ОРАЛДА 76 ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

ОРАЛДА 76 ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

15.04.2025 18:40:42 88

📚🥇🥈🥉Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәндерінен өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 163 оқушы қатысты. Нәтижесінде 76 оқушы жүлдегер атанып, 39 қола, 21 күміс және 16 алтын жүлде жеңіп алды.

Марапаттау рәсіміне Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы Сафиуллин қатысты.
💬 «Құрметті жас дарындар, әділ-қазылар, ұстаздар, қонақтар! Сіздерді батырлар мекені, шешендер мен ағартушылардың туған жері Батыс Қазақстан облысында қош көрдік! Бұл өңір қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың, оның ішінде Ғұмар Қараш, Шангерей Бөкеев, Қаныш Жұмалиев, Елеусін Бұйырынов, Серікқали Шарабасов, Шолпан Қыдырниязова, Ақұштап Бақтыгереева сынды ұлы адамдардың шығармашылығымен танымал. Олар қазақ әдебиетінің маңызды кезеңдеріне жол ашып, ұлттық руханиятымызды байытты. Құрметті олимпиадаға қатысушылар, барлық ғылымның бастауында ана тілі тұратынын ұмытпаңыздар. Сіздер де жоғарыда аты аталған ата-апаларымыз сияқты өз білімдеріңіз бен таланттарыңызды еліміздің көркеюіне жұмсайтын боларсыздар, - деп сенемін. Барлықтарыңызды бүгінгі жетістіктеріңізбен құттықтаймын!» - деді өз сөзінде Елдос Набиоллаұлы.

📜Алты жеңімпазға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорлық білім гранттары табысталды.

💬«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айгүл Әкімгерейқызы Каркулова Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне, облыстық білім басқармасына, «Дарын» қосымша білім беру орталығына, сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицей ұжымына олимпиаданы жоғары ғылыми және ұйымдастырушылық деңгейде өтуіне қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, облыстың ардагер ұстаздарына «Дарын» РҒПО алғыс хаттарын табыстады.

�Барлық қатысушыларға, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар берілді.

💐Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтаймыз!



“Облыстық білім беруді ақпараттандыру және жобалау орталығы” IT мамандары республикалық олимпиаданың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында платформа жасақтады. Осы платформадан олимпиада күнделігін және барлық фото, видео материалдарды көре аласыздар.

https://itc.edu.kz/kk/olymp2025

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/970930?lang=kk