Ұлттық ұлан авиациялық базасында Наурыз мерекесі салтанатты түрде аталып өтті
27.03.2025 00:44:51 616
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Жаңару, бірлік пен молшылықтың белгісі саналатын күнді әскери қызметшілер ерекше құрметпен және тебіреніспен қарсы алды.
Мерекенің басты сәттерінің бірі – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу болды. Кимешек киген әжелер көрісу, тұсаукесер, бесікке салу және беташар секілді қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірді.
Іс-шара соңында құрметті қонақтардың бірі – Гүлнар әже өз әсерімен бөлісті:
“Бүгінгі жастарға қарап, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлейтінін көріп, марқайып тұрмын.
Біз жауынгер ұландарға ақ батамызды бердік. Олар – Отанның қорғаны, ертеңгі ел тірегі. Отанымыздың қорғаушылары әрдайым қайратты әрі рухты болсын!”
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлер әскери қызметшілерге қазақ халқының терең тарихы мен бай рухани мұрасын тағы бір мәрте еске салды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/959945?lang=kk