Қуқық
ШҚО әкімі «Самұрық-Энерго» АҚ делегациясымен кездесті 16.11.2024
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың жетекшілігімен келген «Самұрық-Энерго» АҚ делегациясымен кездесті.➤ Кеңесте «Өскемен қаласында Жылу электр орталығын салу» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта ЖЭО құрылысына арналған алаң анықталды. Тараптар станцияның өндірістік инфрақұрылымына (күл үйіндісі, су жинау) жер учаскелерін анықтау, жобалау және бастапқы деректерді алу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ЖЭО үшін сыртқы инфрақұрылым құрылысы да талқыланды.➤ Кездесу барысында «Самұрық-Энерго» АҚ осы өңірде іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалардың: Шүлбі ГЭС-інің II кезегінің құрылысы және Өскемен ГЭС-інің 4-гидроагрегатын жаңғырту барысы туралы хабардар етті.➤ Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде облыс басшылығы жергілікті атқарушы органдарға жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды ұсыну жөнінде нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/875680
«Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының» төрағасымен кездесті 16.11.2024
Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Вайнах «Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тең төрағасы Юсуп Келиговпен кездесті. Кездесуде өңірдегі ұлтаралық татулық, этномәдени бірлестіктердің жұмысы туралы сөз болды. Сонымен қатар, Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы сөз болды.Бүгінгі таңда Абай облысында 50-ден астам этнос тұрады. Өңірде 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Этномәдени бірлестік басшылары мен мүшелері консультативтік-кеңесші органдардың құрамына кіреді. Аймақтағы этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар ретінде әрекет етеді.Қазіргі уақытта этномәдени бірлестіктердің көпшілігі облыстық Достық үйінің ғимаратында орналасқан. Этномәдени бірлестіктерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық институттары (Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, «Жомарт жан» және этномедиация орталықтары, ғылымыи-сараптамалық тобы, Ассамблея жастары) мен облыстық Достық үйін алдағы уақытта облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес салынатын облыстық «Конгресс-холл» ғимаратына орналастыру жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/875705
ҚАЗҰУ-ДА QS ПРЕ-САММИТІ ӨТТІ 16.11.2024
ҚАЗҰУ-ДА QS ПРЕ-САММИТІ ӨТТІ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммиті өтті. Халықаралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов қатысты. Сонымен қатар 150 мемлекеттен, атап айтқанда, Қытай, Жапония, Индонезия, Үндістан, Малайзия, т.б. өзге елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық жоғары білім басшылары қатысты. Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердің жоғары білім мен ғылым саласын дамыту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Министр QS әлемдік рейтингіне қазақстандық 21 жоғары оқу орны қатысатынын және жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. «Бүгінде Қазақстан ЖОО-лары әлемдік университеттермен серіктестікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Біз өзгерістерге жақын болуымыз қажет. Бұл университеттердің беделін арттыруға мол мүмкіндік береді. Биылғы оқу жылында 30 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанға оқуға келді. Соңғы екі жылмен салыстырғанда 10 мың студентке көп. Әлемде ауқымды үш рейтинг бар. Ең маңыздысы – QS халықаралық рейтингі. Бұл рейтингке Қазақстанның 21 университеті қатысады. Соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отандық университеттер арасында көш бастап, 163-орында тұр. Биыл министрлік тұңғыш рет отандық ұлттық университеттердің рейтингін жасап шығарды. Бұл әлемдік рейтингтердің сарапшыларымен бірлесіп дайындалды. Яғни, ұлттық рейтингте көрсеткіші жоғарылаған ЖОО-лардың QS жаһандық рейтингіндегі орны көтеріледі. Аталған ұлттық рейтинг елімізде алғаш рет қолға алынды», - деді Саясат Нұрбек. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек», - деп атап өткен болатын. Бүгінде жаhандық экономиканы дамытуда университеттік ғылым маңызды рөл атқаруда. Жаһандық трендтер мен заманауи сын-қатерлер жоғары білімнің дамуын айқындайды. QS – әлемдегі университеттердің көрсеткіші мен нәтижесін көрсететін ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Сондықтан білікті маман даярлауда, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде озық тәжірибелерді жетілдіріп отыру қажет», - деді. Өз кезегінде QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман шараның Қазақстандағы көшбасшы университет – ҚазҰУ-да өтіп жатқанының маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде пре-саммит білім беру сапасын жақсартуға және ресурстарды жұмылдыруға бағытталған негізгі үрдістер мен стратегияларды анықтауға мүмкіндік беретін озық тәжірибелер мен идеялармен алмасу алаңы болатынын атап өтті. «QS пре-саммитін Қазақстанда, соның ішінде көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатқанына қуаныштымын. Жаһандық