Астанада электроэнергетика саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды
24.12.2024 21:07:11 1741
Бүгін Энергетика министрлігі «Қазақстан электр машина жасау кәсіпорындары қауымдастығы» және "Инфрақұрылымдық және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығы" ЗТБ-мен бірлесіп, жабдықтар мен технологияларды өндіретін отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтардың басшылары, отандық өндірушілер мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Жиынды ашқан Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс кездесу маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі дөңгелек үстел – Үкімет, Парламент Мәжілісі, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасында сындарлы диалог орнатуға тамаша мүмкіндік. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді әзірлеуіміз қажет, – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда электроэнергетика Қазақстан экономикасында маңызды орын алады. Бұл сала елдің жалпы ішкі өнімінің 8%-дан астамын құрайды, ал өткен жылы өндірілген электр энергиясының көлемі 110 млрд киловатт сағаттан асты. Сонымен қатар электр станциялары мен электр желілерінің шамамен 70 пайызы жаңғыртуды қажет етеді, бұл отандық тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.
– «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту, энергия тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Осы ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілердің қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстандық компаниялар негізгі жабдық жеткізушілері болуы керек, және осыған орай Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, жергілікті өндіріс жабдықтарын сатып алу тетіктерін енгізуді жалғастыруда, – деп атап өтті Бақытжан Ілияс.
Вице-министр осы бағытта қазірдің өзінде жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Мысалы, биылғы жылдың 9 айында тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі 21,2 трлн теңгені құрады. Ал 11 ай ішінде отандық тауар өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттардың сомасы 34 пайызға артып, 372 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында халықаралық сарапшылар энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және осы салада отандық өндірушілерді қолдау тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға Ұлттық жобаны – «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасын сапалы жүзеге асыруға және энергетикалық компаниялардың сатып алуларында қазақстандық үлесті арттыруға ықпал ететін ұсыныстар әзірленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/905967