Астанада Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған әскери-патриоттық акция өтті

Астанада Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған әскери-патриоттық акция өтті

05.12.2025 10:40:44 134

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасы Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың мерейтойына арналған «Дала қыранының даңқты жолы» акциясын ұйымдастырды.

Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи, Қарулы күштердің ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы және ЖОО әскери кафедрасының студенттері қатысты.

«Покоритель высот» деректі фильмінің кадрлары Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосқан әскери қолбасшының өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы баяндады.

Іс-шараны ашқан запастағы подполковник Әбубәкір Смайылов Мұхтар Алтынбаевтың тұлғасы офицер абыройының, рухының және мемлекетке жанқиярлықпен берілгендігінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

– Осындай шаралар жастардың бойында дұрыс бағдарларды қалыптастырады. Олар бейбітшілік пен тәуелсіздіктің бағасын түсінуге, ұрпақтар байланысын нығайтуға және Отан алдындағы борыштың қандай болатынын сезінуге ықпал етеді, – деп атап өтті депутат Е. Бапи.

Мұхтар Қапашұлымен алғашқы кездесу және бірлескен қызмет туралы естеліктер туралы ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы генерал-майор Еділ Оразов пен Астана қаласы «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» филиалының төрағасы авиация генерал-майоры Алсай Жұманов айтып берді.

Мерейтой иесінің болашақ Отан қорғаушыларға арнаған сөзін арнайы даярлық циклінің бастығы полковник Тұрдалы Тұрғымбаев оқып берді. Онда аты аңызға айналған әскери қолбасшы Отанға қызмет ету мамандық таңдау ғана емес, халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілікті табандылықпен, тәртіппен және терең санамен алып жүретін абыройлы іс екенін айтты.

Оның арнауына ЕҰУ әскери кафедрасының студенті Дильназ Серікова жауап берді. Ол генерал Мұхтар Алтынбаевтың өмір жолы жастарға адамгершілік және кәсіби бағдар екенін атап өтті. Студент Асхат Айдар Мұхтар Алтынбаевқа арналған өлеңін оқыды.

Салтанатты шараның соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісов «Егемен Қазақстан» әнін орындады.

Өткізілген акция ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастарды Отан алдындағы жоғары жауапкершілік рухында тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119635?lang=kk