Түркістан ерекше мәртебеге ие болады: сенаторлар тиісті заңды мақұлдады

Түркістан ерекше мәртебеге ие болады: сенаторлар тиісті заңды мақұлдады

13.02.2025 16:44:16 1188

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Аталған заңдардың нормалары Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауға, сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны қорғап, рухани нысандардың бірегейлігін сақтауға бағытталған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы мәселені облыс жұртшылығымен кездесуінде көтерген болатын. Президентіміздің тапсырмасын орындау үшін арнайы заң әзірленіп, мақұлданды. Жаңа нормалар аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына сомды үлесін қосады деп сенеміз»,– деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ заң арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейтін болды.
Заңдарда мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және инклюзивті туризмді дамытуға арналған түзетулер де қарастырылған. Бұл ретте инфрақұрылымның кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сонымен қатар әкімдіктер мен мәслихаттардың құзыреттері қайта қаралды. Енді қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу әкімдіктің құзыретінде болады. Бұл Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін келісу рәсіміне де қатысты екенін атап өткен жөн.
Осылайша, аталған заңнамалық нормалар қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде дүниежүзілік мұра – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау аймағында орналасқан нысандарды басқару мен сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға арналып отыр.
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Андрей Лукин отандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу нәтижелерінің негізсіз жойылуынан көп зардап шегетінін айтты. Осыған байланысты ол жүйелі бұзушылықтар, оның ішінде тәртіптік жазалар үшін аудиторлардың дербес жауапкершілік тетіктерін әзірлеумен бірге мәселені кешенді шешуге арналған шаралар топтамасын ұсынды.
Бибігүл Жексенбай инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларға тоқталды. Депутаттың айтуынша, олардың негізгілері – мамандардың жетіспеушілігі және ескірген нормалар. Мәселені шешу үшін сенатор мүгедектігі бар адамдар бойынша деректерді есепке алуды автоматтандыруды, ерте диагностиканы енгізуді, мамандарды даярлауды арттыруды және отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді ұсынды.
Айнұр Арғынбекова елімізде диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу барысындағы бюрократиялық үдерістерге назар аударды. Бұл пациенттерді инновациялық әдістермен уақтылы емдеуге кедергі келтіреді. Сондықтан депутат денсаулық сақтау технологияларын бағалау кезеңдерін реттеу мерзімдерін оңтайландыру, әртүрлі мемлекеттік органдардың жаңа технологиялардың қайталама сараптамаларын болдырмай, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату қажет екенін атап өтті.
Сәкен Арубаев мақта өсірушілерді толғандырған проблемаларды көтерді. Сенатор саланы жаңғырту үшін субсидиялау бағдарламасын қайта қарауды, сондай-ақ, мақта кластерін құруды және дамытуды ұсынды.
Марат Қожаев айыппұлдар жол қозғалысы ережелерін бұзудың көбеюімен күресуге көмектеспейді деп санайды. Сондықтан депутат автоматты режимде анықталған жүйелі бұзушылықтар үшін жүргізушілерді емтиханды қайта тапсыруға жіберу және оларды жүргізуші куәлігінен уақытша айыру жөнінде бастама көтерді.
Алишер Сатвалдиев Түркістан облысында оқу орындарының жетіспеушілігіне, мектептердің апатты жағдайына және оқушылар саны шектен асып кеткен сыныптардың көптігіне алаңдаушылық білдірді. Оқушылардың санына байланысты қажеттілікті ескере отырып, сенатор Үкіметті қосымша 12 мектеп салу үшін қаржы бөлуге шақырды.
Жанна Асанова мектеп бағдарламасына үй шаруашылығы, жөндеу, алғашқы көмек көрсету, қаржылық және құқықтық сауаттылық сияқты өмірлік дағдылар бойынша курстарды енгізу қажет екенін атап өтті. Мұндай бастама балалар мен жастарды тәуелсіз өмірге дайындауға, отбасы институтын нығайтуға және тұрмыстық дәрменсіздік деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұл қадам ажырасу санын азайтуға да ықпал етпек.
Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су мәселесіне назар аударып, республикалық бюджеттен топтық су құбырларын қайта жаңартуға және ауылдарды топтық су құбырларына қосуға қаражат бөлуді ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/937506