Қуқық
Қазақстан мен Гонконг бірлескен инвестициялық жобаларды, қаржылық ынтымақтастықты және тікелей әуе қатынасын іске қосуды талқылады 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанаға жоғары деңгейдегі делегацияны басқарып келген Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен келіссөздер өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын, қаржылық әріптестікті дамытуды, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы көлік байланысын нығайту мәселесін талқылады.Гонконг делегациясының құрамына бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың 70-тен астам өкілі кірген. Олардың ішінде жасыл энергетика, қаржы технологиясы, жасанды интеллект, робот техникасы, урбанистика, өндіруші өнеркәсіп және инновациялық даму саласындағы жетекші компаниялардың басшылары бар.Кездесу кезінде Серік Жұманғарин еліміздің егеменді кредиттік рейтингінің жақсаруы расталған Қазақстан экономикасының тұрақты өсуін атап өтіп, қосылған құны жоғары жобаларға инвестиция тартуға мүдделілігін атап өтті.Экономиканың нақты секторындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде жобаларды бірлесіп іске асыру, ауыл шаруашылығы шикізаты мен табиғи ресурстарды терең өңдеу, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, минералды тыңайтқыш пен пестицид өндіру, сондай-ақ түсті металдан дайын өнім шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Пысықталып жатқан жобалардың жиынтық әлеуеті $100 млрд-тан асады деп бағалануда.Келіссөздердің тағы бір негізгі бағыты — қаржылық ынтымақтастық. Қазақстан Қытай мен Гонконг нарығына қарыз құралдарын шығару арқылы, сондай-ақ бірлескен инвестициялық қорларды құру арқылы Гонконг капиталын тартуға дайын екендігін білдірді. «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі инвестициялық бастамаларды ұзақ мерзімді қолдауды қамтамасыз ете отырып, перспективалық жобалардың қаржылық әріптесі және бірлескен инвесторы болуға дайын.«Гонконгпен ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылау біз үшін зор мәртебе. Қазақстан инвесторларға тартымды жобаларды ғана емес, сонымен қатар көрші мемлекеттермен трансшекаралық өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерін қосқанда, Орталық Азия нарығына шығуды ұсынуға дайын», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Кездесу барысында Қазақстан вице-премьері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеуді, «Қазақстан - Гонконг» екіжақты инвестициялық қорын құру және Қазақстан – Гонконг – Шыңжаң форматындағы өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.Серік Жұманғарин сондай-ақ Қазақстанның Гонконг өкілдерімен, жетекші халықаралық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделілігін атап өтті. Инвесторлар үшін жаңа жобаларды іске асыру үшін кедергілерді азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау және бірлесіп қаржыландыру тетіктері көзделген. Қазақстан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайларды, қажетті инфрақұрылымды және келешегі зор бастамаларды қолдауды ұсынуға дайын. Бұл ретте жобалардың экономикалық тиімділігі, сондай-ақ тараптардың инвестициялық мүмкіндікті, технологиялар мен сараптаманы біріктіруге дайындығы негізгі факторлар болып қала береді.Тараптар өзара сауданы ұлғайтудың зор мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Қазақстан Гонконг нарығына металлургия, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерін, сондай-ақ астық пен ұн жеткізуді арттыруға мүдделі. Бұл ретте Қазақстан өңірдегі астық, майлы дақыл мен мал шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болып табылады. Өткен жылғы қорытынды бойынша астық экспорты 15 млн тоннадан асқан. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жақсы нәтиже. Бірлескен кәсіпорындар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жобаларды іске асырудың болашағына ерекше назар аударылды.Өз кезегінде Джон Ли Қазақстанның экономикалық даму қарқынын және оның Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін жоғары бағалады. Оның айтуынша, екі аймақ арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85%-ы ел аумағы арқылы өтеді.Гонконг әкімшілігінің басшысы жетекші әлемдік қаржы орталықтарының бірі мәртебесін нығайтумен қатар инновациялар мен технологияларды дамытуға бағытталған АӘА экономикасының жүргізіліп жатқан трансформациясы туралы айтты. Алдағы жылдары Гонконг инновациялық инфрақұрылымды едәуір кеңейтуді, ғылыми-технологиялық парктер санын ұлғайтуды және жоғары технологиялық салаларға халықаралық мамандарды тартуды жалғастыруды жоспарлап отыр.«Біз Гонконг пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуетін көріп отырмыз. Біздің экономикалар қаржы, инновация, технология, логистика және инвестиция салаларында бір-бірін тиімді толықтыра алады. Байланысымызды одан әрі нығайтудың маңызды қадамы Гонконг пен Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру болуы мүмкін», — деп атап өтті Джон Ли.Кездесуді түйіндей келіп, тараптар мемлекеттік органдар мен іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарындағы жұмысты жандандыруға уағдаласты.Анықтама:2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы $180 млн-ға жеткен. Осылайша, өзара сауда көлемі 2024 жылғы $130 млн-мен салыстырғанда 40%-ға өсіп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1232202?lang=ru