мәселелерді жалғыз шеше алмаймыз, барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз маңызды. Бүгінгі іс-шара әлемдегі университет ректорларының басын қосып, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешуге мұрындық болып отыр. QS рейтингі барлық ЖОО-лардың бір-бірімен тығыз жұмыс істеу, академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту, ғалымдардың тәжірибе алмасу, әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жандандыруға серпін берді», - деді Джейсон Ньюман. Пленарлық отырыста Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Өз сөзінде Президент кеңесшісі отандық ғылым мен білімді дамыту мәселесі тікелей Мемлекет басшысының бақылауында екенін баса айтты. «Президентіміз «Озық ойлы ұлтқа айналуымыз керек» деген негізгі мақсатты Ұлттық құрылтайда айқындап берді. Ғылым мен жоғары білімді дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Жоғары білім инновациялық және тұрақты экономиканы құруға әсер етіп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Білікті мамандардың білімі мен дайындығына қатысты мәселелер халықаралық ынтымақтастықты, диалогты және тәжірибе алмасуды талап етеді. Пре-саммит Азия-Тынық мұхиты аймағында және одан тыс жерлерде білім беру жүйесін жетілдіруге, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», - деді Мәлік Отарбаев. Пленарлық отырыс «Білім беру саласына жаһандық мақсаттарды интеграциялау», «Жаһандық байланыстар», «Навигациялық технологиялар: жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер» тақырыбына арналған секцияларда жалғасты. Шара соңында Сергей Христолюбов сөз сөйлеп, QS World University Rankings 2025 рейтингінде жоғары орын алған бірқатар қазақстандық университеттерді марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады. Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммиті алдағы 5-7 қараша күндері Макао қаласында жалғасады. Қорытынды жиын ретінде QS пре-саммиті 8 қарашада Гонконгта өтеді деп жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/875665
Қанат Шарлапаев KGIR-2024-те сөз сөйледі 16.11.2024
Жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2024 қазақстандық дөңгелек үстел жұмысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қатысты. Ол панельдік сессияда «Әлемдік нарықтар мен салалардағы ағымдағы үрдістер, олардың инвестициялық стратегияларға әсері» тақырыбында сөз сөйледі.Министр бүгінгі таңда Қазақстан инвесторлар үшін ең тартымды және стратегиялық маңызды алаңдардың бірі ретінде халықаралық инвестициялық аренада сенімді орын алатынын атап өтті.«Бұл көбінесе Шығыс пен Батыстың қиылысында біздің ерекше географиялық орналасуымызға байланысты, бұл үлкен мүмкіндіктер ашады. Біздің ел Еуропаға, Қытайға және басқа да қарқынды дамып келе жатқан аймақтарға шығуды қамтамасыз ететін әлемдегі ең ірі нарықтар арасындағы көпір ретінде қызмет етеді. Бұл фактор бізді халықаралық сауда жүйесіндегі маңызды хабқа айналдырады және инвесторларға Қазақстанды Еуразияның перспективалы нарықтарына шығу алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді», - деді Қ.Шарлапаев.Қазақстанның өнеркәсіптік өндіріс секторы тез өсуде, әртараптандыруға және тұрақты өсуге баса назар аудара отыр. Бұл сектор ЖІӨ-нің шамамен 29% және жұмыспен қамтудың 19%-дан астамын қамтамасыз етеді. Қазақстан жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге, атап айтқанда машина жасау, IT-сектор, электроника және тамақ өнеркәсібіне инвестицияларды белсенді тартады.Ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіптің өсуі 4,8%-ға (17,1 трлн теңге) жетті. Қазақстан инвесторларды салықтық жеңілдіктермен және преференциялармен, әсіресе экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер құру үшін қолдауға дайын. Отандық өндірістік әлеуетті дамыту импортқа тәуелділікті төмендетуге және Орталық Азия нарықтарында және одан тыс жерлерде мықты позицияларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Қазақстанның құрылыс саласы халықаралық инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Бұл секторды өте тартымды ету үшін, тұрғын үй және коммерциялық құрылыстың инфрақұрылымын дамытуды талап етеді. «Біз құрылыс жобаларымен, көлік маршруттарын дамытумен, логистикалық және өндірістік орталықтарды салумен айналысатын компаниялар үшін одан да қолайлы жағдайлар жасауға ниеттіміз», - деді министр.Бұл бағытта Қазақстан рұқсат алу процестерін жеңілдетуге және инфрақұрылымды барлық мүдделі тараптар үшін неғұрлым қолжетімді және сенімді етуге ұмтылады.«Біздің еліміз табиғи ресурстарға бай, олар қазірдің өзінде металлургия мен тау-кен өнеркәсібіне қомақты инвестиция тартуда. Сонымен бірге. Қазақстан көліктен ауыл шаруашылығына және жасыл энергетикаға дейінгі огт шикізаттық емес секторларын белсенді дамытуда. Біз тұрақты дамуға міндеттіміз, көміртегі шығарындыларын азайтуға және энергия тиімділігін арттыруға ықпал ететін жобаларға инвестицияларды құптаймыз», - деп атап өтті Қ.Шарлапаев.KGIR-2024 аясында министр әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізеді деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/875698
