Қуқық
Алматыда «CareerTime» кәсіптік бағдар беру фестивалі өтті 16.11.2024
Алматы қаласының Нархоз университетінде «CareerTime» кәсіптік бағдар беру фестивалі өтті. Бұл ауқымды іс-шара жастардың кәсіби бағыт-бағдарын анықтауға және еңбек нарығының қажеттіліктерімен танысуға мүмкіндік берді. Фестивальге Алматы қаласының 26 жоғары оқу орны, 30 ірі компания 400 бос жұмыс орындарын ұсынды, ал қатысушылардың жалпы саны 2000-нан астам мектеп бітірушілері мен жұмыссыз жастарды құрады. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Almaty student’s week» апталығының аясында ұйымдастырылды.«CareerTime» – бұл мектеп түлектері мен қала жастары үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы. Бұл жерде олар еңбек нарығының жаңа талаптарымен танысып, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілермен тікелей байланыс орната алады. Мұндай бастамалар жастардың кәсіби өсуіне және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді деп сенеміз», - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.Фестиваль барысында қатысушылар үшін әртүрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, IT және цифрлық дағдыларға арналған шеберлік сыныптар мен презентациялар, фитнес пен салауатты өмір салты бойынша шеберлік сыныптары және көркем сурет бойынша шығармашылық аймақтар да болды.«Бұл фестиваль маған болашағымды айқындауға көмектесті. Мен өзіме сәйкес келетін университетті тауып, оқу бағдарламасымен жақынырақ таныстым. Осылайша, мен бүгін өзім үшін нақты шешім қабылдадым», - деді фестивальге қатысқан 11 сынып оқушысы Айжан.«CareerTime» фестивалі білім беру, еңбек нарығы және шығармашылық бағыттардың тоғысуының тамаша үлгісі болды. Іс-шара жастардың кәсіби және жеке дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, келешекке сенімді қадам жасауға жағдай жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш шара келесі жылы да жалғасын таппақ.Сонымен қатар, іс-шара аясында жастар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/884499
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ САЛЫНЫП ЖАТҚАН МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ 16.11.2024
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, облыстық көпбейінді аурухана мен перинаталдық орталықта медициналық көмек көрсету деңгейімен танысты, жергілікті денсаулық сақтауды дамыту перспективалары мен медицина саласындағы ұлттық бағдарламаларды іске асыру сапасын талқылады.Бірінші кезекте ведомство басшысы Ескелді, Көксу және Жамбыл аудандарындағы үш ауылдық елді мекенде медициналық нысандардың құрылыс барысын тексерді.Өңірде ауылда медициналық инфрақұрылымды жаңарту үшін ұлттық жоба шеңберінде 59 медициналық пункт, дәрігерлік амбулаториялар мен ФАП салу жоспарлануда, осы нысандардың барлығы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.Келесі нысан облыстық перинаталдық орталық болды, ол жыл сайын Алакөл, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Сарқан аудандарынан, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларынан 6 мыңнан астам босанатын әйелді қабылдайды. Мұнда күрделі патологиялары бар жүкті пациенттер, соның ішінде санитариялық авиация арқылы жеткізіледі.Мұнда босанған әйелдерге уақтылы білікті көмек көрсетудің, кадрлық және техникалық қамтамасыз етудің, орталықтың жүкті әйелдерге медициналық көмекті үйлестіру бойынша МСАК ұйымдарымен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері көтерілді.Талдықорған қалалық 370 төсектік көпбейінді ауруханасында министр заманауи жабдықтармен жабдықталған қабылдау бөлмесінің, ангиохирургиялық, урологиялық бөлімшелердің жұмысымен танысты.Мұнда аурухананың медицина қызметкерлерімен әңгімелесуде тарифтерді ұлғайту, медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын жасау бөлігінде енгізіліп жатқан инновациялар атап өтілді.Облыс тұрғындарымен кездесуде емханалардың жұмысы, облыстың шалғай аудандарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кадрларды тарту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.Министр медициналық көмектің және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасын жақсарту үшін, оның ішінде цифрландыру бағдарламасы шеңберінде заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.Бұдан әрі азаматтарды қабылдау өтті, онда ведомство басшысы түсініктеме беріп, әрбір өтінішті жеке бақылауға алды.Брифинг барысында журналистерге жұмыс сапарының қорытындысы шығарылып, медициналық көмек көрсету сапасы мен саланың келешегі бойынша барлық сұрақтарға жауаптар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/884500
ШАЛА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕР КҮНІ: ДЕНЕ САЛМАҒЫ ӨТЕ ТӨМЕН СӘБИЛЕРДІҢ ӨМІР СҮРУ ДЕҢГЕЙІ 4 ЕСЕ ӨСТІ 16.11.2024