Министрлік әлеуетті ЖІӨ-нің есептеу әдістемесін бекітті 30.06.2026
Сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және макроэкономикалық талдауды одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуетті жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) есептеудің әдістемесін бекітті.Ықтимал ЖІӨ өндірістік факторды толықтай пайдалану және инфляциялық қысым болмаған кездегі экономикадағы мүмкін болатын ең жоғары өндіріс көлемін анықтайды.Бұл көрсеткішті есептеу Қазақстандағы экономикалық өсудің табиғи шегін және оның нақты мәннен қаншалықты жоғары немесе төмен екенін анықтауға мүмкіндік береді.Әдістеме болашақтағы ЖІӨ-ні есептеудің халықаралық тәжірибесін ескеріп отыр. Бұл ретте жұмыспен қамтудың артуы, инвестиция мен негізгі капиталдың өсуі, сондай-ақ технологиялық прогресс (жиынтық факторлық өнімділік) сияқты факторлардың экономикалық өсуге қосатын үлесі бағамдалып, әлемдік тәжірибеде кең тараған Кобб-Дуглас өндірістік фукнциясы қолданылған.Есептеу үшін Ұлттық статистика бюросының ресми деректері пайдаланылады.Ықтимал ЖІӨ-ні бағалауды тоқсан сайын жүзеге асыру жоспарлануда.Нәтиже экономикалық өсудің сапасын бағалау және экономикалық цикл фазасын анықтау үшін талдамалық мақсатта пайдаланылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1232219?lang=ru
Көктемгі әскерге шақыру: Қазақстан Қарулы күштері толық жасақталды 30.06.2026
Елімізде Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр.1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалды.Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің мәліметінше, жаңа шақырылғандардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерген. Әскери қызметшілер жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық және атыс дайындығының негіздерін меңгерген, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан. Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі өткізілді.Қазірдің өзінде мерзімді қызметтің сарбаздары әскери өмірге сәтті бейімделіп, өз міндеттерін атқаруға кірісті. Несие міндеттемелері бар әскери қызметшілер заңнамада қарастырылған мүмкіндікті пайдаланып, қызмет ету мерзімінде төлемдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, олардың көпшілігі қызметін аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурсқа қатысуды жоспарлап отыр.Қазіргі уақытта ел өңірлерінде әкімдердің орынбасарларының басшылығымен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын жалғастырып жатыр. Негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, оның қатарына 7 мыңнан астам жас шақырылатын болады.Азаматтарға шақыру электронды форматта SMS-хабарламалар және eGov порталы арқылы келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Электрондық хабарлама ресми шақыру мәртебесіне ие. Хабарлама алған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал әскери қызметтен жүйелі түрде жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.Жалпы көктемгі әскерге шақыру аясында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат қосылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1232220?lang=ru
Қостанай облысында байланыс станциялары іске қосылды 30.06.2026
Қостанай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басында облыс әкімдігі мен Tele2/Altel байланыс операторы – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС арасында өңірдегі интернет сапасын жақсарту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.Құжат аясында компания жыл соңына дейін облыс аумағында 60-тан астам жаңа базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Жоба аудан орталықтары, моноқалалар мен шалғай елді мекендерде мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыруға бағытталған.Меморандум шеңберіндегі алғашқы нысандар Лисаков және Рудный қалаларында іске қосылды. Жаңа базалық станциялар тұрғындарды тұрақты байланыспен қамтамасыз етіп, мобильді интернеттің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.Лисаков қаласында қазіргі қолданыстағы желіні күшейту мақсатында қосымша алты базалық станция орнату көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде екі станция пайдалануға берілді. Жаңа нысандар қала аумағындағы, оның ішінде саяжай массивтеріндегі байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.Рудный қаласында да телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр. Қалада жұмыс істеп тұрған 37 базалық станцияға қосымша тағы 14 нысан салу жоспарланған. Оның алғашқысы пайдалануға берілді. Бұл жаңа тұрғын аудандарды, өндірістік аймақтарды және байланыс сапасы төмен учаскелерді сапалы мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.Жоба аясында өңірде 4G және 5G технологияларын кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Сондай-ақ базалық станциялар орнату барысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орналастыруға қосымша мүмкіндік жасалады.Байланыс операторының мәліметінше, жаңа нысандарды іске қосу өңір тұрғындарының интернетке қолжетімділігін арттырып, желіге түсетін жүктемені азайтуға және мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.Осылайша Қостанай облысында цифрландыруды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1232248?lang=ru
