалануына арналған, яғни кәсіпкерлік қызметке байланысты емес. Бұл тауарлар сауда айналымына жатпағандықтан, ресми статистикаға енгізілмейді. Енді жөнелтімнің барлығын бірдей декларациялау шетелдік интернет-алаңда сатып алынатын тауардың толық, нақты статистикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті бірінші вице-министр.Оның айтуынша, түзетулер халыққа кедендік рәсімді жеңілдетуге, трансшекаралық электрондық сауданың ашықтығын арттыруға, тауар импортының толық статистикасын құруға арналып отыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1233444?lang=ru
Серік Жұманғарин Barceló Hotel Group бас атқарушы директорымен кездесті 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Barceló Hotel Group бас атқарушы директоры Рауль Гонсалеспен кездесті.Тараптар Қазақстанда қонақ үй бизнесін дамыту перспективасын талқылады. Серік Жұманғарин атап өткендей, Үкімет туристік саланы дамытып, халықаралық инвесторлар мен жетекші қонақ үй операторларын тарту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Қазақстандық тарап қонақ үй инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін дайын нысандар сатып алу, жұмыс істеп тұрған ғимараттарды жалға алу бойынша бірқатар ұсыныс дайындаған.«Біз Barceló Hotel Group әлеуетін жоғары бағалап, компанияны қонақ үй саласындағы табысты жобаларды жүзеге асыруда бай халықаралық тәжірибесі бар сенімді әріптес ретінде қарастырамыз. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылауға және Қазақстанда өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға дайынбыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Бұл кездесу өткен жылы Серік Жұманғариннің Севильяда (Испания) БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі IV халықаралық конференциясына қатысуы шеңберінде өткізілген келіссөздердің жалғасы. Сол кезде тараптар Barceló Hotel Group-тың қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндігін талқылаған болатын. Қазақстандық тарап компания өкілдерін елдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысу үшін Қазақстанға шақырған.Barceló Hotel Group өкілдері сапар шеңберінде Алматыға барады. Онда Астанадағыдай бірқатар кездесу өткізіп, қонақ үй бизнесін дамытуға қолайлы нысандармен танысады.Анықтама:Barceló Hotel Group – 1931 жылдан бері туризм саласында жұмыс істейтін отбасылық испандық компания. Штаб пәтері Майорка аралында (Испания) орналасқан. Компания қонақ үй, туристік агенттік пен авиакомпания желісіне иелік етіп және оны басқарады. Әлемнің 30 елінде 300-ден астам қонақүйді біріктіретін Испаниядағы ең ірі оператордың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1233501?lang=ru
Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда 30.06.2026
Бұл — өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі. Қазір Атырау облысында туризм саласын дамыту жұмыстары қарқын алып, өңірдің табиғи және мәдени нысандарын насихаттауға басымдық берілуде.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алима Рамазанова мен «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры Қайсар Махсутов мәлімдеді.Қазір облыста 272 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар, жол бойындағы сервис нысандары мен этноауылдар бар.Биыл «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығы «KITF Almaty» халықаралық көрмесіне қатысып, Атыраудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар Ақкерегешың – Иманқара бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедицияға 130-дан астам турист қатысқан.Бұдан бөлек, өңірде агротуризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп, ауыл туризмін дамытуға бағытталған жобалар қолға алынған. Ал «Саяхат дәмі бар кофе» жобасы аясында кофеханаларда облыстың көрікті жерлері бейнеленген QR-коды бар арнайы стақандар ұсынылуда.Былтыр өңірге 187 мыңнан астам турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Оның 166 мыңы – ішкі туристер, ал 21 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар биылғы алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.Брифинг барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі де айтылды. Биыл Атырау қаласында жеті жағажай ашу жоспарланған. Олардың қатарында «Балықшы», «Геолог», «Жилгородок» аумақтары және ауылдық округтердегі демалыс орындары бар. Қазір жағажайларда абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық және қауіпсіздік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 1 шілдеге дейін іске қосу көзделген.Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмешіт қорымы мен Ақкерегешыңның борлы тауына баратын жолдар жөнделуде. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қарау алаңдары мен автотұрақтар салынған.Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта өңірде «Naryn Fest» экстрим фестивалі, «Lotus Fest 2026» және «Tour de Saraishyq» халықаралық велошеруі секілді ауқымды туристік жобаларды өткізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1233609?lang=ru
Дәурен Қосанов Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты 30.06.2026
Ресей астанасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан делегациясын Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастап барды. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери қауіпсіздігіне қатысты өзекті сын-қатерлер мен қауіптер талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдары мен күштері мен құралдары құрамаларының 2027 жылға арналған бірлескен даярлық іс-шараларының жоспары бекітілді. Сонымен қатар, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің авиациясын дамытуға және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған шешімдерге қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233640?lang=ru