Ертең, 17 қарашада бүкіл әлемде 2009 жылы Еуропалық жаңа туған нәрестелерге күтім жасау қоры (EFCNI) құрған шала туған нәрестелер күні атап өтіледі.Бұл күннің мақсаты - қоғамның назарын репродуктивтік денсаулықты нығайту қажеттілігіне аудару, медицина қызметкерлері мен шала туған балалары бар отбасылардың алдында тұрған мәселелерді шешуге көмектесу.Әлемде жыл сайын 15 миллион нәресте шала туады, бұл барлық жаңа туған нәрестелердің шамамен 10%-ын құрайды. Қазақстанда жыл сайын 20-22 мың бала мерзімінен бұрын туады, бұл барлық туған сәбилердің шамамен 5%-ын құрайды. Жүктілігі 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан кем туған бұл балалар ерекше назар мен күтім жасауды қажет етеді.Шала туған нәрестелерде анатомиялық тұрғыдан дұрыс, бірақ функционалды жетілмеген ағзалары бар, бұл оларды өте әлсіз етеді. Мұндай балалардың терісі өте жұқа және осал, тері астындағы май деңгейі төмен, функционалды жетілмеген өкпе, жетілмеген жүрек-қан тамырлары және ас қорыту жүйелері, сондай-ақ өте сезімтал орталық нерв жүйесі бар.Қазақстанда қазіргі заманғы тиімді перинаталдық технологиялар дене салмағы 500 грамнан және салмағы 1000 грамнан төмен жаңа туған нәрестелерге сәтті күтім жасауға мүмкіндік береді.Елімізде заманауи жабдықтармен жабдықталған жоғары мамандандырылған кешенді көмек көрсету үшін 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Мемлекет басшысы тапсырмасының шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарлануда.Шала туған нәрестелерге күтім жасау процесі неонатологтарды, анестезиолог-реаниматологтарды, мейіргерлерді және басқа да бейінді мамандарды қоса алғанда, медицина қызметкерлерінің барынша назары мен біліктілігін талап етеді.Жаңа туған нәрестенің құтқарылған әрбір өмірінің артында білікті мамандар тобының ауқымды еңбегі тұр және бір шала туған нәрестеге күнделікті күтім жасау 20-дан астам әртүрлі манипуляцияны қамтиды.Мерзімінен бұрын босанудың себептері әртүрлі факторлардың жиынтығынан туындайды: кеш және ҚРТ-дан кейінгі жүктілік, экстрагениталды патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары, генетикалық бейімділік, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер және басқалар.Қазақстанда ДДҰ ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар мен ана болу қауіпсіздігі қағидаттары енгізілді. Жаңа туған нәрестелерге реанимация және қарқынды терапия дамып келеді, неонатологтар жыл сайын ел ішінде де, шетелде де оқытылады. 2023 жылы әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.ДДҰ ТДМ индикаторларының шеңберінде 2030 жылға қарай ана, бала және неонаталдық өлім көрсеткіштерінің төмендеуіндегі Қазақстанның жетістіктерін атап өтті.Соңғы 15 жылдың ішінде (2008 жылдан 2023 жылға дейін) ел айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді: нәресте өлімінің көрсеткіші 3 есе, неонаталдық өлім 3,3 есе төмендеді, ал дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Бұл нәтижелер Орталық Азия елдерінің арасында үздік болып табылады.Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, медициналық қоғамдастық пен болашақ ата-аналардың басты міндеті мерзімінен бұрын босану санын азайту, репродуктивтік денсаулықты сақтау және нығайту, сондай-ақ инфекциялардың алдын алу болып қала береді.Шала туған балалар күнін мерекелеу шеңберінде Қазақстан өңірлерінде Ашық есік күндері, ата-аналарға арналған мектептер, бұрынғы пациенттермен және қоғамдық қорлармен кездесулер өткізілетін болады.Елордадағы және елдің басқа да ірі қалаларындағы ғимараттар Халықаралық шала туған нәрестелер күнін бейнелейтін күлгін түске боялады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/884503
Әуе қорғанысы саласында ережеге өзгерістер енгізілуде 16.11.2024
Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 73 қаулысына өзгерістер енгізу туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасын дайындады.Өзгерістер қағида нормаларын "Құқықтық актілер туралы" және "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңдарға сәйкес келтіру мақсатында енгізіледі. Негізгі түзетулер терминологияны нақтылауға байланысты. Сонымен қатар, мәтін бойынша "ұшқышсыз ұшу аппараттары" ұғымы "ұшқышсыз әуе кемелеріне" ауыстырылды. Бұдан басқа, "Құқықтық актілер туралы" ҚР Заңының талаптарын ескере отырып, заңдарға сілтеме жасау кезінде олардың қабылданған күндері алынып тасталды.Үкімет қаулысы жобасының толық мәтінімен "Электрондық үкімет" порталында "Ашық НҚА" бөлімінде ағымдағы жылдың 28 қарашасына дейін сілтеме бойынша танысуға болады:https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15292243Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/884484
Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады 16.11.2024
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты».Қазақстанның рейтингін қолдайтын негізгі факторлардың қатарында – рейтингі ұқсас елдер арасындағы орташа көрсеткіштен едәуір асатын және елдің қаржылық икемділігін қамтамасыз ететін қуатты сыртқы буферлер қалып отыр.Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының валюталық активтері мен ресми алтын-валюта резервтері ЖІӨ-нің 38% баламасына жетті, бұған инвестициялардың 8,4% деңгейіндегі кірістілігі және алтын бағасының өсуі ықпал етті.Сарапшылар мұнай саласына тәуелділікті біртіндеп азайтуға ықпал ететін көлік және жаңартылатын энергия сынды секторларды дамыту бойынша жасалып жатқан қадамдарды айтты.Бұған қоса, Агенттік кең ауқымды қайталама санкциялар салудың салыстырмалы түрде төмен тәуекелдерін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/884481