Нашақорлықтың алдын алу және интернеттегі есірткі насихатына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды 30.06.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Ведомствоаралық жиында нашақорлықтың, есірткі қылмысының және интернет кеңістігіндегі есірткі насихатының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы мониторингті күшейту, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардағы заңсыз контентке жедел әрекет ету керек. Сондай-ақ есірткі таратудың жаңа арналарын анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық шараларды жандандыру міндеттелді.Отырыста жастар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тәуекел топтарымен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы шаралар Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің тұрақты бақылауында.Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де қарастырылды. Есірткіні, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолдану, масаң күйде көлік басқару мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде танылады. Ал жұмыс орнына масаң күйде келу, медициналық куәландырудан бас тарту қызметтен босатуға негіз болады.Жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілмек. Талапқа сай емес нысандардың қызметін шектеу, жол-көлік қауіпсіздігін күшейту және жазатайым оқиғалардың алдын алуда түсіндірме жұмысын жүргізу тапсырылды.Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қадағалау үшін рейдтік іс-шаралар өткізу, қоғамдық қауіпсіздік назардан тыс қалмауы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232300?lang=ru
Тынығу лагерьлерінің маусымы ресми түрде ашылды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Президент паркі аумағында жаңадан ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығында жазғы тынығу лагерлерінің маусымы салтанатты түрде ашылды.Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жас өрендерді мерекемен және маусымның ресми ашылуымен құттықтады.«Бала – отбасының бақыты, мемлекеттің – болашағы. Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың дені сау, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.Президентіміз балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, сапалы білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.Кейінгі жылдары біздің аймағымызда білім беру, мәдениет, спорт және қосымша білім беру ұйымдарының саны артты. Алда сіздерді қызықты кездесулерге, танымдық іс-шараларға, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға толы жарқын жаз күтіп тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, көтеріңкі көңіл-күй мен толайым жетістіктер тілеймін!» – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.Бүгін облыстағы тоғыз лагерь бір мезетте өз жұмысын бастап, мыңдаған баланы қабылдады.Мемлекет басшысының қолдауымен салынған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру лагері материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері жағынан елімізде баламасы жоқ, бірегей орталықтың қатарында. Мұнда робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, инженерлік жобалау, IT-технологиялар және басқа да инновациялық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың болашақ мамандықтарына қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232311?lang=ru
Қазақстанда тұңғыш рет әскери технологиялар бойынша SHAIQAS 2026 чемпионаты басталады: жүлде қоры – 10 миллион теңге 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз жүйелер, жерүсті робототехникасы, кибертехнологиялар және тактикалық дайындық салалары бойынша SHAIQAS 2026 чемпионатының өтетінін хабарлайды.Бұл – Қазақстандағы қос мақсаттағы технологиялар саласындағы ұлттық акселерациялық бағдарламаның операторы Defence Tech Center ұйымдастыратын маңызды іс-шара. Чемпионаттың мақсаты – болашағы зор инженерлік командаларды анықтап, олардың әзірлемелерін өнеркәсіпке енгізуге қолдау көрсету.Жоба Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның серіктестері – робототехника бағытын дамытатын USTEM Foundation және ұшқышсыз ұшу жүйелері саласындағы бастамаларды іске асыратын Ashyq Aspan Foundation. Инфрақұрылымдық қолдауды халықаралық инновациялық кластер Astana Hub қамтамасыз етеді.Чемпионатқа 5-тен 15 адамға дейінгі аралас инженерлік командалар қатыса алады. Командалар жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және Қарулы күштер бөлімшелерінің қолдауымен құрылады.