Үндістан мен Қазақстан «Орталық Азия – Үндістан» Парламентаралық тобының іске қосылуын талқылады
22.08.2025 17:18:04 117
Нью-Дели қ., 2025 жылғы 22 тамыз – Екіжақты саяси диалогты дамыту аясында Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Парламентінің Халықпен жұмыс, құқық және әділет мәселелері жөніндегі Тұрақты парламенттік комитетінің Төрағасы Бридж Лалмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Елші А.Есқараев Қазақстан мен Үндістан арасындағы 2009 жылы орнаған стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын ерекше атап өтті.
Сонымер қатар, тараптар бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыру жолдарын талқылады. Осы ретте «Орталық Азия – Үндістан» Диалогы аясында Парламентаралық топ құру бастамасына ерекше назар аударылды.
Қазақ дипломаты өз кезегінде парламентаралық диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, парламенттік делегациялар алмасуын, оның ішінде «Достық тобы» аясындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға дайын екенін растады. Сондай-ақ Үндістанның заң шығару тәжірибесін және озық парламенттік тәжірибелерін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Өз тарапынан Парламент комитетінің Төрағасы Бридж Лал Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтіп, Парламентаралық топ құру бастамасына қолдау білдірді және бірлескен өңірлік жобаларды іске асыруға жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Үндістан Парламентінің Жоғарғы палатасының депутаты Б.Лалды Астана қаласына сапармен келіп, парламентаралық ынтымақтастық перспективаларын және өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылауға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1055544?lang=kk