Брифинг.«Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстары»

Брифинг.«Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстары»

21.02.2025 03:28:21 528

2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберіледі. Су ресурстары және ирригация министрлігі Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестерімен осы жөнінде келісімге келді.
Айта кету керек, 2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық.
«Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікірдің қате екенін айта кету керек. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде ауқымды су тасқыны болған жоқ. Аралға су жіберу – су ресурстарын сауатты бөлу, оны үнемдеу және су дипломатиясының нақты нәтижесі»,- деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады. Өсу динамикасын салыстыру үшін: 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр еді. 2025 жылдың соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.
Солтүстік Аралдың көлемімен бірге ауданы да ұлғайып келеді. Бүгінгі таңда теңіздің ауданы 3065 шаршы шақырым. Бұл 2022 жылдың басындағыдан 111 шаршы шақырымға көп. Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданының ұлғаюы судың тұздылығын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
Министрлік жыл соңына дейін Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Бұл 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Су үнемдейтін технологияларды пайдалану және күріш алқаптарын тегістеу 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Арал теңізіне жіберуге мүмкіндік берді.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шаруа қожалықтарын, дихандарды белсенді түрде су үнемдейтін технологияларды қолдануға шақырамыз. Шаруаларды ынталандыру үшін бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қабылданды. Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мұндай мемлекеттік қолдау аз ғана елде бар. Су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруалар суармалы су үшін де аз төлейді. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды»,- деді Мөлдір Абдуалиева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/940860