Чемпионат бағдарламасы төрт бағыттан тұрады: «аспан», «жер», «киберқауіпсіздік» және «тактикалық финал».«Аспан» бағыты бойынша қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты тапсырмаларды орындайды. Олардың қатарында бір жинақтан 5 дюймдік FPV-дрон құрастыру, дрондармен жылдамдық жарысына қатысу және жүк тасымалдау міндеттері бар.«Жер» бағыты бойынша жерүсті роботтандырылған платформаларды пайдалана отырып, манекендерді эвакуациялау және мина макеттерін орналастыру тапсырмалары орындалады.«Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша қатысушылар үшін киберполигон жағдайында әртүрлі сценарийлер әзірленеді.Тактикалық финалда бес инженерден тұратын команда кедергілер жолағында әрекет етеді. Бұл кезеңде қозғалмайтын нысандарға страйкбол қаруымен ату және тактикалық медицина элементтерін орындау қарастырылған.SHAIQAS 2026 чемпионатының күнтізбесі1–15 маусым – командаларды тіркеу (defencetech.kz сайты арқылы);16–25 маусым – өтінімдерді қарау және инженерлік құжаттама негізінде финалист командаларды іріктеу;1 шілде – финалистердің соңғы тізімін жариялау;19–20 шілде – финал алаңындағы міндетті екі күндік сынақ кезеңі: техниканы тексеру және қысқартылған далалық сынақтар;14–15 тамыз – ұлттық финал.Бірінші күні киберкезең және 1/8 финал ойындары қатар өтеді. Екінші күні ширек финалдар, жартылай финалдар, финал және марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.Жүлде қорыЖалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды.Сонымен қатар:«Әуе жүйелерінің үздік инженерлік кешені»;«Жерүсті жүйелерінің үздік инженерлік кешені»;«Киберқауіпсіздік саласындағы сыйлық»атты арнайы номинациялар тағайындалған.Жүлделі орын алған командалардың ғылыми жетекшілері де арнайы марапаттарға ие болады.Ақпараттық ресурстар және байланысРесми сайт: Defence Tech Center ресми сайтыЭлектрондық пошта: info@defencetech.kzDefence Tech Center кеңселері:Астана қаласында – ALEM AI CenterАлматы қаласында – Офицерлер үйі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1232449?lang=ru
Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Қонаев қаласыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласын дамыту жоспарымен танысудан басталды.Қазір аумағы 88 мың гектарды құрайтын қала 4 арнаулы бөлікке бөлінген. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дами береді. Сонымен қатар қаланы өркендетуде басымдыққа ие аумақтар мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистральды инфрақұрылымды жандандырудың жол картасы жүзеге асырылуда. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.Бүгінде Gate City тұрғын ауданында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда бір «Жайлы мектеп» бой көтерді. Қалада «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді үлкен кәсіпорындар жұмыс істейді.Бұдан бөлек, жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салынып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек мен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда.Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл – Алатаудағы көпфункциональды озық кешендердің бірі. Қаладағы негізгі нысандар Gate District ауданында бой көтермек. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1232514?lang=ru
Кәсіпкерлер таңбалау шығындарына 50% қосымша шегерім алады 30.06.2026
Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 16-шы отырысында тауарларды таңбалау жүйесін енгізу кезіндегі бизнесті қосымша қолдау мәселесі қаралды.«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов атап өткендей, таңбалауды енгізу бизнестен өндірістік желіні жаңғырту, жабдық сатып алу секілді бірқатар едәуір шығынды талап етеді. Кәсіпкерлердің қаржылық ауыртпалығын азайту мақсатында сәйкестендіруге қажет жабдық сатып алуға жұмсалған шығынды шегерімге нақты жұмсалған шығын сомасының 150% мөлшеріне жатқызу ұсынылды.Жобалық кеңсе отырысына қатысушылар бұл ұсынысты қолдады. Тиісті түзету Салық кодексіне енгізіледі.Сондай-ақ, отырыста резидент еместер үшін электрондық шот-фактура жазу мерзімін ұзарту бойынша түбегейлі шешім қабылданды. Мерзім ұзартылады. Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ҰКП норманы түпкілікті пысықтауда. Резидент еместер үшін ЭШФ ҚҚС бойынша декларация тапсыратын күннен бір жұмыс күні бұрын кешіктірілмей жазылып берілуі қажет.Сонымен қатар, отырыста еңбекақы төлеу қоры төлемдерін біріздендіру бойынша пилоттық жобаны әзірлеу жайы талқыланды. Қазіргі уақытта оларды салық төлеушінің кабинеті арқылы басқару қарастырылуда. Барлық міндетті төлемді есептеу үшін жұмыс берушіге қызметкердің ЖСН-ы мен оның жалақы мөлшерін көрсету жеткілікті. Жүйе қажетті есептеуді автоматты түрде жүргізеді.Осы тетікті енгізу еңбекақы төлеу қорынан төлем жүргізу міндеттемелерін орындауды едәуір жеңілдетіп, бизнестің әкімшілік жүктемесін қысқартуға, стандартты есеп айырысу операцияларын орындау үшін бухгалтерлік қызметті тарту қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1232599?lang=ru
