ЫНТЫМАҚ БАР ЖЕРДЕ – ЫРЫС БАР

ЫНТЫМАҚ БАР ЖЕРДЕ – ЫРЫС БАР

19.08.2025 14:10:48 132

 

Қазақ халқының ұлы даналығы – «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деген нақылдың астарында терең мән жатыр. Бұл сөз – тек қана әдемі тіркес емес, қоғам дамуының заңдылығын айқындайтын өмірлік қағида.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз бірлігі жарасқан кезде небір қиындықты жеңіп, елдігін сақтап қалған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген тұста қазақ халқының еңсесі тіктеліп, рухы асқақтады. Керісінше, алауыздыққа ұрынған шақта ел әлсіреп, тұтастығына сызат түскен. Демек, ынтымақ – өткеннің ғана емес, болашақтың да берік кепілі.
Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмір – ең алдымен адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, ортақ мақсатқа ұмтылуынан басталады. Әділеттілік үстемдік еткен, әрбір азаматтың еңбегі бағаланған қоғамда сенім артады. Сенім бар жерде – бірлік, бірлік бар жерде – тұрақтылық орнайды. Ал тұрақтылық – ел дамуының басты шарты.
Қазақстан бүгінде жүзден аса этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктірген бірегей мемлекетке айналды. Түрлі ұлт пен мәдениеттің жарасымды өмір сүруі – татулық пен келісімнің нақты көрінісі. Бұл тәжірибе – еліміздің басты жетістігі әрі әлемге үлгі боларлық құндылығы.
Қазақ халқы ежелден қонақжайлылығымен, кең пейілімен танылған. Бүгінгі Қазақстан да осы дәстүрді жалғастырып, түрлі ұлттарды бауырына басып отыр. Олардың барлығы ортақ Отанымыздың дамуына үлес қосуда. Бұл – достықтың, бірліктің, ынтымақтың айқын нәтижесі.
Достық пен татулық – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы. Өйткені табиғи ресурстар сарқылуы мүмкін, ал халықтың ынтымағы мықты болса – кез келген қиындықты еңсеруге болады.
Бейбіт өмірдің қадірін бізден бұрынғы ұрпақ жақсы біледі. Соғыстың зұлматы мен қиыншылығын көрген ата-бабамыздың ең басты арманы – бейбіт аспан астында еркін ғұмыр кешу еді. Біз сол арманға қол жеткіздік. Бірақ бейбіт өмірді сақтау үшін әрқайсымызға жауапкершілік жүктеледі.
Ынтымақ – тек бүгінгі күннің емес, ертеңнің де кепілі. Ол жастардың жарқын болашағына жол ашады, елдің іргесін бекемдейді, мемлекет қуатын арттырады.
«Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деген дана сөз әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Қоғамдағы әрбір ісімізде, жұмысымызда, қарым-қатынасымызда осы қағида көрініс тапса, еліміз өркендей береді.
Ынтымақ – елдің берекесі, татулық – тұрақтылықтың кепілі, бейбіт өмір – болашақтың негізі. Біз осы құндылықтарды сақтай отырып қана баянды болашаққа сенімді қадам баса аламыз.
#МыВместе #PeaceAndHarmony #PeaceForAll #TogetherForPeace #ҚХА30жыл #АНК30лет #APK30years #АНК #ANK