Алматыда әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды алғашқы әскери дайындау мәселелері талқыланды 16.11.2024
Мектептердегі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін қалай қызықты әрі тиімді етуге болатыны оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында өткен консультативтік кездесуде талқыланды.Диалог алаңы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдерін, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларының бастықтарын, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілерін, жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің педагогтарын біріктірді. Қатысушылар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің проблемалары мен перспективаларын атап өтті. Өйткені дәл осы мектеп жылдарында азаматтықтың негізі қаланады.Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов пән оқытушыларының біліктілігін арттырудың, сондай-ақ оқушыларды іс-шаралармен және практикалық сабақтармен қамтуды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. – Бастапқы әскери және технологиялық дайындық оқушылардың базалық дағдылары мен білімдерін қалыптастыруға бағытталған. Ал оқушылардың пәнге деген қызығушылығы оқу-жаттығу жиындарына қатысқаннан, әскери бөлімдерге барғаннан, спорттық бағдарлау жарыстарынан және тактикалық ойындар өткізгеннен кейін артады, – деп жалғастырды Сайран Сайфеденов. – Алайда, Алматы қаласының барлық мектептері әскери-патриоттық және бұқаралық іс-шаралармен қамтылмаған. Жеткіліксіз қамту мен уәждеменің себептері – педагогтердің тәжірибесі мен біліктілігінің болмауы.Жағдайды жақсарту үшін Алматы қаласы білім басқармасының басшысы бастапқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне өзекті білім алып, тәжірибе алмасатын тұрақты семинарлар мен курстар өткізуді ұсынды. Мұндай іс-шараларға әскери саланың сарапшыларын шақыру қажет. Басқарма басшысының пікірінше, ол курстар мен семинарлар тактикалық ойындар, жергілікті жерлерде жиындар, командалық жаттығулар және алғашқы медициналық көмек көрсету курстары форматында өткізілуі керек.Айта кету керек, Алматыда балалардың спорттық дамуына, серіктестік пен көшбасшылық сезімін тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Қалада альпинистік клуб бар. Онда жасөспірімдер кәсіби альпинистермен бірге Іле Алатауының шыңдарына шығады.Оқушылармен өтетін осындай жұмыстың нәтижелерін халықаралық және республикалық жарыстар бойынша бағалауға болады. Мәселен, жазда Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасындағы күрестің қорытындысы бойынша «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Алматыдағы «Жас десантшылар» командасы үздік атанды. Ал ағымдағы жылдың қыркүйек айында Байқоңыр қаласында өткен зымыран үлгісіндегі спорт бойынша әлем чемпионатында Алматыдағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері 3-ші орынды иеленді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/875520
Әскери білім беру реформалары: әскери кафедралар студенттерді дайындау бағдарламаларын қайта қарайды 16.11.2024
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов еліміздегі жоғары оқу орындары әскери кафедраларының басшыларымен кеңес өткізді.Қорғаныс ведомствосының басшысы кеңеске қатысушыларға әскери білім беруді дамыту туралы өз көзқарасын жеткізді. Ол әскери кафедраларда офицерлер мен запастағы сержанттарды әскери даярлау бағдарламаларын Қарулы күштер ұсынған критерийлерді ескере отырып қайта қарауды тапсырды.– Қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы азаматтарды әскери қызметке дайындауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Әйтсе де біз запастағы офицерлерге тиісті көңіл бөле бермейміз. Әскери кафедралардың барлық қызметі әскери іс бойынша берік білім алуға бағытталуы тиіс. Әскери кафедралардың қызмет аясы кеңеюі керек. Олар жастарды әскери даярлау және әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарына айналуы тиіс, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери міндеттілерді әскери дайындау мен қайта дайындауды жетілдіру бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа талаптар шеңберінде Қорғаныс министрлігіне білім беру ұйымдарында әскери дайындықты мониторингілеу және талдау құзыреті берілетін болады. Сонымен қатар әскери кафедраларда жекелеген тапшы мамандықтар бойынша запастағы қатардағы жауынгерлерді дайындау енгізілетін болады. – Әскери кафедра бұл әскери билет алудың немесе қызметтен жалтарудың мүмкіндігі емес. Біріншіден, бұл біздің резервіміз. Әскери кафедраны бітірген офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскерлерге келіп, алған білімдерін іс жүзінде қолдануы керек. Ал сіздердің міндетіңіз – оларды жоғары патриотизм рухында тәрбиелеу, – деп жалғастырды Қорғаныс министрі.Кеңес барысында әскери кафедраны бітірген запастағы офицерлер мен сержанттарды есепке алудың қазіргі жағдайы және оларды әскери қызметке шақыру туралы баяндамалар жасалды. Astana IT университеті әскери кафедрасының бастығы генерал-майор Александр Әшіров әскери кафедрада өткізілетін оқу-жаттығу жиындарын «Сардар» курсына ұқсас бағдарламаларға бейімдеу және оқу бағдарламаларын өзгерту жөнінде баяндады.Оқу-әдістемелік жиын Кеңес Одағының Батыры армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде жалғасты. Онда әскери кафедралардың бастықтары нормативтік-құқықтық актілерді білуден тест тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 41 әскери кафедра жұмыс істейді. Онда запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламасы бойынша 15 мыңға жуық студент дайындықтан өтіп жатыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/875662