Зейнет демалысына шығарып салды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Марат Құрманбаевты әріптестері құрметпен зейнет демалысына шығарып салды.Аймақ басшысы Марат Ердәулетұлының мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбек жолына тоқталып, өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.«Аймағымыздағы әскери бөлімдердің инфрақұрылымы жаңартылып, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жүйеленді. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырудағы Марат Ердәулетұлының өзіндік қолтаңбасын ерекше атап өтуіміз қажет», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Құрманбаев Марат Ердәулетұлы еңбек жолын өндіріс саласында бастап, кейін қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарды. 2013-2024 жылдары Қызылорда және Жамбыл облыстары бойынша экология департаментін, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды. 2024 жылдан бері облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметінде болды.Облыстық экология департаментін басқарған кезеңде қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемақылар есебінен бюджетке жоспардан тыс 64 млрд теңгеден астам қаржы түсуіне ықпал етті.Құқық қорғау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде террористік тұрғыдан осал объектілердің аумақтық тізбесі жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жаңғыртылды.Соңғы жылдары Арал және Жалағаш аудандарындағы қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп, тұрғындарды төтенше жағдай туралы дер кезінде хабардар ету мақсатында 124 елді мекенде сиреналық қосылу құрылғылары орнатылды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары тіркелген елді мекендер залалсыздандырылды.Басқосуда Марат Ердәулетұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.Сондай-ақ аймақ басшысы 2024 жылдан бері «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры қызметін атқарған Зияш Қияқбаевқа басқа қызметке ауысуына байланысты алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының шешімімен «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры лауазымына тағайындалған Ерсейіт Жолмырзаұлы Қайыпов таныстырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232714?lang=ru
Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовтың халықпен кездесуі өтеді 30.06.2026
2026 жылғы 3 маусымда ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барады.Сапар аясында өңір тұрғындарымен кездесу өткізіліп, азаматтарды жеке қабылдау жоспарланған (2026 жылғы 3 маусым, сағат 11:00, Петропавл қаласы, Жамбыл Жабаев көшесі, 195).Өтінім сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін 8 (7172) 74-07-47 телефоны арқылы қабылданады.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1232818?lang=ru
СҚО-да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Green City Day» экологиялық интерактиві өтті 30.06.2026
Петропавлда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында «Green City Day» экологиялық интерактиві өтті. Іс-шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамытуға және жастарды тазалықты сақтауға бағытталған бастамаларға тартуға бағытталды.«Green City Day» - жастардың Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі. Экологиялық әдеттер қарапайым қадамдардан басталады - қалдықтарды сұрыптау, ресурстарды үнемдеу және туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарау. Интерактив жастарды табиғатқа ұқыпты қарау идеясы төңірегінде біріктірді. Қатысушылар экология саласындағы білімдерін тексеріп қана қоймай, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, ресурстарды үнемдеу және экологиялық ағарту бойынша пайдалы дағдыларды тәжірибе жүзінде бекітті.Іс-шараның басты мақсаты - ойын және интерактивті форматта жастарға табиғатқа ұқыпты қараудың негізгі құндылықтарын сіңіру және күнделікті өмірде экологиялық әдеттердің маңызын көрсету. Сонымен қатар интерактив студенттік және жастар ұжымдарын біріктіруге, командалық жұмысты дамытуға, идеялар алмасуға және белсенді азаматтар қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етті.«Green City Day» аясында қатысушылар бірнеше тақырыптық станциядан өтті. «Эко-викторина» станциясында олар экология, табиғатты қорғау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыптарына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Планетаға тілек ағашы» станциясында жастар табиғатты сақтау бойынша экологиялық тілектері мен идеяларын жазып, оларды символикалық ағашқа бекітті.Тағы бір тәжірибелік алаң «Контейнерлерге бөлу» станциясы болды. Мұнда қатысушыларға пластик, қағаз, шыны және металл сияқты әртүрлі қалдықтардың үлгілері көрсетілді. Олардың міндеті - қалдықтарды тиісті контейнерлерге дұрыс орналастыру.Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Green City Day» - бұл жай ғана танымдық іс-шара емес, әрбір қатысушыға қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін көрсетуге, экологиялық белсенділікке қатысуға және табиғатты сақтауға бағытталған ортақ қозғалыстың бір бөлігі болуға мүмкіндік.Іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасын жергілікті деңгейде іске асыруға қосылған үлес және экологиялық жауапты қоғам қалыптастыру жолындағы тағы бір қадам болды. #ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазаел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1232847?lang=ru
Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері қаралды 30.06.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ерегешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірісте жарақаттанудың алдын алу және қызметкерлер құқықтарын қорғаудың маңызына тоқталып, орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.Мемлекет басшысы биылғы сәуір айында қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қамтитын заңға қол қойған болатын. Алдағы уақытта еңбек заңнамасына түзетулер енгізіледі деп күтілуде. Бұл бастамалардың барлығы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға бағытталған.Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай нақты тапсырмалар берілді.Аймақ басшысы елді мекендерді газдандыру жобаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауды, құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін зерделеу, бір ай мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеу керек.Мәжілісте өндірістік және құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы, еңбеккерлер құқықтарының қорғалуы барлық деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі екені ескертілді.Санитарлық тазалық, атап айтқанда Белкөл кентіне жақын орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы жағдайды үш күн ішінде реттеу жауапты мекемелерге тапсырылды. Демалыс парктері, балалар ойын алаңдары, жол бойы мен көрнекі ақпараттың жай-күйін жақсарту, тазалықты тұрақты бақылау міндеттелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232952?lang=ru
Алматыда әскери қызметшілер майдангер ардагер Александр Журавлевті құттықтады 30.06.2026
Алматы қаласының Бостандық аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Александр Степанович Журавлевті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады.Аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы полковник Арман Тұрғанбаев қарт майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстады. Әскери қызметшілер ардагердің денсаулығы мен хал-жағдайын сұрап, соғыстың ауыр сынағынан өткен жандардың ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық екенін атап өтті.– Отанға адал қызмет етіп, көрсеткен ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз үшін алғыс айтамыз. Бейбіт өмірді қорғап, Жеңіске қол жеткізген аға буынның ерлігін ұмытпай, олардың жарқын есімін ұлықтау – біздің парызымыз, – деді полковник Арман Тұрғанбаев.Өз кезегінде Александр Степанович қонақтарға соғыс жылдарынан естеліктер айтып, көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.Александр Журавлев 1925 жылғы 30 мамырда Алтай өлкесіндегі Барнауыл қаласында дүниеге келген. 1943 жылы Новосібір жоғары оқу орнының студенті кезінде Карель майданына шақырылды. Алғашында байланысшы-телефоншы болып қызмет атқарса, кейін артиллериялық бөлімшеде барлаушы болды. Бір жылдан соң Украина жерін азат етуге қатысып, Эльба өзенінен өту операциясына қатысты. Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алды.Соғыстан кейін Александр Степанович тағы бес жыл Будапешт пен Дағыстанда әскери қызметін жалғастырды. Әскер қатарынан запасқа шыққан соң инженер-құрылысшы мамандығын таңдады.Александр Журавлев І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Праганы алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Бейбіт кезеңдегі еңбегі де жоғары бағаланып, «Құрмет» орденіне ие болған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1232969?lang=ru
Мемлекет басшысы GREEN ЕСО жылыжай кешенімен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ЕСО заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты. Шаруашылықтағы барлық үдеріс химиялық өңдеусіз, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай іске асырылады. Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі.Президент «Лукоморье» тұқымбағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіруге қауқарлы еліміздегі ірі орталық. Оның өнімдері қалаларымыздың барлығында сұранысқа ие, сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233029?lang=ru