Харбин-2025: қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 50 медаль жиынтығына таласады 15.11.2024
ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді.Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ.Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жарыстары жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді.Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды.«Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына 3 айдан аз уақыт қалды. Бұл біз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль жеңіп алған. Сөйтіп жалпы командалық есепте2-орынға ие болдық. Қазақстан қысқы Азиадаға 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта біздің атлеттер 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.1. Биатлон – 10 спортшы;2. Кёрлинг – 12 спортшы;3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;5. Шорт-трек – 12 спортшы;6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы.Бұл қатарда жоғары нәтижеге қол жеткізетін әлеуетке ие мына спортшыларымызды атап өтуге болады:▪ Биатлон: Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Владислав Киреев, Галина Вишневская-Шепоренко, Арина Крюкова, Вадим Куралес.▪ Шаңғы жарысы: Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Святослав Матасов, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина.▪ Конькимен жүгіру спорты: НұралыАқжол, Надежда Морозова, Артур Галиев, Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин.▪ Шорт-трек: Абзал Ажғалиев, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Жанбусинова Мадина, Ермек Малика, Ажгалиева Алина, Ольга Тихонова, Яна Хан.▪ Фристайл-акробатика: Ардана Маханова, Аяна Жолдас, Роман Иванов Роман, Шерзод Хаширбаев.Айта кетейік, жыл басында ойындардың эмблемасы мен талисманы таныстырылды. Бәсекенің бойтұмары – Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Бинбин мұз жарыстарын, ал Нини қар жарыстарын бейнелейді.Еске сала кетейік, Қазақстан қысқы Азия ойындарын бір рет қыбылдаған. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткен кешенді жарыста Ұлттық құрама 32 алтын, 21 күміс және17 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте алғаш рет 1-орын алған еді. Осыған дейінгі VI қысы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өтті. Қазақстан 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) 4-сатыға тұрақтаған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/884473
Ақтөбеде дзюдодан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды 15.11.2024
Ақтөбеде дзюдодан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.Жарыстың алғашқы күнінде әйелдер 48, 52 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде, ал ерлер 60, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады.Спортшыларды марапаттау рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, Халықаралық Дзюдо федерациясының коммерциялық ынтымақтастық және серіктестікті дамыту жөніндегі комиссия мүшесі Алмаз Әлсенов, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев қатысты.Биыл Қазақстан чемпионаты шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатыр. Жарыстың әділ әрі жоғары дәрежеде өтуі үшін Халықаралық дәрежедегі төрешілер Владимир Остряков, Евгений Рахлин мен Владимир Мутсубидзе бақылаушы төреші қызметін атқаруда.🔺Алғашқы жарыс күнінде жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар:🔹Қыздар:🔺-48 кг1. Диана Буркеева (Жетісу облысы)2. Сабина Юлдашбекова (Шымкент)3. Зарина Хуснадин (Алматы)3. Аружан Данайбек (Жамбыл облысы)🔺-52 кг1. Толғанай Әбеуова (Ақмола облысы)2. Аружан Ережепова (Алматы облысы)3. Құндыз Жылқыбай (Қызылорда облысы)3. Шара Шугаева (Алматы)🔹Ерлер:🔺-60 кг1. Нұрәділ Әлжан (Қостанай облысы)2. Мағжан Шамшадин (Қызылорда облысы)3. Нұргелді Қанат (Маңғыстау облысы)3. Алдияр Қарғұлов (Қарағанды облысы)🔹-66 кг1. Ержан Еренқайыпов (Астана)2. Ердаулет Бозжа (Қызылорда облысы)3. Бауыржан Нарбаев (Маңғыстау облысы)3. Мирас Жонысов (Ақтөбе облысы)Айта кетейік, байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің 17 облысынан барлығы 510 татами шебері қатысып жатыр.Қазақстан чемпионаты 18 қарашаға дейін жалғасады.Чемпионат қорытындысы бойынша 2025-2026 жылғы спорт маусымына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/884474
Шәкәрім университетіне – 90 жыл 15.11.2024