Алматыда Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы аталып өтті 16.11.2024
Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында халық ақыны, әнші-композитор, «Алатаудың бұлбұлы» Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті өтті.Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаевтың «Қордай», «Анама», «Бозторғай» әндері, сондай-ақ, ақынның оркестрге өңделген және Н.Тілендиев пен Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды. Іс-шарада Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев қазақ дүлділінің өнегелі өмірі мен шығармашалығы жайында сөз сөйледі.Сонымен қатар, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржанова, Бейбіт Мұсаев және филармония солистері өнер көрсетті.Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғасбек Бегендіков дирижерлік етті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева.Концертке Кенен Әзірбаев мұрасын халық арасында насихаттап жүрген Төрткен Кененқызы бастаған ұрпақтары қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/875668
Ғани Бейсембаев Жамбыл облысының педагогтерімен кездесу өткізді 16.11.2024
Министр мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын аралап, әріптестерімен кездесті. Олардың қатарында ардагер ұстаздар, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлері, педагог шеберлер, педагог-зерттеушілер және «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары да болды. «Қоғамдағы және оқушылар алдындағы педагог мәртебесі бірінші кезекте оның адами қасиеттерімен, содан кейін ғана кәсіби деңгейімен анықталады. Егер ұлттық құндылықтар білім мен тәрбиенің негізі болса, бұл құндылықтарды бала бойына сіңіретін мұғалім адалдық, әділеттілік, әдептілік және еңбексүйгіштік қаситеттеріне ие болуы тиіс. Осы қасиеттер кәсіби біліммен ұштасқанда ғана оны нағыз ұстаз деп атауға болады. Мектептің табыстылығы мен баланың болашағы мұғалімге байланысты екенін есте сақтау керек, себебі мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақ. Сіздердің еңбектеріңіз мемлекетіміздің жарқын әрі бақытты болашағының негізі. Сондықтан, әрбір мұғалім үздіксіз білім алуға ұмтылуы тиіс», - деді министр.Ғани Бейсембаев сондай-ақ білім сапасын арттыру, сапалы педагогикалық құрам қалыптастыру, білім беру инфрақұрылымын жақсарту және тағы басқа білім саласының сұрақтарын әріптестерімен бірге талқылады. Педагогтер министрмен еркін сұқбаттасып, өз сұрақтарын қойды.Министр білім жүйесінде жаңа басшылар құрамын іріктеу мен қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Өңірлік білім басқармасының басшысына педагогтерді қолдау, жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстарды күшейту және педагогикалық қауымдастық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.Қазіргі таңда Жамбыл облысында 40 мыңға жуық педагог еңбек етуде, оның ішінде 436-сы педагог-шебер.Жұмыс сапарын қорытындылай келе, министр бірқатар білім беру ұйымдарын, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерді тексерді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/875676
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткен шараларға 220 мыңнан астам жетісулық қатысты 16.11.2024
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тек сенбілік шаралар ғана ұйымдастырылып қоймай, ақпараттық-түсіндірмелі және қайырымдылық бағытта да жұмыстар жүргізілуде.Соның бірі жастарға қызмет көрсету орталығында 1 қараша күні «ЭКОtime» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, қатысушыларға қоқысты қалай дұрыс сұрыптау және сол арқылы қайырымдылықпен айналысу жолдары түсіндіріліп, іс жүзінде көрсетілді.Өңірдегі экобелсенді, волонтер Аманжолұлы Ғазиз 2021 жылдан бері өз үйінің ауласында целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын бөшкеге бөлек сұрыптап, барша азаматтарды аталған істен үлгі алуға шақырады.Экобелсенді сұрыпталған қоқысты – ай сайын шикізатты қабылдап алушы компанияларға өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына өткізіп келеді, соның бірі «Харекет» қоры. Бұл бастама бір оқпен екі қоянды атқандай деп есептейді.2024 жылдың тамыз айында республикалық акцияға қолдау білдіру мақсатында экобелсенді өзінің жеке бастамасымен спонсорлық көмекпен Талдықорған қаласындағы аз қамтылған отбасыларға 100 дана қоқыс сұрыптайтын контейнерді тегін таратып, қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары түсіндірді. Сонымен қатар, сұрыпталған қоқысты қабылдайтын компаниялардың тізімін де қосып берген. Жақсымен пайдалы іске барша жетісулықтарды шақырамыз!