Шекара бойындағы ынтымақтастық – әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жаңа мүмкіндіктері
15.04.2025 17:59:48 264Қостанайда осы тақырыппен әйелдер форумы өтті. Шараны Қостанай облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының қолдауымен ұйымдастырды. Форумның күн тәртібіне Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарының қазіргі байланыстарын нығайту және жаңа түрлерін қалыптастыру, шекаралас аумақтарда туризмді дамыту, шекаралас ауылдық аумақтардағы кәсіпкер-әйелдер арасындағы іскерлік байланысты кеңейту және басқа да өзекті мәселелер кірді. Жиынға Ресей Федерациясының Қорған, Орынбор, Челябі облыстарын, сондай-ақ еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын танытатын мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік секторларының және екі елдің шекаралас аумақтарындағы іскерлік ортаның 250 өкілі қатысты.
Форум жұмысына облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов, Ұлттық комиссияның мүшелері, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Мәдениет және спорт министрліктерінің басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.И.Тарасенко форумды аша отырып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «шекаралас өңірлерде сыртқы саяси, экономикалық, мәдени және басқа да көптеген мәселелерді қоса алғанда, өмірлік маңызды мәселелер тоғысады, көршілер арасындағы және мемлекеттер арасындағы өзара қарым қатынастар нығайып, берік бола түседі» деген сөзін атап өтті.
Қазір елімізде, ЕАЭҚ жұмысының шеңберінде Ресеймен шекаралас облыстардың қазақстандық кәсіпкерлерінің жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Көршілес елдер кәсіпкерлерінің экономикалық ынтымақтастығы олардың ұлттық экономикаларының дамуына қосымша серпін беруге және азаматтар өмірінің деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік туғызады. Бұл үдерісте 500 мың шағын және орта бизнес нысандарын басқарып отырған кәсіпкер-әйелдердің рөлі аз емес. Өз сөзінде облыс басшысы Архимед Мұхамбетов 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай өңірі мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда айналымы 1 млрд АҚШ доллардан асқанын атап өтті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. «Облыс экономикасының дамуына шағын және орта бизнестегі кәсіпкер әйелдердің де қосар үлесі орасан. Өңірде 49 619 бизнес субъектісі тіркелген болса, соның 23 449-ын, яғни 47,3 пайызын нәзік жандылар басқарып отыр» - деді А.Мұхамбетов.
Форум шеңберінде түрлі тақырыптарда сессиялар өткізілді. Қатысушылар бірлескен жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктері мен болашағын талқыға салды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/13133?lang=kk