А. Сапаров: қаржыландыру тетіктері туралы ақпарат әрбір шаруашылыққа жеткізілуі тиіс

А. Сапаров: қаржыландыру тетіктері туралы ақпарат әрбір шаруашылыққа жеткізілуі тиіс

04.03.2025 01:17:00 462

        Министр Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында 2025 жылға арналған АӨК қаржыландыру мәселелері талқыланды.

         Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ҮЕҰ, бизнес, облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармалары, барлығы 300 адам қатысты.

         Министр Үкімет шаруаларды дизель отынымен, тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қорғау құралдарымен арзандатылған жеңілдетілген несиелеу және лизингпен қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті.

        "Биыл егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруды 700 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Алдағы кезеңдегі басты міндет-оларды оңтайлы агротехникалық мерзімде ұйымдастыру. Бірақ өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты сұрақтар бар", - деді Айдарбек Сапаров.

        ҚР АШМ қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Жанар Маханова жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деп санайды.

        Департамент директоры 2024 жылы министрлік қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және мемлекеттік органдармен келісу бойынша үлкен жұмыс жүргізгенін еске салды.

       "Бұған дейін бұрын-соңды болмаған жаңа тәсілдер мен құралдарды тарту бойынша жағдайлар жасалуда, бірақ іс жүзінде ӘКК арқылы қаржыландырылатын 17 өңірдің тек 4-і ғана жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы үшін сыйақы мөлшерлемелері екі есе өсетін кейбір елдерде пайыздық мөлшерлемелердің өсуі жағдайында Қазақстан Үкіметі жеңілдетілген қарыздар бере отырып, шаруаларды қолдауды жалғастыруда. Бұл отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды, алайда өңірлер әлсіз нәтижелер көрсетуде", - деді ол.

        “2 жыл ішінде көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру 140 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шаруаларға берілген үлкен мүмкіндік. Облыстарда ешкім айналыспайтын тағы бір маңызды мәселе – тәуекелдерді сақтандыру. Өңірлерде қолдау шаралары туралы біле ме? Жұмыс сапарлары кезінде шаруалар олар туралы бірінші рет естіп отырмыз деп мәлімдейді. Облыстардың, аудандардың әкімдері сала өкілдерін уақтылы хабардар етуі қажет”, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.

         Отырысты аяқтай отырып, министр әкімдіктерге қаржыландырудың барлық тетіктері, бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы әрбір шаруашылықтың назарына жеткізуге тиіс жұмыс топтарын құруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/947751