Өңірдің мұнай-газ саласындағы мәселелер талқыланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Қазгермұнай» БК» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдің мұнай-газ саласын дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы компанияның және оның еншілес ұйымдарының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзіндік орнын ерекше атап өтті.«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысында бірқатар ауқымды жұмысты жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да тиімді әріптестік негізінде маңызды жобаларды бірлесіп іске асырып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтамыз деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кездесуде компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарған жұмыстары жоғары бағаланды. Атап айтқанда, «Қазгермұнайдың» демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге салынған «Оқушылар сарайы» бүгінде балалар игілігіне қызмет етуде.Бұдан бөлек, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобалар жайы талқыланды. 2022 жылы өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен Энергетика министрлігі арасында «Қазгермұнай» компаниясының «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газ өңдеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Қазір «Казпетрол Груп» және «Тұзкөл Мұнайгаз Оперейтинг» серіктестіктері құбыр құрылысын аяқтап, газ жеткізуді бастаған. Бұл өңделетін газ көлемін арттырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233649?lang=ru
СҮТ ТУРЫ: Қостанай облысындағы 13 сүт-тауарлы фермасы жобасының 4-еуі Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатыр 30.06.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барып, агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сүт-тауарлы мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз өз өндірісіміздің көлемін ұлғайтуымыз қажет», – деді облыс әкімі.Осы мақсатта өткен жылы қуаттылығы 46 мың тонна болатын 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 34 мың тонна болатын тағы осындай 6 ферма салынып жатыр, оның 5-і биыл іске қосылады.Жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 49,3 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 220-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы уақытта тағы 210 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.Айта кету керек, облыста жүзеге асырылып жатқан 13 сүт-тауар фермасының 4-еуі дәл осы Алтынсарин ауданында.Бүгінгі таңда «Тапаев Т.Б.» және «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалықтарының фермалары пайдалануға берілді. Ал «Қуанышбаев К.М.» шаруа қожалығы мен «Дукас» ЖШС сүт-тауарлы фермалары салынып жатыр.Сапардың алғашқы нысаны – Обаған ауылындағы «Дукас 2020» ЖШС-нің салынып жатқан сүт-тауар фермасы. Жобаның жалпы құны 3 млрд 270 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 300 млн теңге кәсіпорынның меншікті қаражаты болса, 2 млрд 970 млн теңге «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жоба бойынша симментал тұқымды 400 бас ірі қара мал ұсталады. Ферма пайдалануға берілгеннен кейін жылына 3 200 тонна сүт өндіріліп, 25 жаңа жұмыс орны ашылады.Келесі нысан – Большой Чураков ауылының сыртындағы «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасы. Жобаның жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 386 млн теңге – меншікті қаражат, 3 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты және 232,8 млн теңге – екінші деңгейлі банктер арқылы тартылған қаржы. Жоба аясында 400 бас сауын табынына арналған ферма құрылып, голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алу көзделген. Жыл сайын 2 500 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Кәсіпорында 26 жаңа жұмыс орны ашылады.Тағы бір ірі жоба – Новоалексеев ауылындағы «Қуанышбаев Қ.М.» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан сүт-тауарлы фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 311 млн теңге – шаруашылықтың меншікті қаражаты, ал 2,8 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма 400 бас симментал тұқымды ірі қара малға есептелген. Жобалық қуаттылығы жылына 2 800 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 26 жаңа жұмыс орны ашылады. Шаруа қожалығының басшысы Гүлнар Қуанышбаеваның айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың басында аяқтау жоспарланған.«Аймағымызда 13 сүт-тауар фермасы толық жобалық қуатына шыққан кезде ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісі екі есеге жуық артып, 85 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 75%-дан 86%-ға дейін өседі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.Ал Алтынсарин ауданында барлық 4 сүт-тауар фермасы толық іске қосылғаннан кейін және жобалық қуатқа шыққан соң, аудандағы сүт өндірісі жылына 6,7 мың тоннадан 19,3 мың тоннаға дейін ұлғайып, 2,9 есеге артады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге және облыс экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Олжа Беляевка» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов өсімдік шаруашылығындағы қазіргі жағдай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі және егіс науқанының өту барысы жөнінде баяндады.Сондай-ақ, облыс әкіміне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді.Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы сүт-тауарлы мал шаруашылығын дамыту өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, заманауи сүт-тауар фермаларын іске қосу сапалы өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233796?lang=ru