Жалпы, өздеріңізге мәлім, тек ел аумағында ғана емес, табиғаттың қоқыспен ластануы барлық мемлекеттердің жерлеріне де мұхиттарға үлкен зардаптарын тигізуде. Жанған қоқыстар улы химикаттар бөліп, адам денсаулығының асқынуына бірден бір себеп болып отыр. Өкінішке орай, адамдардың қоқысты сұрыптау мәдениетіне әлі де алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлоффанға салып, тастай салу немесе жолда кетіп барып, кез-келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлары азаймай тұр.Сонымен қатар, Жетісу облысының Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары ұйымдастырумен «Таза орта» акциясын ұйымдастырды. Акциясының мақсаты, ғимарат тазалығын сақтау барысында артқарылатын тазалық жұмыстарын жүргізу, жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету. Акцияға Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары, техникалық қызметкерлері қатысты.Таза болса табиғат – аман болса адамзат деген ұранды ұстай келе, адамзат баласын табиғатты таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз деп есептейміз. Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1990 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 10714 тонна қоқыс шығарылып, 2445 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 38003 түп көшет отырғызылды.«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 226 мыңнан астам адам атсалысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/875653
ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР ТҰРҒЫН АЛАБЫ ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ 16.11.2024
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ тұрғын алабын газдандыруға бастау берді. Тұрғындар осыған дейін сұйытылған газды күнделікті қолданып келген. Газ құбырының құрылысы 2022 жылы басталған. Қала әкімі халықты сапалы қызметпен қамтуда жауапты тұлғаларға газ құбырын ерте кезеңде пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды. Айта кетейік, бүгінде абоненттердің 60% - көгілдір газға қол жеткізді, ал 40% - ы биыл қараша айының соңына дейін қосылады. Тұрғындар қазірден қосылуға өтініш бере алады. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай, Бозарық және Көктөбе шағын аудандарының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/875658
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ 16.11.2024
Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» Халықаралық форумы әрі қарай панельдік отырыстарға жалғасты. Соның бірі – «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы» отырысы.Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары – Нұралхан Көшеров пен Нұрбол Тұрашбеков, сонымен қатар екі елдің танымал бизнес көшбасшылары мен сарапшылары, инвестициялық компаниялардың басшылары мен қаржы және халықаралық ұйымдардың өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Кездесуді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков жүргізіп отырды.Мұнда Қазақстан мен Қытай елдерінің инвестициялық ынтымақтастығының маңызды аспектілері мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Экономикалық өсім мен дамуына септігін тигізетін бірлескен жобалар ортаға салынды. Түркістан облысы тарапынан инвесторларға қай салаға инвестиция жасау тиімді болатыны, сонымен қатар осы бағыттағы ұсынылатын жеңілдіктер, қаржыландыру бағдарламалары түсіндірілді. «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» тақырыбында баяндама жасалып, өңірдің осы саладағы жетістіктері таныстырылды. Спикерлер аталған талқылауға өзінің құнды идеялары мен үлестерін қосты.Панельлдік отырыс аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл өз кезегінде ынтымақтастықты нығайту және маңызды жобаларды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. «Мұндай бастамалар инвестиция мен ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашуға және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған келісімдер инвестициялық белсенділік үшін қолайлы жағдай жасап, Қазақстан үшін де, Қытай үшін де пайдалы жаңа бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді» дейді қатысушылар. Форум әрі қарай B2B және G2B форматындағы пікір алмасуға ұласты. Онда форум қатысушылары нәтижелі диалог құрып, тәжірибелерімен бөлісті.Айта кетейік, өңірдегі басты халықаралық оқиғаның негізгі мақсаты да бизнесті дамытуды ынталандыру, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсыну, сондай-ақ, Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының провинциялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және интеграцияны тереңдетуге бағытталған. Бұл іс-шара аймақты жаңа әлемнің негізгі экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне, сондай-ақ ірі корпорациялар мен бөлшек саудагерлер үшін стратегиялық нарыққа айналдыруға мүмкіндік бермек.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/875550
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН G2В ФОРМАТЫНДА КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ 16.11.2024
