Қазақстан Афинада өткен халықаралық алаңда Орта дәлізді таныстырды

Қазақстан Афинада өткен халықаралық алаңда Орта дәлізді таныстырды

04.07.2025 16:52:00 121

Афины, 2025 жылғы 2 шілде – «Geo Routes Institute» қолдауымен тарихи «Athenian Club» ғимаратында «Balkans & Black Sea Forum – Executive Roundtable 2025» халықаралық форумы өтті. Іс-шара дипломатиялық орта, іскерлік және сараптамалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылып, өзгермелі геосаяси ахуал жағдайында тұрақты көлік байланыстарын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

«IMEC: әлеуеттен серіктестікке дейін» атты сессия барысында Үндістан-Таяу Шығыс-Еуропа экономикалық дәлізі (IMEC) сынды жаңа халықаралық логистикалық бағыттарды қалыптастыру және олардың Орта дәліз (TITR), «Бір белдеу — бір жол», Халықаралық солтүстік-оңтүстік көлік дәлізі (INSTC) сияқты қолданыстағы бағыттармен өзара іс-қимылы талқыланды. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығыстар, солтүстік бағыттардың тұрақсыздығы мен климаттық сын-қатерлер жағдайында жаһандық жеткізу тізбектерінің беріктігін арттыру мәселелері кеңінен қарастырылды.

Форум жұмысына қатысқан Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин өз сөзінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутының Еуразиялық көлік жүйесінің маңызды буыны ретінде стратегиялық маңызын атап өтті. Елші Қазақстан мен серіктес елдердің инфрақұрылымдық шектеулерді жою, рәсімдерді цифрландыру және порт әлеуетін кеңейту бойынша күш-жігерін, соның ішінде Ақтау теңіз портының өткізу қабілетін 2035 жылға қарай 1 миллион TEU-ға дейін арттыру жоспарын таныстырды.

Грек тарапымен инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық таза технологияларды енгізу және интеграцияланған логистикалық шешімдерді қалыптастыру саласындағы ынтымақтастық әлеуетін атап өткен қазақстандық дипломат Шығыс пен Батысты байланыстыратын тұрақты әрі өзара толықтырушы көлік дәліздерін нығайту үшін серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1030047?lang=kk