Абай облысында Шәкәрім атындағы университеттің 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Университет студенттері мен қызметкерлері қазақ халқының ағартушылық күресін бейнелейтін театрландырылған қойылым ұсынды.Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев Шәкәрім университетінің өңірдегі стратегиялық рөліне тоқталып, кадр даярлау мен экономиканы дамытуға қосқан үлесін атап өтті.«Педагогикалық, зоотехникалық-малдәрігерлік, қаржы-экономикалық және технологиялық институттарының бірігуімен құрылған бұл білім ордасы мемлекет мүддесіне қызмет жасап жүрген талай түлектің қанатын қатайтты. Ұлттың ұйытқысы болған ұлағатты жандарды тәрбилеп шығарды десек те артық емес. Қазақтың ой дариясы, сөз кеніші Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген киелі орда келешекке кемел біліммен сенімді қадам жасап келеді. Бүгінде Бас көтерер ерлердің басын қосқан бағаналы орданың құлашын кеңге сермеп келе жатқаны біз үшін зор мәртебе», - деді Жасұлан Сәрсебаев.Мерекелік кеште университеттің дамуына зор үлес қосқан қызметкерлерге Абай облысы әкімінің марапаттары мен алғыс хаттары табысталды.Шәкәрім университетінің мерейтойлық іс-шаралары аясында ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор және академик Михаил Семенович Панин атындағы кабинеті ашылды, жоғары бизнес мектебінің базасында құрылған жаңа Co-working орталығы таныстырылды. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бірегей мұражай ашылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/884460
Абай ауданының тумасы, үш баланың әкесін ҚР Президенті марапаттады 15.11.2024
Елордада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады. Оның ішінде жерлесіміз де бар. Рымхан Талапханұлы Сыдықов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталыптыРымхан Талапханұлы Сыдықов 1966 жылы 31 шілдеде Абай ауданының Қасқабұлақ ауылында дүниеге келді. Орта мектепте он жылдық білім алып, ерте жастан еңбекке араласқан.1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, елге келген соң ауыл шаруашылығы саласына бет бұрады. 1989 жылға дейін «Комсомол жастары» бригадасында, 1989 жылдан 1998 жылға дейін «Әуезов» өндірістік кооперативінде шопан болып еңбек етті. 1998 жылдан бері «Қасқабұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас шопан.Бүгінде оның шаруашылығында 370 бас сиыр, 760 бас жылқы, 160 бас түйе және 3480 басқа жуық ұсақ мал бар. Ауыл шаруашылығының майталманы әрбір түлікке ерекше қамқорлықпен қарайды.Рымхан Талапханұлы – отбасының тірегі, адал жар, ардақты әке. Үш бала тәрбиеледі, олар да әкенің берген тәлімі мен еңбекқорлығының үлгісін алып өсіп келеді. Марапат иесі ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып, өз ауылының дамуына үлес қосып жүр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/884462
ӨҚМ 26 кен орны бойынша электрондық аукцион өткізілетіні туралы хабарлайды 15.11.2024
Ағымдағы жылдың 7 қарашасындаинвестициялар тарту жөніндегі кеңестіңотырысында қатты пайдалы қазбаларды өндіругеаукцион өткізу тәртібі қайта бекітілді.Осыған байланысты ҚазақстанРеспубликасының Өнеркәсіп және құрылысминистрлігі құрамында қатты пайдалықазбалардың (алтын, күміс, қорғасын, мырыш жәнет.б.) өнеркәсіптік санаттарының қорлары бар 26 кен орны бойынша электрондық аукцион өткізілетінітуралы хабарлайды.Аукционға қатысуға өтініштер 2024 жылғы 15қарашадан 2025 жылғы 15 қаңтарға дейін«minerals.e-qazyna.kz» ЖҚПБП арқылықабылданатын болады.Электрондық аукцион 2025 жылғы 29 қаңтардаe-qazyna.kz Мемлекеттік мүлік Тізілімінің веб-порталында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/884466
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты 15.11.2024
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады.Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.– Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде, диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді.– Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, Қарағанды облысында катодты мыс, Павлодар облысында ферроқорытпа, Қостанай облысында жүк көліктерінің бөлшектері, Жамбыл облысында цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта Алматы облысында вольфрам кенін қайта өңдеу, Қостанай облысында Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру, Жамбыл облысында мыс концентраты, Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалдары және Шымкент қаласында қыш тақталары өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін айтты.– Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады.Мемлекет басшысы келесі жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғанын атап өтіп, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуға тиіс екенін айтты. Президент бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.– Білім мен тәжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны жайында көптеп мысал келтіруге болады. Мұндай сабақтастық шын мәнінде өз ісіне берілген кәсіби мамандарды қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы саласында да үлгі тұтатын еңбек әулеттері жетерлік. Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл тұрғындары отбасы құндылықтарын ерекше сақтайды. Үлкендердің айтқанына құлақ асып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайды. Мықты фермерлік шаруашылық, әдетте бірнеше ұрпақтың еңбегі арқылы құрылады. Бұл салада табысқа тез жету қиын. Бірақ шаруалар қажырлы еңбек пен төзімнің қайтарымы болатынын жақсы біледі, – деді Мемлекет басшысы.Форумда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Alarko Holding бас директоры Үміт Нури Йылдыз, «Aitas KZ компаниялар тобы» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова сөз сөйледі.Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» ордені «Зенченко және К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бір топ еңбеккері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, инвестициялық, соның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ұсынылған. Мемлекет басшысына егін және мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныстырылды.Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам адам жиналды. Іс-шараға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884455
ТҮРКІСТАН: АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТИІМДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ 15.11.2024
Бүгін Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалы, Шымкент қаласының салалық басқармасы, облысымыздағы жол салушы мердігер, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелері және аудан, қала әкімдіктерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.Мәжіліс барысында автомобиль жолдары саласы бойынша өзекті мәселелер ортаға салынды. Нақтырақ айтқанда, жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды қолдану, сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде нормативтік базаға енгізіліп жатқан өзгерістер және карьерлердің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыру, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан туындайтын сұрақтар және облыстағы жол мамандарын қайта даярлаудан өткізу бойынша нақты мәліметтер берілді.Жиын барысында «ҚазжолҒЗИ» Президенті Алибаева Арман және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Бас директоры Айтбаев Болатбек баяндама жасап, өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ мердігер мекемелердің және аудан, қала әкімдіктерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884442
Астанадан бір күнде 28 мың текше метрден астам қар шығарылды 15.11.2024
Астанада қардың мол жаууы салдарынан тазарту жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Мәселен, 15 қараша күні Астанадан 2 195 рейспен 28 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қыс мезгілінің басынан бастап қар полигондарына 295 мың текше метрден астам қар 23 мыңнан астам рейспен жеткізілді.Түнгі ауысымда қаланы қардан тазартуға 1200-ге жуық арнайы техника мен 280-нен астам жол жұмысшы шықты.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884436
Қазақстан Елшісі Швеция Короліне сенім грамоталарын тапсырды 15.11.2024
Стокгольм, 2024 жылғы 14 қараша – Стокгольм қаласындағы Патша сарайында Қазақстан Республикасының Елшісі Олжас Сүлейменовтің Швеция Патшасы Карл XVI Густавқа сенім грамоталарын табыстау салтанатты рәсімі өтті.Сұхбат барысында қазақ дипломаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швед монархына ізгі тілектерін жеткізіп, диалогты жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығын атап өтті.Елші Мемлекет басшысының саяси реформалары Қазақстан дамуының жаңа кезеңін ашқанын және елдегі одан әрі демократиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер үшін берік негіз қалағанын хабарлады.Осы тұрғыда қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» технологиялар, жоғары технологиялық өндіріс және машина жасау, су ресурстары мен қалдықтарды басқару, көліктік өзара байланысты дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект пен ақпараттық технология сияқты салаларда өзара тиімді әріптестік үшін елеулі іске асырылмаған әлеуетті атап өте келе, Швециямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту осы лауазымдағы жұмысының маңызды бағыты болып табылатынына назар аударды.Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Баку қаласында (Әзербайжан) өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (СOР29) тараптары конференциясының 29-шы сессиясы Патшаның ерекше қызығушылығын тудырды. Осы сессияның шеңберінде Қазақстан павильонында жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия және климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы бастамалар ұсынылған.ҚР Елшісі Швецияның орнықты даму және «жасыл экономикасына» ауысу саласындағы жетістіктері мен кең тәжірибесін жоғары бағалап, бұл тұрғыда Қазақстанның жаһандық климаттық күн тәртібіне, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі өршіл мақсатқа, сондай-ақ елдің Арал теңізін сақтау жөніндегі күш-жігеріне бейілділігі туралы хабардар етті.Соныңа қарай Швеция Патшасы қазақ дипломатына екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға бағытталған жауапты миссияда табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/884448