«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвесторлармен G2В форматында кездесу өткізді. Өңір басшысы аймақтың инвестициялық әлеуеті туралы айтып, әрбір инвестордың облыс экономикасына тиімді жобасы назарға алынатынын, қолдау көрсетілетінін жеткізді.Жалпы жиырмаға жуық инвестормен кездесу өткізілді. Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашу ұсынысын жеткізді. Қазақстандағы және көрші елдердегі нарықты зерттеп, Түркістан облысында жұмысын бастағысы келетінін айтты. Ал келесі инвестор аймақта кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орнын ашуға ниетті. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.– Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының инвесторларды қолдау, отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осында зауыт ашып, отандық өнім көлемін арттырсаңыздар мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін алуға басымдық беріледі. Жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.Бетпе-бет жүздесуде сиыр және тауық етін өндіріп, экспорттау, тауық жемін шығаратын цех ашу, электр қуатын өндіру, үлкен музыкалық субұрқақтар, жарық пен көлеңке шоулары, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ құрылыс, логистика, тұрмыстық заттар шығару және өзге де салалар бойынша келіссөздер жүргізілді.Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 млрд теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/875553
ХБК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ КОНСОРЦИУМЫНА КІРДІ 16.11.2024
ХБК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ КОНСОРЦИУМЫНА КІРДІ 17-21 қазан аралығында Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) делегациясы Пекин және Тяньцзинь қалаларына (ҚХР) жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ректор М.Имандосова, провост Б.Сабденалиев, жалпы құрылыс факультетінің деканы Ж.Молдамуратов және ҚазБСҚА колледжінің директоры Е.Мамырбеков болды. Іс-сапар барысында делегация Beijing University of Civil Engineering and Architecture және Tianjin Chengjian University оқу орындарында болды. Beijing University of Civil Engineering and Architecture университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар ҚазБСҚА әлемнің 30 елінен 91 университетті біріктіретін «Belt and Road Architectural University International Consortium» (BRAUIC) сәулет және құрылыс жоғары оқу орындары консорциумына кірді. 2017 жылы құрылған «Belt and Road Architectural University International Consortium» сәулет және құрылыс жоғары оқу орындары консорциумы халықаралық мүшелер қатарын кеңейтуде. Жиын барысында консорциум құрамына жеті жаңа мүше қабылданды, оның ішінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы да бар. Сондай-ақ жаңа қатысушылармен консорциумның логотипі жаңартылды, ол «Бір белдеу, бір жол» елдерінің байланысының символы болып, ынтымақтастық пен мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетті. Жиналыс аясында консорциум өкілдері ҚазБСҚА-ның 2025 жылы консорциум конференциясының төрағасы болатынына келісті. Ресми BRAUIC-тың туын тапсыру рәсімінде ХБК (ҚазБСҚА) ректоры Маргарита Имандосова барша консорциум мүшелерін 2025 жылы Қазақстанға шақырып, ынтымақтастыққа деген сенімін білдірді. Халықаралық сәулет және құрылыс университеттер консорциумына кіру Халықаралық білім беру корпорациясына (ҚазБСҚА) консорциум құрамындағы оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) халықаралық консорциумға қосылған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны және 2025 жылы Қазақстан аумағында осындай ауқымды форумды алғаш рет өткізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/875510
Жаңа егіннің 1,8 млн тоннасы экспортқа шығарылды 16.11.2024
«Қазақстан темір жолы» АҚ-ның мәліметтері бойынша, қыркүйек-қазан айларында жаңа егіннің тасымалы 2,2 млн тоннадан асты, оның 1,8 млн тоннасы экспортқа шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30%-ға жоғары.Ресейге тасымалдау шектеусіз жүргізілуде. Соңғы екі айда Ресейге 23,4 мың тонна тауар жіберілді, ал Ресей арқылы транзиттік тасымалдау 113 мың тоннаны құрады.Ақтау порты арқылы Иранға тасымалдау соңғы екі айда 250 мың тоннадан асты.Орталық Азиядағы дәстүрлі нарықтарда жаңа егіннің тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30%-дан астамға өсті және 1 млн тоннадан асты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/875436
Астанада мал азығы мен ветеринария бойынша көрмелер өтеді 16.11.2024