Павлодар облысында индустриалды парк салу жоспарлануда 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов және «Xinfa Group» Басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюньмен кездесу өтті.Кездесу барысында тараптар Павлодар облысында индустриалды парк салу жобасын іске асыру мәселесін талқылады. Жоспарланып отырған инвестиция көлемі 15 млрд АҚШ долл. құрайды, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 10 мыңға жетеді.Келіссөздер барысында Ғ.Оспанқұлов мемлекеттік қолдау шаралары, салық жеңілдіктері және еліміздің инвестициялық ахуалының артықшылықтары туралы ақпарат берді.Xinfa Group өкілдері индустриалды парк бокситтерді өңдеуге, алюминий, электролиттік мыс, сода күлі, көміртекті материалдар, фторхимиялық өнімдер және экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіруге маманданатын болады. Сондай-ақ электр станциялары (ГРЭС), көмір химиясына және энергетикалық инфрақұрылым салаларындағы жобаларды дамыту мүмкіндігі қарастырылуда.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады және Павлодар облысында индустриалды парк салу жөніндегі инвестициялық жобаның жоғары әлеуетін атап өтті.«Xinfa» компаниялар тобы – электр энергиясын өндіру, жылумен қамту, алюминий тотығын өндіру, электролиттік алюминий, алюминийді терең өңдеу, поливинилхлорид, каустикалық сода және экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын заманауи, ірі өнеркәсіптік холдинг.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1232426?lang=ru
Мемлекет басшысы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды. Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.Мемлекет басшысы академия өрендерімен жылы рәуіште әңгімелесті. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233033?lang=ru
Облыс экономикасының барлық базалық салаларында оң нәтиже бар 30.06.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жыл соңына дейінгі міндеттері тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық базалық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді.«Жүк және жолаушылар тасымалының көлемі 11,1%-ға, сауда көлемі 8,5%-ға, құрылыс жұмыстары 4,8%-ға, өнеркәсіп өндірісі 2,5%-ға, ауыл шаруашылығы 2,4%-ға, инвестициялар көлемі 1,2%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 10,6%-ға артты. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Өңдеу өнеркәсібі секторындағы зауыттар мен фабрикалар тұрақты жұмыс істеуде. Аталған саладағы өндіріс көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға ұлғайды.Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында облыс бойынша 173 млрд теңге бөлінеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есе жоғары.Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 86,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты.Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 16 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы деңгейден 3 есе көп.«Аграрлық сала өкілдері өткен аптада жауған мол жауын-шашынға ерекше қуанышты. Денисов ауданындағы «Фрунзенское» ЖШС аумағында 60 мм, Федоров ауданындағы «Гранд» ЖШС-де 44 мм, Ұзынкөл ауданындағы «Олжа Ряжское» ЖШС-де 20 мм, ал Қамысты ауданындағы «ПКФ «Қайрат» ЖШС-де 15 мм жауын-шашын түсті. Түскен ылғал қоры алдағы бірнеше аптаға жеткілікті болады деп күтілуде», – деді аймақ басшысы.Ветеринариялық қызметтердің жұмысы күшейтілді. Биыл бұл мақсатқа мемлекеттен 5,6 млрд теңге бөлінді. Оның есебінен 122 ветеринариялық пункт пен 78 мал қорымы салынады.Сонымен қатар, биыл облыстың 16 қаласы мен ауданында 1034 пәтер сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұл мақсатқа 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.Өткен жылы 10,4 млрд теңгеге 548 пәтер берілген болатын. Көрсеткіш шамамен екі есеге өсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233039?lang=ru
Қазақстан мен Гонконг экономикалық әріптестікті кеңейтуде: 4 үкіметаралық меморандумға, 42 коммерциялық келісімге қол қойылды 30.06.2026
Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Гонконг пен материктік Қытай іскер топтары өкілдерімен кездесті. Іс-шараға 70-ке жуық бизнес өкілі, оның ішінде Гонконгтен 40 компания, материктік Қытайдан қаржы, логистика, технология, энергетика, өнеркәсіп пен кәсіби қызмет саласында жұмыс істейтін 30 компания қатысты.Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген Гонконг делегациясының өкілдері сапар мақсаты – қазақстандық компаниялар мен Гонконг және материктік Қытайдың бизнес құрылымдары арасындағы әріптестік келешегін зерделеу, сондай-ақ «Гонконг-материктік Қытай-Қазақстан» форматында үшжақты ынтымақтастықтың жаңа бағытын іздеу екенін атап өтті.Кездесу барысында Гонконгтың Солтүстік мегаполисін (Northern Мetropolis) дамыту жобасы ұсынылды. Жоба Гонконг аумағының үштен бірін қамтиды. 800 гектарға жуық өнеркәсіптік аймақты қосқанда, 3 мың гектардан астам жаңа аймақ құруды көздейді. Индустриялық парк қазақстандық және орталық азиялық компаниялардың халықаралық қаржы және сауда хабы ретінде Гонконг арқылы материктік Қытай нарығына шығуы үшін алаң болатыны атап өтілді.Инвесторлар үшін әртүрлі ынтымақтастық тетігі ұсынылады. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бірлескен кәсіпорындар құру, өндірістік алаңдарды жалға алу және бірлесіп инвестициялау бар. Қосымша артықшылықтар – дамыған қаржылық инфрақұрылым, ағылшын жалпы құқығын қолдану және бизнесті қолдаудың кешенді экожүйесі.Серік Жұманғарин экономикалық дамудың бірегей тәжірибесінің арқасында Гонконг әлемнің жетекші қаржы, сауда және логистикалық орталығының біріне айналғанын атап өтті.