Қазақстан мен Кипр: Кипр Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары аясында екіжақты ынтымақтастық нығайтылуда 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөздер өткізді.Тараптар аталған сапардың тарихи маңызын атап өтіп, оның Қазақстан мен Кипр арасындағы қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңді бастап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілікті растайтынын жеткізді.Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ цифрландыру, туризм және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына бейілділіктерін растады.Сұхбаттастар Астана – Ларнака және Алматы – Ларнака бағыттары бойынша алғашқы тікелей әуе рейстерінің іске қосылуын құптады. Бұл қадам туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге маңызды серпін береді.Келіссөздер қорытындысында министрлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис арасындағы кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233833?lang=ru
Астанада Кипр Республикасының Елшілігін ашу салтанаты өтті 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары аясында Астанада Кипр Республикасы Елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға Қазақстан мен Кипр арасындағы екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды белес болды.Қазақстандағы Кипр Елшілігі – Никосияның Орталық Азиядағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі. Бұл қадам Қазақстанның өңірдегі Кипрдің маңызды серіктесі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді әрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипрдің Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Елшіліктің ашылуы Орталық Азия мен Жерорта теңізі өңірі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін айтты.Өз кезегінде Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос Кипрдің өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті түрде дамитынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233850?lang=ru
Астанада балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері әскери колледжде қонақта болды 30.06.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне ашық есік күні өтті.Қонақтарды әскери колледж басшылығы қарсы алып, акт залында әскери колледждің қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар кадеттер өз өнерлерін көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар да өз кезегінде сахнаға шығып, Отан және сарбаз туралы әндерін тарту етті.Әрі қарай балалар оқу орнын аралады. Әскери колледждің музейінде болып, спорт залды, жүзу бассейнін, арнайы дайындық сыныптарын, қару-жарақ пен әскери техниканы оқыту кабинеттерін көрді. Бұдан басқа олар атыс тиріне кіріп, қаруды бөлшектеп-құрастыру тәртібімен танысты, арасында қызыққан балалар өздері шашып-құрастырудан машықтанып та көрді.– Әскери колледждегі ашық есік күні жақсы өтіп жатыр. Балаларға ұнады. Арасында болашақта Отан қорғаушы мамандығын оқығысы келетіндер де бар. Біздің орталықтың балаларына осындай шара өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді, – деді Балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Арман Сәметов.Экскурсия барысында тәрбиеленушілер кітапхана мен курсанттардың жатын орнын аралап, болашақ әскери мамандардың күнделікті тұрмысымен танысуға мүмкіндік алды.– Бүгін менің өмірімдегі ең керемет күн болды. Әскери киімдегі кадеттер ұнады. Музейде осы колледждің аты берілген Сағадат атаның заттарын көрдім, – деді орталықтың тәрбиеленушісі Адия Ғалиева.Мерекелік дастарханнан дәм татқан балалар тамаша күннен бір белгі болсын деп кадеттермен естелік суретке түсті. Ашық есік күні келушілерге жарқын әсер қалдырып, әскери қызметтің ерекшеліктерінен мол мәлімет берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233902?lang=ru
Алматы облысында дәрігерлер босандыру кезінде алты ісікті алып тастап, әйелдің жатырын сақтап қалды 30.06.2026
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалды. Жоспарлы кесарь тілігі кезінде дәрігерлер нәрестені аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалды.Облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, одан кейін миомэктомия жасалды.Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Оған үш акушер-гинеколог қатысты.Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233911?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233913?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233915?lang=ru
Қостанайда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды 30.06.2026
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлік саласының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру және кәсіпкер әйелдердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау болды.Жиын барысында мемлекеттік қолдау құралдары, кәсіпкерлік жобаларды іске асырудың тиімді тетіктері, бизнесті ауқымдандыру жолдары және өңірлер арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар кәсіпкерлік қызметті дамытуда тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, жаңа серіктестік байланыстар орнату мүмкіндіктерін қарастырды.Іс-шара аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы табысты тәжірибелер таныстырылып, шағын бизнесті тұрақты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорын деңгейіне жеткізуге бағытталған қолдау шаралары сөз болды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылын күшейту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелері көтерілді.Кездесуге қатысушылар қазіргі қоғамдағы әйелдердің экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтіп, олардың кәсіпкерлік, басқарушылық және қоғамдық қызметтегі рөлінің маңыздылығын талқылады.Жиын қорытындысында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру және жаңа бірлескен жобаларды қолға алу жөнінде ұсыныстар айтылды. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және өңірдегі кәсіпкерлік ортаның дамуына оң ықпал ететіні атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233942?lang=ru