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумындағы сөзінен үзінді 15.11.2024
«Қазақта «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген сөз бар. Мұны, ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек. Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже»«Инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылды. Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді. Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта «Отау», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты».«Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты».«Енді алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталайын. БІРІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажет. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік. Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады. Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқан едім. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс».«Бүгін – Ұлттық валюта күні. Төл валютамыз – тәуелсіздіктің символы. Теңгенің тұрақтылығы Қазақстан экономикасының орнықты дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің қаржы саясаты бірінші кезекте нақты сектордың өркендеуіне бағытталғаны дұрыс. Бұл салада мемлекеттік қолдаудың ауқымдылығын ескере отырып, есептеу мен қадағалаудың тиімділігін жолға қою қажет. Менің тапсырмам бойынша ауыл шаруашылығындағы статистиканы бұрмалау, жалған құжат толтыру, көзбояушылық фактілерін түп-тамырымен жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде біз саланың нақты жағдайын бағамдай аламыз, экономикалық шығынға соқтыратын тиімсіз шешім қабылдамаймыз. Үкімет субсидия берудің ашықтығын толық қамтамасыз етіп, саланы нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы нығайтуды қолға алуы қажет. Бұл салада стратегиялық тұрғыдан сенімді әрі мұқият ойластырылған мемлекеттік реттеу тетіктеріне көшу маңызды».«ЕКІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойдым. Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды».«ҮШІНШІ. Ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету аса маңызды. Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі. Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Мен жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым. Сондай-ақ жуырда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Ол жақта да өте маңызды келіссөздер болды. Моңғолия басшысымен бірге көптеген мәселені талқыладық. Екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айттық. Моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабады екен. Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім».«Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек».«ТӨРТІНШІ. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Бұл – отандық агросектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тәуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Қазір елімізде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалануға болады».«Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс. Бұл бағытта жақсы нәтижелер бар. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мәніндегі болашақтың кәсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай енгізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Аталған саладағы қызметтер мен процестерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың формалары мен мазмұны барынша қолжетімді болғаны жөн. Жасанды интеллект пен «үлкен деректерді» пайдалану арқылы ғана өндірістің барлық кезеңінде дәл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ. Жалпы жан-жақты цифрландыру агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін арттырады, көлеңкелі сектордың үлесін азайтуға септігін тигізеді және саладағы мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдірудің маңызды факторына айналады.».«БЕСІНШІ. Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі маңызды. Мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойдым. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталды. Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек».«АЛТЫНШЫ. Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қажет. Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс. Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн. Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталады».«Биыл Қазақстанның экспортқа 12 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл – өте көп өнім және зор жауапкершілік. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық әлеуетімізді арттыра түсу үшін әлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет. Сонымен бірге ішкі нарыққа өткізудің ұтымды жолдарын барынша пайдалану керек. Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен іргелес аймақтардағы диқандардың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Сондықтан ауқымды ішкі нарығы бар қалалармен шектесетін басқа да аймақтар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Қазақстанда сан түрлі азық-түлік өнімі шығарылады. Жұрт өз өнімдерімізді көбірек сатып алу үшін оны елге танытып, кеңінен насихаттау керек».«Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды. Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр менің тапсырмаммен қайта құрылды. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам».«Қуатты аймақтар – қуатты ел» деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда «Қазақстанның Еңбек Ері» Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін «Родина» агрофирмасы ауыл шаруашылығында бизнесті оңтайлы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кәсіпорын. Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы да осындай құндылықтарға негізделген. Жоба аясында елді мекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бастады. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мәдениеттің арқауына айналды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Менің тапсырмаммен Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдады. Басты мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру».«Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалаймын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды. Жолдауда Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырған болатынмын. Ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Олардың инвестициялық жобаларына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергі келтірмеу керек. Бір сөзбен айтқанда, шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет. Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс. Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Сіздер ынтымақ-бірлік пен нағыз патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта бересіздер деп сенемін. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, лайықты бағалайды. Мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бүгінгі Форумды жыл сайын өткізуді ұсынамын».«Мен Жолдауда жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсындым. Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар. Бұл – елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне шынайы құрметтің белгісі. Қазір депутаттар тиісті заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Жыл бойы біз нағыз еңбек адамдарын жоғары деңгейде ұлықтайтын боламыз. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу жылы болмақ»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884418
ЖАҢА АЛЛЕЯДА ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 130 ШЫНАР АҒАШЫ ЕГІЛДІ 15.11.2024
Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аумағында аллея ашылды. Онда біртуар тұлғаның мерейтойына орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Игі іске ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және аталған оқу орданың ректоры Жанар Темірбекова, ғалымдар мен тарихшылар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер атсалысты. Университет басшылығы алдағы уақытта аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен паркке айналады деді.Таңертең бастау алған «Тұрар және Түркістан идеясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясысы әрі қарай панельдік отырысқа ұласты. Ғылым жолындағы Тұрар өмірін зерттеушілер қазіргі таңда оның еңбектерін насихаттап, есімін ұлықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылылып жатқанын тілге тиек етті. Тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалды. Атап айтсақ, «Рысқұлов және қырғыз зиялылары», «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» атаулармен басқа да тақырыптар аясында ақпараттар айтылды.Жиында профессор, Қырғызстанның Жокорку Кенеш экс-спикері Зайнидин Курманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Сәбден, Өзбекстан Республикасы, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры, профессор Кахраман Раджабов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, университеттің қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов сынды өзге де ғалымдар маңызды тақырыптарды қозғады.Осылайша қазақ халқы мен түркі мемлекеттерінің, Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті. Оның артында қалдырған өшпес ізі, тарих сахнасындағы рөлі тағы да айтылып, жаңғырды. Заманында ашаршылықтан зардап шеккен халқының қамын жеген ұлт жанашырының ел біле бермейтін, сан салаға сіңірген еңбегі сараланды. Мазмұнды іс-шара күні ертең туған жері Түлкібас ауданында рухани шара жалғасады деп жоспарлануда.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884424
Елорда оқушылары «Ақберен» өнер байқауында топ жарды 15.11.2024
Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен Астана қаласында «Ақберен» өнер байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Қаладағы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде өткен өнер байқауында еліміздің әрбір өңірінен 120 оқушы алты номинация бойынша қатысты.Байқау қорытындысы бойынша Астана қаласының оқушылары 1 алтын, 2 күміс медальға ие болды.«Ақындар айтысы» номинациясында 76 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Абылай Қайратұлы І орын, «Көркемсөз оқу» номинациясында 87 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Саяжан Азаматқызы және «Эссе жазу» номинациясында 84 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Мұрат Ажар II орын иеленді.Айта кетейік, «Үздік команда» номинациясында Астана қаласы ІІ орынға ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884378
Астанада қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланды 15.11.2024
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен және вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жалғасуда. Құқық қорғау органдары құқық бұзушыларды анықтап, оларды жауапқа тартады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. 14 қараша күні таңғы сағат 5 шамасында 29 жастағы астаналық қонақ үйдің алдыңғы есігін сындырып, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді.Сол күні сағат 20:30 шамасында елорданың ойын-сауық орындарының бірінде 33 жастағы қала тұрғыны жанжал шығарды. Ашу үстінде ол бөлменің есігі мен қабырғасын әдейі зақымдаған. Осы ісімен шамамен 100 АЕК мөлшерінде материалдық шығын келтірді.Тағы бір оқиға 11 қарашада түскі уақытта болды. 34 жастағы ер адам қоғамдық орында өзін дөрекі ұстап, өзгелерді қорлаған.Қоғамдық тәртіпті бұзушылардың бәрі табылып, жауапқа тартылды.Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүріп жатыр.Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген жағдайын болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.Жыл басынан бері сот 275 адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884433
Алматының Жетісу ауданында тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы аясында 34 ескі үй сүрілді 15.11.2024
Алматыда тұрғын үй қорының жаңартылуы «Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы» аясында жалғасуда. Жетісу ауданында 2030 жылға дейін 135 үйді қамтитын жаңа реновациялау бағдарламасы бекітілді.Қазір ауданда 304 пәтерді қамтитын 34 ескі үй бұзылды. Келесі жылы 30 үйдің 280 пәтерінің иесін жаңа баспанаға көшіру жоспарланып отыр.Мысалы, Қрылов, Скрябин, Гончаров көшелері мен Райымбек даңғылының аумағында инвестор 16 ескі үйдің орнына 944 пәтерден тұратын 11 үйдің құрылысын жүргізуде.Бұзылған үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге көшірілді. Бүгінгі таңда 9 үй толық аяқталған, ал қалған 2 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Сонымен қатар, Боткин, Казаков, Гончаров, Скрябин көшелері мен Райымбек даңғылының аумағында тағы бір компания 6 ескі үйдің орнына 576 пәтерден тұратын 11 үй салып жатыр.Бүгінде бірінші кезектегі 3 үй пайдалануға беріліп, бұзылған үйлердің тұрғындары сол жерге көшірілді. Қалған 8 үйдің құрылысы жалғасуда.Бағдарлама аясында жаңа үйге көшкен тұрғындардың бірінің айтуынша, олардың отбасы ескі, сейсмикалық қауіпті үйдің орнына заманауи тұрғын үй кешеніне көшкен.«Біз жөнделіп, дайындалған, алаңы бірдей жаңа пәтер алдық. Үйдің құрылысы кезінде бізге уақытша баспана тегін берілді. Мұндай бағдарламалар өте маңызды, себебі әркімнің жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ, әсіресе ескі үйдегі жылжымайтын мүлікті сату қиын», – деді Фарида Ишмеметова.Айта кету керек, тұрғындарды ескі үйлерден жайлы пәтерлерге көшіруді жеделдету мақсатында Алматы әкімдігі 2030 жылға дейінгі реновациялау бағдарламасын әзірледі.Бағдарлама аясында сейсмикалық тұрақсыз, пайдалану мерзімі өткен және өмірге қауіп төндіретін үйлерді бұзылады. Олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/884364
Алматыда кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді 15.11.2024
16-17 қарашада сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін Алматы қаласында кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеге Алматы және Жетісу облыстарының ауылшаруашылық өндірушілері мен фермерлер қатысады.Жәрмеңкеге 50-ден астам өнім түрлері (ет және сүт, жеміс-көкөніс, шұжық өнімдері, ұн, жарма, өсімдік және жануар майлары және т.б.) қойылады.Өнімнің жалпы көлемі 300 тонна құрайды, оның ішінде:* Ет өнімі – 80 тонна;* Жеміс-көкөніс өнімі – 100 тонна;* Сүт өнімі – 60 тонна;* Балық өнімдері – 5 тонна;* Өзге өнімдер – 55 тонна.Жәрмеңке өтетін орын – Алматы қаласы, Сәтбаев көшесінің бойымен Уалиханов көшесі мен Достық даңғылы аралығында.Құрметті көлік иелері!Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуге байланысты Сәтбаев көшесінің Уәлиханов көшесінен Достық даңғылына дейінгі бөлігінде 15 қарашасында сағат 20:00-ден 17 қарашасында 20:00-ге дейін жабылады.Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және маршрутыңызды алдын ала реттеуіңізді сұраймыз.Жәрмеңкені өткізу кезінде №45, №95 және №121 бағыттардың сызбалары өзгереді. Жабылатын учаскені айналып өту Абай даңғылы бойынша жүргізілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/884368