«Біз гонконгтік әріптестердің Қазақстан экономикасының басым секторындағы жобаларды іске асыруға қатысуын арттыру үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Қазақстан жоғары кредит қабілеті мен елеулі халықаралық резервке ие бола отырып, инвестицияның сенімді әрі тұрақты алаңы болып қала береді», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.Ол Қазақстанның даму институттары ірі жобаларды іске асыру үшін шетелдік қаржыландыруды белсенді тартуға дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, елдің егеменді рейтингі деңгейінде кредиттік рейтингтері бар «Бәйтерек» холдингі жыл сайын $15-20 млрд-қа дейін инвестициялық қаржыландыруды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда жобалар капиталында қатысу үлесі 49%-ға дейін қаржылық бірлескен инвестор ретінде әрекет етуге қабілетті.Серік Жұманғариннің айтуынша, Гонконгтың қаржы институттарымен және инвестициялық қоғамдастығымен ынтымақтастықты дамыту ерекше қызығушылық тудырып отыр. Перспективалы бағыттар – облигациялар шығару, қытай юанімен қаржыландыруды тарту, Гонконг қор биржасындағы қазақстандық компаниялардың листингі, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру.Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің айтуынша, аймақ қазақстандық бизнеске халықаралық қаржы нарығына, Қытайдың Үлкен шығанағы ауданының инфрақұрылымына және Солтүстік мегаполис – инновация, ғылым және технология жаңа орталығының мүмкіндіктеріне қол жеткізуді ұсынуға дайын.Ынтымақтастықтың сәтті мысалының бірі – Қазақстанның Даму Банкінің Гонконг және Қазақстан қор биржаларында листинг, қытай юанінде номинацияланған еурооблигациялар орналастыруы.Экспорттық ауыл шаруашылығын дамытуға, АӨК өнімдерін терең өңдеуге және отандық өндірушілерді шоғырландыруға бағытталған мақсатты көлемі $1 млрд-қа дейінгі Adal Fund L. P. қоры тағы бір тәжірибелік құрал ретінде қарастырылуда. «Соңғы 20 жылда Қазақстан $445 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция, соның ішінде Қытайдан шамамен $30 млрд тартылды. Гонконгтан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі $740 млн-ға жетті. Біз әріптестікті одан әрі нығайтуға және екі ел бизнесі үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жасауға мүдделіміз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Гонконг сауданы дамыту кеңесінің (HKTDC) төрағасы Фредерик Ма делегация қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын Гонконг пен материктік Қытай бизнесінің жетекші өкілдерін біріктіргенін атап өтті. Оның айтуынша, Гонконг сауданы дамыту жөніндегі кеңесі 60 жыл бойы халықаралық сауда байланысын дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде әлем бойынша 51 кеңседен тұратын желіге ие, оның ішінде Алматыдағы өкілдігі де бар. Қазақстан нарығына шығатын Гонконг инвесторларына да, Азиядағы қатысуын арттыруға мүдделі қазақстандық компанияларға да қолдау көрсетеді.Бизнес-делегация сапарының қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы 4 үкіметаралық меморандумға, Қазақстан, Гонконг және материктік Қытай компаниялары мен ұйымдары арасында 42 келісім мен меморандумға қол қойылды. Құжаттар авиация, қаржы, сауда, инновация, технология, цифрлық экономика және жасыл даму саласындағы ынтымақтастықты қамтиды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1233112?lang=ru
Әлем чемпионатының жүлдегері әскер қатарында қызмет етіп жүр 30.06.2026
Қатардағы жауынгер Полатбек Теміров Шымкент гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында мерзімді әскери қызметін өткеріп жүр.Ол әскери міндеттерін үлгілі орындап қана қоймай, спортта да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.Полатбек 2007 жылдың 17 маусымында Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектепті 2023 жылы тәмамдаған соң дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. 2025 жылдың қараша айында академиялық демалыс алып, мерзімді әскери қызметке шақырылды.Спортпен бала кезінен айналыса бастады. Мектеп қабырғасында спорт секцияларына қатысып, 2022 жылдан бастап пауэрлифтингпен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Табандылығы мен үздіксіз жаттығудың арқасында 2024 жылы спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады.Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 59 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионаттарының төрт дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегері атанды. 2023 жылы Азия чемпионатында күміс медаль еншілесе, ал 2024 жылы Мальтада өткен әлем чемпионатында екінші орын иеленді.Полатбек өзінің спортшы ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан жаттықтырушылары Қахраман, Рустам және Ғайрат Садықовтарға алғысы шексіз.Бүгінде қатардағы жауынгер Полатбек Теміров әскери қызмет пен спортты қатар алып жүр. Әскерден запасқа шыққаннан кейін де оқуын жалғастырып, пауэрлифтингпен кәсіби деңгейде айналысуды жоспарлап отыр. Жауынгердің басты мақсаты – әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада асқақтату.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233190?lang=ru