Астанада 6-8 қарашада мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы бойынша «Jańa Dala/Farm Astana 2024» халықаралық көрмесі және жемшөп пен ветеринария бойынша «Jańa Dala/Vet Astana 2024» халықаралық көрмесі өтеді.Оған ҚР АШМ өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, отандық даму институттарының, салалық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің сарапшылары қатысады.Көрменің мақсаты - қазақстандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кәсіпорындарына тәжірибе және өндіріс технологияларымен алмасуға арналған платформаны қамтамасыз ету арқылы бизнесті тиімді жүргізуге жәрдемдесу.Басты назарда - Қазақстандағы мал дәрігерлігінің жай-күйі, жемшөп өндірісі мәселелері.Онда мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы саласындағы қазіргі заманғы ұсыныстар, жемшөп өндірісі, ветеринария, ірі тауарлы сүт өндірісі индустриясындағы соңғы әзірлемелер ұсынылатын болады.Заманауи аграрлық технологияларды жеткізуші компаниялар үшін көрмелер ірі ұйымдармен, сондай-ақ шағын шаруашылықтармен және жануарлар иелерімен іскерлік байланыстар үшін тиімді салалық алаңдар болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/875478
Алматыда етті мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқылануда 16.11.2024
Алматыда «Орталық Азия елдерінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мал шаруашылығы кешенін ресурстық қамтамасыз ету» халықаралық конференциясы өтуде.Іс-шара Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мал шаруашылығы саласындағы ветеринарлық қызметтер мен ірі инвестициялық жобалар өкілдерінің мүддесінде ұйымдастырылды.Екі күн бойы қатысушылар цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, ветеринарлық зертханаларды автоматтандырудың қазіргі заманғы моделіне, ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау қауіпсіздігін арттыру үшін кәсіби алаңдарды жабдықтаудың заманауи тәсілдеріне, тексеру кезінде ауыл шаруашылығы жануарларының денсаулық жағдайына тиімді мониторингке қатысты өзекті тақырыптарды талқылайды.ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мал шаруашылығы саласының дамуы туралы айтып берді.Саланы дамытудың басымдылығын назарға ала отырып, ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдікті несиелеу бағдарламасының бағыттарының тізбесін кеңейтті, оған етті мал шаруашылығы бойынша жобалар енгізілген. Осылайша, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасалады. Осы мақсаттарға қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғайтылып, 2025 жылы 200 млрд. теңгені құрайды.Жалпы, бүгінгі таңда ет бойынша ішкі нарық толық қамтамасыз етілген, саланың одан әрі дамуы өнім экспортымен байланысты.Сонымен қатар, шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Бұл көптеген мал шаруашылығы кәсіпорындарының ұсақ тауарлылығы мен төмен технологиялық қамтамасыз етілуі. Ауыл шаруашылығы малдарын толыққанды азықтандыру мәселелері толық шешілмеген, бұл ақыр соңында өндірілетін өнімнің өнімділігі мен өзіндік құнына әсер етеді.Осы мәселелердi шешудiң маңыздылығын түсiне отырып, ел Үкiметi тұтастай алғанда аграрлық секторды ғана емес, сондай-ақ жеке мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңiл бөледi.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/875657
Қазақстан мен Жапония сыртқы істер министрлерінің телефон арқылы сөйлесуі туралы 16.11.2024
Астана, 2024 жылғы 1 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапония Сыртқы істер министрі Такэси Иваямен телефон арқылы сөйлесті.Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-жапон қатынастарының бірқатар маңызды мәселелерін, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуді талқылады.Министрлер сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, соның ішінде өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.Қазақстан мен Жапонияның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастырудың өзара ниеті расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/875599
А. Сарбасов жұмыс сапарымен Абай облысына барды 16.11.2024
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Абай облысына екі күндік жұмыс сапары барысында өңірдің бірқатар кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарын аралады, сондай-ақ еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Жұмыс сапарының бірінші күні Ақмәди Сарбасов жұмыскерлерінің бір бөлігі зиянды еңбек жағдайларында еңбек ететін кәсіпорындарға – «Семей цемент зауыты» өндірістік компаниясы» ЖШС және «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС-қа барды.Вице-министр кәсіпорындардың ұжымдарына зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлем тағайындау шарттары және Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының қағидаттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.«Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы шеңберінде кәсіптік тәуекелдерді бағалау, оның ішінде еңбек жағдайларының түрлері бойынша зиянды өндірістік факторларды ескере отырып, сырқаттанушылықты бағалау көрсеткіші бойынша кәсіптік тәуекелдерді бағалау тәртібі жетілдірілуде. Кәсіптік тәуекелдерді және анықталған зияндылықты бағалау нәтижелері негізінде әрбір нақты жұмыс орнында жеке қорғаныс құралдары және әлеуметтік кепілдіктер беріледі, бұл түптеп келгенде қауіпті жұмыс орындарындағы жұмыскерлердің кәсіптік ауруларын азайтуға ғана емес, сонымен бірге олардың алдын алуға да ықпал ететін болады», – деді ол.Бұдан кейін Ақмәди Сарбасов Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының ұжымымен кездесу өткізіп, онда жұмысшы кәсіптерінің, әсіресе жастар арасындағы беделін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ азаматтар үшін еңбек нарығында өзін-өзі жүзеге асыруда кең мүмкіндіктер беру қажеттігін атап өтті.Ол бұл бағыттың ерекше маңызын Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына соңғы Жолдауы аясында атап өткенін еске салды.«Келесі жыл - Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған байланысты «Еңбек адамы» мәртебесін арттыру жөніндегі жұмысты күшейту керек. Бұған ҚР еңбек нарығын дамытудың бұрын қабылданған тұжырымдамасы да бағытталған», – деп атап өтті вице-министр.Сондай-ақ қабылданған Тұжырымдама және Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шеңберінде олар шығаратын мамандардың сапасын арттыру үшін оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтілгені, ал жұмыс берушілердің шын мәнінде маңызды дағдыларға қойылатын талаптары білім беру стандарттарында көрініс табатыны атап өтілді.Жас маман үшін келесі кезең мансаптың басталуы болуы керек.«Оқу орындарының жұмыссыз түлектерін қолдау мақсатында Жастар практикасы ұйымдастырылды, оның мәні алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін ұсыну болып табылады. Ол үшін жұмыс берушілермен шарттар жасалады, олардың шеңберінде уақытша жұмыс орындары құрылады.Сондай-ақ жұмыстың маңызды элементі жұмыс берушілердің өтінімдерін мансап орталықтарының өңдеуі болып табылады, олар бойынша жұмыссыз азаматтарды жұмыс біліктілігі бойынша кәсіптік оқыту ұйымдастырылады», – деп атап өтті А. Сарбасов.Кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Бүгін Ақмәди Сарбасов «Силикат» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу өткізді, оның барысында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелерін талқылады.Жұмыс сапарының соңында вице-министр «№2 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жұмысымен танысты, онда стационар режимінде 150-ден астам адам қызмет алады, сондай-ақ белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/875551
ТЖМ қызметкерлері жылу беру кезеңіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салады 16.11.2024
Күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен тұрғындарға электр жылытқыштарын, пеш және газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері еске салынуда. Өрттердің көбі осы жабдықтарды пайдалану ережелерін бұзу нәтижесінде пайда болады.Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері пештерді, электр жылытқыштарын, электр және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіруге ерекше мән береді. Іс-шара газ техника қызмет, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалының қызметкерлерімен және Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесе өткізілді.Іс-шара барысында әлеуметтік осал топтағы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және ардагерлерге инспекторлар тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, пештер мен газды жылыту құралдарын қолдану ережелерін түсіндірді. ТЖ мамандары электр аспаптары мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібін атап өтті, ал газ шаруашылығы қызметкерлері газ сигнализаторларын орнату және пайдалану жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берді.Өрт қауіпсіздігі туралы мәдениетті арттыру мақсатында сұрақ-жауап түрінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар улы газбен улану кезіндегі алғашқы көмек, электр жылытқыштарды орнату мен пайдалану талаптары бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Олар шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлерін еске салып, өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар табыс етті, сондай-ақ мұржаны жылыту маусымында тазарту әдісін көрсетті.Жылыту кезеңі басталғалы бері қатты отынмен пайдаланып пешпен жылытатын 3500-ден аса тұрғын үй, 83 мүмкіндігі шектеулі мен ардагерлердің тұрғын үйлері араланды. Бұл үйлерде кезең-кезеңмен көміртегі тотығын анықтайтын сигнализаторлар орнатылуда, бүгінгі күнге дейін 98 улы газды анықтайтын сигнализатор орнатылды, арнайы тәсілмен 193 пештердің мұржалары тазаланды.«Бұл шаралар тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін насихаттау және өрт жағдайында дұрыс әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», - ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы түсіндірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/874891
Қарағандылықтарды қазақтың дәстүрлі ән кешіне шақырады 16.11.2024
Кеншілер мәдениет сарайында 11 қарашада "Атадан қалған асыл ән" атты дәстүрлі қазақ әндерінің кеші өтеді. Кіру тегін.Белгілі қазақ әншілері мен композиторлары – Балуан Шолақ, Біржан-сал және Сыдық Мұхамеджановтың шығармалары орындалады.Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әміркенов, "Құрмет" орденінің иегері Сержан Мұсайын, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлмира Тапай, республикалық байқаулардың лауреаттары Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Медет Осатаев және басқалар өнер көрсетеді.Басталуы 18:30.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/874877
